Жексенбі, 24 Қараша 2024
Алашорда 7734 86 пікір 27 Маусым, 2018 сағат 09:32

Асылұя - Еуразияны билеген династия

(Жалғасы. Басы мына сілтемеде)

Гунн Империясы. Шамамен IV ғасырда орнаған Гунн империясын билегендер де Асылұя ұрпақтары. Аттила (Аттылы) көсемнің әкесі – Мундзук (Мыңжік), ал арғы атасы Баламирдің (Баламір) атақты Моде (Мүде) шыңүй-шаньюдің он бесінші ұрпағы екенін ғалымдар дәлелдеген. Жалпы Гунн империясы мен Жужан қағанаты әуелде бір империя болған тәрізді. Яғни, ол – Маңғыстауда күш жинаған үйсүндік династия мен Асылұя тобы орнатқан алып империя (Маңғыстаудағы Алтынқазған деген жерден табылған «Гунн билеушілеріне тиесілі» делінген асыл заттар сөзімізге куә).

 

 

Жужандар басып алған Закавказьеде Савир мемлекеті пайда болғаны және оның патшалары мен Гунн билеушілері бір адамдар екені Жужан мен Гунн әуелде бір империя болғанын байқатады.

 

Жужан қағанаты. Жужан билеушілері – б.д.д. І ғасырда Үйсүн империясы билігінен айрылған топтың ұрпақтары. Үйсүн елі жүнді халқынан болғанымен, оларды билеген хоңыр (хұң) халқы адамдары (өздерін «хоңырмын» дегендіктен, қытай жазбасына «хуньмо» болып енген).

 

Қытай деректері Үйсүн билеушілері әйелді тек хұң халқынан алатынын, хұң қызынан туған адам ғана тақ мұрагері болатынын көрсетеді. Осы дерек Үйсүн мемлекетін билеген династия мен Асылұя тайпасы құдалықты дәстүр еткенін дәлелдейді. Үйсүн княздігін билеген хұңдар (хуньмо) сұрбөрі (сюйбу) тайпасынан сияқты, ал Хұң империясында сұрбөрі тайпасы сот жүйесін басқарғаны мәлім. Үйсүн княздігі халқы қытай деректерінде юэчжи деп те көрсетілетінін айттық. Хұң империясын орнатқан Мүде (Моде) шыңүй сол юэчжи-үйсүн елінде ер жетті, Үйсүн княздігін билеген хұңдар оның нағашы жұрты болуы мүмкін. Демек Үйсүн княздігін билеген сұрбөрілік династия мен Хунь империясын билеген асылұялық династия құдалық байланыста болған, бұл Үйсүн билігі «қытай жиендеріне» тигенше жалғасқан. Үйсүн мемлекеті б.д.д. ІІІ ғасырда Шыңжанда кішігірім княздік болып тұрғанда, халқы ошақ (юэчжи) тайпасы болатын (қытай «ошақ» атауын «юэчжакы» деудің орнына, қысқаша «юэчжи» деген). Қытай империясы көмегіне сүйенген Үйсүн княздігі (ошақ-юэчжи елі) б.д.д ІІ ғасырда Орта Азияны басып алып Үйсүн империясын орнатты (Ресей оны тарихқа Кушан патшалығы деп енгізді), соның нәтижесінде қытайларға Орта Азияға жол ашылып, Ұлы Жібек жолы басталды.

Сол Үйсүн империясын билеген династия б.д.д. 1 ғасырда «қытайшыл» және «хуньшыл» болып екіге бөлініп, өзара билікке таласқаны белгілі, ақыры «қытайшыл» топ жеңіп, жеңілгені Каспий теңізі жаққа кеткен (Тарихшылар «юэчжилер мен уйсундер қақтығысы» дейтін оқиғалар). Олардың өздері хұңдардың сұрбөрі тайпасынан болғанымен, негізгі күші ошақ (юэчжи) тайпасының тазжүрек руы болған. Сол себепті Каспий теңізі маңындағы жергілікті тайпалар оларды «жүр-жан» деп атаған (Каспий теңізі сол заманнан ІХ ғасырға дейін Журжан деп аталды, ал тазжүрек руы қазір сол аймақта отырған Таз тайпасы болып қалыптасты).

Жүржан елі ІІІ ғасырдың соңында Үйсүн империясының Орта Азия аймағын басып алып өз билігін орнатты. Яғни, «аталарына тиесілі болған билікті қайтарып алды» (Л.Гумилев «Үйсүндер жерін ІІІ ғасырдың соңында хундар басып алғанын қытай деректері дәлелдейтінін» жазған). Осылайша ІV ғасырдың басында қазіргі Қазақстан мен Орта Азияда Жүржан мемлекеті (қытайша «жужан») пайда болды. Үйсүн империясы билеушілері қазіргі Шыңжан аймағында ғана өз биліктерін сақтап қалды және Солтүстік Қытай билігін де қолдарына алды. Олардың басты әскери күші табын тайпасы болған (қытайша «табгачи» немесе «тоба»).

Жүржандар (жужан)  ІV ғасырдың екінші жартысында (367 жылы) сол шығыс аймақты да жаулай бастады. Осы тұста «тоба мен жужандар соғысы» деген атауға ие тарихи оқиғалар орын алды. Жужандардың арғы тегі үйсүндік билеуші династиядан екенін айттық. Жужандар өздері мен тобгач-тоба династиясы бір халық екенін мойындайтыны қытай деректерінде келтірілген. Яғни, жужан мен тобгач-тоба билеушілері Үйсүндік билеуші династияға жататындықтан, өзара туыстығын мойындаған. Қазіргі табын тайпасының қоңыр руы сол Үйсүндік «қоңыр» (хуньмо) династиясынан қалыптасқан. Осы себептен «тобгач-тоба» дегендер табын тайпасы, ал басқарушылары Үйсүндік билеуші династия дегеніміз орынды.

Ресейліктер тобгачтар мен жужандар сяньби халқынан, яғни маңғол тілділер деп бұрмалады. Қытайлық «Ляншу» дерегі мен «Наньши» дерегі жужандар хуньдарға туыс тайпа дейді, ал «Вэйшу» дерегі «жужандар суншу тайпасы» деп көрсетеді. Қытай жазбалары хуньдарды «сюнну» деп те атаған, «сюнну» мен «суншу» ұқсас дыбысталатыны көрініп тұр. Яғни, үшінші дерек алдыңғы екеуін растайды. Ресей ғалымдары осы «суншу» атауын «сянби» деп түсіндіру арқылы «жужандар – сяньбилік тайпа» деді. Сосын жужандардың тоба-табгачтарға туыстығы жайлы деректі пайдаланып, «тоба-табгачтар да сяньбилер» деп тұжырымдады. Алайда үш деректің екеуі «жужандар – хуньдарға туыс тайпа» дейді, демек, үшінші деректі де солай түсінуге болады. Сонда жужандар да, тобғач-тобалар да – түркітілділер. Жужан билеушілерінің арғы тегі хұңдардың сұрбөрі (сюйбу) тайпасынан болса, аналары асылұяң (силюань) тайпасынан. Осы себептен олар «сұрбөр-ас» деп аталған деп білеміз.

Жужан-гунн заманында хұңзақ халқының абар тайпасы Кавказға орнықты (қазіргі авар ұлты солардан қалыптасты). Маңғыстаулық маңғы тайпасының бір тобы Закавказеге сол заманда барды, олардың екінші үлкен бөлігі қазіргі Маңғолия аймағын мекендеді. Шыңғысхан заманындағы маңғыл тайпасы сол жужандар заманында Маңғыстаудан барған маңғы тайпасы болатын (Шыңғысхан заманында маңғыл тайпасында тайджут руы болды, ал ол адайжұрт атауының қытайша жазбаға түскен нұсқасы болатын). Жужан-гунндердің Кавказдағы әскері абар мен маңғы тайпалары, қазіргі Маңғолия аймағындағы әскері маңғы мен жергілікті теле (деле) тайпасы болғанын тарихи жазбалар растайды.

Сяньби-қидандар өздерін бағындырып билеген жүржан-жужандарды «манжур» дегендіктен, олардың аймағы кейін Манжурия деп аталып кетті («ман» – маңғы, ал «жур» – жүржан). Қидандар – ежелгі сяньбилердің өзі, ал сяньбилер ежелгі қытайлық Ся елінің солтүстікке кетіп ондағы ху тайпасымен араласуымен қалыптасқан (ху тайпасы жапон мен корейлердің арғы тегі). Яғни сяньбилер қытай мен ху халқы араласуымен пайда болған, осы себептен хұң тілінде олар «худан» деп те аталды (мағынасы – ху халқынан). Осы «худан» атауы тарихқа қытай жазбалары ықпалымен «хидан» болып енген. Ал жужан-манжурлар болса қидан-сяньбилерді, өздеріне бөтен болғандықтан, «халық» деп атаған тәрізді. Сондықтан сяньби-қидандар кейін «халха» деп аталып кеткен (қазіргі маңғолдар сол халхалар екені, маңғол мен жапон, корей тілдері өзара туыс екеніде ақиқат).

Қол астындағы қидан-халхалар ықпалымен манжурлар «жужандық» түркілік тілін жоғалтты. Алайда, оларда қазақы белгілер әлі де бар деседі. Кейінгі ІХ-ХІ ғасырларда Қидан мемлекетін билеген сол манжур-жужандық династия. Оларды қытай дерегі «сяо» деп көрсетеді, дұрысы – «асұя» (Асылұя атауының қысқарған нұсқасы). Ал ХVІ ғасырда Қытайды басып алып, Манжур-Цинь империясын орнатқан ру «журжен» деп аталған. Олардың әскері қидан-халхалар болды, қазір маңғол санатындағы сол халхалар Маңғолияға ХVІ ғасырда ғана келіп орнықты. Оған дейін бұл аймақты тек қазақ тайпалары иеленді. Осы деректер жужандардың дұрыс атауы «жүржан» екенін, Шыңғысхан заманындағы «маңғыл» тайпасы Каспийден барған «маңғы» тайпасы екенін дәлелдейді (тайджут руы – адайжұрт, яғни адай руы). Шыңғысхан заманындағы маңғыл тайпасы мен қазіргі халха-маңғолдардың еш туыстық байланысы жоқ. Десе де, оларды билеген топтар өзара туыс және журжандық Асылұяның ұрпақтары болып табылады. Қытай дерегі қидандардың солтүстігінде татаб (татар) тайпасы отырғанын айтады. Олардың солтүстік шығысқа барғандары саха (якут-жахұт) халқын қалыптастырды, қалғаны – Шыңғысхан заманындағы татар тайпасы.

Қытай шекарасындағы оңтүстік хұңдары (Ордос хунндары) қытай жазбалары «Юивэнь», «Хэсси», «Лянь» деген атаулармен кездесетін кішігірім мемлекеттер орнатқан. Бірақ ол мемлекеттерді жужандар заманында Қытай империясы жойып жіберді. Қытай жазбалары хұңдарды «сюнну» деп те көрсетеді, мағынасы «жабайы» дегенге саяды. Осы «сюнну» атауы кейін қытайша «най» деп те оқылғанын франсуз ғалымы Марсель Гране атап өтеді. Қытайша «най» сөзінің мағынасы «сүт», тек сүтті сусын ететін сюнну-хұңдарды қытайлардың «най» деп атап кетуі заңдылық. Осы дерек қытайлар IV ғасырдан кейін оңтүстік хұңдарын «най» деп атай бастағанын байқатады. Сол най-хұңдардың кей топтары қытай қысымынан батысқа кеткен. Оларды Асылұя тобы бастап жүрді, өйткені хұңдар тек Асылұя династиясын «билеуші» деп таныған.

Қытай деректерінде Жужандар әскер ретінде қолданған теле-телегут тайпасы бүлік шығарып өз мемлекетін құрғаны туралы мәлімет бар. Шындығында, сол бүлікті бастаған оңтүстіктен барып теле-телеуттерді өз билігіне көндірген най-хұңдар тәрізді. Себебі, «хун державасы» делінетін Юеван мемлекеті сол кезде сол аймақта пайда болды. Оның алдында қытай шекарасында болған хұң мемлекеті де Юйвэнь деп аталды. Екеуі өзара ұқсас атау және екеуін де орнатқан хұңдар екенін қытай дерегі дәлелдейді. Сол Юеван мемлекетінің аймағына қазіргі Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстарының жері кіретінін қытай деректерінен аңғару қиын емес (қазір найман тайпасы мекендейтін аймақтар). Демек, қытай шекарасындағы Юйвэнь мемлекеті жойылғанда най-хұңдар солтүстік-батысқа кеткен, олар сол жердегі Телеут тайпасымен одақтасып, Юеван державасын орнатқан (найман құрамындағы төлегетай сол телеуттер екені түсінікті). Артынан аталған мемлекеттің солтүстік аймағы жужандарға бағынды, ал оңтүстік аймағын эфталиттер басып алды. Дегенмен, най-хұңдар сол аймаққа орнығып, оларды Асылұялық топ басқарып, биледі деп тұжырым жасауға әбден болады. Олардың солтүстіктегі өзен бойын мекендегендері Най өзенінің атауын қалыптастырды. Оларға кейін Маңғы тайпасының кей рулары енгендіктен болар, най атауы «наймаң», яғни «найман» болып өзгерді (Наймандардағы көкжарлы, матай, базархан, қараша, қаржау, тіней, балықшы рулары мен маңғылық адайлардың жары, матай, базар, қараш, қаржау, тіней, балықшы рулары туыс деуге негіз бар). Кейін, ХІІІ ғасырда олар қазіргі Маңғолияда жеке Найман хандығын орнатты (наймандар құрамындағы Асан руы мен Ақнайман руы сол Асылұя династиясынан қалыптасқан болуы мүмкін). Демек Найман тайпасы хұң халқының І ғасырда Қытай шекарасында қалған бөлігінің VІ ғасырда қазіргі Маңғолия мен Қазақстан аумағына көшіп келуімен қалыптасты десек, қателеспейміз.

Жужан патшалығын билеген династия кейінірек «шивей» деп аталды. Әуелгі атаулары «сұрбөрас» екенін айттық. Сұрбөрі (сюйбу) – атақты «көкбөрі» тайпасы (қазақта «көк аспан» мен «сұр аспан» мағыналас, яғни «көк» пен «сұр» сөзі қатар қолданылады). Жужан атауын тарихқа енгізген «Р» дыбысы жоқ қытай жазбалары, дұрысында оның атауы – Жүржан, билеуші династия – «сұрбөрас». «Сұрбөр» атауы парсы-грек жазбаларында «савир» деп кездеседі. Сондықтан жужандар Закавказеде орнатқан мемлекет тарихқа Савир болып енді. Ол заманда Каспий теңізі «Журжан» деп аталса, Кавказдағы Савир мемлекетінің халқы кейін «журжан» деген христиан дінді ұлтқа айналғанын араб тарихшысы Әл-Масуди жазбасы айғақтайды.

Үйсүндер – ежелгі таулық жүнді халқынан, жүнділердің таңбасы таудың Тазқара құсы болған. Үйсүн империясы орнына Жужан империясын орнатқандар да үйсүндік династияның бір тармағы екенін айттық. Сол себептен Сыйбөрас династиясының таңбасы Тазқара болып сақталды. Кейінгі Түркі Ашиндермен болған билікке талас сұрбөрас атауын «шибөраш» етті. Оны қытай жазбалары «шивей» деп көрсетеді. «Шыңғысхан әулеті – ежелгі шивей ұрпақтары» делінеді, кейінгі манжурлық жүржен билеушілері де өздерін ежелгі шивей ұрпақтары ретінде таниды. Шыңғысхан әулеті жағымсыз «шибөраш» атауын Х ғасырдан кейін «бөріжігің» (қытайша «боджигин») деп өзгертуге қол жеткізді. Ал олардың мұсылмандыққа өткен Орта Азиялық туыстары қара тайпалармен құдаласып, қарапайым қазақ тайпасына айналды. Олар жағымсыз «шибөраш» атауын «шапыраш» деп өзгерткен. Яғни Шапырашты тайпасының арғы тегі Шыңғысханның Бөріжігің руымен туыс, екеуінің арғы тегі Жужан империясын билеген шибөраш-сұрбөрас династиясына барып тіреледі.

 

Эфталиты патшалығы. IV ғасыр соңында Жужан қағанаты иелігінде қазіргі қазақ даласы мен Маңғолия аймағы қалды. Оңтүстік Қазақстан, Орта Азия, Шыңжан, Ауғанстан аймақтарын бүгінгі Түркіменстан жерінен келген Эфталит әскері басып алды. Ал батыс аймақта дербес Гунн империясы пайда болды (Закавказьедегі жужан-жүржандар кейін дербес Савир империясын орнатты). Эфталит елін кейде "ақ гунндер" деп те атайды. Қазіргі Түркіменстанда І ғасырда «хунь» тайпасы болғанын қытай дерегі нақтылайды. Лев Гумилев: «Олар хунь болуы мүмкін емес, мүмкін хионидтер болар» деп бұрмалап жіберді. Алайда, хуньдарды жақсы білетін қытай қателесе қоймас, яғни Хунь империясы жойылғанда хұңдардың бір тобы сол аймаққа барып орныққан.

 

Эфталиттер сақтардың Языги тайпасы мекендеген аймақтан шықты, ал Языги – грек тілі бұрмалаған Үзікүй тайпасы. Кейін үзік атауы қысқарып «үз» болған, ал билеуші тайпа «ақ-үз» деп аталған. Араб әріпті жазбалардағы «ақ-үз» атауын «оқ-үз» деп тарихқа бұрмалап енгізген – Ресей империясы. Оларды біз Үз (оғыз) елі дейміз, түркімендер – солардың ұрпақтары. Үз елі (эфталит) келіп басып алған аймақ – ежелгі үйсүн жері, оларға отырықшы үйсүндер ғана бағынды. Ал қытай тарихшылары үйсүндер би-көсемдерін «Бек» деп атайтынын жазған. Үйсүндер сол әдетімен өздерін билеп бастаған үз тайпасы адамдарын «Үз-бек» деп атап кеткенін, кейін осы атау Орта Азияның барша отырықшыларына ортақ атау болғанын байқау қиын емес. Үзбек ұлты құрамында саналатын 92 рудың қатарында Үз руыда көрсетілген, ал үйсүн (уйшун) тайпасы үзбек ұлтының негізі (фундаменті) екенін ғалымдар мойындайды. Үз тілі (оғыз) мен үйсүн тілі араласып, үзбек тілі пайда болды. Үзбек ұлтының қалыптасуы осылайша V ғасырдан басталды.

Түркімендерді танытатын бір ерекшелік – алабай иті, түркімен ұлты қалыптаспай тұрып ондай ит болған. Осындай «епті алып иті» бар Үз (оғыз) елін көршілері «ептіалпит елі» деп атаған, осы атауды өзгетілді жазбалар «Эфталит» етіп тарихқа енгізген деп тұжырымдаймыз. Ал олардың билеушілері – «Ақ гунндер», яғни Хуньдық билеуші династия, дәлірек айтсақ, Асылұя династиясы.

 

Закавказедегі Савир мемлекеті. Ресей Савир мемлекеті Солтүстік Кавказда болды деп бұрмалады. Алайда, оның орны Закавказьеде болғанын тарихи деректерді салыстыра қарасақ, анық аңғарамыз. Савир мен Гунн билеушілері бір адам екені де анық байқалады. Ал гунндар Закавказьені IV ғасырдың екінші жартысында жаулап алғаны белгілі. Закавказедегі Савир мемлекеті өз заманында Иран мен Византияны тітіреткен айбынды империя болды, оның әскери күшін абар, сұрбөр (савир), маңғы (адай руыда бар) тайпалары құраған (абар тайпасы өзін хунзах халқынан деп таныды, ал сұрбөрі мен маңғы тайпалары шеттегі Маңғыстау жарты аралынан шыққандықтан өздерін хунзах халқынан деп санамаған).

 

Бұлақ (Болах) патша өлген соң орнына жесірі Бөріқыз (Боарикс) отырды. Сол кезден бастап Савир билеушілері византиялық христиандыққа өте бастады. Оның орнын басқан Жілікті (Зилигда) патша да, одан соң билеген Мұрагер (Муагер) патша да Византиямен тығыз одақтас болғаны және христиан дінін қабылдағаны рас. Савир империясын Асылұя династиясына жататын Сыйбөрас династиясы биледі, халқы журжан деп аталды. Византиялық шіркеу тілімен христиандық қабылдаған сол журжандар Х ғасырда Кіші Кавказ тауында отырған христиан дінді журзан деген ұлтқа айналғанын араб тарихшысы Әл Масуди жазады. Журзан атауы кейін гурзан, сосын грузин болып орнықты. Осылайша Закавказеде Савир империясын орнатқан журжандар византиялық христиандықты қабылдау арқылы грузин ұлтын қалыптастырды.

Грузин тілінің 18 диалектіге бөлінуі олардың құрамына көптеген кавказдық этностар енгенін айғақтайды. Алайда, ұлттың негізін салған түркілік жүржан-жужандар болған. Византиялық шіркеу тілі журжан-грузиндер тілін мүлде өзгертті деуге болады. Десе де, грузиндердің негізгі сөздері қазақылығын сақтаған. «Мен, сен, сенің, қала, ошақ, адам, нәзік, бар, тапал, қаріп, сақтаушы, көше, шиша, шалбар, сағат, перде, елтірі, зере, сыпырғы, сурет, шабыс, дарбаза, естімеу, сұрау-біліс, кеше, сапаржүгі, қағаз, шанышқылы, болды, талқан, қолы, шошу, ақшам, бабам, сатылы, айран, бақ, Самарадан, ұшқыр, шошқа еті, шәлі (орамал)" деген қазақ сөздері грузинше де өте ұқсас айтылады. Грузин тіліндегі көптеген қазақы сөздер мен грузиндердің ұлттық музыкалық аспабының қазақы домбраның тап өзі екені сөзіміздің айқын дәлелі. Грузияны империя еткен атақты Давид Строитель патша Асылұя династиясының өкілі. Оның дұрыс тегі – «Давид Астартөлі» (Астартөлі – «Ас ұрпағы» деген мағынада, ол тарихқа «Строитель» болып бұрмаланып енген).  

Қосымша:   

А) Атилла сақтардың Сирақ тайпасын бағындырған соң, оларға көсем етіп Асылұя адамдарын тағайындады. Осы себепті сирақ тайпасы «сирақ-ас» деп аталып кеткен деу орынды. Сол Сирақас тайпасы ұрпағы қазіргі Шеркеш тайпасы болуы мүмкін (сирақас-шеркас-шеркеш деген өзгерістермен қалыптасқан тәрізді).

Б) «Найман – сегіз тайпалы қидандар» деген орыс ғалымдарының болжамы қате, өйткені қидандар ұрпағы кәзіргі халха-маңғолдар. Наймандар – қытайлар IV ғасырдан кейін «най» деп атап кеткен оңтүстік хұңдары, олардың көбі қытайға сіңіп кетті. Қытай қысымынан батысқа ауған най-хұңдар өз мемлекетін орнатқан. Кейін маңғы тайпасымен одақтас болып, «най» атауы «наймаң» болып өзгерді. Ал олардың одақтас әскері болған теле-телеут халқы наймандардың үш тармағының бірі «төлегетай» болып сақталды (теле-телеут халқы І ғасырдағы дилин халқының нақ өзі болып табылады).

В) Табгачи-тоба тайпасының солтүстік Қытайды билегендері қытайға сіңіп кетті. Олардың Үйсүн империясының Орта Азиялық бөлігінде қалған тобы қазақтың Табын тайпасы болып сақталды. Хоңырмын-хуньмо династиясының бір тармағы табын құрамына Қоңыр руы болып сіңді. Табгачи-тобалардың «туфа» деп көрсетілетін руы кейін тува ұлтын қалыптастырды. Сібірге барған табындар башқыр ұлты құрамында қалды, оларды «үйсүн» деп те атайды. Яғни, осы факт табын ежелгі жүнді-үйсүн халқынан екенін айғақтайды.

Г) Шыңжанда әуелгі кішігірім Үйсүн княздігін орнатқан ошақ-юэчжи тайпасы кейін қазақтың Ошақты тайпасы болып сақталды. Ал Хоңырмын-хуньмо династиясы – Ошақты тайпасының төрт руының бірі қоңыр руы.

Д) Орыс-грузин сөздігі: Я – ме, ты – шен, твой – шени, йз – дан, город – калак, семья – оджах, человек – адамиан, низкий – дабали, нежный – нази, бедный – гариби, есть – вар, водка – арак, уходит – кетили, камера хранение – сакани, улица – куча, стекло – шуша, брюки – шарвал, кожа – пэтри, плата – кирис, ручка – калам, сахар – шакар, (қуырдақ) – кхаурма, рынок – базар, часы – саат, шторы – пардэ, тмин – дзира, бритва – сапарси, картина – суратиа, зал – дарбаз, работа – мушабс, плохо слышно – исмис, разговор – саубрис, вчера – гушин, багажник – сабаргули, бумага – кагалди, вилка – чангали, конец – боло, репа – талгани, рука – хэли, страх – шиши, ужин – вахшами, мой дед – бабуачем, этаж – сартулзе, сметана – аражан, сад – баги, я из Москвы – ме вар московидан, из Самары – Самаридан, скорый – чкари, ветчина – шашхи, платок - шалли. (Орыс-грузин тілашары / Вахтангашвили Е.А)

Бекжан Әденұлы

Жалғасы бар

Abai.kz

 

86 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5555