Сенбі, 23 Қараша 2024
Осы ғой енді... 3863 1 пікір 11 Сәуір, 2018 сағат 10:28

Қостанайдағы мүгедектерді Архимед Мұқанбетов көзге де ілмейді

Қазір қоғамымызда қамқорлыққа зәру жандар жетіп артылады. Мемлекет олардың алдында қашанда қарыздар. Мұндайда жүктің салмақтылау жағы үнемі жергілікті билікке түсетіндігі белгілі. Алайда бұлардың өмірден теперіш көріп жүрген жандарға деген жанашырлығы жетіспей жататындығы жанға батады. Өзге жерлерді білмеймін, ал біздің Қостанай облысында мүгедек жандарға деген қамқорлық мүлдем сезілмейді десек, артық айтпаспыз.

Егер біз осынау мүмкіндігі шектеулі жандардың мемлекеттен пәтер алуы секілді мәселеге байыптап көз жіберсек, бұл жайтты анық байқар едік. Бір қызығы, оларға еш жеңілдік жоқ, пәтер алу кезегіне өзге жұрттармен бірге тұрады. Сөйтіп мүгедек жандар мен тепсе темір үзетін азамтатарды қатар қойып, айды аспанға бір-ақ шығарған. Мүгедектердің кезегі тым сылбыр жылжиды. Тіпті мүлдем қозғалмайды десе де болады. Олардың бұл жағдайды айтып, өтініш білдіріп жүргендігін ешкім де құлағына қыстырмайды. Соңғы екі жылда облысымызда екі мүгедек қана пәтер алды. Қалғандары пәтер жалдап тұрады, болмаса туған-туыстарын паналайды. Олардың да шекесі шылқып тұрғаны шамалы.

Мүгедек жандардың жұрт қатарлы ипотека арқылы пәтер алуға да жағдайы келмейді. Өйткені олардың тұрақты табыстары да жоқ. Ондайларды қандай банк жанына жолатсын. Осындағы «Үміт-Надежда» атты қоғамдық бірлестіктің төрағасы Дүйсенғали Оспановтың айтуына қарағанда облысымызда 27 мың 831 мүгедек болса, соның 600-і үй кезегінде тұрады екен.

- Барлық топтағы мүгедектер кәдімгі дені сау азаматтармен қатар кезекке тұрады, - дейді ол. - Ал біздің өңірдегі пәтерге деген кезектің саны 23 мың адамға жетеді. Облыс орталығындағылар 11 мыңнан асып жығылады. Біздің үкіметтік ұйымдар мүгедектерді пәтермен қамтамасыз ету жөнінде талай ұсыныстар білдірді де. Алайда облыстың әкімінің жауабы бізді қанағаттандырған жоқ. Сол баяғы таптаурын жауап. Өзгелермен бірге аласыңдар дейді. Енді мүгедектер бұл мәселені республикалық  деңгейде көтермек ойда.

Иә, заңда осылай екендігі рас. Оны ешкім де жоққа шығармайды.

Қостанай қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Ерлан Оспановтың түсіндіруіне қарағанда тұрғын үй қатынастары туралы заңға сәйкес біріншгі кезекте үй алуға Ұлы отан соғысына қатысушылар мен мүгедектер, жетім балалар мен қамқорсыз қалған жандардың ғана құқығы бар көрінеді.

- Әлеуметтік аз қорғалған жандардың қатарына жататын бірінші және екінші топтағы мүгедектерге ондай құқықтар берілмеген. Олардың кезегі тым баяу жылжиды. Мәселен, 2016 жылы ондай жандардың екеуі ғана пәтер алса, былтыр ешкімге де пәтер тиген жоқ. Бұл мәселені мүгедектер облыстық деңгейде көтеріп те жүр.

Мүгедектердің пәтер мәселесін шешіп беруді өтініп, бармаған жері, баспаған тауы, ашпаған есігі жоқ. Еститіндері «сендердің өзгелерден айырмашылықтарың жоқ» деген жаттанды жауап. Олар бір кездесуде осы жайтты облыс әкімі Архимед Мұқанбетовке айтқанда да  мүгедектердің басқалармен бірдей екендігін, оларға елден ерекше беріле қоятын пәтердің жоқ екендігін тағы да естіген. Бұлар қайтсын, «Сенген серкем сен болсаң..», - деген де қойған.

Ал жалпы біз де бұған онша таң қала қойған жоқпыз. Өйткені біздің әкіміміз әлеуметтік мәселелерді шешуге келгенде онша құлық таныта бермейді. Оны не орынбасарының біріне итере салады немесе сол өтініш білдіргендердің өздеріне жүктей салады. Жанашырлық танытайын, болмаса үміттендіріп қояйын дейтін секілді мәдениетті де сыпайы жауап беруді қажет деп те санамайды. Мәселен, әлгі мүгедектерге: «Рас, сіздердің көтеріп отырған мәселелеріңіз өте орынды әрі өзекті. Алайда біз оны облыс дәрежесінде шеше алмаймыз. Алайда бізден сайланған Парламент депутаттары бар ғой. Соларды тартып, оларға заңға өзгеріс енгізуді мықтап тапсырып, бұл қателікті түзетуге тырысып көрерміз» деген ең болмаса көңіл жұбатарлық жауап таба алмағандығы көп нәрсені айғақтаса керек. Өйткені бұл осы әкіміздің жұмыс стилі ме деген күдіктеміз. Оған дәлел де жетіп артылады. Оның өзінің есеп беру кездесуінде ауру балаларды қорғау қоғамының басшысының: «Облысымызда сал ауруына ұшыраған жас балалар көбейіп кетті. Бізде оларды емдеуге қолайлы жағдай болмағандықтан сол балалардың ата-аналары әркімге алақан жайып, көп қаржы жинап көрші Ресейге апарады. Ал бізде «Дельфин» балалар үйі бос тұр деуге болады. Сол ғимаратты жаңағы ауру балаларды емдеуге беруге болмас па екен?» -деген сауалына: «Ол мәселені өздерің инвестор тауып, шешіп алыңдар» деп бір-ақ қайырды. Жоқ, «Жарайды ол ғимаратты тексеріп көрейік, сосын бір шешімін айтармыз» деген сырғытпа жауап беруге де жарамады.

Мүмкін, мәселе әкіміздің жанашырлық танытпауында ғана емес шығар. Оған «ана жерде керемет теннис сарайын салдық немесе мына жерде анадай кәсіпорын аштық» деп жоғары жаққа жақсы атанатын көрсеткіштерді тізбелеу әлдеқайда пайдалы шығар. Олардың қандай керемет іс тындырып жатқандығын білмеймін, жақында осы әкіміз «Жалпы құны 1миллиард 200 миллион теңге тұратын тамаша облыстық халық ассаблеясының жеке үйін салып береміз» деп айды аспанға бір-ақ шығарды. Тамаша емес пе? Бір жағынан көзге түсесің, екінші жағынан таза өндірістік көрсеткіштердің өсуінің арқасында Астана жақтағы бір жақсы лауазым да бұйырып қалар. Ал мүгедектер мен аурру балалардың мәселесін шешіп жатыр деп жақсы атануың неғайбыл. Әкіміміздің кейбір істеріне қарап, бізге осындай жағымсыз ойлар келеді.

Айтпақшы, мүгедектердің мұңайтатын жайлар мұнымен таусылмапты. Жақында ғана облыстық еңбекпен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлнәр Әбенованың айтуына қарағанда облысымызда мүгедектерді санаториялық-курортық сауықтыруға арналған 15 миллион теңге игерілмей қалыпты. Яғни 144 жолдама мүлдем пайдаланылмаған. Тіпті кейбір, мәселен, Қостанай және Әулиекөл секілді аудандар ол жолдаманы кейін қарап, қайтарып жіберген. Демек, осыншама мүгедек кезекті сауықтырудан сырт қалған деген сөз. Бұл да болса біздің облыс билігінің жаны жаралы жандарға деген «кезекті сыйы» болса керек.

Жайберген Болатов, Қостанай

Abai.kz

  

 

 

 

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475