Діни ақпаратқа қанығып, дұрыс жолды таңдау үшін...
Қазақ халқында қалыптасқан ұлттық дәстүрлердің, ділдегі ұғымдардың басым көпшілігі Ислам дінімен бірге өрілген. Кейбірі хақ діннің негізінде пайда болған. Сондықтан ұлттық салт-дәстүрлер төл мәдениеттің аясында қарастырылады. Ал әрбір халықтың мәдениетін, танымдық тұғырын айқындап беретін таразы – сол халық ұстанған идеологиялық рухани жол, яғни діні. Осы себепті дін дегеніміз діл мен дәстүрдің негізі болып табылады. Ал халық дінін ұмыта бастағанда сол діннен қалған сарқыншақтар әдет-ғұрыптарда ғана көрініс береді.
Кеңес өкіметінің жетпіс жылдық шырмауында болған қазақ халқы осы отаршылықта болған басқа да түркі мұсылман халықтары сияқты асыл дінінен алыстай бастады. Отаршылардың басты мақсаты отарланған елдің байлығы мен халықтық ресурстарын өз қажетіне асыру екендігі бесенеден белгілі жайт. Ал сол мақсатқа жету үшін отарланған халықты төл дінінен, әдет-ғұрып, салт-санасынан, тілінен, мәдениетін жұрдай ету қажет. Әйтпесе, өздерінің кім екендігін жадынан шығармайтын жұрт түптің түбінде тәуелсіздік жолында аянбай күресері хақ. Сол сияқты қазақ халқы да отарланған ел ретінде талай зобалаңды бастан өткерді. Алдымен дінін насихаттауына қатаң түрде тыйым салды. Сосын бірте-бірте тілі де шеттетіле берді. Сөйтіп, өзінің діні мен тілінен бейхабар, өзгенің сойылын соғуға әрдайым дайын тұратын мәңгүрттер тобы пайда бола бастады. Сондай алмағайып заманда діннен «ата-бабамыз мұсылман болған» деген ұғым мен кейбір кәлима-сөздер ғана қалды. Кеңес билігі діни ұғымдар мен терминдердің барлығын адыра қалған архаизмдерге айналдыруға тырысып, олардың ескішілдік белгісі деп түсіндірді. Сөйтіп, Құдайды мойындамайтын атеизм ілімін идеологиялық арқау еткен коммунизм мұраттарына бейімделе бастаған жұртта ендігі жерде діннен тек салт-дәстүр мен адамгершілік принциптері, ұлттық ерекшеліктер ғана қалды.
Әлхамдулилла, Құдай Тағаланың қалауымен дербестікке қол жеткізген соң сол сақталып қалған салт-дәстүр, әдет-ғұрып, салт-сананы қайта жаңғырту негізінде ғана қайтадан толыққанды ұлт болып қалыптасып келе жатырмыз. Кеуіп кеткен арналарға су келіп, қайтадан дарияға айналып жатқан заманды бастан кешірудеміз. Қазақ ұлтының қайта түлеу кезеңіне куә болудамыз.
Елбасымыз бір сөзінде «Адамның санасында діни және ұлттық сезімдер әрдайым тығыз астасып жатады» деді. Расында да, санада сақталған салт-дәстүрдің орны ерекше. Тағы бір түсінгеніміз, дәстүр мен мәдениет діннің ықпалымен дамып, өзіндік өң қалыптастырады. Тілдің дамуына да діннің тигізер әсері мол. Қазірде біз діни нанымы әлсіз болған халықтардың дәстүрімен бірге тілінің де жойылып, ақырында ұлт ретінде жер бетінен мүлде жоғалып жатқанына куә болып отырмыз.
Қорыта келгенде, дін – дәстүрдің таразысы. Ал иләһи уахидың негізінде бекітілген діни рәсімдерді әдет-ғұрып деп есептеуге болмайды. Өйткені олар Алла Тағаланың тікелей ғұмыр кешкен тайпалардың салт-дәстүрлері бөлек болғаны анық. Ал сол халықтардың жалғасы болып саналатын қазақ халқының нанымы мен танымы, салт-санасы Ислам дінімен бірге қабыса дамыды.
«Саясат күнде өзгереді, ал дін – мәңгілік» деп Елбасымыз атап өткендей, қанша ғасырлар өтіп, қаншама қоғамдық формациялар өзгерсе де, діни құндылықтар сол күйі қалады да, ұрпақтан-ұрпаққа өзгеріссіз ауысып отырады.
Бүгінде Ислам әлемі мойындаған жүйелі төрт мәзхаб бар. Сан ғасырлар бойы біздің ата-бабамыз ұстанып келген имам Ағзам Әбу Ханифа мәзхабы. Себебі, бұл біздің өмір салтымызбен біте қайнасып, ұлттық мәдениетімізбен тұтасып кеткен бағыт. Десе де, ғасырлар бойы ата-баба берік ұстанған діннен теріс айналып жаңылғандар, адасқандар көбейді. Сирияда жүрген жиһадшылар – соның бір көрінісі.
ҚР ДІАҚМ ДІК Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры Айнұр Әбдірәсілқызы: Қазіргі жиырма бірінші ғасыр техниканың, интернеттің заманы деп жатамыз. Осы орайда әлеуметтік желілер арқылы таралып жатқан Сириядағы өздерін Ислам мемлекеті деп жариялап отырған ИШИМ-нің әрекетін қаншама видео-мәліметтер арқылы естіп, көріп жатыр бүгінгі өскелең ұрпақ. Дәл осы идеяның басы қасында тұрған адамдар қаншалықты бұл мәселеге діни көзқараспен қарайды? Ең алдымен мұның ең ұшар басында тұрған адамдар бұған діннің қатысы жоқ екенін біледі. Яғни, бұл таза экономикалық саяси мүддені қорғайтын ағым екендігін айтады.
Екінші бір топтар бар. Олар діни радикализмді шынымен-ақ діннің тазасы осы деп діни иделогия ретінде сеніп жүргендер. Ең қорқыныштысы сол дұрыс ақпаратқа қол жеткізе алмай, адасқандар осы топта жүр. Яғни, идеялогиялық саяси мақсаттарды көздеу үшін жүргендер де кездеседі. Бұл құрылымда жүргендер сенгіш әрі алданғыш. Олардың басым көпшілігі жастардан құралады. Олар тура бағытта келеміз, дұрысы осы деген секілді ұғымды санасына сіңдіріп алғандар. Тіпті жихад ұғымына кіріп, қан төгіп, өз бауырын өлтірсе де бұл дұрыс деп есептейді. Яғни, дін жолындағы күрес ретінде қабылдайды. Ал, шын мәнінде бұл үлкен адасушылық екенін сезбейде қалып жатады. Бұл топта жүргендер өздері де құрбан болатындар және өзгені де құрбан ететіндер.
Үшінші жағы таза дүние-мүлік, ақша табу мақсатында оңай олжаға кенелу үшін былыққа батып жатқандар. Дәл осындай оймен өзге ағымға кіріп жататындар да қоғамда жиілеп кеткен-дейді маман.
Осы орайда «өзге ағым үгіт-насихатын қалай жүргізеді?» деген сауал туындауы заңды. Әрине, өкінішке орай ашық ақпарат кеңістігі деген бар. Бұл кез-келген елдің тоғысып отырған мәселесі. Яғни, жаһандануға аяқ басқан кез-келген мемлекет міндетті түрде ақпарат кеңістігін ашық ұстауға мәжбүр. Онсыз әлемдегі түрлі жаңалықтардан хабардар болуы мүмкін емес. Қазір ғаламтор беттерінде саң мыңдаған ақпарат бар. Барлығына бірдей тосқауыл қойып отыра да алмаймыз. Дегенмен, ненің дұрыс, бұрысын анықтап алған жөн. Бірақ, анықтау үшінде жасөспірім тұрмақ ақыл-ойы қалыптасқан ересектерге де бұл оңай емес. Әсіресе, ол діни негіздегі ақпарат болса. Сондықтан, барлық жерде таратылып жатқан хабарландыруларға құлақ түрген жөн. Ресми сайттардан ақпарат алған дұрыс деп айтар едім. Соның ішінде ҚМДБ-на қарасты 20-ға жуық сайт бар. Егерде ислам жөнінде ақпарат іздер болсаңыздар осы сайттардан алған жөн. Сонымен қатар, әрбір облыста 16 діни басқарма қызмет атқаруда. Діни ақпаратқа қанығып, дұрыс жолды таңдау үшін осы басқарма мамандары сіздерге әрқашан көмек көрсетпек. Сондай-ақ, ҚМДБ-ға қарасты 2600-ден астам мешіт бар. Олардың да есіктері әрдайым ашық. Имамдар ғибратты дүниелер айтып, тура жолды жаңғыртары сөзсіз. «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» дейді қазақ. Теріс бағыттағы діни идеологияның жетегінде жүрген жастарды кері қайтару, діни ағымдарға тосқауыл қою дін өкілдерінің басты назарында.
Ілияс Ақбай
Abai.kz