Сенбі, 23 Қараша 2024
Бетбұрыс 4154 3 пікір 8 Ақпан, 2018 сағат 09:19

Дау үстіндегі ой

Биылғы Білім министрлігі Ғылым комитетінің  тарапынан жарияланған гранттық жобалар байқауының қорытындысы ғалымдар арасында үлкен дау туғызып, ғылыми қоғам түңілушілер мен түсіндірушілер болып екіге жарылды. Түңілушілердің түптен түп келіп кінәлайтыны - Ғылым комитеті. Басқа жылдарды қайдам, осы жолы Ғылым комитетін бір жақты кінәлау дұрыс емес. Себебі байқаудың ашық түрде өтуіне күш салған бірден-бір мекеме – осы. Егер биылғыдай ашықтық үрдіс жүзеге асырылмағанда, «жабылған қазан  жабулы күйінде қалып» мұндай даудың болмауы да мүмкін еді. Өйткені бұрын бұл байқау біршама жабық жағдайда өтетін.

Қазіргі таңда жобаларды тіркейтін электрондық портал ашылып, жоба ұсынған уақытта туындайтын берекетсіздіктерге кедергі қойылды, ұлттық кеңес мүшелеріне үміткерлер тізімі жарияланып, бекітілген нұсқа жұртшылыққа белгілі болды. Жобаның жетекшісі туралы мәлімет, жоба туралы өтініш, жұмыс істейтін топты жасақтау аталмыш  портал арқылы жүзеге асырылды. Байқаудың 1 кезеңі қысқа уақытта жүзеге асырылды. Әркім жинаған ұпайын  көрді. Оза шапқандар да, ортада келгендер де, омақаса құлағандар да болды. Енді екінші кезең шешуші сәтке айналды...

Біздер осындай гранттық жобаға 2012 жылдан бері тұрақты қатысып келеміз. 2015 жылы бір жобадан жеңімпаз атанып, 2017 жылы оны жақсы нәтижемен аяқтадық. 2018-2020 жылға арналған гранттық байқауға «Мәңгілік ел» бағытына екі жоба ұсынып, 1-ші кезеңнен бір жобамыз 26,3, екіншісі 28 балл алып, 2-ші кезеңнен үлкен үміт күтіп жүргенбіз. Өкінішке қарай, үмітіміз ақталмады. Аң-таң болып, күдік ойға да жетек бердік, көңілдегі реніштен күпті де болдық. Содан жеңімпаздардың қатарын қарап, кімдер бар екен деп көз салғанда, қазіргі  гуманитарлық ғылымда аты мен атағы ел-жұртқа кең тараған, мектеп қалыптастырған  аға буын өкілдерін, ерен еңбегімен көрініп жүрген замандас әріптестерімізді  көріп, «бізге бұл жолы бұйырмаған екен» деп бір тоқтадық.

Екінші кезең Ғылым комитетінің ырқынан кеткен кеңістік еді. Байқаудың қорытындысын Үкіметтің қаулысымен бекітетін «Ұлттық ғылыми кеңес» айқындады. Кеңестің құрамы ғылыми институттар, жоғары оқу орнының ғалымдары, бизнес, әр түрлі салалық министрлік ұсынған кісілермен жасақталып, құрамның басым бөлігі бизнес, әлеуметтік-қоғамдық саладан болды. Мұнда қисын бар секілді. Ғылыми жобаның нәтижесі қоғамға, әлеуметтік салаға, бизнеске пайда тигізбесе, одан не пайда?

Иә, Ұлттық кеңес құрамы кірген ғалымдардың жобалары бәйгеден озғанынан да хабардармыз. Кеңес құрамына ғалымдар кірмесе, тағы болмайды. «Таяқтың екі ұшы бар» деген осы. Енді не істемек керек? Көңілдегі күдікті қалай сейілту қажет? Біздіңше, Ұлттық кеңес құрамында болып, жобалары бәйгеден озған әріптестеріміз  БАҚ өкілдеріне өздерінің жобалары туралы кең ақпарат беруі керек. Басқа жол жоқ. «Ғылыми орта» деген әлеумет жаппай түскен бәйгенің сөреге жетер шешуші сәтіне өзің араласып, әлеуметтің  ауыр жүгін арқалауға бел буған екенсің, оған көнуің қажет. Бұл – бір.

Екіншіден, туындаған жағдайға байланысты Ұлттық ғылыми кеңесті ұйымдастыруда өзгерістер болуы керек сынды. Біздіңше, ҰҒК үшінші белес болуы орынды сияқты. Екінші белес – бизнес, әлеуметтік саланың өкілдері, яғни тұтынушылар. Олар эксперттердің берген тұжырымдамаларына қарай отырып, өз бағаларын қояды. Бизнес және әлеуметтік саланың өкілдері де экспертер сияқты құпия түрде жасырылынады. Олардың қатарында да елімізге белгілі бизнесмендер, ел-жұрт ықылысына бөленген тұлғалар, қоғам белсенділерінің болғаны құба-құп. Ғылыми эксперттер мен бизнес, қоғамдық сала өкілдерінің қорытындысы порталда кезекпен жарияланады. Екі кезеңнің нәтижесінде белгілі бір жоғары деңгейе көтеріле алмаған жобалар байқаудан шеттетіледі. Бұдан өткен жобалар ұлттық ғылыми кеңестің құрамындағы ғылымдардың қарауына ұсынылады. Осы тұста ғана шешуші шешім шығарылады.

Білім, ғылым саласынан ұлттық ғылыми кеңеске кіретін кісілердің кандидатуралары (ғылыми ортадағы беделі, азаматтық келбеті, моральдық қасиеттері кемел тұлғалар) ертерек анықталып, айталық жыл басында, оларға еңбекақы тағайындалып, жоба ұсынуына тыйым салынады.

Қорыта келгенде, байқаудың жеңімпазын анықтау үш кезеңнен өтеді. Бірінші кезең – ғылыми эксперттер, яғни сұрыптаушылар. Екінші кезең – бизнес пен әлеуметтік саланың өкілдері, яғни қоғамдық сұранысты анықтаушылар. Үшінші кезең – Ұлттық ғылыми кеңес, ғылыми жобаның мән-маңызын анықтап, бекітуші.

Қазіргі таңда бұл процедураларды ақпараттық технологиялардың көмегімен жедел түрде шешеуге болады. Біздің ұсыныс – осы.

Алмасбек Әбсадықов

Abai.kz

 

 

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377