Жұма, 29 Наурыз 2024
Деп жатыр 4374 8 пікір 8 Ақпан, 2018 сағат 09:10

Рэйчел Уиллис. Қазақстанды шикізаттық отынға тәуелділіктен қалай арылтуға болады?

Күзде орын алған көмір тапшылығы біраз елді бүрсең қақтырып, мәселе үкіметтік деңгейге дейін көтерген соң қытымыр қыс түсе бірақ шешілгендей еді, өткен аптада «көмір жоқ» деп біраз аймақ халқы қайта шулады. Әсем Алматы үшін «қалыпты жағдай» боп кеткен көк түтін биыл арқаға жетіп, Астана аспанын торуылдағаны да есте. «Болашақтың энергиясы» тақырыбында ЭКСПО көрмесін өткізген билік енді Астанаға газ тарту мәселесімен басын қатыруда. Бұның барлығы халықты отынмен қамтамасыз ету саласындағы қордаланған проблемалардан хабар беріп тұр. Қоршаған орта барлығымызға ортақ болғандықтан мәселе әлемдік сарапшыларды да бейжай қалдырмауда. Таяуда HUFFINGTONPOST.COM сайтында қоршаған ортаға қауіп-қатер мәселелері бойынша Сингапурда тұратын америкалық кеңесші Рэйчел Уиллистің Қазақстанның жасыл экономикаға өту мүмкіндіктері мен оның жолында кездесетін кедергілер туралы сараптамалық материалы жарық көрді. Мақаланы  ықшамдап, оқырманға ұсынуды жөн көрдік.

Мұнай бағасының барреліне 100 доллардық деңгейден төмендегеніне 3 жылдан асып барады. Алайда Қазақстан үкіметі Орталық Азиядағы бай мұнай қорына иек артып, жаңа шынайы жағдаймен ескіше күресуін жалғастыруда. Бүкіләлемдік банктің аға экономисті Ганс Тиммер жуырдағы сұқбаттарының бірінде Қазақстан мен оның көрші елдеріне шикізаттық отынға тәуелділіктен арылып, жаңғыртылатын энергетикалық секторларға көптеп инвестиция тартудың қажеттілігіне тоқталды. Бұдан бас тарту – экономиканы тоқыратып, экологияға нұқсан келтіруі ықтимал.

Мұнайдың ірі экспорттаушысы әрі өз аймағында алып экономикалық әлеуеті бар Қазақстан жаңғыртылатын энергия көздері секторын кеңейтіп, үлкен мақсаттарды жүзеге асырарлықтай импульске ие. Жуырда ғана өткізген халықаралық көрме тақырыбын – «Болашақтың энергиясы» деп алуы соның дәлелі. Қазақстан өз амбициясына қол жеткізу үшін бірінші кезекте жеке инвесторларды тартуға жұмыстанып, кеңестік сарқыншақтардан арыла алмаған беріштік (склерозный) іскерлік климатын реформалауы тиіс.

Елдегі 4,8 миллиард тоннаға тең көмірсутектің анықталған қоры әлемдегі ірілердің қатарына жатады. Қазақстан осы ресурстардың арқасында өзін Кеңес Одағының қирандысынан аман алып шығып, экономикасын он есе ұлғайтты. Қылмыс, кедейлік, экстремизм өршіп тұрған көрші елдерімен салыстырғанда Қазақстанда біршама тыныштық пен береке орнаған.

Әлбетте, бұндай өсім үшін белгілі бір деңгейде құн төледі. Бүгінде Қазақстан жер шарындағы ең ластанған елдердің бірі. Көптеген көмірқышқыл құрылғылары (углекислотные установки) мен қауіпті қалдықтар су мен топыраққа сіңіп қалған. Кеңестік ауыр өндірістің мұрагері де осы ел. Үкімет соңғы жылдарға дейін экономикалық даму жолында бұндай теріс әсерге көз жұмып қарады.

Алайда 2014 жылы мұнай бағасының арзандауы, басты сауда серіктестер Ресей мен Қытай дамуының баяулауы Қазақстанға қатты әсер етті. Мұнай өндіру көлемі кемігендіктен, жыл басында 4,2 пайыз өсу қарқынына ие болған ЖІӨ жыл соңында 1 пайыздық көрсеткішке дейін құлап, жиырма жылдағы ең төменгі өсімді көрсетті. Осы тағылеттес соққылар Қазақстанның көмірсутекке шектен тыс тәуелділігін, экономиканың басқа салаларының кенжелеп тұрғандығын әшкереледі.

Нәтижесінде президент Назарбаев бірқатар реформаларды жүзеге асырып, Қазақстан өңірдегі жаңғыртылатын энергия көздерінің ірі қолдаушысы болып шыға келді. Ел үкіметі «Жасыл энергия концепциясы» саясатын енгізу жолында БҰҰ-ның даму бағдарламасымен және бірнеше серіктеспен әріптестік орнатты. Ол Қазақстанның алдына бірнеше міндеттеме қойды. Солардың ішінде 2050 жылға дейін өндірілетін энергияның 50 пайызын жаңыртылатын энергия көздері құрауы тиіс деген міндеттеме бар. Қазақстан бұл мақсатты жүзеге асыруда Еуропа қайта құру және даму банкі, тұрақты энергетика саласындағы ірі инвесторлар сынды негізгі қаржы институттарымен әріптестік байланыс орнатты.

Қазақстан шыныменде жел мен күн энергиясын өндіру бойынша ауқымды жобалар жасауда ірі әлеуетке ие. БҰҰ-ның даму бағдарламасының есебінше, елдегі жел энергиясының мүмкіндігі қолданыстағы энергия өндірісінен он есеге асып кетеді. Алайда инвесторлар үшін оны жасау құны қымбат әрі машақаты көп. Қазақстан әліге дейін электроэнергияны жеңіл алу тәсіліне назар аудармауда. Соның салдарынан елдің солтүстігіндегі жел энергиясы жобалары тоқтап тұр.

Алайда елдегі коррупция, шетелдік инвесторларға қырын көзқарас, құқықтық жүйедегі кемшіліктер ықтималды инвесторларды үркітуде. Шетелдік фирмалар бизнестегі басты кедергілердің бірі ретінде осы жемқорлықты атайды. Қазақстан Transparency International компаниясының ғаламдық рейтингінде «Жемқорлықты түйсіну индексі» бойынша 131-орында тұр. Сот төрелігі жүйесін терең жемқорлық жайлаған. Соттар саяси элита бақылауында. Сот процесінің әр кезеңінде жағымды нәтижеге қол жеткізу үшін пара беру жиі ұшырасады. Салықтық әкімшілік пен өзге де мемлекеттік қызметте жемқорлық «қыз-қыз қайнауда». Компаниялардың 25 пайызы салық қызметкерлерімен кездескенде олардың қолдарына сыйлық ұстататындығын айтқан.

Шетелдік инвестицияны реттейтін заңдар жетілмеген және дұрыс орындала бермейді. Мәселен энергетикалық аукциондарға, электроэнергиялық концессияларға және осыған жақын салаларға қатысты үкіметте танысы бар ойыншыларды көтермелеу тенденциясы белең алған.

Егер аталмыш проблемалар шешімін таппаса, Қазақстанның жасыл экономикаға өту ұмтылысы «Болашақтың энергиясы» тақырыбындағы көрмесі сынды сәтсіз болмақ. Сыншылар көрмені мұнайға тәуелді елдің таңғаларлықтай экономикалық түрленуге қол жеткізгендігіне шетелдік инвесторларды сендіруге талпыныс жасауы ретінде бағалады. Астана бұндай құйтырқылықтың ұдайы жалғаса бермейтіндігін түсінуі керек.

Рэйчел Уиллис

Аударған Меліс Сейдахметов

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2261
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3542