Жұма, 22 Қараша 2024
Әдебиет 8844 1 пікір 27 Қараша, 2017 сағат 10:48

Жалғыздың жаны

Сейсен Қожеке 1951 жылы Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданы, Жаңатұрмыс ауылында дүниеге келген. ҚазМУ-дің журналистика факультетін 1978 жылы бітірген. Қазір зейнеткер. Құлан ауылында тұрады. «Құлан тарихы», «Қожай қызыр, береке», «Темірқұл. Теміржол. Темірқанат», «Аты аңызға айналған», «Екі майданның жауынгері» атты әр жылдарда жарық көрген тарихи-шежіре кітаптардың, повесть, әңгімелердің  және «Айкөл» атты өлеңдер жинағының авторы. Ол 43 жыл бойы аудандық, облыстық газеттерде  қызмет істеп, облыстық «Ақ жол» газетінде жүріп зейнетке шықты. Қарымды журналистің қаламынан туған очерктер мен публицистикалық мақалалар, әңгімелер мен фельетондар республикалық, облыстық баспасөз бетінен түскен емес. Қаламгердің қазір кемеліне келген шағы.

 

 

Мен өзі көркемдікті көңіліме көгендеп өстім.  Айдың жарығы мен Күннің нұрын, көлдің келбеті мен мың-сан жұлдыздың шоғырын аспан аунап түскендей көріп таң қалушы едім. Әсіресе, жайлауға шығып, жамырай жайылған ақтылы қойды амандап, шалғынға аунап, шалқамнан жатып шілде қоңыз бен бозторғайдың шырылдағанын жалықпай тыңдағанды ұнатушы едім. Осынау, үрзәда табиғатқа бала кезден ғашық болдым. Бал бұлақтың тұп тұнық суы мен саф ауасын жұту, сылдырап аққан судың «сылқ-сылқ» күлген дауысын есту, ай қабақ түнді, сырлы сазды, салбуырын сарынды тамашалау дегеніңіз мен үшін пейішті көргенмен бірдей-тұғын.

Осынау керімсал шақтардан жан дүниең шексіз ләззат алатын, жаның рахатқа бөленетін. Егер жер бетіндегі тіршілік атаулы қаз-қалпында... суымыз лайланбай, ауамыз бұзылмай, аңымыз аумай, адамымыз адаспай сол бір ең алғашқы жаратылған күйінде сақталса ғой, шіркін! Дегенмен де он сегіз мың ғаламды жаратқан Алла бәрін де таразы басына қойып теңестіріп отыратын тәрізді. Адам да сол жан мен тәннен жаратылған рухани құбылыстың жемісі ғой. Менімше, пендеңнің пиғылы ғана бұзылуы мүмкін. Бала «шыр» етіп дүниеге келген кезде таза періште күйде болады екен. Адам баласы өсе келе бойына күнә жинайды. Егер тіршілік иесі жамандықты ойламай, төңірегіндегілерге тек жақсылық ойлап, ізгілік дарытса нағыз мұсылман болып, жүрегіне иман орнығар еді деп ойлаймын.

Иә, иман - менің пайымдауымша ар мен ұят. Адамгершілік ардан аттамай жақындарын жанындай жақсы көретін адамнан жаманшылық күтуге болмайды. Шер ағам айтқан «бір кем дүниеге» осылар жатады-ау, шамасы.

Табиғаттағы тылсым тіршілік пен адамзаттағы кілегейі кеппеген бұланай сезімде ұқсастық көп. Кейбір жанның шіркеуі шайқалмаған, тіні мен түйсігі, діні мен ділі қалпында сақталған ғой. Өзім де жалғыздықтың тауқыметін бір кісідей-ақ, тартып, жар кеткелі жарбиған жарқанаттай жабырқау тіршілік кешіп жүргем. Алайда Мекке-Медине сапарында болып қайтқалы ақирет дегеннің не екенін жан дүниеммен түйсіне бастадым. Бұл дүниенің жалған, ал, ана дүниенің шын екеніне зәредей сендім. Сендім де... «жалғыздық тек бір Жаратқанға ғана жарасқан» деген ұғымға өзімді «жүгендей» бастадым. Кейде жалғыздан жалғыз отырып:

Ай жалғыз...

Күн де жалғыз..

мен де жалғыз,

Жалғыздық тауқыметін тартқан кіді,

Жарқанат ғұмыр кешкен пенде жалғыз,---деп өлең шығаратын болдым. Бұл бәлкім жанымды шырмауықтай торлаған ойдың өрмекшінің ұясындай санама тұзақ құрғаны шығар. Оңаша оймен жүргенде өзімді жырыммен жұбататын болдым. Бірде:

Шырмауынан шыға алмай қиялдың,

Ұмытуға өткенімді қиналдым,

Тағдырыма налығанмен не шара,

Оты өшпеуі керек екен ұямның.

 

Соны ойлап санам саққа жүгірді,

Күнім ай боп, жаным жаттан түңілді,

Орта жасқа келген шақта осылай,

Кімге шағам, айтыңдаршы мұңымды...

 

Содан бері жүрмін жұрттан ұялып,

Кімге ұсынам, неке суын шыны алып,

Сезімімді білдіре алмай бір жанға,

Кең сарайда тұрмын міне, қиналып...деген өлең жолдары еріксіз езуіме оратылды. Жеңгелерім маған әркім-әркімді айттыра бастады. Бірақ ...оларға көңілімнің қошы соқпады. Жүрегімнің терең бір түкпірінде қимастай бір аяулы жан жатқандай көрінетін де тұратын  маған.

Алланың рақымы шығар...бір тойда мен өзімнің қиялымдағы жанды кезіктірдім. Бидай өңді, бекзат пішінді томаша торғайдай тобылғы торы келіншек келіп біздің столға отырғанда өн бойымнан ток жүріп өткендей болды. Әсіресе, оның жақпар тастың астына ұя салғандай жанарынан күлімдей қараған жәудір көздері өңменімнен өтіп, жан дүниемді қозғап, шырт ұйқыда жатқан сезімімімді оятқандай әсерде... ес-түстен айырылып ілкі сәт отырып қалғанымды білемін. Ада-күде оның сүйкімді келбетіне ұрлана көз қиығымды тастап, кейде жанарларымыз ұшырасып қалғанда беймарал күй кешіп әудем  жер отырдым.

Жүрек аттай тулап, аласұрады. Бәлкім бұл махаббат шығар...Әй, «алпыстағы қандай махаббат»деп те қоям. Бірақ, бір ой мені: «сенің іздеген кісің осы» деп қамшылайды. Әйтеуір мені сезім жеңді. Алпыс екі тамырымды оятып, аңсарым ауған қарлығаш қанат аруды биге шақырдым. Одан арғысы көрген түстей тез өтті. Таныстым, табыстым, сезімімді білдірдім. Сөйтсем ... мен ғашықтық отына оранып, Сараий данышпан айтқандай: «аяғыма ғашықтық тұсауын» салыппын.

Айлы түн, аспанда сансыз жұлдыз жымыңдайды. Аулақта жақын маңдағы қожалықтың қарауыл төбеті үреді. Жадағай жотаның бауырын соққылай аққан өзен суының сарыны құлаққа анық естіліп тұр. Біз екеуміз. Мен жалғыз емеспін. Жанымда некелі жарым Айбозым бар. Иә, менің сәулем Біржан салдың Айбозымындай-ақ. Жұбымызды жазбай түн құшағында келеміз. Табиғатты сен де, мен де жақсы көреміз. Өйткені бәрі де қаймағы бұзылмаған қалпында. Кеше ғана күн жарықта осы шатқалға келіп тау суын тамашалап отырып, тәтті бір сезімге бөленгенбіз.

Өңім бе, түсім бе? Содан бері ай жылжып өтті. Сенің туған күніңді атап өттік. Жаным, сен менің жүрегіме қонақ болғалы мен пайғамбардың пырағын мінгендей күй кешудемін. Саған деген сезімім шексіз, мәңгі сөнбейтін сияқты. Бірақ неге екенін білмеймін көңілім алаң...кейде қараптан қарап отырып бойымды үрей билейді. Сені жоғалтып алатын сияқты боламын да тұрамын. Мен мұндай күлдібадам сезімді бұрын да басымнан кештім ғой. Бәлкім содан шығар, атыңды жалпақ жұртқа жария етуден қорқамын. Өйткені мені «жалғыздық» деген үрей билеп алған. Сол үрейден сен құтқардың, жаным.

Саяқ бүгін тым жабырқаулы. Ол ақ таңды көз ілмей атырды. Өңі жүдеу, сағы сынған жанға ұқсайды. «Таң атпайын демейді, күн қоймайды, сыр шықпайын демейді, шын қоймайды» дегеннің кері ме, түнімен шұқшиып жазумен отырып күл-кемір жандай жүдеп қапты. Бірақ ол өзін үнемі осылай «жұбатады». Түн жамылып жазғандары да жадау бірдеңке, күрең күздің сүреңсіз суреттері ме, құдай-ау, оқысаң болды таңғы қырбаққа шыққандай...бір түрлі денең түршігеді.

Енді ол тысқа шығып, бойын жазып келген соң мұздай сумен жуынды. Жаны бір сәт сергіп, жапа ойдан, жадағай жабудан құтылып қалғандай болды. Күндегі әдетінше отыз тұяғын  қорасынан шығарып өріске айдады. Алдынан аяқ-қолы бір тұтам апа шықты  ала сиырын айдап. Жұрттың бәрі ол кісіні: «кішкентай апа» дейді. Менсінбегені емес, бар болған-тұрғаны сол. Өзі емеуірінен мейірімі, аузынан «Алласы» түспейтін бір «бар болғыр» жан. Сол кісі: - Амансың ба, айналайын, мына сиырымды өріске айдай кетші? «Адам тіліне аспандағы бұлт азады» деуші еді бұрынғылар. Мен ана елуінде есі кірмеген жүгірмегіме сөйлеп қойып едім, кешегі кештен бері қарасын көрсетпей кетті. Соны іздейін...

Қайтсін, жарықтық шалы кеткелі жалғыздықтың тауқыметін тартып-ақ жүр. Оның үстіне «жығылғанға жұдырық» тигендей тұла бойы тұңғышының жүрісі анау «жынды суға» үйір боп. Ол да жалғыз. Бәдені бұзық байға қай қатын тұрады. Әлгі есірік суды ішіп алып жатта кеп қатынын сабай берген соң ол байқұс шыдасын ба, есейіп қалған екі баласын алып бір күнде кетіп тынды. Саяқ отыз тұяғы мен кішкентай кемпірдің ала сиырын айдап көше басына жеткенде жарға жабысып ұйықтаған жарқанаттай жарбиып тағы бір көрші қолаң шықты сырықтай боп. Бұл шіркін де жападан жалғыз, бір шарбақты бір үйде бір өзі тұрады. Сонысына қарамай өзі үйінің тұсында тұрған өкіметтің электр бағанына сиырың сүйкеніп өтсе де қызғанады. Сол баяғы кәді мінезінен бе бес биенің сабасындай болған әйелі бала-шағасын ертіп ана-қаздай арғы көшеден үй алып, бұл көшеден кетіп қалған. Әлгінің өзі кесір мінезді, шырт етпе. Суқаны сүйген адамға ғана амандасады, жынына жақпағанның үстінен жата қап арыз жазатын жаман әдеті тағы бар. Өзі заманында заңкүй болған деседі. Сондықтан ба үлкен кісілердің дені оны сырт айналып өтеді. Көршінің құдайы тамағына да бармайтын дінсіз, имансыздың дәп өзі. Саяқ та оны сырт айналып жүреді. Бірақ неге екені белгісіз оны көрсе болды тұла бойы мұздап сала береді. Өйткені өзі де жан жарынан айырылып жалғыз қалған топайдың бірі ғой.

Қойды амандап, қойшысына тапсырып қайтқан Саяқ өзінің бөлмесіне кірген бетте терезе алдында жатқан «Жұлдыз» журналын ашты. Парақтай беріп еді Айдын Байыс деген ақынның өлеңдері басылыпты:

Жабырқаған  жанымның күзгі әлемі,

Өлең болып қашалған қыз бәдені,

Тірісінде қосылған екеу жайлы,

Ертегі айтып берейін сізге әдемі, - деп басталыпты. Өлең оқыған сайын сезіміңе үкі байлап ала жөнеледі екен. Одан әрі қарай кітапханашы қызға арнаған өлеңінде шайыр:

Көк қаршыға - көңіл самғап,

О, қайда?!

Жүрегіңнің қалауына жоқ айла.

Көп кітаптың ортасында тұрсың сен,

Қой бүлдірген іздегендей тоғайда.

- Не іздедің? деп сұрап ем,

- Сезім жайлы кітап,- дедің...

Сезінгем...

Сезім жайлы шығарманы ең ұлы...

Қалай ғана байқамадың көзімнен?... деп таусыла тоқтапты. Апырай,а? Қандай ұқсастық десеңізші? Мен де сенің көздеріңе ғашық болып едім ғой.

 

 О дүниеге хат...

 « ...Мен сенің жүзіңді, әлпетіңді көрген жоқпын. Бірақ менің пайымдауымша жаман адам болмаған сыңайлысың. Өйткені сен ғашық болған адамға мен де ғашық болдым. Бәлкім сен де оның күлімдеген көзіне ғашық болған шығарсың? Сен оны шын сүйдің. Қалай ғана сүймейсің, ол саған әп әдемі қыз туып берді емес пе? Босанған соң жан жарыңның сүйегі қозғалмай жатып қалды. Сен сол кезде асты-үстіне түсіп ана мен балаңды бақтың. Тегі сен періште шығарсың, оны ұйқысынан оятпауға тырысып, мысықтабандап басып, есікті сықырлатпай ашып, жұмысыңа кетеді екенсің. Өйткені ол ұйқысынан оянып кетсе ашуланатынын білесің. Ал, сен оны аймалағанда башпайына дейін сүйетінсің. Оның мінезінің қылт етпе екенін де білесің, сондықтан ба, Саяшты сен бөкпен беріп, емізік салып аяғынан тік  тұрғыздың. Сен шынында да бақыттысың. Неге дейсің ғой? Өйткені сен өз үйің, өлең төсегіңде, өзіңнің құтханаңда, өзіңнің ақ шаңырағыңда бірге тұрдың ғой онымен. Екеуіміздің айырмашылығымыз сонда ма деймін.

Жатқан жерің пейіш болсын, бауырым. Бәлкім сенің жаның жаннатта  шығар. Кім біледі менің де өмірден озған жартым сонда сенімен бірге шын дүниеде жүрген болар. Тағдырдың басқа салғанын көрмейсің бе, тәңірім сендерді сонда, ал бізді мынау фәни жалғанда қосты. Жаңа айттым ғой, «екеуімізде бір айырмашылық бар» деп. Алла бізді некемен қосқанымен менің сүйген адамымның құтханама келгісі жоқ.  Иә, солай бауырым.Менің жүрегім қазір екі бөлек. Ал, ондай жүрекпен қалай өмір сүресің?»...

Саяқ хатты жазып болып оны қайда жіберерін білмеді...Жаны тағы жабырқап сала берді. Ол өзіне өзі; «О, дүниеге хат жазып нем бар еді. Менің осы хатымды біреу оқыса «ақылынан адасқан шығар» деуі әбден кәдік қой. Әйткенмен, іштегі шерім тарқап, жеңілдеп қалғандаймын ба, қалай?

 

 Аладиннің шамы

 

Ертегідегі Аладиннің сиқырлы шамын көрген шығарсыздар. Аладин әмірші: «Жы...ы...ы...н, жыным. Шық бері!» десе болды құмырада жатқан Жын сыртқа шығады алып теректей боп, тағы: «Не бұйырасыз? Тақсырым» дейді жата жүгініп. Былай қарасаң жын – орындаушы да, ал, Аладин –бұйырушы. «Жетім қыз жез түйме қадаған, жесір әйел жүз қой айдаған» тыныш заман көзден бұлбұл ұшқалы қашан. Кейде осы бүгінгінің еркегі мен әйелінің арақатынасы Аладиннің шамына ұқсас па деп қаласың. Еркекті: «пірім» дейтін әйел заты азайып бара ма, қалай? Кеше ғана бір бірімен өліп-өшіп қосылған ерлі-зайыптылар арасынан ала мысық өтіп кеткендей. Еркегі түн кезіп бөтен үйдің терезесін тықылдатып, әйелі бөгде еркектің қойнына жатып, шиеттей бала-шағаны тағдырдың талауына тастап кетіп жатқандар жайлы естігенде қараптан қарап отырып ұйқың қашады, түрің бұзылады.

Қазір Аладин бұйырса мейлі ғой, әлгі жын әйел боп өзіңе бұйыратын күн туған ба деп қаласың. «Қойшы, сонымен ер төсектен, әйел бесіктен безінген заман болды ғой» дейді көп жасаған көрші әжей. Сол кісінің ұйқысының шала боп жүргенін көрмейсіз, бірақ көршісінің үйіне түн жамылып қандай мәшін тоқтағанын, не үшін үйіндегі тепсе темір үзетін еркегін «заработкаға» жібергенін біліп отырады. Сонда деймін-ау, әйелі жын болмағанда не болады.

«Жасы сексенді алқымдап қалған бір апамыз жиырма бір құрсақ көтеріпті, солардың он екісінің көзі тірі екен» деген сөзді шау тартқан ауылдың абызының аузынан естігенім бар. Сонда қазыналы қарт: ---Шіркін, заман-ай, десеңізші, әлгі ананың әулетіне бала бұтақтап қонған екен ғой,---деп еді. Тіл-буынсыз, ой- түпсіз деген осы-ау. Қазір томаша торғайдай тоғыз тауып жатқан алтын құрсақты аналар жоқ емес, бар ғой.

Саяқ әлгі қарттың сөзіне сүйсінді. Бірақ көңілінде бір алаң болып, кәриеге: --Ақсақал, біздің қазақ баланы бесікке бөлегенде үстіне тон мен шапан жабады екен. Осының мәнісін айтыңызшы ,---деп сұраған. Сонда әлгі абыз: ----Балам халқымыз кебенекті бесікке баламыз батыр болсын деп, ал, тон мен шапанды әділ болсын деп жапқан ғой,---деп еді.  Сонда қалай, заман азды ма? Ілгеріде бір дәруіш: «Адамнан әділдік кеткенде құмырадағы жын сыртқа шығады» деген екен. Құдай жолында жүрген соң ба  жетім-жесірге садақа бергенге бөлекше қарап, өзі де осы сауапты жолды ұстанып жүр. Кешегі күні аудандық газетті оқып отырып: «дәл қазіргі таңда аудан бойынша бес мыңнан аса әйелімен ажырасқан ер азамат алимент төлейді»деген дерекке көзі түскен. Сонда қаншама бала әкесіз қалған, бұл сұмдық қой деп ойлаған. Бірақ құдай құмырадан шыққан жыннан сақтасын! деді ішінен күбірлеп.

 

 Әулие ананың батасы

 

«Молданың айтқанын істе, істегенін істеме» деген сөзді қашан, кім айтқанын ешкім білмейді. Шариғатқа жүгінсең имамдардың уағызы дұрыс. Ал, менің бір апайым көптен бері әулие «жағалап» жүр. Өзінің емшілігі де бар сияқты. Ол кісі Түркістан, Сайрам, Арыстан бап, Маңғыстау жағын тегіс аралаған шығар-ау, шамасы. Жақында сол кісі бір маңғыстаулық көріпкел әйелді ертіп алып келіп тұр. Көріпкелге, балгерге аса сене бермейтін едім, оның үстіне құдай жолында жүрген адамға бұл дұрыс бола қояр ма екен деп те ойладым. Дегенмен апатайымның көңілін жықпай мәшинемді от алдырып көне сүрлеуге түсіп, адакүдік оймен атажұртқа шықтым.

Ол кісі де бала-шағасымен, біз де құдай қосқан қосағымызбен екі көлікте селкілдеп келеміз. Жол бойы әруақты қозғап: «...бір екі атаң бар екен аты аталмаған, солар саған аян берген. Бара көрерміз, табамыз» дейді көріпкел әйел. Мен ішімнен: «Атам заманннан бері қара жердің астында жатқан адамды қалай табады? Әлде осы сыпатты кісілердің өлген адамдардың рухымен тілдеседі дегені рас па, екен?» дегенімше болған жоқ жүрдек көлігіміз «Былабайға» да келіп қалды. Естуімше Былабай біздің ұрпақсыз дүниеден өткен бір атамыз. «Бәлкім бұл кісілердің іздегені сол кісі шығар» деп әлгі диқан бабамыздың тары еккен ескі жұртына жақын тоқтай қалдым.

Көріпкелдің пірі бар екен...Бекет ата, Ақ бура әулие дей ме, құдай-ау. Бір кезде ол атан түйедей  боздап, алақанын аспанға жайып, ішінен дұғасын оқып алдымызда жатқан жатаған жотаға қарай беттеді. Өзім де іштей «зират сол жота жақта болуы мүмкін ғой» деп ойлап келе жатқанмын. Әлде бұл көріпкелдерің адамның ойындағысын оқи ма, әйтеуір төбеге жеткен соң отыра қалып қолын аспанға жайып құран оқи бастады. Арада шәй қайнатым уақыт өтті-ау, дегенде әлгі ақ жаулықты пірадар: ---Мына төбеде үш адамның бейіті жатыр. Біреуі жаңағы өздеріңіз айтқан Былабай кісі. Өзінен ұрпақ жоқ-ау, шамасы. Жанында жатқан екеудің бірі молда да, екіншісі осы үйдің қойшысы, әйтеуір туысы емес,---деді кәдімгі бір о дүниеге өзі барып келгендей,---қалған туыстары сонау тау бөктерінде жатса керек,---деді міз бақпай.

Қол жайып, бата жасаған соң тау бөктеріне қарай жылжыдық. «Әулие бұлақ» деп аталатын ескі қоныста ілгеріде Қолаң ападан тараған екі атаның ұрпақтары тұрғанын, бұл қойнаудың жәй ғана елді мекен емес кезінде жоңғар шапқыншылығы кезінде Сәмен батырдың жасағы тұрған қосын болғанын айғақтайтын ту тіккен тасы бар екенін тарихшы-шежіреші болған соң жақсы білетінмін. Көріпкелім Тоғызақ батыр бабамыздың өзінің бауырларымен бірге жерленген қорымын да дәл тапты. Дегенмен, ескі қорымда бұған дейін де көріпкел кісілер болған. Соның біреуі Рысбек есімді бақсы. Ол атан түйеге мініп соғысатын Тоғызақ батыр бабамызды «айдаһар күзетіп жатыр» деген болатын. Ал, мына  емші жемісі осыдан жиырма жыл бұрын жойылып, орны айдауға айналған аңыздан «қолына ұршық ұстаған, шашы өкшесіне түскен сары апаны көрдім, шамасы бейіті тегістеліп кеткен болуы керек» деді ешбір күмән-күдіксіз. Біз сапарлас болған соң ба көріпкелдің айтқанына сенер-сенбесімізді білмей бұлақ басына келдік. Бұл бұлақтың көзін сол жаңағы айтқан Қолаң апа ашқан деген ел ішінде сөз бар. Ол кісінің шын аты Ұлбосын. Келе-келе бұлақтың суы көбейіп, бір ру елге ішсе сусын, ауырса жанына шипа болған. Содан болуы керек бұлақ әулие бұлақ аталып кеткен. Бүгінде жұрт осы аңғарды «Әулие бұлақ» деп атайды.

Әлгі кісі апатайыма «жоғын» тауып берді. Аян берген екі атасын да осы маңнан іздеп жүріп тауып, басына құрбан шалдыртып, екі бірдей мал сойғызды. Осы жолы ол кісінің көріпкелдігіне күмәні қалмаған кісілер тамырын ұстатып, шыбын жанына шіркеу болатындай ем-дом жасатып жатты. Бір кезде емші маған және жанымда отырған жарыма қарап: ---Сіз екеуіңіз жаңадан бас қосыпсыздар. Қолаң апа жаңа түскен келінді әулетке қабылдады. Батасын беріп жатыр,---деді. Біз бір-бірмізге қарап, жылы жымидық. «Апыр-ай, молдалар аузынан тастамай айтып жүрген ақида яғни сенім кілті осы ма?»деген ой келді маған. Бұл да бір Алланың рақымы шығар. Өйткені ананың табанының астында жаннат бар деген ғой. Ел әулие деп атаған ана батасын беріп жатса, ол да бір жақсылықтың нышаны шығар.Бұл да болса кешегі жалғыздың жанына жалау болатын сөз емес пе. Мейлі, оны емші айтсын, мейлі о дүниеде жатқан Ұлбосын ананың рухы айтсын, бәрібір емес пе. Бата жерде жатпайды деген осы да.

Сейсен Қожеке, Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының иегері

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1461
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5297