Компьютер мәтін мазмұнын түсінуден адамнан озып кетті
Қытайлық Alibaba және америкалық Microsoft өздерінің компьютерлік бағдарламалары мәтін мазмұнын түсінуден адамдарды озып кеткенін хабарлады.
Стенфордта өткізілген сынақта "жасанды интеллект" негізінде оқу бағдарламасы 82,65 ұпай алған. Адамдарда бұл көрсеткіш - 82,3 ұпай.
Мәтінді түсіну бағдарламасы (natural language processing) адамдар сияқты сөздер мен сөйлемдердің мағынасын түсінуге тырысады. Бұл саладағы жетістік компьютерлерге қойылған сауалға дұрыс жауап беруге көмектеседі.
Alibaba зерттеу филиалын басқаратын ғалым Си Луоның айтуынша, компьютерлер "жаңбыр қайдан пайда болады?" деген секілді сұрақтарға толығырақ жауап беретін болады.
Жасанды интеллект - қазіргі ғылымдағы ең өзекті бағыттардың бірі.
Әмбебап "жасанды интеллект" әлі жасалмаса да, нейрон желісіне негізделген компьютерлік бағдарламалар адамдарды озып бара жатыр. Бұған дейін компьютер шахмат, го ойындарында, бейнені танудан адамды артқа тастаса, енді мәтін мазмұнын түсінуден озып шықты.
Abai.kz