Қытайдағы қазақтардан «құтылдың», Қазақстан!
Қытаймен арадағы тоң қабақ, томсарысқан жүзді жылытқан саясаткер Назарбаев болды. Нұрекең қазақ билігі қолына еркін тимей тұрған кездің өзінде-ақ қыр астындағы көрші елмен ендігі қарым-қатынастың көшін түзеуге кірісіп кеткені есімізде.
Ал Тәуелсіздігімізді төрткүл дүниенің жұрты тегіс танып, мойындап бастаған тұста Назарбаев ҚХР-дың сол кездегі төрағасы Жаң Зымынмен достық рәуіште бірнеше рет кездесіп, шекара мәселесін шешуді батыл қолға алған болатын. Жарты әлемді жалынан ұстаған КСРО өзінің отты, ошақты орнына күрмеуі күшті, түйіні қатты түрлі-түрлі келеңсіздіктерді қалдырып кеткені белгілі. Соның бірі, бірі ғана емес, бірегейі – көрші елдер арасындағы шекара сызығын белгілеп алу еді. Тәуба, Қазақстан РФ-мен де, соның ішінде ҚХР-мен де араға алабағандар тұрғызып, алыс-беріс пен барыс-келістің шегін нақтылаған жайы бар. Шекарамен бірге даңғайыр ұлы даласы бар Қазақстан үшін сол кезде сырттағы қазақтарды Атажұртына оралатып, жан санын арттыру да күн тәртібіне қойылған еді. Оның да реті табылған. Жұмысшы, еңбекші күшін елге тарту деген желеумен Қазақстан Моңғолиядағы бауырларын шақырды.
Несін айтасыз, тоқсаныншы жылдардағы замананың қиындығы мен күрделілігіне қарамастан Баянөлгей, Қобда бетінен бері қарай құйылған көштің сарыны уағында бар қазаққа жетті. Жаң Зымын төрағамен бек сыйластығы мен адал достығын пайдаланып Нүрекең Қытайдағы қазақтардың да елге оралуына мүмкіндік жасап берді. Жаң Зымын төрағадан кейінгі бас хатшылар да Назарбаевпен жылы қауышып, қазақ көшінің алдын тосып, көлденең кедергі жасаған емес. Өкінішке қарай, кедергіні Қазақстан Үкіметі, Қазақстанның Көші-қонға қатысты заңдары жасап бақты. Соның ең сорақысы – Соттылық туралы анықтама болды.
Нақтылай айтсақ, Қазақстанға көшіп келіп, біржола қоныстануға бел буған этникалық қазақ өзі туып өскен елден (мысалы, Өзбекстаннан, Моңғолиядан, Ресейден, ҚХР-дан, т.б.) сотталмағаны туралы, заң бұзып, бұзақы, содыр атанбағаны туралы анықтама әкелуге міндеттелді. Әлгіндей талап Өзбекстан мен Ресейден, Моңғолиядан келетін қазақтарға көп қиындық тудырмаған сияқты, ал, Иран мен ҚХР-да өмір сүрген қандасымыз қара жерге қарады да қалды. Неге десеңіз, Иран жағы ондай анықтаманы түсіне алмады, ҚХР сотталған адамын сыртқа жібере алмайтындығын айтып бет бақтырмады.
Сөйтіп қолында ҚХР-дың қызыл төлқұжаты бар (төлқұжат Қытайда заң бұзбаған адамдарға ғана беріледі), алайда Сотталмағаны туралы анықтаманы еш мекемеден ала алмайтын бауырларымыздың Бабақонысқа бетбұрған көші бірден іркілді. Осы жайтты айтып қазақ зиялысы, «Abai.kz» порталы бастаған ұлт ісіне жанашыр қазақ баспасөзі күнде күңіренді. Тиісті мекемелердің жетесіне жетуі тиіс сөзді жеткізіп тұрып жазды, көрсетті. Бірақ, мәлін түстес бояуға мұртын малып алған Үкімет миығынан күлді де отырды. Қала берді Жаңаөзен оқиғасын әкеліп ораламандарға жапты. Сонымен қай тараптан болса да көш мүлдем тоқтай бастаған тар кезеңде биліктің бұл пәрменіне қуанып, «құтты болсын» айтқан бір қариямыз: «Наймандар, сендер сол тұрып жатқан жердің иесісіңдер. Тұғырыл ханның ұрпағы сендер боласыңдар. Көшпеңдер, отыра беріңдер сол отырған жерлеріңде!» - деп ұран тастады. Алайда, «ұраңқай» қосында отырып алып ұран тастаған қариямыздың бәтуасы жыл айналмай быт-шыт болды. Быт-шыт болатын себебі: Ресей Украинаның шығыс аймағына басып кірді де, өзінің империялық азуындағы бар тісін ақситып тұрып көрсетті. Ол азудың ойдақ-сойдақ тісінде қазақ жерінің бір пұшпағын тістей кетсем деген тілек барын «абыз» шалдан басқамыз түгел байқадық та, байбайлап қазақты, қазақ көшін іздей жөнелдік. Заңымызды да түзеп, жеңілдіктерді көбейттік. Тағы да түзеу үстіндеміз. Енді...бұндайда қазақ көші құйылғанның үстіне құйылып беруі керек еді ғой! Жоқ, үнсіздік! Өйткені, «абызымыздың» дегені болып, Қытай билігі қытайдағы қазақтардың етегінен ұстап, «жалбарынып» жібермей жатыр. Осы күні әлеуметтік желілер мен еркін ақпарат көздерінен ҚХР-дың батыс аймағы – Шыңжаң Ұйғыр Автономиялы ауданынан ұсталып, қамалып жатқан қазақтар турасындағы ақпаратты күнделікті кездестіреміз.
Ұсталып жатыр, қамалып жатыр, қытай шеріктерінің қолынан қаза тауып жатыр, Қазақстаннан алған төлқұжатын Қытай билігі тартып алып жатыр... қысқасы алатопалаң. Маоның заманындағы Мәдени төңкерістен бір кем емес. Қазақстан Үкіметі, әрине, бұл сұмдықты Қытайдың ішкі ісі деп үндемейді, Сыртық Істер министрлігі қопаңдады да қойды. Дәрменсіз. Дүниежүзі қазақтарының 5 құрылтайында Шыңжаңдағы қазақтардың басындағы ахуалды естіген Елбасы да тығырыққа тіреліп қалған сияқты.
Қалған үміт – халықаралық беделді ұйымдарда. Сол тараптан бір қозғалыс болмаса, Қытайдағы қазақтардың күні қараң.
Қытай өкіметі бәрін қойып, қазақ баласының ұлтын «ханзу» деп жаздыруға пәрмен қылып жатқанын естиміз. Рас болар. Қытай құрсауындағы қазақтар қазір күнде таңартең, кешке ханзу тілінде саяси әндер айтып, сабақ алуда. Үйіндегі, мекен-жайындағы ұлттық өрнектерден ада болуда. Си цзиньпинді «әкем» деп сөйлейтін белсенді қазақ әйелдері төбе көрсете бастаған. Екі жүзді сатқындар көбейген. Қазақ бірінің үстінен бірі арыз айдап, тыңшылық жасауға кіріскен. Сөйтіп, амал кем, бір жарым миллион қазақ қор болып, қорлықта кетіп барады. Қысақасы, «қытай», «қытай» деп бөзек қылып, жақтырмаушы едің, енді саған Қытайдан келетін қазақ жоқ, Қазақстан! Құтылдың «пәлелерден»! Бұндай жағдайда басқа не деуге болады?..
Abai.kz