Сәрсенбі, 27 Қараша 2024
Жаңалықтар 3752 0 пікір 20 Желтоқсан, 2010 сағат 06:53

«Желтоқсан» кітаптары

Автор: Талғат АЙТБАЙҰЛЫ, «Алматы 1986 Желтоқсан» айғақ-кiтаптарының құрастырушы-авторы, публицист-жазушы

Қазақ - мiнездi халық. Өте көнбiс, кеңқолтық, қонақжай. Барын мейманына бередi, төрiне оздырады. Сөйтiп, кейде өзi қиянат көредi. Содан мәселе әбден асқынып, төзгiсiз жағдайға келгенде бiр-ақ жарылады.

1986 жылы желтоқсанда Алматыда басталған үлкен дүмпуге горбачевшiл орталық жай бiр оқиға деп баға бердi. Бiрақ оның күллi сипаттары көтерiлiс деген ұғымға сәйкес келетiнiн зерттеушi-ғалымдар, қоғам қайраткерлерi мен қаламгерлер, он жылдығы кезiнде, Ғылым академиясында өткiзiлген ғылыми конференцияда жан-жақты дәлелдедi.

Автор: Талғат АЙТБАЙҰЛЫ, «Алматы 1986 Желтоқсан» айғақ-кiтаптарының құрастырушы-авторы, публицист-жазушы

Қазақ - мiнездi халық. Өте көнбiс, кеңқолтық, қонақжай. Барын мейманына бередi, төрiне оздырады. Сөйтiп, кейде өзi қиянат көредi. Содан мәселе әбден асқынып, төзгiсiз жағдайға келгенде бiр-ақ жарылады.

1986 жылы желтоқсанда Алматыда басталған үлкен дүмпуге горбачевшiл орталық жай бiр оқиға деп баға бердi. Бiрақ оның күллi сипаттары көтерiлiс деген ұғымға сәйкес келетiнiн зерттеушi-ғалымдар, қоғам қайраткерлерi мен қаламгерлер, он жылдығы кезiнде, Ғылым академиясында өткiзiлген ғылыми конференцияда жан-жақты дәлелдедi.

ХХ ғасырдағы тарихи мәнi зор үлкен оқиғаға - көтерiлiс, - деп баға бердi.
Көтерiлiстi ә дегеннен-ақ Орталық басқаша сипаттауға жанықты. Оған қатысқандардың бәрi «iшкiш», «бұзақылар», «нашақорлар» - дедi. Ұрды, соқты, соттады, аямай жазалады. Есепке алғысыз адамдар ретiнде қарады. Өкiнiштiсi, сол түсiнiк әлi күнге дейiн түзеле қоймаған секiлдi. Қанша адам қатысқаны, қаншауы өлiп, қаншасы үштi-күйлi жоғалғаны жұмбақ қалпы, жалғасып келедi...
Әрине, өкiнiштi!..
Желтоқсан­ның жолы ауыр болды. Ақиқатын айттырмады. Тiптi КПСС Орталық Комитетi «қазақ ұлтшылдығы» туралы арнайы қаулы қабылдады. Тұтастай бiр ұлтты өстiп масқаралаудан өткен қорлық бола ма? Бiрақ, уақыт, тарих қашан да әдiл таразы ғой. Бәрi-бәрiн өз орнына қояды. Халқымыздың қайраткер азаматы, әйгiлi ақыны Мұхтар Шаханов басқарған Қазақ ССР Жоғарғы Советi Президиумының Алматы қаласында 1986 жылғы желтоқсанның 17-18-iнде болған оқиғаларға байланысты жағдайларға түпкiлiктi баға беру жөнiндегi Комиссиясының жұмысынан кейiн сең қозғалды. Жинақталған материалдар негiзiнде жазылған мақала, сұхбаттар қазақ, орыс тiлдерiндегi мерзiмдiк басылымдарда жарық көре бастады. Сол күнгi көтерiлiстiң ащы ақиқаты айтылған «Комсомольская правда», «Лениншiл жас», «Қазақ әдебиетi», «Ленинская смена» және басқа да газеттер қолдан-қолға өттi. Ел көздерiне жас алып оқыды. Артынан iздеушiлер, сұраушылар көбейдi. Мiне, осы тұста маған сол материалдарды жинақтап, кiтап етiп шығару туралы ой келдi. Қалай дегенде де, кiтаптың аты - кiтап қой.
Қазiр ақшаң болса, кiтап шығару түк емес. «Ол нендей кiтап, iшiнде не бар?» - деп қас қақпай қадағалайтын, әрбiр сөзiн аңдитын лито жоқ. Ал ол кезде, көтерiлiске қатысты қай мақала да зордың күшiмен, әрең жарық көретiн заманда, кiтап шығару ешкiмнiң ойы түгiлi түсiне кiрмеген шығар. Қағазды қайдан аларсың? Қандай кiтапқа деп сұрарсың?..
Мiне, осы кезде өзiмiз қызмет ететiн Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы «Аударма» алқасының төрағасы Ғаббас Қабышұлы ерлiкке барабар тiрлiк жасады. Ойымызды құптап қана қойған жоқ, қолұшын бердi. Кiтапқа «Алматы 1986 Желтоқсан» деп ат қойған да сол кiсiнiң өзi. «Орыстардың да қолына жетсiн. Әйтпесе олардың iшiнде желтоқсан оқиғасы жөнiнде терiс ойда жүргендер аз емес. Кiтаптың қазақ тiлiндегi нұсқасы қалай болса, орыс тiлiндегi басылымы да дәл солай болсын», - дедi. «Бұл ойдан шығарылатын шығарма емес, шерлi шежiре. Книга-хроника. Айғақ-кiтап дейiк», - деп ойымызға ой қосты алқа қызметкерi, ақын Жарасқан Әбдiрәшев.
Не керек, бұрын көп жылдар «Жазушы» баспасында заңгер болып қызмет еткен, баспа iсiнен хабары мол Тойболды Зейнәбiлов екеумiз «Жалын» журналы редакциясына бардық. Мұхтар ағамыз КСРО Жоғарғы Кеңесiнiң депутаты. Алды мұң-зарын айтып келушi желтоқсаншылардан бiр босамайды. Бiздi де қабылдады. Ойымызды естiдi. «Мыналарың өте оңды шаруа екен. Алайда мен қандай материал беремiн, соны ғана енгiзесiңдер, әйтпесе рұқсат етпеймiн», - дедi айтарын қысқа қайырып. Айтқанын жасадық. Он баспа табақ көлемдегi материалды құрастырып, 1990 жылдың аяққы күндерiнiң бiрiнде алдына әкелдiк.
Иә, кiтап құрастыруға онша қинала қойған жоқпыз. Ең ауыр тигенi қағаз бен қаржы мәселесi болды. Басымыз қатты. Сол тұста Едiлжан Құлсартов туралы естiдiк. Ол «ЦентрКредит­Банктiң» төрағасы болатын. «Азамат дейдi ғой, бiзге де бiр азаматтығын жасар. Несиеге ақша бергiзсе, оны сөзiмiзде тұрып қайтарармыз. Не де болса, тәуекел етейiк» деп, Тойболды ағаны ертiп қабылдауына бардым.
- Ниеттерiңiздi қуана құптаймын. Сұраған 200 мың сом ақшаны елге ұсынатын өсiммен бергiзейiн. Бiрақ оны ұзақ мерзiмге емес, алты айға ғана есептеймiз. Өйткенi бiзге де қойылатын талап солай. Өтiнiшiм, қаржыны кiтап басылып бiткен кезде ғана, қажет мөлшерде босатамыз. Сонда қайтарылатын өсiм алынған ақша бойынша есептеледi, - дедi шынайы жанашырлық көрсетiп.
«Ал, Тойаға (Тойболды Зейнәбiловтi солай құрметтеушi едiм), айғақ-кiтабымыздың қазақшасының материалдары дайын, орыс тiлiне Нәрбiн Кенжеғұлова аударып жатыр. Құдай қаласа, ол да бiрер айда басуға әзiр болады. Ендi оған керектi қағазды қайдан аламыз?» - дедiм сыртқа шыққан­нан  кейiн. «Мен түстен соң, бiр кiсiге жолығып келемiн. Өткенде «Әлем» альманағын шығарамыз деп министрлiкке де, республикалық Жоспарлау комитетiнiң басшысына да хат жазған едiк. Бiр жөнi болар, саспа, бала», - дедi. Ол кiсi мұндай нәрселерге жетiк едi. Келесi күнi Ғаббас ағаның алдына барып, «бiздегiлер ауыздарын қу шөппен сүртiп, жолатқылары келмейдi. Сол себептi Талғат екеумiздi Мәскеуге жолсапарға жiберiңiз. Кеше КСРО Жоспарлау комитетiнiң қағаз бөлiмiнiң бiр кiсiсiмен телефон арқылы сөйлесiп, жағдайымызды айттым. Келiңдер, сөйлесейiк дедi. Бiзге газет қағазы жарайды ғой, Ғабеке», - деп отырған үстiнен шықтым. «Онда, - деп жүзiмiзге бiр қарап алды бастығымыз, - жаңа жылдан кейiн барыңдар. Поезбен уақыт жоғалтпай, ұшып барып-қайтудың қамына кiрiсiңдер. Керек десеңдер, Жазушылар одағының басшысының атынан да хат бергiзейiн».
Сонымен, 1991 жылдың 8 қаңтары күнi Мәскеуде болдық. Ертеңiнде Жоспарлау комитетiне бардық. Алматының әуес дәмi ғой деп бiр сөмке апорт алмасы мен екi шыны «Қазақстан» коньягын ала барған едiк. Мәскеуге келсеңдершi, сөйлесейiк деген Николай Николаевич Николаев Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер екен. Зейнеткерлiк демалысқа шығуына екi-ақ ай қалыпты. Жүзi сондай жылы көрiндi. Тойаға сөзге бар адам, «Аударма» алқасы жаңадан құрылған мекеме екенiн, ашылған аз уақыттың iшiнде әлем әдебиетiнен де, орыс қаламгерлерiнен де көптеген кiтаптарды аударумен айналысқанын, ендi соларды насихаттау үшiн қазақ, орыс тiлдерiнде «Әлем», «Алем» дейтiн альманах шығаруға қағаз таба алмай отырғанын майын тамызып жеткiздi. Сөзiнiң арасында газет қағазы да жарайтынын айтқанда:
- Ал ендi қанша қағаз керек дейсiңдер? - дедi ол кiсi.
- Елу тонна жетiп қалар.
- Көп емес пе?
- Одан да көбiрек сұрауға батпай тұрмыз, егер мүмкiндiк болып жатса... - деп күлдi Тойаға.
- Мен соны алып бере алсам, қуаныңдар, - дедi де, телефон құлағын көтерiп Алматыдағы қажеттi нөмерiн тере бастады. Республикалық Жоспарлау комитетiнiң қағазбен айналысатын бөлiмiнiң жауапты адамымен байланысқан болу керек. Жағдайымызды айта келе, «Аударма» алқасына 50 тонна газет қағазын босатыңдар дедi. Мәскеу босат деп жатса, болмайды дей ме? Бiз де мәзбiз. Тойағаның қатты разы болғаны сондай, жанында тұрған үлкен сөмкедегi исi мұрын жара аңқыған апортты торқалтасымен көтерiп үстелге шығарды. Сол-ақ екен, Николай Николаевичтiң түрi бұзылып:
- Әй, достар, мен ендi екi айдан кейiн зейнеткерлiкке шығамын. Бiрақ дәл осы күнге дейiн бiреуден бiрдеңе алған емеспiн. Егер мыналарыңды тағы да тықпалайтын болсаңдар, онда әлгi қағаздың бiр грамын да бергiзбеймiн, - дедi.
- Жарайды, Николай Николаевич. Еш болмаса, осыдан екi-үшеуiн ғана алыңызшы, Алматының алмасы ғой, - деп Тойболды аға сөмкесiнiң аузын жабарын да, жаппасын да бiлмей бiр сәт кiдiрiп қалды.
- Жарайды, дәмiн тату үшiн екi-үшеуiн үстелiме қойыңдар. Ал қағаздарыңды Алматыға оралысымен, кешiктiрмей респу­бликалық Жоспарлар комитетiнiң қағаз бөлiмiне барып бiлесiңдер. Бiр проблемалар болып жатса, жалтақтамай бiрден өзiме телефонмен хабарласыңдар, - дедi.
Бiзге сол қағаздың отыз бес тоннасы ғана бұйырды. Қалғаны қайда, неге олай болды деп сұрамадық та. Себебi, алдымызда айғақ-кiтаптарды қалай шығарамыз деген сауал тұрды. «Аударма» алқасы баспа ретiнде тiркеуден өтпеген. Бiрлесiп шығарайық деген ұсыныспен баспалардың бiразына бас сұқтық. Алайда шығаратын кiтабымыздың атын естiсiмен-ақ басшыларының бәрi де ат-тондарын алып қашты. Осы кезде Ерiк Нуршин «менiң баспамның белгiсiн мұқабаға шығарып бассаңдар, онда мен келiсемiн» деп өзi ыңғай бiлдiрдi.
Қазiргi уақытта кiтап шығару жеңiлдедi. Ол уақытта қолжазба баспаханада айлап-жылдап кезек күтетiн. Сыртында «Аударма» алқасы мен «Алтын орда» баспасының белгi таңбасы (грифi) қатар берiлген «Алматы 1986 Желтоқсан» айғақ-кiтаптарының бiрiншi томдары әне-мiне жарық көредi деп жүрген күндердiң бiрiнде Мәскеуде Тамыз төңкерiсi бұрқ ете түстi. Елдi үрей биледi. Бiзден де маза кеттi. Мұхтар ағаға барсақ, тура май iшкендей болып отыр екен. Бiрдеңе деп қояды дедi ме, бiздi көзi шалысымен дәлiзге атып шықты.
- Менің бөл­мем­де бәрi тыңдалады... Ана жаққа жүрiңдер, ана жаққа, - деп ұзын дәлiздiң екiншi басына қарай бастады. «Кiтаптарың не болды? Соншама создыңдар. Ендi не болады? Бiр данасы болса да, бүгiннен қалдырмай шығарып қалыңдар, әйтпесе...», - дедi.
Мiне, оқырман, сол күндер де алыстады-ау. Төңкерiсшiлердiң дегенi болмады. Демократия күш алды. Содан соң «Желтоқсан» кiтаптарының кiдiрiссiз жарық көруiне мүмкiндiк молайды. Бiрақ... Иә-иә, осының бәрiне жол ашқан, Желтоқсан көтерiлiсiнiң айғақ-кiтаптарын шығарған «Аударма» алқасының қырық шақты қызметкерi жұмыссыз қалды. Онда да тәуелсiздiк таңы атқаннан кейiн, үкiмет қаржы тапшылығын сылтауратып бюджеттен қысқартып тастады.
- «Желтоқсан» кiтаптарын шығар­ғанымыз үшiн қысқартты, - дейдi Ғаббас аға.
Әрине, олай деп өздерi ешқашан айтпайды ғой, бiрақ солай жасайды...
Мен көтерiлiстiң жиырма жылдығы кез­iнде «Желтоқсандықтар, үн қатыңыздар!» деген үндеумен жұмыс iстеп, әрқайсысы отыз баспа табақтан тұратын айғақ-кiтаптың үш томын елге ұсындым. Оның бiрiншiсiне Т.Зейнәбiлов екеумiздiң құрастыруымызбен 1991-92 жылдары жарық көрген баяғы үш кiтабы енсе, екiншi томына содан кейiнгi жылдарда жинақталған материалдарды енгiздiм. Ал үшiншi томын әлгi акцияны өткiзу кезiнде жазған, газет-журналдарда жарық көрген естелiктерден құрастырдым. Ызғарлы желтоқсанның былайғы ел бiле бермейтiн қаншама құпия әңгiмелерi айтылды. Әттеген-айы, ұл-қыздарымызды ерлiкке ұмтылдыратын, ұлтты сүюге баулитын құнды дүниелерi мол, сол кiтаптар небары үш-ақ жүз данамен шығарылды. Онда да өзiмнiң күш салуыммен, шашылып-шабылуыммен, қаржы iздеп қиналуыммен әрең жарық көрдi.
Келер жылы көтерiлiске жиырма бес жыл болады. Әлгiндей көлеммен бес томдығын ұсынсам ба деген ниеттемiн. Үкiмет тарапынан қозғау болмасын анық сеземiн. Шiркiн, қазағының тарихына, тағдырына қарайлайтын, ертеңiне елеңдеп қол ұшын беруден аянып қалмайтын қаржылы бiр азамат табылса, ғой деймiн...

 

http://www.jasqazaq.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1555
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3349
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6223