Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Жағымды жаңалық 5546 2 пікір 30 Сәуір, 2018 сағат 11:26

ОА-да инвестициялардың 70%-дан астамы Қазақстанның үлесіне тиесілі — Ж. Қасымбек

Бұл министр Жеңіс Қасымбектің дерегі. Бұл жайлы primeminister.kz сайты хабарлады.

Өткен жылы ҚР Үкіметі Дүниежүзілік банкпен бірлесіп 2018–2022 жылдарға арналған Ұлттық инвестициялық стратегияны әзірледі.

Бұл Стратегияның негізгі міндеті — тікелей шетелдік инвестициялардың салыну көлемін ұлғайту. Стратегия аясында жаңа инвесторларды тартуға ғана емес, сонымен қатар жұмыс істеп жүрген инвесторларды ұстап тұруға және оларды қайта инвестиция салуға ынталандыруға баса назар аударылатынын атап өткен жөн.

Сондай-ақ, экономикалық мүмкіндіктерді ескере отырып, инвестицияларды тартуға 36 әлеуетті ел анықталды, оның 11 басымдыққа ие, соның ішінде Франция да бар. Бұл елдер бүкіл әлем бойынша инвестициялар мен жаңа технологиялардың донорлары саналады. Осы басым елдердің әрқайсысымен жұмыс істеу үшін ҚР СІМ-мен бірлесе отырып, іс-қимылдардың жеке тәсілі мен нақты жоспары әзірленетін болады.

Министр Мемлекет басшысы әлемнің аса дамыған 30 елінің қатарына кіру туралы тапсырма бергенін атап өтті. Осы мақсатқа жету үшін Қазақстанда инвестицияларды тартудың қолайлы жағдайлары жасалып жатыр.

Нақты жұмыс туралы айта келіп, Ж. Қасымбек елімізде өткізіліп жатқан маңызды жүйелі іс-шараларға назар аударды. Мәселен, шетелдік өкілдер мен өңірлік бөлімшелер желісімен Кazakh Invest инвестициялар жөніндегі ұлттық компаниясы сәтті жұмыс істеуде. Кazakh Invest мақсатты ТҰК және ірі компаниялармен Үкімет атынан «бірыңғай келіссөз жүргізуші» ретінде қызмет атқарады.

Инвесторларға кедендік баж салығынан босату, салықтық жеңілдіктер, салықтық демалыстар, заттай гранттар және т.б. секілді жеңілдіктер ұсынылады.

Қазақстанда әртүрлі салалық бағыттары бар 11 арнайы экономикалық аймақ және 22 индустриялық аймақ бар. АЭА қатысушыларына «бір терезе» қағидаты бойынша жеңілдіктер мен қызметтер пакеті ұсынылады. Индустриялық аймақтардың қатысушыларына мемлекет барлық қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз етеді.

Қазіргі таңда Қазақстанда ірі мемлекеттік кәсіпорындарды жекешелендіру бойынша ауқымды науқан жүргізіліп жатыр. Сатуға шамамен 800-ге жуық актив ұсынылды. Бұл тау-кен өнеркәсібі және металлургия, мұнай-газ саласы, энергетика, көлік және байланыс, инфрақұрылым және т.б. компаниялардағы акциялар.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік қағидаттары бойынша тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, денсаулық сақтау, автокөлік жолдары мен теміржол құрылысы саласында жобалар іске асырылуда.

Жеңіс Қасымбектің айтуынша, Қазақстан да Франция секілді аграрлық секторға ерекше көңіл бөледі. Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы іске асырылуда. Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауына сәйкес, «Made in Kazakhstan» бренді экологиялық таза өнімдер эталоны, ал аграрлық сектор — экономиканың жаңа драйвері болуы керек.

Бұдан өзге, Қазақстанда ЭЫДҰ ұсыныстарын ескере отырып, Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы жаңа Кодекс әзірленді, ол 2018 жылдың шілде айынан бастап күшіне енеді. Кодекстің қабылдануымен шешілетін басты мәселелердің бірі — «бірінші келген – бірінші алады» қағидатын қолдану. Осыған байланысты Ж. Қасымбек француз компанияларына жер қойнауын пайдалану саласындағы жаңа мүмкіндіктерге қатысуға асығуға кеңес берді.

«Біз мыс, алтын, қорғасын, мырыш және басқа да металдарды геологиялық барлау саласындағы жобаларды іске асыру үшін инвесторлармен жұмысты одан әрі жалғастыруға дайынбыз, сондай-ақ ынтымақтастық үшін бос кен орындарын ұсынуға әзірміз», — деді министр.

Ж. Қасымбек қатысушыларға осы жылдың маусым айында «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» ҚР Заңына сәйкес жер қойнауын пайдалану құқығын беру туралы аукцион өткізу жоспарда бар екенін мәлімдеді. Барлығы 69 жер қойнауы телімі дайындалды, оның 5-і — өндіруге және 64 — барлауға арналған.

Бұдан өзге, министр Еуразияның жүрегінде, Еуропа мен Қытай арасында орналасқан Қазақстанның тиімді географиялық орналасуына тоқталды. Қазақстаннан 2 мың шақырым радиуста 500 млн астам адам өмір сүреді. Бұдан өзге, Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа мүшелігі 180 млн-нан астам тұтынушысы бар Одақтың ортақ нарығын ашады.

Қазіргі таңда Еуразиялық трансқұрлықтық дәліздердің жаңа архитектурасын қалыптастыру жөнінде жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Көлік саласындағы басты міндет — 2020 жылға қарай транзиттен түсетін жыл сайынғы кірістерді $5 млрд дейін арттыру. Жалпы алғанда 2017 жылы Қазақстан арқылы өткен жүк транзиті шамамен 17 млн тоннаны құрады.

Жыл сайын Қазақстан арқылы Қытай мен Еуропа арасындағы контейнерлік тасымалдардың екі есеге артуы байқалады, бұл осы бағдардың маңыздылығын растайды.

ҚР транзиттік әлеуетін ескере отырып, 2015 жылы «Нұрлы Жол» жаңа экономикалық саясаты мен «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бастамаларының түйіндесуі бойынша ынтымақтастық жоспарына қол қойылды, Қазақстан мен Қытайдың көліктік-логистикалық инфрақұрылымын біріктіру процесі белсенді түрде жалғасуда.

Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда Ляньюньган теңіз портындағы Қазақстан-Қытай терминалы мен «Қорғас» АЭА құрғақ порты секілді бірлескен инфрақұрылымдық жобалар өңірлік хабтар болып саналады және Қазақстан аумағы арқылы транспорттың барлық түрі бойынша Қытайдан Еуропаға экспорттық-импорттық және транзиттік тасымалдар көрсеткіштерінің тұрақты өсімін қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар, Ж. Қасымбек бүгінгі таңда «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі әзірленіп жатқанын, оның 2787 шақырымы Қазақстан аумағы арқылы өтетініне, бұл жүктерді тасымалдау уақытын едәуір қысқартатынына назар аударды.

«Орталық Азиядағы инвестициялардың 70%-дан астамы Қазақстанның үлесіне тиесілі, бұл еліміздің шетелдік инвесторлар үшін тартымдылығының жоғары екенін көрсетеді. Осы қарқынмен жұмысты жалғастыруға дайынбыз», — деді Ж. Қасымбек, француздық әріптестерді Қазақстанның дамушы экономикасына батыл қадаммен инвестиция салуға шақыра отырып.

Анықтама: 2018 жылдың 26 сәуірінде өткен Форум аясында ҚР ИДМ мен Францияның СӨП арасында өзара түсіністік және нәтижелі ынтымақтастықты кеңейту туралы меморандумға қол қойылды.

Меморандум Қазақстан мен Франциядағы бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызды тетігіне айналады, тығыз коммерциялық байланыстарды дамытуға, екіжақты инвестициялар көлемін ұлғайту мен технологиялар трансфертін дамытуға негіз болады.

Құжат аясында инвестициялық жобаларды іске асыру үшін мемлекеттік қолдау көрсету мәселелері, сондай-ақ әлеуетті іскерлік серіктестер (Қазақстан мен Франция компаниялары) туралы ақпаратты қоса алғанда, халықаралық сауда жөніндегі ақпаратпен алмасу, талдамалық шолулар, маркетингтік зерттеулер жасау және мемлекеттік реттеу шаралары туралы ақпаратпен алмасу көзделген.

Тараптар екі елдің экономикалық саясатының басым бағыттары бойынша өзара іс-қимыл жасауға келісті. Алдын ала экономиканың басымдықты секторлары анықталды, оларды дамытуға екі елдің күш-жігері жұмсалады.

Басым секторлар қатарында: азық-түлік өнімдерін, фармацевтикалық өнімдерді, қағаз және қағаз өнімдерін, компьютерлерді, электронды және оптикалық өнімдерді, көлік құралдарын шығару, сондай-ақ денсаулық сақтау, білім беру, металлургия өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, инновациялар және АT, туризм, химия өнеркәсібі өнімдерін шығару, машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру, мұнай, газ және т.б салалардағы қызметтер.

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036