Сәрсенбі, 13 Қараша 2024
Көршінің көлеңкесі 6511 0 пікір 27 Ақпан, 2018 сағат 09:23

Қытайлар шаңырақ көтермей жан тапсырған жігітіне де қалыңдық іздейді

– Сізді Қытайда хор қызындай көрер еді, – жасырып қайтейін, құлағыма майдай жағып барады. Миллиардтық ұлттың қос өкілінен білгенім, қытайлық отағасы бүгінде үйді де жинап қояды.

Ресей, украин неке агенттігі сайттары, қытай ғаламтор-ресурстары осы мәндес сөздерге тұнып тұрғанын кейін білдім. Неке жасындағы ерлер мен әйелдер саны арақатынасының тепе-теңсіздігі қытай қоғамында өткір түйткіл болып үлгерген. Және алдағы отыз жылда шетелден қыз әкелгеннен өзге шешімі жоқ.

kitajskij-muzh.ru сайтынан скриншот

 

«Күйеуің күреп ақша табады»

Солайы солай шығар, дегенмен, Қытайды Еуропамен шатастырмаған жөн.

Мұнда еркінси алмайсыз. Мәселен, коммунистік партия 27-ден асқан қыз-қырқынды «қалдық» деуді ұсынуы мұң еді, қытай қоғамы мұны еш қысылмастан іліп әкеткен. Қытай менталитетінің бір қыры.

Қыздарды күндіз шаммен іздеп таппау – қарагөздеріміздің көңіліне бек қонуы мүмкін. Бізде жібі түзу жігіт аз, қыздың қадіріне жетпей жүр дегендейін.

Алайда, Қытайдың қызға зәрулігі соншалық, тіпті сүйек екеш сүйегінен бас тартпайтын көрінеді. Шаңырақ көтерместен жан тапсырған жігітке де қалыңдық іздейді. О дүниеде қызмет көрсетуі үшін. Соңғы жылдары бейкүнә қыздардың жанын қиған бірнеше ұйымдасқан қылмыс ашылды. Бір әйелдің айтуынша, «түсінде марқұм інісі қалыңдық сұрап маза бермеген». Осыдан соң, қытайдың мінез-құлығын ескермей көріңіз.

 

Қосағыңмен қоса, көрге кір...

Қазақ да, қытай да дәстүрлі патриархаттық ұстанымдағы халықтар. Қытайдың ата-ананы әлпештеуін де біздің қыздар түсінеді. Бірақ, терең үңілгенге ұлттық болмыстағы айырмашылықты аңғару қиын емес.

Аяқты бинтпен таңу. Кit.ai сайтынан алынды

 

– …Біз соншалық жаман емеспіз, – деді сөз соңында сұқбаттасып отырған қытайлық азаматтың бірі. – Ғаламторда жазылғанға нанбаңыз, батыстың Қытайды қараламақ ниеті.

Қазақстандық қыздарға үйленген таныстары туралы сұрадым.

– Алматыда қазақ қызға үйленген қытай аспазды білемін. Бірақ қыз онымен тек ақша үшін жүр, – деді ересектеу келгені қабағын шыта...

Негізі, ұлттық психология ұғымы қытайға көп тән. Өткен ғасырдың басына дейін ортағасырлық дүниетанымынан ажыраған жоқ. Танымал авторлардың еңбегін зерделей келе, Бо Янның тұжырымына тоқталуға болады. Біріншіден, Бо Ян – этникалық қытай, екіншіден оның атышулы «Эти отвратительные китайцы» (1984) кітабы Қытайда тарихи мәдениетті еш сынсыз қабылдау үрдісін бұзды:

«Бұл құбылысты менің де көзім көрді, – деп жазады публицист. – Мәдениетімізде мұндай қайырымсыз ғұрып қалай орныққан? Бұл рәсім Қытайдың жарты тұрғынына жасалды: әйелдердің табанын қатты таңғаны соншалық, жиі сыну мен шіруге дейін апаратын болған, кейде әйелдер тіпті жүре алмай қалған! Осылай бір мың жыл бойы жалғасты!».

Ертедегі салтқа сәйкес, әйел адам о дүниеде де күйеуінің жанынан табылуы керек-тұғын (Үндістандағыдай). Бұл шешімін туған-туыс, көрші-қолаңға жариялап, олар мұны ерлікке балаған. Кейбірі апиын қабылдап, марқұмның жанына жайғасқан. Енді бірі ашығып, суға батып не у ішіп өлген. Тағы бір амал, үй ішінде немесе жақын жерде жұрттың көзінше асылып өлу. Бірі шынымен қосағын қимаса, ендігілері мұндайға амалсыздан, отбастары кедей, адал жолмен ақша табу мүмкін болмағаннан барған. Жиі қайынжұрттың дөрекілігі итермелеген.

Алайда, 1368-1644жж. Мин әулеті басқарған тұс (негізін қалаушылар елді жаулаған моңғол не мәнжүрлер емес, этникалық қытайлардың өзі) күңдерін императормен бірге жерлеу дәстүрі қайта жанданады: «Біртіндеп шеңбері кеңейіп, құрбандар саны арта берді. Көп ұзамай патша сарайына еліктеген ірі шенеуніктер де бұл қанды рәсімді өткізетін болды: қатыгездігі жағынан Императорды басып озатын», – дейді тарих көздері.

Ал, екінші тұрмыс құру қай заманда да ауыр қылмыс есептеліп келген. Әрине, соңғы жүз жылда көп нәрсе өзгерді. Кезең-кезеңмен әйел қауымның жағдайын жақсартқан заңдар қабылданды. Дегенмен, соңғы әлеуметтік зерттеулер қазірдің өзінде ажырасқан әйелді жұмысында кемсітетін жазылмаған ереже барын айтады.

Қыпшақ даласы мен аспан асты елі халықтарының мінез-құлқы ерекшелігі тамырын ес білмейтін ежелгі замандардан тартады. «Ғұндарда, – деп жазады berkovich-zametki.com сайты, – әйелді мұралану салты болған: ер адам қайтыс болғанда, артында жесірі қалса, әйел ұрпақ сүйе алуы үшін марқұмның бауыры үйленуі керек болған. Ұлына шешесінен өзге, әкесінің әйелдері мирас қалған. Бір жағынан бұл әйелдерді қорғау, аштан өлтірмеу үшін жасалған амал. Өздерінің әйелдері үшін әурелене қоймайтын қытайлар, ғұн ғұрыптарын жаны сүймеген».

 

«Батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық»

Бүгінгі демографиялық ахуал себепті, Қытайда қыз жыныстыны дәріптеу шаралары қолданылуда. Мәселен, жер-жерде «Ұл ма, қыз ба – бәрібір» немесе «Қыз да адам» деген ұрансөз іледі.

Әйел тағдыры туралы көркемдік фильмдер түсіреді. Бұл орайда, «Потерянные в Пекине» (2007) кинотуындысы көп жайтты аңғартады. Мазмұны біздің дүниетанымға жантүршігерлік жат: жас жұбайлар – әйелі массаж жасаушы, күйеуі сәулетті ғимараттардың әйнегін жуушы, тар бөлмеде бақытты. Күндердің күнінде әйелі басшысының зорлығына тап болып, зайыбы куәгер болады. Бала бітіп, «отағасы» оны жәбірлеушіге сатудың амалын жасайды. Өзінен екенін біле тұрса да, ақша беріп қан тобын өзгертеді. Ақыр аяғында келіншек сәбиін алып басы ауған жаққа кетеді.

Атап өтерлігі, әйел адамды ойнасқорға оңай айналдыру коммунизмге дейінгі Қытайға тән құбылыс. Кедей не қылмысты танылған отбастарының қыздары мұндайға жиі ұшыраған. Қызын жезөкшелер үйіне сату үйреншікті іс болған.

«Сы ган» қытай халық әнінің мағынасы мынадай:

Ұл туса, ұйықтасын деп

Құрметпен керуетке жатқызады,

Әрқайсысын сәнді киіндіріп,

Ойыншық ретінде яшма таяғын береді.

…Саған қыз туып берсе,

Тезірек оларды жерге қой,

Шешесі жөргекке орап,

Қолына жабынқыш сынығын ұстатқызсын!..

PS: Посткеңестік кеңістікте ер адамдар жетіспеушілігі проблемасын соғыс, репрессия және т.б. туғызғаны мәлім. Алайда, көршінің басындағы демографиялық ахуал себептері туралы ойлана бермейміз.

Қытайда жалғыз бала саясаты миллиондаған қыз жынысты сәбиді алдыртуға, қыз баланы өлтіру және сату жағдайларына әкеп соқты. Неге десеңіз, Қытайда әлі де «ата-баба аруағы ұлдан туған ұрпақта жасайды» деген соқыр сенім тым күшті.

Жадыра Қангелді

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1239
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2950
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 3320