Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2530 0 пікір 16 Желтоқсан, 2010 сағат 12:05

Ноғайлы

(Жалғасы. Басы өткен сандарда)
Дешті Қыпшақ үйлері туралы деректерде былғарыны ауызға алу кезікпейді, олар киізбен ғана тұтылған. Тек хан ордасы мен ішінара бай-сұлтандар ғана киіз үйдің сыртын атласпен қаптатқан. Өз еңбектерінде түз тірлігін сү­йіс­пеншілікпен баяндайтын Ибн Рузбихан да (XVIғ.) бұл орайда құнды деректерді көлденең тарта­ды: «Қазақтар жаз бойы шығандап кеткен алыс жайлаулардан қыстаққа құлағанда, олардың қарақұрым малдарына су жетіспейді, сондықтан олар қар түсе қозғалады. Үйлері доңғалақты арба үстінде. Түйе мен аттар оларды бір түнемеден екінші түнемеге сүйреп жүреді. Аралары бір қадамнан аспай, бірінің соңында бірі қаздай тізіліп көшеді. Бұл керуеннің бас-аяғының ұзақтығы 100 моңғол фарсағындай бо­лады. Арбалы үйлері жазғы шөл дала жолына да, қыс­қы қарлы жолға да бейімделген, әйтпесе олар сусыз шөлден, суықтан жан сақтай алмай, қырылып қалар еді».

(Жалғасы. Басы өткен сандарда)
Дешті Қыпшақ үйлері туралы деректерде былғарыны ауызға алу кезікпейді, олар киізбен ғана тұтылған. Тек хан ордасы мен ішінара бай-сұлтандар ғана киіз үйдің сыртын атласпен қаптатқан. Өз еңбектерінде түз тірлігін сү­йіс­пеншілікпен баяндайтын Ибн Рузбихан да (XVIғ.) бұл орайда құнды деректерді көлденең тарта­ды: «Қазақтар жаз бойы шығандап кеткен алыс жайлаулардан қыстаққа құлағанда, олардың қарақұрым малдарына су жетіспейді, сондықтан олар қар түсе қозғалады. Үйлері доңғалақты арба үстінде. Түйе мен аттар оларды бір түнемеден екінші түнемеге сүйреп жүреді. Аралары бір қадамнан аспай, бірінің соңында бірі қаздай тізіліп көшеді. Бұл керуеннің бас-аяғының ұзақтығы 100 моңғол фарсағындай бо­лады. Арбалы үйлері жазғы шөл дала жолына да, қыс­қы қарлы жолға да бейімделген, әйтпесе олар сусыз шөлден, суықтан жан сақтай алмай, қырылып қалар еді».

Еділ жағалауындағы Сарайда, Жайық іргесіндегі Сарайшықта болған XIV ғасыр жиһанкезі араб Ибн Баттута бұл өңір тұрғындарының арбамен көшетіндерін айта келіп: «Бұл көлікті олар «араба» деп атайды» деп жазады. Өзге дереккөздер бұл тасымал көлігін «телеген, гардунэ» дейді. Біз әңгіме етіп отырған кезде Дешті Қыпшақта телегеннің екі түрі көп тараған-ды: бірі - екі доңғалақты, екіншісі - төрт доңғалақты. Олардың ауыр-жеңілдігіне қарай жетекке түйе, өгіз, ат жегеді. Телегеннің көшері мен тегершіктерін қайыңнан шабады. Телегенге қа­жетті бөлшектер қайың ағашын июге ыңғайлы көкек айында істейді де, құрастыруды жаз бойы атқара береді (История Казахстана в арабских источниках..., 209-210-бб.). Шарф ад-дин Али Иазди бұл үйлерді «көтерме» деп атапты. 1391 жылы Ақсақ Темір Қыпшақ қаласы арқылы Тоқтамысты жазалау мақсатымен атқа қонғанда осы «көтермелерді» пайдаланған екен. Иазди оларды бұзып бөлшектемей, аялдағанда арбадан түсіріп жерге қоятынын, жолға қайта жиналғанда арбаға тұтас күйінде көтеріп салатынын баян етеді. 1509 жылдың қысында Мұхаммед Шайбанидың тосыннан шабуылға шы­ғып, Жәнібектің ұлы Жәніш сұлтан ауылының үстінен түскені белгілі. «Михман-наме-ий Бұхара» жазбасы осы жағдайға орай: «Қазақтар көшкенде арбаға орнықтырып алатын киіз үйлердің төбесі көрінді» деп суреттейді. Ал Ибн Рузбихан болса, өзіне тән елгезектігімен желпіне баяндайды: «Аһ, қандай шатырлар десеңізші, шырқау биікпен таласқан қорғандар, әуе кеңістігінде шайқалған әде­мі күмбездер». И.Барбаро да тақырыпты өз көзі куә болған ұсақ-түйектермен байыта түседі. Бақсақ, арбаға тігілетін киіз үйлердің табаны төмендегідей тәсілмен істеледі екен: «Ені бір жарым қадамдай мықты ағаш шеңбер істейді де, үлкен жарты шеңбер сырықтарды қатар-қатар осы шеңберге бекітеді. Олардың араларына тоқыма ши төсейді. Үстін текемет не алашамен жабады». И.Барбароның айтуынша, тоқтаған жерде үйді жерге түсіріп алады.
Бұл тақырыпқа қалам тартқан байырғы автор­лардың куәландыруынша: үйлердің торкөзденген желдеткіші және ою-өрнекпен безендірілген перде жапқышы болған. Жылжымалы үйдің үлкен-кішілігі отағасының дәулетіне тікелей байланысты еді. Әдет­те, сұлтандар мен дала шонжарлары үйінің іші-сырты қолөнер шеберлерінің көрмесіндей көз жауын алатын әрі кеңдігі соншалық - 20-30 қонақ емін-еркін сыйып кететін. Қатардағы жай адамның үйі арба тұрпатына ұқсаған ұзыншақ болып келген. Олардың сырт сұлулығында кемістік жоқ-ты. «Арбадағы жылжымалы үйлердің» қарапайым әдемілігі соншалық - таңғалғаннан басың айналмасқа шамаң жоқ» деп жазады оны көзімен көргендер (Кляшторный С.Г., Султанов Т.И., 333-б.).
Арбаны сүйрейтін ат не түйенің біреуі ерлеулі, ашамайлы болады. Көші-қон бастаушы соған оты­рып ап, қамшымен жетектегі жануарды жасқап, қолындағы ұзын сырықпен оларды жолға салып, қақпайлап отырады. Керуен төңірегі салт аттылардан құрғамайды. Асуларда арбаларға арқан байлап, атпен сүйреседі, ал ылдиға құлағанда арттан тартып, шегеріп отырады.
Көшті қарсы кезіккен өзен суынан өткізетін де - осы адамдар. Көшпелілер негізінен далалық өлкелерді мекендеген түз адамдары боп есептелгенмен, судан өтудің қыр-сырын өзен-көл тұрғындарынан артық білмесе, кем білмеген. Жау өтпейтін қалқа деп есептелетін шығыстағы әйгілі Сарыөзен-Хуанхэден, батыстағы Еділ, Мұнанай (Днепр), Днестрлерден тоқтамай, әп-сәтте өткен. Көшпелі елдің судан өту тәсілі алғаш рет «Оғыз-намеде» көрініс табады. Ләшкерімен Еділге келіп маңдай тіреген Оғыз қаған алдарында кесе-көлденең шалқып жатқан телегейді көріп, кідіріп қалады. «Не амал қыламыз?» деп нөкерлерінен ақыл сұрағанда, Ұлық Орда деген бір қолбасы «салмен өту керек» деп, жағалау жынысынан қураған ағаштарды жиыстыра бастайды. Бұл кісіге Оғыз қаған «Қыпшақ», яки «Қу ағаш» деген есім береді.
Араб, парсы, Еуропа жиһанкездері қыпшақ жауын­герлерінің жалпақ Еділден қас-қағымда тоқтал­май өтетіндерін таңырқай жазады. Тері қап­шыққа қару-жарақ, киімдері мен ер-тұрмандарын салып, аузын мықтап буып, ат құйрығына байлайды екен де, өзі ат жалына жармасып тоқтаусыз өте шығады. Жаугершілік заманда үстіне киген сауытпен, ер-тұрманмен өзенге қойып кететін жан-дәрмен сәттер жиі кезігеді. Сонда арқасындағы ауыр салмақтан ат суға батпау үшін түздіктердің не істейтінін Әбілғазы баһадүр жазып қалдырған. Мұндай жағдайда бір аяқпен үзеңгіде тұрып, екінші аяқты ат құйрығындағы құйысқанға кептейді де, бір қолмен тізгін ұстағанда, екінші қолмен ердің артқы қасын бар салмақпен басады. Сонда аттың мойыны судан құрықтай көтеріліп, жүзіп береді (Әбілғазы. Түрік шежіресі. Алматы, 1992, 183-б.).
Тана кентінің тұрғыны, венециан көпесі И.Барбаро 1436 жылы Ұлық Мұхаммед ханның Доннан өткенін өз көзімен көріп, естелігіне енгізген. «Бұл ғажапты өз көзіңмен көріп тұрып сенер-сенбесіңді білмейсің! - деп таңырқайды И.Барбаро. - Қарбаласу деген жоқ, ешбір айғай-шусыз қара жердің жолымен жүргендей, өзеннен өте шықты. Өзеннен өту тәсілі төмендегідей: алдын ала адам жіберіп, өзен жағалауынан қу ағаш жинатып, сал істетеді. Сосын қамыс жинатып, будырады. Оларды ағаш салдың, арбалардың астына кептейді. Сал мен арбаларды өзеннен аттар сүйреп өтеді (Барбаро и Контарини о России. К истории итало-русских связей в XV в. Л., 1971, 150-151-бб.) Тұрмыстық-этнографиялық мәні бар әңгімені Өзбек хан қатындарының сән-салтанатымен бітірсе де болады. «Патша қатындары күймемен жүреді. Күйме шатыры алтындалған жібек матадан не оймышталып, сырланған ағаштан. Күймені сүйрейтін аттар жібек жабулы. Аттардың бірінің арқасында отырған айдаушы жас бозбаланы ұлақшы деп атайды. Күймедегі қатынның оң жағында әжептәуір егдерген кәрі әйел, оны ұлыққатын деп атайды, сол жағында құджыққатын (киіндіруші) аталатын егде әйел. Қатынның қарсы алдында жүзіктің көзінен өткен сұлу, жап-жас алты қыз. Бұл алты қыз кезек-кезек арқаларын сүйеп оты­ру үшін сырт жақтарында теріс қарап тағы да екі қыз отыр. Қатынның басында үкіленген, қымбат асыл тастармен безендірілген тәті, үстінде алтын-күміс, асыл тастан көз қарыққан жеңіл желбегей шапан. Ұлыққатын мен құджыққатынның бастарында зерлі кимешек. Қыздардың басында үкі тағылған, төбесі асыл тастармен безендірілген тебетей. Бәрі де асыл тастары жарқ-жұрқ еткен көйлек киеді. Қатын көшінде сәнді киінген он-он бес шақты византия немесе үнді бозбалалары, олардың қолында алтын, күміс не зерленген асатаяқ. Қатын көшінің соңында 100-ге тарта арба. Олардың әрқайсысында жібек киінген төрт-бес қызметші әйел. Оның соңында түйе, өгіз жегілген 300-ге жуық арба, онда қатынның қазына, киім-кешегі, дүние-мүлкі, ас-суы». Ибн-Баттута Өзбек хан патшайымдарының көшін осылай суреттеген (История Казахстана в арабских источниках. Том I. Алматы, 2005, 219-220-бб.).

Ләшкері

Ноғайлы ләшкері туралы сөз еткенде басқа елдердегідей күні-түні соғыс тәсіліне жаттығатын, тарқап кетпейтін, казармалық жағдайдағы жауынгер құрамаларды елестету артық болады. Ноғайлы ләшкері - жорық кезінде жиналып, жорық біткен соң үйді-үйіне тарайтын жасақ. Жасақ пен сап түзеген машықты ләшкердің айырмасы көп, соңғысының артықтығы көпе-көрнеу. Алайда Ноғайлы, Дешті Қыпшақ жұрты ләшкер жасақтаудың жасақ тәсіліне ден қойды.
Күрделі дала тірлігі балаларды қаршадайынан-ақ жауынгерлік жолға қалыптастырады. Түз баласы 4-5 жасынан ат арқасында ойнап, садақ тартып, аңшылық құруға машықтанды. Олар ыстыққа, суыққа, шөлге төзімді боп өсті. Дала ұлдарының жанкешті төзімділігінде шек жоқ-ты. Мәселен, орыс салт аттылары күніне 30 шақырымды, суыт жүргенде 60 шақырымды дағдыға айналдырса, қыр түлек­тері бір тәулікте ат алмастырып, 500 шақырымды артқа қалдырып отырды. Бұл жағынан Ноғайлы ұландары орыс әскерінен де, Орта Азия жауынгер құрамаларынан да әлдеқайда оралымды.
Ноғайлының батыс шекарасы Астраханьнан ту сонау терістіктегі Бұлғар, Мохшаға дейінгі аралықты қамтыды. Еділдің сол жағалауында өткел-өткелдерде қарауыл қостары тұрды. Шоқы, биік төбелерде от жағып, белгі беретін ошақтар болды. Әр рудың жасағы кезектесіп күзет қызметін атқарды. Олардың кезек тәртібін, міндеттерін қалай атқаратынын нұрадын не сол кеңсенің қызметкерлері бақылады. Сауда керуендері нұрадын кеңсесінің рұқсатынсыз және кеден салығын төлемейінше өте алмады. Шекарадан өту шарттары орындалған соң, кеңсе жасауылдарының бастауымен баратын жерлеріне жеткізілді. Шығыс тарапта да күзет қостары болды. Оның ең шалғайы Нұрадаға Татағай қамалы еді. Бұл қарауыл Қазақ, Сібір хандығындағы қоз­ғалыстарды бақылады. Ташкент-Искер ке­руен жолымен Сібір хандығына өтетін керуен­нен кеден салығын жинау осы қарауылдың мінде­тінде болды. Шығыстағы екінші шекаралық күзет қосы Қазалыда орналасты. Қазалы кенті осы аттас Ноғайлы руының атымен аталған. Бұл күзет Бұхар-Төмен-Искер керуеншілерінен салық жинады. Ал оңтүстік тараптағы қарауыл - Үстірт­те орналасып, Сарайшық-Хорезм керуен жолын күзетті. Шығыс және оңтүстік тараптағы шекара күзетінің басшысы мен күзет кеңсесін - кейқуат деп атады. Шығыс тараптағы шекара күзеті кейқуат кеңсесі басшылығымен ауыстырылып тұрды. Олар ру жасақтарының күзет жұмысына дайындығын, әскери машықтарының қай дәрежеде екендіктерін, қару-жарақтарының сайлығын бақылап отырды. Тата-ғайда, Қазалыда, Шерқалада кейқуат кеңсесі болды. Рулық жасақтар сол кеңсені күзетуге және шекара­ның амандығын бақылауға келді. Рулық жасақтар батырлардың, қосағалардың жетекшілігімен үнемі әскери жаттығулар өткізді. Жасаққа енгендер ауыл арасының мал бағу, құдықтан су тарту, жүн қырқу деген сияқты күйбең тірлігіне араласпай, қарауылдан бос кездерінде рубасылардың нұсқауларын орындап, көші-қоны кезінде шолғыншы міндетін атқарды.
Ру жасағына бір үйден бір адам алынды. Би ләшкер жиғанда әр ұлыстың сарбазының саны түтін санына сай болуын талап етті.
Бұл бір үйкүшік болмай, түс қатып, түз кезген жортуыл, аламандық, батырлық айрықша дәріптелген кез еді. Үйде өлгеннен гөрі жауда өлген артық саналды. Қарсыластың аз-көбін ескермей, жауға жалғыз шабатын серілік асқақтап тұрды. Тоқтамыс ұлы Қадырберді айбаты айналаны бұқтырған дала көкжалы Едігемен өліспей-беріспес күреске бекініп, ат арқасына қонып, Еділ-Жайық арасын ала шаң қылғанда бар-жоғы он алты жаста еді. Міне, осы шығандап шырқаған аламандық рух - «Қырымның қырық батыры» жыр топтамасының тууына мұрындық болды.
Ерлік, батырлық үрдісімен Ноғайлыда темір ұстасы, зергерлік өнері қоса-қабат дамыды. Жауға киетін сауыт-сайман: көбе, аймауыт, шарайна, берен, жеңсіз сауыттарға сұраныс көбейді. Темір тон (панцирь) соғушылар да аз болмады. Темір тонның жүзбат, бөрле сияқты түрлері ерекше бағаланды. Дулыға, қалқан, куявке (иық қалқаны), шынжыр қолғаптардың неше түрлері өмірге келді. Осы кезде майданға шығарда сауыттың астынан киіз жейде - кебенек кию дәстүрге айналады. «Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» деген мәтел осыған орай айтылса керек.
Жаугершілік шабуыл құралдарының да түр-түрі шеберлердің қолынан шықты. Орыстың екі жүзді семсерінен кем түспейтін семсер­дің алдаспан, наркескен, найзаның қоңыраулы сүңгі, балдақты сүңгі, ырғақты сүңгі түрлері қолданыста болды. Бетпе-бет келген қоян-қолтық арпалыстарда қайқы қылыш, айбалта, шоқпар, сойыл, қанжар, гүрзі, балдақ қолданыл-ды. Дала жауынгерлерінің басты қаруы баяғыша садақ, жақ пен жебе боп қала берді. Жақтың құрама және тұтас түрлері болды. Құрама жақтың серіппесі қодас мүйізінен істелді. Ал жақтың ең көп тараған түрі қарағай мен қайыңнан иілгендері еді. Жақтарды ағаш бұтақтарына нәр жүгіріп, сынбай иілетін көктем кезінде қазықтарға керіп, бұраулап иді. Садақ негізінен қайың сырықтарынан істелді. Олардың қос қырынан құс қауырсынын жапсырды. Ноғайлы, жадынан түсіріп алды ма, ғұндардың үрей туғызатын зарлауық оқтары мен түркі заманының көн садақтарын қолданбады. Тек беріде Құдайберген батыр садақтың осынау көне түрін қолданғандықтан «Көн садақты Құдайберген» атанған. Ескілікте ту сонау Арғын өзенінде қарағайды құлатып суға тастаса, бір-екі жылдан кейін оның бұтақтары темір емес, темірден бір кем емес қасиетке ие болған. Одан садаққа жебе, кейде тұтас оқ жасаған; көн садақ тіркесінің арғы тегі осыған байланысты шықса керек.
Ауызекі әңгімелер мен ауыз әдебиеті нұс­қаларында сұр жебе, қозы жауырын, көбе бұзар, шоран оқ деген түрлері кездеседі.
Негізгі қару - найза, садақ, семсер, қылыш, шоқпар, қанжармен бірге әр сарбаздың қоржынында ара, біз, ине, арқан, іс балта, қосымша 10 жебе, сусын құятын торсық, мініс атынан өзге жетегінде шайқасқа түсетін мықты, ұшқыр, соғыстың бұлтарыс-қалтарыстарына төселген ереуіл сәйгүлігі, 15-20 адамға бір киіз үйден болуға тиісті. Әдетте семсерді оң қапталға, қылышты сол қапталға тағынды. Онбасыда жеңіл шатыр, басы артық 5 ат, жүзбасыда киіз үй және басы артық 10 ат болды (Иванин М. О военном искусстве при Чингисхане и Тамерлане. Алматы, 1998, 152-б.).
Қорамсақта 30 оқ болды. Ұшталған өткір болат жебені шыбыққа қойдың қарын терісімен желімдеді. Ал қойдың ішегінен садақтың адырнасын істеді. Жауынгер жарақтары қаны жерге тимейтін өтімді тауар қатарына жатты. Садақтың құны - ат, жебе толы қорамсақтың құны - құлын болды. Садақ істеушілерді - жайшы, жебе істеушілерді - оқшы деп атады. Ноғайлыда отқару: шамқал, пілтелі мылтық, орыстың пищадары сирек кездесті. Зеңбірек атымен болмады. Бұхар ханы Абдолла ләшкері «занбуракпен» көптеген жеңістерге жетті. Бірақ Ноғайлы қарудың бұл түрін игере алмады. Олар мыс, темір, күкірт өндіруді білді, бірақ зеңбірек жасай алмады. Байырғы деректерде оқ-дәріні францикан монахы Константин Ангклицен әлде Бартольд Шварц XIV ғасырдың ортасында ойлап тапты делінеді. Олар өз жаңалықтарын генуэздермен шайқасып жатқан венециялықтарға хабарлайды. Француздар отқаруды 1338 жылы білді, 1346 жылы ағылшын королі Креси соғысында зеңбірек қолданды. Арабтар оқ-дәріні XIII ғасырда-ақ білген. Гредан билеушісі Абалвал Исмаил бен Ассер 1312 жылы соғыста зеңбірек оғын қолданған. 1185 жылы қыпшақ ханы Кончактың жанында оқ ататын хазар түрігі болғаны жылнамада хатталған. 1389 жылдан бастап немістер арқылы Русьтің қолына жетіп, қорғаныс қаруына айнала бас­тады (Карамзин Н.М., кн. II, том V, гл. 1, 69-70-бб.).
Орыс жылнамалары қыпшақ қауымының отқаруды пайдалануын XIII ғасырға жатқызады. Кончактың ұлы Юргийдің жасағында шамқал тұтынған мергендер болған. Әлбетте, оны өздері шығармағаны, сауда-саттық жолымен арабтардан алғаны белгілі. Еуразия жотасында отқарулар, әсіресе, зеңбіректер Литва королі Ягайло, Витовттарда болды. Батыс Еуропа шығыс шекараға қорған болу үшін оларды зеңбірек, мылтықтарымен жабдықтап отырды. Русь қарулы күштері Литва князьдігін талқандаған соң, Еуропа орыс ләшкерін өздеріне қалқан қылу үшін Россияны қаруландыруға кірісті. Сөйтіп, отқару Ресейге келді. Ноғайлы билері отқаруды қанша сұрағанмен, орыстар бермеді. Тек орыс бағытын ұстанған Ысмайылға көмектесті. Оның шамқалмен қаруланған жасағы болды. 1627 жыл­дарға жататын деректер Алтыұл ұлысында 100 қара­лы шамқалды жасақ бары аталған (Трепавлов В.В., 582-б.).
Жорыққа шыққан ноғайлылар алғашқы күндері 25 шақырымнан соң кідіріс жасап, ат шалдырып отырған. Ләшкердің аз-көптігіне қарай ені 300-1000 қадам далалықпен, бірінің ізіне бірі тізіліп, «шұбалаң құйрық» тәсілімен қозғалған. Үлкен жорықтарда сап ұзындығы 40 шақырымға дейін жетті.
Ләшкер дайындығын тексергенде сарбаздар төрт атпен екі қатар боп қолбасшының алдынан тізіліп өтті. Рулық не ұлыстық құрамалардың өз тулары болды. Сикалиевтің ауыз әдебиеті нұсқаларына сүйеніп айтуынша: негізінен ақ және сары түсті. Жайшылықта туларды бүктеп алып жүріп, шайқас алдында ғана көтерді. Туларда ұлыстардың жетекші руларының таңбасы болды. Ту ұстаушыны - тушы, байрақшы деп атады. Ноғайлыда және Қазақ хандығында қыл құйрық туларға айрықша мән берілді. Жасақ құрамында неше ру болса, сонша тұлымшақ болды. Шайқаста ту ұйымдастырушылық рөл атқарды. Ол төбелерінде желбіреп тұрғанда, ешкім де кері шегінбеді, жауға төтеп бере алмай кері лықсуға мәжбүр болғандар туға қайта оралып келетін болды. Үлкен шайқастарда дабыл, набат, керней, сырнайлар да қолданылды.
Шеру кезінде ұзын-шұбақ боп күншілік жерге созылған жасақ жау шебіне жақындағанда жаңаша сап түзеді. Ләшкердің үштен екісі қолбасшының жанына топталып, қорғанса алдырмайтын берік қамал, шабуылдаса жау шебін жарып өтер тас-түйін темір жұдырық құрады, ал үштен бірі оң және сол қанатқа бөлінді. Қанаттар бес-алты лек құрады. Өте шапшаң қозғалып, 40-50 шақырымды еркін шолып, барып-келіп тұрды. Шеп құрысымен олар құйындай домалап шапшаң қозғалды, арзуға ат шалдырған үзілістер өте қысқа.
Қажет кезде тез шегіну немесе шегіне ұрыс салу амалдары барынша жетілген еді. Орыс жылнамашылары түздіктердің бұл тактикасын «қаш­ты», «шегінді», «бет-бетіне тырағайлады» деп үстірт бағалайды. Шындығында, ол - ұсақ-тү­йегіне дейін ойластырылған соғыс тәсілі. Шегіністі алдын ала жоспарлаған жасақ тұрған жерлерінен әп-сәтте төрт тарапқа бөліне қашады, 5 шақырымнан кейін әлгілер тағы да үшке бөлінеді. 3 шақырымнан кейін әлгілер тағы да үшке ыдырайды. Сөйтіп, шай пісірімде (30 минутта) дала төсіне тарыдай шашылады. Қыр төсіне төрт-бестен тарап кеткен жасақ 40-50 шақырымнан кейін, белгілі жерде қайта бас қосады. Сөйтіп, олар соңдарында із қалдырмай жым-жылас болу тәсілін ғажап меңгерді.
(Жалғасы бар)

Дайындаған
Ғарифолла ӘНЕС

http://anatili.kz/?p=5356#more-5356

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5534