Қайран да менің Дәуағам...
Сонау 70-ші жылдар. Мектеп бітірген соң оқу іздеп Алматыны жағалай бастаған кезіміз. Бірде тұрып жатқан пәтерімізге үлкен ағам Болат орта бойлы, маңдайы кере қарыс, екі көзі дөп-дөңгелек, әдеміше бір жігітті ертіп келді. Кейінірек оның ағаммен бірге Ақтоғайдың аудандық газетінде бірге қызметтес болғанын, өзі ақын жігіт екенін білдім.
Жас кезімізде шалықтап бәрімізде өлең жаздық қой. Сол кездері газет-журналдардан бір түспей, тіпті оқулықтарымызға дейін ойып тұрып орнығып алған Сәбит, Тайыр, Ғалилар мен Қасымдарды ертегінің адамдарындай елестетіп, пір тұтып жүрген кездеріміз. Алматыға алғаш барған кезімде жазушылар үйін торуылдап жүріп, алыстан «алып тұлға байсалды» Сәбит Мұқановты көзім шалып қалып жүрегім жарылып кете жаздағыны есімде.
Мектепті Қарағанды қаласынан бітірдім. «Он шошқаға тоймағандардың» ұйысқан қаласы. Содан ба, ол жерден де жарытып жыршы көрмеппін. Одан кейін оқуға сырттай түсіп, ауылдағы жасы келіп қалған әкемнің жанында біраз болып қолғабыс тигізгенім бар. Шет ауданының «Босаға» деген совхозы. Ол ауылдың жастары төбелеске алдарына жан салмайтын, күреске де керемет. Бірақ өлең жазған өлерменді ол жерден де кезіктіргем жоқ. Айтпақшы, кезіктіргем екен ғой...
«Босаға» совхозын сол кезде Кәріғұл Айқынбеков деген сөзге аса ділмар, жұртты қалжыңмен-ақ қатырып ұстайтын бір ғажап адам басқарды. Неге екенін білмеймін, ол сол кездегі «Бобик» машинасын қаңтарып қойып, ылғи салт атпен малшыларды аралап жүретін. Сол кісі бірде есепші-ішетауат бе екен, Қызылбаев деген бір кісімен бірге біздің үйге келіп түсті. Бір қызығы ол кісіні жұрттың бәрі осылай тегімен атайтын.
- Жәке, «Қарагер қартайғанда жорға шықты» дегендей, мына құрдасыңыз ақын болайын деп тұр, - деді Кәрекең әкеме қарап бір күліп алып.
- Қалай, - десіп бәріміз де елеңдесіп қалдық.
- Анау малдәргер Мінтаев екеуі далада келе жатып қасқыр көрмей ме, - деді ол әңгімесін жалғастырып, - сонда бұл сол жерде шабыты келіп былай деп өлеңді төгіп-төгіп жіберіпті:
Қар жауар қара жерге қатыр-қатыр,
Жігіті біздің ауыл бәрі батыр,
Қасеке, қайда барып құтыласың,
Артыңда Мінтаев келе жатыр...
Отырғандар қыран күлкі... Ал Қызылбаев көкеміздің осы тақылеттес пошымы бөлек өлеңдері аулымыздың адамдарының көңілін бір көтеріп тастайтын...
Ал мына жігіт сияқты нағыз тірі ақынды кездестіруім бірінші рет. Көз алмай сұқтана қарап отырмын. Сөзі де, өзі де басқалардан бөлек. Қарға құсап қарқылдап не ыңыранып ырқылдап күлу деген жоқ. Бетін шұқырайтып, дыбысын онша шығармай, әдемі ғана күледі. Ал одан қаттырақ күлсе жас балаға ұқсап білегімен аузын көлегейлейтін әдеті бар екен. Француздар секілді «Р» қарпіне тілі келіңкіремей ме қалай. Кейін тіпті анық байқадық, қарта ойнаса «Кәдір көдір жүдемін» деп зәремізді алатын. Оның бұл мақамын Белгібай деген досымыз тіпті айнытпай салатын. Өзі жоқта ,әрине.
Сол алғаш көргенде аңыз ақын Иса Байзақовқа қатты ұқсатқаным бар. Оны өзі де біледі ғой деймін. Әйтеуір мұрнының астынан бармақтай мұрты кетпейтін. Сондай келістердің бірінде оның өлең оқығанын да көрдім әйтеуір.
Ол өлең оқуға кіріскенде дәреттеніп барып намаз оқитын молладай, бір сәт тына қалып, іштей тазарып алады екен. Екі иығын қомдап, қыранша таранады. Жүзінде манағы көңілді күлкінің ізі де қалмай, әп-сәтте ізім-қайым жоғалып, бейне бір қасиетті соғысқа кіргендей екі көзіне от шашып, қаһарланып кетеді. Ол арына берік ақын ретінде жамандық атаулыға қарсы осы «қасиетті соғысын» жанары жұмылғанша бір сәтте тоқтатқан емес.
Ауылда жүргенімде Кертөбел деген жүйрік атымыз болды. Екі құлағы салбыраған, жалы жалбыраған жуас жылқы еді жануар. Ал енді дүбір көрсе бұлшық еті ойдым-ойдым болып, ойнақтап шыға келетін. Дәукеңнің өлең сөзге ауысқанда әлгіндей тастүлектей түлеп шыға келгені маған бірден сол бәйге торыны елестетті.
Кейінірек арқалы ақынның өзі:
Жүйріктің, ойхой, екпіні ой,
Үй жыққан десе, үй жыққан.
Делебем қозып кетті ғой,
Бәйгені көріп құйғытқан, - деп өзі жазды да. Ал енді ақынның да тұлпармен тамырлас та тағыдырлас екенін жоққа шығарып көріңіз.
Алматыға тағы бір келгенімде Дәукеңнің енді кіші ағам Мұратпен дос болып жүргенін көріп таң қалғаным бар. Бұл кезде Болат ағам болса Қарағандының облыстық радиосына қызметке кеткен. Мұрат ағам студент кезінде өмірден тым ерте кетті. «Шіркін, Шоқан Уәлихановтан аумайтын реңді жігіт еді» деп Дәукең үнемі еске алып отыратын.
Кейінірек мен сыртай оқудан осы Дәукеңдердің курсына ауысып келдім. Ол өзі жершілдік, рушылдық дегендерден таза ада еді. Достыққа деген талғамы аса зор. Содан ба, маған бірден емешесі езіліп емірене қойған жоқ. Маған көптің біріндей қарағаны рас. Бір қызығы онымен кейін достыққа ұласқан аралас-құраластығымыз оқу бітіргеннен кейін басталды. Алматыдағы көк базардың жанындағы барша баспасөз орындарының басын қосқан көк үй көңілімізді де, өмірімізді де жақындастырды. Серіліктің соқпағын сыра ішуден бастадық. «Пионер вожатыймыз» - Дәуітәлі ағамыз.
Оңтүстікте күн ыстық. Кейде қапырық. Жұмысымызға жақын жерден «Думан» деген сырахана да ашыла кетті. Алдымызда тоқпақ жалды торы айғырдай Дәуағамыз, артында біз, кешке қарай үйірлі жылқыдай кісінесіп табысып, сол суатқа келіп құлаймыз. Оның жанында «Қаракөз» деген кафе бар. Қыза-қыза оның да төрінің тозаңын шығарушы едік.
Бір күні редакцияның шарушылық бөлімінде Белгібай деген бір кинодағы Төлегеннен аумайтын әдемі жігіт пайда болды. Қалжыңға қылап, ән де салатын ол да жаяу серінің бірі екен. Тез тіл табысып арамызға қосып алдық. Бір күні әлгі жаңа досымыз шегі қатып кабинетіме келіп тұр.
- Дәукең саған өлең шығарды ғой.
- Не деп, ойбай?
- Міне, былай: Ахау, керім, Сәулебегім,
Күнде «Думан» «Қаракөз»,
Жүрген жерің-ау!
Дәуағамның ақындығының алғашқы «қызығын» осылай көрдім. Рас, кейін бір рет машинамыз аударылып, аман қалғанымда «Қас қағым сәт» деп маған арнайы өлең арнағаны бар. Ол кейін жинақтарына кірді ме, жоқ па, ол жағын анық білмедім.
Дәуағамның жанында жүрген сайын жақындасып, жанының жайсаңдығына көзім жетіп, арының таңғы шықтай тазалығына, жанының қардай -аппақ, бұлақтай мөлдірлігіне тәнті болдым. Өтірік көлгірсу, екі жүзділік, әсіресе кісімсу сияқты жалған мінездерді жаны сүймейтін. Ондайларға тіпті төзе алмайтын. Жалпы жалғандық атаулыға жаны қас еді. Және ондайларды көре де білетін. Ақындық қуатымен пере де білетін. Ақынның әр өлеңі ішкі жан дүниесінің күміс қоңырауы ғой:
Өзі айтып тұр тұрқыңның,
Бюрократ ісіңді.
Керегі жоқ сыртыңның,
Көріп тұрмын ішіңді.
Киген киім үшін де,
Толып тұрсың тасып-ақ,
Шүберектің ішінде,
Тыр жалаңаш ақымақ.- деп жазыпты ол «Бюрократ» деген өлеңінде.
Адам періште емес, небір менмін деген жанның өзінің жанының жамауы болады. Қойнында тастары, сөзінің астары болуы бек мүмкін. Осындайларға төзбеді ме, әлде ақын жаны торда торығып отырғысы келмеді ме, алдымызда жүрген абадан ағамыз талайдың қолы жетпейтін небір қызметті оп-оңай тастап кете беретін. Тіпті жұмыссыз жүрген кездері де болды. Сондай бір қапалы кезінің бірінде өзі де «Махамбеттің найзасымен» отын шығарып, жалынын лапылдатып жыр жазатын Фариза апамыз оны өзі басшылық ететін «Қазақстан пионері» журналына қызметке алды. Онымен де тоқтамай қазақтың сол бір қаһарман қызы қоймай жүріп, Алатаудың баурайында жаңа бой көтерген «Қазақфильм» деген мөлтек ауданнан дағарадай үш бөлме үй алып берді. Сәтін салғанда редакторым Құрманбек Сағындықовтың арқасында - мен, мұзбалақ Мұзафардың демеуімен Несіпбек те дәл сол жерден үй алып, курстас үшеуіміз бір ауыл болып дөңгеленіп отыра қалдық, Өз жерімізде өзіміз өгейліктің күйін кешіп жүрген біз сияқты қазақ балалары үшін бұл дегеніңіз енді бақыттың ең бір биік шыңы еді-ау.
Бұл 1977 жылдың көктемі еді. Дәукең қалған жиырма жылдан астам ғұмырын осы жерде өткізді. «Ауыл қала сыйысқан аумағына, «Қазақфильм» микроауданына» деп досымыздың өзі жырлағандай, бір жағы қала, бір жағы ала бүйрек аппорт исі аңқыған ауыл болып келетін бұл көрікті мекен ақын ағамыздың шабытына шабыт қосқаны анық. Оған оның:
«Қазақфильм»,
О, мөлтегім, сырласым,
Бар сырымды сен білесің ,мұңдасым,
Ақын біткен жырласа егер әлемде,
Тұрған ған жерін осындай қып жырласын, - деп жыр төккені куә.
Енді жазушы-журналистер сияқты серілерге, «Қазақфильмнің» «перілері» қосылып, қызығы көп, қызуы мол, бір қызылды-жасылды түрлі -түсті өмірге ендік те кеттік. Маңайымыз толған магазин, кафе, құдай-ау, сыраханасының өзі екеу. Қаладағы достарымыз бізге курортқа келгендей келетін. Кешке қарай «Қазақфильмнің» қазаны сарқ-сұр қайнап, буы бұрқырап аспанға шығып кететін. Байғұс келіншектеріміз ымырт жабыла күйеулерін «құрау-құраулап» жүріп әрең тауып, үйімізге «кіргай-кіргай» деп жүріп әрең кіргізуші еді. Шіркін, қызығы мол, қызуы зор сол күдер-ай!
Бұрынғы-бұрынғы ма, Дәукеңнің дәурені енді дүрілдеп жүрді. Оның қасынан ақын-жазушыларды былай қойғанда, сазгер Мансұр Сағатов, суретші Сахи Романов сияқты небір өнер саңлақтарын көретін болдық. Әйтеуір диірменнің тасындай дөңгеленген дүниенің ортасында Дәуағамыз жүреді теректей теңселіп. Бір күні бірер саптыаяқ сыра ішейін деп сыраханаға кірсем Дәукеңнің жанында түрі- түсі сондай таныс біреу отыр.
- Не танымай қалдың ба, мен бұрын Полат Бейшеналиев, енді қазақ еліне келіп Болат Бейсенәлиев болған арист ағаңмын,- дегені әлгінің. Сол кезде «Белый шаман» деген фильмде басты рольде ойнап оның аты аспандап тұрған кезі. Екеуін де үйге ертіп келдім. Аты белгілі артис пен ақынды қызықтап көрші қолаң жиналып, жақсы бір кеш өткіздік. Болат байеке көңілдене келе Біржан салдың «Теміртас» әнімен сарындас қырғызша ән айтып берді. Қазақтың әніне елтіп отырып өзі шығарыпты. Әттең қолмақол жазып алу ойда болмапты. Тамаша әуен еді.
Бейшенәлиев сол жолы «Қазақфильмді» қыстап кетті. Дәукең өз үйіне де жиі апарып, жора-жолдастарымен де таныстырып, ол кісіні жалғызсыратқан жоқ. Тұлпардың қадырын- тұлпар, таланттың қадырын талант біледі екен-ау деп ойлаймын осы күні. Сол Болаттың баласы Әзиз Бейшеналиев алты алашқа белгілі арысымыз Мұстафа Шоқайдың ролін жанын салып жап жақсы ойнап берді ғой. Сол жолы жүдеп келген жанына жылу берген Дәуітәлі Стамбеков арқылы қазақ еліне риза болып кеткен әкесінің де әсері болған шығар.
Бір күні Дәукеңнің үйіне Серік келді. Көлгірсу, өтірік атаулыны өлеңімен өртеп, тып-типыл қылып, атағы атқақтап жүрген поэзия перісі Серік. Кәдімгі Серік Ақсұңқарұлы. Келгені бар болсын, тұрған жеріміздің, бейнелеп айтқанда, «иті ұлып, малы шулап» қорамызға бөрі түскендей азан-қазан болдық. Күнде соғыс, күнде «бейбіт келісім». Арақ-шарап судай ақты. Басы барды- ауырттық, өңеші барды- тойдырдық. Поэзияның қос батыры әрі хас қаһармандарымен бірге жүргенімізге мақтанамыз да.
Секең кеткен соң біреу Дәукеңе «өзіңнің ақындағың одан артық болмаса кем емес, сонша неге жалпақтайсың оған» дегендей жалған жанашырлықтың жұлығын шығарды. Ақын ағамыздың онсыз да дөп-дөңгелек екі көзі қосауыз мылтықтың ұңғысына айналып жүре берсін. Беті әлем-тапырақ.
- Сен білесің бе, - деді сонсын тұтығыңқырап,- біз бүкіл отбасымызбен Серіктің аяғын жуған суға да жарамаймыз. Сөйтті де тұрып жүре берді. Дәуағам төбемізден талай найзағай ойнатып, жасын түсірді ғой. Бірақ дәл сол жолғыдай таусылғанын бірінші рет көрдім.
- Менің пірім – Сүйінбай деп Жамбыл жарықтық айтпақшы, менің пірім –Дәуітәлі, Дәуітәлі Стамбеков, - деп тебіренеді Серік болса, - Дәуітәлідей алдында адуынды ағасы болмаса, Серік Ақсұңқарұлы деген ақын да болмас еді,- деп ағынан жарылады сонсоң. Аттас зарядтар тебіседі, дейді ғой. Ал бұлардың достығы өмірдің де, физиканың да заңына бағынбайтын секілді. Көп нәрсеге өздері де бас ие бермейтін,екеуінің де «қарағайдың қарсы біткен» бұтағы екені де рас енді.
Өздері демекші, үшінші достары Абзал Бөкеновтың болмыс –бітімі бұлардан өзгешелеу. Ол бір өз арнасымен есіле ағып жатқан Есіл өзеніндей сабырлы. Ағысы астында болса керек, әйетеуір беті тыныш. Жігіттің «ботакөзін» өз басым осы Абзал ағамнан көрдім. Жанарына жақсылық тұнып, осы жүзімнің мәуесіндей мөлдіреп тұратын. «Мумин Псису» деп еркелететін оны Дәукең. Араптың ба, сондай бір атақты ақыны болса керек. Алайда үшеуі бөлек –бөлек бүршік жарып, бой көтергенімен, түбірлері арқаның торы тобылғысының түбіртегіндей бытысып, шатысып кеткен. Оларды балтамен шауып ажырата алмайсыз, ағайын!
«Ақын деген-табиғат, қысы,жазы, күзі бар, көктемі бар шуақты» деп Мұқағали көкеміз айтпақшы, Дәуағамның мінезі де мінсіз емес еді.
- Оның мінезінің өзгеруін мен салған әніне қарап болжап отырамын,- дейтін Несіпбек досымыз, - Егер ол «Япурайды» айтса рахаттанып отыра бер, «Дударайға» салса – байқа бала, ал егер «Я любил вас, любовь еще быть может» деп Пушкинге көшсе оның өзінің пушкаға айнала бастағаны, онда есің барда елің тап!
Несіпбек демекші, тағы бір әңгіме. Жүрсін Ерманов ерлеп Алматыдағы Ленин көшесінен төрт бөлмелі үй алғаны бар. Қой сойып бәрімізді шаңырағына шақырды. Ортамызда бірінші рет бас тартылды. Бәле осы бастан басталды. Оған Дәукең дәмеленгендей еді, бірақ біз оны Несіпбекке лайықтадық. Байқаймын Дәукеңнің түсі бұзылып кетті.
- Өз басыңды өзің мүжисің бе?-деп мен басу айтқансыдым. Жүрсін үшеуміз де қарағандылық екендігімізді меңзегенім ғой.
Дәукең шарт кетті. Шарт кеткені сол Фаридасын жеткетеп үйден шығып жүре бергені ғой. Ұлардай шулап біз қалдық. Не істерін білмей Несіпбек отыр. Тым-тырыс тыныштық. Бір кезде сықыр етіп есік қайта ашылды. Қайтып келген екен ғой деп қутыңдасып қалдық. Ол емес, үйге Жүрсіннің, жалғыз оғанғана емес бәрімізге көке болып кеткен Жезқазғанда тұратын Көбейсін деген ағасы кіріп келді.
- Дәуітәліге не істеп едіңдер,-деді сонсоң үстел басына жайғаса беріп. Біз болған жәйдің шет жағасын жамырасып айтып бердік. – Ол бәріңді қатырып кетті, деді ағамыз лекітіп бір күліп алып.-Түріндегі әлдебір ашуды байқап, әрі сағынып келе жатқан інімнің бірі, оны қыймай қайтадан үйге шақырдым.
- Жоқ, - деді ол лоқ еткізіп, - бара беріңіз, онда менсіз де қырттар толып отыр!
Сөйткен Несіпбек бүгінде Дәуітәлімен құда болып отыр. Құда болған да кәдімгі бауыздау құда. Мына құданың құдіретіне қараңыз, Нұрат деген ұлының таңдауы Дәутәлінің Назым деген қызына түскен ғой. Несекең қазақы салт-дәстүрдің қаспағын қырып, қаймағын ішкен ортадан шыққан көргенді адам. Алдымен бар жора-жолғысын жасап, Фарида жеңгемізге ат арытып арнайы барып қыздарына кәдімгідей құда түсіп, сырға тақты. Одан кейін Астананың төріндегі «Жеті қазына» деген мейрамханада дүрілдетіп тойын өткізді. Кәзір ол екеуміз бір-бірімізді «құда» деп қоқитып қоятынымыз бар. Сөйтіп бүкіл курс болып өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанғандай болып бір асып-тасыған қуанғанышқа кенелген едік сол күні.
Жақында Несекең Дәукең тірі болса тура 70-ке толатын күні Астанада бәріміздің басымызды қосып, арнайы бильярд жарысын өткізіп құдасының мерей тойын өзі бастап берді. Бұл бір жағынан арғымақ ақындардың бір-біріне деген құрметі де болса керек. Екінші жағынан «Назым қызымыз жаман келін болмаған-ау» деп жорып біз де бір көтеріліп қалдық. «Назым келінім әперді» деп бильярдқа бір әп-әдемі кий әкеліп жүретіні тағы бар. Жалпы осы қызының атын Дәукең өзі қойып еді. «Русланымнан айрылып құдайға наз қылып жүргенде туған Назымым емес пе» деп отыратын ағамыз. Сол кезде аты асқақтап тұрған түріктің Назым Хикметінің есімінің де ескерілгені анық енді. Жалпы ағамыздың әлемдегі ақын атаулынының атын дәріптеп жүретін әдеті еді. Мысалы менің кіші ұлым Саятты «Саят-Нова» деп еркелететін. Бұл енді әзербайжанша да жазатын армянның алапат ақыны.
Мен Дәуағамның азаматтық өміріне біраз ат шаптырдым. Ал оның шайырлығын өзі сияқты ақындар айтып, тамсана жатар. Менің білетінім оның өлеңге деген маһаббаты, ынтызары ересен еді. Кейбір ақынсымақтар отырған жерде өлеңін тықпалап мазаңды алады ғой. Дәукең болса өлеңін аса бір асыл қазынасындай қадірлеп, қимай-қимай ортаға салтын. Оны түсіну үшін тағы да өзіне жүгінейікші:
Өтірік айта алмаймын, сен осыған,
Жанымның жалындатып жарасынан.
Сәтімде өлең жазған от шығарам,
Сұп-сұйық қан мен тердің арасынан!
Айтыңызшы, ағайын, осындай қиналыстан туған жауһарын жатқа қиып, ортақ ету оңай ма енді?!
Кімге керек тірлікте қадіріміз,
Өлең десе жоқ біздің сабырымыз.
Өлең,өлең,о,өлең, тағы да өлең,
Өліп кетсек өзіңсің – қабіріміз, - деп басталыпты оның «Жұмағым мен тамұғым» деген соңғы кітабының алғашқы беті.
- Дәукеңнің соңғы демі тусылғанша ақындық қуаты сарқылған жоқ, - дейді Фарида жеңгеміз, - Тіпті әл үстінде жатқанда да қолынан қаламы түспеді. Ол жазып тұрады, мен дереу баспаханаға жеткізіп әзірленіп жатқан кітабына қосып келемін. Арманымыз -көзі тірісінде соңғы кітабын көріп кетсе екен деген жалғыз тілек. Ақыры кітаптың соңғы макетін де алып келдім-ау, әйтеуір. Оның «Мұның тысы тек қана қара болуы керек» деп қасарысып жатып алмасы бар ма?! Одан да жаманы баспаханада ондай түсті мұқаба жоқ болып шықты.Өндіріс тоқтап қалды. Баспагерлерге рахмет, сол бір қысылтаяң шақта оны да тауып, шығарып берді-ау ақыры..
Ақындардың туған күні бар да қайтқан күні жоқ, деп Қадыр ағамыз айтпақшы, ол маған әлі де арамыздан кетпеген секілді болып сезіледі. Талабы күшейіп, тамыры тартылып, таразысы қалт-құлт етіп тұрған, көз көргені көнеріп, өзегі өзгерген мынау бір алмағайып заманда табаным түзу жолдан тайып кете ме деп зәрем кететіні бар. Жоқ, Стамбеков салған сара соқпақтан, ар жолынан ауытқымауға тиіспін. Өйткені қайран да менің Дәуағам солай үйреткен!
Иә, ел-жұртына алдымен ар мен адалдық жолын аманат етіп кеткен азамат еді ол. Қайтейік енді, жетпісіңді жер астында қарсы алатын болдың-ау, достым.Тірі кезіңде бар жырыңмен, нар жүрегіңмен еліңнің жанын жылытып едің, енді бойыңдағы қалған қызуыңмен туған жеріңнің тәнін жылытып жатсың ба, бауырым!
Сәулебек Жәмкенұлы, Әділет полковнигі
Abai.kz