Серікбай Алпысұлы. Миы бар да, тілі жоқ...
Диалектикалық материализм қағидалары бойынша қоғамдағы қайшылықтар - дамуға ықпал ететін қозғаушы күш. Біз мұны өз еліміздегі мемлекеттік тіл төңірегіндегі біріне-бірі қарама-қайшы жағдайларға байланысты еске алып отырмыз.
Мемлекеттік тіл проблемасы қазір күн тәртібіне қатаң қойылып, жан-жақты талқылануда, оның тағдырына алаңдаушылық ашық айтылып жатыр, заң қабылданып, мемлекет тарапынан біршама істер қолға алынды да. Алайда, нәтиже онша емес, жетістіктер мардымсыз. Қоғамдағы шынайы ахуалға қайшы келіп, бүкіл республика азаматтарын бір сәтте, бір жылда қазақша сөйлеуге көшіру немесе көндіру, тіпті мәжбүрлеу керек деп талап қоятындар да бар.
Әрине, көпшілік ондай ұшқарылықтан аулақ, бірақ, Тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде 20 сөз үйренбеген қандастарымыз, отандастарымыз туралы не айтамыз?
Біз мемлекеттік тілді меңгермеген өзге ұлт өкілдерін айыптауды қойып, өз қандастарымыздың, жастарымыздың нигилистік психологиясына қарсы күресуіміз қажет. Тіл мәселесінің күрделі теориялық түйсіндерін айналшықтай бермей, проблеманы қарапайымнан күрделіге қарай талдасақ: бүгінде біз, қазақтар ана тілімізде сөйлеуді қойдық, тіпті, жастар емес, жасамыс екі қазақтың бір-бірімен орыс тілінде шүлдірлеп отыратыны үйреншікті көрініс. Ал жастарымыз ана тілін білмейтініне еш қымсынып, намыстанбайды.
Диалектикалық материализм қағидалары бойынша қоғамдағы қайшылықтар - дамуға ықпал ететін қозғаушы күш. Біз мұны өз еліміздегі мемлекеттік тіл төңірегіндегі біріне-бірі қарама-қайшы жағдайларға байланысты еске алып отырмыз.
Мемлекеттік тіл проблемасы қазір күн тәртібіне қатаң қойылып, жан-жақты талқылануда, оның тағдырына алаңдаушылық ашық айтылып жатыр, заң қабылданып, мемлекет тарапынан біршама істер қолға алынды да. Алайда, нәтиже онша емес, жетістіктер мардымсыз. Қоғамдағы шынайы ахуалға қайшы келіп, бүкіл республика азаматтарын бір сәтте, бір жылда қазақша сөйлеуге көшіру немесе көндіру, тіпті мәжбүрлеу керек деп талап қоятындар да бар.
Әрине, көпшілік ондай ұшқарылықтан аулақ, бірақ, Тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде 20 сөз үйренбеген қандастарымыз, отандастарымыз туралы не айтамыз?
Біз мемлекеттік тілді меңгермеген өзге ұлт өкілдерін айыптауды қойып, өз қандастарымыздың, жастарымыздың нигилистік психологиясына қарсы күресуіміз қажет. Тіл мәселесінің күрделі теориялық түйсіндерін айналшықтай бермей, проблеманы қарапайымнан күрделіге қарай талдасақ: бүгінде біз, қазақтар ана тілімізде сөйлеуді қойдық, тіпті, жастар емес, жасамыс екі қазақтың бір-бірімен орыс тілінде шүлдірлеп отыратыны үйреншікті көрініс. Ал жастарымыз ана тілін білмейтініне еш қымсынып, намыстанбайды.
Мені бір сұрақ қинайды: арғы уақытты айтпай-ақ қоялық, Тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде бүгінгі жоғары білімді жастарымыз не мектепте, не институт-университетте ана тілін білу, құрметтеу мәдениеттіліктің, зиялылықтың басты шарты екенін, ұлттық намысы жоқ өрен-отансыз, ұлтсыз, тексіз жетім екенін естіп-білмегені ме? Бұған кімді кінәларыңды біле алмайсың.
Тіл - ата-ана, отбасы, балабақшадан бастап, мектеп, қоғамдық орта арқылы үйретіліп, қалыптастырылады. Ұлттық тілде тәрбие беретін балабақшалар әлі жас сәбидей балаң, қалыптасу үстінде. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында Қазақ телевидениесінде «Балапан» деген арна әрең ашылды. Ал мектептер... әйтіп-бүйтіп қазақ тілін оқытқан болып жатыр. Одан мемлекеттік тілде жатық сөйлеп, жаза білетін орыс-қазақты көре қоймайсың (орыс тілінде оқытатын және аралас мектептерді айтамыз).
Орыс мектептеріне қазақ тілін оқыту енгізілгеніне жарты ғасыр. Нәтиже неге жоқ? Мұғалімдерге қыруар қаржы босқа төленгені ме? Дәп солай. Мұның өзі көзалдау жұмыс еді, әлі де сол қалпында. Бір мысал келтірейін. Одақ тарамаған, тараудың қарсаңындағы кез. Обкомның идеология жөніндегі хатшысы Қуаныш Сұлтанов қазақ театрында кездейсоқ кездесе кетіп, Қарағандыдағы ірі орыс орта мектебінде қазақ тілін оқытатын тамаша мұғалима барын айтып, сол кісіні газетке жазуды тапсырды. Ол мектеп қаланың ортасында, Ленин кинотеатрының маңында екен, ертеңгілік кезде бардым. Мектеп директоры мұғалиманы (аты-жөнін әдейі атамай отырмын, негізі қаладағы жақсы ұстаздардың бірі.) жер-көкке тигізбей мақтады. Қазақ тілі пәніне кабинеттер бөлу басталған кез ғой, дағарадай бір бөлме беріпті. Іші толған көрнекі құралдар, қазақтың тұрмыстық бұйымдары, қолөнер, зергерлік заттары, қазақша кітаптар. Ішім жылып қоя берді. Жоғары сыныптың ұл-қыздары кабинетті жуып, тазалап жүр, мұғалиманы қатты сыйлайды екен. Жуырда осы жоғары сынып оқушылары «Абай» пьесасын қойыпты. Таңданғаннан есім шықты. Мұндай жетістікті естіп білмеген едім. Бірақ, қуанышым ұзаққа бармады, жаңағы «Абай пьесасын қойған оқушылардың бір де бірі бір ауыз қазақша сөз білмейді екен! «Бұл қалай?!» деуден басқаға шамам келмей, мұғалиманың бетіне телміре қарап, отырып қалдым. Ол кісі де ақталарға сөз таппай: «...енді осы ғой, қарағым... ептеп жұмыс істеп жатырмыз...» деп міңгірлей берді.
Бұл таңдануға болмайтын, сол кездегі кәдімгі үйреншікті көзбояушылық жағдай еді. Қазақ тілі пәнін білмесе де, ұнатпаса да әдейі құрмет көрсеткен түр көрсетуді, сөйтіп жоғары жаққа жақсы пікір туғызуды асқан шеберлікпен ұйымдастырып жүрген мектеп директоры екен. Ол заманда да, қазірде де, «анықтама» деген пәлемен жұмыс істеу басым ғой, демек, обком хатшысын біреулер оңдырмай алдаған. Әр деңгейдегі билік басындағы шенеуніктер істің нақты жағдайын өздері немесе аппараты арқылы бақылап, бағалап отыруға уақыт таппай, әйтпесе, мойны жар бермей, анықтама арқылы қорытындылайтын қырсықтан қоғам әлі құтыла қойған жоқ.
Енді көзбояушылықты тоқтатып, шындықпен жұмыс істесек, не болатынын талдап көрелік. Мемлекеттік білім беру жүйесінің бағдарламасына енген пәндерді меңгермеген оқушылар, студенттер аттестат немесе диплом ала алмайды, сыныптан сыныпқа, курстан курсқа көшірілмейді. Қазақ тілі де сондай пән қатарында. Одақ кезінде бұл пәнді меңгермегендер оқу орындарын еш кедергісіз бітіріп жатты. Қазір де солай. Өйткені, талап заңға сәйкес болса, мектепті де, университетті де санаулы ғана адам бітіріп шығар еді немесе оқу орындары түгелге жуық жабылып тынар еді.
Мемлекеттік грантты аз алған ЖОО-ры қазір қатты қиындық көріп отыр. Ол қиындықтың ең сорақысы үлгермеген студенттерді шығарып жібере алмайды, өйткені, онда өзі қаржысыз қалады. Сөйтіп, үлгерсін-үлгермесін, оқысын-оқымасын, әйтеуір диплом беріп шығарып жатыр. Қазірдің өзінде оқымаған, білімсіздерден гөрі дипломды ақымақтардың қоғамға қаншалықты зардапты екенін көріп жатырмыз. Екінші жағынан «әйтеуір оқыса болды» деген пиғылмен балаларын институтқа түсіру біздің қазаққа әуес іске айналды. Мұндай талапсыз, күйкі ниет дипломды жұмыссыздар армиясын қаптатып, осынау қайшылықты құбылыс енді мемлекеттің алдына күрделі міндеттер қойып отыр.
Жалпы, Кеңестер Одағының білім беру жүйесі мемлекет пен халық мүддесіне соншалық қиғаш келе қоймайтын. Қазір мемлекеттік тілде оқытуды бірінші кезекке қою мақсатына он екі жылдық оқу жүйесіне көшу, замана талабына орай жаңа пәндер енгізу науқандары араласып, жұмысты тым ауырлатып, жүйені күрделендіріп жіберді. Бұларға тоталитарлық заманнан қалған қисынсыз қайшылықтар қосылып, ескі мен жаңа жеңісе алмай жатыр.
Бір жағдай есімнен кетпейді. 1959 жылы Қарағанды пединститутының тарих-филология факультетіне қабылдау емтиханы қатарына неміс тілі пәні де енгізілді. Ал қазақ бөліміне түсуге талап қойғандар арасында неміс тілі түгілі, орыс тілінде ойын айта алатын бір адам жоқ-ты. Әлдебір қаулыға орай, кейбір балалар мектепте неміс, ағылшын тілдері оқытылмағаны (мұғалім жоқтықтан.) туралы анықтап әкеліпті. Ең қызығы, соған қарамай, формальды түрде емтихан қабылданып, оқуға түстік. Қиындық енді басталды: неміс тілі жоғары оқу орнының бағдарламасы бойынша оқытыла бастады. Оқытушы аудиторияға тиісті талапқа сай немісше сөйлеп кіреді, осы тілде түсіндіреді. Біз ештеңе ұқпай, көзіміз жыпылықтап, үнсіз отырамыз. Пәннен «үштік» алған студент стипендия алмайды, олардың басым көпшілігінің әкелері жоқ, соғыста өлген жетімдер. Неміс тілінен ештеңе білмесек те осы тілден мемлекеттік емтихан тапсырып, институтты бітірдік. Сонда мемлекет бұлай оқытудан қандай пайда көрді?
Оқу орындарындағы (әсіресе, жоғары оқу орындарындағы) қазіргі жағдай осының дәл көшірмесі, тек тілдер орын ауыстырған. Мектепте қазақ тілін біз жоғарыда әңгімелегендей жағдайда «оқып-білген» өзге ұлт балалары енді қазақ тілін жоғары мектеп бағдарламасы бойынша игеріп кете ала ма? Амал жоқ, диплом беруге тура келеді.
Міне, қайшылық осы жерден тағы шыға келеді: сонда мемлекет тілі оқытылмау керек пе? Бұл еш нәтиже бермейтін әурешілік дейміз бе? Мәселені Мәсімов үкіметі шешуге тиіс.
Тіл туралы Заңымыз бойынша, мемлекеттік лауазымды қызметке мемлекеттік тілді білетін кез келген қазақстандық азамат қабылданады. Түсінікті. Ал заңның шынайы орындалысы ешкімді де қанағаттандырмайды. Өзге ұлт өкілдері былай тұрсын, жергілікті ұлттан шыққан мемлекеттік қызметкерлер ана тілін белден басып сөйлейді немесе мүлде сөйлемейді. Іс қағаздарының мемлекеттік тілде жүргізіле бастауына орай министрліктерде, облыстық мекеме-ұжымдарда аудармашы деген «қызмет» пайда болды. Бұл мамандықтың тілімізге тигізіп жатқан шапағаты шамалы, неше алуан қойыртпақ аудармалар проблемасына соқтықпай-ақ қоялық, аудармаға сүйенген ұлттық кадрларымыздың өзі орысша оқығанын желеу етіп, қазақша оқып-жазуға маңайламайды. Бұлар жоғарыдан мемлекеттік тілде келген нұсқау хаттарды, қазақ бола тұра, орысшаға аудартатын ауруға ұшыраған.
Жағдай осы күйінде қала берсе, өзге ұлт өкілдері түгілі, өз қазағымызға ана тілін үйрете алмасымыз ақиқат. Ал қазақша құжаттарды шенеунік қазақтарға орысша аударып беріп отырсақ, тіл үйренудің қажеті қанша.
Жалпы, мемлекеттік тілді білмейтін адамдар үшін аудармашы жалдап қызметке алу қай мемлекетте бар? Қазақша-орысша сөйлейтін қазақтарды Франция, Германия, Италия, Англия, т.б. елдер мемлекеттік тілді білмесе, қызметке, тіпті қара жұмысқа алар ма? Экономикалық-әлеуметтік әлеуеті бір ғана Қарағанды облысына жете алмайтын Монғолияның өзі ондай көзбояушылыққа бармайды. Бірақ, Қазақстанда туып-өскен орыс, украин және басқа ұлттар өкілдері тым құрыса қазақша сәлемдесуді де үйренбей-ақ, аяғын алшаң басып, ірі-ірі мемлекеттік қызметтерді иеленіп жүр. Неге бұлай? Әлде басшы кадрлар жетіспей ме? Премьер-министріміз Кәрім Мәсімов байырғы қазақстандық, соның ішінде түркі тілдес нәсілден екеніне қарамастан, Үкімет басшысы ретінде мемлекет Заңдарын, конституциялық талаптарды қорғауды міндет санамайтын сияқты. Оның қазақшасы туралы сөз шығындаудың қажеті жоқ. Өйтіп өзін де, мемлекеттік тілді де қор қылғанша, биік лауазымды тастап шыққаны жөн болар еді.
Бәлкім, мұндай азаматтардың бізге тілінен гөрі миы көбірек қажет болар? Ол да мүмкін. Алайда, парақорлық, жалақорлық, сыбайлас жемқорлық, баққұмарлық, протекционизм сияқты сан алуан сиықсыз құбылыстар елімізді кернеп бара жатса, тілімізді құрбан етіп ұстап отырған милы бастардан енді не күте аламыз? Осындай шым-шытырық жағдайда тіліміздің тағдырына тек күрсіне бермей, білек сыбана кіріспек керек. Ол үшін Ғабит Мүсірепов ағамыз айтқандай бәріне де «Авгийдің атқорасынан» бастау ләзім.
Серікбай Алпысұлы,
Қазақстанның
Құрметті журналисі
Қарағанды қаласы
«Орталық Қазақстан» газеті