Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3559 0 пікір 23 Желтоқсан, 2010 сағат 11:16

Интернет-конференция: Әлихан Бәйменов

-Әлихан Мұхамедияұлы, сіз Елбасы, Ұлт лидері Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сенімді серіктерінің бірі екеніңізді мойындайсыз ба? Сіз өзіңізді оппонентпін деп ойлайсыз ба? Өзіңізді қуыршақ сезінбейсіз бе?

Сақ ұрпағы

-Әлихан Мұхамедияұлы, сіз Елбасы, Ұлт лидері Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сенімді серіктерінің бірі екеніңізді мойындайсыз ба? Сіз өзіңізді оппонентпін деп ойлайсыз ба? Өзіңізді қуыршақ сезінбейсіз бе?

Сақ ұрпағы

- Мен үшін ең басты құндылық тәуелсіздік және қазақ мүддесі.  Менімен мемлекеттік қызметте де қоғамдық саяси жұмыста да бірге жасағандар менің әрдайым идея мен құндылықтарды басшылыққа алатынымды біледі. Байлық пен мансап, шен мен шекпен мені қызықтырған емес. Басқаша болғанда тоғыз жыл мемлекеттік қызметте тек жақсы баға алып келген мен қазір де сол лауазымның біреуінде отырар едім. Мемлекеттік қызметті, әлеуметтік сақтандыру тұжырымдамасын әзірлегенде үкімет пен президент аппаратын басқарып, оларды тек өз ісімен айналысуға мәжбүрлегенде мен президент Назарбаевтың сенімді жәрдемшісі болдым. Оны жасырмаймын. Және мемлекет басқаруда ол кісі біздің буындағы мемлекеттік қызметте жұмыс жасаған көпшілікке ұстаз. Бірақ мен мемлекеттік қызметте жүргенде де өзім дұрыс деп түсінген бағытпен жүрдім. Сондықтан болар нақты шешім досымның басына қауіп төнуіне байланысты болса да жүйенің кемшіліктерін көру қағидалы түрде биліктен кетуіне негіз болды. Сонау 1989 «Ұлытау» қозғалысын құрғанда да, мемлекеттік қызметте де тоғыз жылда да одан кейінгі он жылда да  сіз айтқандай мені қуыршақ еткісі келгендер болған. Оларынан түк шықпады. Соңғы талпыныстары 2004 жылы болды. Олар алпауыттардың қаржысына сүйенді. Ештеңе шықпайтынын білген соң Ақжолды бөлуге тырысты. Ақжолды басқара алмайтынын білген соң оларға жақындар және билікпен ойын ойнауға келгендер кетті. Мен өзім де ешкімнің қуыршағы бола алмаймын, өзім де ешкімді қуыршақ қылғым келмейді.

- Ақжолдың мүшелері болған Ануар Омаров пен Берік Абдығалиев Жезқазған мен Ұлытауда әкім. Оған не айтасыз?

Алаш баласы Қадырхан

-Екеуі де дарынды, қазақ руханияты мен қоғамдық өмірінде өзіндік орны бар жігіттер. Екеуі де тепсе темір үзер жаста. Өз отаны мен туған өлкені көркейтуге сол қызметте адал еңбек жасаса елге пайда емес пе? Ең бастысы  олар лауазымнан гөрі ішкі сенімдерін, идеяларын қазақ мүддесін жоғары қояды деп сенемін. Жалпы дұрыс ниеті бар, жақсы идеялары бар жігіттердің қайрат-жігері елге бүгін пайдасын тигізіп жатса, оның несі айып?

- Мүйізі қарағайдай біраз Ақжолдың мүшелері 2005 жылы партиядан кетіп қалды. Олар қайда? Байланысыңыз бар ма?

Жанпейіс Қорған

-  Ақжолдан кеткендерді бірнеше топқа болуге болады. 1. Ақжолды қаржы топтарына жығып бергісі келгендер. 2. Ақжолдың аяғынан тұрып кететініне басында сенбей, екі жылға жуық күтіп барып, ұйысып тұрған ұйымның ішіне ірткі салу үшін кіріп, биліктің қол жаулығына айналдырғысы келгендер. Олар Ақжолды өздерінің билікпен сауда-саттық және саяси ойындарында пайдаланғысы келді. 3. Алғашқы екі топқа еріп кейде соларға қаржылай тәуелді болып қалғандар. 4. Алғашқы екі топтың қаржылық және ақпараттық мүмкіндіктеріне сүйеніп жасаған «Ақпараттық» соғыстарына сеніп қалғандар.

Қазір бірінші топтың өкілдері қайтадан үкімет пен қаржы, мұнай саласының маңына жиналған. Басқалары әр жерде жүр. Екінші топтың қалдықтары мен құйыршықтары әлі де өздері бұрын мүше болған Ақжол партиясына оқта-текте тас атып қояды. Олардың кім екені маған белгілі. Байланысым жоқ. Олар соншама қаралаумен жалаға күш жұмсағаннан соң өздері бірінші байланысуға дәттері де шыдамайтын шығар. Ал қатардағы сол кезде  жала сөзге еріп жаңылғандардың біразы өз қателерін түсініп, әлгі қаржылық топтардан тәуелсіздері кешірім де сұраған. Біз бәріне кешіріммен қараймыз.

- Талдықорғандағы туымыздың жағдайынан хабарыңыз бар шығар. Бұндай әрекетке қашанғы төзуге болады? Егер мен қол жинап сол мекемені сотқа берсем қолдау көрсете аласыз ба?

- «Мемлекеттік рәміздер туралы» заңға нақты өзгерістер қажет. 2007 жылда осы заңды талқылағанда байқағаным, үкімет рәміздерімізді кеңінен таратып насихаттаудан гөрі соларды жасап шығаратын төрт, бес кәсіпорынның мүддесін жоғары қойды.  Біз әлемде мемлекеттік туы ең сирек ілінетін елдің біріміз. Оның тағы бір себебі, ту мен елтаңба жасауды лицензиялап қойған. Олардың бағасы орта және кедей адамдар үшін жоғары. Осыны өзгертуіміз қажет. Заңды дәлелін тауып сотқа бере алсаңыз көмектесем. Телефон 87172200585; 87017112378. Талдықорғанда өкіліміз Құдайберген Қаңтарбаев телефоны 87754724037.

-2005-2007 жылдарда Сізге көп жала жапты, солардың артында кім тұрғанын білісіз бе ? Неге оларға жауап бермейсіз?

Алаш баласы Қадырхан

- Кімдер тұрғанын, кімдердің қаржысына жасалғанын, кімдердің кезінде жекешеленіп кеткен басылымдарды пайдаланғанын білемін. Өкінішке орай, ақпараттық соғыспен ақпараттық ойын мамандары билікте де өздерін оппозициямын деп есептейтін кейбір күштер де жеткілікті. Олар мені арандату арқылы біріңғай ақпараттық соғысқа көңілімді бұрғысы келді. Менің бір қағидам бар - өкпемен өмір сүруге бомайды. Өкпе ренішті ғана басшылыққа алғандардың рухани өкпесі қарайып кетеді. Екіншіден, менің әкемнің өмірі маған үлгі. Ол кісі 1931, 1950 жылдары екі рет қудалауға ұшыраған. Екінші ретінде билік жала жабу үшін бір ауылдасты пайдаланған. Оны біз білетінбіз. Сол кісі отыз жылдан соң өзі қайтыс боларда әкеме балаларын жіберіп әлгі ісіне кешірім сұрап жаназамды шығарыңызшы деп өтінішін айтыпты. Әкем «мен оны баяғыда кешіргенмін, біреудің қатесін кешіру сауапты іс» деп кейін жаназасын шығарды. Менде осы жаланы ұйымдастырғандарды іштей кешірдім,  ал олардың қолшоқпары болған кейбіреулері кешірім сұрады да, ұйымдастырушылардың ішінде аман жүргендері кейін кешірім сұрар деп ойлаймын.  Бәрібір Алланың алдына барғанда сол істері үшін жауап береді. Бар болсын.

- Дін мәселесі, әсіресе елімізге сырттан келген небір секталар жайында сөз қозғамақпын. Менің білуімше олардың ішінде заңсыз, әрі заңды түрде жұмыс істеп жатқандар бар. Заңды түрде жұмыс істейтіндерге жол ашқан біздің үкімет, осы туралы сіздің ойыңызды білейін деп едім. Оларды тіркемей тұрып, жұмысы қандай, не істейді дегенді алдын-ала біліп алған жөн шығар.

- Біріншіден, ождан бостанығы туралы заңнамада секта мен діни ұйымның арасын ашып көрсету керек. Екіншіден, руханият тұтастығы мен бірлігі жолының күресінде дінбасылар, ғалымдар, философтар, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері бірлесіп атқаратын іс көп. Тек үкіметке қарап отыруға болмайды. Бұл істе жаңадан сайланған мүфтиат басышылықтары бұрынғыдан гөрі белсенді артында он миллиондай уммасы бар ұйымның басшылары ретінде дін ислам жолында қайраткерлігін көрсетеді деп үміттенем. Үшіншіден, дамыған елдердегі секілді бізде де діни этиканың негіздерін мектептерде үйрету қажет. Мысалы, мемлекеттік діні евангелистік болып табылатын Норвегия біз секілді мұнайға бай ел. Бірақ солардан не бір миллиардерлер шығып жатқанын, не бір қызметкелердің артынан қаңқу сөз еріп жатқанын естімейсің. Ал халықтың тұрмысы, табысы жағынан ұдайы әлемдегі үздік бес, алты елдің қатарында. Оның бір себебі, дінді қоғам тәрбиесінде пайдалану. Бір норвегтік айтып еді бізде «3, 4  сыныптан бастап «жұмаққа жол білім мен еңбекте» деп айтады. 8, 9 сыныпқа келгенде «білім, еңбек арқасында лауазым мен байлыққа қол жеткізген адам мал шашпақ немесе көрсеқызарлықпен айналысса жұмаққа бара алмайды» деп түсіндіреді» деп. Бізде де діни уағызда сенім мен бақилық өмір туралы ғана емес, бұл дүниедегі жасампаздықтың парыз екенін айту қажет. Сондықтан ислам және еңбек, ислам және білім, ислам және ғылым тәрізді кішкентай кітапшалар шығарған абзал.

- Еліміздегі күрделі мәселенің бірі тіл мәселесі болып табылады. Сіз тіл саясатын қалай жүргізбекшісіз?

- Тіл саясатында жүйелілік табандылық және жариялылық қажет. Екіншіден, шешуші фактор тіпті әдістемелік құралдардан да маңыздысы әлеуметтік психология екенін ұмытпауымыз қажет. Осы тұрғыдан алғанда бірнеше маңызды бағыт бар. 1. Латиницаға ауысу мерзімін белгілеп төрт, бес жыл өтпелі кезеңді жариялау қажет. Бұның ұлттық сананы тәуелсіздендіруден де әсері мол болмақ. 2. Қазақ тіліне әлемдік ғылым мен білімнің, әдебиет пен философияның барлық  үлгілерін аударуға мемлекет қаржы бөлу керек. Оның барлығын кітап қылып шығарып үлгірмейтін болғандықтан арнайы порталдар мен сайтты ашып жұрт тегін пайдалануына мүкіндік беру керек. Осы бағытта дүниетанымдық тіліміздің ауқымын кеңейту үшін басқа мәтіндермен қатар Құран Кәрімнің мағына мәтінін қазақшаға аударуға конкурс жариялау қажет. 3. Никелодеон арнасын балаларымыз ағылшын не орыс тілінде емес, қазақ тілінде көрулері қажет. Ол арна иелерімен келісіп, кейіпкерлерге қазақша ат қою керек. Бәрібір таяу жылдарда олармен бәсекелестікке түсе алатындай жеткілікті мультфильмдер шығара алмаймыз. Осыған қоса «Балапан» арнасына көбірек қаржы жұмсау қажет. 4. Әлемге қазақтың көзімен қарап қазақша ақпарат алуымыз қажет. Қазақпарат, Қазақстан, Хабар, Еларна әлемнің басты аймақтарында тілшілер ұстау қажет. 5. Түркия, Әзірбайжан, Қазақстан бас болып түркі тілдес халықтар үшін ортақ телеарна ашуымыз қажет. Кейін басқалары да қосылады. 6.  Таза қазақша телеараналарды мемлекет қаржыландыру қажет. 7. Жарнама және жария атаулар ономастика салаларында табандылық қажет. Прокуратура бұл бағытта заңның орындалуын қадағалау керек.

- Сәлеметсізбе, Алихан аға ! "Қазақстан Республикасымен" "Қазақ Республикасы" деген ұғымдарының қандай айырмашылығы бар?

- Түбі бір ұғым: біріншісі - Қазақ елінің республикасы,  екіншісі -  Қазақтың республикасы дегенді білдіреді.

- Өлең-ән жазады екенсіз? Әлі де әуестенесіз бе? Бір өлеңіңізді жазып берсеңіз?

ЕҰУ. Филология факультетінің 2-курс студенті Шарипова Аягөз

- Мен 1984-1988 жылдары Мәскеуде аспирантурада болдым. Оған дейінгі кезеңде өрекпеген жастық шағымның сезімдерін анда-санда қағазға түсіретінмін. Мәскеуде елге деген сағыныш сезімталдықты жаңа биікке көтерген секілді. Және ел тағдыры туралы да сол кезеңде көбірек ойлана бастадым. Оған әр елден келген аспиранттармен өткізетін түнгі пікірталастарымыз да түрткі болды. Сол жылдары қазақша да, орысша да сезім мен ойды өлең сөзбен қорыту әдетіме айналды. Мұны мен қазақтың әр баласының бойында бар поэзияға бейімділіктің көрінісі деп ойлаймын. Сол жылдары ептеп ұнаған мәтіндерге ән де шығардым. Бұл да қазақи болмыстың белгісі болар. Ойымдағы біреуінен үзінді оқып берейін:

Жүрегіңді жандыратын, жандыратын адамдар,

Көңіліңді қалдыратын, қалдыратын адамдар

Кінәсі жоқ жанды ұратын, жанды ұратын адамдар

Қап деп кейін санды ұратын, санды ұратын адамдар

Қамалдарды салдыратын, салдыратын адамдар

Оны бұзып алдыратын, алдыратын адамдар

Жақын жанға доңыз дейтін, доңыз дейтін адамдар

Басылғанда оны іздейтін, оны іздейтін адамдар

Ақиқатқа жол іздейтін, жол іздейтін адамдар

Жолды бұзар қол іздейтін, қол іздейтін адамдар...

- Қазақ ұлтын жаңғырту үшін қандай нақты шараларды қолдану керек?

- 1.Өзімізді мәдениет ретінде, өркениеттің бір бөлігі ретінде толығырақ түсіну үшін шартты түрде «біз кімбіз?» деген тақырыпта түрлі деңгейде ғалымдардың, ақын-жазушылардың, зиялы қауымның, философтардың, дінбасылардың, саясаткерлердің, жастардың қатысуымен пікір алмасулар ұйымдастырылу керек. Мұны қазақ телеарналары да қолға алса, қоғамдық сананың өсуіне көп үлес болар еді. 2. Өзіміздің тарихымызға ғылыми кешенді зерттеулер жүргізіп маңызды оқиғалар мен тарихи тұлғаларды, олардың қоғамдық санаға әсерін толық және ашық көрсетуіміз қажет. 3. Қоғам санасына, әсіресе, ересектерге көп әсер ететін кеңес дәуіріне әділ және ашық баға беру керек. Бұл тұрғыда 20-30 жылдардың зұламаты туралы және тоталитарлық жүйенің шынайы мазмұны мен қылмыстары туралы жас ұрпақтың әлі де болса ақпары жетіліксіз екенін ескеру керек. Мысалы, тәуелсіздік кезінде жазылған тарих оқулығында қазаққа қарсы жасалған мәдени геноцидтің шегі болып табылатын екі рет әліппені зорлап Кеңес үкіметінің ауыстырғаны жөнінде бір де бір сөз жоқ. 4. Қазақ тілі мен руханиятын дамытудың жауапкершілігі өз мойымызда екенін азаматтарға түсіндіре білуіміз керек. Ал билік мұны өзінің міндеті деп мойындауы қажет. 5. Қазақ тілі заманауи ақпараттық ғылыми ортада толыққанды құрал болуы үшін латиницаға өтуіміздің мерзімін межелеп төрт, бес жыл өтпелі кезеңді белгілеу керек. 6. Жүздердің әскери-саяси және территориялық ұйым болғанын, ал қазір ортақ перзентіміз - Қазақстан мемлекеті екенін қоғамдық санаға әбден сіңіріп, қазақтың ішкі бірлігін мемлекеттігі бар тұтас ұлт деңгейіне көтеру керек. Бұл істе «дәстүрдің озығы бар тозығы бар» деген Абай сөзін басшылыққа алу қажет. 7. Әлемдік бәсекелестікке қабілеті болу үшін экономикада, ғылымда, мәдениетте, саясатта әділ бәсекелестік ахуалын қалыптастыру керек. Сонда шынайы тұлпарлар мен сұңқарлар елді жаңғырту ісінде де, елді алға бастау ісінде де табысты болмақ.

-  Қазақстанның болашағын қалай жорамалдайсыз? Жорамалдап көріңізші

- Ата-бабамыздан бізге мол табиғи байлық қалды. Кең байтақ жеріміз қалды. Ашық, төзімді, жаңалыққа құмар діліміз қалды. Осыны тәуелсіздік берген мүмкіндікті пайдалана отырып имандылық пен еңбекқорлық, білімпаздық пен әділеттілік құндылықтарымен ұштастыра білсек, болашағымыз жарқын болмақ. Және де алдындағы айтқан ұлт жаңғырту істерін де атқару қажет.

- Алдағы сайлауда жеке бастың амбициясын қойып Азат ЖСДП мен ортак кандидат шығаруға қалай қарайсыз? Бәрі де ескі әріптестеріңіз ғой?

- 2007 жылғы сайлаудан кейін Ақжол, ЖСДП, Ауыл, Коммунистер және Руханият бірігіп Халық кеңесі қоғамдық парламентін құру туралы шешім қабылдадық. Ең алғаш осы туралы келісімге Астанадағы Ақжолдың кеңсесінде қол қойылған еді. Кейін Жармаханды соған төраға сайладық. Ондағы ойымыз - өткен тәжірибеге сүйеніп, бірлескен іс қимылды ортақ кандидат деңгейіне жеткізу үшін ертерек өзекті мәселелерде пікір алмаса отырып пісіру еді. Кейін кімнің тарапынан екенін қайдам, ол істе ортақ мүддеден гөрі шағын аппараттық ойындар бел алып кетті. Оны мен Тұяқбайға да айтқанмын. Сондықтан құндылықтар мен бағдарлама аясында бірігу үшін осындай ортақ мәселелерді талқылайтын форумдар қажет. Біз ондай форумдарға қатысуға әзірміз.

- Олжасқа қалай қарайсыз? Невада Семейде болдыңыз ғой?

- Ия, 1989 жылы «Ұлытау» қозғалысын құрдық. Және Невада-Семейдің облыстық филиалын басқардым. Фазил Эскандэрдің бір сөзі бар: «Сыйлау деген - тұлғаның бұрынғы сіңірген еңбегін немесе бүгінгі талпынысын мойындау». Бұл тұрғыдан алғанда Олжекеңнің тәуелсіздікке дейінгі және оның алғашқы бес, алты жылындағы сіңірген еңбегін бағалаймын да сыйлаймын. Бірақ соңғы жылдардағы көзқарастары мен ойларының көбімен келіспеймін. Ең бастысы Францияда жүріп француз саяси жүйесі ретінде елге теріс ақпарат жеткізуіне наразымын. Екіншіден, ол кісі өз заманының түлегі екенін ұмытпаумымыз қажет. Олардың дүниетанымы әлемдегі көзқарасында шектеулік бар. Олар әлемді тек орыс тілі арқылы ғана таныды. Ал совет дәуірінде орыс тілінде әлемнің озық ойы мен әдебиеттің шағын ғана бөлігі аударылғаны белгілі. Ендеше, кейбір мәселелерде осы шектеулік өз әсерін тигізетіні сөзсіз. Дегенмен, жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысында қазақ қоғамы мен Қазақстан әдебиетінде Олжекеңнің ірі де күрделі тұлға екені сөзсіз.

- Армысыз, Әлихан аға! Бірінші сұрағым, Сіздің ойыңызша Қазақстан Респубикасы атауы Қазақ Ресбуликасы немесе Қазақия деп қашан өзгертілуі мүмкін?Бұны нағыз ұлтын шын сүйетін ұлтшыл-патриот қазақтар екі қолдарын көтеріп қатты қолдайтыны мәлім. Екінші сұрағым,қалай ойлайсыз, егер Конституцияға өзгерту жасап, ресми тіл орыс тілін алып тастасақ? Үшінші сұрағым, сіздің ойыңызша 2011жылы Парламент сайлауы болуы мүмкін бе? Төртінші сұрағым, Әлихан БӨКЕЙХАН атамызға АЛАШАТА деген ат берсек, қалай қарайсыз? Алдын ала рахмет!

Алаш баласы Ерлан АХМЕДИ (Көкшетау)

- Кеше ғана жарияланған Ақжол партиясының ұлттық саясат тұжырымдамасында мемлекетіміздің атын «Қазақ республикасы» деп өзгерту ұсынылды. Жалпы Конституцияға билік қаламайтын өзгерістерді енгізу мүмкіндігі өте төмен. Ендеше, биліктегі азаматтардың да санасына әсер етіп үлгі көрсетіп тәрбиелеуіміз қажет. Ұлтжанды азаматтардың билікте көбірек болғаны қазақ үшін керек-ақ. Екіншіден, егер біз өзіміз үкіметпен бірлесе отырып, қазақ тілін шынайы мемлекеттік деңгейге көтеріп қолдану аясын кеңейтсек, ресми тілдің бізге кедергісі болмайды. Тәуелсіздік алған жалдары да, қазір де ресми тіл дегеннің Конституциялық сөздің ішкі тұрақтылықта тиісті роль атқаратынын ұмытпауымыз қажет. 3. 2011 жылы Парламент сайлауының  мүмкіндігі төмен. Себебі, бұл билікке тиімді.

4. Алашата. Әлихан Бөкейханның да, жалпы Алаш қайраткерлерінің де еңбектерін кеңінен насихаттап, ресми түрде ұлықтап, оларға лайықты құрмет көрсетілуі керек. Әзірше Қазақстанда тарихымыздағы орны мен қайраткерлігіне лайық Алаш көсемдері және оның ішінде Әлихан Бөйкейхан ресми түрде дұрыс ұлықталмай келеді. Басты көшелерге есімін беріп, төрімізден ескерткіш орнататын тұлға -  Әлихан Бөкейхан екенін билікке де қоғамға да түсіндіруіміз қажет.

- Сәлеметсізбе, Әлихан аға! Егер қазіргі президент келесі сайлауда сайланбайтын болса, елде Қырғызстандағы сияқты тәртіпсіздік орын алады деп билік бізді қорқытады. «Түрлі-түсті» революцияға сіздің көзқарасыңыз қалай?

- Бұндай қорқыту биліктің саяси технологиясы. Қырғызстаннан Ақаевты кетірген төңкеріс кезінде екі, үш дүкен өртеніп еді, оны бүкіл Қырғызстан өртенгендей көрсетті теледидардан. Қазақстандағы тынышқтықтың шешуші факторы қазақ халқының тәубешілдігі. Және қазақ үшін тәуелсіздік пен тұрақтылықтың құндылығы. «Түрлі-түсті» революция жемісті болу үшін митингімен көтерілістен кейін жүйелі де табанды жұмыс қажет. Ең нәтижелі жұмыс жасап келе жатырған Грузия мен оның басшысы Михайли Саакашвили дер едім. Жемқорлық пен күресте, билікті халыққа жұмыс жасатуда Саакашвили теңдесі жоқ жетістікке жетуде.

- Өзіңіздің балаларыңыз туралы айтып берсеңіз. Отбасы ошақ қасы дегендей, жар таңдағанда болашақ жарыңның қандай қасиеттеріне ерекше назар аудару керек. Мұны сұрағандағы себебім - сіздің отбасыңыз нағыз ұлттық қасиеттерді бойына сіңірген шаңырақ екен.Қанша балаңыз бар? Қазақ санының көбеюіне қандай үлес қосып жатырсыз?

- Бір қыз, екі ұлым бар. Ия, мен өзім тоғыз баланың сегізіншісімін. Әкем діни қайраткер еді. Кеңес дәуірінің өзінде Жезқазғанда мешіт ашуға қол жеткізіп соның арқасында өмірінің соңғы жылдарында өзін бақытты сезінді деп ойлаймыз. Ол кісі 1902 жылы туып, 1984 жылы дүние салды. Анам нағыз қазақи жан болды, ауыз әдебиетін де жақсы білетін. 1920 жылы туып, 2000 жылы дүние салды.

- Біздің кедендік одаққа енуіміз жайлы қоғамда екі ұдайлы пікір қалыптасқаны белгілі! Осыған өзіңіздің жеке пікіріңізді білгім келеді. Артық жағы мен кемшілігін баса көрсетсеңіз екен?..

- Кез келген одақта оның мүшелерінің ұтатын да ұтылатын да тұстары болады. Себебі, одақ мүшелері дербес мемлекет болғандықтан әр мемлекеттің өз мүддесі бар: экономикалары, құрылымы, деңгейі жағынан әртүрлі. Ендеше, мүдделердің қайшылыққа келетін тұстары болатыны сөзсіз. Сондықтан, екі ұдай пікір болу да заңды. Ал осы одақтың біз үшін тиімді тұстарын пайдалана алу - билікке сын. Ол үшін билік ел мүддесін қорғауда табандылық көрсетуі қажет. Екіншіден, билік осы бағыттағы қоғамдық пікір алмасуды тоқтатпай керісінше оның жариялылығына жұмыс жасау қажет. Мүмкін кейбір лауазым иелеріне ол түрпідей тиер, бірақ жария пікіралмасудан ұтатын Қазақстан. Біз осы одақтың қауіпті де тұстары бар екенін жария айтақанға дейін үкімет түсіндіру жұмысын жүргізген де емес. Артық жағы - нарықтың ұлғаюы. Ол мүмкіндікті пайдалану үшін бізде парақорлық пен жемқорлық деңгейі төмендеп, іскер адамдарға қолайлы жағдайлар жасалуы қажет. Екіншіден, шикізат қана емес, басқа тауар өнімдерін экспорттау қажет. Ал қатерлі тұстары екі мәселеге байланысты: 1. Шешім қабылдау механизмдері. Егер ол экономиканың үлес салмағы бойынша жүзеге асатын болса, онда тек Ресейдің мүддесі орындалады. Сондықтан консенсуспен қабылдау қажет. 2. Ресей өзінде шығарылатын техника, құрал-жабдық, машинені өткізу үшін импорт салығын көбейтетін болса, онда сапасыз құрал-жабдық қаптайды да инновациялық дамуда тежелу пайда болуы мүкін. Мысалы, су жаңа волга мен жигулиден гөрі бес, алты жыл мінілген тойота мен мерседестің артық екенін жұрттың бәрі біледі. Үкімет пен депутаттар басқаша дейтін болса, өздері волга мен жигулиге мініп көрсін. Бұл үшін үкімет экспорт импорт саясатын жүргізуде Қазақстан мүддесін қорғай білу керек. Ресей келесі жылы дүниежүзілік сауда ұйымына өтпекші. Бұл да ойландыру керек бізді.

- «Ақжол» партиясының ұсыныстары көп, содан не пайда? Одан да үкіметке барып сол ұсыныстарды іске асырмасыз ба?

Самат

- Ия, біздің ұсыныстардың  үкіметпен баламалық сапасы бар. Кейбіреуін үкімет пайдаланып та жүр. Бірер мысал. Азаматтық қызмет мәртебесін мұғалімдер мен дәрігерлерге, мәдениет саласы мен бюджеттіктерге беру Ақжолдың бастамасы еді. Барлық зейнеткерлерге базалық төлемақы төлеу де біздің ұсынымыз. Экономикада да кейбір ұсыныстарымызды пайдаланып жатыр. 2007 жылы бес, алты ай депутат болғанда еңбек кодексіне Ақжолдың жиырмадан астам ұсынысы енді. Оның бәрі еңбекші мүддесі және кәсіподақтардың ролін көтеруге бағытталған еді. Мәселе лауазымының атауында емес, идеяларыңның ел үшін жұмыс жасауында деп түсінемін. Егер үкіметтегі жұмыста жүріп елге пайдалы болуға мүмкіндігің болады деп түсінсең ұсыныс түскенде талдауға болады. Бірақ ұсыныс түсу ықтималдығы төмен деп ойлаймын.

- 1986 жылы желтоқсанда қайда болдыңыз? Не істедіңіз?

Асан Берік

- Мен Мәскеуде болдым. Мәскеудегі біраз студенттер мен аспиранттар орталық комитетке петиция, хат әзірлеп қол жинадық. Оны КГБ білген болу керек, соларда істейтін, не оқитын қазақ жігіттері келіп «біз бәрін біліп отырмыз, елдің ішін қалай басып жаншығанын білеміз, мына жерде аз адамсыңдар, алаңға не елшілік алдына барсаңдар барлығынды жоқ қылып жібереді» деп ескертті. Содан 19 желтоқсан күні Мұхтар Шахановтың шығармашылық кеші әдебиетшілер үйінде өтетін болған соң сол жерде Ербол деген Ақтөбелік азамат сол петицияны Мұхаңның қолына табыстады.

-  http://www.dat.kz/index.php?option=com_poll&id=14:el-baskaruga-kim-laiyk Осы сілтемеге кірсеңіз өзіңізді көресіз. Осыған келісесіз бе?

- Кірдім. Көрдім. Мен ондай сауалнамаларға қатты мән бермеймін. Кейбіреулердің өздері үшін дауыс бергізетіні рас болар. Тәуелсіз сауалнамалар мен тәуелсіз саясаттанушылардың көп болғаны дұрыс.

- Соңғы уақытта Сіздің үніңіз көп естілмейтін болды. Партияңыз әртүрлі шаралар өткізуден де қалып бара жатқан секілді. Сіз мұны әзірше Ақорданың тапсырмасы болмауына байланысты орнаған тыныштық деп есептей аласыз ба? Сондай-ақ, құраншылар деген ұйымға Сіздің қандай қатысыңыз бар? Ал Назарбаев кеткесін Қазақстанды көз алдыңызға қалай елестетесіз? Соңғы еет Елбасымен бейресми кездесу қашан болды? Және Сіз ол кезде қандай мәселе төңірегінде әңгіме айттыңыз? Осы сұрақтарға рас жауап айтамын деп Аллахтың атымен ант ете аласыз ба өз арыңыздың алдында?

Маңғыстаудағы жанашыр інің

- Таяуда жас жорналшылармен кездестім. Сонда бір сұраққа жауап та айтып едім «Ақжолдың тыныс-тіршілігін ел білу үшін бұқаралық ақпарат құралдары еркін болу керек» деп. Біздің бастамаларымызды билік бұқараға жеткізбеуге тырысады. Және сол жерде оларға айтып едім «көресіздер, желтоқсанда ұлттық саясат тұжырымдамасының тұсаукесерін өткіземіз. Сонда сіздерді редакция жібермей қалады» деп. Айтқандай, 14 желтоқсанда Амангелді Айталы, Нұрмұхамедұлы Бөріхан үшеуміз баспасөз маслихатын өткіздік. Билік тиым салған болу керек К+ және СТВ-дан басқа ешқандай телеарна келмеді. Ұлттық бағытта кейде сөз қозғайтын басылымдарды да билік жіберткізбеген болу керек, келмеді. Біз ұлт саясаты тұжырымдамасын жасаған жалғыз партиямыз. Біздің партия жоғарының тапсырмасымен жұмыс істейтін болса, тірлігіміз наисхатталар еді. Қай партияға «Хабар», «Қазақстан», «Астана» каналдарынан орын беріп жүргенін өздеріңіз көріп жүрген боларсыздар.

Құраншыларға қатысым жоқ. Екі рет Асылбек Мусин келіп кездесті. «Темірқазық» клубына бес, алты рет өкілдері келіп қатысты. Мен өзім имамның баласымын,  Қазақстанда өзіміздің дәстүрлі имам Абу Ханифа масхабы одан әрі қарай кең қанатын жайған дұрыс деп есептеймін. Ал жаңағы азаматтар әлем бойынша үш, төрт мың ғана адамы бар секталар мен бір жарым млрдқа жуық уммасы бар діннің айырмашылығын түсінбейді деп ойламын. Қазақстан тарихында адамзат тарихы секілді қанша ұлы тұлғалар өмірге келіп кетті. Одан ел тарихы үзілген жоқ. Солай бола бермек.

Елбасымен бейресми кездескен емеспін. Ресми соңғы кездесу 2007 жылы болды. Мен негізгі екі мәселені көтердім - латиницаға ауысу және түркі тілдес халықтарының ортақ телеарнасын құру. Бұл шынайы жауабым. Интернет бойынша және белгісіз адам алдында ант суын ішпей-ақ қояйын

- «Әлихан-саяси өлік» деген (политический труп) әңгімені қазір саясаттан аздап хабары бар адамның бәрі айтып жүр, соған не дейсіз?

- Саясаттан хабары бар адам қай мағынада болмасын мен туралы әңгіме айтса, «саяси өлік» дегеннің өтірік болғаны ғой.

- Ассаламағалеукум, Әлеке! Ұлы адамның есімін иеленгенсіз. Әгәрәкім, Елбасы болып сайлансаңыз сол ұлы тұлғамыздың арман-мұратын жүзеге асырып, Қазақты бай-дәулетті етіп, тілін Ақорданың төріне шығарып, байтақ даланың асты мен үстіндегі қазба байлықты Құдай қалаған өз иесіне қайтара аласыз ба?

Сізге үмітпен қараушы Бөрібай бауырыңыз.

-  Елбасы болуға лайық елімізде талай азамат бар деп ойлаймын. Келешекте мұндай ұлы жауапкершілік кімге бұйыратынын Алла білер. Ал билікте ғана жүріп емес, бұқаралық саяси жұмыста, партияда жүрген тұлғалардың жұмған аузын келелі тақырыптарда ашпайтын шенеуніктерден айрмашылығы бар. Біз өзіміздің құндылықтарымыз бен бағдарламамызды жұрт алдында ашық айтатын болғандықтан соңымыздан ергендердің алдында жауапкершілігіміз қалыптасты. Ақжолдың бағдарламасы сапасы жағынан биліктен кем емес. Сол бағдарламаларды жүзеге асырсақ сіз көтерген мәселелер де шешіле бермек.

- Әлеке! Сіз неге күрестен қашып, кері тарта бересіз? "Жас Алашта" жарық көрген, кейін автордың жинағына енген Қабдеш Жұмаділовтың "Демократия" деген әңгімесінің бас кейіпкерін көп оқырман Сіз деп таныды. Расында солай ма? Әлде Сіз шын оппозиционерсіз бе? Назарбаевтың қабылдауында арагідік болып тұрасыз, не туралы сөйлесесіз? ДВК мен "Ақ жолды" ішінен ірітті деп Сізді сөгушілер көп. Соған қандай уәж айта аласыз?

Сәлеммен, Алтайшы

-  Саяси күрестің тәсілі көп. Есіңізге салайын, 16-17 жылдары Амангелді батыр да өз түсінігінде саяси күрес жүргізді, одан бөлек Алаш қайраткерлері де саяси күрес жүргізді. Бәрінің де түпкі ойы қазақты көркейту еді.  Биліктегі адам елге жұмыс жасауы үшін қоғамдық сананы өзгерту маңызды деп есептеймін. Сондықтан тек саяси мәселе емес, руханият, тіл, мәдениет мәселелерін де көтеремін. Ал кейбір кеудесін қағып жүргендер 2004 жылғы сайлаудан кейін әділетсіздікке қарсы көшеге шығу керек деп ұсыныс түскенде, ат тондарын ала қашып, басты кейіпкердің орнына Ақжол мәлімдемесіне өзі жеке жау санаған тек атқарушы болып табылатын президент әкімшілігі орынбасарларын кіргізген. Басында айтқандай, Ақжолды қалталыларға жығып бергісі келгендер түрлі жала жапты маған. Оған сену, сенбеу әркімнің өз шаруасы.

Мен біреу туралы әңгіме жазатын болсам, сол адаммен өзім кездесуге ұмтылар едім. Өзім сыйлайтын ағамыздың осы әңгімесін оқыған емеспін. Ол кісі менің ұстанымым мен тыныс-тіршілігімді білгісі келсе, кез келген әңгімеге мен дайынмын. Бұрын екі, үш рет кездескенімізде де ешқашан басқа пікір айтқан емес. Мен - өз ұстанымым бар құндылықтарға, идеяларға басымдық беретін адаммын. Билік пен оппозиция ма, басқа адам ба ел мүддесі үшін қажет деп санайтын қадам жасаса дұрыс деп айтамын, зиян деп есептесем бұрыс деп айтамын. Жоғарыда айттым ғой, президенттің қабылдауында 2007 жылдың басында болдым. Латиница мен түркі әлемінің рухани бірлігі туралы сөз көтердім. Мен қазір де Ақжолдың басшысымын. Өзі басқаратын ұйымның әлсіреуіне дені сау адам жұмыс жасамас. Және елді ойлаған, өздерін төраға, басшы қылып сайлаған, Ақжолдың қарапайым мүшелерін ойлаған адам өкпелеп кетсе де «Нағыз Ақжол» деп басқа ұйымға ат қоймас еді. Сол атты ойлап ұсынғанымен-ақ жасампаздық жолмен емес, шатастыру жолымен жүргісі келетінін өздері дәлелдеген жоқ па

- Ертең ана жаққа барғанда, екіжүзділігіңіз үшін жауап берем деп қорықпайсыз ба? Ақжол партиясын екіге жарғанда, биліктен мақтау-марапат алдыңыз ба?

- Менің өз иманым - өзімде, Алланың барлығы мен бірлігіне сенетін адаммын. Тағы да айтайын, Ақжолды ешкімнің қол жаулығына айналдырмау үшін, өз мүшелерінің шешімімен жүруі үшін күрестім. Бұған мүмкін, себеп болған - Партия құру кезінде басшылықтың ішінен барлық облысты аралап шыққан тек мен болғанымның әсері тисе керек. Ал кейбіреулері тек Алматы мен Астанада отырып алып БАҚ-пен ғана жұмыс жасады. Олар үшін қатардағы партия мүшелерінің алдындағы жауапкершілік - абстракция еді. Ал мен үшін ел аралап, танысып, өзім мүшелікке қабылдаған, қолдарынан шай ішкен адамдар алдындағы жауапкершілік нақты ұғым болды. Ал биліктен мақтау, марапат алу үшін ешқандай ескертусіз атқарып жатқан министірлік лауазымда жүре берсем болар еді ғой.

- Ассалаумағаликум, Әлихан аға!

Сіздің ойыңызша, қазіргі қоғамның басты проблемасы не, және оны қалай шешуге болады?

Еліміздегі діни ахуалға қандай баға берер едіңіз? Жалпы қазір қоғаммен діни қызметкерлердің арасында қарама-қайшылық, наразылық бар. Өзіңіз де білетін боларсыз, соңғы кездегі уахабиттік көзқарастағы насихаттың ашық жүргізілуі байқалады. Оған дәлел елімізде бірнеше оқиғалар жетіп жатыр.

Дін мәселесін мемлекет қалай реттеу керек деп ойлайсыз? (теолог әлде кәсіпқой молда емеспін ғой деп емес - жай бір 'алаштың ұлы, қазақтың баласы' ретінде жауап берсеңіз

Қуаныш

-  Бірнеше маңызды мәселе бар. Соның бірі дін мен мемлекеттің ара қатынасы. Билікте де қоғамда да атеистік тәрбиемен уланғандар жеткілікті. Қазіргі әлемде  төрт, бес өркениет бар, барлығының өзегі - дін. Конфуциалық ілімнің өзі де соңғы ғасырларда философиядан гөрі дінге жақын. Ендеше, мектеп пен мемлекетті діннен бөлу оларды өркениеттен бөлумен пара пар. Дамыған елдерде өз дінінің тарихын оқытады. Батыстың ғұламалары інжіл мен тауратты жатқа біледі. Тәуелсіздік алғаннан кейін дін исламға бет бұрыс басталды. Бірақ білімді діндарлар өте аз. Біраз жастар түрлі елде түрлі мазхаб өкілдерінен оқып келді. Солардың білгенінше жеткізіп жатыр. Меніңше, мың жылдан астам даламызда өміршеңдігін дәлелдеп келген, ұлттық дәстүрге құрметпен қарайтын имам АбуХанифа мазхабы бізге лайық. Сол ваххабитпін деп жүретін топтарға жақын бір молда баланың уағызын естіп қайран қалдым. Ол бұл дүниенің қызығын тәрік қылыңдар, тек о дүниеге дайындалыңдар дегендей әңгіме айтты. Ең бастысы сол молданы ерітіп әкелген және артында тұрған дәулетті де лауазымды адамдар бұл дүниенің қызығынан құр қалғысы келмейді. Қымбат жиһаз, бес, алты көлік, үш, төрт үй мен әйел алған. Ал халыққа айтатыны жаңағы. Өздері неге бұл дүниенің қызығын тәрік етпейді? Ал, сүре оқығаннан соң Құран бағыштаған кезде екі дүниенің де қызығын көр демейді ме? Қазақ бата бергенде де солай дейді. Барлығы бұл дүниені тәрік қылса елді кім асырайды? Кім ғылым, білім, бизнеспен айналысады? Сондықтан дінбасыларға көмек ретінде муфтиат бас болып ғалым, философтарды тартып «ислам және білім», «ислам және ғылым», «ислам және еңбек» деген кітапшалар шығару керек.

Жалғасы бар

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5379