Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Дабыл 6888 13 пікір 26 Ақпан, 2018 сағат 10:36

Қазақ қалай көбеймек?

Біздің басқа ұлттардан ерекшелігіміз – ұрпақ бойына ар-намысты етене қалыптастыру, ибалы, ізетті бойжеткен мен қайсар да батыл, көшбасшы болуға лайық ер жігіттерді жастайынан тәрбиелеп жетілдіру. Осындай ұрпақтың арқасында ғана еліміздің, ұлтымыздың ертеңі өрге басатынына нық сенімдіміз. Мұның үшін, біз көп болуымыз керек, біз білімді болуымыз керек, біз ата-баба дәстүріндегі тәрбиемен жетілуіміз керек! Алайда, осылай ұрандатқанмен, бүгінгі қоғамның жастары ертеңгі күнге дайын ба?

«Қазақтың санын көбейту керек...» деген ұранның сарыны бүгінде жай әңгімеге айналып қалған секілді. «Қазақтың саны көбеюі үшін тоқал алу керек! Мұсылманға төрт әйел алуға рұқсат екен!» деп қарша бораған «жарнамалардың» да арамыздан үні бәсеңсіп, күннен күнге басылып барады. Тіпті кейде кез келген сары басылымдар мен журнал беттерінде де осы тақырыптар құмырсқадай өрбігенін тоқтатқан сыңайлы. Бәрі де бір пікір, бәрі де бір мәселе... Олар, әрине, мансап қуалаған қыздардың өздерін кінәлайды. Жалпы, отбасын құрып, ұрпақ болашағына қамқор болу тек әйелге ғана негізделеді ме? Күллі адамзатында отбасын құру, оның жауапкершілігін өмірінің соңына дейін мойнына алу ер азаматтарға тән екендігі белгілі. Әрине, әйел-Ананың да бауыр еті баласы үшін рөлі ерекше екендігі жаратылыстан белгілі. Жалпы, елімізде халық санын 2020 жылы 20 миллионға жеткіземіз деп отырған жайымыз бар деп айтылып жүр.

Қазақтың даласы кең. Жер көлемі жағынан дүние жүзінде тоғызыншы орын алады екенбіз. Сол жердің байлығын игеретін келешекте дүниеге келер қазақтың балалары емес пе?

Міне, бүгінде, ХХI ғасыр сахнасында дүниежүзілік бәсекелестікке қабілеті бар және тәуелсіз еліміздің кемеңгер тұлғалы ұрпақты, саналы да парасатты, білімді, рухы жоғары намысқой ұл мен қызды тәрбиелейміз деп келдік. Ал бірақ, осы бір үміт пен сенім өзін ақтап отыр деп ойлайсыз ба?! Отбасын құруға ниеті жоқ ер азаматтар, карьера қуалаған қыздардың ұрпақ өрбітпеуді үрдіске айналдырғандай.

Анығын айтқанда, бүгінгі жастарды былай қоя тұрып, оларға үлгі боларлық кейбір орта буын жігіттер мен қыз-келіншектердің, яғни қазіргі жастардың ата-аналарының тұрмыстағы түрлі кедергілерді желеу етіп тек жеке мүдделері үшін ғана өмір сүруге бейімделіп алғанына бірнеше жылдың жүзі болды. Мұндай қоғамнан өрбіген қауымнан еліміздің ертеңі не болмақ деген сауал тағы да туындайды.

«Otbasy.kz» отбасылық есендік орталығының директоры психолог Ержан Қуандықұлының айтқанындай, батыстықтар бүкіл қоғамның ортасына индивидті қоятынын, мұның мәнісі - егер бір жерде болу маған ұнаса, онда мен сол жерде боламын. Егер маған ұнамаса мен ешкімге шыдауға мәжбүр емеспін деген фармацияның әсері барлығын айтады. Психолог Ержан Қуандықұлының бұл пікірінің әбден жаны бар. Осыдан біраз уақыт бұрын, 2005 жылдары Мәскеуде оқып келген қазақтың жігіті өзінің сол батыстықтарша пікірде екендігін жасырмай айтқаны есімде. «Ертең отбасылы болған кезде де мен оған шыдасам ғана бірге тұрамын. Отбасыны сақтау үшін өмір бақи жынды болып жүрмейсің ғой. Баяғы қазақбайшылықты қою керек. Мәселен, батыстықтар мұндайға көнбейді. Өз қалауымен өмір сүреді. Солардан үйрену керек» деп бастырмалата ақыл айтқаны бар. Өкінішке орай, мұндай пікірдегі жігіттердің көбі ауылдан шыққан болғандығына қайран қаласыз. Бірақ, бұл жігіттердің ойы мен ақылының жеткен жеріне – мынау қоғамдағы тұрмыс ауыртпалығы кінәлі болар, мүмкін емес... деген ойда қалғам. Сонан бері осындай, өздері армандайтындай еуропаша пікірдегі жігіттердің жасы қазір 45-46-ларға келсе де өз ойынан танар емес. Әбден санаға сіңіргендігі көрініп тұр. Бірақ қанша жерден еуропадан үйренем дегенімен, санасы төмен көрсоқырлық  еуропалықтың жақсылығын, ізгілігін өзіне тарта алушы ма еді? Еуропалық секілді білімді, мәдениетті болмақ қайда дерсіз. Жеке тән ләззатының, нәпсінің құлы болып жұмыссыз, баспанасыз қалған кейбір орта буындағы азаматтар бір әйелмен алты айға жуық тұрса, кейде тағы бір әйелмен екі айдай бірге тұрып өмір сүргенге қалыптасып алғандары соншалықты, мұнысына арланбақ түгілі, мән беруден де қалған. Сыр ақтарып сұрай қалсаң – мінезіміз жараспады» деп тағы да славян халықтарынан, немесе еуропалықтардан үйренген ой-пікірін ортаға салып өте шығады. Яғни, олардан үйренген әрбір ой-пікір – біз қазақтар үшін идеал сияқты. Әрине, бұл құлдық сана-сезімнен арылмағандық. Өздері бұдан 20-25 жыл бұрын ажырасып кеткен әйелінде қалған жалғыз қызға не ұлға қанағат етіп жүрген жайлары бар екендігін де жасырмайды. Өздерінен қайта түтін түтетіп, отбасына тағы да ұл, қыз әкеп екінші бағын сынап көруді айтса «отбасылық болудың қиындығын» айтып ат-тонын ала қашады. Әрине, мұндайды «әркімнің тағдыры, жеке басының өмірі, өзі біледі» деп тағы да өзгеден үйренген пікірін айтатын қазақ мәңгүрт ойымен «келісіп» қоя салады. Ал қазақта отбасындағы, бүкіл әулеттегі жауапкершіліктің жоғары болғандығы соншалық, керек болса ері өлген жесірін де өзге руға емес, егер әмеңгерлігі болмаса, өз руының басқа азаматына күйеуге беретін болған. Сондықтан, «жесір ерден кетсе де, елден кетпейді» деген мақал текке айтылған жоқ.

Ал бүгінгі қоғамға бей-жай қарамайтындарға, мынау өмірге, отбасыға жауапкершілігі жоқ ағаларын, әкелерін көріп өскен бүгінгі ұл-қыздардан не сұрайсыңдар дегім келеді! Жауапсыз қалған осы тақырыптардың мазмұнындағы ең шындығы қалай еді?

Осы орайда, қамшының сабындай ғана болған қысқа ғұмырда өз болашағы жайлы жеңіл ойлайтын, не болмаса, ертеңгі күнім бір Алланың қолында деп өмір сүріп жүргендердің басым көпшілігі көзі ашық, көкірегі ояу жандар екендігіне көз жеткіздім. Дегенменде, біраз қыз-келіншектермен араласа жүріп, сан-қилы тағдырлармен, ой-пікірлермен сыр ақтарысқан едім. Оқырманға ой салар кейіпкерлердің айтқандарын тек ашық түрде жариялауды жөн деп санадым.

Мен осынау тағдырлардың кімді де болса бей-жай қалдырмасына сенемін, себебі, әйел тағдырының соңында – ұрпақтың, Ұлтымыздың болашағы тұрғандығын айта кетейін. Бойында қастерлі ұғымы бар жас буындардың алдағы келешегіне қандай жағдайлар кедергі келтіруі мүмкін? Осы бір жәйттерді ұятта болса халыққа жеткізетін уақыт келген секілді.

Сонау, 2000 жылдың кезі болатын. Қызылорда қаласынан шеттеу жатқан аудан орталығының кішігірім базарының ішінде темекі, құрт, сағыз сатып отырған 2-3 әжелердің жанынан өте бергенімде осы бір сөз құлағымды елең еткізгені бар. «Бұрын жігіттер тәрбиелі, салмақты қыздарды іздеп жүріп үйленетін, ал қазіргі жігіттер ұшқалақ, жеңіл мінезді қыздарға құда түсіп, той жасап алатын болған. Мынау қоғамда еркектердің көпшілігі жеңіл мінезділікке бой береді де, барып-барып отбасылы болу ниетінен айрылады», - деп кесіп айтылған сөздің мән-мағынасына біраз жылдар жете алғаным жоқ. Жасы біразды еңсеріп қалған апаның бұл сөзі, сөзі түгілі ұлтымыздың ертеңіне алаңдай отырып айтқан үні сол күйі құлағымда қалып қойды. «Жеңіл мінезділік ер адамдарға лайық па? Әдетте, бұрын мұндайда қыз-келіншектерді меңзеп айтатын. Тіпті, солай болған күнде де отбасы болу ниетінен айрылатыны қалай?» деген ойлар кейде есіме түскенде таң қалып жүрдім. Бір кездері өзім араласқан қыз-келіншектердің ешбірі ішімдікке әуестігі жоқ, темекі де тартпайды. Тіпті, киген киімдері де ұлтымыздың менталитетіне сай болып жүретін. Әйтсе де, сол қыз-келіншектердің бірі, екісі ғана емес, бірнешеуінің өмір жолдарына аңдап қарасам, отбасы бақытына ие бола алмай қалыпты. Осыдан-ақ, мынау қоғамда бізді ойландыратын жағдайлардың аса көптігін байқадым. Неге?! Баяғы апалардың сөзі тағы көкейіме келе қалады. Қоғамның азып бара жатқанына көз жеткізіп, есіміз барда етегімізді жинаған дұрыс болар деген оймен олардың аузынан естіген сөздерді айна-қатесіз параққа түсіріп жүрдім. Мағрипаның жүзінен адалдық пен аңғалдықтың табы есіп тұр. Мынадай қулар мен айлакерлердің асығы алшысынан кеп тұрған дәуірде осы адалдығының кесірінен қармаққа оңай түсе қоятыны көрініп-ақ тұр. Бірақ кейде томаға-тұйық, мағынасыз қос жанары мынау әлемнің жақсылығынан гөрі жаманшылығы артып, өзін мүлдем түңілдіріп жібергендей еді.

- «Алдымдағы түрлі кедергілерден кейін жасымның 35-ке келіп қалғанын да сезбей қаппын. Жоғары білімім бар. Ал тиянақты жұмысқа тұруға жолымның болмай қойғаны. Неде болса, кешіксем де тұрмыс құрайын, деген ниетпен бір жігітпен таныстым. Жасы 42-де, үйленбеген. Мамандығы экономист. Ол маған «үй жайының барлығын, таяуда несие алсам да той өткізетінін, салт бойынша аулыма хабаршы жіберетінін» айтып сендірді. Алайда арада айлар өтсе де біз қыз бен жігіт болып кездеспедік. Ойын-сауық орындарына бармадық. Ондай ұсыныстарды ол өзі айтпаған соң, «жасы келіп қалғасын әдеп сақтаған болар» деген ойым болды. Сөйтіп анасымен, қарындасымен, аға-жеңгелерімен үйіне шақырып таныстырды. Анасының жүзінен аса бір қуаныш лебін байқамадым. Мүмкін, «салмақты кісі болар» деген оймен өзімді өзім жеңіп қоя салдым. Не керек, күндердің күнінде анасына көмектесуімді айта жүріп, анау-мынау сөздермен үйінде қалдырды. Маған: «күйеуге шықтым» деген сөзімді барша туыстарыма айтып хабарлап қоюымды өтінген соң солай істедім де. Сөйтіп бұл «қуанышты хабарды» өзіме өзім «хабаршы» болып барша туыстарға, құрбыларыма жеткіздім. «Жігітімнің» үйіндегі кішігірім жөндеу жұмыстарын жасадым. Ал бірақ әлі үйленген жоқпыз. Осы үй ремонтынан кейін «үйленеміз» деген сөзіне сеніп жүргенім. Бір қызығы, сол жүргеннен бес жарым айға дейін сеніп жүре беріппін. Бірақ әлі бірге түнеген жоқпыз. Ал келген туыстарына ешқандай некеленбеген, бір төсекте жатпаған мені әрқашан «әйелім» деп, ал анасы «келініміз» деп таныстырып қоятын. «... алдағы уақта бәрібір үйленеміз ғой, сосын солай айтатын болар» деген не жалған үмітке ұқсамайтын, не сенімге ұқсамайтын дел-сал күйге түсіп тағы жүре бердім. Бірде, қыстың қақаған аязында бір нәрсені сылтауратып менен «ажырасатынын» айтты. «Ажырасатындай маған үйленген жоқ қой, мұнысы қалай» деп таңырқап болғанша тезірек үйінен кетуімді талап етті. Барша туған туыс, жос-жарандарға не бетімді айтарым білмей шығып кете бардым. Кейін білетін адамдардың айтуынша оның жаратылысында еркекке тән емес ақауы бар болып шықты. Маған жаңағы «үйленем» дегені де туысқандары алдында кіші сахналық қойылымдарының бірі екен. Өмірімде мұндай жағдайға душар болам деп ойламаған мен үшін бұл соққы ауыр күйзеліске дейін алып келді. Оның үйінде бес айдан аса «өтірік әйел» болып тұрғаным әлі күнге дейін есімнен кетер емес. Білем, мынау заманда бұл секілді алаяқтардың тірлігіне көпшіліктің бойы үйренген. Бәлкім мұндай жағдайлар басқаларға өмірдегі болып жатқан кездейсоқ тағдыр болып та көрінер. Бірақ, біздер сияқты өмірге ұрпақ әкелсек, Ана болсақ деген кінәсіз жандарды осылай бекерден бекерге сенімнен айырғаны қалай? Мен сияқты қазақи тәрбие көрген қыздың биязылығын, аңғалдығын пайдасына шешкенде алдағы өмірінен не ұтамын деді екен? Осыдан соң тұрмыс құруға қалай дәтің барады. Мұның бәрін бір Алла көріп тұр емес пе?! - дейді сенімнің сергелдеңіне түскен құрбымыз.

Ал мінезі салмақты, бір қарағанда көңілді, бір қарағанда жүдеу, қабағында кірбің бар Феруза атты сіңліміз сөз басын «мынау заман бізді қайда бастап барады өзі» деген сауалмен бастады:

- «Сонау, 93-94 жылдары студентпін. Алматыға Түркиядан, ал бізден Стамбулға барып оқып жүрген студенттер көп еді. Соның бірі болып Түркиялық Окан атты жігіт КазҰУ-нің студенті болды. Таныстығымыз көпке бармай, ә демей-ақ одан бас тарттым. Өзі менен екі жас кіші еді. Ешқандай ренжітпей «шетелдікке тұрмысқа шығуға ата-анам қарсы» деген сылтау айттым. Менің бар ойым – сол жылдары шетелдікке тиіп кеткен қазақтың қыздарын жерден алып жерге салып, тіпті, небір сөздермен баспасөз беттерінде де жексұрынға айналдырып қойғаны бар. Солардың бірі болғым келген жоқ. Бір жағы кеудемдегі ұлттық намысым да өз елімнен, ұлтымнан ажырауға бой бермеді. Өзге ұлтқа күйеуге шықсам қазақтығымнан айрылып қалатын сияқты көрінетінмін. Сөйте жүріп, мен де Мағрипа секілді 33-ке келгенімді бір-ақ білдім. Өзіммен бірге жұмыста жүрген қыздар мен келіншектер бірі ағасын, бірі қайнысын айтып таныстырғысы келді. «Үйленсеңші» десек қазір «қыз жоқ» деп айтады. Танысып көр, ішімдік ішпейді, жұмысы бар» дегесін мен де қалыс қалғам жоқ. Уәделі жерге жеттік. Сондағы «үйленетін қыз жоқ» деп жүрген жігітім: «Өй, сені әлі қызсың ба, маған әйел керек. Қыздың керегі не? Саған төсектің не екенін басынан үйрету үшін уақтымды кетірмеймін. Мен өз іздегенімнің бәрін әйелімнен табуым керек. Отбасылы болғанда да даладан әйел іздегенше, үйдегі әйелімнің төсекте көңлімнен шыққаны дұрыс»,-деді де кете барды. Бұл сөзді бірді жарым жігіттен естісем бір сәрі-ау, ел ішіндегі тентегі болар дейтін. Тіпті, соңғы кездері танысқан 5-6 жігіттер де осылай ойларын ашықша айтты. Ауылдан шыққан оқымысты қазақтың жігіттері ғой. Өзім, мынау тұрмыс қиыншылығымен арпалысып жүріп, бүгінгінің еркегі мен әйелі осыншалықты тексіздікке, арсыздыққа, былайша айтқанда төменгі сортқа жетіп қалғанына әлі де сенгім келмейді. Сонда біз секілді тәрбиенің ығымен өскен қыздар тұрмыс құрмауы керек пе? Біздер де мынадай дарақы түсініктегі жігітке күйеуге шыққымыз жоқ. Ол жігіттердің әлі де менің өміріммен ойнамай шынын айтқанына да тәуба. Алайда бір білгенім, қазіргі жігіттердің 80 пайызын біз секілді ардан аттап өтпеген, салмақты мінезді қыздар қызықтырмайтынына көзім жетті. Оларға ойнақы, өзін алдап өте шығатын, төсектегі соңғы жаңалықтарды жақсы білетін қыз-келіншектерге үйленгісі келетіндері түсінікті. Енді отбасын құрып қайтем?»,- деген Ферузаның жүзінде де осы сауал кептеліп қалғандай көрінді.

Текті әулеттен шыққан осы екі қыздың екі ауыз сөзінен қоғамның азып-тозып бара жатқанына көз жеткізген де шығарсыз. Бүгінде зинақорлыққа беріліп, өзі секілді зинақор қатын іздеген еркектен текті бала дүниеге келеді деп ойлаудың өзі артық шығар. Кешегі күнге дейін Саин көшесінің тірі тауарлардың мекеніне айналғаны белгілі, бірақ одан жезөкшелерден арылдық деуге болмайды. Оларға қазір өз мекенін таңдаудың қажеті де жоқ. «Құдіретті» ватсаптардың қызметі тұрғанда көше жағалап қайтсін? Бұл тексіздер кімдер? Біле білсеңіз, ел арасында айтуға ауыз бармайтын түрлі қылмыс жасаушылардың шыққан тегін анықтаған медицина ғалымдары, олардың ата-аналарының жеңіл жүрістілер, ішімдікке әуес отбасыдан шыққандығын айтып отырады. Кезінде кейбір тілшілердің сутенерлерге: «қазақтың қыздарының бағын байлап жүргендерің қалай?» деген сауалына ешқандай саспастан: «Бұл не дегендерің. Біздің «қыздарға» бай-бақуатты бизнесмендер құда түсіп, той жасап үйленіп жүр. Себебі, біздің «қыздар» төсекте еркегінің көңлінен шыға біледі ғой. Болашақ күйеулер біраз уақыт біздерге тұрақты клиент болып жүреді де, соңынан қыздың ата-анасына ғана емес, біздерге де 5 жылдық ақысын төлеп кетеді. Біздің «қыздарға» үйленетін бизнесмендерге осылай талап қоямыз» дегені бар.

...Мынадан соң кімді жазғырмақсың? Елімізге белгілі публицист-жазушы, Молдағали Матқан ағамыздың жиі жазып жүрген ұлттың тектілігі, тәрбиесі жайлы – «Ұлы даланың ұлы тұлғасын қалай дайындаймыз?!» деген сөзі қою қараңғылыққа сіңіп кеткен жаңғырықтай естіледі. Себебі, текті ұрпақ – текті ата-анадан шығатыны рас, ал бүгінде арын аяққа таптаған әйел-қыздарға құмар жігіттеріміз тұрғанда ондай текті ұрпақты қайдан тауып алмақшысыз. Ары қарай: «Қысқасы, қараңғы көрге кіргенше өмір бойына ел, ұлт, ұрпақ алдындағы өмірлік, ұлттық, қоғамдық қатал жауапкершілікті әрбір әке-шешеміз, ата-әжеміз, ата-енеміз ар алдында –дар алдында тұрғандайын айрықша сезінуіміз аса қажет»,-дейді кемел ойлы академик Молдағали Матқан ағамыз. Академик осылай армандағанда, қарапайым ауылдағы көреген, дана әжелеріміз бұдан біраз жыл бұрын осы бір дарақы көріністердің болатынын айтып қойған еді. Тұрмыс тауқыметінен қашып, жылы орын мен жеңілдік іздеушілердің, жан тазалығы мен жылуын емес, төсек қызығын іздеп жүрген жеңіл жүрістілердің кесірінен аз ғана ұлтымыздың құрдымға кетпесін десек хадис шәрифтердегі адамзатына ой салар осы бір ізгі сөздерді есте ұстағанымыз дұрыс шығар:

«Аллаһтың алдында зинадан үлкен күнә жоқ» (Р. Насихин). «Бір жерде зина және риба көбейсе, ол жердің халқы бәлеге ұшырайды» (Хаким).

«Зинаның дүниеде үш зияны бар:

1-     Әдемілікті және жүздегі нұрды кетіреді,

2-     Кедейлікке жол ашады,

3-     Өмірдің қысқаруына себеп болады.

Ақыреттегі үш зияны:

1-     Аллаһу та’ала ашуланады,

2-     Қияметте есебі қатаң болады,

3-     Жаһаннам отында азап шегуге себеп болады» (Табарани).

Бүгінгі жас буын жеткіншектерді осы хадистердегі тәрбиемен, исламнан нәр алған аталарымыздың салт-жоралғысымен өсіріп, жетілдірсек имандылық атты ар-ұятымыздың қайта жанданатынына сеніміміз мол.

 Шара Құрбанова

Abai.kz

 

 

 

13 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2060