Қызық жігіт
Ол өзі қызық жігіт... Елмен көп жұмысы жоқ... Сөзге шорқақ... Көп ашуланбайды. Желкесіне түскен ақ шашын бір сипап қойып күледі... Дұрысы жымиып қояды... Бұл біздің – Болат... Болат Ыбыраев!
Қазақ өнерінде Болаттар бар ғой... Шүкіршілік... Солардың ішіндегі өнердегі жолы ерекше – Бөкең! Назым Хикметтің «Елеусіз қалған есіл ер» пьесасында бір сөз осындайда еріксіз ойға түседі. «...Аз да болса айбатты, қораш та болса қайратты!». Дәл солай... Сахнаға шыққанда сәл қысыңқы көздері жарқырап нұрланып кетеді. Дауысы күмбірлеп, сахнаны жарып жіберердей екпіндеп сөйлейді. Құдды кешегі Нұрмұхан Жантөрин сияқты...
Болат Қарағанды облысындағы Қарқаралының тумасы. Ақын Мәдидің, өзіміздің Қаллеки-Қалибек Қуанышбаевтың, кешегі ақиық ақын Қасым Аманжоловтың, ал түптеп келгенде Қаз дауысты Қазыбек бидің ұрпағы.
Бүгінде өнерге келіп, сахнада жүргеніне қырық жыл толыпты. Ол ешқашан бала кезден армандап, қиялдап өнермен «ауырмаған». Есейе келе мектептің сахнасына шығып, «Батыр бала Болатбекті» оқитын. Соғыстан мүгедек болып келген әкесі Қалыбек совхозда агроном, шешесі Күләндә бастауышта сабақ беретін. Үйлерінде ап-ауыр дәу сұр кітап бар-тын. «Батырлар жыры». Шешесі Күләндә шамның жарығымен үйге келген меймандарға осы жырлардан дастан оқушы еді. Әрине, бұл XIX ғасыр емес. Ильичтың шамы бірде бар да, бірде жоқ. Көбінде өшіп қала береді. Бірақ соған қарамастан, дастан басталатын. Және жай оқылмайды, әндетіп, нақышына келтіріліп, біресе көтеріп, біресе сыбырға көшетін. Бірде «Қобыланды», ендігіде «Алпамыс», «Қырық қыз»... Әсіресе, «Гүләйім»... Кейде Болатқа осы жырды оқып отырған шешесі Күләндә Гүләйімдей болып кетеді. Үйге жиналған үлкен кісілер риза болып, Күләндә келіннің суып кеткен шәйін ішіп, көздеріне жас алатын. Кішкентай Болат сонау бұрышта отырып есілдертімен осы жырларды тыңдайтын. Бала көңіл жырдағы батырларға еліктейтін. Кей сәттерде ешкімге көрсетпестен көз жасын үнсіз сүртіп те алады. Әсіресе, ағалары мен әпкелеріне көрсетпеуге тырысады. Болат көп балалы үйде өсті. Шешесі он құрсақ көтерген. Үбірлі-шүбірлі балалар үшін бұл үй – театр, бұл үй – кино.
Кейін де солай болған. 90-жылдары кімнің күйі бар-тын? Есі бар епті жігіттердің көбі бизнеске, сауда – саттыққа кетті. Көбінің мінгені «иномарка». Сол кезеңдерде өнерде жүрген талай майталман сахнамен «қош» айтысып жүре берді. Қасыңдағы әріптестері де базарға шықты. Ал Болаттың үш баласы бар. Театрдың жалақысы бірде бар, бірде жоқ. Балаларға тамақ керек. Сондай күндердің бірінде бағындағы облепихадан екі шелек теріп, базарға шыққан... «Шелегіңіз қанша?» – дегендердің өзіне «екі мың» дегенді міңгірлеп әрең айтады. Басы салбырап, үнсіз отыра берді. Уақыт неткен баяу, жүрмей қалған. Ал екі шелектегі облепиха сап-сары маржандай әлі тұр. Ешкім алмайды. Тұрып кетуге шара жоқ. Иә, ол күндер де бүгін артта қалды. Адам баласы ұрпақ үшін өмір сүреді. Солар үшін бәріне барасың. Бәріне дайынсың. Адамның тағдыры да, өмірі де осы ұрпақ үшін.
Баяғыда КазГУ-дің «Тарих» факультетін оқи бермей. Жақсы мұғалім болса, бүгінде бәлкім бір мектепте директор болар ма еді. Кім білсін?! Ол кезде КазГУ-дің оқу корпусы бүгіндегі Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясында ал «Театр» факультеті консерваторияда болатын. Екі ғимараттың ортасы таяқ тастам жер. Көктем, күзде әртүрлі музыка аспаптарының үні, айқайлаған дауыстар. Болашақ актерлердің сол маңайда жүргенін Бөкең талай көрді. Дәл сол кездегі мына бір оқиға есінен әлі кетпейді. Консерваторияның терезесіндегі бір бойжеткеннің ескерткіштей ұзақ тұрғаны. Үріп ауызға салғандай, бірақ қимылсыз. Бөкең не істерін білмей состиып қалған. Қыз да үнсіз, бұл да үнсіз. Тіпті, жақындап келіп әлгі мүсінге ұзақ шұқшиған-ды. Сонда ғана ол қыздың «тірі» екеніне қуанған. Актерлік өнер дегенді түсінген. Сол кезде барып, «Шіркін, менде артист болсам...» деген ой санасында жарқ еткен.
Тарих... Тарих... Еш құлқы жоқ... Күндердің күні КазГУ-ге «қош» деп, ГДР-ға әскерге кетті. Ақыры Франкфурттан бірақ шықты. Қасында кілең орыс жігіттер. Амал не, ол тілді де үйренуге тура келді. Тек баяғы «актерлікке түссем...» деген ой маза бермейді. Елге келе сала консерваторияға бет алды. Бағы жанып, КСРО халық артисі Шолпан Жандарбекова мен Татьяна Наурызбаеваның шеберханасына түсті. Курстағы ересегі де осы Болат. Дипломдық жұмысқа М.Әуезовтің «Еңлік-Кебегіндегі» Еспембет, А.Арбузовтың «Қатыгез ойындарындағы» Константиновты, Қ.Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-айындағы» доцентті ойнады. Содан Жақып Омаровтың айтуымен Болат туған елі Қарағандыға тартқан. Таныс өлке, таныс қала... Ауыл да онша алыс емес...
Болаттың алғаш театрға қобалжып кіргені әлі есінде. Қорықпаған да қалай. Мұнда театрдың алғашқы қарлығаштары Қазақстанның халық артистері Ж.Шашкина, Ә.Молдабеков, М.Сүртібаев, Р.Қойшыбаева, А.Мұсабекова, Әсия Абылаева, Қарғамбай Сатаев. Содан кейінгі толқын Рамазан Баймағамбетов, Шәміл Жүнісов, Сердеш Қажымұратов, Рымкеш Омархановалар шыққан орда. Оның үстіне актерлердің көбі ересектер. Бір Қарғамбайдың өзі бір төбе. Әсіресе, оның Болат Мансуровтың, Толомуш Океевтің фильмдеріндегі рөлдерінен кейін. Тұнып тұрған мұхит. Болат ол кісілермен сөйлесуді, сырласуды қажет ететін. Ал олармен бір сахнада партнер болу дегеннің өзі қорқыныш емес пе?! Не керек бір күні Жақып Омаров Қалмұқан Исабаевтың «Сапар сыры» деген пьесасын алған. Қобылан деген рөлді берді. Күндіз-түні сол рөлдің сөзін жаттап, түнде ояна кетіп кейіпкері жайлы ойлайды. Алда тек қорқыныш бардай. Міне, ақыры көркемдік кеңеске тапсыратын күн туды. Ел-жұрт айтып жатыр. айтып жатыр. «Мүмкін емес, мынау сөйлеп тұрған аты шулы Қ.Сатаевтың өзі ғой...». «Мына бала жақсы екен!» Сенерін де, сенбесін де білмейді. Жақып та Болатты мақтайды. Осы рөл оның кішкене жеңісі еді.
Премьера! Болат көрерменге тұңғыш шықты. Әнеукүнгі сдачадан кейін сәл-пәл өзіне деген сенімділік пайда болды. Шымылдық та жабылды. Соғылған алақан... Айғайлап, «Браво!» деп мәз болған көрермен. Әрине, Болат алғаш «актерлікке барам» дегенде үй-іші түгел қарсы болмаса да, құптай қоймаған әкесі Қалыбек көз алдына келді. Соған өзін кінәлі де санайтын. Бірде әкесі Бөкеңді өзі шақыртты. «Жарайды, балам! Болар іс болған екен. Не деймін. Жолың болсын! Жағаң кір болмайды екен» деді. Иә, артистің жағасы кір болмас ау, ал тер болар екенін Болат сол күні түсінген. Өнер деген ұлы теңіздің жаймашуақ күндері де, тұманды түндері де Айвазовскийдің «Тоғызыншы көк толқынындағы» суреттегідей сұрапыл сәттері де бар екенін санасымен түйсінген. Осылайша, Қарағандыдағы он жыл өте шықты. Ол кездерде Жақып Омаров Шымкентке кетті де, орнына Ерсайын Тәпенов келген. Бірақ Ерекеңді Павлодардан ашылған театрға кетеді деген қауесет шыққан. Орнына кім келері белгісіз. Болашағы тұманда қалған айдындағы ескексіз қайықтай. Осындай күндердің бірінде Жақаң-Жақып Омаров келген. Жүрісі асығыс, қара мұртын сипап қойып, Болатпен дәмханаға барды. «Ал Болат. Целиноградта қазақ театры ашылады. Барасың ба?» Болат ойланбастан, «иә» деп жауап қайтарды. Өйткені жалғыз емес. Қасында әріптес ағалары, достары бар екен. Қазақстанның еңбек сіңірген артистері Рымкеш Омарханова, Шәміл Жүнісов, Қайрат Кемалов, Рамазан Баймағамбетовтар, т.б.
Иә... Бұл жылдары Қазақстан егемендікке ие болған кездері еді. Өз аяғымен өзі тұрған республика орыстанып кеткен өлкелерде қазақ театрын ашуды қолға ала бастаған шақ. Қ.Қуанышбаев атындағы театры да сол егемендіктің, сол тәуелсіздіктің алғашқы қарлығаштарының бірі болатын. «Онда кеттік, бауырым! Басында қиналарсың, кейін бәрі орнына келеді» деді Жақаң. Ескіде бір сөз бар екен. «Ер жігіт кеттік дегенде қайда демейді, қашан дейді». Нартәуекел! Сөйтіп, Қарағанды театры да, онда ойнаған рөлдері де Болат Ыбыраев мінген машинаға қол бұлғап қала берді. Әттең... Он жыл түк емес ау. Әсіресе, Д.Исабековтың «Әпкесіндегі» – Тимур, Ә.Таразидың «Жақсы кісісіндегі» – Марат, Т.Ахтановтың «Антындағы» – Хан, С.Мұқановтың «Мөлдір махаббатындағы» – Бүркіт, Н.Кәрімнің «Ай тұтылған түніндегі» – Диуананы енді қашан ойнармын деген ой ғана мазалаған. Бірақ «Шешінген судан тайынбас» демекші, алға қарай тарта берді.
Жаңа жер! Жаңа қала! Бұл қалада екі-үш қана көше. Оның өзі шаңға бөленіп қала береді. Дәл баяғы студент секілді кезеңдер. Бірде аш, бірде тоқ. Бір күні бірге келген екі дос Рамазан мен Қайрат бұзылған. «Қош, Бөке! Қайтқан малда береке бар демекші, Қарағандыға қайта барайық!» деді. «Мәссаған!» Онсыз да сағымдай бұзылып жүрген Болаттың көңіліне ана екеуі «тұз сеуіп, мұз бүріккендей» болды. «Не істеймін? Қайтсам ба екен?.. Оның үстіне Қарағандыда екі бөлмелі үй бар. Ал мұнда ше? Әзірге ештеңе жоқ!». Болат сол күні кірпік ілмеді. Дөңбекшіп шықты. Тұрып жатқан вагон да суық. Үстіне күрткісін жамылып, далаға шыққан. Таң қызарып, ағарып келеді. Қызыл арай ала бұлттың арасынан бұлқынып шығатындай. «Жоқ! – деді Болат, кіммен қарайсаң, сонымен ағар деген халық. Қалам!». Бұл оның соңғы шешімі еді.
Иә, көп ұзамай тіл игерушілердің мәдениет сарайында қазіргі Конгресс-Холлда Жақып Омаровтың сахналауында Ғ. Мүсіреповтың «Ақан сері – Ақтоқтысы» көне қала Ақмолада, Сарыарқаның төсінде шымылдығын айқара ашты. Болат кейіпкер Жалмұқанның туын сахнаға желбірете шықты. Қазақ тілін сағынған қарагөздердің қуанышында шек жоқ. Бұл үлкен жеңіс еді. Салқын самалы жаныңа ем, жүрегіңе шуақ тастайтын ұлттық драма театры дүниеге келді.
Бүгінде сол жас жігіт Болат Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанып, алпысқа келіп қалыпты. Бірақ мінезі сол. Өзгермеген. Көбінде үнсіз. Дәл баяғы Акира Курасаваның фильміндегі Дерсу Узала дерсіз. Дұрысы сондағы КСРО халық артисі, «Оскардың» иегері Максим Мунзук секілді. Өз ісінің маманы, сахнаның шебері. Үш баланың әкесі, немерелерінің атасы. Астананың іргесіндегі кішкене үйде барымен базар. Есік алдындағы бақша, қорадағы кішкене иті де қожайыны келсе, қуанғандай құйрығын бұлғаңдатады. Дәл бір Ш. Айтматовтың «Боранды бекетіндегі» Едігенің иті Жолбарыстай.
Иә, Едіге демекші... Болат шығармашылығындағы ерекше образ... Әлі күнге Ә.Мәмбетовтың көзіндей рөл... Ойлап қарасаң Әзекең дәл осы қазақ театрының қара нары – Едігесі екен-ау... Қалай еді?.. «Қазіргі жастардың ішінeн oндай талапкeр табыла қoяр ма eкeн. Сарыөзeктің разъeздeріндe тұру үшін адамда рух бoлу кeрeк, әйтпeсe арам қатасың. Дала – кeнeн, адам – нoқат. Саған жайлы ма, жайсыз ба – далаға бәрібір. Далада қалау бoлмайды». Сондай-ақ Бөкең Әзекеңмен бірге А.Чеховтың «Ваня ағайындағы» – Ваняны, В. Дельмардың «Баянсыз бағындағы» – Мистер Куперді сомдады. Бүгінде ол театр репертуарындағы қойылымдардың басым көпшілігінде өнер көрсетіп, көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленуде. Ол осы қырық жыл ішінде сахнада алпыстан аса рөл ойнапты. Солардың ішінде, әсіресе : Ә.Тауасаровтың «Махаббат аралындағы» – Орманшы; О.Бөкейдің «Құлыным меніңіндегі» – Жан; Ғ.Мүсіреповтың «Ақан Сері-Ақтоқтысындағы» – Жалмұқан, Балта; Ғ.Мүсіреповтың «Қыз Жібегіндегі» – Базарбай; М.Әуезовтің «Қара Қыпшақ Қобыландысындағы» – Көбікті, «Қарагөзіндегі» – Жабайы, «Абайындағы» – Оразбай, «Еңлік-Кебегіндегі» – Кеңгірбай биі; Ш.Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күніндегі» – Едігесі; М.Кәрімнің «Ай тұтылған түніндегі» – Диуанасы; Т.Ахтановтың «Жоғалған дос» – Естемесов, «Күшік күйеуіндегі» – Кубигі; У.Шекспирдің «Ромео мен Джульеттасындағы» – Пастор, «Гамлетіндегі» – Полоний;А.Чеховтың «Ваня ағайындағы» – Войницкий; А.Дударевтің «Кешіндегі» – Мультик; Т.Джюдженоглудың «Көшкініндегі» – Ақсақал;
Д.Рамазан «Кенесары-Күнімжандағы» – Тұрсынбай; М.Фриш «Дон Жуанның думанындағы» – Тенорио; Е.Жуасбек «Терең тамырлардағы» – Ала ағаш; Ж.Ануйдың «Жалын жұтқан Жанна Д’арк» – Кошоны; Қ.Жүнісовтың «Сәкен Сұңқарындағы» – Ахмет Байтұрсынов;
В.Ежовтың «Тыраулап ұшқан тырналардағы» – полковник Лукьяновы ерекше болып тұр.
Болат екеуіміз сөйлесіп отырмыз. Мен шеккен темекiнiң түтіні бөлме ішіндегі сәулемен ойнайды.
– Енді қандай рөлді ойнағың келеді? – деймін. Болат тағы да үнсіз.
– Шекспирдің «Ричарды мен Король Лирін» ойнасам. Абылайды да ойнау арманым. Әттең, денсаулық...
– Бұйырса, ойнарсың. Онда жақсы.
– Жақсы – деді Болат. Аппақ ұзын шашын артына қайырып тастап, Бөкең есіктен шыға берді.
Неткен қарапайымдылық... Неткен кісілік. Неткен кішілік деймін ішімнен. Сендердей дарынды жігіттер бар да, қазақ өнері бар-ау. Жасай бер, Болат дос! Жолың болсын!
Талғат Теменов, Қазақстанның халық артисі, профессор
Abai.kz