Жұма, 22 Қараша 2024
Аласапыран 6301 13 пікір 11 Маусым, 2018 сағат 09:45

Путинге "Достық" ордені неге берілді?

2018 жылдың 8 маусымында Қытайдың “Социалистік осызамандандыру құрылысы, Қытай мен шетелдердің барыс-келісі мен ынтымақтастығына дем бергені, дүниенің бейбітшілігін қорғау үшін айтулы үлес қосқан шетел азаматтарына беріледі” деп тағайындалған "Достық" орденінің тұңғыш данасы Қытайға мемлекеттік деңгейде сапарлап, ШЫҰ-ның кезекті саммитіне қатысуға барған Ресей президенті Путинге сыйланды.

Неше мың жылдық өркениет тарихы бар елде бұрын-соңды болмаған мұндай “Мемлекеттік ең жоғары атақты”  айшықтайтын орденнің Путиннің мойнына ілінуі және ерте де емес, кеш те емес, дәл осы самиттің шақырылуына орайлас “үлгерілуі” тіпті де тегін емес-ті. Осы орденді тағайындау жайлы ресми түсініктемеде оның мақсаты - "Қытай мен шет елдер арасындағы достық үлгісін көрсету арқылы дүниеге достық пен бейбітшілік, теңдік пен әділдік сынды басты мұраттарды насихаттау, әлемнің Қытайға деген көзқарасын жақсарту” деп көрсетілген екен. Хош делік.

Қарамаққа, “дүниенің бейбітшілігіне қосқан айтулы үлесі үшін” Путинді өнеге етіп дүниеге бейбітшілік, теңдік, әділдік мұраттарын насихаттау сайқымазақтық емес пе? Баса айтылған адамзаттық мұраттарда Путин қай түрімен өнеге болады? Бұл арада әңгіме орден ұсынушы мен қабылдаушының “әпекеме жездем сайлығында” болып тұр. Әлемдегі екінші ірі экономикаға айналғалы бері Қытайдың әлемді жаңа тұрпатты халықаралық қатынастар жүйесін жасақтауға үндеп және оған бел шеше кірісіп жатқаны белгілі. “Батыстық осызамандануды адамзаттың бірден-бір сәтті де дұрыс даму логикасы деп қараудың жаңсақ екеніне”,  қайта, “даму моделінің кілең батыстануының, батыстық құндылықтардың ауажайылуының, адамзат өркениетінің бірегейленіп бара жатуы сыңаржақтылығымен дүниені тығырыққа тірейтіндігіне бек сенетін Қытай билігі, өзінің 40 жылдық реформа тарихымен “адамзат дамуының байырғы капитализмнен басқа да жолы бар екендін (Қытайлық өзгешелікке ие социализм), батыстық еркіндік пен демократияның бәріне бірдей сәйкесе бермейтінін, батыстық құндылықтардың жалпыға бірдей мұрат бола алмайтынын” дәлелдегенін жиі жариялайтын болды. Оның осы ұстанымы мен үгітіне Путин шынымен де, таптырмас “өнеге”! Еркіндік, теңдік, демократия, кісілік құқ сияқты құндылықтарға көзқарас және осы құндылықтарды сыйлау мен тұтыну тұрғысынан Путиннің Си Цзинпиньмен бір ұяның бөлтірігі екені о бастан мәлім. Ендеше, алғашқы аталмыш орденнің Путинге тағылуы заңды да. Бұл іздесіп табысқан екеудің ең әуелі күллі әлемге батыссыз да (АҚШ-сыз да) күн шығатынын ескерту үшін керек-ті.

Жуықтан бері онсыз да мәз болып көрмеген Вашингтон мен Бейжин арасы мүлдем қожырай бастаған. “Америка мүддесі бірінші орында” ұранымен билікке келген Трамп, сол АҚШ мүддесін басшылыққа ала отырып, осы жылы сәуірде Қытайдан импортталатын құны 50 млрд$ өнімге 10-25% кедендік баж салығын енгізетінін мәлімдеуі сол екен, Қытай да оның экспорт тауарларына баж салығын көтеретінін жариялап, жауырынын күжірейткен. Өзара дөңайбат шегіскен қос тарап кейіннен едәуір итіс-тартыспен ымыраға келгенімен, бұл түбегейлі бітім деуге болмайтын жағдаят-тын. Бұл текетірестің Қытайға бергені сол, Трамптың қолға тұрмайтын қиғылықты мінезі мен қисынға құлықсыз мәмілесіне сеніп, арқаны кеңге салуға болмайтынын ескертумен бір уақытта, Қытайдың Америкамен тәжікелесуге шамасының, әсіресе, жоғары технологиялы және инновациялы салаларда шанақты екенін көрсетіп берді. ТРР-дан шығып, өңірлік одақтардан ауаша болуды қалаған Трамп, былтырдан бері осы тактикадан тайқып, бұрынғы Тынық мұхит әскери округін Үнді-Тынық мұхиты қолбасшылық штабы деп өзгертуімен, геосаяси алаңда бұл өңірден бас тартпайтынын, Қытайды түстік теңіз тарапынан қыспаққа алатынын түсіндірді. Осындай экономикалық, геосаяси жайсыздықтар Қытайды Ресеймен оң қабақпен мәмілелесуге итермеледі немесе мәжбүрледі.

Ақүйге Трамп келгелі Ресейге де “санкциялар шеруін” төпелеткені белгілі. Бұл кезегінде Кеңес Одағы ыдырағаннан бергі мерзімде  нақтылы құрылымдық өзгертулер жасалып, жүйелі жаңғыртылмаған Ресей экономикасына ауыр соққаны аян. Батыстың қыспаққа алуынан кейін шикізатын сатар нарық және соған шығар жолға зәрулігі артқан Ресей де тал қармағандай кепте еді. Осы тұста мұнай мен газдың қомағай нарығы, инвестиция мен несиенің ықтимал көзі - Қытайдың оң ишарасы оған іздегенге сұрағандай әсер етті. Айлас қатын мұңдас дегендей өзара мүдделестік тараптарды жақындастыра түсті. “Бір бірінің өзекті мүддесі мен көкейтесті қалауына ыждағаттық танытып келген қос тарап қатынасының тарихтағы ең жоғары деңгейге жетіп, қазіргі әлемдегі мемлекеттер ара байланыстың үлгісіне айналғанын” білдірген Путинге, кезегінде Си Цзинпинь де “Қытай мен Ресейдің қай-қайсысының да қарсы жақтың өзекті мүдделерін табандылықпен қорғап келгенін, жершарын меңгеруге бірлесе де белсене қатысып, жаңа тұрпатты халықаралық қатынастар жүйесі мен адамзаттың тағдырластығы қауымдастығын қалыптастырудың мызғымас діңгектеріне айналғанын” жеткізді. Екі алып елді бір бірін жаңа көргендей табыстырып отырған да, Путинді “Достық" орденімен қауыштырып отырған да екі басшының жаңағыдай баса дәріптеулеріндегі “өзекті мүдделер” деп айтса болады.

Ал, аталмыш орденнің тура ШЫҰ саммиті тұсында берілуі де кездейсоқ емес. ШЫҰ түптеп келгенде, осы Қытай мен Ресейдің жетекшілігімен, сондай-ақ, АҚШ-ның Азия-Тынық мұхит аймағында аяғын аңдып басқызу үшін құрылған ұйым. Әрі екеуі де осы ұйымды нығайту мен кеңейтуге барын салып келеді. Жайшылықта бастары бір дастарханға бірікпейтін Үндістан мен Пәкістанның бұл ұйымға килігісе кірулері де осы екеуінің ықпалымен іске асқан шаруа. Аталған орденнің дүние жүзі жан санының  жартысына жуығының басын қосып отырған ұйымның саммиті қарсаңында табысталуы, өте-мөте Трамптың Еуроодақ пен Канада сынды дәстүрлі одақтастарына да кеденсалығын көтерем деп, олардың жаппай наразылығына қалып, “үлкен жетіліктің” қаржы министрлері" басқосуының осыған бола ырың-жырың болып жатқан тұста табысталуы, өздеріне қырын көзқарасты Америка мен батысты мұқату, халықаралық ұпай жинау үшін де таптырмас орай болғаны шүбәсіз

Құрмет Қабылғазыұлы

Abai.kz

 

13 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1455
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3217
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5262