Жұма, 22 Қараша 2024
Арылу 7586 36 пікір 1 Наурыз, 2018 сағат 12:47

Амангелді Айталы. Орамал салудан діни астар іздеу бекер

Орамал мәселесі  Франциядан басталды. Ол ел халқының 50% -католиктер, 8%- мұсылмандар, 2%- протестанттар, 1% жуығы иудаизм дініндегілер, дінге бей жай қарайтындар (атеистер, агностиктер, тағы басқалар) баршылық.

Францияда алдымен мұсылмандарға білім мекемелерінде хиджаб, басқа да киім киюге тыйым  салынды. Бұл мұсылмандардың қарсылығын туғызды. Үкімет кейбір мешіттерді жапты. Мұсылмандар  намазды көшеде оқитын болды, сонымен бірге олар білім мекемелерінде  крест, тағы басқа символикаларға  да тыйым салынсын деп талап қойды. Жағдайды ұшықтырмау үшін ол символикаларға да тыйым салынды. Ал біз білім мекемелерінде ол символикаларға әлі мән бермей келеміз.

Солтүстік Еуропа мен Америкада ешқандай символдарға тыйым салмайды, олардың этникалық мектептері, дүкендері, тағы басқа орындары бар.

Қатып қалған стереотиптер. 

Біз мұсылман мемлекеті болмасақ та, мұсылман еліміз. Халқымыздың 70% астамы мұсылмандар. Дегенмен, әсіресе,  балиғат жасына  толмаған қыз балаларды ерекше киіндіретін ата- аналарды да, ол  балаларды бөлек оқыту керек дейтіндерді де қолдау қиын. Бірақ мәселе туды, оған үлкен бір түсінікпен қарап, себептерін анықтаудың орнына біз тыйым салуға кірістік. Министр бұйрық шығарды. Әкімдіктер, білім мекемелері қызу іске кірісіп кетті. Тіпті ардагерлерді де жұмсап, олар үй аралап ақыл айтқылары келіп еді, ешкім үйлеріне кіргізбеді. Дұрыс болды.

Осындай «белсенді» әрекеттінің астарында кең тараған жақсақ психологиялық себептер жатыр. Күнделікті өмірде біз көптеген жалған стереотиптердің ықпалында жүреміз: гаишник-взяточник, түрмеден шыққан адам тек бұзақы, бір ұлттың өкілі - алқаштар, екіншілері – қу, сараң, қазақ болса еріншек. Ал енді ерекше киінетін қыз балалар міндетті түрде дәстүрлі діннің ықпалында, олар радикализмге бейім дейді.  Жағымсыз стереотиптер надаңдықтан. Қанша мүгедек адамдар осындай жаман ойдың құрбаны болып жүр. Өкініштісі, осы стереотипті ойланбастан бірқатар педагогтар да, мемлекет қызметшілері де қолдайды.

Бюрократ-мұғалімдер.

Мектеп біліммен  сусындататын, мәдениетке тәрбиелейтін орын, онда жас өспірімдердің өмірге көзқарасы, ұстанымдары  қалыптасады. Білім беру мемлекеттің Конституциялық міндеті болса, білім алу оқушының конституциялық хұқы. Сондықтан Білім министрлігі орамалға тыйым салмай, білім берумен қатар,  тәрбие жұмысы арқылы мектеп оқушыларын  ортақ құндылықтарға бейімдеуді ойластыруы керек еді.

Мектептің міндеті балаларды бір-біріне қарсы қою емес,  достастыру, біріктіру, түрлі үйірмелерге, спорттық секцияларға тартып,  басқа  да жолдармен  бауырластыру.  Бірақ бірде-бір педагог балаларға  араша  түспей отыр, баланы тәрбиелеу-парызымыз  демейді. Ол, әріне, оңай жол емес.   Абай айтқан жоқ па  еді: «Мен егер Закон қуаты қолымда бар кісі болсамадам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім»-деп.

Шіренген шенеуніктер.

БАҚ-та Ақтөбеде бір төп әйел - аналар әкімдікке келгендерді туралы хабар болды. Оларды аппарат қызметкерлері қабылдап, тоңған әйелдерге жылы шәй беріп, әңгімелерін тыңдап, пікірлесіп,  ойланайық деп шығарып салса, дұрыс болар еді ғой. Жоқ,  олай болмады. Сондықтан олар барып, мектеп ауаласында намаз оқыды. Ол қарсылықтың белгісі. Осылай  өркөкіректік жалғаса берсе, жағдай тек шиелінісе береді. Мемлекет қызметшілері халықтың  жалдап алған  адамдары, халық төлеген салығының есебінен күн көріп жүргенін білмейтін сияқты. Өңірде  кәрі-жаспен пікірлесетін Ақтөбе облыс әкімі Сапарбаев Бердібек қаңа, басқалары сақау мен  саңыраулар сияқты.

2016 жылы   бір топ  белсенді әйелдер Париждың құдай Ана соборынаң кіріп, қолындағы таяқтарымен оның қонырауларын ұрып у-шу жасапты.  Күзетшілер әйелдерге күш жұмсаған. Сот собордың мүлкіне зиян келтірмегендіктеп әйелдерді ақтап, күзеттілерді айыпқа тартыпты. Әрине, қоғамда әртүрлі пікір -таластар болғанмен, барлығы да бірте-бірте саябарсып тыныштық орнады.

Біздің әкімдік қызметшілердің бірқатары сталинист-атеистер, өктемдікке, шіренген менмендікке үйренген, кішіреюді, шегінуді білмейді, диалогқа, пікір алмасу да, халықпен сөйлеуге икемсіз. Жастар, интелегенция өкілдері нен қашық жүреді. Совет заманында да бұндай халықтан оқшаулану болған емес. Сөйте түра  шенеуніктер  арасында өздерін ақтап, жоғары биліктің тапсырмасы деушілер жиі кездеседі.

Ата-аналар неге мазасызданады?

Мен Ақтөбе  облыстық әкімдігінің бір жауапты қызметкерімен әнгімелестім. «Егерде ешбір қыз бала орамал тартпаса, ешбір жігіт сақал қоймаса, қысқа шалбар кимесе, Ақтөбеде - рухани  тәрбие мәселесі шешіледі, деп есептеуге бола ма,» - деп едім, ойланып қалды. Дегенмен, мәселе тек орамалда, сақалда емес, себебі  тереңірек екені белгілі.

Кейбір ата-аналар, жастар орамал тартатын балаларды, олардың  ата-аналарын құптайды. Бір әже  мынадай уәж айтты: «Теледидар, интернет  жастарды аздырып барады. Баланың болашағынан  қорқамыз, қазір 14-15 тегі қыз балалар жүкті болып жатыр, есірткі мен алкогольге, басқа қылықтарға үйір, ендігі тірегіміз- тек  бұрынғы  дәстүріміз, басқа  арқа сүйер ештеңе жоқ»,- дейді. «Енді сол рухани тазалықты тек сыртқы киім арқылы тәрбиелеу керек пе?»- десем,  «басқа жолды  көре алмай отырмыз», -деді. Тәрбие жұмысы   мардымсыз дегені болса керек. Рухани жаңғыру деп, өткенімізді жаңартып жатырғанда, ата-баба дәстүрінен  бас  тартамыз ба?-деген сауалдар бар.

Орамалды  қолдайтындар да, орамалдың қарсыластары зайырлылық қағидасына сүйенеді. Мына Татарстанда орамал салуға рұқсат, Шешенстанда орамал салу міндетті, Мордовияда  (онда тұратын татарлар көп) тыйым салынған. Барлығы да Конституцияға сүйенеді.

Сондай-ақ  сол Францияда крест болмаса орамал мәдени құндылыққа, сәнге айналды, олардан діни астар іздеу бекер деген ойды қолдаушылар көп. Біз де ойланайық.

Сонымен, орамал салумен күресіп, жағдайды ұшықтырып алу қаупы жоқ емес. Ел ішінде, бірқатар әлеуметтік топтар арасында іштей қарсылық өспесе, азайып отырған жоқ. Сабырдың түбі сары алтын деп төзімдік танытқанымыз жөн. Бүгін бізге сабырлылық, тағаттылық қымбат, себебі елді түсіністікке икемдейді.

Сопы ойшылдар айтқандай, жүнді жіпке, жіпті көркем кілемге, сазды кірпішке, кірпішті салтанатты сарайға үлкен  шеберлікпен  айналдыратыны сияқты, төзімді, байсалды иманды адамдар ғана ұрпақ тәрбиелей алады.

Амангелді Айталы

Ақтөбе қаласы

Abai.kz

36 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5328