Бекен Қайратұлы. Қазақ жерін отарлау қалай жүргізілді?
ХІХ ғасырдың басында Ресейде егіндікке жарайтын 140 млн. десятина жер болды. Соның 70 миллионын 30 мың помещик өзара иеленіп алды. Ал, қалған 70 млн. десятина жер ондаған млн. мұжық-шаруаға жетпеді. Мұжықтар бұған наразылық танытып, помещиктерді өлтіріп, бүлік көтеруге дейін барды. Ресей үкіметі бұдан құтылатын жалғыз жол: қазақтың жерін тартып алып, орыс шаруаларына бөліп беріп, қоныстандыру қажет деп тапты.
Осыны жүзеге асыру үшін орыс патшасы әуелі, қазақ даласына халықты қырып-жоятын казак атты әскерлерін жіберді. Н.Г.Путинцев деген есаул құрастырған «Хронологический перечень событии из истории Сибирского казачьего войска» (Омск, 1891г.) атты кітапта: «жаңа жерді жаулап алу о баста-ақ казактардың (казачествоның) құзырына тиген еді»,-дейді.
ХІХ ғасырдың басында Ресейде егіндікке жарайтын 140 млн. десятина жер болды. Соның 70 миллионын 30 мың помещик өзара иеленіп алды. Ал, қалған 70 млн. десятина жер ондаған млн. мұжық-шаруаға жетпеді. Мұжықтар бұған наразылық танытып, помещиктерді өлтіріп, бүлік көтеруге дейін барды. Ресей үкіметі бұдан құтылатын жалғыз жол: қазақтың жерін тартып алып, орыс шаруаларына бөліп беріп, қоныстандыру қажет деп тапты.
Осыны жүзеге асыру үшін орыс патшасы әуелі, қазақ даласына халықты қырып-жоятын казак атты әскерлерін жіберді. Н.Г.Путинцев деген есаул құрастырған «Хронологический перечень событии из истории Сибирского казачьего войска» (Омск, 1891г.) атты кітапта: «жаңа жерді жаулап алу о баста-ақ казактардың (казачествоның) құзырына тиген еді»,-дейді.
Ақ патша күллі Ресей бойынша құрылған 11 казак атты әскер шебінің (линия) 4-ін қазақтың жеріне бағыттап аттандырды. Оларға «далада малын бағып, күнін көріп жүрген қазақтардың жерін күшпен иеленіп алыңдар!» деген бұйрық берілді. Бұл басқыншылар бірнеше айдың ішінде- ақ қазақтың 11 610 484 десятина шұрайлы жерін қолма-қол иемденіп алды. Нақтырақ айтқанда: Сібір казак әскері 5 млн. десятина, Орал казак әскері - 6 млн. десятина, Жетісу казак әскері - 610 484 десятина жерді бауырына басты. (С. Асфендияров. «История Казахстана», Алматы, 1993, с.187). Ресейлік отарлау ісін зерттеуші маман М.А.Терентьев 1906 жылы жарық көрген еңбегінде, жергілікті халықтың жерін тартып алған казактар оны немқұрайлы пайдаланып, орман-тоғайын жоқ етті де, келесі жақсы жерді тартып алып отырды, дейді. (М.Қойгелдиев. «Алаш қозғалысы», Алматы, 1995, 27-бет)
Бұл қазақ жерін отарлаудың бірінші тәсілі. Екінші тәсіл - Ресейдің ішкі өлкелерінен қазақ даласына кедей шаруаларды көптеп қоныстандыру жұмысы қолға алынды. Мемлекет қоныстанушыларға түрлі жеңілдіктер беріп, артықшылықтар жасап отырды. Мәселен, 1869 жылы Түркістан генерал-губернаторы К.Ф. фон Кауфман осы өңірге келген келімсектердің жағдайын жақсартуды көздеген өлкелік Ереже қабылдады. Атап айтқанда: әрбір қоныс аударушы ер адам басына егіншілікке қолайлы 15 десятинадан жер бөліп беру; 15 жылға дейін алым- салықтан босату; мұқтаж отбасыларға 100 сомға дейін қарыз бөлу..., т.б.
Осы сияқты қара шекпенділерді орналастыру ісі 1874 жылы Ақмола облысында да жаңа Ережемен бекітілді. Онда әрбір көшіп келушіге 18 десятинадан кем емес, 30 десятинаға дейін құнарлы жер беру; бөлінген учаскілерге жергілікті қазақтар егін егіп, мал жаюына тыйым салу; жер игеріп, шаруашылық жүргізген мұжықтарды артықшылықтарға ие ету; 10 жылға дейін түрлі алым-салықтан босату..., т.б. (М.Қойгелдиев «Алаш қозғалысы», Алматы, 1995, 29-30 беттер)Осылай жаппай қоныстану кең етек алғаннан кейін патшалық Ресей билігі күллі қазақ жерін толық иемдену мақсатында 1891 жылы 25 нау-рызда: «Ақмола, Семей, Жетісу, Орал және Торғай облыстарын басқару туралы» жаңа Ережені бекітті. Аталмыш құжаттың 119- бабында: «Көшпенділер (қазақтар) орналасқан жерлер, сол жерлердің бар байлығы, соның ішінде орман-тоғайы да мемлекет меншігі болып саналады» делінді. Бұл құжат қабылданғаннан кейін қазақ халқы заң жүзінде ХІХ ғасырдың аяғында жерінен толық айырылды. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттің меншігіне өткен жерді кімге береді, үкіметтің өзі біледі. Онымен қоймай, жоғарыдағы Ереженің 120-бабының қосымшасында: «көшпенділердің артық жерлері Мүлік министрлігіне өтсін» делінген.
Жаңа Ереже күшіне енгеннен кейін қоныс аударушылар үшін арнайы жер қорын белгілеу мақсатында (қазақтардан тартып алып) 1895 жылы үлкен экспедиция құрылды. Оны Ф.А.Щербина басқарды. Аталмыш экспедиция 1896-1899 жылдары Торғай, Ақмола, Семей облыстарының жерін аралап 22 592 000 десятина жерді басы артық деп тапқан. Нәтижесінде, Ішкі істер министрлігі жанынан «Переселенческое управление» (Қоныс аудару басқармасы) құрылып, қазақ даласына қарай аш-жалаңаш, сақалын сүйреткен славян тұқымдастарды суша ағызды. Нәтижесінде, 1893 жылдан 1903 жылдар аралығында қазақтардан 4 млн. десятина жер тартып алынды. 1906-1912 жылдары 17 млн. десятина жер орыс шаруаларына иелік етуге берілді. Ресей үкіметі шаруаларға агрономиялық көмек деген желеумен 1908-1909 жылдары 550 мың сом қаржы бөліп, қоныстанушылардың орнығып отыруына барлық жағдайды жасады.
Отарлық қоныстандыру басқармасының ерекше тапсырмалар бойынша шенеунігі С.Н.Велецкий «жергілікті түземдіктерге (қазақтар) деген адами жанашырлық болмауы тиіс және аяусыз жаныштап, күш қолдану қажет» деп ашық мәлімдесе, (ҚР. ОМА, 19-қ., 1-т, 41-іс, 21-п.) патшаның құпия кеңесшісі, сыртқы істер министрі болған Нессельрод патшаға жасаған мәлімдемесінде: «Шекаралық шепті ішке қарай жылжыту арқылы егін егетін жердің көлемін барынша ұлғайтуға болады. Ол үшін осы арада көшіп жүрген қазақтарды жоқ қылу қажет» деп ұсыныс жасайды.
Қысқасы, кең көсіліп жатқан қазақ даласын заңсыз нормалап, баса көктеп иеленіп алған отарлаушылар бұрын-соңды болмаған қарқынмен талауға кірісті. Профессор С.П.Швецовтың мәліметіне сүйенсек, жоғарыдағы Щербина экспедициясы 4,4 млн десятина қазақ жерін бөліп алып, орыстарды қоныстандыру қажет деп тапқан. Атап айтқанда, 1870-1905 жылдар аралығында сырттан келетін 169 603 адамға арнап жаңа қоныс даярланса, 1906-1909 жылдары бұл сан 197 232- ге жеткен. Тек Жетісу өңірінде жаңадан пайда болған орыс селолары 1900-шы жылдардың басында-ақ 100-ден асып кеткен. Дала генерал- губернаторы Шмит 1910 жылы орталық үкіметке жолдаған ресми хатында: «Соңғы 16 жылда қазақ жеріне қоныстанған орыстардың саны 15 есе өсті» деп мақтанышпен баяндайды. (М.Қойгелдиев, «Алаш қозғалысы», Алматы, 1995 ж. 45-бет)
Жерімізді баса көктеп отарлаудың нәтижесінде, жергілікті қазақ халқының саны күрт азайды. Тарих ғылымының докторы Марат Мұқанов өзінің зерттеу еңбегінде: «Жайылымдықтарынан айырылып, өз жерлерін дауласып қайтара алмаған қазақтардың ендігі тіршілігін көзге елестетіп көріңізші. Еңбекші қазақ осылай азап тауқыметін тартып, көптеген қазақ қауымдары Сібірге, Қытай мен Моңғолияға, Орта Азияға көшіп кетті» деп жазады. (М.Мұқанов, «Қазақ жерінің тарихы» Атамұра-Қазақстан, Алматы, 1994 ж. 73-б).
Орыстардың қыспағынан шекаралық аймақтарда орналасқан қазақтар туған жерін тас- тап шетелдерге көшуге мәжбүр болды. 1905-1916 жылдар аралығында қазақтың саны 12,9 пайызға кеміп кетті. Ал керісінше жаңадан көшіп келген орыс шаруаларының үлесі 23,1 пайызға өсіпті. Нақтырақ айтқанда: ХІХ ғасырдың соңында-ақ Ақмола облысында өмір сүрген қазақтар саны 62,6 пайыздан 40,9 пайызға, Семей облысындағылар 92 пайыздан 76,9 пайызға, Торғайда 81,3 пайыздан 62,4 пайызға, Жетісу өңірінде 92,9 пайыздан 80,3 пайызға құлдырап кеткен. Бұл көрсеткіш өткен ғасырдың аяғында 32 пайызға жетіп тынды. 1990-шы жылдардың басында Канадада жарық көрген «Әлем қалалары» атты кітапта: «Алматы дейтін қалада 83,5 пайыз орыс ұлты тұрады, қалғаны басқа халықтар» деп жазғанын білеміз.
* * *
Отарлаушылар ең алдымен отарлап алған жер атауларын өзгертуді қолға алды. Осы мақсатты көздеген «Түркістан ведомствосы» басылымы 1899 жылғы бір санында: «Қазақтардан тартып алынған жерлердің байырғы атауын өзгертіп, орысша ат қою керек. Жергілікті халықтың (қазақтардың) орыстарға сіңісіп кетуіне мұның ықпалы зор» деп жазған екен. (М.Мырзахметов, «Қазақ қалай орыстандырылды», Алматы, 72-бет).
Патша ағзам отарланған жерлерге Романовтар династиясына қызмет еткен кінәздер мен отарлауды іске асырған әскери қолбасшылардың есімі берілсін деп тапсырды. Мысалы: Алматы бекінісінің алғашқы аты Омбы генерал-губернаторы Гасфорттың қызы Вераның құрметіне «Верина» деп аталып, 1867 жылы «Верный» деп өзгертілген. Қазақтар Кереку атап кеткен қалашықты, 1861 жылы ген-губ Госфорд ІІ Александр патшаның баласы Павелдің бір жасқа толу құрметіне орай «Павладор» (Павелге сый) деп өзгертті. Апостол Петр мен Павелдің құрметіне орай Қызылжар өңіріне салынған бекініске «Петропавловск» деп ат берді. Осындай отарлаудың белгісі болған елді мекендер қазіргі таңда білдей-білдей екі облыстың орталығы атанып, мызғымай тұруы өте өкінішті жағдай һәм бұл құлдықтың қара бұғауы әлі де қазақтың мойнынан түспегендігіне дәлел.
* * *
Осындай қиын-қыстау заманда жерінен айырылған халық отарлауышыларға наразылық білдіріп, толқулар пайда болды. Отарлау ісінің бел ортасында жүрген генерал-губернатор Куропаткин жеке күнделігінде: «Жетісу өңіріндегі 1916 жылғы қазақтардың көтерілісіне себеп болған басты оқиға - майдан шебіне азамат алу емес, жерлерін тартып алғандықтан болды», - деп ашық мойындаған. Өлкетанушы марқұм Баянбай Хұсайынұлы «Есіл өңірі: тарих және тағылым» атты жазбасында: 1916 жылғы көтеріліс кезінде көтерілісшілердің бетін қайтару үшін Ресей үкіметі переселендердің ішінен 32 адамды қаруландырып, қазақтарға қарсы айдап салғаны айтылады.
Оңтүстік өңірде өмір сүрген Мәди Меркішұлы (1868-1924) дейтін ақын:
Көшпенді ел қазаққа жер жоқ десіп,
Қазақ жерін мұжыққа берді кесіп.
Шариғатсыз, низамсыз зорлықпенен,
Ауыр жүкті мойынға ілді тесіп.
Переселение деген мекеме бар,
Қазаққа бара жатыр қорлығы өтіп... - десе, қазақ ұлтшылы Міржақып Дулатов «Қазақтың жерлері» атты өлеңінде:
Кір жуып, кіндік кескен қайран жерлер,
Мұжыққа, қош аман бол, барасың ба?
Қасиетті бабамыздың зираты,
Қалды ғой көшесінің арасында.
Моншаға зираттың тасын алып,
Ағашын отқа, мұжық, жағасың да.
Таба алмай бір барғанда еш белгісін,
Көзден жас көлдей болып ағасың да, - деп жырлапты.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы 1913 жылы жазған «Қазақ жерін алу турасындағы низам» атты еңбегінде: «Жолсыз істерден жәбір көріп, әуре болып жүрген қазақтар көп. Қыстау салған жерінен айырылып, қыстайтұғын жаңа жерді общества бермей, жер алып беріп орналастыруға міндетті мекемелер оған қабырғасы қайысып қайғырмай отыр. Шөп шабуға, мал жайуға, егін салуға орын таппай сандалып жүрген қазақтарды көз көріп тұр» дейді. Ал, Алаш қайраткері Барлыбек Сыртанов Жетісу өлкесінде жерді келімсектердің талан-таражға салып жатқан қимыл-әрекетін тоқтату үшін 1910 жылы қазан айының 21 жұлдызында Ұзынағашта облыс қазақтарын жинап, арнайы кеңес өткізіп: «Қарашекпенділер күннен күнге біздің жерімізге қоныстануда, халіміз ауырлап барады, күн көру қиынға соғып тұр, жақсы жердің бәрі қарашекпенділердің меншігіне өтті, жұртынан айырылған байғұс қазақ тақыр жерге қуылды. Ауыз ашпай жатуға енді болмас. Ояну қажет, кір жуып, кіндік кескен, аталарымыздан қалған жерімізді сақтап қалу басты міндетіміз. Қарашекпенділердің келуін тоқтату үшін бүтін қазақ болып бас қосу қажет" деп ашына баяндайды. (Б. Сыртанов. "Жерді қорғау", Барлыбек Сыртановтың мұрағаты, 1-том, 13-бет). Сол сияқты М.Тынышпаев Ресей үкіметінің отарлау саясатын, біріншіден, жабайы және тағылық қуғын -сүргіндер; қазақ тілін, әдет-ғұрыпты қыспаққа алу; қазақтарды дербес ұлт ретінде жойып, құқықсыз, қауқарсыз, заңсыз тобырға айналдыру; халықтың қаны төгіліп, сүйегі шашылған ата қоныс жерлерінен айыру... деп айыптады.
Ойымызды қорытындылап айтар болсақ, патша үкіметі Ресейдегі жер шиеленісін қазақ жеріне орыс мұжықтарын қоныстандыру арқылы шешті. Олар көшіп келген орыс шаруаларын мемлекеттің әлеуметтік-саяси тірегіне айналдыру арқылы Орта Азияға плацдарм ашты; қазақтың жер байлығын тонап, елді шикізат көзіне айналдырды; орыстардың санын арттыру арқылы жергілікті халықты мәңгүрттендірді; сөйтіп, қазақ елін Ресейдің түпкілікті отарына айналдыру мақсатын көздеді.
Бұл саяси отаршылық көзқарас Кеңес Одағы орнағаннан кейін де толастаған жоқ. 1917 жылы Алаш Автономиясы жарияланғанда құрамында болған Алтай өлкесін 1920 жылы ҚазАССР- дің құрамынан бөліп тастады. Одан кейін де кеңестік отарлаушылар 1924 жылы Орынбор өлкесін, 1929 жылы Қарақалпақ Республикасын Қазақиядан бөліп алып, алғашқысын Ресейге, соңғысын Өзбекстанға қосып берді. 1955 жылдың 12 қарашасында Н.Хрущев қол қойған СОКП ОК Президиумының қаулысымен Бостандық және Мырзашөл аудандары Өзбекстанға өтті. 1965 жылы тағы да Қостанай облысының 1833 гектар аса шұрайлы жерін РСФСР-дің Челябі облысына қосты. Кешікпей Маңғыстау түбегін Түркіменстанға қосуды жос-парлап жатты. Бірақ, бұл қиянат Бас хатшы Хрущевтің тақтан түсіп қалуына байланысты іске аспады.
Осылай Кеңес кезінде де қазақ жерін жырымдаудың сан түрлі айла-тәсілі жасалды. Сол замандардан шешілмей қалып, тәуелсіз Қазақстанға мұра боп жеткен шекаралық аймақтардағы жер дауының әсерінен соңғы жылдардың өзінде біршама территориядан айырылдық. Атап айтқанда, 1994 жылдың сәуір айында Қытайға аумағы 946 шаршы шақырымдық жерді бере салдық. 1997 жылы тағы да (Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарынан) шамамен 530 шаршы шақырым территория Қытайға өтті. 2002 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы жерінің бір бөлігін, Түркістан ауылын қосып, Өзбекстанға бердік...
Қазіргі таңда Жаратқан Иеміз ендігі қалған жерімізді ұрпағымызға бұйыртсын деп, жалбарынып отырған жайымыз бар?!
«namys.kz» cайты