Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Жанайқай 13326 29 пікір 26 Ақпан, 2018 сағат 10:20

Зауытбек Тұрысбек Елбасының аманатын аяқ асты ету үшін төраға болды ма?

 

Зауытбек мырза! Жауабы мен сауабы мол жұмысты не үшін қолға алдыңыз? Құрығанда бір жол болса да қорланып жатқан Қытай қазақтары туралы ақпарат алып, бір сұхбат беруге де жарамадыңыз ғой.. Неге?  Елбасы Н.Ә.Назарбаев құрылтайда далаға айтты ма? Азапқа ұшыраған қандастардың жанайқайы дәл сол құрылтайда не үшін айтылып отыр? Сөзден гөрі, істің адамымын деген сертіңіз қайда? Сегіз ай бойы қандастардың басына келген ақырзаманға, соған қатысты мекеменің басшысы ретін де қалай тыныш ұйқтадыңыз? Жоғалған малды іздемесең оның да обалы бар емес пе? Шеттегі қазақтың мал ғұрлы құны болмағаны ма?  Бұл  бүкіл оралманның ышқынған жанайқайы деп біліңіздер..

Басына қара бұлт үйіріліп, соры арылмаған қытай қазағының тағдыры қыл үстінде, басына заманақыр төніп тұр.. Дінсіздің қолында қор болған халықтың еш күнәсі жоқ, олар бейбітшілік пен берекенің ұйтқысы деп танылған, қытай басшылығы да солай баға берген. Бүгінге келгенде қараңғылық бүркеген бітік ормандағы түз тағысы іспетті тұтқиыл шабуыл жасап, ізім-ғайым өлтіріп жатыр. Одан қалғанын абақтылап, алапат азаппен қинауда. Жасырын тамаққа қосылған дәрі арқылы өз-өзінен өлетін, ақыл –есін жоғалтатын дертке шалдығуда. Бейресми мәліметтерде 500 жүз мың адам істі болған. Олардың өлгенінің ақпараты да жабық сақталып отыр. Өкен бастатқан танымал имамдар түгелімен жоқ, өлі-тірісі белгісіз.

Заңнан, саясаттан хабары жоқ ауыл қазағын жаңа жасақ орналастырып, бейуаз елдің тағдырын шешетін күшті құрылымға айналдырған. Ол жерде ішетін-шегетін, бұзақылардың қолына билік беріп, ауыл мен қыстақтың қазағына білгенін істеуде. Бүкіл Шыңжаң өлкесі 1960 жылдардағы «Мәдениет төңкерісімен» жылап көрісерлік шекке жеткен. Он мыңдаған мешіттерді қиратып, «Ассалаумағалайкум» деген адам сотталып жатыр. Қытайдың «Көктем мерекесі» басталғалы бері барлық қазақтардың үйіне қызыл-жасыл жын шақыратын, «Будистік» бұтқа табынатындардың жоралғысы ретіндегі қағаз жалауларды зорлықпен ілгізіп, бақа, шаян, шошқаның етін сол мереке қарсаңында күштеп жегізген. Сонымен бірге мұны әдемі, зымиян атаумен «Туысқан ұлттар достығы» деп қан шығармай өлтіруде. Ақпараттарда қысым деп айтылып жүр, қысым емес тірідей рухын өлтіріп, тәнін мүгедек етуде. Он күннен асып барады, әр ауылдан 200 қазақты еш себепсіз тұтқындап, қытайдың қараңғы зындандарына тастауды бұйырған... Бұған жалған ілік тауып, бас көтерер азаматтарды құртып, қорғансыз қалған, әйелдерді меншік ету сұмдық жоспары тұр. Мұндағы «қылмысы» Қазақстанмен байланысы барлығы, бұрын жұмаға барғандығы, әкімшілік жазаға тартылғандығы себеп болып, түрлі желеумен айыпты деп санап дегеніне жетуде.

Жарқын-7 (Серікжан Біләш) мен Қыдрәлі Ораз қытайдағы қазақтардың оңбай азапталып жатқанын жанымен сезген азаматтар. Қандас туыстарың, солай азапталып жатса, шынымен қалай тыныш жата аласың? Бұлар халқаралық ұйымдардың атқара алмаған жұмысын атқарып жүр (Қазақ қауымдастығының). Қазақ қаламгерлері аузына маржан салып отыра берсін, тек Жәди Шәкен, Құлкерім Елмес,  Тоқтарәлі, Серік қатарлы қаламгерлер ғана  азаматтық атын сақтап қалды.. Олар біреу болса да қандастарына араша сұрап мақала жазды.. Осындай кезде қазаққа бірлік керек, ең кемінде жұмыс істеп жатқан азаматтарға кедергі жасамауға тиіспіз. Өйткені қазақ тағдыры сын сағатта тұр.

Қытай түрмесінде 8 ай жатып әрең оралған Қазақстан азаматы Омарәлінің айтуынша қытай түрмесінде азапталып жатқандардың үштен бірі – қазақтар екен. Ол жақта азапталып жатқан адамдардың көптігі еш дәлелдеуді қажет етпейді. Себебі ақпарат ағынында күн сайын жаңаланып, алапат үреймен өрнектеліп жатыр. Намысты азаматтар "арға дақ салғанша, қырып тастаса тыныш еді" деп жатқан көрінеді. Қытайдың асқан аяр саясаты тарих беттерінде де сөйлеп тұр. Өткен ғасырдың ортасында "Моңғол ұлтының жарамды азаматтарын отанды қорғау үшін соғысқа жібереміз" деген желеумен белгісіз иенге әкеліп қырып салып, еркек кіндіктіні жоқ еткен. Ізімен «Отан үшін құрбан болғандарға қамқорлық» деп қыз-келіншектердің отын-суына көмектеседі деп, 18 бен 40 жастың аралығындағы қытай жігіттерін жіберіп, 95 пайызын күштеп үйлендіріп ұрпақ өрбітіп, қытай ұлтына сіңдіріп әкеткен. Осындай зұлымдық қайда бар?  Міне осы жоспарын екінші бір сұмдық әдіспен қазаққа жүргізуге кірісіп кетті. Қытайда жаппай түрме салынып, «Саяси үйрену» деген абақтысына адам сыймай жатыр. Еркегі абақтыға, не саяси түрмеге кеткен үйдің әйеліне қоқан-лоқы көрсетіп, білгенін істеп отырғанын «Еркін Азия» радиосы растап отыр. Әлемде жоқ зұлымдық басталып кетті

Қытайдағы үш миллион қазақтың тағдыры қыл үстінде тұр. Пәле қайдан дейтін емес, бүкіл Шыңжаң өлкесі төбесі ашық түрмеге айналған. Ұйғыр, дүңген, қазақ аймақтары айдаһардың аузында тұр. Тұрғын үйлердің бәрі тегіс тар есіктен шығатын апанға айналдырумен бірге жоспарлы түрде қаланың өзі түрме негізінде салынған. «Қытай қорғанын» салып мемлекетті тырп еткізбей, ақпаратты үзіп, қазақ бастаған аз ұлттарды геноцидке ұшыратып жоқ ету. Бұл күнде қандастарымыз демін ішіне тартып, жөтелсе ұстап кете ме деп үрейі ұшатын болған. Басқыншылығы шектен асқан қытай билігінен араша сұрап, құтқармасақ кеш қаламыз. Іргемізде қандасымыз атылып, асылып жатса қалай шыдас беріп отыра аламыз? Сондықтан ойлануымыз маңызды..

Жақында Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың пәрменімен, ол жақта қысым көрген қазақтардың мәселесі расталып, ҚР Сыртқы істер министры Қайрат Әбдірахманов  дипломатиялық нота жіберіп, сегіз айдан бергі күйзелісімізді сәл де болса сергіткендей болды, міне елдіктің белгісі деді біраз азаматтар. Айтайын дегенім осы қазақтың басына келген қауіпті Америкада, Еуропада емес, бұйырса бірақ адам шеше алады, ол  – Н.Ә.Назарбаев! Әлемде ядрольқ қарудан бас тартудың үлгісі болған, Сириядағы соғыстың тоқтауына себеп болған тұлға ретінде, көршіге сөзі өтетіні сөзсіз. Мүмкін соның жоспарын жасағанда болар, өйткені дипломатиялық қадамдарын жасап үлгерді.

Қазақ бейбітшіліктің үлгісі болып танылған халық. Ғасырлап қырылумен келе жатқан қауым. Қытай билігінің өзі де Бейжіңдегі құрлытай кезінде «Момын халық қазақ деген» деп атап көрсетіп, мойындаған. Демек осындай жоғары бағаға сеніп қалып «Сен тимесең, мен тиме бадыраң көз» деп жүре берген. Қазақта еш территориялық талап жоқ, қазақ еліне көшу мұратынан басқа не жазығы бар еді?

Айтатын өзекті тақырып,  өткен жылы астанада өткен «Дүниежүзілік қазақтарының 5 құрылтайында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың алдында сөз сөйлеген Өмірхан Алтынұлы қытайдағы қазақтардың жаппай қысымға ұшырап жатқанын тұңғыш рет жариялаған ержүрек азамат еді. Бұл сырттағы қазақтың жанайқайын, басқа емес Қауымдастықтың құрылтайында көтерген. Елбасы бұл оқиғаға назар аударатын боламыз деп нақты айтқан сол жиында.  Сонда басқа жерде айтылмай Қауымдастық құрылтайында ерігіп айтып жүр ме? Бұл мекеменің қатысы болмаса той-тойлау үшін келіп жүр ме? Демек бұл қауымдастықтың жауапты болуға тиіс өзекті мәселесі. Бөлінген қаржыны кітап шығарумен ғана айналысын деп кім айтты? Сол кітапты жазатын, оқитын адамдар өліп, зынданға түсіп жатса кітап кімге керек? 8 ай болды аузына су толтырып алғандай Зауытбек мырзада үн жоқ.. Елбасының тапсырмасы жартасқа айтқан жаңғырық болды ма?..

Зауытбек Тұрысбек мырза Елбасы алдында: «Үлкен сеніміңізге көп рахмет. Бұл қызмет әр қазаққа бөлек дүние. Мен көп сөйлемеймін, барынша іспен дәлелдеймін» деген болатын. Зауытбек мырза осы айтқан сөздеріңізге опа қылмадыңыз ғой.. Біз бұл жерде қандастың қаны төгіліп жатпаған болса, үнсіз жүре берер едік, білгенін істесін деп. Мұндай алмағайып сәтте үнсіз отыру да хайуани сабырға жатады.. Миллиондаған халықтың үнін жеткізу кеудесінде оты бар қаламгерге - парыз, олардың ышқынған, бұлқынған, шыңғырған жанайқайын ақпарат алаңына шығару тілшілерге - парыз. Ол жақтағы этникалық қазақтардың  көзі,  қан мен жасқа шыланып 2018 жылдың жаңа бір көктеміне кіріп келді. Зауытбек Тұрысбек мырзаларда жыл бойы үн жоқ.. Сол сорлы қазақтар болмаса қауымдастық ашылар ма еді? Зауытбек мырза сол қандастардың жайын Қытай Елшісінен барып сұрауға шамасы келмей отыр ма? Солармен селбесіп Үрімжіге баруға не кедергі болып отыр? Бармай-ақ қойсын, солардың өлі-тірісін есебін алуға талпыныс жасаса нетті? Тіпті оны да қой, солар үшін бір сұхбат берсеңіз, тоныңызды біреу шешіп алар ма еді? Тіпті мал екеш малдың өзі, жазықсыз өлтіріліп жатса сұраймыз ғой.. Бұратана халықтардың иті жоғалса да іздейді ғой... Сол ит құрлы болмағаны ма, Қытайдағы қазақтың?

Сержан Әсет

Abai.kz

29 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2060