Жұма, 26 Сәуір 2024
Алашорда 10802 13 пікір 21 Мамыр, 2018 сағат 09:23

Біз қазір "қуыршақ" республика емеспіз! Ақтаңдақтардың әділ бағасын алар кез келді

ҮН ҚОСУ

«Жаңа Қазақстан» форумының бастамасына орай

«Жаңа Қазақстан» форумының «Қазақтарға жасалған геноцидті мойындау туралы меморандум» атты құжатымен («Общественная позиция», 17 мамыр 2018 ж., 18-б.) таныса келе, көтеріліп отырған мәселенің өте орындылығын, тәуелсіздіктің алғашқы жылында еліміздің  Жоғарғы Кеңесі құрған комиссияның қорытындыларында ХХ ғасырдың 30-шы жылдарындағы советтік реформаның солақайлықтары салдарын геноцид ретінде  бағаланған тұжырымды ресми мойындаудың уақыты әлдеқашан келгенін айта отырып, әрі Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу күні (31 мамыр) тақалғанын және ұлттық апатқа бастау болған құжатқа – Қазақ Советтік Социалистік Республикасы үкіметінің Жартыфеодалдар мал-мүлкін тәркілеу туралы декретіне 90  жыл толатынын ескере келе,  мәселенің өзектілігі жайында қағаз және электронды БАҚ беттерінде әр жылдарда жарияланған материалдардың бірқатарын өзіндік публицистикалық хроника іспетті топтап, оқырмандар назарына қайта ұсынғанды орынды көріп отырмыз.  

1. «АҚТАҢДАҚТАР» КЕТІРІЛУГЕ ТИІС

Жаңаша ойлау және қайта құру ақыл-ой, сана, рух бостандығына қол жеткізді. Жариялылық жалауын желбіретті. Еркін пікірлесуге жағдай жасады. Ал осынау соны да ғаламат ахуалдың ең айтулы жемісі сол – біз тарихымыздың ұмыттырылған тұстарына тімтіне назар салып, көмескі тартқан беттерін күмілжімей, күбежектемей, ашық та батыл оқи бастадық. Тарихтың «ақтаңдақтармеп» алабажақтануы сталинизм салдарынан екеніне қазір ешкім күдіктенбейді. Ал сталинизм бүгінгі таңда марксизм-ленинизмніц тұрпайы түрде бұрмаланған бұтағы ретінде біржолата айыпталып отыр. Бұл орайда алға тартылар зор міндеттің бірі –ғұмырнамамыздағы алабажақ бояма-таңбалардың бәрін тезірек кетіруге тырысу. «Ақтаңдақтар» жапқан жолдарды тазартудан тек қана тамырымыз бекіп, қуаттана, байи түсетінімізге көзіміз әлдеқашан жеткен, ендеше бұл істің шапшаңырақ ілгерілеуіне баршамыз да мүдделі болсақ керек. Біз шын мәнінде егемендігі қамтамасыз етілген, тыныс-тіршілігінің бәрі правоға негізделген мемлекеттер одағын құру жолындамыз. Ал егеменді мемлекеттің толыққанды тарихы болуға тиіс. Егемендікке жеткен республика азаматы сол шыншыл, бүкпесіз тарихпен, кей реттерде жеңісінен жеңілісі көп, қуанышынан қайғысы басым, есесіне өз тағдыры болып табылатын әділ тарихпен тәрбиеленуі шарт.

Әділ тарихты қалпына келтіру жолында қалам қайраткерлері мен
ғалымдардың едәуір тер төгіп келе жатқаны белгілі. Дегенмен, терең
пайымдауды тілейтін тұстар әлі де баршылық. Республикапың жетпіс
жылдық мерейтойы үстінде олардың кейбірін атай кету артықтық етпес,
өйткені алда мүлде жаңа міндеттер тұр ғой... Қайта кұру жылдарының рухани өмірімізге зор сілкініс әкелгені дау туғызбайды. Сталиндік жаппай жазалау науқандарының жазықсыз құрбандары аруағын ардақтау, адал есімдерін қалпына келтіру жөнінде бірқыдыру шаруа тындырылуда.                    1932    жылғы алапат аштық туралы да аз айтылып жүрген жоқ, алайда сол қасіретті белеске әлі ресми саяси баға беруді қолға алар емеспіз. Бүгіндері сол ашаршылықтың қолдан ұйымдастырылып, көшпелілерді жойылуға душар еткен жауыздық науқан боп шыққанына күмәнданатындар аз, себебі оны дәлелдейтін құжаттар шаш-етектен...

Егер Россия Федерациясының құрамында 1918 жылы Түркістан автономиясының, 1920 жылы Қазақ Автономиясының шаңырақ көтерулері сан мыңдаған адам өмірін әкеткен аштық нәубетімен орайласқанын еске алсақ – деректерге қарағанда 1917–1918 жылдары Түркістанда 1.140.000 кісі аштан өлген (М. Шоқаевтан), 1920–1921 жылдары Қазақ АССР-інің қазіргі оңтүстік облыстарды қоспағандағы аймағында 2 миллион кісі аштыққа ұшырап, оның жартысы дүниеден көшкен  – екі өлкедегі жер-суы мен халқы біріккен Қазақстанда отызыншы жылдарғы қазақ халқының жартысы қырылған сұмдықты Сталин-Голощекин геноциді деп атамасқа шараң қалмайды. Республика парламенті назар аударарлық-ақ іс бұл: болашақ үшін, ар алдындағы адалдық үшін – сталинизмнің сонау сорақы сойқанына лағынет айтар қаралы естелік белгі қою арқылы, Зерде кітабын жазу арқылы айыптауға мұрындық болуды халық қалаулылары борышына баласа екен деген тілегіміз бар. «Әлдебір іс-әрекет күрделі пайымдау келтіріліп түсіндірілер болса – ондай іс-әрекеттің харамдығына сене бер, – ар шешімі тура да қарапайым келеді». – Лев Николаевич Толстой сынды ой алыбының осы сөзі «ақтаңдақтармен» шұғылданатын әркімнің жадында жүргені жөн.

Ұзақ   жылдарға    созылған    бұрмалаулар,    бұра   тартулар, бұлталақтаулардан кейін тарихшылар, ақыры, әйгілі Алашорданың ұлтшыл ұйым еместігін мойындады. Оған да шүкір.  1917 жылғы желтоқсанда өткен Жалпықазақ құрылтайында айрықша көңіл аударарлық бірер жәйт бар. Делегаттар құрылтайға Астраханнан Ферганаға, Сібірден Алатауға дейін қазақ жайлаған өлкенің бәрінен келді. Яғни, бұл қазақ жерін бір автономиялық мемлекетке біріктіруді мағлұм еткен тұңғыш өкілетті өкілдер жиналысы болған еді. Съезд сайлаған Халық Кеңесі қазақ арасында қоян-қолтық өмір сүріп отырған өзге ұлттар өкілдері үшін өз құрамынан он орын тағайындаған-ды... Қазақ жерін біріктіру ісі осы құрылтайшылар саяси аренадан қуылған соң араға пәлен жыл салып барып (1920 жылы іргетасы қаланғанда – қазіргі республикамыздың қарамағында екі-ақ облыс кірген-тін), 1925 жылы жүзеге асырылды. Кәдімгі қазақтың жаналғышы болған Голощекин өзін «қазақ жерін жиыстырушы» етіп жариялады...

Түркістанда  жүргізілген  ұлттық-территориялық межелеуді, шындығында да, жан-жақты зерттеген жөн. Межелеу комиссиясының материалдары мен    құжаттарынан талай пайдалы мағлұмат алуға болар еді. Орта Азиядағы қазақ облыстары жері мен халқының саны жағынан 1924 жылы сонда шаңырақ көтерген басқа ұлттық-территориялық түзілімдерден кем түспейтін-ді. Әйтсе де оларды терістігіндегі  автономиялық республикаға жай ғана қоса салумен шектеуі калай? Түркістандық бөлігі қосылған соң, қазіргі көлемінен де зорайган (Қарақалпақ елімен бірге) Қазақстан неліктен сол 1924 жылы Өзбекстан, Түркіменстан қатарында одақтық республика дәрежесіне көтерілмей, Россиядағы қалпы қалып қойды? Неліктен ол әдейі ұйымдастырылған аштық саясатынан шаңырағы ортаға түсуге тақалғанда ғана одақтық республика тәжін киді? Бұл өзі Сталиннің әлем жұртшылығын алдаусыратуға бағытталған кезекті айласы емес пе екен? Әлде зобалаң сырын өзінен де, өзгеден де жасырып, қылмысын іштей жуып-шайғаны ма? Сталин орнатқан тоталитарлық режим неліктен көп ретте патшалық жүйенің мақсаттарымен сабақтас саясат жүргізді?

Патша «бұратаналарды» империяның орыс тектес азаматына айналдыру үшін мектептерге кириллицаны енгізді; «орыс армиясын әлсіретпеу» мақсатында – әскерге шақырылатындарды орысшаға жақсы үйренсін деп пәрмен берді; аға халық образын барынша уағыздап, бекем орнықтыруды көздеді; цивилизаторлық желеумен, шет аймақтарға қоныс аудару саясатын кеңінен жүргізді. Басқа халықтарға қарсы бағытталған осы әрекеттердің баршасына Ұлы Октябрь тосқауыл қойған еді, алайда сталинизм соларды түгелге жуық тірілтті де, түсін бояп, қайта іске қосты. Не себепті? Неліктен Сталин ұлттық мемлекеттердің лениндік Одағын емес, монархияшылар аңсаған «біртұтас және бөлінбес» унитарлық жалғыз мемлекет орнатты?

Осыларды, басқа да толып жатқан «ақтаңдақтар» сырын егемен жұмхұриат азаматы жақсы білуге тиіс. Әлдекімдерге кінә арту үшін емес,  қиын-қыстаулы тарихымызды түсіну үшін, болашаққа сеніммен беттеу үшін білу қажет.                                                                                     5 қазан 1990 ж.

(«Әділет» туымен ширек ғасыр. Публицистикалық хроника. – Алматы: «Абзал-Ай», 2014 ж. – 14–16-бб.)

 

2. ҚАСІРЕТТІ ҰМЫТПА!

31 мамыр Нәубет құрбандарын еске түсіру күні

Қазақ халқының тарихында қаралы нәубет боп жазылған ашаршылық жылдарының қасіреті өткеніне қастерлі көзқараспен қарайтын, одан салиқалы ой түйетін адамдардың есінен ешқашан кетпейді. Тұтас бір елдің тағдырына қиянат жасаған империялық сұрқия саясаттың бұл қанды тәсілі талай шаңырақты құлатып, талай адамның обалын аяққа басып, қазақ даласында   тігерге   тұяқ қалдырмастай апат әкелді. Әрине, халық қасіреті ұмытылмайды. Оны есті ұрпағы есіне түсіріп, келер күндерде осындай зобалаңның қайталанбауына ескерткіш-белгілерін орнатады. Соның бірі – арнаулы қаулымен 31 мамырдың қаралы күн болып белгіленуі. Нәубет күніне орай, тарихымыздың беттерін түгендеуге байыпты үлес косып келе жатқан «Әділет» ерікті тарихи-ағарту қоғамының басқарма мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, жазушы Бейбіт Орынбекұлы Қойшыбай-ұрпағымен кездесіп, сұхбаттасқан едік.

– Беке, халқымызға адам айтқысыз қасірет әкелген, елді есінен тандырып, рухани мешелдікке жеткізіп, бүкіл бір адамзат ұрпағын жер бетінен жойып жіберуге жеткізе жаздаған ашаршылық трагедиясы қолдан ұйымдастырылған қиянат сияқты...

– Иә, қолдан жасалған, әбден ойластырылған озбыр саясаттан туған обырлық. Қанішерліктін бір түрі, тоталитарлык жүйенің мақсатынан болған зұлымдық әрекет екені қазір дәлелденіп те жатыр, жазылып та, айтылып та жүр. Ашаршылыктың мәніне тереңірек үңілетін болсақ, оның бәрі үстемдік ету пиғылында жатыр. Тіпті айта берсек, коллективтендіру кезіне дейінгі 1917–1918 жылдарда болған оспадар өктемдік те кінәлі. Қазақтың қолындағы малын тартып алып, аш-жалаңаш қалдырды. Ел тоз-тоз болды, адам өлімі орын алды. Бұл жағдай осы уақыттарда оңтүстік аймақта – Түркістанда аса қатал өтті. Міне, большевизмнің осындай да кешірілмес күнәсі бар. Бұл жайында Мұстафа Шоқайдың кітабында жақсы жазылған. Ал, 1920–1921 жылдарда Қазақстанда да аштық болды. Ол орталық, батыс, солтүстік өңірлерімізді қамтыды. Орынбор, Омбыларға дейін жетті, халықты титықтатып, қалжыратты. Үшінші, жаппай келген Қазақстан халқын қырғынға ұшыратқан 1931–1933 жылдардағы алапат нәубет болды. Сталинизмнің қанды-қол тоталитарлық жүйесінің асқына түскенін көрсетіп, ол ақыр аяғы 1937–1939 жылдардағы    репрессияға жетті.

– Ал, осы қасіреттердің ел басына түскен қиыншылығы, зардабы көп қой. Тарих ғылымында айтылып жүргеніндей, бір уақытта жасалған осындай кесапаттардын залал-зардабын ұрпақтары да тартады екен. «Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген» деп ақын айтқандай, осы ауыртпалықтар ұрпақтар иығына салмақ боп түседі, яғни, елдің даму жолына талай кедергі болады дегендей..

– Әрине, бұл үлкен өкініш, бірақ уақытты кері қайтара алмайсың! Ал, зардаптарын еске алар болсаң, орны толмас халық қасіреті. Сол кезде қырылған казағымыз аман болғанда, қанша ұрпақ дүниеге келетін еді. Сан жағымыздан талай елдермен терезе теңестіреріміз әбден мүмкін болатын. Содан келіп тұтас еліміз өзінің қажырлы еңбегімен, күш-қуатымен өркениетті мемлекеттермен иықтасып отырғандығымызды көрген   болар едік. Сталинизмнің сұрқия саясатынан ашаршылыққа ұшырап, халық қырылды, репрессиядан да қырылды. Жеріміз бос қалды. Оған берідегі Хрущевтің жасаған тың игеру трагедиясы жалғасты. Бұны да империялык көзқарастан болған қанды шеңгелдің зардабы екенін айта кетуіміз керек. Алдымен қазақтарды қырып-қырып алды да, босаған жерлерге «тың игереміз» деген жалған ұранмен келімсектерді әкеп төкті. Ал қазір сол уақытта келгендер, негізінен орыстар, өздерінің саясаттың қолшоқпарлары болып келгендіктерін түсінулері керек. Басқа халықтың есебінен бақытты болуға болмайтындықтарын аңғарғандары абзал. Сондықтан да олар біздің тілімізге, дінімізге құрметпен қараулары керек. Жалаң интернационализмге алданғандықты біліп, тойғандарына мәз болмаулары оларға сын.

Кешеге дейін интернационализм идеясының өркен жаюы деп, басқа ұлт болса да төбеге көтеріп келген жоқпыз ба? Әлгі Хрущев «жылқының еті мен шошқаның етін қосып шұжық жасасақ – интернационализм сол» деп көкіді емес пе? Асығыс жасалған әрекет әрдайым абырой әпермейді. Түптің түбінде кімнің кім екенін түсінетін уакыт болады. Алдымен әркім өзін-өзі түсіне білсе, сол арқылы саналы істерге құлаш ұрсақ қана    табыска     жетеміз. Біз ешкімге кет демейміз, бауырға тартамыз, бірақ олардың да бізді түсінуін қалаймыз. Бәріне кінәлі – әріден басталған үстемдік пиғыл, соны іске асыру үшін жасалған саясат. Саясат кұрбанына айналғандар өздерінің алданғанын сезетін, сезінетін   уақыт   келеді.

– Беке, арнаулы ұйғарыммен 31 мамыр қазақ үшін қаралы күн деп жарияланды. Бірақ дәл қазіргі қам-қарекетімізге қарағанда – самарқаулық байқалады...

– Иә, самарқаулық бар. Біз өзі көбіне партияның ұранына қарап әрекет етуге бейімделіп қалған халықпыз ғой. Содан әлі түпкілікті арыла алмай жатырмыз. Біреу бастамаса,   айтамыз да,    іске кірісуде жалтақтау, шабандау екеніміз белгілі. Әйтпесе, ел басына қасірет әкелген зар заманның зұлматын ешкім де ұмыта алмайды. Қазіргі қоғамымыз бен экономикамызда болып жатқан өзгерістерден де болар, азаматтық белсенділігіміз баяулау. Оның үстіне тарихымыздың осындай қысылтаяң тұстарын көрсетіп, ақтаңдақтарын ашуда да, дәйектемелерін жинақтауда да, «ура-патриотизм», «интернационализм» тәрбиесінде болған кейбір тарихшы ғалымдарымыз жаңарып кете алмай жатыр. Бірақ өткенімізге саналы, салмакты қарауға жол ашылды, тәуелсіздік алдық, енді бәрі дұрысталатын шығар.

– «Әділет» ерікті тарихи-ағарту қоғамы зұлмат жылдарына байланысты қандай жұмыстар   істеуде?

– «Әділет» қоғамының жоспарындағы бір тармақ осы ашаршылыққа арналған болатын. Бұл тараптарда да біраз жұмыстар істелді. Газет-журналдарда мақалалар шықты, оған көбінесе қоғам мүшелері атсалысып, атқарылар істерге мұрындық болды. Жалпы, бұл халық боп жұмылып, жүзеге асыратын шара болып табылады. Өткенімізге бей-жай қарамайтын әрбір саналы ұрпақ бұдан бейтарап калмауы керек. Жазушы, ақындарымыз бен белсенді ғалымдарымыз да қал-қадерінше кітаптар жазып, әрекеттер жасап жатыр ғой. Әрине, істелген іске қанағат етіп, тоқмейілсуге болмайды. Себебі, әлі тарихымыздың ашылмаған ақтаңдақтары көп, сол олқылықтың орнын толтыру – бәріміздің міндетіміз. Тағы бір қатты еске тұтатын нәрсеміз – осындай нәубетті уақыттар туралы жазғанда да, оған белгілі күнді атағанда да жеңілтектікке берілмей, яғни, өтпелі жеңіл-желпі жиын деп қарамай, салмақты, салиқалы істер атқаруымыз керек. Өйткені, олар «өтті-кетті» дейтін жай жұмыс емес, халық қасіретін түсініп, біліп, оған қайғыра отырып, келешекте сондай апаттарға жол бермеуге, өмір тәжірибесінен сабақ алуға тәрбиелейтін адами әрекет болуға тиісті. Қазақ тарихындағы бұл зұлмат жылдар әрдайым есте сақталатын болуы керек. Қазір барлық шындықты айтатын күн туды деп есептеймін. Бұрынғы тарих оқулықтарына қарасақ, қаншама көрген қиянатымызды бүркемелеп келгеніміз белгілі болып отыр. Сондықтан да бәріне бел шешіп, білек сыбана кірісетін уакыт жетті. Тұтас халыққа жасалған көпе-көрнеу зорлық-зомбылық, тіпті ақылға сыймас арсыз әрекет сөйтіп өзінің әділетті бағасын алуы керек. Ал, бұл жолда үлкен-кішіміз аянбай еңбек етіп, ел азаматтары өздерінің биік парасатын көрсетеді деп сенемін. Ол үшін архив материалын көз майын тауыса ақтарып, жүйелеп, дәйектемелер мен құжаттарды пайдалана отырып, тиянақты зерттеу жұмыстарын жүргізу керек. Ал, бұндай істерде әрдайым алда жүретін ақын-жазушы, журналистердің де қосар үлесі қомақты болмақ.

Әңгімелескен Серік Сатанов. 23 мамыр 1992 ж.

(«Әділет» туымен ширек ғасыр. Публицистикалық хроника. – Алматы: «Абзал-Ай», 2014 ж. – 24–27-бб.)

 

3. ҰЛТТЫҚ АПАТТЫ ӘРДАЙЫМ ЕСТЕ ҰСТАУ МАҢЫЗДЫ

       

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың арнайы Жарлығымен Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы ретінде жарияланған 1997 жыл бойы еліміздің тарихындағы көлеңкелі тұстарға  айрықша назар аударылды. Тарихи зердені жаңғырту, тарихпен тәрбилеу арқылы жалпыұлттық татулықты нығайта түсу орайында көп жұмыс тындырылды. Қасіретті белестерде нәубетке ұшырағандар жасырын жерленген орындарды анықтау,  анықталған қорым-зираттарды тиісті күйге келтіру, бастарына құлпытас-ескерткіштер орнату, бұрын орнатылғандарын күтімге алу, жазықсыз жазаланған боздақтар аруағына тағзым ету шаралары жер-жерде жүзеге асырылды.  Содан бері қайғылы жылдар құрбандарына бағышталған мұндай шаралар жылма-жыл жалғасын тауып келеді. Сол жылы бекем негізделген Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні  елімізде жыл сайын әрбір 31 мамырда  міндетті түрде   атап өтіліп келеді.

 

1.

Бұрынырақта осы дата  30-жылдардағы алапат аштық құрбандарын еске алып аза тұтатын  күн ретінде белгіленген-ді... Бәрі Кеңестер Одағындағы билеуші партияның жариялылық пен қайта құру саясатын жариялауынан, сөйтіп, азаматтар санасын шеңгелдеген рухани құрсауды біртіндеп босатуынан басталған. Біздің елімізде – әйгілі Сексен алтыншы жыл дүмпуінен кейінгі ызғарлы жазалаулар кезеңі ақыры артта қалып, ұзақ жылдарда тұтасып-қатқан идеологиялық тоң-мұздың сорына, демократиялық «алтын күрек» еселей ескеннен басталған... Тоталитарлық дәуір ауызға алуға тыйым салған саяси  жазалаулар мен ашаршылық шындығы 1988 жылдан қазақ баспасөзінің өзекті тақырыбына айналды. Сол жылғы жаз соңында, Мәскеуде «Мемориал» тарихи-ағарту қоғамын құру қозғалысына байланысты, сталиндік лагерьлер тауқыметін тартқан бір топ «халық жауы» жарлары оның бағдарламасына қолдаушылық білдіріп,  «Қазақ әдебиеті» газетінде үндеу-хат бастырды. Одан бір топ жас қаламгер 30-жылдарғы репрессиялар мен 32-жылғы алапат аштық құрбандарын есте қалдыру шараларын ойластыруды ұсынды. Екі үндеуде де жазықсыз жандар рухын ардақтайтын символикалық ескерткіш орнату жайы көтерілген еді.

Бұл мәселе кешікпей арнайы ұйым құруға ұласты. Сол жылдың соңына қарай жазықсыз жапа шеккендер мен олардың ұрпақтары, жазушылар, ғалымдар, журналистер, өзге де жұртшылық өкілдерінің қатысуымен ұйымдастыру комитеті құрылды. 1989 жылдың сәуірінде ұйысу конференциясы өткізіліп, Қазақстанның «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы  шаңырақ көтерді. Қасіретті науқандар құрбандарына ескерткіш қою мәселесі оның қызметінің маңызды бағыттарының біріне айналды. Арнайы есепшот ашылды. Оған жер-жерден қолдау көрсетіліп жатты.  «Әділеттің» зерде кітабын жасау ісі көптің шаруасына айналды. Жамбыл облысындағы Сарысу аудандық өлкетану музейінің директоры Төкен Мақашев қоғам идеясына алғашқылардың бірі болып үн қосты – ол түгел қырылып кетудің аз-ақ алдында қалған аудан халқының саяси қуғын-сүргіндер мен ашаршылық салдарынан бастан кешкен қияметтері жайындағы көнекөз қарттардың естеліктерін жазып алды. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетінде ұстаз-ғалымдар Талас Омарбеков пен Қамбар Атабаевтың жетекшілігімен «32-нің зұлматы» атты ғылыми-зерттеу үйірмесі құрылды. Студенттер аштықтан аман қалған тірі куәлердің естеліктерін жинау мақсатымен ғылыми экспедицияларға шықты, іздестіру жұмыстарының нәтижелері бойынша конференциялар өткізді. Күштеп ұжымдастырудың астарын, алапат ашаршылықтың қасіретті  келбеті мен тамырын ашумен Қазақ КСР Орталық мррағатындағы жастардың тарихи-ағарту бірлестігі шұғылданды. Жекелеген ғалымдар  бұл тақырыпқа елеулі ғылыми жрмыстар жазды.  Республика Ғылым академиясының Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында іргелі зерттеулер жүргізілді. Тарихымызға жаңаша көзқарас қалыптасты. Осы реттегі қоғамдық пікірге – еліміздің  тәуелсіздігін жария етісімен, Жоғарғы Кеңес  те сергек үн қосты:  белді ғылыми мекемелер мен беделді ғалымдардың қатысуымен,  1931–1933 жылдарғы жаппай күштеп ұжымдастыруға және оның қайғылы салдарына айналған аштық нәубетіне шынайы мемлекеттік бағасын тұжырымдады. Қазақ халқының ұлттық қасіретін аза тұтып еске алып тұруды дұрыс деп тапты. Әр жылғы 31 мамырды ұлы нәубет құрбандарын еске түсіру күні болсын деп белгіледі.

Алайда оны мән-мағынасына сай қаралы-салтанатты іс-шаралармен атап өтіп тұру дәстүрге айналып үлгермеген-ді. Оның басталмай жатып сиырқұйымшақталып бара жатқаны алғашқы жылы-ақ мәлім болған. Осы жолдар авторларының бірі 1992 жылғы 25 мамырда «Алматы ақшамы» газеті тілшісінің сұрақтарына  берген жауабында (Б.Қойшыбай-ұрпағы. «Қасіретті ұмытпа!») ашаршылықты еске түсіру күнін атап өтуге әзірліктен гөрі самарқаулық  көзге ұратынын айтып, оның себептерінің бірі ретінде – тек партия ұранына, яғни биліктің ұйымдастырушылық қарқынына қарап әрекет етуге дағдыланып қалғандығымызды, азаматтық белсенділігіміздің төмен де жалтақтығын айтқан еді. Ал жаңа билік буындарына қойылған «реформаторлар» қазақ қасіретінің астарын түсіне бермейтін. Қазақты өз жерінде азшылық еткен саясатқа жанама түрде болса да баршаның қатыстылығын парықтай қоймайтын. Сондықтан да  көпшіліктің «шамына тимеуді» қалайтын. Сөйтіп, бұл адамгершілік-имандық шараға кең көлемді ұйымдастыру-насихат жұмысын жүргізу арқылы қалың жұртшылықты тартып-қамту «азабына» жегілгеннен гөрі, әліптің артын бағуды қолайлы көретін. Қоғамдық-саяси тыныс-тіршіліктегі осы мәселеге бейжай қараудың ұлттық-мемлекеттік мүдде көздейтін мұраттарға жауап бермейтіндігі анық еді.  Мұндай қиғаштықты жалпыұлттық татулықты қастерлеп сақтау және өткен кезеңдерде қасіретті іздері жатқан саяси қуғын-сүргіндердің ащы шындықтарын айқара ашу  арқылы түзеуге  болатыны дәл аңғарылды. Бұл іске, жоғарыда айтқанымыздай,  арнайы  айдар тағылған бір жыл бойы көңіл бөлінді. Осы жолдар авторларының бірі еліміздің бас газетіне арнаулы жылдың мән-мағынасын Он алтыншы және Сексен алтыншы жылдар арасындағы жазалаулар мен аштық қырғындары қасіретіне толы белестер оқиғаларын ғылыми жүйелеп, дәйекті ұсыныс  білдірген мақала жариялады (К. Нұрпейісұлы. «Қасірет құрбандарына ескерткіш-пантеон орнатылса – елдігіміздің тағы бір белгісі болар еді...» «Егемен Қазақстан», 9 қаңтар 1997 ж.). Репрессия құрбандарын еске түсіруді барша ұлт өкілдерінің татулығы мен келісіміне сабақтастыра қараған сол 1997 жылдан бастап – Ашаршылық нәубеті құрбандарын еске алу күнінің мазмұндық ауқымы кеңейтілді. Сол жылдан бермен 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні деп аталды. Аштықтың да жойқын саяси жазалаулар жүргізген сталинизм салдары екенін түйсінген жұрт оны жақсы қабылдады. Содан, Президент Пәрменімен саяси репрессиялар құрбандарын еске алатын күн ретінде белгіленгеннен бері,   мамыр айының соңғы жұлдызы – күнтізбектегі мемлекеттік биліктің барша буыны  тарапынан назарда ұсталатын ерекше күндердің бірі болып табылады. Сөйтіп, бұл азалы күн  жаңа мәртебесімен бүкілхалықтық мойындауға ие болды. Бұл күні мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың және жұртшылықтың өкілдері саяси қуғын-сүргін құрбандарына орнатылған ескерткіштерге гүл шоқтарын қойып тағзым етуді, жаңа ескерткіштер тұрғызу сынды шараларға міндетті түрде қатысуды үрдіске айналдырды.

Осындай жиындарда еліміз бастан кешкен жаппай репрессиялар жылдары жазықсыз атылған азаматтар аруағына бас иіп құрмет көрсетумен қатар, қарапайым халықты қор қылып, бұрын-соңды ешқашан тарихта болмаған қырғынға ұшыратқан ашаршылық та саяси қуғын-сүргін салдары ретінде орынды аталып жүр.  Бұл орайда тек сөзбен шектелмеуді азаматтық парызы санап, белсенді әрекетімен ел ризашылығына бөленген  іс адамдары да барын айту керек:  Алматы облысының Ақсу ауылы интернатында Отыз екінші жылы аштан қырылған тоқсан бала жерленген орынға 2002 жылғы 31 мамырда жеке бейнетқор күшімен ескерткіш қойылды... Дегенмен сонау  қаралы нәубеттің атын атап, түсін түстеп мән беру деңгейі жеткіліксіз дәрежеде. Олай дейтініміз, қылмысты саясат туғызған алапат аштық халқымыздың өсіп-өнуіне  сандық та, сапалық та тұрғыда ойсырата зиян тигізді. Оның ауыр салдарлары айтып-жеткізгісіз, тірі қалған ел-жұрттың басына салған ауыртпалығы ұшан-теңіз. Соларды біз  ешқашан ұмытпауға тиіспіз. Бұл болашақ үшін, Тәуелсіздік тұғырын нығайта түсу үшін қажет. Алайда сонау орны толмас қайғы-қасіретті ауқымына сай еске алып, аза тұту рәсімі елімізде әзірге қалыптасар емес. Қазақстан  тарихи-ағарту «Әділет» қоғамының басқармасы осы орайда  алаңдаушылық білдіріп отыр.  Мәселеге жұртшылық назарын аударуды жөн көріп,  ортаға  көп болып  ойласуға тамызық боларлықтай ой тастауды «Әділет» өзінің мүшелері ретінде осы жолдар авторларына жүктеді. Алдарыңыздағы мақала сондай себеппен жазылған еді. Соны оқырмандар талқысына ұсына отырып, еліміздің қиын-қыстаулы даму тағдырында күрт бетбұрысты орын алған ашаршылық сынды қайғылы кезеңдер шындығының толық мәнінде ашылмағанына, жариялылық жылдарынан бері көпшілікке әйгі болған жәйттердің өзі белгілі бір дәрежеде жұртшылық санасынан өше бастағанына, тіпті ұмытылғанына және осы орайда қолға алынуға тиіс шаралардың кейбіріне көпшілік назарын аударуды борышымыз санаймыз.

 

2.

Ашаршылыққа неліктен айрықша назар аудару қажет? Себебі ол тұтқиылдан кездейсоқ тап болған зобалаң емес-ті. Себебі ол патшалық кезінен туғызылып, кеңестік кезеңде жоспарлы түрде өрістетілген нәубет еді, ол – большевиктердің көшпенділерге жасаған геноцидінің салдары болатын. Бүгінде ашық мойындайтын шақ туды ғой – большевизмнің репрессиялармен астастыра жүргізген «аштық саясаты» (М.Шоқай)  қазақ халқына жер бетінен халық ретінде мүлдем жойылып кету қаупін төндірді. Және бір емес, – бірнеше мәрте. Халық санасына Отыз екінші жылдың терең із қалдырғаны белгілі. Содан бері де, міне,  бақандай жетпіс жылдан астам уақыт өте шығыпты. Шын мәнінде халықты ХХ ғасырда айтып жеткізгісіз Ұлттық Апатқа ұрындырған (көшпелі қазақты қынадай қырып салған   аштық зобалаңын бұлталақтатпай, тап осылай – «Ұлттық Апат» деп атаған жөн), қайғы-қасіреті көл-көсір жыл. Әйтсе де, патшалық Ресей империясының отарлық құлдығынан азат болған қазақтың  Кеңестік Ресей Федерациясы құрамында автономия алдым деп мәз болғанын түсінгенімізбен,  сонау қолдан жасалған жалпыұлттық трагедияға кездейсоқ ұрынбағандығын әрі оның жалғыз рет соғып өте шықпағандығын  зерделеу ләзім. Және оның терең тамыры – режим ауысқанмен сабақтастығын жоғалтпаған отарлаушылық пиғылда жатқанын ұғына білу жөн.

Баршаға мәлім, ХVІІІ–ХIХ  ғасырлардағы Ресей тарапынан мақсатты түрде жүргізілген жаулап алулар нәтижесінде қазақ мемлекеттігі жойылды. Жері мен халқы империя құрамына енгізіліп, түрлі ресейлік әкімшілік бірліктерге бөлшектенді. Қазақ өлкесін орыс жеріне, халқын, этникалық түрі бөлекше болса да, кәдімгі орыс мұжығына  айналдырудың кең көлемді шаралары жүзеге асырыла бастады. Қазақстан елдігін жоғалтты. Содан бері, тек ХХ ғасырдың алғашқы ширегінің соңында ғана, іс жүзінде тұңғыш рет жер-суы мен халқының негізгі құрамы бір шаңырақ астына біріктірілді. Автономиялық мемлекеттілігінің іргесі кеңейтілгенде, 1925 жылы  шақырылған Қазақстанның V Кеңестер съезінде  қазақ басына түскен проблеманың тарихи тамыры жүйелеп ашылған-ды. Сол құрылтайда Қазақ өлкесінің отарлануында: 1. өз еріктерімен қоныстануға орыс жерінен келген қилы бақ іздеушілер, қашқындар жасаған отарлау (бұл ХVI ғасырдан басталды);  2. орыс үкіметінің  сауда-өнеркәсіп мүддесін көздеген әскери-әкімшілік отарлауы (бұл ХVIІІ ғасырдан басталды); 3. ХIХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басынан бері – орыс шаруаларын көшіріп-қоныс аударту жолымен отарлау  іспетті үш басты дәуір   болғаны талдап айтылды. Орыс үкіметі шығысқа терең сұғынуды көздеген империалистік мақсаттарын жүзеге асыру үшін қазақ даласына Орал, Орынбор, Ертіс желілері бойынша ірі-ірі сенімді жасақтарын орнықтырды. Олар қазақтарды Жайық, Тобыл, Ертіс өзендері бойындағы үйреншікті ата қоныстарынан қуып, мал бағу шаруашылығының қалыпты жағдайын зорлықпен өзгертті.  Сондай әрекеттерімен қазақты ғасырлар бойы қалыптасқан атакәсіп негіздерінен айырып, экономикалық дәулетін қатты ойсыратты. Әсіресе отарлаудың үшінші кезеңі зор залал  тигізді. Бұл шақта ішкі Ресейдің жер дағдарысын шешу, әрі «қазақтың жерін игеріп-көркейту» үшін (Столыпин) патшалық әкімшілік Қазақстанға лек-легімен мұғажырлар (переселендер) көшін төккен еді. Осы орыс көші мүддесіне қазақтан тартып алынған жер көлемі 1916 жылға дейін 40.647.765 десятина болған-тын (1 десятина 1,09 гектарға тең). Бұл мөлшер барлық шұрайлы, өмір сүруге қолайлы жерлер аумағынан асып кеткен-ді. Ал шұрайлы жерлер күллі қазақтық территорияның  бестен бірінен де аз мөлшерде-тін. Жер комиссариатының 1925 жылғы мәліметі бойынша – барлық жер аумағы 202.962.345 десятина, оның ішінде жарамды жер көлемі 38.170.000 десятина еді.  «Переселен толқынының қысымымен қазақ брқарасы...  шөбі жұтаң, суы аз, құмдауыт жерлерге ығысуға мәжбүр болды. Осы апатты  саясат Өлке экономикасын тез құлдыратты.  Егер өткен ғасырдың 70-жж. бір қазақ шаруашылығына 59 бас малдан келсе, 1914–1915 жж. переселен қозғалысының артуымен бұл цифр 25-26 басқа дейін төмендеді», – делінді  1925 жылғы құрылтайда.

Отарлық жүйе қазақ басына төндірген қауіпті ХХ ғасырдың басында, Бірінші орыс революциясы қарсаңында қазақ зиялылары зайыр сезініп, қорғану жолдарын ойластыруға ұмтылды. Бірақ оларды патша үкіметінің құпия полициясы тез әшкерелеп, жазалау шараларын қолданды. Сонда зиялылар революция дүмпуімен өмірге келген жоғарғы заң шығарушы органға үміт артты. Халық өкілдері жігерімен биік билік назарын қазақ мүддесіне аудартуға әрекеттенді. Мәселен, I Мемлекеттік дума мінбесінен орынборлық депутат Тимофей Седельников жерінен айрылып жатқан қазақтың кедейшілікке ұрынғанын әңгіме етті. Торғайлық депутат Ахмет Бірімжанов  Думаға әлі келіп жетпеген қазақ депутаттары үшін аграрлық комиссиядан қосымша орын көзделуі қажеттігін көтерді.  ІІ Мемлекеттік Думада семейлік депутат Темірғали Нұрекенов кедейшілікке, жұтқа ұшырап, қайыр сұрап кеткен босқын қазақтарға үкімет тарапынан жәрдем берілу керектігі мәселесін көтерді. Ал оралдық депутат Бақытжан Қаратаев үкіметтің шаруаларды ішкі Ресейден «жаңа жерлерге» қоныс аударту  арқылы қазақты жер-судан айырған мұғажыр (переселен) саясатын сынаған атақты сөзін сөйледі. Бірақ олардың бірде-бірі билікке ұнаған жоқ, император бұларға екі Мемлекеттік думаны да тарқатып жіберуімен, әрі бұратаналарды бұдан былай сайлау құқығынан айырған «3 маусым» заңын  шығаруымен жауап берді.

Патша үкіметінің аграрлық саясатын  ІІ Мемлекеттік Дума мүшесі Б. Қаратаев  оның комиссияларында атқарған жұмысы ретімен де, өзінің қазақ мүддесін қорғау жолдарын іздестіру орайымен де жіті зерттеді. Үкіметтің ХХ ғасырда қазақтардың көшпелі өмір салтын мүлдем жоятын жоспарын ірі лауазымды патша чиновнигі аузынан естіді. (Дегенмен көшпелі өмір салтының омыртқасын біржолата үзуді царизм емес, сабақтас «демократиясымен» большевизм жүзеге асырды). Патша үкіметінің нақты іс-әрекетін  переселен басқармасының күнделікті іс-дағдысынан көріп отырды. Шұрайлы жер-судың жырымдалып келімсектер қолына өтіп жатқанын нақты мысалдармен дәлелдеп, оның басты себептерін дәрменсіздене талдады (бұған оның  Верныйдағы университеттес жолдасы Барлыбек Сыртановқа 1910-жылдары жазған, 1930-жылдары баспасөзде жария болған хаты куә). Ақыры, қазақ үшін енді тек тұрмыс салтын қайта құру өміршең болмағын парықтап, үкімет саясатына бейімделуді қолайлы көрді. Әркімге жер үлесін алып отырықшылыққа көшу қажеттігін уағыздады, өзі бас болып поселке салды. Алайда ол бастаманың ғұмыры ұзақ болмады, оны қазақ зиялыларының Әлихан Бөкейханов бастаған екінші белді тобы қабыл алмады. Ә. Бөкейханов патша чиновниктері ұсынған жер үлесі мөлшеріне мүлдем қарсы болды, ол іс жүзінде көшпелі өмір салты мен мал шаруашылығын сақтау жағында еді.  Ал отырықшылыққа сол жылдарғы мәжбүрлік ықтимал еткен эволюциялық жолмен бейімделмеген қазақ тіршілігі большевиктік күрт бетбұрыс науқандарында қандай қайғылы күйге түскені белгілі... «ХХ ғасырдың қызыл топалаңы» атанған большевизм билікке келген бетте  жергілікті халықтар мүддесін көзге ілген жоқ. Олардың өмір сүру құқығының өзіне күдікпен қарады. Сол кезгі саяси оқиғалардың бел ортасында жүріп, нақты куәлік қалдырған Тұрар Рысқұлов еңбектерінен бүгінде кең мәлім: әлемдік революция өртін өршіте түсуді мақсат еткен «лениндік гвардияның» алдыңғы сапындағылар көшпелі қазақтарды маркстік көзқарас тұрғысынан бәрібір құрып бітуге тиіс, экономикалық жағынан әлжуаз топ деп есептеді, – сондықтан, оларды аштан құтқарамын деп шығынданғаннан,  бар қаржыны азамат соғысы майдандарындағы қызыләскерлерді қолдауға жұмсау маңызды... Қазақтың дәстүрлі  шаруашылығы, жоғарыда айтқанымыздай, отарлық езгіге түскелі күйзелу үстінде-ді, ал Он алтыншы жылғы ұлт-азаттық көтеріліс оқиғалары, көтерілісшілер мен олардың ауылдарын  басып-жаныштаған отарлық соғыстар, жазалаушы әскерлер ойраны оны күрт күйретті. Ал азық-түлік тапшылығы сезілген 1917 жылдың жазынан-ақ Түркістанды іс-жүзінде басқара бастаған жұмысшы-шаруа-солдат комитеттері, сол оқиғалар арасында болған Зәки Валидидің куәлік етуінше,  көшпенділерге астық бермеу жағында болды. Өлкені аштық жайлады. 1917-1918 жылдың қысын Ташкентте өткізген Мария Шоқай ханым өз естелігінде қазақтардың көше-көшеде аштықтан қалай сұлап түсіп өліп жатқандарын, өзегі талған жандарға бір түйір нан беруге қайрансыздықтан қиналғанын жазған. Сонау сұрапыл аштықта ресми деректер бойынша 2 миллионнан астам адам ашықты. Тұрар Рысқұлов басқарған аштықпен күресу комитеті миллиондаған адам өмірін арашалап қалды. Бірақ қырылып қалғандар саны жан түршігерлік еді. Мұстафа Шоқай оны 1 миллион  114 мың адам деп көрсетті. 1919 жылы Түркаткомның Ресей Федерациясындағы өкілетті өкілі У. Шакиров РКФСР Ұлт істері жөніндегі халық комиссариатына берген хатында Түркістандағы дала халықтарының 60 пайызы аштан өлгенін баяндады. Ал осынау оңтүстік өлкеде революция қарсаңында 3 миллиондай қазақ тұратын-ды. «Пролетариат диктатурасы» көшпенділердің тіршілік кеңістігін босатуы арқасында, солардың сүйегі үстінде орнады...

Қазақтарға қарсы қылмысты іс-әрекеті салдарынан орын алған толық қайыршылық пен жаппай қырылудың негізгі айыпкері – Түркістан Республикасының  үкіметі  екенін сол кездің өзінде атап айтқан жауапты қызметкерлер болды (мұның бір мысалын тәуелсіздіктің алғашқы жылдары зерттеуші О. Қоңыратбаев мұрағаттық құжаттар арқылы  дәлелді түрде көрсетті).  Аштықтың басты себебі – Түркістандағы кеңес өкіметінің тізгіні орыс отаршылдары қолында болып шыққанында еді. Олардың өлкеге революция мен жаңа режимді найза ұшымен әкеліп,   құлаған режимнің қанау саясатын қолдарындағы қару-жарақтары күшімен жалғастыра бергенінде еді. Сондай ахуалдың, яғни жаңа отаршылдар басқарған өкіметтің ашаршылық пен аштан қырылу «бостандығына» кең жол ашып бергенін 20-жылдар баспасөзі беттерінде большевик-зерттеушілер Г. Сафаров, С. Гинзбург және басқалар да жазып жатты. Сонымен, 1917–1919 жылдары Түркістан өлкесін, оның ішінде қазіргі Қазақстанның оңтүстік өңірін  жасанды аштық жайлады. Соның салдарынан көшпелі халық жалпы санының төрттен бірін жоғалтты. Бұл – большевизмнің «аштық саясаты» мәжбүр еткен Ұлттық Апат қамтыған қасіретті дәуірдің  бірінші кезеңі еді.

 Екінші кезең Қазақ өлкесінде, сол кезгі Қазақтың Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы аумағында 1921–1924 жылдары орын алды, халық тағы да жалпы санының төрттен бірін жоғалтты. (Бұл жылдары зиялылар жылу жинау арқылы ашығып жатқан аймақтарға көмек ұйымдастырды. Қолдарынан келгенше ашаршылық нәубетін жеңілдетуге ұмтылды. Алайда большевиктік билік мұны қош көрмеді. Ондай «халықшылдардың» үстінен қылмыстық іс қозғап, жазалауға тырысты –  Жүсіпбек Аймауытов бастаған бір топ азаматқа 1926 жылғы болған сот материалдары том-том болып, тиісті түсіндірмелермен кітап етіп жариялауға тәуекел ететін шығарушысын тосқан қалпы, әлі күнге дейін мұрағат сөресінде  жатыр). Оның да басты себебі – жергілікті отар халықтың кенеуі кете бастаған дәстүрлі шаруашылығын азамат соғысы одан әрмен күйзелткенінде,  құнарсыз ен далада тұрмысын тез түзеуге мүмкіндігі болмағандығында еді. «Қазақ жарлы-жақыбайының трагизмін және кеңес үкіметінің күллі арсыздығын түсіну үшін  – патша режимі кезінде қазақ халқынан 40 млн. десятина шамасындағы ең жақсы шұрайлы жер орыс переселендері пайдасына тартып алынғанын, кеңес үкіметінің ұлт-азаттық революция атынан, «әлемдік революцияшыл пролетариат» атынан: құлаған режимнің жер жөніндегі әділетсіздігі түзетілетін болады, қазақтарға тартып алынған жер қайтарылады, қазақ жерлеріне переселендер жіберілмейді  деп уәде бергенін білу керек...» (М.Шоқай).  Алайда  қазақтар арасында жоқ пролетариаттың диктатурасын Қазақстанда орнату ұранымен әрекет еткен, сөйтіп іс жүзінде большевиктік жаңа империя отарын құрумен шұғылданған партиялық билік нақты іс-әрекеттері үстінде ондай  уәденің баршасын тәрк еткен. Кеңес өкіметінің жариялы мән-мақсатына сеніп, 1922 жылы Жетісуда жер-су реформасын жүргізу кезінде Түркатком атынан тарихи әділеттілікті қалпына келтіруге тырысқан Сұлтанбек Қожановтың комиссиясы кері шақырып алынып, осынау революция идеяларына құлай сенген коммуниске «ұлтшылдықпен» аймандалған саяси айдар тағылғаны мәлім.  Ол бастамасы ғана еді. Большевиктердің бұл кезеңдегі бір ұсынысы – таптық жікті айыра түсу, ел экономикасын байлар мүлкін тартып алып кедейлерге үлестіріп беру жолымен «жандандыру» болатын. Ондай қатерлі жоспарға 1923 жылы қазақ облыстық 3-партконференцияда Смағұл Садуақасов қазақты жаңа сілкіністер емес, ғылым мен білімге сүйенген бейбіт еңбек құтқаратыны жайындағы өжет сөзімен қарсы тұрды. Өтеуіне саяси сенімсіздікке ұшырады, оған да «буржуазиялық ұлтшыл» таңбасы жамалды. Ашаршылыққа ұшыраған губернияларға кіндік үкімет тарапынан  азық-түлікпен жәрдем көрсетілуіне қол жеткізу, Қазатком төрағасы Сейтқали Меңдешевтің 1925 жылы Кеңестер съезінде ағынан жарылғанындай, қиынның қиыны-тын... Орталық Азияны ұлттық-мемлекеттік тррғыда қайта межелеп-жіктегеннен кейін, іргесі кеңейтілген Қазақстан партия ұйымы ел-жұрт мүддесіне жауап беруге тиіс жұмысты жаңаша жігермен қолға алды.  Қазақ облпарткомының 1925 жылғы сәуір пленумында мал бағу мен жер өңдеу кәсібін қазіргі қазақ жағдайында біріктіріп қарауға болмайтыны атап өтілді. Өйткені «ҚКСР-дің бүгінгі шаруашылық ахуалында: мал бағудың көшпенді  түрі – егін егуге қолайсыз жалпақ сардаланы шаруашылық кәдесіне асырудың бірден-бір ықтимал тәсілі болып табылады». Сондықтан да бұл саладағы аса маңызды шара –  мелиорация, жайылымдарды суландыру, жем-шөп әзірлеу, қой тұқымын асылдандырып, құрамының сапасын жақсарту үшін көшпенді халыққа кең көлемде несие беру ісін жолға қою болмақ. Сондықтан ауылшаруашылық несиелерін ауылға тікелей бағыттау, ауыл шаруашылығындағы кооперацияны күшейту  қажеттігін айтып, Қазобком пленумы тиісті шешім  алды. Енді бірнеше күннен соң, 1925 жылғы 16 сәуірде Ақмешітте ашылмақ Кеңестер съезі мәселелері жайында  С. Қожанов пленумда баяндама жасады. Сонда ол былай деген еді: «...өмірге келген осынша уақытынан бері  Қазақияда шаруашылық тұрғыда өркендеуінің зерттеліп-жасалған перспективасы жоқ. Жылдан жылға, күннен күнге ешқандай да перспективалық жоспарсыз өмір сүріп келеді. Бар айтатындары – өткен жылы пәлен бас мал болды, енді оған жиырма шақты мың қосылды дегендер ғана. ...қайткенде жағымды әсер етудің амалы. Енді  осындайдың жолын қию керек.  Осы съезде біз бірер перспективалық жоспар конспектімен сөйлемекпіз. Сосын жер мәселесін практикалық міндет етіп қоямыз». Баяндамасында ирригация мәселесіне де тоқталды. «Қазақия үшін бұл мүлдем жаңа шаруа, – деді ол. – Ал Түркістан үшін – әдеттегі үйреншікті мәселе. Қазақияда да, кейбір губерниядағы ашаршылықтан кейін, мысалы Семейде, халық өз бастамасымен,  Наркомземнен «рұқсатсыз-ақ», арық қазуға көшіп жатыр. Тіпті Қарқаралы секілді дәнді дақыл жайын айтудың өзі қиын үйезде де солай етуде...».  Қазобком пленумы  осылай, ескі Қазақстан аумағындағы 1921 жылғы үлкен аштықты да, одан бергі жылдарда орын алған жекелеген губерниялардағы ашаршылықтарды да тікелей талдамағанмен, алдағы уақыттарда ондай қатерлерден қорғану орайында  – қыр аймақтарында суландыру жүйесін жасап, егін егуді жүзеге асыра бастаған елдің өз ішінде туған бастаманы қолдауға шақырды. Көшпелі мал шаруашылығы – Сарыарқаны игерудің бірден-бір жолы екенін мойындап, оны ынталандыру, өркендету үшін арнайы қаржыландыру, өнімдерін тиімді жолмен тарату әдістерін қарады.

Ашаршылық республика Кеңестерінің Ақмешіттегі Бірінші (бесінші) съезінде де арнайы әңгіме болмады. (Ескі Қазақстан Кеңестері бұған дейін төрт съезд өткізген, сол рет саны бойынша – жаңа, үлкен Қазақстан Кеңестерінің Ақмешітте өткен съезі бесінші деп есептеледі. Алайда, Түркістан Республикасынан, сондай-ақ Бұхара мен Хорезм секілді өзге Орта Азия республикаларынан  межеленген Сырдария, Жетісу, Қарақалпақ облыстары қосылып,  1924 жылдың соңына қарай Қазақстанның жері мен халқының саны едәуір ұлғайып қана қоймай, ұлттық құрамы да оң өзгеріске ұшыраған. Тұңғыш рет Ұлттық Республика мәртебесінде аталған. Тұңғыш рет осы өңірлердегі Кеңестерден келген делегаттар 1925 жылғы сәуірде бір өкілдік құрылтайда бас қосқан. Тарихи шешімдер қабылдаған. Осы жәйттер сол тұста-ақ мойындалып, сол құрылтай үстінде-ақ ол бірінші съезд деп аталған. Сондағы берілген бағаға, әрі оның мемлекеттік өмірдегі жаңа бетбұрысты танытатын маңызына  сәйкес, Ақмешіт съезін бірінші құрылтай ретінде бағалау ләзім).  Аштық деректері жәй ғана елеусіздеу айтылды. Дегенмен, атап айтылмаса да, оны қайта болдырмау шаралары кеңінен қаралды. Ал ол шаралардың бастысы жер мәселесі еді. Жерді қоғам мүлкіне айналдыру жөніндегі алғашқы кеңес заңы  мен тұрғындарды жерге орналастыру туралы ереже, жер-суы мен халқының негізгі бөлігін қанаты астына алған Үлкен Қазақстан Кеңестерінің  алғашқы (бесінші) құрылтайында атап өтілгендей, – «азамат соғысы, ашаршылық, ҚКСР-де ешқандай қаржының болмауы жағдайында болымсыз ғана нәтиже берді». Бұл шағын нәтиже деректері мынандай: ел-жұрттың біраз бөлігі 1920 жылдан 1923 жылға дейін 215.178 десятина жерге орналастырылды. 1923 және 1924 жылдары жұмыс Жер Кодексі мен 1924 жылдың 17 сәуіріндегі Ереже бойынша жүргізілді де, «...мемлекет есебінен 2.512.609 дес., халық есебінен – 2.815.522 дес., барлығы – 5.543.309 десятина жерге орналастырылды».  Ал жүргізілген іс шараларының ойдағыдай оң нәтиже бермеу себептерін съезд былай тұжырымдады: а) қазақ жерін сырттан көшіп келіп отарлау жалғасуда; ә) отаршылдық саясаттың қалдықтары әлі кетірілмеген; б) ең жақсы жерлерді переселендер басып алған, казак-орыс тұрғындары кең алқапты пайдалануда; в) жергілікті жерде жүргізілулі жұмыстар орталықта үйлестірілмеген, көбіне орталық жерді іс жүзінде пайдаланып отырғандарға бекітіп, ең тәуір жерлерді бррыннан тұратын мұғажырларға (переселендерге) кесіп беру  жағында; г) жерге орналастыру шаралары –  тұрғындардың  құқықтық санасын жерді заң бойынша пайдалану қажеттігін сезінетіндей етіп   оятуға жәрдемдеспеді. Мал шаруашылығы Қазақстанның қатал табиғатына шыдас беріп,  пайда табатындай дами  алу үшін – жер қатынастарын дррыс реттеудің маңызы зор болмақ. Осы ретте Бірінші (бесінші) съезде күллі аумақты жаратылысы мен экономикалық нышандарына қарай: «егіншілік-малшылық» және тек «малшылық», сондай-ақ тек «көшпенді малшылық» аудандарға бөлу тәртіптері баяндалды. Жермен қамтамасыз ету нормасы қалай жасалатыны түсіндірілді. Сосын жерге орналастырудың негізгі міндетін: «...қазіргі жұмыс істеп тұрған мал бағу және мал бағу-егін егу шаруашылықтарымен шұғылданатын қожалықтарға – өркендеуіне әрі экономикалық тұрғыда нығаюына қажет жағдайлар жасау»,– деп түйіндеді. Осы орайда  орындалуы қажет шаралар ретінде мыналар  аталған еді (олар съезд қарарымен заңдастырылды): а) жаппай жерге орналастыру аумағына барлық переселен учаскелерін қосу, бұл ретте олардың көш жолында жатқандарының толған-толмағанына қарамау; ә) 1924 жылғы 17 сәуір Ережесінің күші жүрмейтін переселен учаскелерінде отырған тұрғындарды өз учаскелерінің 1917 жылға дейін белгіленген шегінде, қосымша жер кесіп бермей  орналастыру; б) сырттан көшіп келушілердің және ҚКСР-дегі ішкі қоныс аударушылардың «қазақтың пайдалануына жататын жақсы жерлерді және казак-орыс территориясын» өз беттерімен басып алуларынан сақтану үшін – өз беттерінше қоныстануды доғарту, 1922 жылғы 31 тамыздан кейін өз бетімен  келгендерді жер-қожалық беру шараларымен қамтымау;  в) ҚКСР-дің барлық аудандарындағы қазіргі кезде қолда бар, сондай-ақ  анықталған бос және артық жерлердің бәрін – 1924  жылғы 17 сәуір Ережесімен әрекет етуге жататын  жерге орналастырудың біртұтас қоры деп есептеу.

Алайда Қазақстан Кеңестері съезінің қарарларын өмірге енгізуге  «аға» өкімет кедергі жасай берді. Ақыры, аталмыш құрылтайдан төрт айдай өткенде, 1925 жылғы 12 тамызда, жерге орналастыру мәселесі БК(б)П Қазақ өлкекомы Бюросында талқыланды. Екінші хатшы С. Қожанов «Жерге орналастыру туралы» арнайы баяндама жасады. Онда Бесінші (бірінші) Бүкілқазақ съезі қарарларының жерге орналастыру жрмыстарына қатысты бөлігі орындалмай жатқанына алаңдаушылық білдірілді. Сосын, оның баяндамасы бойынша Бюрода мынандай қаулы қабылданды: «а) Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінде Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының жаппай жерге орналастыру жөніндегі  перспективалық жоспары бекітілгенге дейін 5-інші Күлліқазақтық Кеңестер съезі мен ҚазОАК қабылдаған жер мәселесі бойынша шешімдерге ешқандай алып тастау, түзету және толықтырулар енгізілмесін; б) Атап айтқанда, өз бетінше көшіп келген қоныс аударушыларға байланысты 5-інші Күлліқазақтық Кеңестер съезі белгілеген мерзім – 1922 жылғы 31 тамыз сақталсын. 1922 жылғы 31 тамыздан кейін келген барлық өз беттерімен қоныс аударушылар ҚКСР-дің барша аумағында жерге орналастырылмайтын болсын; в) БРОАК алдына ҚКСР-дегі жерге орналастырумен шұғылданатын барлық мекемелерді бір органға – Қазақ жерхалкоматының (Казнаркомзем) Жерге орналастыру басқармасына мейлінше шапшаң бағындыру туралы мәселені үзілді-кесілді қою ҚазОАК-ке ұсынылсын». Бұл шешім де орындалған жоқ. Ұлт коммунистерінің табандылығы нәтижесінде 1925 жылғы желтоқсанда қазақ өлкелік 5-партконференция  есеп берілген мерзімді «тарихқа қазақ жерін жинау кезеңі және қазақ мемлекеттігін ұйымдастыру саласындағы алғашқы қадамдар ретінде кіреді» деп атады. Сосын: «...жерге орналастыру саласында – бірінші кезекте тұрғылықты халыққа, әсіресе отырықшылыққа ауыса бастаған көшпенділерге қатысты міндет қою керек. Сонымен бір мезгілде ұлттық азшылықтың отырықшы еңбекшіл шаруа тұрғындарының, әсіресе оның кедей және орташа бөлігінің  тілектері назардан шығарылмасын», – деген қаулы алды. Жеткілікті дәрежеде әділ, басқа халықтың да мүддесін кемсітпейтін осы қаулы да  орындаусыз қалды. Ал 1927 жылғы өлкелік 6-парконференцияда ол мүлдем теріс бағаланып, күші жойылды...

1925 жылғы қыркүйекте БК(б)П Орталық Комитеті Қазақстанды басқаруға  Филипп Голощекин сынды эмиссарын жіберген-ді. Ол ұлттық мүддеге қызмет ететін шешімдерді қилы большевиктік айла-амал қолдана отырып,  жоққа шығарды. Сөйтіп, ұзамай,   тоталитарлық ойлау жүйесінің қазақстандық «ұлы құрылысшысы», яғни, сол кезгі қайраткерлердің өздері атап айтқандай, диктатор болып шыға келді. Осынау сталиншіл көсем өлкелік 5- және 6-партконференцияларда саяси өмірден, оқу-ағарту ісінен «алашордашылар» мен соларға идеяластарды аластау жоспарын тиянақтады. Интеллигенцияның сана-сезімін «қырнау» («нивелировка») арқылы тегістеп, бірізді арнаға түсіру қажеттігін «дәлелдеді». Коммунистердің дәстүрлі ауыл өміріне көзқарастарындағы «азаматтық бітім» (С. Садуақасов) және «азаматтық соғыс» (О. Жандосов) деп тұжырымдаларлық саяси бағыттарға «төреші» болып,   ауылдас-туыстар арасына  тап сынасын қағудың, сөйтіп ағайынды ағайынға өшіктірудің  саяси-идеялық тұғырын сомдады. Ұзамай партияның «дана» басшылығымен құлақ күйі келтірілген қазақ өкіметі  қазақ ауылдарында «Кіші Қазан» өртін тұтатудың нақты  шараларын жүргізуді қолға алды...  1928 жылғы 27 тамызда Қазаткомның арнайы  декреті шықты, Қазатком мен халкомкеңес бай қожалықтарын тәркілеу туралы қаулы алды. Тез арада байлардың мал-мүліктерін тәркілеу науқаны басталып кетті. Оның революциялық сипаты 1928 жылғы 13 қыркүйекте тәркілеуге қарсылық әрекет үшін қылмыстық жауаптылық және аса ірі әрі жартылай феодал байларды жер аудару туралы шығарылған қаулымен күшейе түсті. Тәркілеу соңынан ірі көлемдегі саяси репрессиялардың «Алаш ісі» атанған алғашқы толқыны туды. «Кеңес өкіметінің қас-дұшпандарын» түрмеге тыға отырып, қазақстандық билік 1930 жылғы 19 ақпанда жаппай ұжымдастыру аймақтарындағы ауыл шаруашылығын социалистік түрғыда қайта құруды нығайту және кулактар мен байларға қарсы күресу жөніндегі іс-шаралары туралы қаулы қабылдады. Өкіметтің тәркілеу мен ұжымдастырудағы солақайлықтары халық көтерілістерін  туғызғаны, оларды әскери күшпен басып-жаншу орын алғаны, яғни тәркілеу-ұжымдастыру науқандарының жаңа сипатты отарлық соғыстармен астасқаны мәлім. Соның бәрі ел-жұртты жаңа алапат апат иіріміне құлатты.

Ұлттық Апаттың үшінші, ең қасіретті кезеңіне айналған сол 1931–1933 жылдары халықтың жартысы қырылды, шамасы жеткендер – тірі қалғандардың үштен бірі – босып басқа өлкелерге, шет елдерге өтіп кетті, дәстүрлі шаруашылық мүлдем тұралады, мал басы он-он екі есе азайды. Бұл кезең жайында жарияланған жантүршігерлік естеліктер, құжаттар мол. Әлі жиналмағаны, ел ішінде жатқаны қаншама... Монархия құлар қарсаңдағы алты миллиондық қазақтың төңкеріс туын көтерген социалистік федерация құрамында бой түзеген автономиялық республикасындағы жалпы саны қылмысты саясат сілкіністеріне толы он алты жылда – Ұлттық Апаттың аталған үш  кезеңінде – үш есеге жуық кеміді. Дәлірек айтқанда, – оны үш есеге жуық кемітті. Яғни тікелей төрт миллиондай жанға өлім құштырды. 1917–1933 жылдар бойы. Большевиктік геноцид. Сондықтан да ашаршылық тарихына ерекше мән беріп қарау ләзім. Адамзатқа мәңгі ескерту жасап тұру үшін. Келешекте де тап келуі мүмкін сондай апаттардан сақтандыру үшін. Азаматтар бойында шынайы демократиялық құндылықтар қалыптастыру үшін. Еліміздің, Тә- уелсіздігіміздің туын ұстар болашақ азаматтарды тарихпен тәрбиелеу үшін. Ал бұл үшін – ілгеріде еске салынған,  осы мақала авторларының бірі бұдан бес жыл бұрын дәйектеген ескерткіш-пантеон орнату идеясына қайта оралу ләзім.

 

3.

Біздің ортаға салар ойымыздың мәнісі неде, дәнегі қандай? Алдымен, кейбір атқарылған жұмысты шола кетейік. «Әділет» – қоғамдық ұйым. Ол өмірге  шынайы халықтық мүддеге қызмет ететін үлкен бағдарламамен келді. Дегенмен оның жоспарлағандарын жүзеге асыруды тек қана  мемлекеттік қолдау  мүмкін еткенін мойындау жөн.  Солай болуы заңды да. Жұртшылық арасынан шыққан бастамалардың ұлттық-мемлекеттік мүдделерге жауап беретіндігі айқын тұстарда өкімет қарап қалмайды. Бұған –әкімшіліктердің жәрдемімен барлық облыстарда «Азалы кітап»  шығарылғаны дәлел, көп жерде саяси қуғын-сүргіндер қррбандарына ескерткіш ашылғаны дәлел.

Сонымен,  саяси репрессиялар жылдары республикамыздың бар аймақ-өңірлерінде қойша топырлатып құпия атылғандар тізімі  жергілікті жазалау органдарының құпия қоймаларынан алынған құжаттар негізінде  жария етілді. Бұл шара әділетсүйгіш қауым алдында тәуелсіз мемлекетіміздің жүзін жарқын етіп, абыройын асқақтай түсті. Бұдан екі жылдай ілгеріде Қазақстан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының  академик М.Қ. Қозыбаев бастаған өкілдерін Елбасы қабылдап, «Әділет» атынан айтылған өтініштерге  қызу қолдау білдірді. Нәтижесінде, Президент тұжырымдаған тапсырмалар бойынша, 2002 жылы – Алматы облысындағы Жаңалық елді мекені маңындағы Үлкен террор кезінде  жазықсыз атылғандар жерленген орынға  ескерткіш қойылды, саяси  қуғын-сүргін қррбандарының  естеліктері жинастырылып, арнайы кітап («Страницы трагических судеб») шығарылды. Бұрынғы НКВД-КГБ ғимаратының бір бөлігі Саяси репрессиялар тарихы музейі үшін бөлінді, тақау күндері оны мұражайға лайықтап қайта жөндеу жұмысы да басталмақ. Әділдік орайында – атқарушы биліктің бәрін бірдей ұдайы тап-тұйнақ етіп орындай бермейтінін де айта кеткен жөн. Мәселен, іс жүзінде еліміздің  саяси тарихының бірден-бір мұражайы болмақ жаңа ғылыми-ағартушылық мекеме үшін, Елбасының өзі тапсырғандықтан да,  елдің дамуындағы қасіретті белестерге қатысы бар осынау  ғимарат  толығымен берілер деп күткен едік. Бірақ, әзірге белгілі болғандай, оның бір қанатының екі қабатынан 500 шаршы метрдей бөлігін ғана мұражайға  арнау ұйғарылған көрінеді.  Бұл бір. Екіншіден, Елбасының өзі қуаттаған осынау Саяси қуғын-сүргіндер тарихы музейін жасауды әзірлеу жұмысының барысы қанағаттанғысыз жағдайда, оны ұйымдастырудың белгіленген  жолы мен  ретіне көңіл толмайды. Айталық, Қазақстан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының өкілдерімен кездесуде  ҚР Президенті  қолдаған ұсыныстарды жүзеге асыру жөнінде  іс-шаралар жоспары жасалған-ды. Соның аталған мұражай жөніндегі 2-тармағын орындау үшін, ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Мәдениет комитеті 2001 жылғы 14 мамырда «Саяси репрессиялар тарихының музейін ұйымдастыру туралы» № 48 бұйрық шығарған еді. Онда Саяси репрессиялар тарихы музейін ҚР Орталық музейінің бөлімі ретінде ұйымдастыру көзделіп, барлық дайындық жұмыстарын жүргізу сол  Орталық музейге тапсырылған. Бірақ, бұйрық шыққалы бір жылдан асса да, күні бүгінге дейін ҚР Орталық музейі тарапынан Саяси репрессиялар тарихының мұражайын жасауға бағытталған ешқандай әзірлік шаралары қолға алынған жоқ. (Бұл – мақала алғаш жазылған уақыттағы жағдай. Одан беріде мұражайдың бір қабаты жасандырылып, ашылды, бүгінде ол қалалық мұражайдың бөлімі болып жұмыс істеуде. Дегенмен шешімін таппаған мәселелері жеткілікті, мәселен, мұражайдың екінші қабатын іске қосуға әлі күнгі қаражат табылар емес. Сол себепті мақалаға түзетулер енгізбей-ақ қоюды дұрыс көрдік. – К.Н., Б.Қ.).*

*бұл ескертпені авторлар  мақала «Жалын» журналында (2004 ж., № 3) жарияланғанда берген-ді, одан бері мұражай аз ғана жұмыс істеп, бұрынғы НКВД ғимараты әлдебір коммерциялық құрылымға сатылып кетті деген желеумен, іс жүзінде жабылып үлгерді.

Қазақстан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы жасаған музей концепциясы мен ұсыныс-пікірлері қабылданбады. Оның негізгі себебі – жаңадан құрылмақ Саяси қуғын-сүргіндер тарихы мұражайының мән-мазмұны мен бағыт-бағдарының Орталық музейде қалыптасқан тарихи оқиғаларды экспозициялау тәртібімен сәйкес келмейтінінде. Министрлік пен оның Мәдениет комитеті бұл мәселеге тереңірек қарар деп ойлаймыз.  Өйткені, бұл екі мұражай концепцияларында біріне бірі ұқсамайтын өзгешеліктер болуға тиістігі түсінікті. Орталық музей жұртшылықтың көз алдында. Ал әзірге жасала қоймаған Саяси репрессиялар тарихының музейі тоталитаризм жылдарындағы   үздіксіз саяси қуғын-сүргін мен ұлттық апатқа ұрындырған ашаршылық  қайғы-қасіреттерін  ұмыттырмай, әрдайым ел-жұрт жадына салып тұруға міндетті. Ол өткен тарихи жолдың ауыр кезеңдерінен  танымды да тағлымды сыр шертетін ғылыми-ағартушылық мекеме ретінде, болашаққа, тәуелсіздікке қызмет ететін дәрежеде мүлдем жаңаша құрылуға тиіс.  Тәуелсіз еліміздің азаматтарын тарихпен тәрбиелеу  үшін күресіп жүрген мыңдаған азаматты біріктірген Қазақстан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы үніне ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі мен Мәдениет комитеті құлақ асар деген үміт бар. Яғни, жоғарыда айтылған мақсат үдесінен шығу үшін –  Саяси қуғын-сүргіндер тарихы мұражайының: а) ҚР Орталық музейінен осы бастан дербестендірілуін; б) сөйтіп оның бірден ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі мен оның Комитетіне тікелей бағынатын және өзге республикалық музейлер қатарында тиісінше қаржыландырылатын ғылыми-ағартушылық мекеме мәртебесінде рәсімделуін жүзеге асыруға қажет   шешім шығарар деп сенеміз. Біздің ойымызша және біздің бекем иланымымыз бойынша – осы мұражайдың байыпты бір бөлімі Ұлттық Апат құрбандарына арналуға тиіс. Ондағы экспозицияларды жасауға жоғарыда аталған жұмыстар нәтижелері сөзсіз жәрдемдеседі. Оның үстіне, биыл үшінші жыл – Қазақстан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы мектеп оқушыларын тарихи зерттеушілікке баулитын «Тарихтағы адам. Қазақстан. ХХ ғасыр» деген тақырыппен байқау өткізіп келеді. Байқауға қатысушылардың едәуір бөлігі ауылдарында орын алған аштық қасіреті іздерін өз отбастарында болған оқиғалармен, қарт ардагерлер естеліктерімен есте қаларлықтай жаңғыртып жүр. Балалардың ізденушілік жұмыстарына ұстаздары, тарих пәнінің мрғалімдері жәрдемдесуде. Біз ел ішіндегі қазынаны осы жолмен де жиюға тырысамыз. Ортақ іске  ғалымдардың, қаламгерлердің, барша көкірегі ояу азаматтардың атсалысатынына күмән жоқ. Шежірешілер бұл орайда танымды мағлұматтар бере алады. Музейдің бұл бөлімінен  Ұлттық Апат қррбандарының есімдерін атап, қаралы тізім жасауды көздейтін  арнайы акция бастау алатын болады. Аштан қырылған  адамдардың аты-жөндерін  қалпына келтіруге бүкіл халық атсалысады: шежірешілер, отбасылық, әулеттік  мұрағат иелері, тарихшылар, әуесқой зерттеушілер, естелік жинаушылар өз деректерімен мұражай қорын толықтырып отырады. Дәлірек те жұртшылыққа жақынырақ тілмен айтқанда – мұражайға келген әркім қаралы тізім экспозициясына өз әулеті тарихын қосып жазатын болады.   Ұлттық Апат құрбандарына тағзым ету, қолдан туғызылған ашаршылықтан қырылғандарды атап еске алу осылай бүкілхалықтық іске айналатын болады.

Бұл орайда әлемдік тәжірибеден үлгі алу жөн болмағын да ойлау орынды. Баршаға мәлім, күллі адамзатқа сор боп тиіп «қоңыр індет» атанған фашизм 1933–1945 жылдары Еуропаны мекендейтін миллиондаған еврейдің көзін жойды. Алты миллион. Қасақана  қырды. Еуропада осындай  трагедияға ұшыраған еврей халқының Таяу Шығыстағы тарихи отанында «Яд-ва-Шем» (қазақшалағанда – «Жад пен Есім») деп аталатын институт пен мұражай бар. Израильде, Иерусалим қаласындағы Герцль тауының етегіне орналасқан. Яд-ва-Шемнің қызметі Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде еврейлер басына түскен Апатқа арналған. Институт пен мұражай атауының сөзбе-сөз мәні жоғарыда көрсеткеніміздей, «жад (зерде) және есім» деген ұғымды береді. Мұражайдың құрылғанына жарты ғасырдай болды. Оның басты ұраны: «Ешкім ұмыт қалмау керек!» Мұражайда Есімдер залы бар. Яд-ва-Шемде, жалпы, екі миллионнан астам қаза тапқан жандар аты тіркелген. Сонда,  Есімдер залында – Апат құрбаны болған еврейлердің аты-жөндері үлкен экранға түсіріліп тұрады. Ал ондағы экспозициялар  Апаттың барлық сатыларын хронологиялық ретпен, түрлі көрнекі тәсілмен бейнелеп әңгімелейді. Көргендер әсіресе балалар залының айрықша әсерлі екенін айтады. Шырақтардың дірілдеген әлсіз сәулелері ғана жарықтандырған бұл қаракөлеңке залда күңіренген диктор дауысы Апатта  опат болған балалар есімдерін тізбелейді екен. Таусылмас тізім. Ал экранда бірінен соң бірі сәби суреттері шығып жатады. Зал күмбезі астындағы азалы ахуал сол сәтте сонда тұрғандардың түйсігін тітіркентіп, әрқайсысына көпке ортақ қайғыны бүткіл тұла-бойымен сезіндіреді. Яд-ва-Шем адамдар бойына үміт үзіп торығу емес, aза тұтып қайғыру сезімін дарытады. Онда болғандар қамыққан көңілмен – адам жанының бірінші құндылық болып табылатыны жайында тебіренеді. Қысқасы, сонау Апат музейі жұртты терең ойға батырады, сол жолға қызмет етуге бейіл шынайы сезімді қайрайды. Тап осындай әсер-күш біздің мұражай-ескерткішке де тән болуға керек. Егер ұлан-ғайыр Ұлттық Апат сатылары көрнекі экспозицияларда бейнеленер болса – ешкімді де жайбарақат қалдырмайтынына күмән жоқ.

Тек 30-жылдар нәубетінің құйқа шымырлатар тұстары қаншама... Ел-жұртты Отыз екінші жыл зұлматы күңірентіп тұрған шақта пойызбен Мәскеуге, әлде Алматыға өтіп бара жатқан Филипп Голощекин Ақтөбе вокзалында «контрреволюционер-байлардың малды қырып тастаған зымиян әрекеті» туралы әшкере-сөз айтып тастауға ниеттенсе керек. Бірақ, ол вагонынан түсер-түспестен,  алдынан алғашқы Қазревком мүшесі, әділет комиссары, қызыл партизан  ретінде кеңес өкіметін қорғауға көп еңбек сіңірген қалжыраңқы ардагер Бақытжан Қаратаев жайдақ арбамен шыға келеді.  Тізесі қалт-құлт етіп, тарантас үстінде бойын түзейді. Сосын дімкәс қарт  алаңда жиылған халықтың көз алдында, баяғы ІІ Дума мінберінде атамекенінен қуылып жатқан халқының мұңын жоқтағанындай  өжеттікпен, Голощекинге ашына  шүйіліп, сөйлеп береді.  Ол қарсысындағы большевик-патшаны революция мұраттарын аяқасты еткені үшін беттен алады, елді аштан қырып жатқан қылмысымен көзін шұқи айыптайды.  Сонда Голощекин: «Шал шаршап қалыпты», – деген күбірмен  вагонына кері сүңгуге мәжбүр болды... Ал «шаршаған шал» ұзамай аштықтан дүние салды. Ол өзінің артында қалған жазба-мұраларында ашаршылыққа  жалғыз Голощекин емес, оның айналасындағы қазақ қайраткерлері де айыпты деп түйіпті. Б. Қаратаевтың ойынша – мәселе олардың  көз бояушылыққа жол беруінде, «қазақ істеріне жүліктік тұрғыдан келуінде», олардың шын мәнінде «аферист, карьерист, портфелист» болып шығуында. Қазақтың осындай алапат аштыққа ұрынуын қарт демократ-революционер ұлттың «бас адамдарының» сонау патша заманынан басталған психикалық азғындауының салдарынан  деп бағамдады... 1932 жылғы шілдеде Қазөлкекомға  бір топ қызметкер (Ғабит Мүсірепов және басқалар) мал шаруашылығының құлдырауына орай хат жолдады. Голощекин оны байдың көңіл-күйін танытатын ұлтшылдық хат ретінде бағалады. Артынша, арада апта  өтпей-ақ, «ұлтшылдық хатқа» қол қоюшылар жаздым-жаңылдым деп өкініп-опынған жаңа хаттарын Қазөлкекомға әкеп тапсырды. Сонда  олардың «кінәларын мойындаулары» еске алынды,  1932 жылғы 15 шілдеде Қазөлкеком мен Бақылау комиссиясы  бір топ коммунист «қателесіп» қол қойған сол хатты  «социалистік қайта құру мен ұлт саясаты жетістіктеріне» қара бояу жағушылық деп бағалағанмен, авторларын партия қатарында қалдырып, бір-бір қатаң сөгіс арқалатты. 1932 жылғы тамызда ҚАКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы Ораз Исаев Сталинге хат жолдады. Онда қазақтардың аштан қырылу, босып кету деректерін бүкпей баяндап, өлкелік комитеттің көзбояушылыққа жол беріп  аштыққа апарған әсіре науқаншылдығы мен оны үстей түскен  ауылдардағы шолақ белсенділікті жасырмай әшкереледі. Бар айыпты  бір адамға үйіп-төгуге болмайтынын ескертті, күйзеліске өлкеком бюросы түгел, оның ішінде, басшы қызметкер ретінде, өзінің де белгілі дәрежеде жауапты екенін мойындай отырып, басшылықты жаңарту қажеттігін айтты. Бірінші хатшының айрықша рөлі баршаға белгілі екенін атап көрсете келе, О. Исаев Голощекинді өз қателіктерін түзетуге қауқарсыз деп ойлайтынын да жазды. Ол Бас хатшы И.В. Сталиннің тікелей өзіне осындай пікірін  ашық жолдап, Қазөлкекомның бірінші хатшысы Голощекинді ауыстыру қажеттігін тұңғыш та дара, әрі жалғыз көтерді. Әрине оның ондай пікірі бірден қош алына қойған жоқ. Сонымен бірге  О. Исаев  қазақ ауылы мен мал шаруашылығы жөнінде шұғыл атқарылуға тиіс ұсыныстар да тұжырымдап, сол мәселелер жөнінен Орталық Комитеттің арнайы шешім шығаруын сұраған-ды. Бұл өтініші қанағаттандырылды.  1932 жылғы 17 қыркүйекте БК(б)П Орталық Комитеті Қазақстанның ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығы жөнінде қаулы қабылдады. Алайда оның орындалуы мардымсыз болды. Голощекиннің партактивте «Орталық Комитет 17 қыркүйектегі қаулысымен мақұлдаған Қазөлкекомның ауылды қайта құрудағы ірі жетістіктері» жөнінде айтқан өтірікке толы бөспе-сөзінен де қайран болмады. Халық аштық, індет зардаптарын тарта берді, қырылу, босқындық тыйылмады. Ол жайында Сталинге 1932 жылғы 29 қыркүйекте РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесі  төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұлов хат жазды. Ақыры, жағдай тым асқынып, Алматы көшесі аштық құрбандарынан аяқ алып жүргісіз болған 1933 жылғы қаңтарда, «адал лениншіл-сталиншіл» Филипп Голощекин Мәскеуге, Жоғары Төрелік Сотты басқаруға шақырып алынды. (Сенімді кадріне қамқорлық жасауды «халықтар әкесі» ұмытпайтын). Автономиялық республиканың басшылығы ауыстырылды. 1933 жылғы 9 наурызда Т. Рысқұлов көсемге Қазақстандағы ауыр жағдай мен оның себептерін баяндап, тұйықтан шығарар ұсыныстар қорытқан екінші хатын берді. Ұзамай республикада Левон Мирзоянның басшылығымен,  шет елдерге асып кеткендер мен аштықтан қырылғандарды ауызға алуға тыйым салулы ахуалда, ашаршылық зардаптарын мал шаруашылығындағы жағдайды жақсарту арқылы  жоюға бағытталған жұмыстар жүргізіле бастады...

Ұлттық Апаттың осынау аса қасіретті кезеңі сормаңдай халықтың өз өкіметінің қылмысты солақайлықтары салдарынан орын алғанын мойындайтын уақыт жетті. Қазақстанның шартарабында билік құрған жергілікті  жұмысшы-шаруа депутаттары кеңестерінің делегаттары республикалық құрылтайда таңдап сайлаған Орталық Атқару Комитеті большевизмнің қылмыстарына заңды даңғыл жасап беріп отырды. Оның орнына сталиндік конституция бойынша  келген Жоғарғы Кеңес те тап солай етті. Мұның бәрі енді тек қана Ақбас Тарих... Дегенмен, солар әрекет еткен «қуыршақ» республика орнында бүгін тәуелсіз Қазақстан Республикасы бар. Мемлекеттік нышандардың бәрін жаңадан құрып жатырмыз дегенімізбен, аспаннан түскен жоқпыз: біз сол «қуыршақ» республика аумағын иелендік, яғни біз сол бақытсыздыққа тап келген халық пен оның бай жер-суының мұрагеріміз. Сол «қуыршақ» республикадағы басқару құрылымдарын жетілдіріп, тәуелсіздік талаптарына сай қайта құрып жатқан егемен қожайынбыз. Бүгінгі Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі – бұрынғы тарихи даму өзгерістеріне орай бірін бірі алмастырған заң шығарушы органдардың құқықтық  мұрагері. Сондықтан да осы Парламент тәуелсіз елдің заң шығарушы органы ретінде, кешегі бодан еліміздің «парламентінің» қазаққа өз тағдырын  өзі айқындауға толық ерік берілді-міс  делінетін большевиктік жалған ақпарат-уәделер астарында қуыршақтық сипат алғаны хақында халыққа ашып айтса жөн болар еді. Сөйтіп, халықты 30-жылдарғы алапат аштыққа, тоз-тоз босқындыққа  ұрындырған Ұлттық Апатты большевизмнің, шынтуайтқа келгенде,  «қуыршақ парламент» қолымен жасағанына опыну сезімін білдірсе, ол сөзсіз – тәуелсіз мемлекетіміздің зор имандылық-адамгершілік қадамы ретінде қабылданар еді. Міндетті түрде – сан ұлт өкілдерінен құралған қазақстандық халықты ортақ мақсатқа ұйыстыра түсер рухани күшке айналар еді. Бұл ретте Ұлттық Апат құрбандарын аза тұтатын арнайы күн белгілеудің де маңызы зор болмағын атап айту жөн. Біздің ойымызша – ондай күнге әр мамыр айының соңғы жұмасы арналса оңды болар еді. Мамырдың ақырғы жұмасында ұжымдарда, көпшілік орындарында, мешіттерде, бәлкім шіркеулер мен басқа да ғибадатханаларда  және, әрине, жеке үйлерде еске алу, намаз оқу, дұға бағыштау шараларымен атап өтілетін азалы жиындар жүріп, астар берілер болса – елдік келбетіміз айдындана түсер еді. Әр жыл сайын мамырдың соңында айналып  соғатын Азалы Жұма 31 мамырдағы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінің не алдына, немесе тіпті бір жұлдызға тұстас келуі мүмкін. Қалай болғанда да, осынау  біріне бірі сабақтас екі айдармен айшықталған қаралы-салтанатты күндер барша іс-шаралардың имандық ажарын жарқырата ашып, бірін бірі толықтыра түсетін болады. Мәжіліс тарапынан қабылданса ғой деп үміт етіп отырған осынау болашақ құжаттың бір тармағы жоғарыда тілге тиек болған мұражайға арналуы ықтимал. Ондайда, Саяси қуғын-сүргін музейі алдындағы алаңға – большевиктік режим аясында халқына адал еңбек сіңіріп опат болған сан мың азаматқа ортақ ескерткіш  ретінде, биік сүйір ұшы көкке шаншылатын айбарлы сүңгі-обелиск орнату қажеттігі де ескерілер деп ойлаймыз.

Ұлттық Апатты  мәңгі есте ұстау шараларын, сөз жоқ, бүкіл ел болып қолға алу қажет. Оның алғышарты –  ҚР Парламентіндегі өкілдері етіп күллі ел-жұртымыз таңдап сайлаған халық қалаулыларының  арнайы тарихи құжат қабылдау арқылы осы ортақ іске сергек те беделді үн қосуында...

ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Кеңес Нұрпейiстің тең авторлығымен жазылды. 29 маусым 2002 ж.

(Талтүске дейін. Публицистикалық хроника. Алматы: «Мария», 2005. – 246–263-бб.)

Бейбіт Қойшыбаев

19.05.2018

Жалғасы бар

Abai.kz

 

13 пікір