Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Жөн-ақ 4695 3 пікір 25 Сәуір, 2018 сағат 13:42

Орталық Азияны неге Нью-Йоркте біріктіруде?

 

 

Қазақстанның қазіргі кезеңдегі сыртқы саясатының айтулы табысы - Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелігі қызметінің негізгі басымдықтары Ұлт Лидері, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымының БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне жолдаған «Қауіпсіз, әділ және гүлденген әлем орнату үшін жаһандық әріптестікті нығайтуға Қазақстанның көзқарасы» саяси мәлімдемесінде нақты тұжырымдалғандай, Орталық Азия аймағының өзекті мәселелерін, соның ішінде көршілес Ауғанстандағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты орнату мақсатын көздейтіні мәлім.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, мұндай жауапты миссияны атқару жолында аймақтағы бауырлас мемлекеттердің саяси, қоғамдық орталарының барынша тығыз қатысуымен бірге, ықпалды бұқаралық ақпарат құралдарының тартылуының да мәні айқын. Осыны терең түсіне отырып, еліміздің Сыртқы істер министрі Қ.Әбдірахмановтың тапсыруы бойынша тиісті елшіліктердің септесуімен Нью-Йорк қаласына Орталық Азия мемлекеттерінің ықпалды бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің арнайы сапарлары ұйымдастырылған еді. Солардың қатарында болған Тәжікстан Республикасының танымал «Asia-Plus» Медиа тобының тілшісі Л.Гайсинаның сапар қорытындылары бойынша, әсіресе қазіргі күндері қазаны бұрқ-сарқ қайнап жатқан Қауіпсіздік Кеңесіндегі Қазақстанның қауырт қызметі жөніндегі    арнайы көлемді мақаласының шағымдалған мазмұнын беделді «ABAI.KZ» порталы арқылы қазақ оқырмандарының назарына ұсынуды жөн көрдік.

Біздің аймақ туралы әлемде не айтады және біз өзіміз туралы не ойлаймыз?Осымен екінші жыл біздің қазақстандық көршілеріміз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде тұрақты емес мүше ретінде қатысып келеді; осы сәттен бастап Нью-Йоркте Орталық Азия аймағы туралы салмақты түрде айта бастады.

«Қауіпсіздік Кеңесінде әдетте қалай? Оқиғалардың өрбуінің үш нұсқасы бар: бірінші – сіз отырасыз, үндемейсіз, сөйтіп ешкіммен қарым-қатынасыңызды бұзбайсыз; екінші – сіз сөйлейсіз де, бәрімен қарым-қатынасыңызды бұзасыз; үшінші – сіз сөйлейсіз, бірақ ешкіммен қарым-қатынасыңызды бұзбайсыз. Соңғысы – ең қиыны, міне, біз соны таңдадық», - дейді Қазақстанның БҰҰ-дағы өкілі Қайрат Омаров. Дәл осы күндері Кеңесте Сирияға химиялық шабуылдың болған-болмағаны жөнінде қызу айқас жүріп жатқан. АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Ресей бірін-бірі аяусыз сойып салып жатты; Қытай барынша ұстамдық танытты. Кеңестің тұрақты емес 10 мүшесінің - бірі Батысты, бірі Ресейді жақтап шықты. Қазақстан ғана өзіндік жолымен жүріп, ешқандай тараптың ақтаушысы болмайтынын, осынау болжамды оқиғаны толық әрі тиянақты зерттеу қажеттігін, содан кейін ғана қорытындылар жасауға болатынын мәлімдеді».

Әрине, ол «болжамды оқиғаны» зерттеуге ақыры ешкім кіріскен де жоқ. Бұдан кейін не болғаны жөнінде аузы бостардың бәрі көпіргені белгілі, алайда Қазақстанның ұстанымы бөлек тұрды.

Ауғанстан – қауіпсіздікке қатер емес, керісінше, тиімді әріптес

 Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде екінші және соңғы жылғы қызметінде. Қазір тұрақты өкілдікте 22 дипломат еңбек етеді. Салыстыру үшін: Өзбекстан өкілдігінде – үш маман, Тәжікстаннан – екі. Кеңеске мүшелік аяқталғанда, дипломаттар саны да бірден қысқартылады. Бірақ, ҚК мүшелеріне жүктелетін аса ауқымды жұмысты атқарып шығу үшін  қазіргі мамандар санының өзі аздық етуде.

Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмыс кестесі өте қатаң – отырыстар, брифингтер. Үндемей қалуға болмайды, әрбір дауыс белгілі, ал барша әлемге өз ұстанымдарыңды жеткізу үшін күрделі жұмыстар жүргізіледі. Отырыстар кейде санаулы сағаттар қалғанда жарияланады, сондықтан әрдайым дайын болу қажет.

Қ.Омаровтың айтуынша, Қазақстан Кеңесте мүшелігі кезінде өзінің ғана емес, бүкіл аймақтың мүддесін білдіруде. Оған қоса Орталық Азия мұнда бес емес, алты елдің шекарасында, яғни Ауғанстанды бірге алып  қарастырылады. Қазақстан бұл елден қауіпсіздікке қатерді емес, тиімді әріптесті көреді, яғни  Ауғанстан мәселелерін үш қағидатқа сүйене отырып шешуді ұсынады.

Бірінші – қауіпсіздік пен дамудың өзара байланысы.

Ауғанстан үшін Орталық Азия – орасан мүмкіндік. Өзара ықпалдастық орнаған кезде адамдар қолына қару алмайды, -  деп түсіндірді Қ.Омаров. Біздің әр республиканың Ауғанстанға сататыны жеткілікті. Біз Ауғанстаннан өз мәселелерін өздері шешсін деп, іргемізді бөлек салуға тырыстық, бірақ мұндай жолдың нәтижесіздігіне әбден көзіміз жетті.

Екінші қағидат ретінде дипломат Ауған мәселесін шешуге аймақтық көзқарасты атады. Қауіпсіздік бүгінде бір мемлекеттің көлемімен шектелмейді, сондықтан бірлескен күш-жігерді талап етеді.

Үшінші қағидат халықаралық ізгілік көмектің барған сайын азайып бара жатуы - БҰҰ құрылымдары тарапынан өзара бәсекелестікті емес, үйлескен, кешенді және аймақтық даму стратегиясын қажет етеді.

Қазақстанның пікірінше, мұндай ұстаным БҰҰ агенттіктері мен бағдарламаларының жетілген ықпалдастығы мен үйлесімділігіне алып келеді, әрі ұйым қызметінің тиімділігі мен қаражатты үнемдеуге септеседі.

ДАИШ пен «Талибанның» айырмашылығы қандай?

 Ауғанстанның Тұрақты өкілі Махмуд Сайқал орталықазиялық делегациямен кездесу барысында сарапшыларды бірден түзетті.

Біз С5 (Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан) емес, С6 деп айтуды жөн санаймыз, өйткені Ауғанстан да Орталық Азияның бір бөлігі болып табылады, - деп түсіндірді дипломат, бүгінгі АИР – ол Орталық-Азиялық аймақ. Біз өзімізді сіздердің бауырларыңызбыз деп санаймыз, тізе қосып қызмет етеміз, әрі Қазақстанның ұйымдастыруымен жүзеге асырылған Қауіпсіздік Кеңесінің Ауғанстанға сапары бізге орасан көмек болды.

Қазақстанның бастамасымен атқарылған бұл сапар 2018 жылғы ақпанда өтіп, ҚК мүшелері бар шындықты өз көздерімен көру мақсатын көздеген еді. Кеңеске мүше 15 мемлекеттің бұл сапарға баруға тек қана 11-і келіскен, соның ішінде АҚШ өкілі болды. Дипломаттардың бұл елде болуы кезінде мемлекеттік және азаматтық саланың 120 өкілімен кездесулері өткізілді. Айта кетерлігі, 2010 жылдан бері мұндай сапар бірінші рет ұйымдастырылды. Сапар қорытындылары бойынша БҰҰ арнайы хабарлама дайындап, онда: «Ауғанстан мен көршілес елдер, соның ішінде Орталық Азия мемлекеттерінің экономикаларын, аймақтық инфрақұрылымдық, сауда, инвестициялық, көлік, транзиттік жобаларды жүзеге асыру жолдарымен ықпалдастыру аса маңызды», - деп бекітті.

Ауғандық өкілдің айтуынша, оның елі мұндай ынтымақтастыққа аса зәру, және қазірдің өзінде республикалармен орнатылған байланыстарды жоғары бағалайды. Әсіресе Қазақстан мен Өзбекстанның Ауған жастарына тегін студенттік квота ұсынып отырған көмегіне ризашылығын білдірді.

Осы кездесуде М.Сайқал Ауған үкіметі «Талибанмен» келіссөздер жүргізудің мәнін көріп отырмағанын білдірді, өйткені бұл топ сырттан қаржыландырылады, сондықтан өз бетінше ешқандай шешім қабылдай алмайды. ДАИШ туралы айтқанда, Ауған дипломатының сөзінше, республикада бұл топтан екі мыңнан аспайтын терроршылар ғана болуы мүмкін.

- Біздің аумағымызда ДАИШ-тің терроршылары одан көп дейді, бірақ олай емес. «Талибан» қозғалысы ДАИШ-пен күресетіндігі үшін пайдалы дейтін пікірлер бар. Бірақ Ауғанстанға барып, сонда тұратын адамдардан сұрап көріңіз, олардың ДАИШ пен «Талибан» арасындағы айырманы көруі екіталай, олар сізге беретін жауабы: аналар да, мыналар да біздерді өлтіруде  және біздің еліміздің түбіне жетуде, - дейді дипломат.

Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне қатысуы –  аймақтың ортақ табысы

Өзбекстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты Өкілдігінің басшысы Бахтиёр Ибрагимов ресми Ташкент Орталық Азия елдерін өзінің басымдығы санайтындығын атап өтті.

- Өзбекстанның сыртқы саудасының 10 пайызы ғана орталықазиялық елдерімен болған, бірақ біз өзге тараптардан ұмтылысты байқаудамыз, мысалы, соңғы жылы біз аймақ елдерімен сауда айналымын 20 пайызға көтере алдық, - дейді Ибрагимов. Өзбекстан аймақ республикаларының үш тұғырға негізделген әріптестігін көреді – аймақтық қауіпсіздік, экологиялық және экономикалық даму. Оның сөзінше, ынтымақтастықтың барлық үш бағыты бойынша Өзбекстан прогрессті сезінуде.

Сонымен бірге, қазіргі уақытта Орталық Азия халықаралық сахнада үлкен қызығушылық туғызуда, ал Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне қатысуы аймаққа жағымды көзқарасты қалыптастыруда.

- Қазақстанның БҰҰ ҚК-не тұрақты емес мүшелігі бүкіл аймақтың табысы деп санаймыз, - дейді өзбек дипломаты.

Орталық Азияның кейінгі жылдары әлемдегі беделінің өскендігі жөнінде Қырғызстанның Тұрақты өкілі Миргуль Молдоисаева да атап кетті. Оның ойынша, басқалармен бірге мұның нақты дәлелдерінің бірі БҰҰ Бас Хатшысы Антониу Гутеррештің біздің республикаларға былтырғы жылғы сапарын келтіруге болады.

- Дегенмен, егер бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білсек, өзіміздің мәртебе-беделімізді біз өзіміз ғана дәлелдей аламыз, - деп тұжырымдады қырғыз дипломаты.

«АП» редакциясы ҚР Сыртқы істер министрлігіне және Қазақстанның Тәжікстандағы Елшілігіне АҚШ-қа сапарды ұйымдастырғаны үшін алғысын білдіреді.

 Мұхтар Кәрібай

Душанбе

Арнайы Abai.kz ақпараттық порталы үшін

3 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052