Әбдіуақап Қара: Әлім Алмат қазақтан шыққан тұңғыш кәсіпқой скрипкашы
Ыстамбұлдың Этилер ауданында тұратын Мұстафа Шоқайдың рухани ұлы Әлім Алмат 2018 жылы 1 ақпан күні 101 жасында дүниеден озды. 1917 жылы Ырғызда дүниеге келген Әлім Алмат дүниежүзілік соғыста немістерге тұтқынға түсіп, Түркістан легионында болған. Соғыстан кейін Париж қаласына барып Шоқайдың зайыбы Мария апамызды тапқан. Музыкант жас жігітке көмектескен Мария оны Түркияға жібереді. Түркияда мемлекеттік консерваторияда ұзақ жылдар скрипкашы болып қызмет атқарды.
Әлім ағамызбен Шоқайтанушы болғаннан кейін араласып тұратынмын. Ақ көңіл, әңгімешіл, кішіпейіл, Мұстафа Шоқай десе ішкен асын жерге қоятын керемет кісі еді. Шоқай немесе легион туралы жаңа еңбек жазғанда міндетті түрде бірінші ағамызға апарып оқып, пікірін алып тұратынмын. Сонда ол жаңа шыққан кітаптарымды көріп қуанып батасын беріп отыратын.
Туған ағамдай жақсы көретін Әлекеңнің өзі де мені жақсы көрді. Үйіне әр барғанымда, телефон соғып, хал-жағдайын сұрағанымда қуанып қалатын. Бірақ өзі ешқашан маған телефон соғып шақырмайтын. Оның себебін “Сен ғалым адамсың, жұмысың көп, телефон соғып үйіме шақырып уақтынды алғым келмейді. Қолы бос болса, өзі келеді деп күтіп отырамын” дейтін.
Оған келіп-кетіп жүрген бір Шоқайтанушы; “Сізше кім мықты Шоқайтанушы Әбекең бе? Мен бе? Оны көбірек жақсы көресіз бе, мені ме?” деп сұраған көрінеді. Сонда ешкімнің көңілін қалдырғысы келмейтін ағамыз “Шоқайды кім зерттесе, азды көпті еңбек жазса, барлығын бірдей жақсы көрем, құрмет тұтам. Олардың ешқайсысын бір-бірінен айырмаймын. Бәрі мен үшін бірдей қымбат” деп жауап берген екен.
Ағамыз Мұстафа Шоқай туралы, Алаш қайраткерлері туралы қызық әзіл әңгімелер айтып беретін. Әлекеңнен естіген екі әзілді ретінде келгенде айта кетейін.
Ағамыздың айтуынша, Мұстафа Шоқай – Түркістан халықтарының Тәуелсіз ел болуына Еуропалықтардың қолдауын алу үшін конференциялар өткізу үшін Англияға барады. Оның сөйлеген сөздерінен әсер алған бір ағылшын лорды Шоқайды үйіне қонаққа шақырады. Тиісті мекенжайды іздеп барса, үлкен аулалы үйдің қақпасында тұрған сақшысы Шоқайды кеудесінен итеріп, есіктен кіргізбей: “Сіздің бұл үйге кіруіңізге болмайды” дейді. Мұстафа Шоқай: “Неге?” деп сұрайды. “Өйткені, – дейді сақшы, – сіз үндістандықсыз. Үндістандықтар бұл үйге кіре алмайды.”
Сонда Мұстафа Шоқай: “Жоқ, мен үндістандық емеспін, түркістандықпын, қазақпын. Және қожайының мені үйіне қонаққа шақырып еді”, - дегенде, “ә, онда кешіріңіз” деп, үйге кіруіне рұхсат беріпті сақшы.
Бірақ бұл жолы Шоқай үйге кіруден бас тартыпты да, “Үндістандықтар кірмейтін үйге мен де кірмеймін” деп кетіп қалады. Сөйтіп Мұстафа Шоқай Шығыс халықтарын кемсіткен нәсілшілдікке өзінің қарсыластығын көрсеткен екен. Бұл, сонымен қатар, Шоқайдың жеке басының қамынан гөрі халықтың қамын ойлайтын принципшіл тұлға екенін де көрсетеді. Ертеңінде Лорд Мұстафа Шоқайдан неге келмегенін сұрап жағдайды білгеннен кейін қайта-қайта кешірім өтініп, үйіне тағы шақырса да бармапты. Онымен бір ресторанда кездесіп әңгімелесіпті.
Әлім Алмат ағамыз бір әңгімесінде Алаш көсемдерінен Ахмет Байтұрсынұлын өз көзімен көргенін айтты. - 1935 немесе 1936 жылы болу керек дейді, – Әлім Алмат ақсақал, - Алматының көшесінде келе жатып, бойшаң әрі сымбатты Ахаңды көрдім, сәлем бердім. Ол сәлемімді алды. Ахаңның ол кезде Сібірде айдаудан қайтып келген кезі болатын. Алматыда университеттерде орыс ғалымдарына қазақ тілінен сабақ беріп жүретін. Сол сабақтарда орыстар оған онша мән бермей жүрген болса керек.
Сондай сабақтардың бірінде Ахаң орыс профессорынан сұрапты:
– Қазақстанда өмір сүру жақсы ма?
– Жақсы.
– Қазақтың қымызы жақсы ма?
– Жақсы.
– Қазақтың қазысы жақсы ма?
– Жақсы.
– Қазақтың жері, қымызы, қазысы жақсы, бірақ тілі жаман, солай ма? Сен қазақ жерінде жақсы өмір кешіп қазысын жеп қымызын ішкенде, тілін неге үйренбейсін? - деп орыс профессорын ұялтқан екен.
(Әлім Алмат ағамыздың Мұстафа Шоқай атты кітабымызды оқып отырған сәті)
Әлім Алмат - қазақтан шыққан тұңғыш кәсіпқой скрипкашы. Нағашысы Темірбек Жүргеновтың қолдауымен жастайынан музыка білімін ала бастаған. Консерваторияда оқып жүргенде 1939 жылы ол әскерге шақырылып, Брест қамалына жіберіледі. 1941 жылдың маусымында осында немістердің қолына тұтқынға түседі. Музыкант екенін білгеннен кейін, бір неміс офицері оны Берлинге жіберген. Сонда Түркістан Легионында істеген. Соғыстан кейін елге оралса, Сталин зобалаңынан өзінің аман қалмайтынын білген Ғалымжан Францияға бет алады. Осында 1947 жылы Мұстафа Шоқайдың зайыбы — Мария апамызға келіп қамқоршылығында болады. Өзінен көп жақсылық көрген марқұм Әлім ағамыз Марияға анам деп отыратын.
Мария Шоқай да өзінің естеліктерінде Әлім Алмат туралы айтады, ол былай дейді: “Бір жылдан кейін Германиядан скрипкашы Әлім келді. Ол өте жақсы скрипкашы болатын. Оған консерватория бітіргені туралы диплом керек болатын. Өзі Москва филармониясының студенті еді. Соғыстың кесірінен оқуын аяқтай алмаған. Мен оны Париждегі Рахманинов атындағы орыс консерваториясына жаздырдым. Бірақ, ол профессор Андреевті педагог ретінде ұнатпады, мәшһүр бір француз профессорынан жеке сабақ ала бастады, экстерн ретінде емтиханға кірді. Емтиханды жақсы тапсырып дипломын алған соң Түркияға кетті. Түркияда үйленіп, ресми қызметке тұрды. Қазір жеке дәрістер де беріп, музыкант-педагог ретінде үлкен табыстарға жетіп жүрген көрінеді”.
(Әлім Алматтың жас кезі. Германия.1946 жылы)
Кейін, 1950 жылы Әлім Алмат Түркияға барып тұрақтады. Осы жерде Ғалымжан Әбдісәлемұлы деген аты-жөнін өзгертіп, Әлім Алмат атанады. Музыкант ретінде Ыстамбұлда мемлекеттік консерваторияда скрипкашы ретінде жұмыс істеп, 1975 жылы құрметті демалысқа шыққан.
Әлім Алмат текті отбасының ұрпағы. Оның атасы Алмат Тобабергенұлы (1805-1897) өз заманында үлкен саудегер болған. Жастайынан Ресей патшалығы, Бұхар, Хиуа, Қоқан хандықтары арасындағы сауда керуендеріне ілесіп сауда істеген, сөйтіп жүріп орыс тілін үйренген. Тіл білгендігі үшін Ресей патшалығы мен Түркістан хандықтары арасында дипломатиялық миссияларға қатысқан.
Сондай-ақ, Алмат Тобабергенұлының патша шенеуніктері мен Кенесары хан арасында жүргізілген келіссөздерге де араласқаны жөнінде халық арасында айтылады.
(Автор, Әлім Алмат және Әлімұлы Төремұратпен бірге. Ыстамбұл – 2013)
Алмат Тобабергенұлы бес ұл, сүйген. Самырат, Төремұрат, Мұхамбетқали (Махан), Қосмұрат, Пірмахан. Осы ұлдарының ішінде— Төремұрат Әлім Алматтың атасы болып келеді. Төремұраттан Әбдісәлем, Әбдісәлемнен Ғалымжан яғни Әлім Алмат туады.
2018 жылы, 1 ақпан күні Ыстамбұл қаласында 101 жаста дүниеден қайтқан марқұм Әлім Алмат ағамыздың иманы жолдас, топырағы торқа болсын!
Әбдіуақап Қара,
Тарих ғылымының докторы
Мимар Синан
Abai.kz