Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 9488 0 пікір 20 Желтоқсан, 2010 сағат 22:33

Омар Жәлелұлы, дінтанушы: «Кеңес кезеңінде қазақ қоғамы дінсіз болғанда, біртұтас болатын...»

- Ал, ағасы, «үн-түнсіз өткен үлкен жиын» деп жарнамасы асқан Қазақстан мұсылмандарының бесінші құрылтайына қатысыңыз бар ма? Дұрысы, қатыстыңыз ба дегенім ғой...

- Жоқ. Құрылтай жұмысына қатыспадым.

- Түсінікті. Сонда да, сырт көз ретінде осынау басқосуға қатысты бір байламыңыз бар шығар?

- Әрине. Біріншіден, бұл құрылтайдың негізгі оқиғасы - бас мүфтидің мерзімін қарап, тағы да бес жылға қалдырғаны болса керек. Екіншіден, түс ауа жиынға қатысушыларды Мәдениет министрі Мұхтар Құл Мұхаммед қабылдапты. Бұл жердегі гәп дін қызметкерлерінің бұрын Әділет министрлігінің қарауында болып келіп, енді Мәдениет министрлігінің құрамына бергені. Содан да имамдарды мейман қылған министр сөз арасында елдегі діни ахуалмен етене таныстығын, жағдайға қанықтығын жеткізіпті. Қысқасы, министр «біз сіздердің немен тыныстап жүргендеріңді, не істеп жүргендеріңізді жақсы білеміз. Аймақтағы діни мәселені де бақылап отырмыз» деген көрінеді. Мұхтар мырза «Бәрін білеміздің» артынан имамдарға «дұрыс жұмыс істеу керектігін» меңзепті. Бәрінен бұрын,  министрді батыс аймақтарымызда тоталитарлық секталардың тайраң салып кеткені толғантады екен. «Оның ішінде салафизмнің қаупі туралы» айта келе, тағы да тыңғылықты жұмыс істеуге шақырған көрінеді.

- Ал, ағасы, «үн-түнсіз өткен үлкен жиын» деп жарнамасы асқан Қазақстан мұсылмандарының бесінші құрылтайына қатысыңыз бар ма? Дұрысы, қатыстыңыз ба дегенім ғой...

- Жоқ. Құрылтай жұмысына қатыспадым.

- Түсінікті. Сонда да, сырт көз ретінде осынау басқосуға қатысты бір байламыңыз бар шығар?

- Әрине. Біріншіден, бұл құрылтайдың негізгі оқиғасы - бас мүфтидің мерзімін қарап, тағы да бес жылға қалдырғаны болса керек. Екіншіден, түс ауа жиынға қатысушыларды Мәдениет министрі Мұхтар Құл Мұхаммед қабылдапты. Бұл жердегі гәп дін қызметкерлерінің бұрын Әділет министрлігінің қарауында болып келіп, енді Мәдениет министрлігінің құрамына бергені. Содан да имамдарды мейман қылған министр сөз арасында елдегі діни ахуалмен етене таныстығын, жағдайға қанықтығын жеткізіпті. Қысқасы, министр «біз сіздердің немен тыныстап жүргендеріңді, не істеп жүргендеріңізді жақсы білеміз. Аймақтағы діни мәселені де бақылап отырмыз» деген көрінеді. Мұхтар мырза «Бәрін білеміздің» артынан имамдарға «дұрыс жұмыс істеу керектігін» меңзепті. Бәрінен бұрын,  министрді батыс аймақтарымызда тоталитарлық секталардың тайраң салып кеткені толғантады екен. «Оның ішінде салафизмнің қаупі туралы» айта келе, тағы да тыңғылықты жұмыс істеуге шақырған көрінеді.

- «Салафизм» деген сөзіңізден шығады, осы ағымның ойраны турасында аз жазылып та, айтылып та жүрген жоқ. Сөйте тұра, салафизмнің басқалай ағымдармен салыстыра қарағанда, салмағы артып тұрған сияқты. Солай емес пе, Омар мырза? Солай десеңіз, салафизмнің басты қаупін не деп білесіз?

- «Егемен Қазақстанға» жарияланған дінтануші Имам Валерия Порохованың сұхбатын оқыған шығарсыз? Сонда  Сауытбек Абдарахманов ағамыз: - «Бізді қазір Қазақстандағы  уаххабизм мәселесі кәдімгідей алаңдатып отыр. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?- деген сауалына  Имам Валерия Порохова: «Мұның дұрыс атауы - салафизм. Ол біздің менталитетімізге де, біздің уақытымызға да сай келмейді. Уаххабизм - Құран исламынан ауытқушылық» - деп ағынан жарылады («Егемен  Қазақстан», №497-500, 24.11. 2010). Айтып отырғаны - ақиқат. Шын мәнінде, бұл ағым қазақ қоғамы ұстанатын мәзһабына, амалына, ахлағына қайшы, кереғар. Түсініктірек болу үшін діннің өзі үш нәрседен тұратынын айта кетейін, иә? Алдымен, ақида. Яки, сенім қағидалары ғой. Бұл жердегі ұстазымыз - имам Матруди. Одан кейін барып, амал келеді. Мұндағы ұстазымызды мәзһабымыздың негізін қалаушы Имам ағзам Әбу Ханифа деп мойындаймыз. Ал үшінші тірегін ахлақ десек, біздің ұғымда бұл мораль я құлық  түзету ілімі деген түсінік береді. Бұндағы ұстаздарымыз  - тасауввуф ілімінің өкілдері(Қожа Ахмет Ясауи, Бұқар жырау, Мәшһүр Жүсіп, Дулат Бабатайұлы, Майлықожа және т.б.).  Енді осы үшеуі түгел болмаса, дін де дұрыс болмайды екен. Осы қисынға салсақ, салафилер ақида мәселесінде мүлдем басқа бағытты ұстанады. Ұстаздары басқа. Былай айтқанымен, амалды мойындамайды. Ахлаққа келгенде, оны «ширк» қып шығарады. Ал енді айтыңызшы, діннің үш тірегін тәрк еткен ағымнан қандай «дінді» табады екенбіз?

- Сөзіңіз аузыңызда. Сонда Қазақстандағы қисапсыз «қауымның» «ең» қауіптісі - салафилер десем, бола ма?

- Былайша айтқанда,  шатақ діндердің (Шәкәрім) бәрі қауіпті... Мәселен, құраниттер деген қауым бар. «Құранмен жүреміз» деп, Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың хадистерін мойындамайды. Бұл енді салафилерден де сойқан болып тұр. Бұның бәрінің бір себебі еліміздегі дін социологиясының дамымай қалғандығында жатса керек. Білсеңіздер, дінтанудың ішінде дін пәлсапасы, дін психологиясы, дін социологиясы деген тармақтар бар. Яғни, «Дін дегеніміз не? Оның қоғамға тигізетін пайдасы мен зияны қандай болмақ?» деген сұрақтарға жауап іздейтін ғылымды дамытуымыз керек. Бүгінде ондай сала жоқ. Сондықтан, дін турасында пікір айтатын «пәлсапашылар» көбейіп кетті.

- Пікірден пікір туады. Қазақстан мұсылмандарының құрылтайы жабық есік жағдайында өткендей әсер қалдырды. Дінімізге, ҚМДБ-ға қатысты өткір сын айтып, өңешін жыртатын діни қайраткерлер, дінтанушылардың біразы бұл жиыннан қалыс қалды. Бес жылда бір өтетін басқосуда, ең болмаса пікір алуандығы болса деп едік...

- Иә, Елбасымыздың өзі «транспарентность» деген терминді жиі қолданып жүр емес пе? Бұл латын тілінен «мөлдірлік, ашықтық» деп аударылады. Ал дін мәселесі өте нәзік әм күрделі болғандықтан, мұнда міндетті түрде «мөлдірлік» болуы тиіс деп ойлаймын. Олай болмаса, бұл ұйымдастырушылар тарапынан жіберілген ағаттық  екенін ашық айту керек. Кез келген нәрсені жасырған сайын жамандығы артады. Ішке кетеді. Бұл дінде де, физиологияда да бар құбылыс қой. Қазақ «ауруын жасырған өледі» деген. Біз де діни мәселені ашық талқыламай, жауып қойсақ, күні ертең құбыжық кейіпке түсіп, басқа пошымда түрленуі әбден мүмкін.

- Мүмкін, осы «мөлдірлікке» мешіттерге түсетін пітір садақа, қайыр садақаны жария етуді жатқызға болатын шығар. Әлде, журналистер осы мәселені жадағай көтеріп кетті ме?

- Қарапайым адам мешітке барғанда, дін іздеп барады. Молда деген Исламмен эквиваленттей көрінетінін де несіне жасырайық. Демек, молда-имамдарға үлкен жауапкершілік артылып отыр. Сондықтан да, жеке өзіне келген садақаны қозғамай-ақ қояйық, мешітке түскен қаржы жария етілуі керек. «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» дегендей,  молда-имамның да пенде екенін қаперде ұстау керек. Демек, белгілі бір деңгейде бақылаушы тетіктер болса, бұдан қашпау керек деп ойлаймын.

- Құп делік. Еліміздің бас мүфтиі Әбсаттар қажы Дербісәлі соңғы құрылтайда бес жылдағы еңбегіне баяндама жасады. Жалпы, сіздің бағаммен бас мүфтидің бас жетістігі не болды?

- Бұл кісі басында «сенім, дін бостандығы» деген желеумен тізгінді босатыңқырап жібергенініп ұғып, Елбасының саясатын дұрыс пайдаланып, қазақтың дәстүрлі Исламына басымдық беру, имамдарды елімізде дайындау, секталарға тойтарыс беруі тиіс екенін түсініп, қажырлы еңбек етіп жатыр. «Ештен кеш жақсы». О басында рухани басқыншылыққа дайын бола алмай, сасып қалғанымызды Әбсаттар қажының жеке басынан көрген жарамайды. 

- Омар мырза, бұл әрине менің жеке байқауым. Осы бізде ҚМДБ-ның басшылығына қарсы топ, былайша айтқанда діни оппозиция қалыптасып үлгерген тәрізді. Бұл саптан Б.Айнабековты, М.Телібековты, тегі болмаса Б.Сапаралыны да табуға болар. Енді осыны діни басшылық өзіне «тілеп алды ма?»

- Өз басым дінде оппозиция болмауы керек деп білемін. Дін саясатқа араласпауы тиіс. Дін деген не? Былай айтсақ, адамның рухани денсаулығын реттеп отыратын ілім. Мысал үшін медиктерді алайық. Ауыра қалсаңыз, тәніңізді емдейді де, қоя береді. Дәрігерлер сөзсіз мемлекетке оппозиция бола қоймайды. Себебі, олар мемлекетке қызмет ететін адамдардың денсаулығын реттеп отырады емес пе? Олардың функциясы оппозиция болуда емес... Енді діндарларды рухани дәрігерлер десек, оның да жаратылыс мақсаты оппозицияға өтуде емес қой. Ал егерде дін саясатқа араласып, оппозицияға айнала бастаса, онда діннің әу бастағы мақсат-мүддесінен ауытқуы деп тануымыз керек.

- Яғни, бұл құбылысқа «дені дұрыс емес» деген диагноз шығару керек дейсіз ғой?

- Иә. Бұл билікке қол жеткізгісі келген белгілі бір лобби топтардың тірлігі... Бұқараны қарумен бағындырғаннан гөрі, санасын жаулаған анағұрлым артық. Мұны тоталитарлық секталар біледі әрі билікке жетуді мақсаты деп біледі. Сондықтан, еліміздегі рухани дәрігерлер қазақтың мүддесіне жұмыс істеуі қажет. Бұл тұрғыда ҚМДБ-ның жүргізіп отырған саясаты өте дұрыс. Бірақ, жұмысты сәл ертерек бастауы керек еді. Аладдиннің құмырасынан жынды шығарып алғандай, дін мәселесінде тізгінді жіберіп алдық. Жын шығып кетті де, қаншама жастарымызды улап үлгерді. Енді қоғам болып, жынды құмырасына кіргізе алмай жатқан қалпымыз бар. Білесіз бе, сырттан келген секталардың ең қауіптісі - «қазақта дін жоқ, ата-бабаларың адасқан» деп үйретеді. Қазақтың қарагөз ұл-қызына өзінің ата-бабасын жамандатқызды. Бұның ақыры ұлттық нигилизмге алып келеді. Яғни, ұлтты жоққа шығару....

- Бұдан да жаманы, қазақты бір-біріне жауықтырып, бөлшектеп тастады емес пе?

- Дұрыс айтасыз. Бүйткенше, біздің дінсіз болып жүргеніміз жақсы еді... Бағзыда Баязит Бистами  деген әулие дүние кешкен. Соның заманында бір яхуди өмір сүріпті дейді. Әлгіден «неге дінге кірмейсің?» деп сұраса, «дін ұстаған соң, Баязит Бистамидей ұстану керек. Олай етуге менің күшім жетпейді. Ал сендердің ұстанып жүрген діндеріңнен менің кәпірлігім артық», - деп айтқан екен. Сол сияқты, шатақ дінге шатылғаннан гөрі, олардың дін ұстамай жүргендері жақсы болар еді... Түсінесіз бе, Кеңес кезеңінде дін ұстамай жүргенде, қазақ қоғамы тұтас болатын...

- О-о, мынауыңыз тым ұшқары пікір деп ойламайсыз ба?

- Рас қой енді. Мысалы, жол жүру ережелерін көбіне кім бұзады? Статистикаға сүйенсек, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, «гаишниктер» болып шығады. Неге? Оларды ешкім тоқтатпайды. Ешкімнен қорықпайды. Сол сияқты жағдай дінде де бар. Орыстар мұндайда «как у Бога за пазухой» дейді. Яғни, дінге кірген адам, егер оның ақидасы дүрыс болмаса,  Құдайдың сеніміне ие адамдай желікке мастанып, жалпы ережені бұзады. Ал дінде жоқ адам үнемі қорқып жүреді. Діндегі басты нәрсе хауф пен ража  - Құдайдан қорқу және үміттену. Сондықтан қазақ: «Құдайдан қорықпағаннан қорық» дейді.  Осы тақылеттес жағдайды Лев Толстой «Отец Сергий » деген повесінде  суреттейді. Бір поручиктің өмірде жолы болмай, қызы тастап кетеді. Қызметінде өспей, әйтеуір мехнатты көп кешеді. Ал оның қатарында бірінші болуға ұмтылатын амбициясы бар еді. Содан Сергий дінге кетеді. Кеткенде де, «түбіне түсіп», монах болады. Дәргейі биіктеп, жұрт ағылып, алдына келе бастайды. Сонда Сергий масаттанады... сөйтсе бұл жалған тақуалық, жай ғана мақтан болып шығады. Бір күні шипа іздеп келген жас қызбен жыныстық қатынасқа барып қояды. Сонда барып, Сергий өзінің дін жолында жүріп, қаншалықты азғындағанын түсінеді. Енді шын әулиені іздеймін деп жолға шығады. Іздеп-іздеп жүріп, бала кезінде бірге өскен немере қарындасының үйіне түседі. Сонда «о, Сергей әке» деп аяғына жығылайын деп жатқанда, тиып тастап, өзі қарындасының аяғына жығылады. Сонда, немере қарындасы қызының балаларын асыраймын деп шіркеуге баруға, шырақ жағуға қолы тимейді екен. Сөйте тұра, өзінің күнәһар екенін сезінуден қалш-қалш етіп, Құдайдан қорқады. «Қорыққанда да, шын қорқады екенсің, әулие мен емес, сен!» деп, Сергей оны аяғын құшады. Міне, осындай мысал діннен алыс адамдардың кейде Құдайдан қорқынышы көбірек болатынын көрсетеді. Қазақ атамыз да «Сайтаннан албастының атасы жуық» деп мәтел қалдырған. Сондағы айтпағым,  өзіне де, өзгеге де зиян келтіріп шатақ дін ұстанғанша, тыныш жүрген әлде қайда  абзал болар еді дегенім ғой.

- Жарайды делік. Қарап отырсаңыз, Қазақстандағы діни мәселені енді мемлекет тарапынан реттеу тетіктері қарастырылып жатқан секілді. Алайда, өзіңіз айтпақшы, өте нәзік мәселеде өкімет солақайлыққа салып жүрмей ме?

- Мемлекет діннен бөлек бола алмайды. Тағы да мысалға тартынсақ, отбасында сіз отағасы болсаңыз дейік. Балаңыз, жарыңыз басқа сенімге өтіп кетсе, отбасылық жарасымның күл-паршасы шықпай ма? Солай десек, мемлекеттік қауіпсіздік пен тұтастықты бірінші орынға қойып, баянды ғұмырын қамтамасыз еткісі келген мемлекет ұлттық идеологиясына жағатын, ата дәстүрге сүйенген, ғасырлар бойы елдің тірегі болып келе жатқан ілімді қаржыландыруы тиіс. Путин кезінде «Православие - орыс мемлекетінің негізі. Біз осыған басымдық береміз. Қаржы бөлеміз. Бітті», - деді. Ешқандай күмілжіген жоқ. Қытай конфуцийшілдікке, Британия өз шіркеулеріне ақша салып отыр. Бүкіл әлем осы тәжірибеге көшкенде, біз неге өзгеше болуымыз керек екен? Қай дін мемлекетіміздің құрылып-қалыптасуына рухани һәм әлеуметтік-идеологиялық негіз болды? Біз соны ұстануымыз керек. Бұдан қорықпау керек. Себебі, әлемдік тәжірибе солай... «Бақташысы жоқ отарды қасқыр талайды». Яки, дін мемлекеттің қарауында болуы тиіс. «Отанды сүю иманнан» дейміз де, оны ұрпаққа сіңіретін құрал дін екенін ұмытпауымыз керек. Діннің мемлекет мүддесінен басқа мүддесі болмауы керек.

- Путиннің «православиесінен» сұрақ туып тұрғаны... Жақында ғана біздегі Орыс шіркеуі уағыздарын қазақша жүргіземіз деп хабарын таратты. Бұл осы кезге дейін ислам мен христан дінінің арасындағы «бір-бірінің бақшасына кірмеу» деген жазылмаған бапты аттап кеткендей болды. Бұған жол бермеуді де ҚМДБ-ға сілтейміз бе, әлде ....

- Әрбір адамның өзінің наным-сенімін қорғауына құқы бар. Заң бар. Заң аясында қорғана білуіміз керек. Мысалы, маған үйіме келіп, басқа дінді уағыздай бастаса, полиция шақыруға құқым бар. Діни құқың бұзылып жатса, Ата заңымыздағы «әр адам өзінің діни бостандығын сақтауға құқылы» деген тұсына жүгін де, құзырлы мекемелерге хат жаз, өтініш білдір. Жабайы тәсілдерді қойып, заңмен жұмыс істеп үйрену керек бізге. Жабайы тәсілдің ашық конфронтацияға алып келетінін түсіну керек. Орыс православ шіркеуі қай елде болмасын, уағыздарын орыс тілінде жүргізеді емес пе? Осы қисынға салсақ, орыс тілінен басқа тілде дінін насихаттай бастаса, бұл миссионерлік болып табылмай ма?.. Міне, осылай өркениетті түрде күресудің амалдарын таппасақ, діннен ши шығару оп-оңай.

- Мемлекет дінге «монополия» жасаса, сәлде тағып, никаб киюшілерге де қауіп төнеді дей беріңіз. Осы қаупім орынды ма?

- Әрине, мұсылман елі болғандықтан, мұсылманның дәстүрін сақтауымыз тиіс. Бірақ.. бірақ ол біздің ұлттың танымға, салт-дәстүрімізге сай болуы қажет. Мысалы, неге арабтың қара жамылғысын қабылдай алмаймыз? Өйткені, ділімізге жат. Түріктің де, басқаның  дәстүрін қабылдай алмаймыз. Ол да жат. Құдай-ау, өзіміздің қазақтікі бар ғой. Шымкенттің, Қызылорданың қыздары әдемі қылып, орамал тартып жүрді ғой осы кезге дейін... Енді келіп,  әркімге жөнсіз еліктеуіміз қалыпты. Қара басқанда, сол соқпағынан адасқандар «біз қазақ емеспіз, мұсылманбыз» деп күйдіреді. Алла тағаланың екінші аты «халық» десек, қазақта да «халқына жаққан адам ғана Құдайға жағады» деген сөз бар. Осы ұстанымды Мәшһүр Жүсіп атамыз дамыта келе «Нәпсісін билеген жігіт бірінші өзін билейді. Одан кейін отбасын, аймағын, содан соң барып халқын билейді» деп тұжырым жасайды. Бұған енді алып-қосарым жоқ.

- Еліміздің діни жылнамасына биылғы «Әулиеағашты өртеу фактісі» де оқиға болып енді. «Әулиеағашқа тиген шырпы дін арасындағы өртке апарады» деп болжам айтушылар да табылып жатыр. Сіз бұған қандай баға бердіңіз?

- Біріншіден, бұл вандализм. Жабайылық. Екіншіден, мемлекетті сыйламау. Бұл - баяғыда мемлекеттік билік құмырадан шығарып алған жынның әсері. Жын ғой бұл... соқтығарға қара таппай жүрген.

- Жалпы, діни мәселенің статус-квосын біраз сөз еттік қой. Бірақ, бүгін Сізден осы ахуалды оңдау турасында ұсыныстар ести аламыз ба?

- Қай мәселе болсын, ғылымға сүйенген абзал болар. Мәселен, сектология деген ғылым бар. Әрине, бізде онымен ешкім айналыспайды... Айтайын дегенім, таяуда Ресейдің Новгород қаласынан Волков деген сектолог келген болатын. Көршіміздің де бас ауруы секталармен күрес болғанын білеміз ғой. Сондағы сауалымызға Волков «Олармен тікелей күресіп, абырой таппайсың. Үстем болғың келсе, ұлттық иммунитетті қалыптастыру керек. Бұл дегеніміз, ұлттық дәстүрді жаңғырту» деп жауап берген-ді. Яғни, дәстүрді күшейту арқылы санада бос кеңістік қалдырмау керек. Сондықтан, балабақшадан бастап ұрпақтың бойына ата-бабамыздың дәстүрлерін сіңіре беру керек, сіңіре беру керек. «Сөз атасы - ертегі, Құраннан сыр шертеді» демекші, сол ертегіні, қисса-дастандарды, батырлар жырын, арысы жыраулар, берісі Абай, Мәшһүр Жүсіптің шығармаларын жүйелі түрде оқытайықшы. Айталық, мынау Иранды алайық. Бұл елде физигіне де, биологына да парсы әдебиетін міндеттеп оқытады екен. Себебі, әдебиет дегеннің өзі сол дінмен суарылған емес пе? Сонымен бірге, парсылықтар бұған «егер біз қазір әдебиетті оқытпасақ, олардың ғылымы кімге жұмыс істері белгісіз болып қалады» деген жауап табады.

- Әдебиеттің насихатын күшейтсек, тіл мәселесі де өзінен өзі шешімін табады деп қояйық...

- Осы турасында Мәшһүр Жүсіп атамыздың «Әлемде 77 тіл бар. Соның ең асылы - араб тілі. Себебі, Құран осы тілде түскен. Одан кейінгі ең асыл тіл - қазақ тілі» деген сөзі бар. Одан әрі ойын сабақтай келе, «дін де, ғылым да, әулиелік те  қазақтың тілінде» деп аяқтайды. Сондықтан, қазақтың тілін, әдебиетін дұрыс оқытсыншы, қандай әлеуетті болар едік? Арнайы дінтану пәнін енгізбей-ақ қойсын, бірақ Абайды оқытып, жырауларды жаттатсыншы, ешқандай салафи, ахмади дегеніңізге бой алдырмас еді. Ал біз жыртылмаған, өңделмеген егістік жер  сияқты, жат ұрықты себуге дайын ұрпақты өсіріп шығардық. Рухани азықты не мектепте, не отбасында алмаған соң, әлгі секталардың құрған ауына түсіп қалады. Қорыта келгенде, бізге ұлттық иммунитетті күшейту туралы бағдарламаны қабылдау қажет. Білсеңіздер, жапондар Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін балаларын шетелге оқуға жібере бастады. Алып елдермен соғысып, арша-боршасы шыққан елді түзеу үшін оқып келсін, үйреніп келсін деп аттандырды. Сонда кейбір ұландары нәпсінің соңына еріп, я әлдебір себеппен оқуынан шығып қалса, өздеріне харакири жасайтын болған. Өйткені, оқу тауыспай елге қайту оларға өліммен тең болған. Міне, ұлттық иммунитеттің үлгісі! Махатма Гандиді анасы Англияға оқуға жіберерде, «үш талабым бар. Орындай аламын десең ғана, жіберемін» деген. Сонда «ет жемейсің, арақ ішпейсің және жат ұлттың  қызына бармайсың» деп талап қойған. «Мақұл» деген Махатма бір күн бойы табанынан таусылып, Англияда етсіз тамақ істейтін, қазіргіше вегетариандық асхананы әзер тауыпты. Бұның бәрін не үшін айтып жатырмын? Осының бәрі ұлттық иммунитеттің мысалдары. Ал біз шетелге кімді жіберіп жатырмыз?

- Бұл енді келесі сұхбатымыздың жүгіне татитын тақырып секілді. Бүгінгі әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан - Өркен КЕНЖЕБЕК,

«Халық сөзі» газеті, №39-40

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1481
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475