Жұма, 29 Наурыз 2024
Ғибырат 5507 0 пікір 10 Сәуір, 2018 сағат 09:50

Қоңырқожа Қожықов тағлымы

Жақында Қызылордада Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әйгілі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қожықовтар қолтаңбасы» атты ғылыми-танымдық конференция өтпек. Бұл конференцияда қазақ мәдениеті мен өнері тарихында ерекше орны бар Қожықовтар әулеті жайында  жан-жақты әңгіме қозғалатыны түсінікті. Осы орайда әулет басында тұрған ағартушы, қоғам қайраткері, ғалым Қоңырқожа Қожықов хақында бірер сөз айтпақпыз. Өйткені ол қазақ мемлекеттілігін жаңғыртуды көздеген  ұлт қайраткерлерінің алғашқы легінде күрескен өте белгілі  тұлға. Біз бүгінде Алаш қозғалысы деп аталатын Қазақ ұлт-азаттық қозғалысына белсенді түрде қатысқан көрнекті қайраткерлердің бірі. Міне осындай тарихи қайраткер Қожықов пен оның тамаша әулеті атқарған істерді танып-білу, шындап келгенде, қоғамдық сананы жаңартуға бағытталған елеулі қадам болары сөзсіз.

Қоңырқожа Қожықов 1880 жылы бұрынғы Ақмешіт, Перовск, қазіргі Қызылорда қаласы түбіндегі Қоғалыкөлде туған. Ауыл молдасынан сауат ашқан, қаладағы  қазақ-орыс мектебінде оқып, Ташкенттегі Түркістан мұғалімдер семинариясына түскен.  Түркістан мұғалімдер семинариясын империядағы миссионерлік-ағартушылық жүйені жасаған әйгілі Ильминскийдің шәкірті, белгілі миссионер және ғалым Николай Остроумов басқарып жүргенде, семинарияда білім алуға жергілікті ұлт өкілдерінен ілуде-шалу, империя мақсатына қызмет етеді-ау деген бірлі-жарым ғана шәкірт қабылданатын. Бірақ Қоңырқожа Қожықов қожайындар ойына қасақана, отаршылдардың санасыз қолшоқпары болған жоқ.  Осы орыс оқуын 1900 жылы бітіріп, шын мәніндегі ағартушылық қызметпен шұғылдануға кірісті. Перовскіде теміржол жұмысшылары мектебінде сабақ берді. Тыңдаушыларына Бірінші орыс революциясы оқиғалары жөнінде еркін пікір айтам деп, полиция қадағалауына ілікті. Біраз уақыт Қоғалыкөлде ашылған жеке мектепте бала оқытты. Сосын Түркістан қаласы түбіндегі Қарнақта, одан, қазіргі Өзбекстандағы Әндижанда империя мүддесі үшін ашылған орыс-тузем оқу орындарында мұғалім, мектеп меңгерушісі болған. Педагогикалық қызметті Ақпан революциясына дейін атқарды, әрі оған үлкен жауапкершілікпен қарады.

Алыс Қырымдағы Бақшасарайдан «Тәржіман» газеті арқылы жетіп жатқан оқушыларды жаңа әдіспен оқыту мәселесі ХХ ғасырдың басында түркістандықтарды да жайбарақат қалдырмаған еді. Мұсылмандық діни білім беру ісіндегі революциялық бағыт, яғни мектептер мен медреселерде зайырлы ғылым негіздерін де оқыту мәселесі Қоңырқожаға үлкен ой салады. Содан ол өлкеде өрістеген жәдидшілер қозғалысын жақтайды. Соған  орай бірінші кезекте мектеп-медреселерде, ауылдардағы мешіттер мен мектептерде құранды үйретуге негізделген бағдарламаны қарастырып, қазақ балаларының сауат ашу тәжірибесін зерттейді. Зерттей келе, ағарту ісіндегі көп кемістіктің қазақ тілінде арнайы жазылған сауат ашу кітабы жоқтығына байланысты екеніне көзі әбден жетеді. Қазақ балаларының мектепте екі-үш жыл, тіпті одан  да ұзағырақ оқығанмен, әрең хат танып,  зорға жаза алатын болып шығатынының себебі қазақтың өз тілінде жазылған әліппе кітабының болмағандығынан деп табады. Молдалардың да балаларға қазақша жазуды үйрете алмауы қолдарында сауат ашуға лайықталған қазақша кітаптары болмағандықтан деп түйеді. Сондықтан да, хал-қадерінше, сол жоқтың орнын толтыруға тырысады. Сол мақсатта алғашқы қазақ әліппесін жасайды. Бұл Қоңырқожа Қожықұлының патшалық Ресей заманында өзін жаңашыл педагог ретінде танытуы еді. Ол өзінің «Әліппе» кітабында араб-парсы әліпбиіндегі әріптермен әр қазақы дыбысты жеке әріппен белгілеу жолын ұсынады. Бір дыбысты бір әріппен таңбалау әдістерін мысалдармен, жүйелеп көрсетеді.  Өзі ұсынып отырған осы «қазақ әліппесінен соң құран әліпппесін оқыса», балалардың «басылымдар жазуын тану» мүмкіндігі артатынын айтады. Әліппенің хрестоматиялық бөліміне әркім білуге тиіс түрлі мағлұматтар, әңгімелер, өлеңдерді топтап, оқуға лайықтап береді. Жасаған  әліппесі алғашқы  тәжірибе болуы себепті, сын-ескертпелер тыңдауға әзір екенін ескертеді. «Егерде біздің алашқа ұсынған жәдидіміздің не артық, не жетпеген жерлері болса», ой-пікірлерін тікелей, не хат арқылы білдіргендерге «көптен көп алғыс айтамыз» дейді.

Ағартушы Қоңырқожа Қожықовтың қазақ мектептеріне арналған «Әліппе» кітабы Түркістан генерал-губернаторлығының оқу бөлімінде қаралып, бастыруға рұқсат берілді. Содан ол «Әліппе» кітабының қолжазбасын Орынборға алып барды да, сондағы белгілі қаламгер, саяси қайраткер және баспагер Фатих Каримидің баспасынан шығарды. Бұл 1912 жыл еді. Каримов содан екі жыл бұрын Қожықовтың жәдид үлгісімен жазылған «Романов нәсілінен хұкімранлық қылған падишаһлардың тарихлары һәм Ақтабан шұбырынды заманынан бері қарай қазақ халқының ахуалы» деген рисәләсін бастырып берген болатын. Ол алғашқы орыс революциясы жылдары Петербург пен Төменгі Новгородта өткен мұсылман съездеріне қатысушы, сонда  ұйысқан жалпыресейлік мұсылман саяси партиясы орталық комитетінің мүшесі, Орынбор мұсылмандары губерниялық жиналыстарының тұрақты төрағасы  ретінде халық мұң-мұқтажын терең білетіндігімен және баспагерлігімен, әрі «Құсайыния» медресесіндегі ұстаздық қызметімен қоса, «Уақыт» атты татар тіліндегі қоғамдық-саяси газеттің редакторы лауазымымен отар елді оятып, рухани жаңғыртуға елеулі үлес қосуы арқылы кең танылған тұлға болатын. Оның баспасынан  Қоңырқожа Қожықұлының қазақ мектептеріне жәдидтік оқу тәсілін енгізуге шешуші ықпал етуі тиіс «Әліппе» оқулығымен қатар, Романовтар әулетінің патшалық құруының 300 жылдығы қарсаңында тағы екі автор – Шәді Жәңгірұлы және Қалиасқар Қасымовпен бірігіп жазған «Русие патшалығында Романов нәсілінен хукимранлик қылған патшалардың тарихлары» («Историческая поэма царствования Дома Романовых на киргизском языке») атты дастаны  жарық көрді.

Фатих Каримовтың баспасынан кітап шығару шаруасымен Орынборға арнайы келген Қоңырқожа Қожықов сол баспадан ұзамай жарық көрмек «Оқу құралының» авторы, болашақ «Қазақ» газетінің редакторы және ірі лингвист-ғалым, сол шақта Орынборда тұрып, газет шығару үшін дайындық жұмыстарын жүргізіп жатқан Ахмет Байтұрсыновпен кездеседі. Олар жақын танысып, ел болашағы хақында көп пікірлеседі.

Қоңырқожа Түркістан өлкесінің қазақтары мен өзге де жергілікті халықтарының Мемлекеттік дума жұмысынан шеттетілуін нағыз әділетсіздік деп бағалап, патшаның әділетсіз жарлығының күшін жою жолында ұйымдастырылған іс-шараларға қатысып жүретін. Осы реттегі оның пікірі Дала өлкесінің күрескер өкілі Ахмет Байтұрсыновтың тарапынан да қолдау тапты. Содан олар екеулеп қорытқан ойларын сондағы өзге де қандастарымен пысықтады, сосын Орынбор губерниясындағы мұсылман қауымының сайлаушыларына арнап қазақтар атынан ашық хат жазды. Сөйтіп екеуі қазақ қауымы атынан Фатих Каримиге өтінішпен келді.

Ол бұлардың өтінішіне түсінушілікпен құлақ асып, ашық хатты газетте жариялады. Ашық  хатта ІІ Николай патшаның 1907 жылы ІІ Мемлекеттік думаны таратқан, «3 маусым төңкерісі» деп бағаланған манифесі Дала және Түркістан өлкелері қазақтарын «азаматтық сезімдері жетілмеген бұратаналар» деп, жалпыресейлік парламентке депутат сайлау құқынан айырғанын еске сала келе,  татар-башқұрт бауырлар өздеріне  Төртінші Мемдумаға депутат сайлау үшін бөлінген үлестік мөлшерден бір орынды қиып, қазақтардың өкіліне берсе деген өтініш білдірілген еді. Ашық  хат жақсы серпіліс туғызды. «Уақыт» газетінің редакциясына Қоңырқожаның түркістандық жерлестерінен де ашық хат мазмұнын қуаттаған жеделхаттар келіп жатты. Алайда, озық пікірлі татар азаматтары бауырластар тілегіне қолдаушылық көрсеткенмен, сайлаудың түрлі басқа шарттарына жауап бере алатын  шаралары жасалмады да, бастама оң шешімін таппады.

Байқағанымыздай, монархия тұсында Қожықов ағартушылықпен қатар ұлттық қозғалыс мүддесіне қызмет ететін басқа да қоғамдық жұмыстармен шұғылданды. Атап айтарлық бір ісі сол, 1916 жылғы көтеріліс кезінде жазалаушы жасақтардың жасаған қылмыстарын әшкерелейтін деректерді жинастырып, Түркістан өлкесіне Мемлекеттік дума комиссиясын басқарып келген солшыл қайраткер Александр Керенскийге табыс етті.

1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін ол біржолата қоғамдық-саяси жұмыстарға ауысты. Ферғана өңіріндегі қазақтардың мүддесін қорғайтын «Көшпенді» атты ұйым құрып, оған жетекшілік етті. Жаңа саяси жағдайға орай Ташкентте орын алып жатқан қоғамдық қозғалыстарға қатысты. Сәуірде өткен мұсылман съезінде құрылған Ұлттық орталықтың төрағасы Мұстафа Шоқай басқарған жұмысына белсене атсалысты. Тамыздағы Түркістан өлкесі қазақтарының съезінде Бүкілресейлік Құрылтайшы жиналысқа депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылды. Қараша айында Қоқан қаласындағы Төтенше мұсылмандар съезі жариялаған Түркістан автономиясын басқару үшін құрылған Уақытша Ұлттық кеңестің  мүшесі және жауапты хатшысы болып сайланды.

Алайда өлкеде кеңес өкіметі орнағанын жария еткен Ташкент большевиктері қарулы күшпен Қоқанды қанға бөктіріп, автономияны құлатты. Бұл, әрине, тарихи әділетсіздік еді. Большевиктер ұйымы табиғатынан империялық партия болғандықтан, таптық негізді дуылдататын қызыл әскері күшімен, содан жарты ғасыр бұрын жаулап алған патша әскерлері секілді, Түркістан өлкесін жаңадан жаулауды жүзеге асырып жатқан. Бұған қарсы болған Түркістан автономиясы үкіметінің басшысы Мұстафа Шоқай  мен Уақытша Ұлттық кеңес басшысы Серәлі Лапин шетел асты. Шоқай сонда саяси күресін жалғастырды, ал қарулы көмек сұрауды мақсат еткен  Лапин оң нәтижеге қол жеткізе алмай кері оралып, Самарқанда белгісіз жағдайда қаза тапты. Автономияның алғашқы бас министрі Мұхамеджан Тынышбаев астыртын қазақ өлкесіне өтіп, Алаш-Орда қайраткерлеріне қосылды. Ал Уақытша Ұлттық кеңестің жауапты хатшысы Қоңырқожа Қожықов жаңа билікті – совет өкіметін мойындап, Ташкентте қалды да, Үлкен террор жылдары қоғамнан оқшауландырылғанға дейін түрлі мекемелерде белсенді қызмет атқарды.

1924 жылғы сәуірде большевиктер партиясының Бас хатшысы Иосиф Сталинге көрнекті қазақ коммунистерінің бір Алаш-Орда туралы құпия баяндама бергені белгілі. Сондағы құпия тіркеменің 8-ші бабында мынандай мәліметтер айтылған: «Қоңырқожа Қожықов. Қазақтың «қожа» деп аталатын ақсүйектерінен. Қоқан автономиялық үкіметінің бұрынғы мүшесі. Көрнекті алашордашы, Шоқаевтың көмекшісі. 1913 жылы, Романовтар үйінің тойы кезінде, патшалардың портретімен қазақ тілінде кітапша жазды. Ферғананың аудандарының бірінде Керенскийдің уақытша үкіметінің комиссары боп істеді. 1921 жылы Жер халкоматының мүшесі, содан соң  Жер халкомының орынбасары болды, Жетісу облысында жер-су реформасын басқарды, жұрттың бәріне орыстарды «оңды соғудамыз» деп айтып жүрді. 1922 жылы жерге орналастыруды басқарды, қазір Жерге орналастыру басқармасында істейді. Қожықов Қожановпен бір пәтерде тұрады. Осы Қожықов, Қожанов, Асфендиаров, Тоқтыбаев – белгілі Лапиннің қыздарына үйленген, сөйтіп олар қазақ халқын ең алдымен осы туысқандық белгілері бойынша бірлесіп билеуде. Қожықов Әлденеше рет ТүркЦИК мүшелігіне сайланды және Қосшы Орталық Комитеті басшыларының бірі болып табылады. 1921 жылы Қожановтың және Асфендиаровтың кепілдігімен, тіпті, партияға да кірді, алайда кейін шығарып жіберілді. Қазір тап осы Қожықов Қожановты билеп тұр. (Ол өте тәжірибелі адам). Қожановқа қызметкерлер келгенде, оларды ең алдымен осы Қожықовқа мәселелерді келісу үшін жіберіп алады, түрлі үкіметтік және тіпті партиялық хаттамалар да оған пікірін білу үшін жіберіліп жатады». Бұл құпия жазбадан байқалатыны сол, Қожықов кеңес өкіметі тұсында да ұлт коммунистерінің бірқатары ақыл-кеңес сұрап тұратын беделді қайраткер болған.

Советтік Түркістан Республикасының қызметкерлері туралы сыр айтқан осы мәліметтерді Сталин оқып отырған шақта Қожықов Орта Азияны ұлттық-мемлекеттік тұрғыда жаңаша жіктеп-межелеу жұмыстарына атсалысып жүрген. Ол өлке тарихының білгірі болатын, сол себепті ВК(б)П Орталық Комитеті Орта Азия Бюросының (Средазбюроның) Территориялық комиссиясы құрамындағы қазақ әзірлік комиссиясында  белсенді жұмыс жүргізуде болатын. Ал қазақ жер-суы халқымен бір шаңырақ астына жиналып, Үлкен Қазақстан құрылып жатқанда,  «киргиз» делінетін халықтың тарихи «қазақ» атын қайтарып, жаңа астананы Қызылорда деп атау туралы ой тастады. Бұл дерек Алаш партиясы Ақмола облыстық комитетінің 1917 жылғы мүшесі, 1920–1921 жылдары Қазақ Орталық Атқару Комитетінің мүшесі, Қазақ Республикасы Ішкі істер халық комиссарының орынбасары, комиссар міндетін атқарушы, 1925–1926 жылдары Қазақ Ұлт театрының (қазіргі М. Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының) директоры Дінше Әділовтың ОГПУ тергеушісіне 1928 жылы берген көрсетуінде толық келтірілген. Идеяны Қазақ өлкепарткомының екінші хатшысы Сұлтанбек Қожанов Советтер съезі мінберінен жария етті де, делегаттардың қызу қолдауымен тиісті тарихи қаулылар қабылданды. Ал керегесі кеңейген жаңа Қазақстанда Қоңырқожа Қожықов күш-жігерін ғылым мен мәдениет саласына жұмсады. Ұлт мәдениеті ғылыми-зерттеу институтының негізін қалаушылардың бірі және ғалым хатшысы болды. КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалының тарих секторында, ұлттық кітапхананың сирек қолжазбалар бөлімінде қызметтер атқарды. Сирек ұшырасатын шығыс қолжазбаларын жинастырды. Ежелгі ескерткіштерді зерттеу жөніндегі экспедицияларға қатысты. Ғылыми мақалалар жазып, оларды мемлекет қорғауына алу хақында мәселе көтерді. Атап айтқанда, Жетісу өңіріндегі көне қорғандар мен ескерткіштерді зерттеумен айналысты. Орхон жазуы, Қозы Көрпеш-Баян сұлу, Келіншектас, Ақтас мазарлары туралы ғылыми еңбектер жариялады. Араб, парсы, шағатай тілдеріндегі  тарихи және әдеби шығармаларды қазақшаға аударды. 1936 жылы Қазақ КСР-інің мемлекеттік көпшілік (қазіргі ҚР Ұлттық) кітапханасына Сүлеймен Бақырғанидің «Хикмет Хазірет Сұлтан әл-ғарифин» атты қолжазба кітабын тапсырды. Ол – 1935–1936 жылдары профессор Санжар Асфендиаровтың жетекшілігімен жарық көрген екі томдық «Қазақтың өткендегі тарихы туралы деректер мен материалдар» атты жинақты құрастырушылардың бірі.

Оның жұбайы Ләтипа Мұңайтпасқызы Лапина-Қожықова жастайынан қолөнер шебері ретінде танылған ісмер, әуезді дауысы бар әнші еді. 1921 жылы Ташкентте өтіп тұрған Шығыс кештеріне қойылым әзірлеу барысында талантына куә болған Дінше Әділов 1925 жылы оны Қызылордада жаңадан құрылып жатқан Ұлт театрына жұмысқа шақырды. Содан Ләтипа кәсіби сахна өнерінің негізін қалаушылардың біріне айналды. Ол кейінірек, 1933 жылы, музыка театрының да іргетасын қаласты. Опера театры өнерпаздарының құрамында 1936 жылы Қазақ Республикасының Мәскеудегі онкүндігіне қатысты. Қолданбалы өнердің майталман шебері ретінде ол әр кезде биік деңгейдегі құрметті қонақтарға сыйға тартылатын ұлттық көркем бұйымдарды  мемлекеттік тапсырыс бойынша жасап жүрді. КСРО Суретшілер одағының мүшесі болды.

Қоңырқожа мен Ләтипа Қожықовтардың балалары да қазақ өнері тарихында өзіндік мәртебелі орындар иеленген белгілі тұлғалар болды. Қожахмет – қазақтың алғашқы кескіндемеші, карикатурашы, суретші-графигі,   Құлахмет  – тұңғыш театр және кино суретшісі, график, Нұрахмет –  мүсінші-монументалист, Сұлтанахмет – атақты кинорежиссер ретінде мәлім. Қожықовтар әулеті, сөз жоқ, республиканың өнері мен мәдениеті тарихында өшпес із қалдырды, бірақ, дегенмен, әулет мүшелерінің қай-қайсысы да өздерінің мүмкіндіктерін мейлінше ашып көрсетті деп айта алмасақ керек. Өйткені саяси қуғын-сүргін науқаны оларды айналып өткен жоқ. Қоңырқожа Қожықұлы 1938 жылы Алматыда атып тасталды. Артында  төрт  ұлымен қалған  жары  Ләтипа  тағдырдың  күллі тауқыметіне төтеп беріп, ошақ отын сөндірген жоқ. Сахна жасаулаушы және ұлттық киім-кешек үлгілерін жасап тігуші ретінде, өзі іргесін  қаласқан бүгінгі Әуезов театрында – он бір жыл, одан, тап сол кәсіби мамандығымен Абай атындағы опера және балет театрында жиырма екі жыл бойы еңбек етті. Қазақтың сәндік-қолданбалы өнерін әлемге танытқан өнерпаздар көшін бастап, алғашқы қарлығашы ретінде танылды. Балаларының төртеуі де қазақ өнеріне өзіндік бедер салған белгілі де қадірлі адамдар болды. Бірақ олардың өмір жолдары қиындықтармен астасып жатты. Әкесінің артын ала  Қожахмет Қоңырқожаұлы репрессияланды (сталиндік лагерьден ауыр науқасқа ұшырағандықтан ғана босатылды). Оның үш інісі отанға адалдықтарын дәлелдеу мақсатымен екінші дүниежүзілік соғысқа аттанды.  Алайда ұлттық кадрларға мұқтаждық ескеріліп, Құлахмет Қоңырқожаұлы әскерден шақырып алынды да, орталықтан Алматыға көшіріп әкелінген киностудияға орналастырылды. Дегенмен «халық жауының» баласы деген таңба ұдайы оның да, майдангер інілерінің де  өмірі мен шығармашылығына ауыр салмақ түсіріп тұрды. Соған қарамастан ағайынды Қожықовтар жоғарыда айтылған салаларда мақтаныш етерліктей жетістіктерге жете алды.

Басында ірі қоғам қайраткері, ұстаз, ғалым Қоңырқожа Қожықұлы тұрған отбасы қазақ мәдениеті мен өнері тарихында өзіндік орыны бар ерекше әулетке айналды.  Осы әулеттің елге сіңірген еңбегін лайықты бағалай білу ләзім. Бұған қазіргі таңдағы жаңа һәм жасампаз «Рухани жаңғыру» бағдарламасы да міндеттейді. Қожықовтар әулетін ардақтау, әулет мүшелерінің қалдырған мұраларын жете танып, есімдерін есте қалдыру шараларын кеңейте түсуді ойластырған жөн. Осы ретте Қожықовтар әулеті атымен мәдениет институты секілді оқу орындарының бірін, жалпы білім беретін мектептерді атау, мұражайлардан арнайы залдар, бұрыштар ашу, қалалар мен елді мекендерден көше аттарын беру, басқа да   ұлықтау жолдарын жүзеге асырған орынды болар еді. Мұның бәрі ұрпақ тәрбиесіне қажет. Қожықовтар әулетін мейлінше терең тану, сөз жоқ, бүгінде елімізде басымдыққа ие болып тұрған «Мәңгілік ел» идеясын баянды етуге де риясыз қызмет етеді.

Суреттерде:

Қоңырқожа Қожықов

Ләтипа Қожықова

Қожахмет Қожықов

Құлахмет Қожықов

Қоңырқожа Қожықов қазақ ауылында.

Ташкенттегі 1921 жылғы Шығыс кештеріне қатысушылар. Сол жақта отырғандардың біріншісі – Ләтипа Қожықова, түрегеп тұрғандардың біріншісі – режиссер Дінше Әділов.

Бейбіт Қойшыбаев,

«Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының  орынбасары, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты.

9.04.2018

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1582
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2282
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3618