Жексенбі, 24 Қараша 2024
Ел іші... 4993 6 пікір 20 Маусым, 2018 сағат 11:36

Қаралы отбасы. Қарттар мен балалар қамқорлыққа алынды

Жуырда «Abai.kz» ақпараттық порталында Алматы облысына қарасты Шелек ауылында тұратын, асыраушысыз қалған қос қария мен қос бүлдіршіннің тағдыры жайлы мақала жария болды.

95 жастағы Сылқымбай ата мен 87 жасқа келген Шәкен апаның қолындағы қолғанаты, келіні Керімхан Намазханқызы қайтыс болып, оның қос бүлдіршіні мен қос қария қамқоршысыз қалған еді. Ал, Сылқымбай қария мен Шәкен әженің ұлы Әли мен үлкен немересі Қайнар қазір Қытайда. Былтыр бұл отбасы Қазақстанға біржола көшіп келген. Кейін, Қытайдағы үй-жайын сатып келмек болып, екі азамат шекара асады. Сөйткенде, Қытай полициясы бұлардың құжаттарын алып қойыпты. Содан бері, міне 8 айдан асыпты,  Қытайдың жергілікті билігі Әли мен оның үлкен ұлы Қайнарды жібермей отырған көрінеді.

Марқұм  Керімхан Намазханқызын жерлеу рәсіміне біз де барып келдік. Қайғының батпан жүгін арқалаған ағайынға басу айтып, қос қария  мен мектеп жасындағы балақайлардың көз жасын көріп қабырғамыз қайысты. Ол оқиғаның мән-жайын өткенде егжей-тегжейлі жаздық. Оқып, танысамын деген жұртқа, міне сілтеме: https://abai.kz/post/72052

«Abai.kz» ақпараттық порталы мақаланы Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне назарына ұсынып, көмек сұрады. Сайтымызда жария болған мақалаға қатысты ҚР СІМ мен Алматы облысы әкімдігі үн қосып, көмек қолын созып жатыр екен. Бүгін осы жайлы жазбақпыз.

Аталған мақала Қайрат Әбдірахманов тізгінін ұстап отырған  Сыртқы істер министрлігінің құлағына жетіпті. Министрліктің баспасөз қызметі кезек күттірместен министрлікке, министр Қайрат Құдайбергенұлының атына ресми хат жазуымызды сұрады. Қос қария мен қос балапанның талап-тілектерін жазбаша арыз түрінде министрлікке өткізуімізді сұрады. Қазір хаттың мазмұны әзірленіп жатыр.

Айта кетейік, осы аралықта Алматы облыстық әкімдігінен Гүлбақыт Қасен хабарласып, Шелектегі қариялардың жағдайына қатысты әкімдік тарапынан жергілікті басшыларға нұсқау берілгендігін хабарлады.

«Abai.kz» ақпараттық порталының контент-редакторы, яғни осы жолдардың авторы Нұргелді Әбдіғаниұлына Еңбекшіқазақ ауданынан бірнеше азамат хабарласты. Атап айтсақ, Еңбекшіқазақ аудандық Мәслихатының хатшысы Бекет Төлегенұлы Ахметов, әкімдік аппаратының басшысы Бекен Орынбекұлы Керімбеков, аудандық Ішкі саясат басқармасының басшысы Момынжан Исламов мырзалар хабарласып, Шелектегі қос қария  мен мектеп жасындағы қос балапанға әлеуметтік жәрдем ұсынғанын айтты. Олар алдағы уақытта бұл отбасының құжаттарын рәсімдеуге күш салатынын айтты.

Момынжан Исламов, Еңбекшіқазақ аудандық Ішкі саясат басқармасының басшысы:

-Біз сайттағы мақаланы оқып, бұл кісілердің жағдайын естіп-білдік. Шелек ауылының әкіміне дереу хабарласып, қос қарияға көмек көрсетуді тапсырдық. Кешелі-бері Шелек ауылының әкімі Есенғали Есенханұлы Есенханов Сылқымбай атаның үйінде жүр.

Бюджеттен штат бөліп, қос қария мен қос баланың тамағын әзірлеп, киім-кешегін жуып, үйін тазалап отыратын әлеуметтік күтуші бөлдік. Ол кәнігі ресми жалақы алып отыратын әлеуметтік қызметкер.

Сосын марқұмның қырқы өткенше келімді-кетімді кісілері бар. Жаңағы қызметкер сол жерде болады. Жергілікті әкімдік азық-түлік, ұн-майын түгел алып берді.

Сосын Еңбекші қазақ аудандық Көші-қон полициясына да жағдайды айтып түсіндірдік. Қос қария мен екі баланың құжаттарын реттеуге олар да көмектеседі. Біз бұл істі өз бақуылауымызда ұстаймыз. Керек-жарақтарымен толық қамтамасыз етеміз.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3260
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5578