Сәуле ЖАНПЕЙІСОВА: «Біреулер үшін аспандағы аймен теңмін, біреулер үшін ешкім емеспін»
– Бәз біреулер дәстүрлі әндердің тыңдарманы жоқ деген пікірлерін ашық айтып жүр. Осыған қарсы қандай уәж айтар едіңіз?
– Дәстүрлі ән – халықтың әні. Аты айтып тұрғандай, бұл – халықтың өзі. Дәстүрлі әнді халықтан бөліп қарастыра алмайсыз. Ол қазақтың қанына сіңген, өмірімен біте-қайнасқан, бірге жасасып келе жатқан дүние. Қай ауылға барсаңыз да, қай аймақтың халқымен жүздессеңіз де, көзі ашық, көкірегі ояу жандар халық әніне құлақ түреді.
Қазір Батыстан, Ресейден келген поп-музыка өнімдері қаншама төпелеп жатса да, біздің халық қара нар сияқты бәріне төтеп беріп, негізгі жауһарларын, құндылығын ішіне сақтап жатыр. Кез келген адам ата-тегіне тартпай тумайды. Бүгін эстрадаға елеңдеп жүрген жастар күндердің күнінде асылды жасықтан айыра алатын деңгейге жетіп, төл өнерне мойын бұрады деп үміттенем. Тегіміз мықты халық едік қой деп шүкіршілік етем.
– Дәстүрлі әндердің халыққа кең таралуына не кедергі?
–Саф өнерді өзінің көкірегінде, жүрегінде сақтап жүрген әншілерді халыққа көрсету үшін насихат керек. Әнші өздігінен тіленіп ауыл-ауылды аралап кете алмайды. Дәстүрлі әншілерді мемлекеттік дәрежеде қолдау, осылайша халықтың өз мұрасын өзіне ұсыну қолға алынбай отыр.
– Бәз біреулер дәстүрлі әндердің тыңдарманы жоқ деген пікірлерін ашық айтып жүр. Осыған қарсы қандай уәж айтар едіңіз?
– Дәстүрлі ән – халықтың әні. Аты айтып тұрғандай, бұл – халықтың өзі. Дәстүрлі әнді халықтан бөліп қарастыра алмайсыз. Ол қазақтың қанына сіңген, өмірімен біте-қайнасқан, бірге жасасып келе жатқан дүние. Қай ауылға барсаңыз да, қай аймақтың халқымен жүздессеңіз де, көзі ашық, көкірегі ояу жандар халық әніне құлақ түреді.
Қазір Батыстан, Ресейден келген поп-музыка өнімдері қаншама төпелеп жатса да, біздің халық қара нар сияқты бәріне төтеп беріп, негізгі жауһарларын, құндылығын ішіне сақтап жатыр. Кез келген адам ата-тегіне тартпай тумайды. Бүгін эстрадаға елеңдеп жүрген жастар күндердің күнінде асылды жасықтан айыра алатын деңгейге жетіп, төл өнерне мойын бұрады деп үміттенем. Тегіміз мықты халық едік қой деп шүкіршілік етем.
– Дәстүрлі әндердің халыққа кең таралуына не кедергі?
–Саф өнерді өзінің көкірегінде, жүрегінде сақтап жүрген әншілерді халыққа көрсету үшін насихат керек. Әнші өздігінен тіленіп ауыл-ауылды аралап кете алмайды. Дәстүрлі әншілерді мемлекеттік дәрежеде қолдау, осылайша халықтың өз мұрасын өзіне ұсыну қолға алынбай отыр.
Біздің елде бірде-бір телеарнада дәстүрлі музыкаға арналған бағдарлама жоқ, оған уақыт бөлінбеген. Бірді-екілі бағдарламалар шығады, бірақ жылт етеді де жоқ болып кетеді. Отандық телеарналар мен радиоарналарға мемлекеттен арнайы тапсырма берілмейінше, олар өздігінен тұяқтарын қимылдатпайды. Себебі, дәстүрлі музыканы түсінбейді, колхоздың деңгейіндегі нәрсе деп қарайды. Біз қазір ешқандай телеарна арқылы ән сала алмаймыз, ұлттық өнерді нәсихаттауға мүмкіндігіміз жоқ.
– Қазақтың дәстүрлі музыка өнерін өз халқымыздан гөрі, батыс әлемі, еуропалық тыңдармандар жоғары бағалайтын сияқты. Сіз қалай ойлайсыз?
– Жоқ, мен олай деп есептемеймін. Төл музыкамызды қазақтан артық түсінетін халық жоқ жер бетінде. Қазақтың ән-күй өнерін еуропалықтардан гөрі, өзіміздің туысқан халықтар ерекше қадірлейді. Мысалы, мен Тәжікстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстан сияқты Орта Азияның талай елдерінде болдым. Түбі бір, тілі ұқсас халықтардың бәрі қазақтың музыкасын жақсы көреді, соған көзім жетті. Ал еуропалықтар қазақтың қара домбырасына, қарағай қобызына, асқақ әндеріне бұрын-соңды кездеспеген экзотикалық дүние ретінде таңырқап қана қарайды. Таңырқау сезімі тарқағаннан кейін мүлде тыңдамауы да мүмкін. Керісінше, қытай, жапон, кәріс сияқты шығыс халықтары қазақтың музыкасын жақсы түсінеді Себебі, шығыс халықтарының мәдениеті, өнері бір-біріне өте жақын. Әттең, осы елдерге төл өнерімізді жете насихаттай алмай отырған өзіміз!
– Соңғы кездері халық әндерін эстрада жанрына өңдеу белең алды. Осы үрдіске қалай қарайсыз?
–Жақсылап өңдей білсек, дәстүрлі халық әуендері – өнердің небір түрлеріне тамызық. Мысалға, халық композиторларының әуендерін пайдаланудың арқасында қазақтың опера өнері қалыптасқан. Брусиловский «Қыз Жібекті» туғызды, «Біржан – Сарада» қаншама халықтық музыканың иірімдері бар. Сол сияқты эстрада жанрында жүргендер де халықтың мұрасын өздеріне ыңғайлап, жаңаша қырларын ашқысы келеді. Оларға қойылатын ең басты талап, әнді жұлма-жұлмасын шығарып бұзуға жол бермеу керек. Кезінде Бибігүл Төлегенова, Роза Бағланова сияқты бұлбұл үнді әншілер дәстүрлі әндерді қалай керемет орындады?! Ермек Серкебаев «Сұрша қыз» бен «Дудар-айды» қалай тамаша шырқайды?! «Досмұқасан» ансамблі орындаған «Құдашаны» қазір жұрттың бәрі біледі. Жас әншілердің арасында да дәстүрлі әндерді әдемі өңдеп, халықтың жүрегіне жеткізіп жүргендер бар. Өкінішке қарай, өңдейміз деп ұлттық бояуынан жұрдай еткендерді де көріп жүрміз. Бұл өңдеушінің және орындаушының арына сын!
– Сіз Ғарифолла Құрманғалиевтей аңыз адамның тәлімін көрдіңіз. «Ғарекеңнің мектебінен осыны үйрендім» деп нені мақтанышпен атар едіңіз?
– Ғарекең менің ұстазым, бүгінгі репертуарымдағы әндердің жартысынан көбін сол кісіден үйренгем. Ғарекеңнің әндері менің жаз-жайлауым ғой. Көпшіліктің мені батыстың қызы деп ойлап қалатыны содан болу керек.
Кезінде Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Әміре Қашаубаев, Ғарифолла Құрманғалиевтер қазақтың тұңғыш музыкалық театрында, қазіргі Абай атындағы опера және балет театрында жұмыс істеген. Сол театрда жүріп Ғарекең жиырмадан астам операда неше түрлі ғажап образдарды сомдаған. Кино саласында «Біз Жетісуданбыз» дейтін фильмде кішкентай ғана бір рөлді сомдап, мықты актер екендігін дәлелдеп кетті. Ғарекең домбырамен ғана емес, симфониялық оркестрмен ән шырқаған адам. Бұрынғы сал-серілер әрі әнші, әрі ақын, композитор, дәулескер домбырашы, атбегі, саятшы, балуан ретінде, күрескер тұлға ретінде танымал болған ғой. Ғарекеңдер солардан қалған жұрнақ сияқты. Ендеше, дәстүрлі ән-күй мектебінің бүгінгі өкілдері осы жолды ұстанып, жан-жақты болуға ұмтылуға тиіс.
– Эстрада әншілері тойдан тойға жүгіріп жүреді. Ал дәстүрлі әнші ретінде сіздерді той-томалақта ән шырқауға жиі шақыра ма?
– Әрине, тойға құрметтеп шақырып тұрады. Бұрынғы қазақтың салты бойынша қолқалап шақыртып, әнімізді тыңдағысы келетін адамдар аз емес. Бірақ біз кейбіреулер сияқы сұғанақтанып, той іздеп жүру дегенді білмейміз. Өйтіп өзіміздің де, әніміздің де қадірін түсіргіміз келмейді. Бәз бір эстрада әншілері сияқты ана тойдан шыға салып, мына тойға жүгіріп табанымыздан тозбаймыз. Рас, кейде бір күнде екі тойға баруға тура келетін жағдайлар болады. Бірақ есіктің көзінде тұрып алып асабаға «мені бірінші шығар» деп өтініп, сосын бір-екі әнді айта салып, екінші, үшінші жерге тайып тұру деген дәстүрлі әншілерге жат әдет.
– Астанаға қоныс аударғыңыз келмей ме?
– Мен Алматыда әнші ретінде қалыптастым, өнерімді дамыттым, сол жерде халыққа танылдым. Жалпы, Алматыны мекендеген өнер адамының бағы бес елі деп ойлаймын. Алматыда тыңдармандарымыз жетерлік, концерт берсек халық міндетті түрде жиналады. Осындай ортаны қиып кету ешкімге оңай соқпайтын шығар.
Астана еліміздің бас қаласы атанғалы он жылдан асты. Осы он жылдың ішінде жаңа астанада концерт беріп көрмеппін. Алдағы уақытта арнайы концерттік бағдарламамен келіп, елордалықтарға өнерімді көрсетсем деген арманым бар. Бірақ Астана халқының рухани қажеттілікті өтеуге деген ықылас-пейілі бәсең сияқты, жұрттың бәрі жұмыстың жетегінде шапқылап жүр. Олар дәстүрлі әншінің өнерін құрметтеп, концертке жинала қояр ма екен?! Көкейімде осындай күмән-күдік бар.
– Сізді әнші ретінде халық мойындады, ал адам ретінде қандайсыз?
– Менің мінезімді әркім әр түрлі қабылдайды. Біреулер үшін – аспандағы аймен тең шығармын, біреулер үшін ешкім емеспін. Сондықтан «мен сондай адаммын» деп өзіме дәл анықтама бере алмаймын. Ең бастысы, ортамда сыйым бар, азғантай абыройым бар, халқым «айналайын» деп құрметтеп жатады. Әзірге ешкімнен «Сен» деген сөзді естіген жоқпын. Соған қарағанда мінезге бай адам шығармын (күледі).
…Мен шындықты бетке айтқанды жақсы көрем. Көкейіме келген нәрсені ішіме сақтап қалу дегенді білмеймін. Шындықты айтамын деп көпшілікке жақпай қалған кездерім көп. Ұлттық өнеріміз үшін жаным ауырады, соны өркендету үшін жанымды саламын, біреулерге жақпай қалам-ау деп тайсалмаймын!
Әңгімелескен Арнұр АСҚАР
«Нұр Астана» газеті 4 маусым 2009 жыл