Сенбі, 23 Қараша 2024
Әңгіме 4404 0 пікір 19 Қаңтар, 2018 сағат 12:55

Құлтөлеу Мұқаш. Ескі трамвай

(әңгіме)

1.

Таң алдында жер сілкінді.

Көрпеш әдетінше тез оянған. Алақ-жұлақ етіп, сықыр еткен терезе мен ақырын тербеліп тұрған шамға кезек қарап үлгерді. Жастықтан басын көтеруге де мұршасы келмей қалып еді. Бір жақсысы, дүмпу тез басылғандай. Дегенмен, люстра сылдырлауына қарағанда, толқыныс күші бірталай сияқты. Кемінде, төрт-бес балл бар-ау...

Көрші бөлмедегі немересі еске түскенде бір жұлқынып, атып тұрмаққа оқталды да, тартынды. (Үлкен ұлдың баласы Қанат қой. Оны кішкентайынан бауырына басқан. Алтыншы сыныпта оқиды). Өзі екі күннен бері белінен шойырылып, қозғала алмай жатқан-тын. Және балам аман шығар деген. – «Әжептәуір жігіт болып қалды ғой ол да. Сескене қоймас. Әй, әуелі, сол сезді ме екен-ей жаңағы дірілді?!».

Екі қолын қусырына, үрпиіп, көз қиығымен қасындағы әйелі Мәрияға қарайды. Алакөлеңкеде ашық қалған иығы ағараңдап, аузы аңқиған күйі, ештеңеден қаперсіз жатыр. Дыбыр етер емес. «Аллау, не деген адамдар! Арам өле ме! – деп ежірейіп, тіксініңкірей қадалды да, дереу сабасына түсті. – Байғұс қайтсін, шаршап жүр ғой»...

Алматының арагідік тербеліп тұратын «мінезі» ертеден мәлім. Ай, бірақ, осыған бой үйрете алмайды екенсің. Қорқасоқтайсың кәдімгіше... Бәрібір, осынау шұғылалы шаһардан жеріне алмайтынын да жақсы біледі. «Ғашықпын жауыныңа» демекші, қары мен жаңбырының өзі көктен төгілетін ғажайып бір нұр емес пе! Тіпті, анда-санда ауыр ойдан тебіренгендей терең тыныстап, қозғалақтап қоятын әлгіндей дағдысында да тылсым сыр бар ма екен...

Көрпеш еппен ғана қимылдап, зайыбының көрпесін қымтап, өзі де ыңғайлана жатып, бақырайып, төбеге тесілді. Одан терезеге жаққа тағы бір қайырылған. Сыртта – қатқақ. Аяз. Ұйытқып, жел соққан секілденді. Ұшқындап, қар қылаулай бастағандай. Дірдек қағып, ағаш күркені паналаған сабалақ сары дүрегейін де аяп, жеңіл күрсінді. Санада «Ай, ит тірлік! Шыдамасқа және лаж жоқ» деген тіркес зу етті. Көз алдынан өмір елестері заулап өтті. Алып шыңдарын шарбы бұлттар бүркеген басы – бәтес, бауыры торқа Алатау бөктерін мекендегелі де елу жылға таяғанын ойлады. Он жеті жасында келіпті. «Арман арқалап» дегендей, баяғыда ана-оу алыстағы Арқа даласынан жетіп еді. Оқуға...

Әрине, «оқу-у» деп әуесектейтін де дәнеңесі жоқ; сабаққа аса алғыр едім дей алмайды. Орта мектепті ілініп-салыныңқырап бітірген соң көпшілік дүрмекке ілесіп жеткен бала ғой. Әйтпесе, дәл осы Көрпешті ғылым-білім айналасынан іздеу қисынға келе қоймас. Алайда аса ессіз де жігіт емес-ті; алғашқы сынақтан-ақ мұрттай түскен соң, недәуір толғанып жүріп, өзі секілді жолдастарымен қалада қалып қойды. Дәнекерлеушілер курсін түгескен. О кезде «СМУ-13», «СМУ-15» аталатын құрылыс-монтаж басқармалары көп, соның біріне жұмысқа орналасты. Рас, арасында екі жыл әскер қатарында болып қайтты. Содан – осында...

Мәрия да өз «тағдырласы» еді. Армиядан оралған соң жұмысшы жастар жатақханасында танысты. Сылақшы көрінеді. Қарапайым ғана, орта бойлы, аққұбаша, қолаңшаш қызды бір көргеннен-ақ ұнатты. Дала баласының көк аспанды, күнді, желді сүйгеніндей, осы жанға көңілі қалтқысыз құлапты. Ұзамай-ақ шаңырақ тікті. Өсті-өнді. Екі ұл, бір қыз тәрбиелеген... Ісіне тыңғылықты азамат ақырындап жоғары санатты дәнекерлеуші-монтажшы деңгейіне көтерілді. Мәрия да өз кәсібінің шебері-тін. Қанаттаса еңбектеніп, кезек жеткенде үш бөлмелі үй алды.

Бұйырған жайлары трамвай депосының тура қасында екен. Үйден шыққан бойда осы көліктің кез келгеніне отыра қалып, қажетті межеге «дү-дү-дүк-к-х, дү-дү-дүк-х-х, дү-дү-дүк-к-к-х» деп сатыр-сұтыр, шақұр-шұқыр еткен дөңгелектер әуенімен тербеліп, жөнеп бара жатады.

Алматының көп құрылысын салған – осылардың қатарластары. Небір зәулім ғимараттарда жолдасы екеуінің де қолтаңбасы бар.

Негізі, қосағының шын есімі Гүлмәрия еді. Алматыға алғаш келгенде аттарын «редакциялаған» кейбір құрбыларынша «Гүлді» алып тастап «Мәриясын» қалдыруды ұйғарған сияқты. Базбір дос-жаран әлі күнге дейін солай атайды. Көрпеш «Гүлекені» қолай көрген. Кейде «Мәкен» дейді. Ал ашуланған сәттерінде: «Әй, Гүлмәрия!» – деп гүр ете түседі. Әйелі күйеуінің көңіл күйін осыдан-ақ байқар-ау.

Табыстары жаман емес-ті. Шама келгенше, күні бүгінге дейін ауылдағы ағайынның да той-томалақ, өлім-жітіміне осылар қарайласады. Бірде жетіп, бірде жетпей, тірнектеп, тырмыса жүріп, балаларын да үйледі. Зейнетке шығар қарсаңда орталықтағы шаңырақты сәтті сатып, екінші ұл мен қызға жай әперген. Тұңғыштары үйді үкіметтен алып үлгерген-ді. Ал өздері қала шетінен оймақтай ғана төрт бөлмелі там салып алды. Екеуі де құрылысшы адамдар, баспана сәулеті жаман болған жоқ. Ауласы да кең. Мұқтаждық туындап жатса, тағы бір үй тұрғызуға жер молынан жетеді...

Көрпеш кейде рельс ырғағымен шайқалып келе жатқанында жаңадан бой көтерген бес қабат, алты қабат ғимараттарды көріп: «Шіркін, осында ауылдағы туыстардың бәрін көшіріп әкеліп орналастырсам! – деп қиялдар-ды. Соңынан: – Бірақ сондай жағдай туған күнде олар өзі тату тұра ала ма... Жоқ па... Әй, қайдам-ау! Екі айдан кейін-ақ әрі отыр, бері отырға салып, ырың-жырыңды тағы бастайтыны анық» деп түйеді.

Жарқылдаған жастық шақты бұлар да өткерген. Заманындағы модамен киінді. Мәрия екеуі қолұстасып жүріп, би кештерінің де көрігін қыздырып бағыпты. Көрпештің сол алаңдарда әлдекімдермен қақтығысқан, алысқан-жұлысқан... жұдырықтасқан кездері де жоқ емес. Керітарпа жүйе сондай мінезге өзі итермелейтін. Жастық албырттық, елдік ар-намыс қойдан жуас қыла қоймапты. Бүгіндері сол өр мінезден жұрнақ қалды ма, қалмады ма?! Уақыт шіркін небір асауларыңның өзін ақырындап езіп, жаншып, илеуге салып, жынын алдырған бақсыдай қылады екен-ау. Әй, бірақ, осы Көрпешті момын деуге және келмес...

Мына аузы ашылып, ақырын пысылдаған кемпірі баяғыда салтанатты сарайлар, кино... драма театрларындағы жаңа қойылымдарға құмар-ақ еді-ей! Қалт етсе, күйеуін де сонда тартқылайтын. Жас жұп бір-екі мәрте кәсіподақ комитетінің жолдамасымен кішкене ұлдарын ертіп Қырымға, Чехословакияға дейін саяхаттап барып, тыныққан кездері бар. Келешекте осыны салтқа айналдырып, өрісті кеңейтсек деп армандайтын кездерін ұмытпапты. Бірақ кейін тұрмыс қиындап, қысқа жіп күрмеуге келмей кетті. Қу бейнет адым аштырмайды екен. Сөйтіп жүріп, әне-міне дегенше жастың ұлғайғанын да сезбегендей. Алатаудың ақбас құздарындай мұның да шашы буырыл тартты. Кешегі көз жасындай мөлдіреген жан серігі де біртіндеп қартайды. Уақыт өз үкіміне бағындырмай қоймайтын көрінеді.

2.

Әсілі, кәрілік деген де бірден сап ете түспей, ақырындап, аяңдап жететін кезең екенін аңдап қалатын. Қоғамдық көлікке кіргеніңде бұрын елп етіп орын ұсына қоймайтын жастар енді сені көрген бойда атып тұратын болса, халім мүшкіл екен дей бер. Ал кейбір қыз-жігіт қозғала қоймаса, е, мыналар мені әлі де жасырақ санайды-ау деп елеңдеп, насаттанып тұрасың. Көрпеш, шыны керек, әзірге қарттықты мойындағысы жоқ.

Кейбір құрдастары анда-санда:
– Оу, шал! – деп қоңырау шалады. Сыраға шақырады.
Сонда осынау сөзге аздап шамданатыны рас. Кәдуілгіше қызарақтайды.
– Өй, «шалың» не, ағатайдың баласы?! Қартайсаң өзің-ақ қартая бермейсің бе? Елде нең бар, – деп қитығады.
Бірер саптыаяқ сырадан кетәрі емес. Арагідік баяғы дулы ортасын аңсап, елегзімей ме. Тұрмыстың тауқыметінен жеңілейіп, желпінуге, серпілуге ұмтылмай ма.

Әлдебір ақынның «Мен неге арақ ішем?! Қалтамдағы ақшамды санап ішем...» деп басталатын өлең жолдары есіне түсті. Әйткенмен, осының қай шайырдың жыры екенін анықтай алмай-ақ қойды. Соны, бір, білетіндерден нақты сұрап, толық жазып алуы керек екен... Сол айтқандайын, бұл да тапқан-таянғанын әуелден үйге тасуға, бала-шағасының аузына тосуға дағдыланыпты. Мәселен, анау Қанаттың әрбір «бесі» – бес жүз теңге. Өзі тағайындаған «стипендия». Ол да аса үздік болмағанмен, аптасына «бестің» екі-үшеуін әкеліп, күнделігін алдына тосып тұрады. Сонда атасының есі шығып қуанғанын көрсеңіз! Жолдастарына:

– Өй, мынау қағып алды тағы да бес жүз теңгемді! – деп мәз болғанын көрсеңіз...

Кейінде тақия киюді әдет қыла бастаған. Өмірдің өзі егделікке, салиқалылыққа бас игізбей тынбайды екен.

Әлбетте, зейнеткер екенініңді теріске қалай шығарарсың. Қанша жасырғанмен, күн сайын жасарып бара жатқан жоқсың, бәрі бадырайып көрініп те тұрады ғой. Хе-е!

Есепшотына ай сайын тура бір жүз он бес мың теңге түседі. Бұған да шүкір. Мәрияға да бұйырғаны – тоқсан мыңдай. Ол бұған қосымша жақын маңдағы кеңсенің еденін жуып, отыз бес мың теңгені және тауып жүр. Осыны білген елдегі ағайын бұлар күреп алып жатыр дегендей алақандарына қарап, дәметеді де отырады. Расын айтқанда, шылқып жүрмегені өздеріне ғана аян, қалада бәрі сатулы емес пе. Әлдеқашан жеке үй болып кеткен балалар да қазірге дейін осыларға иек артады. Әсіресе, кіші ұлдың ақша сұрауы жиі. Оның бір жақсы жері, жағдайды күнібұрын ескертіп, қалта телефонына: «Әке, алдағы айда бір шаруаға төрт жүз мың теңгедей қаражат керек еді, соның бір, жетпіс мыңдайына көмектесе аласың ба? Сосын қайтарамын ғой» деп хат жазады.

Іштей қынжылатын. Әйткенмен, дәл бүгін әкел деп алқымнан алмайтынына қуанатын еді. Бетінен қаққан емес. Ретін қарастырып, ылғи береді. Ол ақшаның оралмайтынын да жақсы біледі. Балаңа: «Әй, анадағы қарызды қашан қайтарасың?» – деп жүрмесің белгілі.

Енді бірде трамвайда келе жатқанында ауылдағы шөбере інісі қоңыраулатты. Ертеректе алғашқы әйелімен ажырасып, кейін басқа адаммен тұрмыс құрған жігіт-тін. Жасы қырықтарда.

– Аға, жағдайды білесіз ғой. Баяғы оңбаған әйел сотқа беріпті. Алимент төлемесем пәлеге ұшыратпақшы. Бірнеше жылға қамататын түрі бар. Ақшаның ауқымды бөлігін таптым. Енді өзіңіз бүгін-ертең екі жүз елу мың теңгедей қарыз берсеңіз. Сізден өзге арқа сүйейтіндей кімім бар, – дейді.

Көрпештің жон арқасын тер жуып кетті. Мұнша қиналмас. Буынсыз жерден пышақ ұрды деген осы болар. Сол сәт дөңгелектер дүрсілі де «аға-а-а, екі жүз елу-у мың-ң теңге-е тап-п қайткенде-е, екі жүз-з елу мың-ң-ң теңге-е-е тап-п-п» деп шекесін шыңылдатқаны есінде.

– Жарайды, енді. Ойласайық. Сәл ертерек айтып қоймаған екенсің, – деді бауырына телефоннан күмілжіп.

Ертеңіне Мәриямен ақылдаса келіп, әлгі қаражатты тауып жіберді ғой. Ондай жәрдемнің де қайтпайтыны түсінікті...

Бұлар да елмен қатар небір қиын кезеңдерді кешкен. Күйбең тірлік титықтатып, қажып жүрген кездерінде Көрпеш өзін қаншалықты тозғанымен, сартылдап, қаусағанша тоқтамайтын ескі трамвайға ұқсатушы еді. Сондайда көз алдына сүйретіліп, қыбырлап бара жататын жаралы қоңыз немесе мертіккен құмырсқа суреті де елестеп өтеді. Бала кезде ондай көріністер талай кездесті. Бұл да ауыр жұмыстан кейін шаңырағына қас қарая салп-салп етіп, сүріне-қабына жететін-ді.

Қалада келе-келе машина нөпірі көбейді. Қаптаған жеңіл автокөлік трамвай алдына түсіп алып сумаң қағатын кез жетті. Десе де, бір сәт, теміржол маршруттарының да дәуірі жүрген. Трамвайлар да аспалы көпірлер үстімен жүйткіді.

Бірақ тіршілік ырғағының осылайша күрт ауысуы, ығы-жығы қозғалыстың ширауы да сан алуан сауалдың шешуін таппай дағдарған жасамыс адамның жүйкесіне салмақ салып, діңкелетіп, тығырыққа тірейтін тәрізді. Сондағы жалғыз сүйеушісі Мәрия ғана. Бірақ, неге екенін, барлық ашу-ызасын тек осыдан алғысы келгендей бұған кейде бостан-бос зекіп ұрсатынын ойлады. Қит етсе әрбір ісінен кемшілік іздеп, мысалы, моншаға барғанында:

– Өй, мына қатын дені дұрыс жөке де салмапты ғой! – деп кіжінетінін ойлады.

Қаншалықты қоқиланғанмен, дәрменсіз жас баладай, соның қамқорлығына зәру екенін естен шығаратынын ойлады.

Қаладағы дос-жаранның да түрлі шараларына араласасың.

Бірде мейрамхана алдында әйеліне күңкілдеп ұрысып тұрды:
– Өй, сен де бір! Тағы да екі қыр салып қойыпсың ғой мына шалбарға! Қырық жыл қатын болғанда өмірі бір үйрене алмай қойдың-ау, осы, киім өтектеуді!
Мәрия жүдеп, жәутеңдей қарайды:
– Шығарда қарай салмадың ба енді жаңа өзің?..
– Қайдан білейін! Е, жарайды, мұны қойшы. Бірдеңе қылып көлегейлей тұрармын. Онан да тойға қанша береміз, соны айтшы! Отыз мың жете ме?
– Білмедім. Жетіп қалатын шығар сол.
– Тағы бір бес мың теңге қос. Қаршадайдан қатар өскен ит еді. Баласы күнде үйленіп жатқан жоқ...
Сөйткен жалғыз сырласы, жанашыры кеше кешке қарай көзі ілініп кеткен сәтте ақырын түртіп оятты:
– Екі күннен бері нәр сызбадың ғой. Ең болмаса бір кесе ыстық сорпа ішші кәне! – дейді.

Үнсіз бас изеді. Ыдысты ала бергенде Мәрияның қолына қолы тиіп, тура темір ұстағандай болғаны. Алақаны көң болып қатып кеткендей. Әйеліне жанының ашыған-ай!

Іштей бұдан былай осыған босқа жеки бермейінші деп түйген.

Кейде түс көреді. Түсіне өзі туып-өскен ескі қоңыр үй кіреді. Көбіне шешесімен сөйлесіп жүрер-ді. Неге екенін, әкесінің кіруі сирек. Қазір екеуі де жоқ...

Депоға жақын тұрып, ғұмыр бойы теміржол қатынасын пайдаланғандықтан ба, ара-арасында құлағына вагонеткалар дөңгелегінің дүбірі келеді.

Міне, енді сонау ескі трамвайлар секілді өзі де екі-үш күннен бері салдырап, «шашылудың» аз-ақ алдында жатыр. Белі жүргізбейді. Тұла бойы зілбатпан. Одан тұмауратты. Алпыс алты жас деген де оңай емес-ау. Жас ұлғайған сайын түрлі-ауру-сырқау да айналдыра бастайтын сияқты. «Олай-былай болсақ, сүйегіме кім түсер екен. Қайда жерлейді» деген де ойлар жалт етеді.

Қарап тұрсаң, арсыз ажалдан қорықтың не, қорықпадың не, жетіп келсе не дей алғандайсың! «Әй, әйткенмен, өлімді әзірге қоя тұрайық. Бітіретін біраз шаруалар бар» деп іштей мырс етті. Көз алдынан тіркескен трамвайлар елесі жөңкіле жосыды.

Қазір, өзі, Алматыда олардың да жүрісті тоқтатқанына талай болыпты-ау. Әнегүні сыртынан көрді, депо ауласында ескісін қойып, жаңалары да үймелеп, қаңтарулы тұр...

Қайтадан қалғып кеткен екен. Көзін ашқанда балбырап терлеп жатқанын аңғарды. Рахаттана оянған. Дәл бүгін Қанаттың мектебіне, ата-аналар жиналысына баруы керек екені еске түсті. Осы күнді көптен асыға күткені еске түсті. Ұмытып кете жаздапты.

Терезеге жалт етіп қарады. Күн арқан бойы көтерілген секілді. Үйдің іші жап-жарық. Белінің ауырғаны да кілт тыйылғанын білді. Өзін анадан жаңа туғандай жеп-жеңіл сезінді. Тұмаудан да құлан-таза айыққанын аңдайды. Дүр сілкініп, орнынан атып түрегелді.

Елеңдеп, сыртқа құлақ түрген. Алыстан трамвай доңғалақтарының дыбысы талып жететіндей.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5406