Сағадиев һәм Біртановтармен қоштасар кез таяған сияқты
Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев бөлінген қаражатты игере алмай жатқан министрлерге қатаң ескерту жасады, - деп хабарлайды Аbai.kz ақпараттық порталы. Кейбір сарапшылардың болжамынша, бұл ескертудің соңы алдағы күндері бірнеше министрдің тағынан түсуімен тәмамдалуы мүмкін.
Бүгінгі Үкімет отырысында бірқатар министрлер 2018 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша республикалық бюджеттің орындалуы туралы баяндама жасады.
Сол баяндамаларға көңілі толмаған Үкіметбасы Бақытжан Сағынтаев егер де шын мәнінде қаржы игерілмесе, алты айдың қорытындысымен ақшаның бәрін кері қайтарып алатынын қатаң ескертті.
«Бостан-бос ұстап отырғаннан гөрі, басқа министрліктердің тарапынан сұраныстар түсіп жатыр. Өзінің жолымен шығып, ақшаны уақытында тиімді игеру қажет. Жолдарға үлкен тапсырмалар болды, Жеңіс Махмұдұлы. Қауіп бар. Мәдениет және спорт министрлігі визит-орталықтарын соғып бітем дегенше туристік маусым өтіп кетеді. Әлі конкурс өтпеген. ЖСҚ-сы жоқ. Онда ақшаны неге сұрады? Ауыл шаруашылығы, Қаржы министрлігі де... Қосымша міне, қаржы сұрап отырсыздар. 42 млрд деген дайын тұр, міне. Алу керек те - басқа салаға салу керек. Бәрібір одан пайда жоқ», - деді ол.
Сөз соңында Үкімет басшысы: «Елбасының тапсырмасы бойынша Үкімет қаржыны бөлді. Парламент қолдады. Бюджет қабылданды. Бірақ, қаржы игерілмейді. Қашанғы күтіп отырамыз? Не экономикада өсім жоқ, не халықтың алдында айтатын сөз жоқ. Есеп берілген кезде бәрін де қатырып жатырмыз деп айтамыз. Одан кейін бәрі ұмыт қалады. Айтпады демеңіздер, құрметті әріптестер! Соңғы сөз - жарты жылдың қорытындысынан кейін бөлінген, алайда игерілмеген қаржы басқа салаға жұмсалатын болады. Ары қарай өздеріңіз білесіздер. Халық пен Елбасының алдында өздеріңіз жауап бересіздер», - деді.
Үкімет басының бүйтіп баса сөйлеуі бір тықырдың таяп келе жатқанының белгісі. Бюджетті дұрыс игермей, соңғы кезде көп сынның астында қалған бірнеше министр орындарынан кетуге қамдана берсе болады.
Ақорда жақтан соққан желдің сыбдыры ол тізімде Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев пен жұқпалы дерт келгенде қол қусырып қарап қалған Денсаулық сақтау минситрі Елжан Біртанов бар екен-міс дейдi.
Кемел Тұтқышев
Abai.kz