Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Міне, әңгіме! 10194 7 пікір 31 Қаңтар, 2018 сағат 09:50

6 жылда 600 қазақстандық балаға қайырымдылық жасаған түркімен қыз

6 жылда 600 қазақстандық балаға қайырымдылық көмек  жасаған түркіменстандық  қызбен алғаш реткі ашық әңгіме

Мирали Салаева: Түркіменстан республикасы, Ашхабат қаласының тұрғыны:

Дәл осы сәті түскен сұхбат осыдан 2-3 жыл бұрын менің өмірімде орын алған сәтсіз сапардың нәтижесі... ШҚО, Үржар ауданына электронды қазақ үйдің таныстырылымын жасауды жоспарлап, аптасына 2 рет қана ұшатын (бейсенбі, сенбі) жалғыз ұшаққа билет алдым. Үйден шыға бере сөмкемнің бауы үзілді. «Қап-ай, е», – деп жаман ырымға баладым. Расында, ұшақтан қалдым. Өскеменге тарттым. Ертесінде ол қаладан Үржарға жүретін такси таппай Семейге жеттім. Одан да уағында көлік шықпағасын 20 000 теңгеге жалғыз өзім такси жалдап, Үржарға беттедім. Қараңғы түсе оның да дөңгелегі жарылып, түннің бір уағында зорға жеттім. Уағдаласқан таныстырылым өтпей қалды. Көбіне жұмада жолым болушы еді. Бұл жолғы оқиға керісінше һәм өмірімде ұмтылмастай болды. Сөйтсем... «әр нәрсенің қайыры бар» деген рас екен...

Ертесі түске қарай (сенбі күні) қонақ үй маңындағы кафеге шай ішуге беттедім. Қарсы алдымнан, жүзі нұрлы, әдемі қыз шықты. Бірге шай ішуге шақырдым. Келісе кетті. Өзін «Жанмира» деп таныстырған бойжеткен «Қазақстанда көлік мектептерін ашатын бизнес өкілімін» деді. Әңгімеміз жарасып, телефон нөмірін алдым. Жарты сағат қана сөйлестік. Ұшақтың Алматыға ұшатын уақыты жақындап қалды. Тағы да кешіксем, бақандай бес күн күтуге тура келеді. Дереу қоштасып әуежайға тарттым. «Жанмирамен» сөйлесіп тұрдым. Бірақ, қайта кездесуге мүмкіндік тумады. Тек таяуда ғана оның нағыз мұсылманға тән ірі істер атқарып жүргенін естіп дереу іздеп таптым. Сұхбат беруге оңайлықпен рұқсат бермейтінін сезіп, Талдықорғанға келген жеріне іздеп барып, жүзбе-жүз сөйлесіп, мән-жайды нақты түсіндіріп келісімін алдым. Алайда, ертесі күні, қатты науқастанып қалыпты. Тіпті, орнынан тұра алмай қалған. Өз қалауымен Алакөл ауданының Жыланды ауылына емделуге барады. Екеуара әңгіме Алматыдан 550 шақырым қашықтықтағы өзім бұрын көрмеген Жыландыдағы есімі елге белгілі оташы, дәрігер Жұмағұл ағаның шаңырағында болды.

 

Сіздің миссияңыз – Алла разылығы үшін қайырымдылық жасау болса, менің миссиям – өзіңіз секілді шын қайырымды жандарды жұртқа жария етіп, өзгелерді өнегелі тұлғалардан үлгі алуға, ізгі істі жалғастыруға шақыру. Осы ойымды түсініп сұқбаттасуға келісім бергендігіңіз үшін рақмет! Бұл да Алланың қалауы!...

– Мен істеген ісімді ешқашан жарнамалаған емеспін. Бұның барлығын құпия сақтайтынмын. Менің қалайтыным – ешкімге көрінбеу. Бұл ісімді көптің білгенін қаламаймын. Себебі, барлығы Алланың разылығы үшін, балалардың жазылып кетуі үшін. Әкем осы уақытқа дейін сұхбат беруге, оны жариялауға рұқсат бермейтін. Алайда, осы жолы рұқсат етті. Себебі, бар ойымыз – бұл іс өзгелерге үлгі болса екен деген ниет қана. Мен ешкімге сене бермеймін. Тек Аллаға, ата-анама ғана сенемін. Сонымен қатар басқа да журналистерге сенбеймін. Тек сізге сенемін.  Сұхбаттасуға қарсы емеспін.

– Алла разы болсын! Сізбен танысқаныма бірнеше жыл болса да, қайырымдылықпен айналысатыныңызды жақында ғана білдім. Әр жолғы әңгімемізде бұл игі істеріңізді жасырып жүрдіңіз. Менен ғана емес, жалпақ жұрттан жасыратын көрінесіз. Оныңыздың шын себебін ислами қағидаға сала отырып шын түсіндім. Дегенмен, бүкіл күш-қайратыңыз бен бар уақытыңызды осы жолға арнауға не себеп? Өмірде басқа да қызықты  мамандықтар  мен қызметтер бар емес пе?

– Ең алдымен атам, кейін әкем, енді мен осы іспен шұғылданып жүрміз. Бұл да ұрпақтан-ұрпаққа  жалғасып келе жатыр.

Мына оқиға орын алғанға дейін қайырымдылықпен айналысамын деп  ойламаған да  екенмін. Өзгелер сияқты мен де қарапайым күн кешіп, ештеңені, ешкімді ойламай жүре бердім. Бір күні белгілі бір қалада болған жағдай бәрін өзгертті. Барған қаламда белгісіз біреулер сөмкемді ақшалармен қоса ұрлап кетті. Қолымда ақшам да, ұялы телефоным да жоқ. Сол сәтте, жанымдағы бір адам газет қарап отыр екен. «Не істеп отырсыз?» деген сұрағыма: «Жұмыс іздеп отырмын» деген жауап берді. Біраз ойлана келе ол кісіден газетін  сұрап, мен де қарай бастадым. Көзім бірден хабарландыруға түсе кетті. Онда: «Денсаулығында ақауы бар балаға күтуші қажет» деп жазылып, нөмірі көрсетілген екен. Жанымда отырған адамнан ұялы телефонын сұрадым да, көрсетілген нөмірге хабарластым. Телефон тұтқасын алған адам мекен-жайын айтып, кездесетін болып келістік. Біраз уақыттан кейін үйіне барып, баланы көрдім. Бала ДЦП-дауна ауруымен ауыратын болып шықты. Олар Рашид және Равиль деген егіз балалар екен. Біреуінің дені сау, денсаулығында кінәраты жоқ болса, екіншісінде керісінше сырқат бар. Бала төсекте жатып көзін жыпылықтатып, қолын ғана қимылдатып қояды.

Мені таңғалдырғаны, намаз уақыты кірген сәтте балақай жылай бастайды. Күніне оқылатын бес уақытқы намазда бала ауырса да орнынан тұрып, азанның даусын ести сала жылайды. Өз басым бұл баланы ауру емес деп түйдім. Ауру болса да Алланың құдыретін сезіп, Жаратушысының кім екенін санасымен ұғып тұр. Міне, сол сәттен бастап ойым өзгеріп, жаңа қадам бастауды жөн көрдім. Әлем бойынша қаншама ауру балалар бар, соның барлығына көмектесуім қажет деп шештім. Ешкімнің басына бұл ауруды бермесе екен деймін... Алайда, бәрі Алланың қалауымен ғой. Бірақ мен балаларға қолымнан келгенше көмектесуді ұйғарып, соған бекіндім.

Менің басымнан жол апаты, түрлі қиын оталар, тіпті өмір сүргің келмейтін көз жасқа ерік беретін күрделі кездер өтті. Қандай жағдай орын алса да құдыретті Алла мені өмірге қайтара берді, қайтара берді. Сол сәтте  «Неге Алла мені өмірге қайтара береді» деген сұрақтар маза бермейтін. Бұл сұрақтың жауабын көп ойланатынмын. Алайда, жауапты дәл осы балалардан тапқандаймын. Олардың көздерінен Алланың маған не себепті өмір сүруге мүмкіндік бергенін түсіндім. Менің мақсатым да, жұмысым да балаларға қамқор болу, көмек қолын созу.

- Сіз тек ДЦП-мен ауыратын балаларға ғана көмектесесіз бе? Әлде басқа да балаларға қамқорлық жасайсыз ба?

– Жоқ, маған ата-аналар хабарласып басқа да аурумен ауыратын балалардың жағдайын айтып, көмек сұрайды. Мен оларға да көмектесемін. Бірақ, мен көмектің басым көпшілігін ДЦП-даун ауруымен ауыратын бабаларға арнаймын. Себебі, дәл осы балалар қаншама адамның арасынан үйлеріне бара қалғанда  мені бірден танып тұрады. Тағы бір себеп, менің де жүрегімнің ақауы болып ауырғанмын. Дәрігерлер күдерін үзсе де, екі бірдей қиын ота жасатып, Алланың қалауымен бүгінгі күнге жетіп отырмын.  ДЦП-дауна, оның ішінде жүрек кеселі бар балаларға көбірек көңіл бөліп, өмір сүруге мүмкіндіктің бар екендігін дәлелдеп көмек беруден аянбаймын.  Дегенмен, басқа балаларға да  көмектесемін.

Кей адамдар ДЦП болған балалар көп нәрсені түсінбейді, сезінбейді деп жатады. Шынында солай ма?

– ДЦП-даун аурумен ауыратын балалар барлығын да сезеді. Олар сізді өзге сау адамға қарағанда 100 есе түсініп, сіздің айтайын дегеніңізді, ойыңызды, тіпті көңіл-күйіңізді алыстан-ақ байқап, ұғып қояды. Бір күні бір балаға барып едім, тоқтаусыз жылап жатыр екен. Не ата-анасына не дәрігерге көнер емес. Балаға сөйлеп, әңгіме айтып отырмын, ал ол көздерін ғана жыпылықтатып маған қарап отыр. Ұялы телефонымды алдым да, ішіндегі бір мультфильмді балақайға көрсеттім, ауыруы жанына батып ешкімге бағынбай, тоқтаусыз жылаған бала сап тиылды. Мультфильмді аса бір таңданыспен, қызыға, аяғына дейін көрді. Көріп болғаннан кейін маған қарап ыммен ғана қайтадан қосып беруімді өтінді. Сенесіз бе, балақай оны ұйықтағанға дейін 10 рет қайталап көрді. Ата-анасына мультфильмді көшіріп алып, «ауырып қатты қиналған сәтінде  көрсетіңзідерші» деп едім, онша елеген жоқ. Алайда, 3 күннен соң ата-анасы хабарласып мультфильмнің атын сұрап, «мүмкін болса сол дискіні сатып алып, бізге жіберіңізші, баланы тыныштандыра алмай жатырмыз», – деді. Дискіні салып жібердім.

Науқас балалар үйіне барған кезімде даусымды ести сала  мені іздеп жан-жағына көз жүгірте бастайды, тапқан сәтте жанары жайнап шыға келеді. Олардың қолдары ештеңені де сезбейді деп жатады ғой, бірақ олай емес. Олар бәрін сезеді. Жанына отырған кезде  шашымды қолымен тартып, «маған қарашы» дегендей сыңай танытады. Бұл жағдайға өзім де таңғалып, айналамдағыларға айтсам барлығы дерлік күліп, сенбей, «олар ештеңені сезбейді» дейді. Тағы да айтамын, олар барлығын да сезеді.

– Сіз көптеген науқас балаларға көмектесіпсіз. Солардың ішінде сауыққан, денсаулығы қалпына келген балалар бар ма?

– Әрине бар. Соның бірі – Олжас есімді балақай. Диагнозы ДЦП-дауна және жүрегіне 7 рет ота жасалған. Анасының аяғы ауыр кезінде дәрігерлер ескертіп, баланың ДЦП-дауна болатынын айтқан. Алайда, анасы бұл сөздерге сенбей, босанады да, ең алғаш баланы көргенде «қабылдамаймын» деп кетіп қалады. Тек әкесі кері шегінбей, балаға өзі қамқорлық жасайды. Олжаспен өз жүрегіме ота жасатып жүрген кезімде ауруханада таныстым. Бұл баланы бақылап жүргеніме 12 жыл болды. Қазіргі таңда қолдарын қимылдата алады, қолымен қасықты ұстап, өзіне керектісін алып жей алатын деңгейге жетті. Шүкір, өзгеріс бар. Ол Алматыда тұрады. Тек Аллаға сеніп, барынша сабырлы, төзімді болу қажет. Сонымен қатар 6-7 ота жасатқан балалар бар, олардың да нәтижесі айтарлықтай.

– Не себепті тек қана балаларға қамқорлық жасайсыз? Қоғамда мұқтаж жандар аз емес қой?

– Балаларды таңдаған себебім – олар біздің болашағымыз. Кез-келген елдің болашағы дәл осы балалар. Дені сау мемлекет болу үшін дені сау балалар болу керек. Тек сонда ғана мемлекет гүлденеді, дамиды.

– Қазақстандағы балаларға көмек көрсетуді қай жылдардан бастадыңыз?

– Мәскеу, Новосибирск, Германия және т.б елдердегі балаларға көмек қолын созамын. Бірақ, көмектің басым көпшілігін дәл осы Қазақстандағы балаларға жасаудамын. Мен балаларды ұлтына, ата-анасына қарап таңдамаймын, олар мен үшін бірдей. Басқа қаладан, басқа ұлттан деп ешкімді бөліп-жармаймын. 6 жыл бұрын Қазақстанға келгенмін.  Қазақстан бойынша көмектесіп жүрген балалар саны – 600. Олар – өзім барып жүрген, әрі мені танитын балалар. Тек қала, аудандарда ғана емес шеткі, алыс ауылдарда да бар.

– Қазақстаннан шетелге апарып, ота жасатып қайтқан балалар бар ма?

– Құжаттары дайындалды, наурызда Германияға апаруға тиісті 3 бала бар. Канадаға барып емделген ақ қан ауруымен ауыратын балалардың саны 7, Қытайға апаратын балаларым да бар. Ол балаларға мемлекет тарапынан квота ашылуын қадағалап, дәрігерлер тауып, аяқтарынан тік тұрып кеткенше қаржымен өзім қамтамасыз етемін. Кейде, емдемейміз деп бас тартатын адамдар да бар. Бірақ бір ата бар, оның білікті деген профессорлардан ештеңесі кем емес. Оны айтып отырған себебім, медицина емге қауқарсыз болғанда, халықтық емге жүгінетін кездерім көп болады.

– Сонда, шетелдік дәрігерлерден де кеңес алып тұрасыз ғой?

– Мысалы, бір баланың көзінің қарашығы ұлғайып кеткен екен. Бірақ оған ешқандай нақты диагнозды қоя алмаған кезде, сол жаққа хабарласып «не істеуге болады, бұл не» деп біліп, арнайы кеңестер алғанбыз.

– Еліміздің денсаулық сақтау органдарымен байланысыңыз бар ма?

– Иә, әрине. Дәрігерлермен тікелей байланыстамын, тіпті өзім де барып тұрамын.

– Сізді ата-аналар өздері тауып, хабарласа ма әлде өзіңіз іздеп табасыз ба?

– Ең алғаш бір балаға көмектестім, содан бастап екінші, үшіншісі... ары қарай көбейе берді. Ата-аналар өздері тауып, хабарласып қандай көмек қажет екендігін айтады. Мені балалардың күтетінін сеземін.

– Балаларға белгілі бір мерзім белгілеп барып тұрасыз ба?

– Менде балаларға баруға арналған арнайы күн тәртібі жоқ. Алла менің  қай жерге баруымды қалайды мен сонда барамын. Бір сөзбен айтқанда, Алла маған жол көрсетеді. Кейде ата-аналар: «баламыз тынымсызданып көнбей жатыр, дәрілері бітіп барады» деп те хабарласады. Сол сәтте балапандарға жол тартамын. Ал былайынша  «мына балаға мына күні, басқа күні өзге балаға баруым керек» деп таңдамаймын. Алматы облысынан бастап Көкшетауға дейін аралап шығамын.

– Қазақстанның қай облыстарына жиі барып тұрасыз?

– Алматы облысы, Оңтүстік Қазақстан облысы, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан облыстарынан бастап, соңғы нүкте Көкшетаумен аяқталады.

– Балаларға нақты қандай көмек көрсетесіз? Дәрігер апарасыз ба, дәрімен қамтамасыз етесіз бе әлде тек қаржылай көмек жасайсыз ба?

– Менің мақсатым – балалар нақты неге мұқтаж болса соны орындау. Мәселен, біреулеріне қаржылай көмек қажет болса, енді біреулерінің дәрігерге баруға жағдайлары жетпей жатады. Сондай сәттерде арнайы профессорды, білікті дәрігерлерді іздеймін. Үйлеріне барып балаларды Алматы, Астана қаласындағы таңдаулы профессор-дәрігерлерге апарамын. Қажетті дәрі-дәрмектерін алып беремін. Ол дәрілердің барлығы дерлік шетелден алынады. Кейбіреуіне күтуші қажет жағдайда арнайы қызметкер жалдаймын, массажистерді шақырамын. Бірақ, көмектің басым көпшілігін қаржылай жасаймын.  Бір сөзбен айтқанда қолымнан не келсе, соның барлығымен көмектесемін.

– Сіз көптеген қала, ауылдарды өзіңіз аралайды екенсіз, қорықпайсыз ба, қиналмайсыз ба?

– Мен ешкімен өзімді ерекшелеп көрсеткім келмейді әрі мені көпшілік байқамаса екен деймін. Барлығын құпия жасаймын. Кейде өзімнің көлігіммен шықсам, кейде балалардың ыңғайына қарай арнайы көлік, ұшақ, пойызбен баратын  кездер де болады. Ол баратын жердің ұзақтығына байланысты. Басым бөлігінде өз көлігіммен шығуды жөн көремін. Әрине, жол жүру қиындау шаршап та қаласың. Бірақ жанымда арнайы маған көмектесетін адамдар болады. Олар – менің жақындарым, қиын кезде тастап кетпейтін жандар.

– Сапар барысында қатты қиналған кездеріңіз болды ма?

– Сөздің шынына келгенде, ондай жағдайлар орын алған жоқ. Себебі, мен ешкімге жамандық жасамаймын және оны Жаратушы Алла біледі. Мүмкін содан да болар мен үшін Алла тарапынан үлкен көмектің бары сезіліп тұрады. Адамдар маған ілтипатмен, қуанышпен көмек көрсетуге әзір тұрады.

– Сапар барысында есте қалған, әсер алған оқиғалар көп болған шығар...

– Ондай сәттерді айтар болсам шегіне жете алмаспын. Оның барлығы тек жақсы нәрселер. Тізіп айтсам бір кітапқа татитын түрі бар.

– Тым болмаса біреуін айтсаңызшы?...

– Жақсы(күледі) Алматыдан Ақтауға жол жүрмек болып пойызға (плацкартка) отырдым. Сол уақытқа дейін плацкартпен жүріп көрмеппін. Әрқашан алдын-ала тапсырыс беріп, у-шуы жоқ, ыңғайлы купеге ғана билет алатынмын. Ал осы жолы плацкартқа отырдым. Жан-жағыма қарасам, адам өте көп, арлы-берлі жүрген саудагерлер. Ол кезде шашым ұзын еді, киімім өзгелерден ерекшеленіп тұрған болуы керек, бәрінің көзі менде болды. Барлығы жақындап келіп менімен суретке түсіп жатыр. Мен аң-таңмын. «Қай каналда жұмыс жасайсыз? Қандай бағдарлама жүргізесіз?» – деген сұрақтар қойылып жатыр. Мен болсам «жо-жоқ, мен ешқандай да каналда жұмыс атқармаймын, бағдарлама да жүргізбеймін» деп ақталдым келіп. «Мен де сіздер сияқты қарапайым адаммын ғой, бірақ неге маған осындай сұрақ қойып жатырсыздар» деп сұрадым. Олар «Сіздің киіміңіз ерекше, басқаша екен. Сол себепті сізді қандай да бір арнада қызмет атқарады деп ойладық» десті. Мен: «Сонда қалай киінуім керек? Мен де сіздер сияқты жұрт назарына ілікпейтіндей қандай киім киюім қажет?» – деп сұрадым, іле-шала бір кісі: «Сіз қандай киім кисеңіз де бәрібір өзгелерден ерекшеленіп тұрасыз», – деді. Ал мен «қарапайым адаммын, ешкімнен ештеңем артық емес қой, неліктен, неге бұлай болды?» – деп ойлаумен болдым. Не керек, жол бойы пойызға мінген халық менімен суретке түсумен болды. Соңында мен қандай киім кисем де бәрібір бірден көзге түсетінімді түсіндім.

– Осы уақытқа дейін өзіңіз жасаған осыншама ауқымды жұмыстарды жұртқа жариялап айттыңыз ба? Сізден сұхбат алғысы келетін БАҚ өкілдері де аз емес шығар?

– Дұрыс айтасыз, журналистер сұхбат алғысы келген ниеттерін білдіріп, өте көп хабарласады. Тіпті Белорусь елінен де келіп маған арнайы сұхбат беруді өтінген болатын. Алайда, мен осы уақытқа дейін ешкімге сұхбат беріп, бар мән-жайды толық ашып айтқан емеспін. Қазақстанның жарнамамен айналысып жүрген продюссерлері де сұхбат алғысы келді. Менің көзімнің түсі өзгеше, олар соны  жарнамалауды ойлады. Мен көзімді жарнамаламақ түгілі, ондай ниетті адамдарға жоламас та едім. Олардың ойы да, мақсаты да басқа, өзге нәрсені көксегендер.

Кезінде менен сұрағандарға: «Мен тек бір адамға ғана сұхбат беремін. Ол – журналист Жарқын Сәленұлы» деп жауап беретінмін. Бірақ ол адамды 2-3 жыл бұрын бір-ақ рет көрдім. Одан кейін көрген емеспін. «Тек сол адамға ғана сұхбат беремін» дегенім қызық шығар?  Сол кезде мен ол адамның жан-дүниесін көрдім. Ол – сондай таза жан, артық жаман ойы жоқ, мақсаты да, бағыты да өзгеше болатын. Солай бірнеше жыл өтті. Міне, Сәленұлы Жарқынды кездестіріп отырмын. Бұл – тағдыр.

– Аллаға шүкір, рақмет! Қазақстанда достарыңыз бар ма?

– «Қазақстанда тұрасың, Қазақстанның суын ішесің, неге қазақша сөйлемейсің» дейтіндер де болады. Алайда, бір рет осы мәселеде күйінген кезім болған. Тіпті еске де алғың келмейді. Бір сөзбен айтқанда,  Қазақстанда дос табу өте қиын. Қазақстанда достарым жоқ. Әрине, маған көмектесетін, қолұшын беруге әзір тұратын жандар жетерлік. Оларға алғысым шексіз. Кейде сол кісілер арқылы белгілі бір жағдайды шешкізу мақсатында хабарласқызып көмектеріне жүгінемін. Алайда, барлық нәрсені мен өзім жалғыз жасаймын.

– Қазақстаннан басқа тағы қай мемлекеттерге жиі барып көмек көрсетесіз?

– Мәскеуде мен арнайы барып тұратын балалар бар, сонымен қатар Новосибирск, Германия, Мюнхен, Минск, Белорусия, Башқұрт және Қазақстан мемлекеттері.

– Ең басты және көптің көкейінде жүрген сауалдың бірі: көмекке жұмсайтын ақшаны қалай табасыз?(егер құпия болмаса...)

– Менің ата-анам кедей отбасы емес, баршылықта өмір сүреді. Отбасымызда тек ағам, мен және інім ғана. Ата-анам ақшаны жақсы табады. Алайда, мен ата-анамнан ақша сұрап көрген емеспін. Тек ауыр отаға миллиондап қаржы қажет болғанда ғана еріксіз көмек сұраймын. Негізінде, еңбек етіп қаржыны маңдай теріммен табамын. Түрлі тәтті дәмдерді пісіріп, дүкендерге өткіземін. Олардан азды-көпті ақша аламын да, оны жинаймын. Жиналған қаржыны балаларға жұмсаймын. Бір сөзбен айтқанда, жоқ нәрседен барды жасауға ұмтыламын.

– Айтпақшы, сізді «тамақты өте дәмді пісіреді» деп естідім. Кәсібіңіз болғандықтан ба?

– Кез-келген адам тұнып тұрған талант. Біреуі жақсылап ән салады, енді біреуі суретті керемет салады, тігін тігеді, т.б. Ал менде Алладан берілген үлкен сый –  осылай тағамдар жасау. Оның барлығын махаббатпен жасаймын. Дәмді бауырсақ пісіру үшін өте көп еңбек ету керек. Яғни, мейіріміңді, махаббатыңды аямауың керек. Мәселен, бауырсақты жеп тұрған адам міндетті түрде «дәл осындай бауырсақы жемеп едім, дәмі тіл үйіреді» деп айтатын дәрежеге жету қажет. Егер солай айтылған болса, сіздің бауырсағыңыз риясыз махаббатпен жасалып, дайындалды деген сөз.

– Сіздің қайырымдылықты Алланың разылығы үшін, балақайларға қуаныш сыйлау үшін жасайтыныңызды жақсы білеміз. Десек те, осы ісіңіз үшін алғыс айтып, ілтипат білдіргендер болды ма?

– Балалардың ата-аналары үнемі алғыстарын айтып, қолдарындағы барымен бөліскілері келіп тұрады. Алайда, мен олардан бас тартамын. Ол кісілерден керек алғыс – мен үшін дұғада болу. Дұға жасағаны мен үшін баға жетпес алғыстың бірі болмақ. Олардан бриллиант тасы бар сақинаны да, ішік-тонды да, түрлі бағалы сыйлықтарды да күтпеймін. Тек мен үшін дұға жасаса болғаны. «Аптада қасиетті бір күн бар, ол – жұма. Сол күні мешітке барып құран оқыңыздар, менің денсаулығым үшін дұға тілеңіздер, мен үшін керегі осы» деймін. Алланың арқасында, дәл сол кісілердің дұғаларының арқасында өмір сүріп келемін, түрлі қалаларды аралаймын.

– Жолда көп жүресіз, ет пен сүйектен жаралған пенде болғасын шаршайсыз, міне көзім көріп отыр, ауырып қалыпсыз. Сондай сәтте қолды бір-ақ сілтеп «неге басқа жұмыспен айналыспасқа» деп ойлайтын кездеріңіз бола ма?

– Жоқ, ауырсам да, шаршасам да қандай жағдай болмасын бұл істі ешқашан тастамаймын. Себебі, бұл істі Алла маған тапсырды. Мен жақсылық жасамаймын, тек қайырымдылықпен айналысамын. Тек сол ғана қайтарымсыз. Адамдарға көмектесуден, жолға шығудан шаршаған емеспін. Керісінше, балаларға деп жолға шықсам, оларды көрсем ерік-жігер пайда болады. Одан да көп көмек көрсеткім келеді. Әрине, ауырған сәттерім болып тұрады. Мысалы, қазір аяғымды басып тұра алмай отырсам да, Алланың көмегімен, ата-аналардың дұғаларының арқасында осы жерде отырмын. Денсаулығым жақсы болғанда тағы да балаларға жол тартамын, аралаймын, көмектесемін.

– Жеке өміріңіз жайлы ойламайсыз ба сонда?

– Көп жағдайда мен арқылы үй салып алғысы келгендер, менің беделіммен керемет өмір сүріп, көлік, түрлі заттарға ие болғысы келгендер болды. Мен өзімнің жеке өмірім жайлы ойлағым келмейді. Мен үшін  бағалысы – балалар. Сол кішкентай балапандарсыз өмірімнің мәні жоқ. Айналамда түрлі адамдар бар, ойлайтындары жақсы үй мен қымбат көлік қана.

– Қазақта «сырт көз – сыншы» деген бар. Қазақстанды көп аралаймын дедіңіз, сол кезде біздің қазақтардың бойынан сүйсіндірген жақсы қасиеттер мен көңіліңіз толмаған қандай жағдайларды байқадыңыз?

– Кез-келген мемлекеттің жақсы және жаман жақтары болады. Бар елді аралап шықсам да, 6 жыл Қазақстанда тұрып келемін және осы елдің суын ішіп, нанын жеймін. Қазақ халқына дән ризамын. Себебі, әрқашан маған қолдау көрсетіп, демеп отырады. Біріншіден, қазақ халқы өте төзімді болса, екіншіден, қонақжай. Мен үшін олардың дәл осы екі қасиеті бағалы.  Ананы-мынаны бөліп жарып айтқым келмейді. Десек те, кемшіл тұстар баршылық. Өкінішке орай, сіздерде жастарға тура жол сілтеп, бағыт көрсетер ақсақалдар кеңесі жоқ. Жастар өте жеңіл ойлауға бейім тұрады әрі бүгін бар болса, ертең жоқ деген пікірде. Мынадай бір оқиға болды:  бір балақайдың әкесі менен: «Сіз өзге мемлекеттен келгенсіз. Дейтұрғанмен дәл осы қазақ балалары үшін қолыңыздан келген көмекті аямай көрсетесіз, қарапайым жүріп-тұрасыз. Неге біздегі беделді деген генералдардың қыздары кішкентайларға көмектеспейді екен?» – деп сұрады. Ал мен: «Оның бар құпиясы – тәрбиеде. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген сөз тура айтылған. Себебі, ата-анасынан дұрыс тәрбие алмаған адамнан жақсы қадамдар күту бекершілік» деп жауап бердім.

– Сонда ата-анаңыз сізге қандай тәрбие берді?

– Әкем де, анам да әскери адамдар. Әрі бізде өте қатал тәрбие, тәртіп болды. «Егер мақсат қоя білетін болсаң, оған жете білу қажет. Кез-келгенге жақсылық жаса да, қайтарымын ұмытып кет, күтпе. Жасаған жақсылығың күндердің күнінде басқа жолмен өзіңді тауып келетініне сен. Бір сөзбен айтқанда, қарапайым бол, адамдардың жанын түсіне біл және өзінің тарапыңнан тек жақсылықтар қалдыр» деп үйретіп келді.  Жасым 30-ға таяса да, ата-анам үшін баладаймын. Әлі де болса  тура жол көсетіп, тәрбиелерін беріп отыр.

– Дегенмен, қыз баласысыз, ата-анаңыз  жалғыз өзіңізді алысқа жібергісі келмейтін шығар?

– Әкем басында қарсы болған. «Сен бізден алыс кеттің, қиналасың ғой» деген сөздерді жиі айтатын. Отбасымда жалғыз қыз болғандықтан оларға қиын болды. Әлі күнге дейін уайымдайды, хабарласып жағдайымды біліп тұрады. Алайда, әкем әскери адам болғандықтан, адасып, қиыншылықтар болып қалмасын деген ниетпен жаныма бір адамды қоса жібереді.

– Отбасыңыз жайлы толығырақ айтып берсеңіз?

– Менің атам мен апам бар. Атам – Салай (егіздің сыңары). Салайдан әкем – Анвар. Әкем жалғыз ұл және ол кісіден – Санжархан, кіші інім Муслим, мен – Жан Мерали. Әкем әскери адам, генерал-мойор, қазіргі таңда демалыста. Атам ақсақалдар кеңесінде. Біз – Сұлтандардың  мұрагерлеріміз. Бірақ, бұл мен үшін атақ-даңқ емес. Мен бастысы қарапайым адаммын, отбасым да сондай.

– «Сұлтан әулетіміз» дедіңіз, толығырақ тарқатып айтыңызшы...

– Ол ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырады. Қазақтарда хандық ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырған болса, бізде сұлтандық солай. Арғы атам өте беделді сұлтан болған және әлі күнге дейін сұлтан деп есептеледі. Ал атам ақсақалдар кеңесінде. Ол жерде  жастарға байланысты түрлі мәселелер қарастырылады. Мәселен, жаңа үйленген отбасы бір-екі жылда, тіпті бірнеше айдан кейін де ажырасып жатса ешкім мән бермей қоймайды. Бұл мәселені көтеріп, талқыға салып, ажырасуды болдырмайды. Міне, осы істермен сұлтандар, ақсақалдар айналысып, қолдан  келгенше аянбай көмектеседі. Жалпы біздің түркіменде ажырасу деген нәрсе жоқ. Әртүрлі жағдайларды  шешетін әкім, сот, прокурор дегендер бізде де бар. Бірақ олар тек мемлекетке қатысты нәрселерді ғана шешетін болса, ақсақалдар халықтың жағдайы, тәрбие, жастар, отбасы мәселесін қарастырады.

– «Түркіменнің қыздары басқа ұлт өкілдеріне тұрмысқа шығуға болмайды» деген мәселе заңда көрсетілген деп естідім, сол рас па?

– Бізде басқа ұлт өкіліне тұрмысқа шығуға рұқсат жоқ. Егер басқа ұлтқа тұрмысқа шығатын болса, тіпті мұсылман болса да, шыққан азаматы қыздың еліне салық төлейді.

– Пәлі, сонда салықтың мөлшері қанша? Ол мемлекетке төлене ме әлде қыздың ата-анасына беріле ма?

– Сіздердікімен есептесек, жылына 20 000 доллар. Оның арнайы уақыт мөлшері бар. Мысалы, 5 жыл дегендей. Иә, әрине мемлекетке беріледі. Себебі, тегін тұруға, оқуға, өмір сүруге мүмкіндікті солар жасады емес пе? Бір сөзбен айтқанда, тегін нәрсе жоқ.

– Шетелдерде көп жүресіз, өз еліңізде боласыз, Қазақстанды сағынасыз ба?

– Иә, әрине. Кейде Мәскеуге екі-үш айлап кеткен кезде сағынып тұрасың. Қазақстанның түпкір-түпкірінде  мен баратын балалар бар. Сонымен қатар, адамдарын да, мен ғашық болған биік тауларын да сағынып кетемін. Мысалы, Жұмағұл ата мен Айша апам бар(өзі ем алып жатқан үйдің иелері: автор) мен ол кісілерді 2 жыл бойы көргем жоқ. Бірақ, сағынып, әр кез айтып жүретінмін. Мені қалай қарсы алғандығын, қандай жылы шырай танытқанын ұмытқан емеспін. Жұмағұл атаға Алладан берілген қабілетке кейде таң қаламын. Кейбіреулер «диагнозды керемет қоямын» дейді де, аузына келгендерін айтып, бір қабылдауына 4000-5000 теңге сұрайтындар бар. Ал Жұмағұл атада ондай жоқ, ол бәріне көмектеседі. Бұл кісіні ешқашан ұмытқан емеспін және ұмытпаймын да. Сонымен қатар, Ақтөбеде Ажар есімді апам және басқа қалада Роза деген апам бар. Ол кісілер де адамдарды емдейді, көмектеседі. Сол кісілерді де сағынамын. Дәл осындай үлкен жүректі адамдар мені Қазақстанға тезірек келуіме, сағына жетуіме себепші болады.

– Егер Қазақстан «бар жағдайыңызды жасаймыз, осында қалыңыз» десе қалар ма едіңіз?

– Егер мен қандай да бір мемлекетте қаламын десем, маған жағдайымды жасап бере алады. Бірақ мен тұрақты бір мекенде қалғым келмейді, керсінше барлық әлемді аралағым келеді. Мен еркіндікті жақсы көремін. Бар әлемді аралап балаларға көмектескім келеді.

– Тұрмысқа шығу, бала сүю кез-келген қыздың арманы ғой... Ол жағын да ойламайсыз ба?

– Алланың ер мен әйелді жаратуында өзіндік себептері бар. Әйел адамының басты міндеті адал жар, ана болу. Менің де отбасын құрып, адал жар, ана болып, күйеуімді күлімдеп шығарып салып, қарсы алып, қамқор болғым-ақ келеді. Бірақ ол мүмкін болмай жатыр. Менің бар мақсатым, балаларға көмектесу болып тұр. Шынын айтқанда жеке өмірімді ойлауға уақытым да жоқ, тіпті ойлағым да келмейді. Тек балалардың денсаулғы мен өмірі ғана алаңдатады.

– Өзіңіздің орындалған немесе әлі орындалмаған армандарыңыз көп пе?

– Кез-келген адамда арман болады. Менде де арман, мақсат, қалауым бар. Алайда, Алладан өте көп нәрсені сұраудың қажеті жоқ. Менің армандағандарымның барлығы ақырындап уақыт өте келе орындалып келеді. Тіпті, күтпеген, ойламаған жерден армандарым орындалып жатқанда қатты таңғаламын. Әрине, орындалса екен дейтін армандарым да бар. Бірақ оның барлығы Алланың қолында, мүмкін орындалып қалар.

– Қазақ қаламгерлері туралы не білесіз? Кітап оқуға мүмкіндігіңіз бар ма?

– Мысалы,  мен Абай Құнанбаевты Германияда оқыдым. Себебі, осы жаққа келмес бұрын атам: «Қазақстанға барғың келсе, олардың мәдениеті мен өмірінен хабардар болғың келсе, ең алдымен бір адаммен танысып алғаның дұрыс болар» деп Абайдың кітабын көрсеткен болатын. Дәл сол уақытта Германияда едім және сол жерде Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын оқып, таныстым. Сонымен қатар георгаф, Қашқарға сапарлаған Шоқан Уәлихановтың, Абайдың әкесі жайлы жазылған кітапты, Сәбит Мұқановтың кітабын, Ыбырай Алтынсарин туралы деректерді оқыдым. Н.Назарбаев жайлы кітапты да сыйға берген еді, ол да оқылуға тиісті кітаптар қатарында тұр. Барынша көп кітап оқуға тырысамын. Инстаграм, фейсбук сынды желілерге кіріп уақытымды кетірмеймін. Мені қызықтыратыны – кітаптар, сурет салу. Бос уақытымда бар нәрседен демалу үшін бөлмеге кіріп алып кітап оқып, сурет саламын. Пейзаж, құстар мен гүлдерді салғанды ұнатамын. Мен өзімді құс, гүл сияқты есептеп, соны суретке түсіретіндеймін.

– Шынымды айтсам, сізбен әңгімелесе отырып, жаңа, қызықты кітап оқып отырғандаймын. Бағана «өмірім кітапқа лайық» деп қалдыңыз. Өзіңіз жайлы кітап жазу ойыңызда бар ма, тым болмаса естелік, күнделік жазып жүрсіз бе?

– Бір күні мынандай жағдай болды: Атыраудан  бір жаққа бармақшы болып, көлікте отырғам. Сол жерде бір әйел отыр екен. Менің атымды сұрады. Мен «Мирали» десем, ол кісі «бұл есім қазақша – Мерейлі болады» деп жауап берді. Мен таңқалып есімімді осы уақытқа дейін ешкім қазақшаға аударып көрмегендігін айттым. Сол сәтте, белгісіз әйел: «өміріңде түрлі өзгерістер болады, сен кітап жазасың немесе сен туралы кітап жазылады» деді. Сол сәтте еріксіз күлдім де, ол туралы ұмытып кетіппін. Енді міне сіз сондай сұрақ қойғанда ойланып отырмын. Мүмкін болашақта жазыла жатар. Уақыт болса өзім жазармын, не сіз мен туралы жазарсыз.

– Алғаш танысқанда біз қазақша сөйлескен едік, ұмытып қалғасыз ба?

– Қазақстанға жаңадан келгенімде арнайы курсқа барып, үйренген болатынмын. Бірақ, бұл курсты уақыт өте келе тастап кеттім. Өмірімде бір жағдай болуына байланысты, «ендігәрі қазақша сөйлемеймін» деп сөз бергенмін. Кей адамдар орысша сөйлей алмай қазақша сөйлеген кезінде көздерінен, мимикасынан не айтқысы келетінін түсініп қоямын.

– «Ендігәрі қазақша сөйлемеймін» деген қағиданы қатаң ұстанатындай қандай оқиға болды екен, а?

– Бұл негізі үлкен құпия. Таза қазақ жігіті мені ренжіткен болатын. Сол сәттен бастап қазақша сөйлемеуге бекіндім. Өз-өзіме осындай шектеу қойдым. Ал шындығына келгенде, дәл сол жігіттің көмегімен қазақ тілін үйреніп, қазаққа пайдам тисе, көмектессем екен деп едім. Мені олар түсінбеді, түсінгісі де келмеді, өте қатты ренжітті. Бұл менің қағидам, шешімім. Жалпы түркімен, қазақ, тәжік, өзбек мұсылман халқы болған соң адамдарды тұратын мекеніне, еліне, тіліне қарап бөлу жоқ қой. Адамды жақсы көрсеңіз тілді сылтауратуға болмайды. Себебі сіз адамды тілмен емес, жүрекпен жақсы көресіз. Мейлі қандай болсын солай қабылдап, жақсы көру қажет. Мұсылман болғандықтан, мынау түркімен, қазақ, өзбек деп бөлу орынсыз. Бірақ, көңілім қалғаны себепті қазақ тілінде сөйлемеймін. Бұл менің «қазақтармен сөйлеспеймін» дегендігім емес. Бір адамның қателігі үшін бар қазақпен сөйлеспей кету маған тән емес. Ол адамды іштей кешіргеніммен, мен өз сөзімде тұратын жанмын.

– Бұрындары өзіңізбен тікелей телефон арқылы сөйлесіп, халыңызды білгем. Ал қазір телефонмен тікелей тілдесе алмай жүрмін, бұл да сіздің бұлжымас қағидаңыз ба?

– Иә, мен ешқашан кез-келген адаммен тікелей байланысқа шығып, өзім телефон тұтқасына жауап бермеймін. Бұл да өзіндік қағидам. Кейде болмайтын дүниелерді айтып хабарласатын адамдар да кездеседі, ал мен артық әңгімелер тыңдаудан аулақпын. Санамды артық сұрақтарға жауап іздетумен айналысқым келмейді. Сол себепті телефон тұтқасын жанымда отырған біреуге тапсырамын. Бұны этика деп те атауға болады.

– Қазақстанда сізді қатты таңғалдырған жайттар болды ма?

– Бір қазақтың өзінің мұсылман екенін, 5 парызды орындау қажет екенін, әр жұма сайын жұма намазға бару керектігін білседағы, жұмы күні мешітке емес, орыстың кемпіріне барғаны мені қатты таңқалдырды.

Сұқбаттасқан: Жарқын Сәленұлы

Орыс тілінен аударған: Наркес Серікқызы

Abai.kz

7 пікір