Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Дін мен тін 5561 8 пікір 24 Сәуір, 2018 сағат 12:44

Саясаткер Дос Көшімге хат

 

 

«ДІН ЗАҢЫ ЖОБАСЫНДАҒЫ 6 «ӘТТЕГЕН-АЙҒА» 7  ДІНИ ТОЛЫҚТЫРУ

Бисмиллай Рахмани Рахим.

Дос,  мен сенің  ұлт және қоғам қайраткері ретінде айтып жүрген әңгімелер мен жазған мақалаларыңа үнемі ықыласпен назар салып қараймын. Таяуда, сенің  лауазымыңды «саясаткер»- деп дұрыс көрсеткен, «Қазақстан Заман» (15.02.2018ж) газетіндегі  Ақылдастар алқасының жетекшісі ретінде жазған мақалаңды оқып, соған үн қосып, толықтыру ретінде өз пікірімді жазып отырмын.

Негізі, елді елең еткізген, саясаткер, Сенің бұл жазып отырған мақалаңды, сенен бұрын елдегі діни теолог ғалымдар мен дін қайраткерлері жазып, өз ойларын айтулары керек болатын. Олар жазбайды, жаза да алмайды. Деңгейлері мен қайсарлықтары жетпейді. Бұлай  айтып отырғаным, теолог дегеннің өзі «дін жанашыры, дін қорғаушысы» деген сөз. Демек, діннің жаншырлары ең алдымен солар болулары керек. Біздің елде  қазіргі таңда осы талап  тұрғысындағы  толымды діни теологтар жоқ. Алған ғылыми атақтары теолог-ғалым болғандарымен қалыптасқан болмыстары ол дәрежеге жетпегендер. Тіпті Республикалық мұсылмандар діни басқармасын басқарып отырған  қайраткерлерін де, дін басшысының жалақысын алып,  қызметін атқарып жүргендерді де таза дін жанашыры, дін қайраткері деп айта алмаймын. Бірақ - бар!  Осы орайда сенің уақыт тауып жазған мына мақалаңа дін жанашыры, ілімші ретінде алдымен рахмет айтқым келіп отыр. Бұл сенің жазып отырғаның – заң емес, қабылданар заңға осы елдің азаматы ретінде жеткізген ұсынысың. Мақалаңа «Алты жылдан соң оралған Дін заңы жобасындағы 6 «ӘТТЕГЕН-АЙ...» деп тақырып қойыпсың.

1.СЕН айтасың;

БІРІНШІ – ниқаб пен пәренжі меселесі

дейсің де, «...432-2 – баптың, бірінші, екінші тармақтарына байланысты; «Баптың мақсаты дұрыс, беріліуінде де нақтылық бар, бірақ, менің ойымша, бұл бапты дін мәселесін реттейтін, заңға кіргізудің қажеті жоқ сияқты. «Бет әлпетті тануға кедергі келтіретін киім кешекті» қылмыскерлер де, тонаушылар да, т.б. киіп жүруі мүмкін. Бұл, сөзсіз, қоғамдық жердегі қауіпсіздік мәселесіне жатады. Әрине, оның ішіне ниқаб пен пәреж де кіреді, бірақ бұл жердегі басты мәселе «діни киімге тыйым салу» емес, қоғамдық қауыпсіздікті сақтау болып табылады... Байқап қарасаңыз, бұл тармақтың мәтінінің діни мәселеге ешқандай қатысы жоқ. Сондықтан тағы да қайталауға тура келеді. Бұл баптың (талаптың) «қоғамдық жерлердегі қауіпсіздік мәселесі»- деген сияқты басқа заңдардан орын алғаны тиімді болар. Бір сөзбен айтқанда, дін туралы заңға «киім кешекті киіп жүруді шектеу»- мақсатында арнайы бапты енгізуден гөрі, сол мәселенің басқа заттарда көрсетілгені дұрыс -деп ойлаймын. Сонда бұл; «діни белгімен күрестен» гөрі зайырлылықтың талабынан туған тыйым болып қабылданады...».

                                 1.МЕН Толықтырсам;

КИІМНІҢ СҰЛТАНЫ - ИМАН КИІМІ

Құран былай дейді; «Ей, Адам ұрпақтары! Біз сендерге абыройларыңды жасыратын киім және жасануларың үшін сәндік нәрселер жібердік. Соның бәрінен де иман киімің болғаны жақсы. Біле білгенге Алланың тағылымы осындай. Ей, Адам ұрпақтары сендердің ата аналарыңды аздырып, Жәннаттан шығарғаны сияқты, олар сендерді де аздырып жүрмесін. Абыройларын өздеріне көрсету үшін шайтан олардың киімдерін де шешіндірген (жалаңаштаған).  Шайтан да, оның ықпалындағылар да сендер көре алмайтын жерден сендерді көреді. Анығына келсек, шайтандарды біз имансыздармен дос еттік.( «Ағраф», 26-27)

Осы қос аятты «Ілім әліппесі» былай түсіндіреді;

Жаратқан Ием Адам Атаға; «Сен көктен кете бер, Бірақ дін бар, ол – Ислам, сен – мұсылман. Бірақ, осы жолды ұстануда мен саған кітап беремін»- деді.  Сөйлесті ме Аллаһ Адам Атамен? Сөйлесті. Алғашында адамға жалғыз Жаннатты жаратты Алла Тағалам. Бір-ақ - бақ, бір-ақ - жол. Адам жолдан тайғаннан кейін Жаратқан Ием кешірді де оған Жаннатқа жолды берді қайтадан. Ол қайтарар жолдың аты - Дін еді. Діннің аты – Ислам. Ол біреу-ақ еді. Оның себебі о баста жаратылған бір-ақ адам болды. Оған Алла тағалам «жүргізетін кітап беремін»- деді. Ол да Біреу-ақ. «Мен саған сансыз кітап беремін, сансыз киім беремін, солардың ішінде кітаптың сұлтаны - Құран болса, киімнің сұлтаны - Иман киімі»- деді Аллам. Себебі Иман киімі бір-ақ тал, сол ғана сансыз киімнің ішінде ерекше аталады. Себебі оны айтып тұрған өзі де, Біреу-ақ, Алла Тағалам. «Неге көктен Жаратқан Ием Құранда Иман киімін айтып жатыр? Оның дін ұстанудағы қатысы не? «Әртүрлі киім киіп жүре беруге болады, неге Құдай оны таңдады?»-деген сұрақ болады.

 Адамға Иман киімі берілді. Адам Атаны жаратқаннан кейін Жаратқан Ием, Адам Атаға: «Сен осы киімді киіп жүр. Саған ұқсас сенен туғандар да, осы дінді ұстанғандар да, сол киімді киіп жүрсін»- деп ескертті. Енді иман киімінің дінге қандай қатысы бар?  Оның адамға не пайдасы бар?

 Неге Алла Тағалам барлық кітапта да, «діндар мен діндар тұрсын, зиналық жасағанмен зиналық жасаған тұрсын, арақ ішетін әйелдермен арақ  ішетін еркектер тұрсын, тақулармен тақуа тұрсын»- дейді. Бөлді ғой. Ондай болса киімді де Алла бөлді. Осыдан; «соны киіп жүріп иманды болуға бола ма, имансыз болуға бола ма?»- деген сұрақ туады. Әрине, иманыңды күшейтетін тірліктерді орындамасаң имандылығыңды сақтау қиын. Оның біріншісі - иман киімі. Қатысы бар ма екен дінге? Иманды сақтау мәселесінде «иман киімінсіз сақтауға болады» -дейді, «бірақ, қиын»- дейді. «Ол үшін тіпті сәнденбе»- деп жатыр Алла Тағалам. «Көзге түспейтін киім ки»- деп тағы ескертіп жатыр. Иман киімі - еркек те, әйел де ар ұятын жауып ұстау мәселесінде, Жаннатқа бару мәселесінде адамдарға  тән қасиет. Алла Тағала берген, денені күнге күйдіріп алмас үшін, суыққа үсіріп алмас үшін, кір дүниені жақпас үшін, бірдеңе оқыс кіріп кетпес үшің, жамандыққа тозып кетпес үшін, берген дүниені дұрыс пайдалану үшін оны жауып тұратын дүние беріліпті. Киім. Ол - иман киімі. Өйткені, мұның біріншіден, маңызды мәселесі - Жаннатқа келетін денені сақтайтын киім.  Алла Тағала иман киімі деп ол киімді айтқан екен, сенің сол киіммен ұятты жерлерің жабық тұрса, сенің Жаннатқа бірден бір келуіңе әбден мүмкін деген сөз. Жаннатқа келетін жол. Иман киімі – Жаннатқа әкелетін жол да. Осыдан сұрақ туады. «Ештеңені істемей, ештеңені жасамай, тек қана иман киімімен Жаннатқа баруға бола ма?»- деген. Иман киімі адамның бойындағы ар ұятты оятады. Ар ұятың оянғанда сен алдымен Алладан ұяласың. Ештеңе орындамасаң да қорқасың. Ештеңенің рәсімін  орындамай жүріп-ақ сен Алланы мойындайсың. Иман киімі өзімен өзі құдіретімен сенің бойыңдағы қасиетіңді күшейтіп, Алланы мойындатады. Адам баласы оны білмейді, көзімен көрмейді, естімейді, бірақ соны киюмен оның күші, иманы күшейеді. Сол себепті де Құдай «иман киімін ки, ештеңе орындамасаң да - депті. Сен иман киімін киіп жүріп шешкен кезде қысыласың. Ұяласың. Сен иман киімін киіп жүрген кезде сенен адамдар ұялады. Саған қарсы сөйлей де алмайды.  Ол Алланың құдіреті. Себебі ол киімді кім берді, Алла берді. Себебі ол кімге ұнайды, Аллаға. Ондай болса соны киген адамды кім сақтайды, Алла сақтайды. Тіпті ол ештеңені орындамай жатса да дене өзінен өзі ұялады.

    Оқып білім алғаннан гөрі иман киімін кию қиындау. Оқып білім алып ілімді болғаннан да, иман киімін кию қиындау. Шариғаттан да, Тарихатты жатқа білуден де, Құранды жаттаудан да қиын ол. Себебі, иман киімін киіп алу шынымен-ақ басқа дүниеге қарағанда қиындау тиеді.

Шешініп, тәнін жартылай көрсетіп жүрген әйел затына «сен имани киім ки» - десең ол ұялады. Ол шашын көрсеткісі келеді. Дене мүшесін, сұлу белін көрсеткісі келеді. Ұятты жерінің бәрін көрсеткісі келеді. Ол кезде ұялмайды, қысылмайды. Ал «иман киімін киіп жүр»- десең «сөлпілдеп жүремін бе?»- деп ретсіз ұялады.  Бармайды, бара алмайды. Бірақ ол адам онсыз да отырып саған дұғасын оқып беріп, Құранын оқып, уақытша орамалын байлап, құдайы тамағын бергенге дайын тұрады. Бірақ киіміңді ол кимейді. Дінге қатысты кейбір дүниені жасайды. Мешітке де барады,  киімін киіп намаз оқып кете алады. Бірақ иман киімі ең бірінші Жаннатқа жол сол екенін қабылдамайды.

Ең бірінші Жаннатқа жол қыз балаға да, ер адамға да осы - Иман киімі. Алланың алдында ұялу қасиетін көтеретін киімді кию - жай киімге қарағанда қиындау. Ал, бірақ, киіп алу, киіп Жаннатқа бару оңай. Себебі біз Жаннаттан келгенбіз. Ал соны сақтайтын киім, соны білдіретін киім, иман киімі. Алла киім киюдегі қиындықты  білгеннен кейін де басқа киімдерді берді. «Беремін»- деп ескертті. Ал енді «әшекей беремін»- деген себебі де адам сайтанның көрсеткен қызығына қызығып кететінін тағы білді де, оны да берді. Бірақ Алла Иман киімін берді. Иман киімі іштегі иманыңды күшейтіп, дініңді ұстатуға, Жаннатқа апаруға жол салатындығын Алла айтып беріп тұрса да, біз кие алмаймыз. Бұл – ілім. Зорлықпен  киіндіруге болады, ұрсып, ұрып жеткізуге болады. Себебі ол иман бара-бара іштен өзі де туады, оянады. Ол адам саған ашуланғанымен, ренжігенімен, соңынан мойындау іштен туылады. Құдайдың әмірімен киген киімін өзі де шешпейді, «шеш»- десең ұялады ол кезде. Зорлықпен оны шештіре алмайсың. Алла шештірмейді. Шештіргеннің өзінде де күнәсін сен аласың. «Сен жабынбай жүр»- деп айтуға саған болмайды. Онда сен оның күнәсін арқалап аласың. «Жаннатқа бара жатқан адамға сен неге кедергі жасайсың. Сен нағыз күнәқар болдың ғой»- деген сөз.

    Иман киімін, зорлап кигізуге болады, Алланың құдіретімен иман оянады. Ол ренжігенмен ішінен ұяты оянады. Оның бірден бір себебі біз Жаннаттан шыққанбыз. Адам баласы о баста Жаннатта туған. Содан кейін оны шештіруге болмайды, оған сенің құдіретің жетпейді.

Осы ілім адамға нені әкелді - қарапайымдылықты әкелді. Жаннатты Алла беріп тұрып, Адам Атаға қандай сөз айтқанын ұқтық. Кітап беретіндігін, киім беретіндігін ұқтық.  Ештеңені білмей тұрып Жаратқан Ием адам баласының денесіне Алланы мойындауда дененің қабілеті иман киіміне қатысты екендігін Адам Атаға айтып жіберген. Ол кісі соны алып келмесе де, иманын алып келген.  Адам Ата да, Хауа Ана да сол киімімен келген. Артынан басқа киімдер де түскен. Себебі олардан ұрпақ көбейетіндігін Жаратқан Ием айтқан.  Бірақ дін келіпті! Адам баласына Иман киімі мәселесі бірінші қойылған. Сол кезде Адам Ата жерге Иман киімімен келген, бірақ кітапсыз түскен. Иманын орап алып келген. Иманын түйіп алып келген қолына.

Оның иманы өзін-өзі күшейтуге құдіреті жоқ. Бірақ Алла ескертіп тұр; «Иман киімін шешу қиын». Кию одан да қиын. Бірақ «зорлық бар»- деп тұр.  Рұқсат бар. Ондай болса ессіз балаға дер кезінде иман киімін кигізген дұрыс. Әбден есіне келген адамға үйреткеннен гөрі. Кішкентай балаға сен оны мақтап тұрып кигізіп жіберсең, сен оны өмірлік бақытты етесің. Ал оны кимеген адамды киіндіру үшін сен әлі талай қиналасың.

 «Имансыз әйелді алма»- деп Алланың айтатын себебі де сол. Тақуа мен тақуа, мүмін мен мүмін, кәпір мен кәпір, зина жасағыш пен зина жасағыш, арақ ішетін мен арақ ішетін болсын - дейтін себебі осы.

Сонымен, Иман киімі басқа кітаптардан да бірінші тұр. Себебі, кітаптан бұрын сенің денең келді ғой. Ал енді иман киімін киіп діни жолға түсуге бола ма?  Болады. Себебі Алла оны іштен туғызады. Оған Құдайдың ғана құдіреті жетеді. Иман киімді киіп жүріп-ақ, ойлану қабілетің түзеліп, ақырын-ақырын  дініңді  қабыл аласың.

Адамдардың ойлап тапқан діні - Құдайдыкі емес. Ол - сайтандыкі. Құдайдың діні біреу. Таза жол – Ислам. Сол себепті де Жаратқан Ием халықтың арасында қарсы келетіндер болатынын біліп, соларды орындамағандарға арнап дозақ дайындап қойды.

Алланы тыңдамайтындардың дозаққа баратындығы, жазасын алатындығы құранда бар. Дозақ сол кезде келді.  Бірақ Жаратқан Ием дозаққа жібермеу, жеткізбеу, мәселесін бірінші күннен қолға алып, Иман киімімен жіберді. Бірінші күн, бірінінші мезет, бірінші сағаттан-ақ, адам күнә жасай салып солай етті.  Діннен бұрын денеге Иман киімі келді. Себебі дене Жаннаттан келді.

Түрлі түсті киім адамға түрлі қасиетіне байланысты беріледі. Талдауына, мінезіне, қылығына. Бірақ сансыз адам, қаншама ұлт болса да, бәріне тұйықтап бірақ иман киімін беру мәселесін түсіну керек. Кимесең, кимей жүріп те діннің жолын ұстануға болады.  Дінді кім үйретеді? Құран үйретеді.  Дінді үйретуші - Алла. О бастан болған, ортасында да , соңында да бар, өйткені ол – мәңгі. Ондай болса дін үйретуші бізде – Жаратушы Аллам. Ол - бар, болған, мәңгілік болады. Дін - басында да ,  ортасында да, соңында да қалады. Соңғы барып жеткізер ордасы - Жәннат. Бұл ілім көкте жаратқан Жаратқан Иемнің кітапханасында жазылған.

     Рух - Иман.  Ал рух қону деген сөз иманың күшейді деген сөз. Ал Иман киімі рухты сақтайды. Иманның иесі Алла.  Алла Құранда «Мен рух бердім»- дейді.

Құранды әкелмес бұрын, пайғамбарымызға не берді? Рух берді. Жәбірейіл кім - Рух. Бұл ілімді де бүтін Иман киімі сияқты, біреу қабыл ала алады, біреу қабыл ала алмайды. «Киімде не шатағың бар, киімде не бар?»- деген шумен жүргендер сол иманын қабыл алмай қалмауы мүмкін. Елде «хиджап айқайымен» қаншама  жан иманнан айырылып отырғанын білмей отыр.

Құранда айтылған;  «Ей, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден жараттық. Сондай-ақ бір бірлеріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық» («Хұжырат» 49 – 13), деген аятқа орал. Осында хиджап бар ма, жоқ! Бірақ ұлт бар. Иман киімі о бастан бар.  Ұлт не үшін керек екенін білеміз. Ұлтты беру - Жаннатқа баратын жолды ерекше түсіндіру.  Ұлт – ерекше жол. Алла Тағаланың Жаннатқа берген жолы. Әр ұлттың ата бабасынан берген жол. Ел – ол ұлттың ерекшелігі. Ол ерекшелігін Жаратқан Ием ұрпаққа анасы мен әкесі арқылы берген. Ұлт иесі Адам Ата мен Хауа Ана балаларын дүниеге келтірген кезде, оларға Алланың бар екенін балаға білдіру үшін, өзіне тән жарасымды киім киді.

Иманды қаптап келген  ең алдымен иман киімі. Иман киімі ол қай түрде болса да жабық жүруің. Басқа ұлтқа ұқсау емес, бұл жабық жүру мәселесі. Ол әр ұлттың өз дәстүріне сай пішіп алған киімі. Айқай болып жатқан «Хиджап» деген – ол да бір ұлттың ұлттық дәстүріне сай киінуі, әйел адамының әуратын жауып, жабық жүруі. Табиғатыңа қарай ғасырлап бейімделген сенің де жабық киіммен жүру - дәстүрің. Иман киімі ол ерекше.  Иман киімі барлық халыққа ортақ.  Пішіні бір-біріне ұқсағанымен түр түсі ұқсамауы мүмкін. Бірақ  дене жабық.  Мұны адамдардың бәрі бірдей қабыл ала алмайды. Осы арада қарсы келетіндер, дінге қарсы әңгіме айтатындықтан, иман киімінің қасиеті қай жерде беріліп жатса да, ол тек Алланың әмірімен.

«Алла Тағаланың ұлт мәселесі мен имани киім туралы айтқанын дұрыс қабылдап, ұлттық дәстүріңді иман жолына бағыштап, Алланың айтқан дінін дұрыс ұстанбасаң, адами қасиеттен кетесің !  Иман киімі діни тілде - ұлттық идея. Ұлттық идеяның өзі – халықтың өзі жайлы ойлауы емес, Құдайдың халық жайлы ойлауы...».(« Ілім –ерекше ғылым»,163-173 бет, «Үш қиян» баспасы. 2017 ж.)

Дос, сен «адамдардың қандай киім киіп жүруін реттеуді – демократияның талабына қайшы келетін, тоталитарлық жүйенің белгісі, «біздің дәстүрімізде жоқ араб киімі»- деген сөзді дәлел ретінде тықпалауды қойғанымыз жөн»-  деп өзің жазғандай есептейтін болсаң, мен әр мүмінге сабақ болар «Ілім -ерекше ғылым» әліпесіндегі осы әңгімеден соң, иман киімі туралы әңгіме айту құр байбалам,  дінге жасалып отырған қиянат болар - деп есептеймін.

2.СЕН айтасың;

Деструктивті діни ағымдардың атрибуттары туралы мәселе

«...Айта кету керек, бұл заң баптары 2017 жылдың сәуірінде Шыңжан өлкесіндегі қандастарымызға арнап жасалған Қытай халық республикасының заңынан алынған сияқты. Ол жерде де ұзын сақал, қысқа балақ шалбар, т.т. кию шектеліп, керек десеңіз ондай киімді адамдардың автобустарда жүрулеріне де тиым салынған. Кеңес одағы кезінде де дінмен күрес жүргізіліп, талай қазақ азаматтарының жаназасы шығарылмай, костюм- шалбармен жерленгенін де ұмытпалық. Екіншіден, бұл бапты талқыға саларда нормативтік құқықтық актімен танысып алғанымыз дұрыс болар еді. Қандай белгілерге тиым салынғанын анықтамай жатып, жаңа бапты талқыға ұсыну – үлкен қателік».

 

2.МЕН толықтырсам;

ЕЛІМІЗДЕ - ДІН ДЕРТКЕ ШАЛДЫҚҚАН

Құқықтың тыйымға байланысты қателіктерді тізе отырып, соңында діні бөлек көрші елден көшіріп алған Заң кемшіліктерін орынды  көрсетіпсің. Мен Заң туралы әңгімені Ата заңнан бастаған болар едім. Ата заң – ел Конституциясы!

Осы Ата Заң -  әділдік тұрғыдан қарасақ кемшіліктен де құр алақан емес.  Сол кемшіліктің ең бастысы –  өзі тарих сахынасынан өшсе де, кешегі атеистік Кеңес Үкіметі кезіндегі санаға мықтап сіңіп қалған “Дін мемлекеттен бөлек!”- деген  ұранның  сол қалпы заңымызда қалып қоюы.

Ата заң – әр бабы бұлжымай орындалатын құжат.  Егер, Ата заңда көрсетілгендей мемлекет шынымен діннен бөлек болатын болса, онда бұл мемлекет өзі шығарған заңға өзі қайшы келмей, діннің ішкі жұмысына да түбегейлі араласпауы керек. Бұл заң бойынша алынып жатқан дін туралы заңдар да, мемлекет трапынан жыл сайын Әлем дін басшыларымен өткізіп жатқан құрылтайлары да заңсыз тіршілік болып шығады. Мұнан соң заңдағы; «Біз зайырлы мемлекетпіз, зайырлы мемлекет дінсіз мемлекет емес, дінді теріске шығармайды, керісінше, діни сенім бостандығы қамтамасыз етіледі»- деп жалпылама айтылатын сөз бұл заңға қабыспайды. Дін мен зайырлылық екеуі екі түрлі ұғым.  Дінді – ештеңеден жаңылмайтын Алла Тағалам, адам жаратылмай тұрып, соны тәрбиелеу үшін дайындған. Ол болмысы өзгермейтін сенім, ал зайырлылық – құбылмалы ұғым. Құбылмалы ұғым - ол еш уақытта адам ұстанар құндылықтың ең төресі мәртебелі Діннен жоғары шықпайды.

Қазір, еліміздегі дін - дертке шалдыққан. Діннің осы сырқатынан  Үкімет терроризм туралы заң қабылдаса да, экстремизм турал заң қабылдаса да  қосамжарлап Исламды дұшпан етіп көрсетуді дәстүрге айналдырды. Дін – Аллаһтың жолы, терроризм мен экстремизм – бүгінгі адамдардың тірлігі. Діннен үрейлі Үкімет Исламның қадір қасиетін өзі түсінбей табалап, таптап тастауға тырысуда. Осыны көре-біле отырып, не Республикалық мұсылмандар діни басқармасы, не дін зиялылары ауыздарын ашқан емес.  Мұның өзі елімізде Исламға қорған болар діңгегінде діні бар жандардың тапшылығын көрсетіп отыр.

Алланың әмірінсіз ештеңе болмайды және Құранда; «Менен керегіңді сұрап ал» -деп ескерткен. Өмірден өткен ата бабаларымыздың тіршілігінде тілеген дұғаларына орай оқ шығармай-ақ қол жеткізген ел егемендігі - Алланың берген сыйы. Еліміз егемендігін алғанда  атом қаруы әлеуеті жөнінен әлемдегі алғашқы төрт мемлекеттің бірі, ал  мұсылман елдері арасында осы жойқын қаруға иелік еткен тұңғыш мемлекет болды...

Дін мен дәстүр бірлестігі – өткеніміздің тарихы, болашағымыздың кепілі. Сондықтан, Ата заңда қазақты ұлт етіп қалыптастырған осы құндылықтар сақталуы керек еді. Сонда ғана біздің Ата заңымыз елдің ішкі тұрақтылығы мен мемлекет іргесінің бүтіндігін мықтап қорғайды.

 

3.СЕН айтасың;

ҮШІНШІ – мектеп формасының мәселесі

«...Тәуелсіздігімізді не үшін алдық?»- деген ой келеді. Отар болып отырған ел, сөз жоқ, өзінің үстінен қарап отырған доминант елге жалтақтап, көздері жыпылықтап отырады. Ал тәуелсіз ел, керек деп тапқан заңдарын шығарып, ол заңды қажет деп тапса кез-келген уақытта өзгерте алады. (Тәуелсіздік осы үшін де керек). Никаб пен хиджапты киіп жүру жөніндегі пікірталасқа араласқым келмейді, бірақ балиғатқа толған оқушылар үшін орамал тағу не тақия киюге тыйым салуды өз басым түсінбеймін және қолдамаймын. Дәстүрдің дінге кірген жерлері болса діннің де дәстүрге кірген жерлері бар. Орамал, тақия – бұл өзіміз айта беретін қазақтың дәстүрлі киімдері емес пе?.. Демек, орамал тағу – мектеп формасын бұзған болып табылмайды...

3.МЕН Толықтырсам;

ОРАМАЛ ТАҒУҒА БИЛІКТІҢ АРАЛАСУЫ ЖӨНСІЗ

Сен «...пікір таласқа араласқым келмейді»- деп отырып, өзіңнің осы айтылған сөзіңмен талай әңгімеге ұйтқы салып кетіп отырсың. Шынында да орамал тағу мектеп формасын бұзған болып табылмайды, ол әр  адамның өзінің ұстаным шаруасы. Орамал тағуға биліктің араласуы жөнсіз қылық. Ұят! Бұл жайлы алғашқы тақырыпта «Ілім әліппесінен» келтірілген үзіндіде діни тілмен жетерлік дәрежеде түсінікті айтылған соң, мен де өз тарапымнан  сөз айтуға тартынып отырмын. Еліміздегі жылдар бойы қалыптасқан дәстүр-салт – ол ұлттық менталитетіміздің көрінісі.  Айтарым,   дін - әл мисақтан бар. Ол – өзгермейді. Оны өзгертемін деген адамдар мен мемлекет Жаратушының қаһарына ұшырағаны Құранда айтылған.

(Жалғасы бар) 

Сәлеммен, Бақтыбай Айнабеков,

 Ілімгер-жазушы

8 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048