Сенбі, 23 Қараша 2024
Алаш арысы 7621 12 пікір 9 Қаңтар, 2018 сағат 12:09

Серке

 

 

Ғасырлар бойы тіршілік қайнарының көзі – мал шаруашылығы болған қазақтар үшін Серке қастерлі де қасиетті ұғым. Шөптің шүйгінін, судың тұнығын қуалап, маусым сайын жұрт жаңартып отыратын көшпенділер қысаңдар мен өткелдерден, сазды батпақты жерлерден, орман, тоғай арасынан қоралы қойды адастырмай бастап жүретін, жолбастаушы түлікті «серке» дейді. Әрі осы түлікке деген сенім мен сүйіспеншілігі сондай жұрт бастаған көсемдері мен шешендерін, батырларын образды тілмен «серке» деп әспеттейді. Әрі қиын қыстау кезде тағдырын сеніп тапсырады.

Тарихқа жүгінсек серкелеріміз бізді ұятқа қалдырмай тарих саханасына сан мәрте алып шықты. Көшпелі өркениеттің салтанатын ғасырдан ғасырға асырды. Атилла бабамыздың тұлпары қос құрлықты көктей өтіп, Дунайға барып тұмсық тіреді. Тұмар ханшайым өңмеңдеп келген басқыншыны тәубасына түсіріп, береке мен елдіктің символына айналды. Мөде қағанның қасиетті жер үшін малын, жарын, жанын тәрк еткен рухы бүгінге дейін бізді жебеп келеді. Күлтегін мен Тоныкөктің мәңгілік тасқа ойылып жазған өсиеттері қазірге дейін қауіптің қайдан келетінін меңзеп тұр. Шыңғысхан мен Жошы болып жалғасқан жасақ заңы әділет бен ерліктің символы болып санамызға орнаса, Ақсақ Темір, Едіге, Тоқтамыс үштігінің жанталасы, бізге сыздаған өкініш пен ұмтылмас ғибарат қалдырды. Қозыбасында ту тіккен Жәнібек пен Керей хан өліара кезеңде ел үмітін ақтаудың үлгісі болды. Кенесары ханның жаужүректілігі мен жанкештілігі әлі де қанымызды қайнатып,  намысымызды жаниды. Абайдың данагөйлігі мен Әлихан бастаған Алаш арыстарының ағартушылық бағыты ғасырдан ғасырға жалғасып өз жемісін беруде.

Теңіз жолының ашылуы, ғылым мен өркениеттің ғарыштап дамуы  отырқшы жұрттардың құмалағын төрттен қойды. Көшпенділер тарих саханасынан шегінді, зеңбіректің күркіреген үніне үн қосқан от арбаның дүрсілі мойынымызға отарлықтың қамытын мықтап кигізді. Отаршылар бізді үш жүзге бөлді. Сұлтан – сұлтан қылып қырқыстырды. Қарадан шыққан сұлтандар параның сұлтанына айналып, халық жүрегінде қалыптасқан саяси иниститутың қадыр қасиеті кетіп, ақыры бас-басына би болған, берекесіз болыс-болыс ел болып, ұсақталып кеттік. Билеріміз арызқой рубасыға, батырларымыз ауыл үй арасындағы барымташыға айналып кетті.

Көресіміз әлі алда екен, Аврораның дауысымен жершарына қызыл індет тарады. Соғыс, аштық, репреция бір-біріне жалғасып, қоғамдық құрлысымыз мүлде бұзылды. Ел болуға өресі жетпесе де бір-бір рулы елді іргесін шәйқалтпай ұстап тұрған ауыл ақсақалдары мен рубасылары Итжекенге айдалды, атылды. «Бастан құлақ садаға» деп, жат жұртқа жан сауғалап кетті. «Малым жанымының садағасы, жаным арымның садағасы» деп білетін бекзат ұлт жантық пен жалтақтың ауызына қараған соң мүлде танымастай өзгерді. Уәде – Құдайдың сөзі болмай, тек жүрсең тоқ жүресің деген тоғышар, масыл идея әр саланы кеулеп алды.

Бір халықтың өткені түгелдей мансұқталды, жазу өзгерді, сана тұманданды. Ортаршылардың мүддесіне қызмет істеп, солардың жыртысын жыртатын, өз халқын отқа итеріп, қасапханаға бастап баратын жаңа «серкелер» пайда болды. Бұл үрдіс сахара халқының саяси өмірінен ғана емес, тұрмыс-тіршілігінен де көрніс тапты. Байырғы тарихи қалалар Түркістан, Аягөз, Мерке, Қапал, Жаркент сияқты қалалар аудан дәрежелі қалаға түсірілсе, Омбы, Орынбор, Ташкент сияқты қазақтың саяси-мәдени орталығы болған ірі қалалар көзімізден де көңілімізден де алыстатылды. Оның есесіне қазақтың қазба байлығын игеруге арналған, жергілікті ұлттың өткенін еске түсірмейтін, болашақ мәдениетіне назар аудартпайтын қылмыскерлер мен жераударғандардан құралған шағын қалалар пайда болды. Отаршылардың қорлығымен индустриалды мәдениет өз еркімізден тыс өмірімізге дендеп кіріп, ет комбинаттары мен нан шығаратын зауыттар әр қалаға салынды. Сонымен бір қора қойды қаспаханаға бастап кіріп, өзі сытылып шығып кететін арамза серкелер күнделікті өміріміздің бір көрнісі болды. Бұл құбылысты санасы уланған, рухы сынған отар халық, әрине, сезінді, үнсіз көнді.

«Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады» деген рас екен. Тәуелсіздігімізге  ширек ғасыр асса да, ішкі-сыртқы саясатымызда арамза серкелер әлі де әр қырынан шаңдатып жүр. Олардың көбі тіл мен ділдің, дәстүр мен діннің, жер мен көші-қонның «жанашыры». Жазушы Мағауин айтқан «Жау қашқан заманның батырларының» көбейгені соншалық, аттарынан ат үркеді, күйсеуінен кісі жаңылады. Тер төгіп, адал еңбегімен елге қызмет істеу емес, буыны жоқ қызыл тілін безеп, ел үстінен күн көру, игі жақсыны, лауазымды тұлғаны жағалап түскен суретін әлеуметтік желіге салып, ұпай жию, әрі сол суреті арқылы қарабасының, жақындарының мәселесін шешу қазіргі арамза серкелердің күнделікті әрекетіне айналып кетті. Бұл жаман әдеттің обадай жайылуына, әсіресе, шеттен келген қандастардың ішіндегі санаулы шіріген жұмыртқалардың үлесі көбірек. Ең өкініштісі, жастарымыздың арасынан осыларға еліктеген өлермен, атаққұмар, өзімшіл, сыңарезу, бір кәсіпті меңгермеген даңғазашылдардың көбеюі дер едік. Олар болмашы жақсылығын әлеуметтік желіде  жарнамалап, жанығады да жүреді. Өз мүддесіне келгенде әрқандай құндылыққа түкіруге даяр. Сөздің нарқын, істің жөнін пайымдамай аттанға, жаға жыртуға, бос байбаламға, себепсіз біреуге күйе жағуға тумай жатып жетіліп алыпты.

Алайда біз үлгі тұтатын, идеал санайтын марқасқа серкелер бізде жоқ па? Әрине, бар. Барлық нәубет пен зұлматтың тепершін көріп, тезінен өтіп, осы ұлан байтақ топырақты сақтап қалған қараорман қазағымыздың әлем мойындап, халық бойтұмары санайтын небір саңлақ тұлғаларды айтпай тұра тұрып, шетел қазақтарынан шыққан үш тұлғаны айырықша атап өткіміз келеді.

Сөз басын Жағда Бабалықұлынан бастайық. Бұл кісі 1917 жылы қарашаның бірінде қазіргі ҚХР Іле қазақ облысы, Тарбағатай аймағы, Толы ауданы, Құжыртай деген қыстақта дүниеге келеді. Шәуешек қаласында бастауыш, одан кейін орталау мекетепті бітірген соң жоғары білімді сол кездегі өлке орталығы Үрімжі қаласында алады. Студент кезінде ұлт азаттық қозғалысына қатысқаны үшін түрмеге түседі. Іледе көтеріліс жеңіске жетіп, Үш аймақ үкіметі құрылғанда, Қобықсарыда жасақталған партизандардың қолбасшысы болады.

Шынжаңда Қытай коммунистерінің билігі орнағанда өз саптастарымен бірге жаңа биліктің құрамына кіріп, жоғары дәрежелі әскери париялық қызметтерде болады. Іле қазақ облысы құрылатын болып, даярлық жұмыс тобы құрылғанда, сол топқа жетекшілік етеді. Ақын, қоғам қайраткері Құрманәлі Оспанның  жазуынша, Бұратала Моңғол облысын қоспағанда, бүгінгі Іле қазақ облысының территориялық құрлымының қалыптасуына Жәкеңнің еңбегі ерекше сіңген. Дайындық жұмыс тобындағы отыздың ар жақ бер жағындағы жігіттерге Жәкең ұйытқы болып, бұрынғы сақтардың, үйсіндердің, ғұндардың ұрпақтары ретінде қазақтар өз атамекенінде отыр, сондықтан үш аймақты толық қамтитын облыс құру қазіргі заңға сыйымды, тарихқа деген құрмет екенін дәлелдеп берген.

1956-1958 жылдары Іле қазақ облысының әкімі болып тағайындалғанда қара шаңырақ Қазақстаннан алыстап кетпеу үшін қытай қазақтарының жазуын төте жазудан кириллица жазуына өзгертуге пәрмен жасаған. Басқаның қабағына қарап жүріп, ұлт тұтастығы, ұлт бірлігі үшін бұлай қызмет істеу кез-келген қайраткердің қолынан келмесе керек. Осы еңбегі үшін 1958 жылы жергілікті ұлтшылдар мен оңшылдарға қарсы науқан басталғанда алдымен нысанаға ілініп, қызметтен қуылып, еңбекпен тарбиелеу лагеріне жіберіледі.

1961 жылы лагерден босаған соң отбасын алып, көптеген жанкүйерлерімен бірге Советтік Қазақстанға өтеді. Совет одағының отарындағы Атамекенге келгеннен кейін саяси сенімсіз адам саналған кешегі облыс басшысы мал бағады, үй салады, почта тасиды. Сонда да мойымай алдағы күннен үмітін үзбейді. 1963 жылы «Мәдениет және тұрмыс» журналына жұмысқа тұрып, саналы ғұмырын қазақтың этнографиясын зерттеуге арнайды. Бұл жылдар советтік мәдениет пен иделогияның күшіне мініп, кәрін төгіп ұлттық мектептер жабылып, ұлтсыздану үрдісі әбден шегіне жеткен кез еді. «Саяси сенімсіз адам» сол кезде  қара басының қамын күйіттемей, ұлт келешегіне жұмыс істеді. Қазіргі заманауи тілмен айтсақ, ұлттық кодты айқындауға барын салды. Оның дәлелі: «Қырандар», «Саят», «Қамшыгерлік», «Мал ауыруларының сырлары» атты кітаптарының дүниеге келуі еді.

Өткен ғасырдың 80 жылдарының соңында қайта құру басталып, саясат кеңейгенде жасының ұлғайғанына қарамай, саяси жұмыстарға белсене араласты. Желтоқсан көтерілісін ақтау, жетім бұрыш жағалаған қазақ жастарының қалаға орналасуы, жер алуы сияқты ұлт тағдыры талқыға түскен сәттерде досы Сәбетқазы Ақатайдың қасынан табылып, белсенділік көрсетті. Қазақстандағы алғашықы демократиялық қозғалыстың басы саналған «Азат» қозғалысын құрушылардың бірі болды.

2010 жылы қасиетті Алатаудың етегінде 93 жасқа қараған шағында ел деп соққан есіл жүрек мәңгілік тыныс тапты. Кетерінде қабіріне «Тәуелсіздікті көрдім. Мәңгілік тілеймін!» - деген сөзді жазуды аманаттап кетті.

Екінші үлгі тұтар тұлғамыз – Халифа Алтай. 1917 жылы 18 желтоқсанда қазіргі ҚХР Іле қазақ облысы, Алтай аймағы, Шіңгіл ауданында дүниеге келген. Балалық, жастық шағы  Шынжаң тарихындағы бұлғақ заманға тура келіп, 16,17 жасында ауған елге ілесіп құс ұшып, құлан жортпас Тарым, Сайдам ойпаттарын басып, Гималай асып Пәкістанды паналайды. Соңында түркі халықтарының ішінде бірден бір тәуелсіз ел Түркиядан пана табады. Қаншама қиындық көріп, жат жерде жүрсе де тілін, ділін ұмытпай қазақы болмысын сақтап қалды. 1970 жылдардан бастап, өз тізгіні өзіне тимесе де, исі қазақтың бірден бір үміті мен құбыласы болған Қазақстанмен барыс-келіс жасай бастайды. 1991 жылы Қазақстан өз Туелсіздігін жариялағанда Түркиядағы жайлы тұрмысын тастап, жасының ұлғайғанына қарамай, отбасын алып, Атамекенге ат басын тірейді. 70 жыл бойы жүйесі бұзылмаған атеистік тәрбие, күйреген экономика, жоғалған сенім адамдардың санасына ауыр салмақ салып, қоғамдық, тұрмыстық қайшылықтар әбден асқынған еді. Ұлттық рухты көтеру үшін ұмытылған дәстүрге қайту, мансұқталған дінді қайтару кезек күттірмейтін міндетке айналды. Міне, осы кезде Халифа ақсақал Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы жанынан құрылған «Инабат имандылық тәрбие» орталығына төраға болып, көз майын таусып, «Құран кәрім» мен «Кәлам шәріпті» аударды. Бұл еңбектер 1,5 миллион таралыммен таралып, иманға сусаған халықтың ықыласына бөленді.

Ел мен жердің тарихынан сыр шертіп, зұлмат заманның құпиясын ашатын «Қазақ түркілерінің шежіресі», «Естеліктерім», «Атажұрттан Анадолыға дейін», «Алтайдан ауған ел» атты кітаптар жазып, ұрпаққа орасан зор рухани мұралар қалдырды.

Үшінші ұлт серкесі болуға лайықты тұлға – Зардыхан Қинаятұлы. 1940 жылы Моңғолияның Қобда өлкесінде дүние есігін ашқан. 1965 жылы Моңғолия Мемлекеттік иниститутының тарих факультетін, 1975 жылы КПСС орталық комитетінің жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясының аспирантурасын бітірген, тарих ғылымдарының докторы. 1975-1985 жылдары Моңғолия Кәсіп одағы орталық комитетінің хатшысы, 1990-1992 жылдары Моңғолия министрлер кеңесі төрағасының орынбасары, 1992-1993 жылдары Моңғолия тұрақты парламентінің вице-спикері, 1993-1994 жылдары Моңғолияның Тәшкеніттегі бас консулы, 1994-1997 жылдары Моңғолияның Қазақстандағы елшілігінің кеңесшісі сияқты атағынан ат үркетін лауазымды қызметтерді атқарды.

1997 жылдан бастап Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының Ш.Ш.  Уәлиханов атындағы  Тарих және этнология иниститутында ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі міндеттерін 2017 жылы қаңтар айында қайтыс болғанша абыроймен атқарды.

1990-1991 жылдары Моңғолиядағы «Мамық төңкерісінің» саяси жетекшілерінің бірі. 1992 жылы демократиялық жаңа Конуститутцияның авторларының бірі, Моңғолияның Елиьцині атанған осы бір саяси тұлғаның өмір жолына қарап тұрып, таңданбасқа қақың жоқ. Қарабасының қамын күйіттесе, Моңғолияда шалқып өмір сүрер еді. Жаңа Конуститутция мен «Мамық төңкерісінің» авторының бірі бұл күнде қазба байлықпен әлемнің назарын аударып отырған елдің бір майлы пұшпағын ұстап қалып, бала-шағасын алтынмен аптап, күміспен күптер еді. Немесе, Америка мен Европаның бір жанға жайлы елінде жатып алып, Атамекен Қазақстанға дұғай-дұғай сәлем айтып, тегін ақыл айтар еді. Топтық жиналыстарда мінберге жүгіріп,  көзге түсуге тырысар еді. Әкенің белі, ананың сүтімен дарыған тектілік пен қарапайымдылық, инемен құдық қазып тапқан ұшан-теңіз білім, елінің ертеңіне деген жауапкершілік, соның бәрін тәрк еткізді. Еліне бәлсінбеді, міндетсімеді, емен есіктерді жағалап сұранбады. Алматыдағы ықшам аудан Ақсай мен Ұлттық академияның арасында автобуспен қатынап, табаны күректей 20 жылды бір күнгідей өткізді. Оның есесіне қазақ тарих ғылымы «Жылаған жылдар шежіресі», «Шыңғысхан және қазақ мемлекеті», «Қазақ мемлекеті және Жошы хан», «Моңғол үстіртін мекен еткен соңғы түрік тайпалары ІХ – ХІІ ғғ.», «Моңғолиядағы қазақтар», «Найман хандығы: тарихы және мәдениеті ХІІ-ХІХ ғғ.» сынды монографиялармен толықты. Қазақта мемлекет, шекара болмаған деген сандырақтарға дәлелді тойтарыстар берді. Қазақ мемлекетінің тарихын қайдан бастау керектігі жөнінде консепция жасалды.

 

Осы үш серкенің өмір жолы мен шығармашылық тарихына үңілсеңіз, «әр қазақ менің жалғызым» деген үн есіп тұрады. Олар кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол деген мақалды айғайлап, аттандап айтқан жоқ. Өз талдаулары арқылы дәлелдеді. Еңбектері арқылы көрсетті.

«Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын» дегенді Абай атамыз тегін айтқан жоқ. Біз дақпыртқа сенеміз, айғай аттан естісек қиқулап кетеміз, ісімізден сөзіміз көп. Тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге ширек ғасырдан асты. Нарық қалыптасты. Әлемдік өркениеттің стандартына қарай жол тартып барамыз. Ұлан байтақ жеріміз, жаттың көзінің құртын жеген байлығымыз бар. Осыған ие болар, игілігін көрер рухы биік, парасат пайымы жоғары, ұлтын шексіз сүйетін ұрпақ керек. Елбасы 2017 жылдың 21 маусымда Дүниежүзі қазақтарының 5 құрылтайында «Қазақтардың бір ғана Отаны бар, Ол – Қазақстан» деп қадап айтты. «Құйылсын көшің, жиылсын есің» деген ән кеңістікте қалықтап жүргелі қаншама уақыт болды. Көші-қонға қолдан жасалған кедергілер алынып тасталды. Енді не тұрыс? Мұхиттың арғы жағында жатып алып арзан ақыл айтпай, демалыс айында, жиын-тойларда келіп шаңлатпай тізгініңді бері бұр. Ұл қызың осында келіп теңін тапсын, немере-шөбереңнің кіндігі ата-жұртта қиылсын. Тапқан табысыңды, зейнетақыңды осында жұмса. Дауысыңды өз көсеміңе бер. Осынау қазақтың бір мүшесі бол.

Жастарымыз дау қумай, дақпыртқа алданбай, нарықтың заңын, техниканың тілін игеріп, бір-бір кәсіптің басын ұстаса, арамза мен адалдың, шындық пен жалғанның ара жігін айырып, өмірден өз орынын табар еді. Мәңгілік елдің болашағы сенен басталады, жас толқын. Осыны жадыңда ұста!

Омарәлі Әділбекұлы

Abai.kz

 

 

12 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5373