Сенбі, 23 Қараша 2024
Дін мен тін 5444 19 пікір 21 Мамыр, 2018 сағат 15:44

Мазар және Мемлекет  

Адамның тіршілігі мына дүниедегі кеңістік пен уақыттың аясында өтіп жатады. Адам үшін осы дүниені игеру, сақтау, қорғау тек физикалық шарт қана емес, ол киелі метафизикалық міндетті тұғыр.

Ислам теологиясы бойынша бұл дүние, адамның өмір мен өлім арасындағы сынақтан өтуі үшін жаралған. Жеке адамның сынақ уақыты оның тарихы. Ал әрбір адамның жеке тарихы, ол тұтас бір мәдениеттің де, діннің де, ұлттың да, мемлекеттің де тарихы. Қазақтың тарихи танымында уақыт пен кеңістік, кәдімгі физика мен метафизика сияқты жан мен тән қатынасындай сипатқа ие. Сондықтан қазақ дүниетанымында уақыт пен кеңістік тұтас қарастырылады.

Әрбір адамның Құдай алдындағы жеке сынағы оның өлімімен аяқталғанымен, мына дүниедегі ізі кейінгі қалған тірілерге өнеге, тәжірибе, жол, салт, жора болып қалатыны мәлім. Бұл уақыт сонымен қатар өнеге, үлгі яғни адамның ақылын, арын, жанын, малын, намысын қорғаудың, сақтаудың тәжірибесі. Бұларды мәдениет қабаттары дейміз.

Із қалдырғандардың  өмірі де, өлімі де мәңгі есте сақталады. Бұл – тарихи сана. Сана тірі яки белсенді болса, тарихта аты қалады, аңызға айналады. Сондай аңыз, әпсана болған бабаларды еске алу – ол адамның рухани қажеттілігі, рухының қызметі.

Негізінен тарихи сана, яки тарихи жады мен діни киелілік арасында тығыз байланыс бар, оның әлеуметтік қыры осы тұста ашылады. Мысалы Иасауидің «зикр (еске алу) теориясы» мен ұлттық тарихи сана арасында құбылыстық ұқсастық бар. Мұны тарихи сабақтастық, (өткен, осы және келер шақ) үш уақыт тұтастығы деп қараймыз.

Адам мәңгілік, себебі оның ізі, мазары оның артында қалғандары үшін сол кеңістікті иелену құқын берумен қатар, мемлекет - билік және отан деген киелі тұғыр қалыптастырады. Демек, мазар тек мәйіттің жерленген топырағы ғана емес, адамның отанының қазығы. Отанның яки кеңістіктің киелілігі деген тұжырымдама осы жерде өзін көрсетеді.

Адамның ислам теологиясы бойынша, біртұтас үш отаны бар. Рух әлеміндегі отаны, сосын ана құрсағында, туған соң отанымен кіндігі арқылы байланады. Сондықтан  да адам үшін «туған жер киелілігі» маңызды орынды иеленеді.

Адам туған соң мына дүниемен рух-санасы арқылы қатынас жасайды. Қазіргі жахандық үдерістің басты амалы, адамды осы санадан яғни киелі отанынан байланысын үзу, ұмыттыру екендігі мәлім.

Енді адамның бұл дүниеде ең басты тұғыры отан болса, соның бірінші сатысы ана құрсағы, елі, мына әлемге келгендегі рухани тұғырлары, құндылықтары, сол сара жолменен иманы мен ұстанымынан өзгерместен Иесіне қайтуымен адам сапары шеңберін аяқтайды. Бірақ бұл дүниедегі іздері артындағылар үшін де, Құдай үшін де негізгі сынақ өлшемі болып қала береді. Сондықтан адамға өткен тарихын, жолын, іздері мен тәжірибелерін еске алып отыру – сунна, ұлы жол, яғни табиғи хәл. Құдайлық қалау. Демек кез келген мазар жай ғана томпайған топырақ емес, ол адамның ұлағат, өнеге, есту, ғибраттану обьектісі.

Мазардың сыртына қарап-ақ өлімді еске аласың. Ал мазмұнына үңілсең, өмірді қалай сүру керектігін сезінесің.

Мазар – рух пен сананың құбылыстық ескерткіші. Мазар – діннің де, ділдің де тарихы. Сондықтан болмыс деген ол жеке басың ғана емес, ұлттың, мәдениеттің жауапкершілігі мен еншісінде екендігін де естен шығармаған абзал. Міне осы орайда Иасауи атамыздың «заман», «макан», «ихуан», «рабти сұлтан» ұстанымы қазақ болмысының мәні екендігі айшықтала бастайды.

Қазір қоғамдық пікірде, кейбір бауырлар "мұндай елден кетемін, басқа елдің анаусы артық, мынаусы керемет" деген сөздер айтып жүр. Жарайды, салыстыру деген жақсы. Бірақ ешқандай салыстыру отан үшін жүрмейді. Себебі ол, Отан – анаң. Қанша жерден салыстырсаң да өз анасынан басқа артық ана тапқан жан бар ма? Сондықтан бұл елді салыстырып, ауыстыру отанға қызметті білдірмейді. Сабырмен, ғылыммен, біліммен, намыспен, ерік жігермен отанды емес, отаныңдағы үдерістерді ауыстыру басты мұрат болса құба құп.

Демек сенің тірлігің ғана емес, мәйітің де мына кеңістіктің яғни топырақтың әрі қарай қазақ отаны болуына сеп. Тірі болып қызмет етсең, қазақтың ажарысың. Ал егер дәм тұзың таусылып өле кетсең де, мазарың, қазақ тарихы болып қалады.

Мазар – қазақтың тарихи санасының мәні. Ол физикалық және метафизикалық тарихи ойлау жүйемізді тұтастандырып тұрған темірқазық іспеттес. Бұл сананы археологтар жақсы сезеді. Мазар  "культивациялық қызмет" рольін атқарып келеді. Мына қазақтың кеңістігін мазарларсыз елестетсеңіз, бұл жер менікі деп айта алмайтындай боласыз. Дін феноменологиясы тұрғысынан, мәдениеттер мен қалалардың пайда болуындағы мазарлардың рөлі туралы да арнайы зерттеулер жүрзігілуі тиіс. Мысалы, бұл тұрғыдан, Анкара қаласының «Қажы Байрам Уәли» атымен немесе Түркістан қаласының қалыптасуында «Қожа Ахмет Иасауидің рөлі» деген тақырыптар өте өзекті мәселе.

Дін феноменологиясы ғылымы тұрғысынан, діни ғимараттар ол: мазар, мешіт, шіркеу болсын, сол елдің рухани тарихы әрі тұратын ареалын көрсететін бірден бір белгі – ескерткіш. Мысалы, шіркеу православия үшін сол елдің шекарасын білдіретін символ. Патшалы Ресей үшін де «Русский мир» шекарасы алдымен шіркеу, сосын сыртын крепостьпен қоршайды.  Сондықтан мазар, мешіт ол рухани әрі саяси, геополитикалық тұғыр. Бұл мәселеге ғылыми таныммен қараған жөн.

Қазақ дүниетанымында "молалы жерде су болар, сулы жерде ел болар" деген өлшем бар. Осы өлшемнің мәніне үңілсеңіз, қазақ дүниетанымында «мазар», «ел», «су» бұлар геополитикалық категория. Бұл құбылыс кеше солай болған, бүгін де одан әрі жалғасып кете береді. Міне, қарап отырсаңыз адам үшін кеңістікте де, санасында да ұғымдық танымдық ескерткіш-ұстындар орын алады екен.

Көріп отырғаныңыздай, «мен» яки «болмыс» деген ол тек адамның жеке тұлғасы ғана емес. Ол оның артында тұрған мәдени ғарышы. Менді «мен» дәрежесіне жеткізген әлем ол менің – мәдениетім. Сол мәдениетті түзетін құндылық атаулы адам санасына ұғымдар арқылы енеді. Тіл арқылы ұғым, түсінік, таным, тұжырым, дүниетаным, дін, барлығы мені қоршаған ғарышқа айналады.

Қазақ мемлекеттілігі мен саяси тарихында осындай геополитикалық мәні бар орталық Түркістан қаласы болды. Түркістан – бір жағы Сыр, бір жағы Қаратаумен қоршалған, табиғи қорған ішіндегі киелі мекен, яғни «Фараб» аймағы болатын. Әрі Түркістан ірі сауда жолында орналасқан түркі-ислам өркениетінің орталығы. Сондықтан тарихта бұл қасиетті мекенді иелену үшін талас-тартыс толастамаған. Бұл қаланы «иемдену» тарихы да «мазар құбылысына» барып тіреледі. Бұл жердегі мазар құбылысы тікелей Қожа Ахмет Иасауидің тарихи тұлғасымен байланысты. Яғни, Иасауидің «Әзіреті Сұлтан», «Пір-и Түркістан», «Аситана-и Сағадат» сияқты атақтары мен даңқы да ықпал еткен.

Түркістан қаласын алғаш астана еткен қазақ хандарының бірі Есім хан болды. Ол, өзінің өсиеті бойынша, Қожа Ахмет кесенесіне жерленген. Есім ханнан кейінгі қазақ хандарының барлығы дерлік осы мекенде жерленді. Кейбір деректер бойынша, қасиетті Түркістанда қазақтың 21 ханының сүйегі жатыр. Олардың арасында ІІ Жәнібек хан (1643 жылы қаза тапқан); Салқам Жәңгір хан (1652 жыл); Әз Тәуке хан (1718 жыл) және қазақтың үш жүзін біріктірген ең соңғы ханы — Абылай хан (1781 жыл) бар.

Абылай хан да Әзірет Сұлтан жатқан қабырхананың шығысындағы дәлізде, шығыс есігі алдына қойылған. Бұл дәліз ескі деректерде осы жерде жерленген ханның атымен «Абылайхана» деп аталған.

Кешегі мен бүгінгінің алтын көпірі болған, қазақ мемлекеттілігінің төрі, киелі бесік Түркістан, киелі мазар (пантеон) ретінде де тарихи мәнге ие. Тек өткен тарихта ғана емес, ол бүгін де тарихи сабақтастық арқауы. Осы орайда, Егемен еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегі орасан. Елбасымызға, әрине, амандық, денсаулық тілейміз. Бірақ өлім де айтып келмейді. Менің ойымның да осы жерде тиегі ағытылады. Уақыт сағаты жетіп, о дүниеге аттана қалса, Елбасының сүйегі киелі Түркістан қаласына, Әзірет Сұлтанның жанына жерленсе, қазақ мемлекеттілігінің тарихи, саяси сабақтастығы мен баяндылығының кепілі де орнын тапқан болар еді. Бұл кеңістіктің де, тарихтың да, сананың сабақтастығына қызмет етер еді. Бұл ой мені Астанадан пантеон салынады деген кезден бастап мазалап келеді. Әрине, бұл Егемен елдің тұңғыш президенті ретінде Әзірет Сұлтан жанына ресми жерленуі де қазақ саяси мемлекетілігінің өткені мен бүгіні арасындағы көпірді қайта жалғап кетер ме еді деген ой... Себебі, қазіргі жахандық үдерістегі саяси геополитикалық қауіпсіздік маңызды. Осы орайда бүгінгі егемендіктің кешегі мемлекеттілік арасын саяси санада жалғап өтетін бір құбылысқа тоқталып кетсем деймін. Кешегі үзілген елдігіміздің, мемлекеттілігіміздің тарихи заңды мұрагері болып отырған Тәуелсіз Қазақстан Республикасы екендігі даусыз. Ширек ғасырлық уақытта талай асулардан өтіп келеміз. Мемлекет тәуелсіз ел ретінде әлі қалыптасу үстінде екендігі мәлім. Қазір сырттан да ұлан ғайыр жерімізге көз тігіп, қитұрқы геополитикалық мүдделерін телігісі келіп отырған сыртқы ішкі саяси орталықтар жоқ емес.

Мемлекет, мемлекеттілік бұлар киелі ұғымдар. Мемлекетсіз мәдениеттің де, ұлттық болмыстың да тіршілігі неғайбыл. Сондықтан бүгінгі қазақ мемлекеттілігі үшін де тарихи сабақтастық яки тарихи тәжірибе басты рухани тұғыр екені даусыз.

Қазақ сан ғасырлық сыннан өтіп, өзінің егемендігі мен елдігін жариялады. Оған да, міне, бүгін ширек ғасырдан асты. Қазіргі әлемдегі геополитикалық және жаһандық қысымдар мен өзгерістер ұлттық, мемлекеттік болмысты сақтауда тарихпен үндесу шартын алдымызға тартып отыр.

Бүгінгі қазақ мемлекеттілігі кешегі қазақ хандығының жалғасы. Бүгінгі киелі отанымыз, кешегі қазақ хандығының территориясымен нақтыланған. Болмыстық, өркениеттік тұғыр бойынша да исламдық құндылықтар арқылы нақтыланған өткен тарихи тәжірибемізге оралуымыз қажет. Бұл мемлекеттілік тарихының сабақтастығы мен баяндылығының кепілі де болмақ.

Міне, Түркістан қазақ елінің астанасы, қазақ мемлекеттілігінің негізі ретінде дала мен қала тұтастығынан тұратын, түркі ислам өркенитінің тұғырындағы жаңа болмыстық саяи орталық болды. Кезінде Хан Кененің еркіндік жолында «Алаш жұртын» қасыма ертемін дегендегі саяси идеологиялық тұғыры да осы Түркістан болатын. Мағжанның да «Түркістан – Ер түріктің бесігі ғой, Түріктің тәңір берген несібі ғой» дегенінде терең тарихи сабақтастыққа толы мән жатыр.

Досай Кенжетай Тұрсынбайұлы,

Философия, теология ғылымдарының докторы, профессор.

Яссаитану ҒЗИ директоры

Түркістан қаласы

Abai.kz

 

 

 

 

19 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5406