Көмескі іздің сәулесі
Тарих үні
Қостанайда ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың жары Бадрисафа өмірін зерттеуге және жерленген жерін анықтауға арналған экспедиция құрылғалы анамыздың аруағына бағышталған бірқатар жұмыстардың басы қайырылды. Нысанаға алған істердің арасында Бадрисафаның табаны тиген және ол жайында бір дерек шығып қала ма деп үміттенген орындардың барлығын шама жеткенше жүріп өту де көзделген еді. Әрине, бұл орайда Батыс Сібірде жатқан Томның орны бөлек.
Тарих үні
Қостанайда ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың жары Бадрисафа өмірін зерттеуге және жерленген жерін анықтауға арналған экспедиция құрылғалы анамыздың аруағына бағышталған бірқатар жұмыстардың басы қайырылды. Нысанаға алған істердің арасында Бадрисафаның табаны тиген және ол жайында бір дерек шығып қала ма деп үміттенген орындардың барлығын шама жеткенше жүріп өту де көзделген еді. Әрине, бұл орайда Батыс Сібірде жатқан Томның орны бөлек.
Заманның лебі, уақыттың желі дегенімізбен, белгілі бір адамдардың озбырлығынан одан тұтас халықтың жапа шеккені, зәбір көргені тарих кешірмес күнә. Атың өшкір Ф.Голощекиннің ұйымдастыруымен 1928 жылы байлардың малын тәркілеуден басталған кесапат соңы "кіші Октябрь" науқаны арқылы аштыққа ұласты. Қазақ халқы тозды, босты, қырылды. Оған жаны күйген, қарсылығын білдірген бас көтерер азаматтарының барлығы болмашы сылтаумен, "ұлтшыл" деген жаламен ұсталып, қамалып, атылды немесе Сібірге айдалды. Олардың алдыңғы қатарында бұрыннан да "ұлтшыл", "алашордашыл" аты бар, оның үстіне қазақ даласындағы кәмпескені жұтқа теңеген Ахмет Байтұрсынов тұрған еді. Ол 1929 жылы 2 маусымда Қызылорда қаласында тұтқындалды да, жылға жуық тергеуден кейін, яғни 1930 жылы сәуір айында Біріккен саяси бас басқарма коллегиясының қарауымен ату жазасына кесілді. Бірақ бұл жолы өзінің Қызыл крест қоғамына жазған арызы оққағар болып, Ахмет атамыз ажал тырнағынан аман қалды. Ату жазасы концлагерьмен ауыстырылды. Жазушы Тұрсын Жұртбайдың "Ұраным-Алаш!" кітабында Ахмет Байтұрсыновтың ОГПУ мекемелеріне бақылау жасайтын республика прокурорының орынбасарына жазған өтініші берілген. Онда ұлт көсемі өзіне кесілген жаза туралы мәлімет береді: "ОГПУ-дің 1931 жылғы 13 қаңтардағы қаулысымен менің дүние-мүлкім тәркіленіп, өзіме он жыл концлагерьде отыруға үкім шығарылды. Сол ОГПУ-дің 1932 жылғы 4 қарашадағы қаулысымен мерзімінен бұрын босатылып, 3 жылға Солтүстік өлкеге жер аударылдым", дейді де арызының соңында: "1933 жылдың 6 қаңтары, Адресім: Архангельск, Соломбала, 1-деревня, 1-бойлық, №9 үй" деп жазасын өтеп жатқан уақыты мен мекен-жайын көрсетеді.
Ахаң болмаса Бадрисафаның басына дауылдың қара бұлты үйірілер ме еді, әлде тағдыры басқаша өрілер ме еді кім білсін. Бірақ еріне адал анамыз жел айдаған қаңбақтай заманның өкпек желі қайда жұлқыса сонда барды. Біріккен саяси бас басқарма коллегиясы Ахаңа концлагерьге үкім шығарған күні, яғни 1931 жылы 13 қаңтарда Бадрисафа Мұхамедсадыққызы мен он екі жасар қызы Шолпанды Том облысына бес жылға жер аударып жіберген еді. Қаулының өзі қандай қорқынышты болса, оның орындалуы, батпағы, масасы, суығы мен аштығы бірінен бірі өтетін Батыс Сібір өлкесі нағыз дозақ болатын.
Ахмет Байтұрсынов 1932 жылы желтоқсанның 31-і күні Міржақып Дулатовқа жазған хатында өзінің Архангельскіге сол жылы қарашаның 30-да келгенін айтады. Әрі суықтан, әрі жұмыссыздықтан, қымбатшылықтан ол Архангельскіге бара қиналады. Ал Міржақыпқа 1933 жылдың басында жазған хатында: "Бір жағынан - ауру, екінші жағынан - суық, үшінші жағынан - аштық, үш жақтап қысып, әркімнің атсалысқан көмегі арқасында күнелтіп келе жатқан жай бар. Бұл қалыппен көпке бармай бір шегіне барып тынатын шығармын. "Қыр баласы" (Ә.Бөкейханов) қолдан келген көмегін істеп-ақ жатыр", дейді. Әлихан Бөкейхановтың көмегімен Ахаң М.Горькийдің бұрынғы әйелі, Қызыл крест қоғамын басқарған Е.Пешковаға денсаулығының нашарлағанын айтып, сондықтан Томға айдауда жүрген әйелінің жанына баруға рұқсат сұрап өтініш жазады. Ахаң тілегі орындалады. Сөйтіп, 1933 жылдың 4 шілдесінде отбасына келіп жетеді. Алдымен Бадрисафа отырған Кривошеин ауданының Жуково деревнясына келген Ахаң, біздің ойымызша, сол кезде осы ауданға қараған Могочино селосында, өзі хатында жазғандай, қыркүйек айынан бастап тұрған.
Тамұқ ізі
"Бадрисафа" экспедициясының мүшелері - Ахмет атамыздың кіндік қаны тамған Ақкөлдің азаматы Ибрагим Ағытаев пен осы жолдардың авторы Том қаласына келгенімізде алдымен жердің өте шалғайлығы білінді. Өркениеттің бар жетістігін пайдаланып отырған кезде жолаушыны шаршататын бұл шаһарға Бадрисафа мен кішкентай Шолпан қаңтардың ортасындағы қақаған аязда қандай жағдайда жетті екен десеңші? Том қаласының іргесі ХVІІ ғасырда, Борис Годунов патша тұсында қаланған. 1878 жылы жұмысын бастаған Том мемлекеттік университеті және одан кейінгі Том политехникалық университеті, медицина институты әлі күнге дейін қалыптасқан дәстүрін үзбей келе жатқан ірі басты білім ордалары. Политехникалық университетте ұлтымыз ұлыларының бірі Қаныш Сәтбаев білім алған. Аталмыш оқу орнына жақын жердегі геологтар аллеясында 2008 жылы Қаныш ағаға ескерткіш орнатылды. Осындағы қазақ диаспорасының өкілі, қазақ ұлттық-мәдени орталығының жетекшісі Қанатбек Смағұлов атамекеннен келген қонақтарды алдымен Қ.Сәтбаев атамыздың ескерткішіне апаратын дәстүрді қалыптастырыпты. Біз де қалаға кірген бетте Қаныш атамыздың ескерткішіне тағзым еттік.
Сібір әу бастан-ақ Ресейдегі қай патшаның тұсында да жер аударылғандардың, елден аластатылғандардың, саяси қуғын көргендердің мекені болған. Бұл өлкені игергендердің бірі де солар. Ал 1917 жылдан бастап қызыл империялық саясат кезінде Кеңес Одағына пиғылы қарсы дегеннің барлығын осында тоғытты. Гулаг-тың картасында Том облысында төрт лагерь орналасқан. Ғалым Өмірхан Әбдиманұлының "Ахмет Байтұрсынов" атты кітабында Ахаңның қызы Шолпан айтып берген естелік келтіріледі: "Бадрисафа шешем екеумізді де тұтқындады. Мен онда он екі жаста болатынмын. Содан 1931 жылдың 13 январында этаппен Том қаласына айдап жіберді. Мұнда жер аударылғандарға арналған көшеде тұрдық. Әлі есімде, Береговая көшесі, үй нөмірі-2", дейді Шолпан апай. Содан баланы анасынан бөледі де Бадрисафаны Кривошеин ауданының Жуково деревнясына жібереді. Ал сол кезде Том қаласында медицина институтында оқып жүрген Гүлнар апай (Дулатова) естелігінде 1932 жылы қазан айында Бадрисафаны пароходпен алып кеткенін жазады. "Пристаньның басында ұстамалы ауруы қайта-қайта ұстай берген әжемді пароходқа сүйемелдеп отырғыздық. Шолпан екеуміз көзіміздің жасын сорғалатып, әжеммен қоштасып үйге оралдық", дейді Гүлнар апай. Сонда 1931 жылдың басында келген Бадрисафа мен Шолпан 1932 жылдың қазан айына дейін, яғни бір жыл тоғыз ай Том қаласында тұрған. Негізі ХІХ ғасыр басында екі Береговая көшесі Том өзенін жағалай біріне бірі жалғасып жатқан. Оларды 1938 жылы біріктірген. Береговая көшелерінде көпестердің трактирлері, дүкендері орналасады. Осы көшеде саяси қуғындағы адамдар, жер аударылғандар үй жалдап тұрған. Олардың қатарында Я.Свердлов, В.Косарев, И.Жилин, тағы басқа белгілі есімдер болған. Ал Бадрисафа мен Шолпан тұрған бұл көшеге 70-ші жылдары осы жерде тұрғылықты тұратын Сібір татарларының қалауымен Мұса Жалил аты беріледі.
Ахметпен қол ұстасып, бас құрағалы Бадрисафа заманның өкпек желін аз көрген жоқ. Өйткені Ахаң неше рет абақтыға отырды, аңдуда болды. "Төресі" күйзелгенде Бадрисафаның да жүрегі қан жылады. Жаны сүйіп, үйде жағдайын жасап, қабағын баққан ерінің 1930 жылы ату жазасына кесілгенін, одан кейін он жыл концлагерьмен ауыстырғанын есту оның төбесінен жай түсірді. "Алдын - жалын, артын - мұз" еткен заман. Күйзеліс, сананы сенделткен қорқынышқа енді бұрын көріп-білмеген Сібірдің суығы, уайымы қосылды. Жалпы, Нарым өңіріне бұл кездері жер аударылғандарды жан-жақтан вагондап тасыған еді. Мұндағы жағдай тіпті нашар болатын.
- Нарым өңіріне тек 30-шы жылдарғы саяси қуғын-сүргін кезінде 400 мыңдай адам жер аударылған. Бұл шамамен айтқандағы ғана сан. Өйткені, сол кездегі аласапыранда тіркелмегендер де жетеді. Олар түрлі санаттағы адамдар еді. Көпшілігі дүние-мүлкі тәркіленіп, жер аударылған байлар, орта шаруалар болатын. Әсіресе, Украинадан, Белоруссиядан және Балтық бойынан көп келді. Оларды вагондап төгіп, отбасыларымен ағаштың арасына, өзеннің жағасына апарып тастаған. Қолда құралы не азық-түлігі жоқ олар аштан, суықтан өлді, - дейді Томдағы саяси репрессия құрбандарына арналған "Мемориал" музейінің директоры Василий Ханевич.
Әсіресе, Обь өзенінің төменгі ағысындағы аралда болған жағдай күні бүгінге дейін құйқаны шымырлатады. Александров ауданына қарайтын Назино селосының маңында орналасқан бұл арал Том қаласынан 700 шақырымда жатыр. Жергілікті тұрғындар оны "өлім аралы" деп атап кеткен. 1933 жылы осы жерге Ресейдің орталық қалаларынан тексергенде құжаты жоқ, азып-тозған, қайыршыланған және күдікті деген 6,5 мың адамды баржамен әкеліп тастайды. Оларға түрмеде отырған баукеспе-баскесерлерді де қосады. Әлгілерді вагонға тиегенде де, баржамен алып жүргенде де тамақтандырмайды. Ал аралда тіске басар тағы ештеңе жоқ. Тек бірнеше күннен кейін қап-қап ұн әкелінеді. Шикі ұнды жегендердің іші кеуіп, ауырады. Ақырында ашыққан баскесерлер адамдарды отқа қақтап жей бастайды. Бір айдың ішінде аралдағы 6,5 мың адамнан мыңға да жетпейтін бейбақ қана тірі қалады.
- Том жерінде осындай сұмдықтар болған. Нарым өлкелік партия комитетінің сол кездегі нұсқаушысы Величко деген кісі жоғары жаққа, Сталинге дейін осы жантүршігерлік көріністі баяндап хат жазған. Тарих ғылымдарының докторы С.А. Красильниковтың басшылығымен біз осы арал тарихынан көптеген құжаттар жинадық. Белгілі француз тарихшысы Николя Верт "Адам жегіштер аралы" деген кітап жазыпты. Өткен жылы жазда француз кинематографистері осы оқиға бойынша деректі фильм түсірді, - дейді Василий Антонович.
Осы өңірге саяси қуғынмен жер аударылып келгендердің құжаттары Том облысындағы ішкі істер басқармасындағы архив орталығында сақтаулы. Бадрисафа Байтұрсынованың тіркеу карточкасын біз осы арадан таптық. Ашық көк сиямен толтырылған қағаз уақыт табымен сарғая бастаған. Онда 1878 жылы туған, арнайы жер аударылған Бадрисафа Байтұрсынованың Могочино комендатурасына берілгендігі ғана айтылған. Бадрисафа шешемізге қатысты әрі сол уақыттың куәгері бір жапырақ қағаздан көз алмай қараймыз. Алыстан, туу сонау алыстағы сағым арасынан шешемізді көріп қалатындай көңіліміз елеңдеп барып басылды. Архив қызметкерлері Ресей заңына сәйкес карточканы суретке түсіруге, көшірмесін алуға рұқсат бермеді. Ал Могочино селосы қазір Молчанов ауданына қарайды екен. Ендігі жол сонда бастады.
Ахаң жарықтық Архангельскіде ауру мен аштықтан азып-тозып, мүгедек қалпына жеткенде де, алыстағы Бадрисафаның жағдайын уайымдайды. Республика прокурорының көмекшісіне 1933 жылы 6 қаңтарда жазған өтінішінде: "...менің әйелім Бадрисафа Байтұрсынова Том губерниясының Кривошеин ауданындағы Жуково деревнясына жер аударылған. Әйелімнің жасы 56-да, оның үстіне денсаулығы да нашар, талма ауруы бар, күніне 4-5 рет ұстап қалады. Ол қандай да бір жұмыс істеу былай тұрсын, оның өзі өзгенің көмегінсіз күнін көре алмайды", деп қасына баруға, қайткенде де бірге болуға сұранады. Ахаңның бұл тілегі орындалады. Ол 1934 жылы наурыз айында Міржақыпқа жазған хатында 1933 жылдың қыркүйек айынан бері тұрып жатқан мекен-жайын: "С.Мочлино, Клубная, д.Сойгорова Степана, Зап.Сиб. край, Томск окр.Кривошейнск. район" деп көрсетеді. Мүмкін көшіріп басқанда қате кеткен болуы керек, Ахаң жазып отырған селоның аты Мочлино емес, Могочино деп аталады.
Том қаласынан жеңіл мәшинемен екі жарым сағат жүріп баратын Могочино селосы қазір Молчанов ауданына қарайды. Ал Кривошеин ауданындағы Жуково деревнясы жолда қалады. Адамдардың қалаға көшуінен кейін елді мекендердің жойылу үдерісі Том жеріне де тән. Жуковода да 5-6 үй қалыпты. Молчанов ауданының орталығынан оңға бұрылғасын 20 шақырым жол жүріп, шалқар дария Обь өзенінен паром арқылы өтіп, Могочино селосына келдік.
- Обь өзенінде сонау отызыншы жылдары ағаш таситын баржа да, жолаушылар кемесі де жүріп жататын. Ал қазір жолаушылар тасымалы шығынды жаппайтын болуы керек, кеме жүзуін тоқтатқан, - дейді осы жердің ой-шұқырын жақсы білетін журналист, өлкетанушы Виктор Захарович Нилов. Село Обьтің дәл ернеуінде орналасқандықтан ол көктемде тасыған судан жиі зардап шегетін көрінеді. Биыл да осы елді мекеннің екі көшесін су шайып кетіпті. Өткен ғасырдың басында мұнда Сібірдің түпкілікті халқы сельпуктердің әр жерде бір киіз үй сияқты дөңгелентіп бөренеден салынған күркелері тұрады екен. 1929 жылы 11 шілдеде Кеңес Одағы Халық комиссарлары кеңесінің "ОГПУ-дің еңбекпен түзеу лагерьлері туралы" қаулысы шығады. Соның артынша-ақ Сібірге Кеңес Одағының әр шалғайынан сенімсіз, күдікті деген адамдар эшелондап әкеліне бастайды. Обь өзенінің оң жағалауындағы ми батпақты сол айдап әкелгендер игерді, мыңдаған адамдардың сүйегі де сол батпақта қалды. Могочино жер аударылғандар тұрған, батпақта шіркейге таланып жүріп азапты күндерді өткізген Обь бойындағы ондаған поселкелердің бірі ғана. Қазір сол поселкелердің орны жоқ, ал адамдар сүйектері батпаққа батып кеткен. Осы Могочино селосының ең үлкен тұрғыны 88 жастағы Зинаида Емельяновна Власова қарияның үйінің табалдырығынан аттай бергенде ылғалы кеппеген топырақтың сызы бетке ұрды. Отызыншы жылдары мұндағы үйлердің барлығы да ағаштан салынған болатын. Қазірде де селоның үйлері еңселі емес, көбісінің ескі үй екені көзге ұрып тұр. Ахаң мен Бадрисафа Могочинода тұрған 1933 жылы Зинаида Емельяновна үшінші сыныпта оқыған еді. Ол кезде бала болса да туған селосының тарихын, онда болған оқиғаларды жақсы біледі. Жоғары білімді, осындағы мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беріп, зейнеткерлікке шыққан қарияның бойынан мәдениеттілік, әр сөзіне жауапкершілікпен қарайтын зиялылық та байқалады.
- Мен 1933 жылы он жасар ғана баламын ғой. Есімде қалғаны осында 1925 жылы ағаш өңдейтін зауыт салынған екен. Зауыттың ашылуына байланысты мұнда үй саны көбейіп, ол 130 шақты болды. Айдалып келгендер сол зауытта істеді. Селодағы тұрғынның саны төрт мыңнан он мыңға дейін жеткен дейді, әйтеуір ығы-жығы адам өте көп еді. Олардың бірі келіп, бірі кетіп жататын. Ахмет Байтұрсынов хатында жазып көрсеткен Сойгоровтармен біз көрші тұрдық.Степан ағай елге есімі белгілі, бақуат тұратын, адамгершілігі мол, қайырымды адам еді. Рас, көше ол кезде Клубная деп аталды. Өйткені сол көшеге клуб салынған болатын, қазір ол Чехов атында. Могочинода комендатура жұмыс істеп тұрды. Айдалып келгендер арасында кім болмады дейсіз, неше түрлі ұлт, тіпті қытайға дейін жүрді. Қазақтардың болуы әбден мүмкін деп білемін. Бірақ Сойгоровтардың үйінде жер аударылып келгендерден нақты кімдердің тұрғаны есімде жоқ. Ойын баласымын ғой, байқамадым, - дейді Зинаида Емельяновна.
Енді Ахаң хатында көрсеткен Степан Сойгоров кім еді? Зинаида Емельяновнаның айтуына қарағанда, оның ұлты сельпук екен. Бұл Сібірдегі аз халықтың бірі. Обь бойындағы сельпуктер өздерін остяктар деп те атаған. Балық, аң аулау, олардың терісін илеп, киім, аяқ киім тігу остяктардың ата кәсібі болған. Ағайынды Михаил, Дмитрий, Степан Сойгоровтар бақуатты жандар болыпты. Могочино селосында 1907-1908 жылдары салынған алғашқы мектепті де жергілікті тұрғындар Сойгоровтар әулетімен байланыстырады. Отызыншы жылдары Степан Сойгоров балық аулап, оны кептіріп, Томға апарып өткізіп тұрған. Ұлы Отан соғысы басталғанда ол майданға аттанады. Бір ұлы шайқаста опат болады. Өзі соғыстан келгесін де осы Могочинода тұрып, 1970 жылы 67 жасында қайтыс болады.
Ахмет Міржақыпқа Могочинодан жазған хатында: "Айына 150 сом жалақысы бар бір орынға ілігіп едім, онан да осы марттан бастап шығарып тұр" деп жазады. "Ахмет Могочинода қандай жұмыс істеді екен? Ұстаз Ахаң Сойгоровтар мектебінде дәріс берді ме?" деген ой қиялды жетелейді. Иә, саяси қуғындағы адамды ол кезде қай жұмыста да көп тұрақтатпағаны рас. Ахаңның Міржақыпқа жазған хатынан Архангельскіге қарағанда, салыстырмалы түрде болса да, Могочинода біршама көңілі жайланғандай екенін байқаймыз. Архангельск лагерінде бір үзім нанға зар болған қайран Ахмет атамыз Бадрисафасына келіп, көңілін бір демдесе, Обьтің бойында азық-түліктен де аса қиналмағанға ұқсайды.
Біз Том облысы бойынша ішкі істер басқармасының ақпарат орталығы архивінен Ахмет Байтұрсыновқа қатысты құжатқа да сұрау салғанбыз. Бірақ олардан "Том жеріндегі бас еркінен айырылғандар, жер аударылғандар, айдауда болғандар отырған орындарда 1873 жылы туған Ахмет Байтұрсыновқа қатысты ешқандай құжат-дерек табылмады", деген жауап алдық. Ал Николай Кучереносовтың айтуынша, комендатура болғанымен жер аударылғандардың тіркелмегені жетерлік көрінеді.
- Саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары Могочинода болған аталарының дерегін іздеп, біздің редакцияға да жазып жатады. Аласапыран уақытта Алтайдан жер аударылған 100 отбасы да ешқандай тізімде болмай шықты. Бұл отызыншы жылдары саяси қуғын-сүргін көргендер әкелінген Нарым өлкесінің бір пұшпағы ғана. Ал сол кездегі орталық Колпашевода болған. Адамдарды бір жерден бір жерге тасыған. Ол кездегі құжатқа салдыр-салақтықтың түбіне жете алмайсың, - дейді Николай Васильевич.
Ахаң Архангельскіден 1933 жылдың шілдесінде келген соң, Бадрисафа екеуі сол кездегі Кривошеин ауданына қарасты Жуково мен Могочинода бір жылға жуық уақыт тұрған сияқты. Қос мұңлық 1934 жылы қазанда арып-ашып Алматыға жеткен еді.
Таным ісі
Том қаласының орталығында саяси қуғын-сүргін тарихының мемориалдық музейі бар. Ол НКВД-ның 20-40-шы жылдарғы тергеу түрмесіне орналасқан. Ғимараттың бірінші, екінші қабатында тергеушілер отырыпты, ал жертөлесінде тергеу камералары орналасқан. Жертөле-музейдегі камералардың сол уақыттағы қалпы, олардың ауыр темір есіктеріне дейін сақталған. Жертөлеге түсе бергенде салқын сыз бетті қабады. Музей қызметкерлерінің айтуынша, мұнда жиырма шақты камера болған. Қазір олардан Коммунистік партия билеп-төстеген уақыттың нышандарының барлығы - Ленин, Сталин, Ежов сияқты саяси қайраткерлердің суреттерін, мүсіндерін, комсомол, октябрят төсбелгілерін, ордендерді, туларды, саяси үгіт, насихат құралдарын көресіз. Әлемдік сахнадан кеткен, күні өткен қоғамды көз алдыңа әкеледі. Едені мұздай цемент, шынжырмен байланған ағаш төсек қойылған келесі бір камерадан жүректі мұздатқан бір суықтық сезіледі. Отызыншы жылдары қамалып, тергелгендер дәл осы камераларда отырған, оларға 15-20 адамнан тоғытқан.
1896 жылы бұл ғимарат 2 кластық діни мектеп үшін салынған екен. Оқу орны 1910 жылы жабылып қалады да, 1923 жылы мемлекеттік қауіпсіздік комитеті бұл үйді өзінің жұмысына лайықтайды. Үйдің жертөлесі тергеу изоляторына айналады. Осы мүзейдің алдындағы гүлзарда отызыншы жылдары Том облыстық НКВД басқармасы орналасқан. Екі ғимараттың арасын жер асты құпия жолмен қосқан. Ұсталғандарды алдымен басқармаға апарып, жер асты жолы арқылы тергеу изоляторына әкеліп отырған. Ал тергеу аяқталған соң қайтадан жердің астымен НКВД басқармасына апарып, сол жерден не лагерьлерге, не жер аударуға, не атуға үкім шыққан.
- Осыдан бес жыл бұрын музейге жөндеу жұмыстарын жүргізгенде ғана осы жер асты жолының болғанына көзіміз анық жетті. Бірақ ол топырақпен толтырылып, бетондалып тасталған. Жөндеу жұмыстары кезінде оны шамамыз жеткенше аршып көрдік. Қазған жерден мылтықтың оқтарын таптық. Ату жазасы осы жер асты құпия жолында да жүзеге асқан деген қорытынды жасадық. Алдағы уақытта осы жолды түгел аршып, оны да музейге қоссақ, келушілерге көрсетсек деген ойымыз бар, - дейді осы музейдің директоры Василий Ханевич.
Өткен ғасырдың 80-ші жылдарының аяғында басталған жариялылық кезінде Томда жиырма-отызыншы жылдардағы содыр саясаттың құрбандары туралы қоғамдық пікірлер көтеріле бастайды.1988 жылы "Мемориал" қоғамдық ұйымы құрылады. 1989 жылы облыстық және қалалық кеңестер депутаттарының шешімімен "Том жерінде сталиндік қуғын-сүргін құрбандарын есте қалдыру туралы" жергілікті биліктің қаулысы қабылданады. Тұрғын үйге айналып кеткен НКВД түрмесі музейге қайтарылды, ал алдындағы гүлзарға саяси репрессия құрбандарына арнап ескерткіш қойылды.
Василий Антонович Ханевичті осы қасиетті орынның шырақшысы десе болар. Ол өзінің экономист мамандығын тастап, осында келген, келмеген-ау, музейді өзі қолымен құрған, репрессия жылдарын зерттеген. Мүмкін сталиндік саяси қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбаны болған аталарының аруағы да оны осы іске бел байлатса керек. Поляк ұлтының өкілі Василий Антоновичтің әулетінен 9 адам репрессия құрбаны болып, айдалған, атылған. Өзі өскен Белосток селосы туралы 1993 жылы "Белосток трагедиясы" атты кітабы жарық көрген.
- Мен туған Белосток селосында тек поляк ұлты ғана тұрған. 1937 жылы онда еркек кіндіктінің барлығын, яғни жүзден аса адамды бір түнде ұстап әкетіп, атып жіберген. Біздің бала кезімізде селода тек кемпірлер ғана жүретін, үлкен шалдар болмайтын. Оның ақиқатын кейін білдік, - дейді ол. Осы жерде айта кететін бір жайт, Сойгоровтардың ұрпақтарынан да, Василий Ханевичтен де қаныққанымыздай, жергілікті көнекөздер сол бір дауылды жылдардың сұмдықтарын ауызға ала бермейді екен.
- Алғашында үлкен кісілер отызыншы жылдар туралы айтуға қорқып, өзімізге күдікпен қарап жүрді. Кейінірек жергілікті газеттерде ақиқат анық жазыла бастағанда ептеп шешілгендей болды. Бәрібір олар сол жылдарды еске алуға онша ниетті емес еді, - дейді музей директоры. Сол сияқты Сойгоровтардың немере-шөберелері де атасы мен әжесінен осы тақырыпқа ешқандай әңгіме естімегенін айтады. Могочинодағы орта мектеп мұғалімдері де өздерінің туған село тарихын балаларға айтуды, зерттетуді, жаздыруды енді бастапты. Адам қаны Обь өзеніне аққан жерде тарихқа сылбырлық танытқанына таңғалғанымыз рас.
- Мен архив материалдарынан байқағаным, атылған, лагерьлерге айдалған адамдарды тергеушілер топ-тобымен жөнелтіп отырған. Бәрін де формальды жасаған. 64 адамға бір протокол, 100 адамға бір протокол жасаған құжатты оқыдым. Тұтқындалғандардың саны ғана қажет болған, олардың кінәсінің бары-жоғы ешкімді де толғандырып жатпаған, атылатындар да, лагерьде отыратындар да жоспар бойынша жазаланған. Том жеріне айдалып келген 90 мың отбасының ісі әлі қараусыз, компьютерге де енгізілмеген, - дейді ол.
Том облысына, жалпы Нарым өлкесіне жер аударылған әйелдер аз болмаған. Тіпті музейде ату жазасына кесілген әйелдердің суреті де кездеседі.
- Айдауда ең алдымен азап шеккен әйелдер, балалар және қарт кісілер болған. Ер адамдар көбіне лагерьлерде отырды, олардың көргені азабы да аз емес, ауыр жұмыстарға жегілді. Бірақ әйтеуір соқа бастары ғой, лажынша тығырықтан аман шығуға тырысты. Ал әйелдердің балалары болды. НКВД тергеушілеріне, түрме қызметкерлеріне олардың алдында бір халықтың бетке тұтар ұлысы отыр ма, анасы отыр ма бәрі бір болатын. Әйелдер қолында Сібірдің суығына шыдамай ауырып өлген балаларын баржадан суға лақтырып жіберген немесе өзен жағасына жерді шұқып көміп кеткен. Ал ол кезде әйелдердің көбі үйден шықпаған, сауатсыз болды. Бұл олардың басына түскен нәубеттің қасіретін қалыңдата түсті, - дейді Василий Ханевич.
Көз алдымызға тағы да Бадрисафа шешеміз елестейді. Тумаса да, туғаннан бетер болған он екі жасар Шолпаннан бөліп тастағанда жүрегі қалай қансырады екен?..Талмасы ұстап кемеге зорға мінді-ау.
- Бадрисафа қалай дегенмен де селода, адамдардың арасында болды. Оларды үйлерге жатқызды. Ахмет екеуінің Томнан аман-есен тірі қайтуының басты себебі сол. Ал вагондармен Украинадан, Балтық бойынан, Ресейдің басқа аймақтарынан әкелген адамдарды ағаш арасына төккен. Том жерінде негізінен қырылған да солар, - дейді Василий Антонович.
- Қазақстанда сталиндік қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні белгіленген, көптеген қалаларыңызда оларға арналған ескерткіш бар екенінен хабардармыз. Астанадағы монументке шетелден келген мәртебелі қонақтар гүл шоқтарын қойып жатады. Тарихтың бұл ақтаңдағына сіздің елде мемлекеттік деңгейде көңіл бөлінеді екен. Бұл жақсы, - деді Василий Антонович тамсанып...
Иә, "мың өліп, мың тірілген" қазақ еліне бұлай істемеске де болмас. Сталиндік саяси қуғын-сүргіннің мыңдаған құрбандары, халқымыздың сыпырылып кеткен қаймағы көрген тамұқтан ұрпақты абайлау үшін де ұлы Ахмет атамыз бен Бадрисафа шешеміздің аруағына мың тағзым етеміз.
Қостанай-Том-Қостанай.
Суреттерде: 1. 30-жылдардағы лагерьдің көрінісі; 2. Зинаида Власова Могочино селосының ең қарт тұрғыны; 3. "Мемориал" музейінің кіреберісі; 4. Гулаг картасы.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
http://www.egemen.kz/22562.html