Сенбі, 23 Қараша 2024
Дидар-ғайып 5665 0 пікір 12 Қаңтар, 2018 сағат 09:20

Қызыл алаңдағы қазақтар: Қонаевпен бірге түскен сурет

 

Алматы облысы Райымбек ауданындағы Қызыл шекара ауылының  тұрғыны, зейнеткер Күлдария Алтынбекованың үйіндегі үлкен фотоальбомның бір ерекшелігі – Cовет заманында шыққан жай альбомнан қарағанда көлемі үлкен. Арнайы тапсырыспен жасалғандығы көрініп тұр.

– Біз  жоғары  сыныпта оқып жүрген кезде елімізде  қыз-келіншектер  темір  тұлпарды тізгіндеу науқаны басталған  еді. Ауыл шаруашылығының  түрлі  саласында техниканың тілін меңгерген қыздардың қатары көбейгенде  біздің   ауылдан Гүлбара Бәшебаева да  суырылып шықты.   Аз уақыттың ішінде    «К-701» маркалы алып кемені игеріп, көбімізге үлгі көрсетті.

Мен  де 1969 жылы мектеп бітіріп, «УМ-80», «Ум-50» маркалы Беларусь тракторының  рөліне отырдым. Алғашында қиын болғанымен, кейін  бір кісідей меңгеріп  кеттім. Сол жылдан бастап, КСРО тарағанша,   трактордың рөлінен түскен жоқпын. Қарбаласқа толы шаруашылықтың  жұмысы жыл он екі айда бітпейтін. Оған да үйрендік.  Еңбегім ескерусіз қалмады, елдің құрметіне бөлендім

Ал мына фотоальбомға келсек, 1981 жылы Мәскеуде өткен СОКП-ның ХХҮІ сьезіне Алматы облысынан 30-ға жуық белсенді, соның ішінде сол  кездегі Нарынқол ауданынан  мен,  көрші Кеген ауданынан  атақты шопан, Социалистік Еңбек Ері Жолсейіт Молдасанов делегат болып бардық.    Альбомды көргендер «сіз қандай бақыттысыз, мұнда кімдер жоқ. Әр сурет бір-бір тарих ғой» дейді.  КСРО-ның үлкен форумына  Қазақстаннан 200-ге жуық делегат  қатысты. Олардың  ішінде  елге  танымал тұлғалар аз емес еді. Соны көргендер менен әңгіме сұрайды. Содан бері қанша жыл, тура 37 жыл өтіпті, - деп, Күлдария апай  өмір жолын осылай  әңгімелеп берді.   Фотоальбом партияның ХХҮІ сьезіне қатысқан қазақстандық делегаттарға арналыпты. Альбомнан  еліміздің  мақтанышы болған     Кеңес Одағының Социалисттік Еңбек Ерлерінің, белгілі қоғам қайраткерлерінің, танымал әртістер мен ақындардың  суреттерін көріп,  өткен жылдарға шегініс жасағандай болдық.

Альбомнан да  Сьезд сарайы, Ауыл шаруашылық  көрме залындағы қазақстандық өнімдердің көрмесі және басқа суреттер орын алған.   Ендігі бір сурет  Мәскеудің Қызыл алаңынан түсіріліпті. Көп адамдардың  ортасында  Дінмұхамед Ахметұлының  күлімддеп тұрған  бейнесі  ерекше көрінеді.

- Альбомдағы суреттердің ішіндегі құндысы – осы. Димаш ағаны Алматыдағы үлкен шараларға бірнеше рет қатысқанымда   көрген едім. Бірақ   осы  жолы  ол кісінің қасында тұрам деп ойлаған жоқпын. Республиканың әр түкпірінен келген делегаттар Мәскеудің Қызыл алаңында болдық.  Сонда Қазақстан басшысы бізбен келіп амандасып,  ескертіш үшін суретке түскен еді.  Димаш ағаның  сол жағындағы ақ орамалды – мен,   ал оң жағындағы – Қарғалы тоқыма фабрикасының    тоқымашысы,  Социалистік Еңбек Ері Күлдария Тоқсейітова.

Сонда мені Димекенің   жайдары жүзінде кеңпейілділік  пен сыйпалық  және халықпен  қашанда бірге жүріп, тең дәрежеде  сөйлесуі  таңдандырды. Қонаевпен тағы да бірге түскен суретім болған еді. Оны мектеп оқушыларымен болған кездесуде  жоғалтып алдым. Қатты өкіндім, амал не, табылмады.  Сьезде атақты механизатор, Социалисттік Еңбек Ері Кәмшат Дөненбаевамен танысып, әңгімелекен едім.  Әріптесі екенімді айтқанымда,  Кәмшат  апай  еңбектегі жетістігіме қуанды. Қандай керемет адам, кішпейілдігі мен қарапайымдылығы  қатты ұнады.

Апай   тағы бір  қорапшадан сарғайған газет-журналдарды алдыма жайып салды. Бәрі темір тұлпарды  тізгіндеген Күлдария апай  туралы   республикалық, облыстық, аудандық басылымдарда жазылған  материалдар мен фотосуреттер....

Ал  біз көрген  үлкен фотоальбом сьезге барған делегаттар үшін арнайы жасалып,  әркімге  ескерткіш ретінде сыйлаған  сый екен. Альбомның  іші жатқан тарих. Онда Димаш ағадан басқа Жұбан Молдағалиев,  Ыдырыс Ноғайбаев, Социалистік Еңбек Ері Жолсейіт Молдасанов,   қоғам қайраткері Заманбек Батқалханов, Олжас Сүлейменов, Сапар Байжанов сияқты ұлтымыздың  мақтанышы болған  белгілі  тұлғалардың  кездесе бермейтін бейнелері сақталған.

Жексен Алпартегі

Abai.kz

                                     

 

 

 

 

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434