Сенбі, 23 Қараша 2024
Дат 5095 42 пікір 15 Қаңтар, 2018 сағат 11:54

«Қамқоршылар» қайда қалды сол кезде?

Сонау 1986 жылдың желтоқсанында Ресейден ұшақпен алдырған қарақұрым жендеттер қазақтың қыз-жігіттерін қорлап, зорлап, өлтіргенін өлтіріп, тірісін итке талатып жатқанда қазір ақсақал атанып, елдің беткеұстары болып жүргендердің талайы қазаққа қарсы қанын ішіне тартқан қараниет хатты мақұлдап, қол қойғанын  көзіміз көрді. Солар кешегі Жаңаөзенде қолында қару түгіл қу таяғы жоқ бейбіт халыққа оқ атылғанда тағы да жығылғанға жұдырық дерлік сөздер айтқаны һәм көз алдымызда. Өзі академик, баласы қазақты үш тілді ұлтқа айналдыру жолында аянбай еңбек етуші Кенжеғали Сағадиевті қойыңызшы, ал ең бір «гуманная профессияның» өкілі актер Асанәлі Әшімовтің сол Жаңаөзендегі тарихи қасіретті шақта ақсақалдық ұстанымы қандай болғанын «Жас Алаштан» оқығанда өз басым өйтіп «ақсақалдық» жасқа жетпей-ақ желкем қиылса қиылсын деуге шақ қалдым.

Сол жасы 80-нен асқан Асекем, 70-тен асқан Нұрлан Оразалин мен Смағұл Елубай, Сұлтанәлі Балғабаевтар жақында әлде баспасөз конференциясы ма, әлде бір топ адвокаттың кеңесі сияқты ма, бірнәрсені өткізіп, онысын теледидардан көрсетті. Бар ұққанымыз – бұл жиын содан бір-екі күн бұрын ғана М.Әуезов атындағы драма театрының басшысы Ерлан Біләлдің парақорлық, жемқорлық деген кесапатты іс кезінде ұсталғанына орай өткізілуде екен.

Өз басым Ерлан Біләлді сонау бір жылдары теледидарда жүргізуші болып жүрген кезінен сырттай ғана білемін. Оның актер екенін естігенім болмаса, бір рөлді керемет сомдапты деген адамды көрген емеспін. Оның 1,5 миллион алған, алмағанында да шаруам жоқ. Және оны пара алғаны үшін соттап түрмеге қамауды да қолдаушының бірі емеспін. Өйткені, арғы жағы Ақорда, бергі жағы толып жатқан министрліктерде миллиардтап жеп, жемегенін шетелге тығып жатқан миллиардтардың қасында Ерлан алған 1,5 миллион теңге қайыршының қаражатындай ғана ғой! Әңгіме басқада.

Осы жиында Асанәлі Әшімов, Нұрлан Оразалиндердің, Смағұл Елубайлардың Ерлан Біләлді сонша жақтап, сонша періштедей пәк қып шыр-пыр болып айтқан сөздерін, әнебір әйелдің ең бір жақын адамы апаттан опат болғандай  еңірегенін тыңдап отырып, мен «бұл қалай» деген ойға кеттім. Апыр-ау, деймін іштей, осыдан біраз уақыт бұрын ғана қазақтың жері сатылмасын да, жалға да берілмесін деп атыраулық қос боздақ Талғат Аян мен Мақсат Боқаев жанын шүберекке түйіп, күреске шыққанда не Асанәлі ақсақалдың актер болып, не Нұрлан Оразалиннің Жазушылар Одағының төрағасы болып оларды жақтап бір ауыз сөз айтпақ түгіл, үндері шықпай қалып еді ғой. Бұл «қамқоршылар» сол кезде қайда болды? Ау, деймін тағы да, қазақ жерін саудаға салуға қарсы ел ішінде талай-талай жиын, кеңестер өткізілді, бірнеше уәлаятта жұрт көшеге митингіге шықты. Бұлар сонда неге жақ ашпады, бұлар сонда қайда жүрді?

Қазақ тілінің – өз елінде әлі де толық  құқына ие бола алмай келе жатқаны, Үкіметтегі жиындар орыс тілінде өтетіні, қазақ тілін орыс тілі шұбарлап, енді ол аз болғандай сәбилеріміздің миын үштілділікпен аталаға айналдырып жатқанымызға қарсы Мұхтар Шахановтың қаншама жиындар өткізіп, содан еш нәтиже шықпай жатқанына 26 жыл  болды деп, қалың қазақ наразылығын айтып жатқанда да бұлардың үні шыққан емес еді ғой. Әлде олар ол кезде басқа жақта жүрді ме?

Қазақ даласында Ресейдің бірнеше полигоны әлі де жұмыс істеп, «Байқоңырдың залалы мен зардабы аз болғандай жақында Қостанайдың Жангелдин ауданындағы 76 мың гектар жерді халықтың келісімінсіз Ресейдің әскери зымырандарын құлатуға әлдекімдер беріп жібергені туралы жұрт шуылдап ренішін айтып жатқанда бұлардан тіршілік белгісі білінген жоқ еді ғой деймін (тағы да іштей). Қазақтың бұдан басқа да ұлттық мәселелері қозғалып жатқанда да бұлардың «қызу атсалысқанын» көрген де, естіген де емеспіз. Сонда бүгін Ерлан Біләл деген бір жігіт әлде аңдамай, әлде басқа бір себеппен қылмыс жасап, оны өзі рас деп мойындап отырғанда, баяғы 86-ның желтоқсанында оянбақ түгіл жастарды қаралаған хатқа қол қойған Асанәлі Әшімовтің бүгін қандай патриоттық сезімі оянып кетті деймін (тағы да іштей). Оған қосылып Нұрлан Оразалинді үйреншікті екпінмен жаттанды болса да «жан тебірентерлік» сөздер айтқызып отырған не себеп? Смағұл Елубай мен Сұлтанәлі Балғабайды пара алғанын өзі мойындап отырған адамды сонша қорғаштап сөйлетіп отырған қандай күш? Ау, осының бәрін тексеретін, тергейтін, содан қорытынды шығарып әділ үкім айтатын заң орындары бар емес пе, бұл не  шыр-пыр болу деймін (тағы да іштей)?.. Ол аз болса, «Апыр-ау, осы театр ұжымындағы әртістер мен актерлер арасында тұтанып кеткен бұл дауға араласатындай Нұрлан Оразалинге, Смағұл Елубай мен Сұлтанәлі Балғабайға не қажет болды деп қоямын тағы да. Осындайда әшейінде өзімді  әзілге айналдыруды әдет қып алған кейбіреулер: «Әй Мырзан Қайғы! Соған  қайғыратындай сенің басыңа не күн туды? Олардың әрқайсысының өз есебі бар шығар, шаруаң не десе,» не бетімді айтамын?

Мырзан КЕНЖЕБАЙ, ақын

Abai.kz

42 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1475
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5458