Сенбі, 23 Қараша 2024
3665 0 пікір 6 Тамыз, 2018 сағат 08:41

Қызылордада жаңа емле ережелерінің сынамасына 500 адам қатысты

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси  жұмыс комитеті, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы  Қызылордада латын графикасына негізделген жаңа емле ережелер жобасын сынамадан өткізді.

Бүгін Қызылорда облыстық және қалалық әкімдік ғимаратында   
Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына»  ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры  Ербол Тілешов, директордың орынбасары Лиза Есбосынова, әдістеме бөлімінің ғылыми қызметкері Марияш Дәрменова, орфография бөлімінің ғылыми қызметкері Алмажан Қадірхан сынақ сауалнама жүргізді.

Сондай-ақ сынақ сауалнама алушылармен бірге  Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша ақпарттық насихат жұмыс тобының жетекшісі,  Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл – Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры, филология ғылымдарының кандидаты Ербол Тілешов, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің қауымдастырылған профессоры, кафедра меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Аман Абасилов, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Болат Боранбай сынамаға қатысушыларға Қазақ әліпбиін латын графикасына көшірудің маңыздылығын ғылыми негіздерге сүйене отырып түсіндірді.  

«Елімізде латын графикасындағы әліпбиге көшудің бірнеше себептері бар. Біріншіден, Елбасы айтқандай, бізге кирилл әліпбиі саяси себептермен келді. Соның нәтижесінде қазақтың төл жазу емлесіне нұқсан келтірілді. Ол мамандар тарапынан тәуелсіздік кезеңінде ғана ашық айтыла бастады. Жалпы әлемдегі өркениетті елдердің әліпбиіне көз салсақ, онда нағыз жетілген әліпбилер көп дыбысты мейлінше аз таңбамен береді. Мәселен, ағылшын тіліндегі 45 дыбыс 26 таңбамен, француз тіліндегі 35 дыбыс дәл осылай 26 таңбамен беріледі. Қазіргі кирилл графикасындағы қазақ әліпбиінде біздің төл 28 дыбысымыз 42 таңба арқылы берілген. Осыдан-ақ қолданыстағы осы әліпбидің тіл табиғатына қайшы екендігі көрініп тұр. Сонымен бірге, бұл әліпбиде қазақ тілінің төл дыбыстық жүйесінде кездеспейтін артық таңбалар бар. Латын графикасындағы жаңа әліпби бізді осындай қажетсіздік пен ыңғайсыздықтан арылтады. Екіншіден, дүниежүзіндегі түркі халықтарының 60 пайыздан астамы осы латын әліпбиінде. Қазір түркі тілдес халықтардың 7 дербес мемлекеті бар: Әзірбайжан, Кипр Түркия республикасы, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Түркіменстан. Осылардың Қазақстан мен Қырғызстаннан басқасы латын әліпбиінде. Яғни  Қазақстан ортақ түркілік әліпбилік жүйеден тыс тұр. Түркі халықтарының көне заманнан қалыптасқан мәдени-тарихи тамырластығын және осындай рухани қатынастың қазіргідей жаңа деңгейде дамып жатқанын ойласақ, онда Қазақ елінің өзге әліпбиде қала беруі осындай сабақтастық пен тамырластыққа қайшы келеді. Үшіншіден, халықаралық қауымдастықта Елбасы айтқандай, латын таңбалы әліпбидің маңызы зор.»- деді Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл – Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры, филология ғылымдарының кандидаты  Ербол Тілешов.     

«Қазақ әліпбиі латын графикасына көшкенде туындайтын кейбір қиындықтар бар. Олар – тұрақты емес, уақытша қиындықтар. Біріншіден, халықтың жаңа әліпбиге көз дағдысы мен қол дағдысы үйрену үшін белгілі бір уақыт қажет. Ол үшін ақпарат құралдарында насихат және машықтандыру жұмыстары жүргізіліп, бұқара халық жаңа әліпбиге тезірек бейімделуі қажет. Екіншіден, кирилл әліпбиіндегі әдебиеттер жаңа әліпбиге көшірілуі де белгілі бір уақыттық межені тілейді. Ол үшін әр саладан ең маңызды делінген әдебиеттердің тізімі жасалынып, мемлекеттік тапсырыс бойынша сол әдебиеттердің шығарылуы қолға алынғаны абзал. Бұл арада бұрынғы кирилл әліпбиі мен жаңа қабылданған латын әліпбиінің бірнеше жыл қатар жүретінін де ұмытпауымыз керек. Ол жөнінде осы мақаласында Елбасы: «Әрине, жаңа әліпбиге бейімделу кезеңінде белгілі бір уақыт кириллица алфавиті де қолданыла тұрады», – деді. Үшіншіден, кейбір адамдар кирилл әліпбиінен латын әліпбиіне көшсек, мемлекеттік тілді үйрену қиындайды дегенді айтады, бірақ тіл үйренудің тікелей әліпбиге байланысты емес екендігін бүгінде ағылшын, қытай және басқа тілдерді үйреніп жатқан балаларымыз бен жастарымыздың тәжірибесі айқын аңғартып отыр» – деп ойын түйіндеді Ербол Тілешов.

Сынамаға  Қызылорда облысының  барлық басқармалар, департаменттер, әкімдік қызметкерлері, оқыту орталықтарының оқытушылары мен әдіскерлері, әскери қызметшілер қатысты. Сынаққа жалпы саны 500  адам қатысты.

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5347