Серік Жолдасбай. Әлиханға атылған оқ Алтынбекті де айналып өтпеді
Алаш аманатын арқалаудағы ауыртпалықты анық сезінген азамат Алтынбек еді. «Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын!», - деп серт еткен Әлекеңнің әз арманын орындай алатын да Алтынбек болатын. Қаскөйлер «тірі болса» Алтекеңнің «қазаққа қызмет қылмай қоймайтынын» жете түсінді. Сондықтан да болар, амал-айласын асырған қанды қол қарақшылар оны алашынан айырды.
Алаш аманатын арқалаудағы ауыртпалықты анық сезінген азамат Алтынбек еді. «Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын!», - деп серт еткен Әлекеңнің әз арманын орындай алатын да Алтынбек болатын. Қаскөйлер «тірі болса» Алтекеңнің «қазаққа қызмет қылмай қоймайтынын» жете түсінді. Сондықтан да болар, амал-айласын асырған қанды қол қарақшылар оны алашынан айырды.
Алтынбек Сәрсенбайұлының билікке қалай келгені туралы былайғы жұрт көп нәрсе біле бермеуі мүмкін. Қарапайым журналистің биік белестерді ұлттық мүддені ту ету арқылы бағындыруы бүгінгі таңда мүмкін емес сияқты болып көрінеді. Әйткенмен, мақалада - Әлихан мен Алтынбектің арасындағы рухани үндестікті аша түспекпін. Оған себепте жоқ емес. Мәселен 1989 жылы Алтекең «Өркен» және «Горизонт» газетін шығарса, тура жүз жыл бұрын, яғни 1889 жылы Әлекең ең алғашқы мақаласын жазады. Әлихан Бөкейхан атылар күні толтырған «тұтқын анкетасында» өз кәсібін «Журналист, аудармашы» деп көрсетеді. Ал, Алтекеңнің негізгі мамандығы журналист екенін ескерсек бұдан сәйкестік іздеуіміз қисынды сияқты. 1913 жылы «Қазақ» газетін ашқан алаштықтар: «Пайдасы бар істің қандай екенін біліп, соны істемекшіміз! Зарарлы істен қашпақшымыз! Бұрынғының оңды ісінен үлгі алмақшымыз!», - деп алдарына мақсат қояды. Алтынбек басшылық еткен қос бірдей басылымның бағыты: «Пайдасы бар істің қандай екенін білуге», сондай-ақ, «...оңды істен үлгі алуға!» арналғанына күмән жоқ. Себебі ол кезде «Өркеннің» таралымы 30 мың болса, «Горизонт» 100 мың данамен көпшіліктің сүйіп оқитын газетіне айналған болатын. Аталмыш газеттердің кең қанат жайуы басшылықтың ұлттық ұстанымды ұстанғандығын да болса керек.
1992 жылы А.Сәрсенбайұлын Н.Назарбаев мемлекеттік қызметке шақырады. Ол бұл турасында: «...Мен бас тарта бастап едім, ол кісі «Не ойың бар?», деп сұрады. Мен: «Осы газет арқылы жекеменшік баспасөздің принципін қалыптастырмақшы едім», - деген ойымды айттым. Ол кісі: «Ақша тапқандарың дұрыс, бірақ қазір мемлекетті аяғынан тұрғызуымыз керек. Егер мемлекетті дұрыс құра алмайтын болсақ, тапқан ақшаларыңның барлығын коммунистер келіп, қайта тартып алады», - деді әзілдеп», - дей келе ойын былай сабақтайды: «Ол кісінің сөзінің жаны бар болатын. Мен оған келістім», - дейді.
Әйтсе де, ол билікке «тапқан ақшамызды коммунистер тартып алады» деп емес, «жақсы тұрмысты көрмеген» қазағына қарайласайын деп барған болатын. Оған Алтекеңнің: «...Қазақ халқы - кедейліктен ең қатты қажыған халық. Біздің қазақтың көнбістігі - жақсы тұрмысты көрмегенінде», - деген сөзі дәлел.
Алашордашылар белгілеген Шекараны алғаш Алтынбек айтты
2004 жылы Ақпарат министрлігін қайта басқаруға барған А.Сәрсенбайұлы мемлекет басшысының алдына үш мәселені қояды. Соның үшіншісі халықаралық міндеттемелерге сәйкес келетін БАҚ туралы жаңа заң қабылтаттыру болатын. Кейінірек оның себебін: «Өз басым саяси реформалар процесін БАҚ туралы жаңа заңды қабылдаудан бастауды дәйекті де жүйелі жол деп есептеймін және солай есептей де беремін. Халықтың шын мәнінде не ойлайтынын, нені ойлап жүргенін ашық айтуына мүмкіндік беруіміз керек», - деп түсіндірді.
А.Сәрсенбайұлы саясат сахнасында жүрсе де мақала жазудан қол үзген жоқ. Ол өз публицистикасында елдегі келеңсіздіктер мен қатар, болашақта қалай даму керектігі жайында жиі-жиі мақала жазды. Алтекең мемлекет басшысы Н.Назарбаевты өткір һәм сауатты сынаған санаулы саясаткерлер санатына жатады. Мәселен: «Президент түрліше сөйлейді. Бүгін басқаша, ертең - одан да басқаша айта береді. Жақында былай деп қойып қалды: «Қазақстанда, қазақтарда ешқашан шекара болған жоқ. Бүгінгі шекара шегінде ешқашан да мемлекеттік болмаған». Тікелей эфирден осылай деді», - дей келе: «Парламент ләм-мим деген жоқ. Президентті өз отырыстарына шақырып, түсіндірме талап еткен жоқ. Ең аяғы профессор-депутат Айталы да (Амангелді Айталы. - СЖ) жұмған аузын ашқан жоқ. Президенттің осы сөзінің қисынсыз екенін жете түсініп, оны өзгелерден гөрі тереңірек көріп тұрса да», - деп күйінеді. Президент «сөзінің қисынсыз» екенін дәлелдеуге тырысқан саясаткер, жалаң сөзден гөрі тарихи фактіге жүгінгенді жөн көреді. Мәселен автор: «...ХХ ғасыр басында Әлихан Бөкейханов, Әлімхан Ермеков және Алашоданың өзге де аяулы азаматтарының Мәскеуге арнайы барып, еліміздің бүгінгі шекарасын белгілеп, нақтылап бергенін Айталы біледі ғой. Өздерінің білімі мен білігіне сүйеніп, тарихи айғақтар мен деректерді көлденең тартып, Алаш азаматтарының біздің шекарамызды айқындап кеткенін неге ұмытуға тиіс», - деп өз қарсылығын білдіреді. Алаш арыстарының шекарамызды белгілеп кеткенін ашық мәлімдеген тұңғыш саясаткер Алтынбек болса керек. Өйткені өзге саясаткерлер алашордашыларды тілге тиек еткенді зор «күнә» деп санайды емес пе?
Әлиханның сайлаудағы қарсыластарын білесіз бе?
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевты қанша сын садағына алып, әділ сайлау өткізу қажеттілігін талап етсе де оны мемлекеттік төңкеріс арқылы биліктен құлатуға үзілді-кесілді қарсы болады. Төңкеріс жасау қажетілігі туралы айтқан журналистерге ол үнемі: «...Жеке басым төңкерістің болғанын қаламаймын. Өйткені біз жас мемлекетпіз, Қазақстанда тыныштық болуы керек. Тіпті, мен саяси оппененті болсам да тұңғыш Президентіміздің тақтан төңкеріс арқылы құлағанын қаламаймын», - деп жауап беретін. Білетіндер «Алтекеңнің кезінде халық алаңға шығуға сақадай сай болатын» дейді. Әйтсе де ол, билікке келудің жолы осы екен деп ұлттың болашағына балта шабудан саналы түрде бас тарады. Мүмкін сол кезде Қырғыз еліндегідей билікті күшпен тартып алуға болатын ба еді, кім білсін?
Осы арада Әлихан мен Алтынбектің арасындағы мына бір сәйкестікке баса назар аударған жөн сияқты. Мәселен Ә.Бөкейханның іс-әрекетерінен халықты арандатып алмауға барынша тырсып баққанын байқаймыз. Алаштықтар 19-31 жас аралығындағы қазақтарды қара жұмысқа алудағы патшаның жарлығына мойынсынады. Исі қазақ жастарды әскерге беруге қарсы шыққанда алаштықтардың оны қолдауына бірнеше себеп болды. 1916 жылы халық Әлкеңдерді тыңдамағанда патшаның жазалаушы әскері қазақты қырып тастайтын еді. Сонда-ақ, әскерге барған жастар орыстарға қарусыз қарсы шыға алмайтынын және олар соғысты көзбен көріп қайтсын деген сияқты т.б. бірнеше мақсатты көздеді. Әлихан қазақтарды тыл жұмысына баруға үгіттеп жүргенде адайлар оның алдынан ту алып шығып «Ханымыз келді» деп қарсы алады. Ал Әлекең болса халқының «Ханымыз келді» деген сөзіне елтіп кетпей, «қойыңдар» деп басу айтады. Осы сапарында Әлкеңді халқы құрметтегені сонша, оған арнап тай сойып, сый-сияпатпен күтіп алады. Әлиханның мансапқа қызықпағаны туралы Қошке Кемеңгерұлы: «...Езілген халқы үшін амалсыздан... қара тұрмыстың кіріне былғанып, саясаттың сандалына түсуге мәжбүр болды», - деп жазады.
Осы ретте А.Сәрсенбайұлының да президенттік сайлауға түсуге мүкіндігі болғанын айтқан жөн. Қазақ халқы сондай-ақ, саясаттанушылар мен журналистер оны президенттікке үміткер ретінде танығаны анық. Мәселен: «...Белгілі саясаттанушы сізді президент сайлауында Назарбаевқа бәсеке болуы мүмкін деп есептейді...», - деген сауалға ол: «...Біз үшін президент, премер-министр немесе басқа болу арман болмауы тиіс. Біз үшін арман - елдегі жағдайды өзгерту, саяси құрылымды түзеу. Мен сондай арманның жетегіндегі адаммын», - десе, енді бір сұхбатында: «Менің президенттікке еш құмарлығым жоқ. Менің мақсатым - елдегі жағдайды жақсы жағына қарай өзгерту. Қазба байлыққа аса бай мемлекеттің азаматтары да сол Тәңір сыйлаған байлыққа сәйкес жақсы, бақуатты өмір сүруі керек. Мен осыны қалаймын», - деп пікір білдіреді.
Әйтсе де, ол 15 миллион халықтың ішінен президенттік сайлауға кем дегенде 5 үміткер қатысуы тиіс деп есептеді. Олай болмаған жағдайда: «...Біз потенциалдан жұрдай болғанымыз немесе басқа бір қиын жағдайда өмір сүріп жатқанымыздың көрінісі. Сол себептен, президент сайлауында Қазақстан қоғамы Назарбаевқа балама бола алатын, ол кісіден кем түспейтін 5 үміткер ұсына алады деп ойлаймын...», - деді. Өкінішке қарай, арада 6 жыл өтсе де Н.Назарбаевқа «балама болатын» 5 азаматты таппай, «потенциалдан жұрдай» болудамыз. Тіпті 6 миллион қазақтың ішінен кезінде Ә.Бөкейханға екі қарсылас шықпап па еді? Олай болса, халқының саны бүгінде 17 миллионға жуықтаған елімізде президенттікке кемінде 5-6 азамат ұсынылуы тиіс қой? Мәселен 1917 жылы Орынборда өткен сайлауда 79 делегаттың 19-ы Бақыткерей Құлмановты, 20-сы Айдархан Тұрлыбайұлын таңдаса, Әлихан Бөкейханға 40 азамат қолдап дауыс береді. Сонда қалай, арада 94 жыл өткенде, Алтекең айтқандай: «басқа бір қиын жағдайда өмір сүріп жатқанымыздың көрінісі» емес пе бұл. Қалай ойлайсыз?
Р.S. Базбіреулердің «тарих қайталанады» деген долбары дұрыс-ау осы. Өйткені 1937 жылы Ә.Бөкейханға атылған оқ, арада 69 жыл өткенде Алтекеңдей тұлғаны неге айналып өте алмады. Билікке келсе бәрі бір ұлттық саясатты ұстанатын болған соң ба? Неге атылған оқ ұлтшылдарға үйір?
«Адырна кз» сайты