Жексенбі, 6 Қазан 2024
Рухани жаңғыру 14875 0 пікір 2 Желтоқсан, 2017 сағат 13:43

Рухани жаңғыру һәм Қазақ­стандағы 100 жаңа есім

Мемлекет басшысының «Бо­ла­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ерлердің есімін ел жадында сақтауға ықпа­лын тигізетін бір мәселе айтыл­ған-ды. Н.Назарбаев: «Ұлт мақ­танышы біздің бұрынғы өткен ба­тыр бабаларымыз, данагөй биле­ріміз бен жырауларымыз ға­на болмауға тиіс. Мен бүгінгі заман­дас­тарымыздың жетістік­терінің та­рихына да назар аударуды ұсы­намын. Бұл идеяны «Қазақ­стандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы іске асырған жөн. «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы – Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан-алуан этнос өкілдерінің тарихы» деген болатын. Президент пәрменімен қолға алынған тың жоба мәресіне жетті.

Тәуелсіз Қазақсанның жылнамасы жазылып жатқанына ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Барды бағалай білу, елге ерен еңбегімен һәм ерлігімен танылған тұлғаларды әспеттеу, олардың есімдерін халық санасына сіңіру азаттықтың ақ құсындай болып басымызға қонған бақты ұстап тұрудың бір көрінісі болса керек.

Президент күні мерекесіне орай Елбасы Н.Назарбаев жалпыхалықтық дауыс беру арқылы анықталған «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздарымен жүздесті.

Бірнеше айға созылған іріктеу мен жалпыхалықтық дауыс беру қорытындысы бойынша «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атанып, халықтың сүйіспеншілігіне және Елбасымен кездесу мәртебесіне ие болған жандардың арасында мәдениет, руханият, ғылым, спорт салаларында жарқырай көрінген адамдар, ерлігімен елдің алғысына бөленген әскерилер мен басқа да сала өкілдері, мұқтаж жандарға көмек қолын созудан аянбаған меценаттар, талай қиындықтарды еңсерген түрлі тағдыр иелері болды.

Атаулы күні олармен жүз­дескен Мемлекет басшысы:

– Қадірлі достар! Бүгінгі кез­десуге келгендеріңіз үшін, қа­тысып отырғандарыңыз үшін мен өте қуаныштымын! Мен үшін екі туған күн бар. Біріншісі, өз­деріңіз білетіндей, өз туған күнім – 6 шілде. Екінші туған күнім – 1 желтоқсан. Бұл – Қазақ елі бүкіл халық болып тұңғыш рет Қа­зақ­стан халқы Президентін сай­лаған кез. Сол сынға түсіп, тұңғыш рет 90 пайыздан астам дауысқа ие болдым. Содан бері 26 жыл өтті. Сол кезең мен қазіргі кезең екі бөлек дәуір. 26 жылда көп дүние өзгерді. 26 жыл бұрын өмірге келген бала қазір 26 жас­та ғана. Бұл еңбекке араласатын ең жақсы кезең. Бүгінде әлем алға қарыштап барады. Қазір елдер мен елдердің, халықтар мен халықтардың, адамдардың арасында бәсекелестік орнаған дәуір. Сол үшін үнемі ағысқа қарсы жүзгендей алға ұмтылу керек. Тоқтап қалсаң, толқын артқа сүйреп әкетеді. Басқа дамыған елдермен бір қатарда болғымыз келсе, біз санамызды да жаңғыртуымыз керек. Қазір елімізде жастардың дамуына бар­лық жағдай жасалған. Тың идеяларды жүзеге асырып, танылуына толық мүмкіндік бар. Тек осы сәтті ұтымды пайдалану қажет. Өйткені жалындап тұрған жас буынның уақыт көшінен қалып қоймауы өте маңызды. Сана жаңғырмаса, адам ешқандай жетістікке жетпейді, – деді.

Президент өз сөзінде латын қарпіне көшіру жобасына да тоқталып, бұл үдерістің басты мақсатын атап өтті.

– Бүгінде ғылым мен мә­де­ниетке қатысты ақпараттың 70 пайыздан астамы ағылшын тілінде таралады. Біз үш тілде білім беруге көшетінімізді жарияладық. 2020 жылға қарай мектеп бітірушілер ағылшын тілін біліп шығады. Яғни ол балалар латын әліпбиін біледі деген сөз. Жастарымыз қазірдің өзінде ағылшын тілін жақсы меңгеріп алды. Заманға сай болу, болашақтың көшіне ілесу біздің қоғам үшін керек. Латын қарпіне көшу дамып келе жатқан ортақ ақпарат әлеміне енуімізге мүмкіндік береді, – деді Елбасы.

Сонымен қатар Қазақстан Пре­зиденті «Жаңа гуманитарлық білім» және «Туған жер» жоба­ларының іске асырылу барысы туралы айтып өтті.

– Егер біз қазақ тілінің дамуы туралы айтар болсақ, ұлттың тілін жаңғыртқымыз келсе, әлем­нің үздік білімін ана тілімізде алуы­мыз керек. Экономикаға қатыс­ты іргелі еңбектерді, әлем­нің ұлы философтарының, ой­шыл­дарының кітаптарын қазақ тілінде оқуымыз керек. Классик жазушылардың шығармаларын қазақ тілінде оқи алуға мүмкіндік жасалуға тиіс. Гуманитарлық жаң­ғыруға осы кітаптарды ауда­ру­дың да ықпалы зор болады. «Жаңа гуманитарлық білім» жо­­басы аясында үздік 100 оқу­лық­ты қазақ тіліне аудару мәселесі қа­растырылған. «Туған жер» жобасы бойынша мынаны айтуға болады. Патриотизм, Отанды сүю туған отбасы мен туып-өскен өңіріңнен басталады. Біз кіші отанымыз арқылы бүкіл Қазақстанды сүйеміз. Қазір еліміздің меценаттары туған жеріне барып, ба­лабақша, мектептер мен ауруханалар салып жатыр. Жалпы алғанда, осы бағытта 720-дан астам жоба іске асты, – деді Елбасы.

Мемлекет басшысы «Қазақ­стан­ның киелі жерлерінің геогра­фиясы» жобасының халқы­мыз үшін мәні зор екенін айтып, «Жа­һандағы заманауи қазақ­стан­дық мәдениет» бағдарламасының міндеттерін атап өтті.

– Біз әлемдегі киелі жерлер мен олардың тарихы туралы жақ­сы білеміз. Ал Қазақстанда ондай жерлер жоқ па? Қазіргі кезде осындай киелі 100 орынды анық­тау жөнінде міндет қойылды. Олар туристік орынға айналатын бо­лады. Біздің мәдениетіміз бүкіл әлемге танылуға тиіс. Ал «Жа­һан­дағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы біздің мәдени байлығымызды дүние жүзіне танытуы керек, – деді ол.

Елбасы «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын іске асы­ру­дың маңыздылығына назар аударып, кездесуге қатысушыларға қо­ғам тарапынан артылған жауап­кер­шіліктің мол екенін ескертті.

– Сіздер байқаудың іріктеу турынан өттіңіздер. Дауыс беру ин­тернет арқылы жүргізілді. Сіз­дер – бірегей тұлғасыздар. Тәуел­сіздігіміз сіздерге талант­тары­ңыз­ды шыңдап, бола­шақ­қа жол салуға мүмкіндік берді. Сіз­­дер өс­келең ұрпаққа үлгі бо­ла­сыз­дар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Жалпы, есімі ел жадында болуға лайық деп ұсынылған адам­дар­дың саны 2 мыңнан асып түскен-ді. Арнайы жұмыс тобы олар­дың ішінен 300 адамды іріктеп алды. Сол 300-дің ішіндегі үздік­терін ел халқы онлайн да­уыс беру арқылы таңдады.

Үздік шық­қан жүздіктің қатарында жас ком­по­зитор, пианист, халық­аралық конкурстардың лауреаты Рахат-Би Әбдісағин де бар. Жасы 18-ден енді асқан бозбала Бах, Гайдн, Моцарттан бас­тап қазіргі классиктерге дейінгі әлем­дік классика жауһарлары жинақ­талған Дүниежүзілік қор қор­жынына туындылары енген жал­ғыз қазақстандық компо­зитор. Еуропаның, Азия мен Аме­ри­каның танымал ән­ші­лері, каме­ралық ансамбльдері мен сим­фо­ниялық оркестрлері Ра­хат-Би­дің шығармаларын орын­дайды. Елбасымен кездесу кезінде Рахат-Би Әбдісағин өзінің 13 жасында жазған туындысын пианиномен орындап берді.

Мемлекет басшысы: – Мен кешкілік Моцартты тың­дағанды ұнатамын. Енді сені де тыңдайтын боламын. Шығар­машылық табыс тілеймін, қазақ­тың атын әлемге таныта бер! – деп батасын берді.

Қазақстанды шет мемлекеттерге танытып жүрген жандардың бірі Ернұр Рысмағамбетов. Физик ғалым 11-сыныпта оқып жүріп Кембридж университетінен оқуға шақырту алған. Калифорния технология институтын, Лон­дон Колледж университетін бітір­ген, Нью-Йоркте «JP Morgan Chase» инвестициялық банкінде тағы­лым­дамадан өткен. NASA-да жұмыс істеп, ғарышқа SpaceX ұшу аппаратын жіберуге атса­лысқан қазақ баласы қазір жас ға­лымдарды дайындаумен шұғыл­данып жүр. Ернұрдың шәкірттері 5 жыл ішінде халықаралық білім сайыстарында 6 алтын, 15 күміс, 3 қола медаль жеңіп алғанын ес­кер­сек, жұмысы жемісті деуге болады.

– Мен қоғамға бұдан да зор үлес қосқым келеді. 2009 жылдан бастап мектеп оқушыларын физика пәні бойынша дүниежүзілік олимпиадаларға дайындай баста­дым. Мексикаға барып 2 ал­тын медаль, Тайландтан 3 алтын медаль алдық. Біздің еліміз әлемнің ең үздік 10 мемлекетінің қатарынан көрінді. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасында жолым болып, Елбасы Н.Назарбаевпен кездесу мәртебесін иеленгенім үшін қуаныштымын,– деді Ернұр Рысмағамбетов.

Тағдырдың соққысына мойы­май, бойына біткен дарынын ұштап жүрген дара тұлғалардың бірі – Саида Қалықова. 9 жасында көру қабілетінен айырылса да, өмір мен өнерге деген құлшынысы алға жетелеген Саида бүгінде Астана қаласы мемлекеттік академиялық филармониясының солисі, бірқатар музыкалық шығармалардың авторы. Бұған дейін халықаралық байқауларда лауреат атанған. Осы кеште сахнаға көтерілген Саида Елбасы мен қатысушыларға арнап өзінің шығармасын орындап берді. Қайсар қызға тәнті болып, өнеріне қол соққан Елбасы: – Рахмет, Саида. Осы жо­лың­­нан айныма. Сен қанша адам­­дарға, жастарға үлгі-өнеге бола­сың, адамның мүмкіндігі шексіз еке­нін көрсетесің. Бақытты бол. Ұзақ ғұмыр тілеймін. Әлі талай шы­ғар­маларды дүниеге әкеліп, бізді қуан­татыныңа сенімдімін! – деді.

«Амазон», «Гугл», «Майк­расофт» сынды алып компанияларда жұмыс істейтін жас­тар да осы кешке қатысу мүмкін­дігін алды. Бірнеше стартап жо­ба­лар­дың авторы, жас өнертапқыш Сан­жар Мырзағалым елімізді бә­секеге қабілетті елдердің сана­тына қосуға сүбелі үлес қосып жүр­ген азамат десек артық айтпаймыз. Бүгінде жасы 23-тен енді асқан бозбала Елбасының алдында сөйлеген сөзінде:

– Мен біздің тарихымызды, жо­лы­мызды әйгілі Стив Джо­б­с­тың тарихына ұқсатамын. Стив Джобс өзінің стартап идеясын жүзеге асыруды гаражда бастаса, біз өзіміздікін университеттің  жертөлесінде бастадық. Осыдан үш жыл бұрын «Экосоки» деп аталатын электр қуатын үнем­дейтін интеллектуалды жүйені ойлап таптық. Жалпы Қазақ­станда электр қуатын дұрыс қол­данатын болсақ, онда 5 млрд киловатт сағатқа жуық үнемдеуге мүмкіндік алар едік. Ал бұл 70 млрд теңге тұтынушының қалтасында қалады деген сөз. Сонымен қатар ол экологияға да жақсы әсерін тигізеді, – деді.

Ғалым, Назарбаев Универ­си­тетінің оқытушысы, биология магистрі, Халықаралық қатер­лі ісікке қарсы күрес ұйымы гранты­ның иегері Зарина Сауытбаева рак жасушаларының дамуын, қа­тер­лі ісіктің диагностикасын, оған қарсы күрес жолдарын терең зерт­теп жүрген жандардың бірі. Ман­честер университетін бітіріп, Базель, Бостон қалаларындағы ме­ди­ци­на мектептерінде тағылым­да­мадан өткен ол бүгінде студент­терді бәсекеге қабілетті маман, өз саласының білгірі ретінде қа­лып­тастыруға еңбегін сіңіруде. Зарина Сауытбаева онкология саласындағы жетістіктері туралы:

– Оқу барысында біздің зерттеу тобымыз қатерлі ісіктің пайда болуына әкеліп соқтыратын ақуыз түрін анықтады. Дипломды осы тақырып төңірегінде қорғадым. Кезекті демалыс кезінде Қоста­най­дағы онкологиялық диспансерде тәжірибе жинақтадым. Ол оңай болған жоқ, талай ұй­қысыз түндерді өткіздік, кейбір тәжі­рибеміздің нәтижесі сәтсіз болды. Бірақ соған қарамастан алған бағытымыздан айныған жоқпыз. Себебі дәл қазір орындалмаған нәрсе ертең жүзеге асуы мүмкін екенін біз түсіндік, – дейді ол.

Жас ғалымның әңгімесін тың­даған Мемлекет басшысы:

– Қазір онкологиялық аурулар мәселесін әлем ғалымдары шешуге тырысып жатыр. Мен медицина саласын үнемі бақылап отырамын. Оған көп қаржы бөлініп, ға­лым­дарымыз осы жұмыспен шұғыл­дануда. Мамандар 2040 жылға дейін қатерлі ісікті емдеп жазатын дәрі ойлап табуға уәде етті, ал Қа­зақстанда оны бар­лы­ғы­нан бұрын шешу мүмкіндігі туып отыр. Қазір менің тапсырмам­мен арнайы онкологиялық орталық құ­ры­луда. Меніңше, сен осы орта­лық­тың басшысы болуға лайық­сың, – деп жігерлендіре сөйледі.

Ұлы істер ұмытылмауға тиіс. Халықтың ыстық ықыласына, таңдауына ие болған 100 есім елдің есінде қалуға әбден лайық екені анық. Елбасы жобаның бірнеше қатысушысының жеткен жетістігімен танысып, қазақ­стан­дықтардың тұлғалық тұрғыдан да­муына ықпал ететінін атап көр­сетті. Оларға жылы лебізін біл­ді­ріп, баршасына жар­қын болашақ тіледі.

Алқалы басқосу соңында Нұрсұлтан Назарбаев:

– Сіздер бүгінгі тәуелсіз Қазақ­станның келбетісіздер. Еліміз­ді жарқын болашаққа бастай­тын жастардың алдыңғы шебінде сіз­дер тұрсыздар! Бүгінгі кездесу­ге қатысқаным үшін мен өте қуа­ныш­тымын. Сіздердің әрқайсы­сыңыз туралы фильм түсіріп, кітап жазуға болады. Адамдар одан шабыт алады. Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын. Жастарымыз мақсат-мұратқа жету үшін үнемі алға ұмтылуға тиіс, – деп сөзін түйіндеді.

Ілияс Ақбай

Abai.kz

0 пікір