Мырзатай Жолдасбеков: «Елбасының емтихан тапсыруы ерекше болды»
-Ассалаумағалейкум, аға!
-Уағалейкум.
-Абай.кз ақпараттық порталынан хабарласып тұрмыз ғой.
-Иә, иә.
-Бұған дейін мемлекеттік тілден сынақ тапсырған президенттіктен үміткерлерге қарағанда, президент Н.Назарбаев сынақты қандай дәрежеде тапсырып өтті. Соны өз аузыңыздан білейік деп едік.
-Ассалаумағалейкум, аға!
-Уағалейкум.
-Абай.кз ақпараттық порталынан хабарласып тұрмыз ғой.
-Иә, иә.
-Бұған дейін мемлекеттік тілден сынақ тапсырған президенттіктен үміткерлерге қарағанда, президент Н.Назарбаев сынақты қандай дәрежеде тапсырып өтті. Соны өз аузыңыздан білейік деп едік.
-Ең бірішіден, президент конституцияның алдында да, тіл мәртебесінің алдында да Қазақстанның басқа азаматтары сияқты, президенттіктен үміткерлер секілді бірдей екенін тағы да дәлелдеді. Конституцияны, заңды сыйлайтынын айқын дәлелдеді. Келіп емтихан тапсырды. Өзге тапсырғандар секілді үш сұрақтан, үш түрлі сынақтың деңгейінен өтті. Бірінші, жазба жұмысы. Жазба жұмысында өзі таңдап алған конверттегі сұрағы «Әлем және Қазақстан» болды. Ал енді президент Назарбаев Қазақстанды әлемге танытып, таңғалдырып, оны мемлекет қылып құрып, дәрежесін арттырып, экономикасын дамытып, әлемге танытып мойындатып отырған адам емес пе?! Сондықтан бізге өте әдемі жазба жұмысын өткізді. Екінші сұрақ ол - Абайдың өлеңдері мен қара сөздері болды. Жақсыны жақсы деуіміз керек қой. Айызымыз қанды. Баяғыда Абайдың 150 жылдығында баяндама жасап, «Абай - қазақтың рухани көсемі» деген еді ғой. Абайды терең оқығаны, білетіні көрініп тұрды. Абайдың өлеңдерінен жатқа мысалдар келтіріп отырды ауызша. Абайдың қара сөздерінде жатқа айтып отырды. Үшінші бұл жалпы саясатқа байланысты сұрақ болды. Конверттегі сұрағы: «Қоғам және демократияның сыпаты». Қоғам, жалпы мемлекет қалыптастырудағы, адам санасын қалыптастырудағы рөлі туралы өте терең айтты енді. Айта алатын адам ғой.
Содан кейін комиссия мүшелері де көп сұрақ қойып, көкейде жүрген кейбір мәселелерді де ортаға салды. Мәселен, мен ол кісіге тіл мәселесінде кейбір ұғымдардың жазылуына мән беруіміз керек дегенді айттым. Мәселен, орысшасы выбор президента ғой, қазақшасы - қазақша дұрыс ойлайтын кісіге Қазақстан президентін сайлау ғой. Ал, бізде қазір Қазақстан президентінің сайлау деп жазылады. Бұл ұғым тіптен меншікке жақындап кететін сияқты. Мұны ойлану керек сияқты деп айттым. Мәселен, 1991 жылы елбасының тұңғыш президент сайлауында бүкіл штабын мен басқардым ғой. Сол сайлауды жер-жерде дұрыс жүргіздік. Сонда елбасы сайланғаннан кейін инагурациясын өткіздік. Сол жылдың желтоқсан айындағы газеттері оқып қарасаңыздар, «президент Назарбаев халық алдында ант берді», деп жазғанбыз. Қазір ант қабылдады дейді. Осыған да мән беруіміз керектігін айттым. О кісі көптен айтып жүр, мен осы сөзіңіз дұрыс дедім. Кез келген сөзді құлағынан сүйреп ұстап алып, мойнынан қылқындырып, қазақшалауға әуестенбеуіміз керек. Дүниежүзінің бәрі интернационалдық терминдермен өзінің тілін байытып отыр ғой. О кісі айтты: «Мен баяғыда айтқан жоқпын ба, класты сынып деп, содан кейін жалпы ана адам түсінбейтін көптеген сөздер бар. Өткенде жылдың аяғында Еркеғали Рахмадиевке «Еңбек ерін» беріп, кеудесіне тағы жатқанымда: «Бұрын композитор едім, қазір сазгер болдым» деп айтты», дейді. Адам жаны ашиды ғой шынында да. Әлемде композитор демей ме, солай емес пе?! Өзі айтты: «Ұшақ, балмұздақ деген сияқты қазақ тілінің табиғатына сай аударылған жақсы сөздер бар. Соларды қабылдау беруіміз керек. Ал, жаңағыдай сөздерді ойлануымыз керек екен», деді. Мен мұның бәрін қағазға түсіріп отырдым. Көрдің бе, тілдің өте бір нюанстарына дейін ол кісі мән беріп отырды.
Сосын комиссия мүшесі Фаузия Оразбаева: «Мәселен, бұрын біз диссертатция қорғаушы едік. Енді қазір Phd деген шықты. Ол дұрыс. Сіз оны қолдап жатырсыз. Біз де оны қолдаймыз. Бірақ, Phd деген атақты алу үшін ол бір жетекшісі міндетті түрде шетелдік болуы керек. Сонда қазақ тілінен, қазақ әдебиетінен, қазақ тарихынан шетелдік жетекшіні біз қайдан табамыз?» дегенді айтты. Сейіт Қасқабасаов та жақсы бір ұсыныс берді. «Нұреке, мынау біздің елтаңбамызды қараңызшы. Қарап отырсаңыз, Қазақстан деген сөз көзге көрінбейді. Екі жағындағы қанаттың алтын түсті бояуымен бірдей боялып кеткен. Көрінбейді. Сондықтан оны көгілдірмен бе бөліп жазса неғылады?», деп еді, о кісі бәрін тыңдап отырды. «Сұрақтарыңыздың өзінен ғибрат алдым, ойланатын нәрселер айтыңыздар», деді. Сосын Дихан Қамзабекұлы: « «Назарбаев университеті» деген нәрсе ағылшын тілінің нормативіне келетін шығар бәлкім. Бірақ, қазақшаға келмейді ғой. Сондықтан, «Нұрсұлтан университеті», «Нұрсұлтан жетілген мектептері» деп атасақ қалай болады?», деп еді: «Жақсы болды ғой, маған өте дұрыс ой салдың. Анау ағылшыншаның калкісі, солай аудара салған ғой», деді. Демек, бұл жерде тілдің де үлкен мәселелері көтерілді.
Ал енді ол кісі еркін тақырыпқа келгенде, он бес минут еркін тақырыпта сөйлеуі керек қой. Еркін тақырыпқа келгенде шырағым, шынын айтайын айызымыз қанды. Қоғам деген не? Қоғам деген адамның өмірімен байланысты ғой. Отбасы, бала тәрбиесінен бастап, үлкен мемлекеттік мәселелерге дейін сосын жалпы демократияның не екенін, демократияның принциптерін, қай қоғамды өмір сүріп жатырмыз? Не істеумізі керек? Қандай қоғам құруымыз керек? Ұрпаққа қандай мемлекетті қалдыруымыз керек? Мінекей, осынша жерге жеттік. Аз уақыттың ішінде осыншама табыстарға қол жеткіздік. Енді біз орта жолда қарап қалмауымыз керек. Балаларды оқыту, шет тілінде оқыту осы мәселелердің бәрін сондай кең талқылады. Сұрақ берген кезде Фаузия Оразбаева айтты: «Мәселен, шетелді шет тілін төртінші кластан бастап оқытады. Біздің бірінші кластан бастап оқытқанымыз дұрыс емес сияқты. Алдымен балаға өзінің ана тілін үйрету керек қой», деп еді, ол кісі айтты: «Мынаның да жаны бар екен. Баяғыда мен мектепті қазақша бастап, жетінші класта орысша кетіп, сонан кейін қайтып қазақшаға келдім. Мектепті бітіріп алып, Теміртауға кеттім. Теміртаудан кейін Украина, одан кейін Қарағанды. Ол кезде қазақ тілі жоқ. Мемлекеттік тілі - орыс тілі. Шынын айтқанда өз тілімді өзім ұмытқандай болып, 1979 жылы орталық партия комитетіне хатшы болып келген кезде ана тілімді ұмытпағанменен, қарайыңқырап қалғанымды сезіндім. Әрине, ауыз екі сөйледім, бірақ, мәдени орта, зиялылар арасына барғанда қарайыңқырап қалғанымды анығырақ сездім. Кейіннен жетілдік. Менің тез үйреніп кеткенім, қазақ тілімен ауыздандым ғой», деді. Көрдің бе, қандай жақсы.
Барды бар деуіміз керек қой. Баяғыда Әлкей Марғұлан ұстазымыз, ағамызға: «Ойпырым-ай, осыны қалай айтып отырсыз?», деген де: «Білеміз ғой. Білген соң айтамыз», дейтін. О кісі біледі ғой, білген соң айтады ғой. Өзіміз сондай бір рахаттандық. Еркін сөйлестік. Ұзақ әңгіме болды. Тілдің тағдыры, тілдің болашағы талқыға түсті.
Мен білмеймін енді, әркім өзі біледі ғой. Ешкімнің аузына ешкім қақпақ болған жоқ. Әнеукүні бізден емтиханнан өте алмай қалған президенттікке үміткер Қайсаров деген азамат «Мені саясаттан сұрады», деп бізді, мына, кәдімгідей лингивистикалық комиссияны сынайтын көрінеді. Әй, ол ана тақырыбы тарихқа қатысты болғаннан кейін Дихан Қамзабекұлы тарихқа қатысты сұрақ қойған. Сонда біз тілді не арқылы түсінеміз? Қазақ тілі - мемлекеттік тілді еркін меңгергенін қалай дәлдейді ол. Ауыз екі әңгіме арқылы дәлелдейді емес пе! Солай емес пе?! Конституцияда жазылған ғой: Қазақ тілін еркін меңгерген, жасы қырықтан асқан, Қазақстанда туған, кейінгі он бес жылда Қазақстанда тұратын азамат сайлауға түсе алады ғой. Қазақ тілін еркін меңгерген дегенде ендеше, біз тілдің заңдылықтарын: морфологияны, синтаксисті, граматиканы сұрауымыз керек те. Әңгіме онда емес қой. Әңгіме - президент деген кім ол? Президент елдің басшысы. Көшін бастайтын адам. Сондықтан ол халықтың алдында өзінің ана тілінде еркін сөйлей алуы керек. Басқа ұлттың өкілі болса, мемлекеттік тілде сөйлеуі керек. Мен енді ойлаймын шырағым, тек адам әлін білу керек. Президенттік деге ермек, ойыншық емес қой. Президент деген сөздің ар жағында халықтың тағдыры тұр. Мәселен, осыған біздің бүгін тағы да көзіміз жетті. Мен кеше опай-топай, аласапыран болып жатқанда совет одағы қирап, күйреп оның құрамында болған мемлекеттер тас-талқан, жермен жексен болған кезде осы кісінің қасында болған адаммын. Оны сендер жақсы білесіңдер ғой. Несін жасырайын. Сонда тәуекелге бел байлап, елдің тағдырын, келешегін өзінің мойнына іліп шыққан адам ғой, азамат. Құдайға тәуба, сүрінген жоқ қой. 19 жылда қаншама дүние жасалды. Кеше иттің күшігі сияқты кез келген елдің есігінен сығалап жүр едік қой. Бізді ешкім кіргізбеп еді ғой. Енді сол дүниенің төріне шыққан жоқпыз ба?! Кеше саммит өтіп, түкірігі жерге түспей тұрған көптеген мемлекеттердің басшылары келіп, кезекке тұрып Қазақстан президентінің қолын алғанда көп адамдар көзіне жас алды ғой. Құдайға тәуба, мұны да көрдік десті. Сондықтан әр нәрсенің жөні болады деп ойлаймын да. Бүгін тағы да көзіміз жетті. Референдум жасайық дегенде де халықтың әне-міне дегенше тез ұйымдасып, бес миллионнан артық адамның қол жинап, елбасын 2020-ншы жылға дейін қайта сайлауға дайын екені ненің белгісі ол? Бұл - елбасына сенгендіктің белгісі. Назарбаев дүнияға келмегенде, оның бала кезінде бұған балама жоқ деп ешкім айтқан жоқ қой. Академик Зейнолла Қабдолов Назарбаевтың қадыр-қасиетін таныған соң айтты. Назарбаевтан кейін де шығады ғой, құдайға тәуба! Алтын құрсақ аман болса, қазақ туады перзентті. Бірақ қазір, мен ойлаймын, бойында қуаты бар да, ақыл, парасатының бәрі орнында тұрғанда, кәдімгідей дүниені шолып көріп отырғанда, халықтың тағдырынан ешқандай тартынбай өзінің мойнына жүктеп отырған кезде елдің сенімі өте дұрыс назарға ауған екен. Мен бүгінгі әңгімеден тағы да осыны түйдім, шырағым. Контитуцияда қазақ тілін еркін меңгерген деген сөз болатын болса, мен айтар едім, Назарбаев қазақ тілін мінсіз меңгерген адам. Тек меңгеріп қана қоймаған, осы тілдің де болашағын арқалаған адам. Кешегі халыққа жолдауында да айтып отыр ғой: "2020-ншы жылы Құдай қаласа, мектеп бітіріп шығатын балалардың бәрі қазақша сөйлейді", деп. Қазірдің өзінде қарасаң, өзге ұлттың балаларының бәрі талпынып тілді біліп жатыр. Мен сол жай басып, жайқалып жүргенде біздің балалар далада қалып қоя ма деп қорқамын. Қалада өскен балалардың көбінің санасына жетпей қала ма деп қорқам. Ертең президент болатын адам бәрібір қазақ тілін білуі керек қой.
Қазақстанның болашағын танып, Құдайға тәуба, осындағы тыныштықты, ынтымақты танып неде болса, салған ақшам далаға кетпейді деп инвесторлар неге келіп жатыр? Олар ақымақ емес қой. Олар келіп қана жатқан жоқ, олар қазақ тілін үйрене бастады. Көзім көріп жүр.
Емтиханның да емтиханы бар ғой енді, мынау елбасының емтихан тапсыруы ерекше болды. Үлкен басын кішірейтіп келіп, өзінің конституциялық міндетін орындап, абыроймен қайтты.
-Рахмет, аға.
«Абай-ақпарат»