Дүйсенбі, 22 Қазан 2018
Деп жатыр 1104 1 пікір 30 Шілде, 2018 сағат 10:44

«Лаңкестік» пен «терроризм» ұғымдарының мағынасы бір-біріне мүлдем сәйкес келмейді

Тәуелсіздік алып, жеке жұрт ретінде ел көшін түзегенімізге ширек ғасырдан асса да, төл терминологияны бір тәртіпке келтіріп, жүйелей алмай жүргеніміз көңілге түйткіл болып отыр. Оның басты себептерінің бірі – әлі күнге дейін ұлттық терминологияны қалыптастыруда қай бағытты ұстанатынымызды айқындай алмауымыз. Бұл, әсіресе, халықаралық терминдерді қолдану ісіне өз кесірін тигізіп отыр. Біз халықаралық терминдерді түгел аудару немесе олардың лайықты баламасы болмаса, сол күйінде тілдік айналымға қосу жөніндегі бір-біріне қарама-қайшы екі көзқарас арасында әліге дейін адасып жүрміз. Ең өкініштісі, осы екі пікірді жақтаушылар арасында ортақ уәжге келіп, дұрыс жол таңдап, терминологияны дамытуға бірлесе күш салайық деген ниетті байқай алмай отырмыз.

Осы орайда Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында бүкіл әлемде бірдей қабылданған терминдер бар екенін, олардың кез келген тілді байытатынын көрсете келіп, әбден орныққан халықаралық және шет тілінен енген сөздерді қазақ тіліне аудару мәселесін біржола шешу қажеттігін, бұл мәселе оқшауланған қайраткерлердің ортасында шешілмеуге тиіс екендігін айтқан болатын.

Жалпы, халықаралық терминді аударғанда қандай өлшемшартты басты назарға алу қажет. Ғұлама ғалымдарымыз А. Байтұрсынов, Қ. Жұбановтар халықаралық терминдер қазақ тіліне аударылғанда аударма түп мағынасын дәл бермесе, онда терминді сол күйінде алу туралы қатаң ескерткен еді.

Демек, терминді аударғанда ең басты шарт – оның мағынасын дәл беру. Біз осы шартты сақтап жүрміз бе? Осы орайда күнделікті өмірде өзіміз көп есітетін, бірізді қолданылмауы салдарынан ұлттық терминологияда әртүрлілік туғызып жүрген бір-екі терминге тоқтала кетуді жөн көрдік.

Оның біріншісі бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында – «лаңкестік», ал ресми құжаттар мен заңнамада «терроризм» деп алынып жүрген термин.

«Лаңкестік» пен «терроризм»

Бұл ұғымның жалпы әлемде қолданылып жүргеніне біраз уақыт болғанына қарамастан, тілдік айналымымызға кеңінен енгеніне көп уақыт бола қойған жоқ. Тәуелсіздік алып, дербес мемлекет ретінде халықаралық қатынастарға белсене араласа бастағалы бері қоғамдық өмірдің қатерлі құбылысы ретіндегі «терроризм» ұғымы біздің қоғамдық-саяси күн тәртібіміздің тұрақты тақырыптарының біріне айналды.

Сонымен, «терроризм» дегеніміз не? Осы сөз өз төркінін латын тіліндегі «үрей», «қорқыныш» деген мағына беретін «terror» cөзінен алады әрі Біріккен Ұлттар Ұйымының ресми тілдері мәртебесі бар ағылшын, француз, испан тілдерінде дәл осы «terror» түбірлі тұлғада қолданылады.

Ұлттық заңнамаларда «террор» сөзінен туындайтын, ұлттық, сондай-ақ халықаралық қылмыс сипатына ие «терроризмнің» қылмыстық-құқықтық анықтамасы бойынша да айтарлықтай айырмашылық жоқ.

Мысалы, «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» 1999 жылғы
13 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабының
5) тармақшасына сәйкес «терроризм – күш қолдану идеологиясы және халықты үрейлендіруге байланысты және жеке адамға, қоғам мен мемлекетке залал келтіруге бағытталған күш қолдану және (немесе) өзге де қылмыстық әрекеттерді жасау не жасаймын деп қорқыту жолымен мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының немесе халықаралық ұйымдардың шешім қабылдауына әсер ету практикасы;».

Қысқаша айтқанда, терроризм дегеніміз күш қолданамын деп не күш қолданып үрей туғызу арқылы шешім қабылдауға әсер ету болып табылады.

Ал енді оған балама ретінде ұсынылып жүрген «лаңкестікті» қарастырып көрейік.

Қазақ тілінің әмбебап сөздігінде осы сөздің түбірі «лаң» сөзі «елді дүрліктіретін, әлекке түсіретін, әбігер қылатын әрекет; бүлік, бүліншілік; кесір, кесапат; бәле, бәлеміс; бүлінушілік, дау-шар» мағыналарында қолданылатынын айта келіп, оның орыс тіліндегі баламасы «скандал, ссора» (!), ал синоним сөздері «бүлік, жанжал, шатақ, сойқан, әрекет» (!) дейді.

2008 жылы жарық көрген Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «лаң» сөзіне «елді дүрліктіріп, әбігер салатын әрекет» деп анықтама берілген.

Көріп отырғанымыздай, «лаңкестік» пен «лаңкес»-ке түбір болған «лаң» сөзінің мағынасы жоғарыда айтылған «терроризм» ұғымының түбірі «террор» сөзінің «үрей, қорқыныш» деген мағынасына мүлдем сәйкес келмейді. Осы пікірімізді «лаң» сөзінің жоғарыда айтылған орыс тіліндегі баламасы да, синоним сөздері де, оқылған немесе естілген кезде санада белгілі бір бейнені сәулелендірумен сипатталатын функциясы да айғақтай түседі.

Тұжырып келгенде, қалай болғанда да «лаң» сөзі санамызда «террорға» байланысты түсінік туғызбайды. Бұл – біріншіден.

Екіншіден, Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «лаң»-нан туындайтын «лаңсыз» деген сөздің мағынасын «бүліксіз, жанжалсыз» деп, «лаңшыл» деген сөзді «жанжалқұмар, бүлікшіл» деп анықтаған.

Біздің ойымызша, осында айтылған «лаңшыл» сөзі мен қарастырылып отырған «лаңкес» сөзі бір-бірінен жалғауы бойынша айырмашылығы болғанымен, мағыналық жағынан айырмашылығы жоқ, тіпті, екеуі де бір мағына беретін түбірлес сөздер. «Лаңшыл» да, «лаңкес» те ел арасын бүлдіріп, іріткі, жанжал, лаң салуды қалайтын, соны кәсіп тұтатын адамды білдіреді. Әйгілі Махамбет ақын Жәңгір ханға «Хан емессің – ылаңсың» дегенде осыны меңзеген болар. «Лаң»-ның дәл осы мағынада қолданылуын басқа авторлардан да келтіруге болады.

Сондықтан да, аудармаға қойылатын басты талап – мағынаны дәл беру, санада дәл түсінік туғызу жөніндегі талапты орындай алмайтыны себепті «лаңкестік» сөзі «терроризм» сөзіне балама бола алмайды деп есептейміз. Бұл А. Байтұрсыновтың термин қабылдауға қатысты «термин ретінде ұғым мағынасын толық беретін қазақ сөздерін алу» деген қағидатына қайшы келеді.

Оның үстіне, Қ. Жұбанов терминдермен бірге қазақ тіліне халықаралық терминологиялық практикада қолданылатын, бірақ қазақ жұрнақтарымен ауыстыруға болмайтын бірқатар қосымшалар енгізілсін дей келе, оның ішінде «ист» пен «изм»-ді көрсетеді. Ал біз «терроризмді» – «лаңкесизм», «террористі» – «лаңкесист» деп қолданып жүрген ақпарат құралдарын көрмедік. Ал мұндай ала-құлалыққа жол беру кейіннен терминдер стандартталатын терминография сатысына өткенімізде алдымызда айтарлықтай кедергі болады.

Бұқаралық ақпарат құралдары мен ресми құжат мәтіндері арасында «үдеріс» және «процесс» болып екі түрлі қолданылып жүрген тағы бір термин бар.

«Үдеріс» және «процесс»

«Терроризмнен» бір ерекшелігі «процесс» ұғымы тілімізде бұрыннан бар, көптен қолданылып келе жатқан, әмбебап мағынасы бар термин.

«Процесс» сөзі латынның «өту, ағым» деген мағынасы бар «processus» сөзінен  шыққан және «азаматтық немесе қылмыстық істің сотта өтуін; химияда: дененің құрамы өзгеретін түрлі операцияларды, мысалы айыруды, ерітуді» білдіреді.

Т.Ф. Ефремованың Түсіндірме сөздігінде «процесс» сөзіне «қандай да бір құбылыстың ағымы; белгілі бір нәтижеге қол жеткізуге бағытталған тізбекті әрекеттер жиынтығы; аурудың белсенді түрде дамуы; сот және әкімшілік істерін талқылау тәртібі; осындай істің өзі» деген анықтама берілген.

Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде бұл ұғымға «іс-әрекеттің даму барысы, қимылдың өрістеу қалпы; белгілі бір нәтижеге жету үшін жасалатын әрекеттердің жиынтығы» деген анықтама беріліп, оның «процесс», «үдеріс» деген екі түрі қатар көрсетілген.

Қазақ тілінің әмбебап сөздігінде «процесс» сөзі «үрдіс. іс-әрекеттің даму барысы, қимылдың өрістеу қалпы; белгілі бір нәтижеге жету үшін жасалатын әрекеттердің жиынтығы; сот ісінің жүргізілу тәртібі, реті» деп анықталған.

Ал оған балама ретінде ұсынылып отырған «үдеріс» сөзіне Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «қауырт қозғалыс, қарбалас» деп, Қазақ тілінің әмбебап сөздігінде «қауырт қозғалыс, қарбалас», сондай-ақ етістік ретінде «шошу, қорқу» деп анықтама берілген.

Байқағанымыздай, «үдеріс» сөзінен біз «процеске» балама бола алатындай мағына көріп отырғанымыз жоқ. Оның үстіне, оған түбір болатын «үдер» сөзінің «жедел көшу, жөңкілу» деген тура мағынасы және «шошу, қорқу» деген ауыспалы мағынасы бар.

Демек, «үдеріс» сөзі термин аударуға қойылатын бірінші әрі басты талап – терминнің мағынасын дәл беру талабын қанағаттандырмайды.

«Процесс» сөзінің түрлі салада қолданылатын әмбебап сипатына қоса, онымен түбірлес «процессор», «процессия», «процессинг» деген сөздердің бар екенін де ескеру қажет. «Үдеріс» сөзі «процестің» баламасы ретінде оның осы қырларын түгел қамтып, оның түбірлес сөздеріне де тура балама бола ала ма? Біздің ойымызша, ол осы міндеттердің үддесінен шыға алмайды.

Сол себепті де ресми құжат тілінде ол «процесс» түрінде қолданылып келеді.

Жалпы, терминнің баламасы мағынаны дәл берумен қатар, ықшамдылық қағидатына (бір термин бір сөзбен аударылуға тиіс) сай келіп, терминмен түбірлес, көбінесе өздері де термин болып табылатын сөздерді аударуға қауқарлы болуға тиіс. Бұл талаптарға жауап бере алмаған жағдайда терминге балама сөздің ғылыми негізділігі болмайды.

Біз жаңа балама енгізген кезде оның мағынасын ғана емес, ғылыми жағын да, қисындылық жағын да ойлаумыз, ол бойынша қандай сұрақ туындаған жағдайда да күмілжімей тура жауап бере алатындай болуымыз қажет. Қазақ тілінде терминология толық қалыптасып, терминграфия, тезаурус түзетін күн де туар, сол кезде қазір тықпалап жүрген терминдеріміз әжетке аспай қалса, сол жаман.

Сондықтан да термин аудару мәселесіне асқан жауаптылықпен қарап, оның түгел қырын толықтай байыптап, оған балама сөздің жарамды екеніне әбден көз жеткізгеннен кейін ғана ұсынған жөн. Ал терминнің бір ғана қырын ұстап алып, асығыстыққа бой алдыру – ұятқа апарып соқтыратын тірлік.

М.Садықов, ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының сектор меңгерушісі

Abai.kz

 

1 пікір