Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Ойдан-қырдан 4544 3 пікір 5 Сәуір, 2018 сағат 08:46

Орыстың елшісін өлтірген Гүлен бе?

Режеп Тайып Ердоған билеп-төстеп отырған Түркия жұртында Фетхулла Гүленге деген көзқарас екі ұшты. Бір топ түрік дін насихаттаушысын жақтаса, екіншілері керісінше, оны террорист әм мемлекетті басып алмақшы болған деп біледі. Президент Режеп Тайып Ердоған осы екінші санаттағы саясаткер.

Міне, сол Түркия билігі Фетхулла Гүленді тұтқындауға шешім шығарыпты. «Haberturk» телеарнасы солай деп ақпар таратқан. Гүленді ғана емес, оның 7 жақтасын да қамайды, ұстап алса. Оларға – 2016 жылдың 19-желтоқсаны күні Ресей елшісі Андрей Карловқа қастандық жасады деген айып тағылған. Иә, орыстың елшісін өлтіруге бұйрық берген адам – Гүлен екен. Түркі ақпараты солай деп сөйлейді.

Фетхулла Гүленнің идеологиясына жұмыс жасайтын «Хизмет» деген қозғалыс бар. Режеп тайып Ердоған билігі бұл ұйымға «FETO» деп айдарлап ат берген. Жаңағы «Хизметтің» адамдары Қазақстанда да бар деп есептейді олар. Ердоғанның Қазақстанға келген сайын жата кеп сұрайтыны – түрік мектептерін жауып, ондағы түрік мұғалімдерді өзінің айдауына сап беру. Олар – гүленші-міс.

Бұл өз алдына бөлек мәселе. Біз Ердоған билігінің орыс елшісіне қатысты шешіміне қайта оралайық. 2016 жылдың желтоқсанында Анкарада Андрей Карлов дейтін орыс елшісіне оқ атылды. Елші өлді. Ердоған сол кездің өзінде-ақ, қастындықты Гүлен адамдары жасауы мүмкін деген болжам айтты. АҚШ-қа қайрылып сөйледі. Иә, АҚШ пен арадағы біраздан бері қожыраған қарым-қатынас нашарлай түсті. Себебі, сол жылы шілдеде Түркияда сәтсіз төңкеріс болып, Ердоған тағында қалған оқиға бар еді. Соған «жалғыз кінәлі – Гүленді» АҚШ экстрадициялау туралы талапқа көнбей қойған-тын.

Елшіге жасалған қастандықты Путин өте тиімді пайдаланды. Орыс елшісінің өз жерінде оққа ұшқаны Ердоғанға қолайсыз болды. Есесіне, Путин оған ықпал етуге мүмкіндік туды. Ердоғанның Путин алдында өтелмеген айыбы бар ғой. Түріктер орыстың ұшқышын атып түсірген. Осы жайдан кейін тіпті көрместей болған Ердоған мен Путиннің арасына Назарбаев түсіп, қайта татуластырып қойған еді. Содан бері жұптары жазылмай келеді.

Елші Карловтың өлгені де бұлардың арасын алшақтатпақ түгілі, тіпті жақындастыра түсті. Бір қызығы, Ресей баспасөзі қастандық туралы жазғанда «гүленшілер» кінәлі деген Түркияның ұстанымын көбірек жақтап сөйледі.

Ресей мемлекеттік телеарнасына сұхбатында Путин: «бұл қылмыс екіжақты қарым-қатынастың қалыпқа келуіне кедергі жасауға және Сириядағы бейбіт процеске тосқауыл қоюға бағытталған. Бұған жауап біреу – біз террормен күресті күшейтеміз, бұзақылар мұны айқын сезінетін болады» деген Путин.

Елшінің өлімі Ердоғанға да тиімді болды. Осыдан кейін-ақ, ел ішіндегі басты мақсатын тезірек орындауға, яғни өзіне қарсы шыққандардың барлығын тегіс басып-жаныштауға мүмкіндік туды. Бұл қастандық Путиннің Сириядағы соғыста жеңіске жетіп, Таяу Шығысқа ықпалын күшейту жөніндегі басты мақсатына жетуіне кеңірек жол ашты. Бұдан былай Ресей Түркияның кедергі келтірмейтінін біліп, Сириядағы соғыста емін-еркін әрекет етеді. Тіпті  Сирияда өз мақсаттарына жету үшін Түркия мен Ресей ортақ келісімге келген деген сөз бар.

Әйтеуір кешелі бері Режеп Ердоған өз елінде орыс басшысы Владимир Путинді қонақ қылып, күтіп жүр. Жалғыз Путинді емес, Иранның басшысы Роухани де Анкараға келген. Олар Сирияның жағдайын талқылайды. Астанада солай келіскен. Бұл үшеуі Сириядағы соғысты тоқтату үшін кепіл боламыз деп мәміле жасасқан. Оған Назарбаев куә.

Бір қызығы – қазір Путин Анкарада жүр.  Осыдан екі жыл бұрын өлген елшінің қазасына кінәлі Гүлен екені енді анықталып жатыр. Сәйкестік пе? Мүмкін...

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052