Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Алашорда 6642 28 пікір 6 Тамыз, 2018 сағат 10:15

Бабаларымыз Ұлы Бұлғария мен Хазар қағанатын билеген

Жалғасы. Басы төмендегі сілтемелерде:

Асылұя - Еуразияны билеген династия

Еуразияны билеген Асылұя династиясы

Ғұн империясын билеген тайпа атауы – Асылұя

VII ғасырда Асылұялық жужан сыйбөрас (ол кезде шибөраш болып өзгерген) тобы мен Асылұялық Тюрки ашина тобы арасындағы бақталастықтан Түркі қағанаты екіге ыдырады. Оның Шығыс Түркі Қағанаты бөлігіндегі билік Тюрки ашиналарда қалды, ал Он Ақ Түтін (Батыс Түркі қағанаты) бөлігін шибөраш тобы иеленді. Биліктен айрылған Түркі ашина тобы қазақ халқының өздеріне бағынышты бөлігін ертіп батысқа кетті. Олар бақталас жаулары сұрбөрас тобын «шибөраш» деп, өздерін «бөріші» деп атап кеткенін жоғарыда айттық. Сонымен Бөріші-ашина тобының 626 жылы Закавказені жаулап алғандары онда Хазар қағанатын орнатса, бұлғар тайпасы отырған батыс далаға барғандары 632 жылы Ұлы Бұлғар мемлекетін орнатты. Жалпы, бұлғар тайпасы отырған аймақ Түркі қағанаты құрамына VI ғасырда еніп қойған болатын, ал VII ғасырда келген Құбрат хан бастаған Бөріші-ашина тобы сол бұлғар даласындағы династиялық биліктерін нығайтып, Византия деректерінде Ұлы Бұлғар деп жазылған империяны орнатты. Олар бақталастары Сұрбөрас (Савир) тобы билейтін Еуропадағы алып Авар қағанатын ыдыратып тынды (Авар қағанаты қазіргі Венгрия аймағында кішігірім княздік деңгейде ІХ ғасырға дейін сақталған). Гунн империясы заманынан батыс дала мен Кавказды билеп келген жужандық Асылұя сұрбөрас тобы осылайша VI-VIІ ғасырлар арасында биліктен шеттетілді, олардың орнын әуелгі одақтастары әрі кейінгі бақталастары Түркі Ашина тобы басты. Яғни, Асылұялық жужан сұрбөрас династиясы орнын тағы бір Асылұялық түркі ашина династиясы басты.

Осылайша Еділ өзенінен бастап Византия шекарасына дейін созылып жатқан алып аймақта Түркі ашина династиясы билейтін Ұлы Бұлғар империясы пайда болды. Дәл осы кезде Кіші Кавказ тауының Журжан (Каспий) теңізіне тірелер тұсынан бастап Азу (Азов) теңізіне дейінгі аймақта Хазар қағанаты пайда болды, оны да орнатқан – қазіргі Қазақстаннан барған Бөріші-ашина тобы. Осы Бөріші-ашиналарға еріп барған әскер қазақ халқы болғанымен, екі мемлекет те сол аймақтардың негізгі халқы болған тайпалар атауымен «Ұлы Бұлғар» және «Хазар қағанаты» болып тарихқа енді. Сол себепті ол мемлекеттерді орнатуда басты роль атқарған қазақ атауы елеусіз қалды. Дегенмен, Ұлы Бұлғар аймағына барған қазақтар Х ғасырдағы араб ғалымы әл Масуди жазбасында «ғазақ көшпенділер» деп көрсетілсе, ХІ-ХІІ ғасырлардағы оқиғаларды баяндайтын көне урус жазбаларында «көшпенді касог халқы» деген атаумен кездеседі. Тіпті, Олжас Сүлейменов сол жазбаларда «гзах» атауы да сақталғанын айтқан болатын. Ал ХІІІ ғасырда сол қазақтардың Қырым аймағынада орныққандары «Сугдейский синаксар», «Кодекс Куманикус» жазбаларында «казак» деп жазылған.

Хазар қағанатын орнатуда басты күш болған қазақтар сол Закавказеде орнығып қалғанын онда сақталған құжаттардағы «Қазақ» пен «Касах» атаулары растайды. Византияның ІХ ғасырдағы императоры Константин Багрянородный жазбасы Колхида жазығындағы Қазақ елін «страна Касахия» деп айқындаса, әл Масуди жазбасынан Закавказедегі қазақ халқы Х ғасырда мұсылман және мұсылман емес болып екіге бөлінгенін, екеуінің ортасын Кавказ жотасында отырған қарапапах, алан елдері бөліп жатқанын аңғарамыз. Осы деректерге сенсек, қазіргі Азарбайжандағы Кура-Аракс даласында мұсылман княздігі (орталығы Қазақ қаласы) болған. Сол қазақтардың шығысында Жидан патшаның елі (еврей патша елі), оңтүстігіндегі тауда армияндар, солтүстігінде христиан дінді құмықтар, батысындағы тау жотасында мұсылман қарапапах елі (орталығы Тбилиси), солтүстік батысында ескі сенімдегі аландар, ал оңтүстік батысындағы тауда абхаз және журзан (грузин) елдері бары баяндалады. Қазіргі Грузиядағы Колхида жазығын мекендеген қазақтар ескі сенімін ұстанатынын, ортасынан хан сайлап, бағынуды білмегендіктен, көршілері тарапынан ұдайы қысымға ұшырап отырғаны да жазылған. Сонымен қатар ол қазақтардың жері Қара теңіз жағасына дейін созылып жатқан, олар «шәлі» деп аталатын өте қымбат мата өндірген және теңіз арқылы кемелермен сауда жасауды да меңгерген. Әл Масуди қазақтар мен балыққа табынатын ир халқын Ирон өзені бөліп тұрғанын да көрсетеді (Ирон – қазіргі Рион өзені, ир халқы – қазіргі өзін Ирон деп танитын осетиндер). Сол қазақтардың солтүстігіндегі көршісі Шемар (шешен мен ингуштердің ата-бабалары) елі екен. Шемар халқының сөзге шешен бөлігіне «шешен» атауын, тауды үңгіп үй салып тұрған тобына «үңгіш» атауын, аса қу, айлакер тобына «әккі» атауын берген сол қазақтар деген орынды. Яғни қазіргі шешен, ингуш және аккинцы деген өзара туыс үш ұлтқа атау берген закавказелік қазақтар. Кәзіргі Шешенстан, Солтүстік Осетия, Ингушетия аймағындағы далалы жерлерде де ол кезде қазақтар мекендеген деп білеміз. Олар Колхида даласындағы қазақтардың солтүстігіндегі таудың арғы жағында отырғандықтан «теріскей қазақтары» деп аталған (Колхидадағы қазақтар берген атау). Кейін «теріскей қазақтары» Ресей ықпалымен шохынып славянтілді болғанда «Терские Казаки» деп аталып кетті (Лев Толстой «өзара татарша сөйлеседі» деп көрсететін казактар сол «терские казаки-теріскей қазақтары»).

Ресейді билеп-төстеген иезуидтер (олардың жұмысшы күші – «Русское географическое общества» қоғамы) бұрмалап дайындаған тарихта: «Хазар қағанаты аймағына қазіргі Дағыстан мен Батыс Қазақстан аймақтары кірген» деген жолдар бар. Ал Ұлы Бұлғария жайында: «Ұлы Бұлғария көп ұзамай сол VII ғасырда ыдырап кеткен, бұлғарлардың қазіргі Болгарияға барғаны ондағы славяндармен араласып болгар ұлтын қалыптастырды. Қырым аймағында қалғандары да бар және Еділ өзені бойында қоныстанғандары Еділ Бұлғариясы мемлекетін орнатқан» деп жазған. Шыншылдығымен «Тарихшылардың имамы» атанған араб зерттеушісі әрі географы әл Масудидің «Ширван мен Әл Баб тарихы» атты еңбегі орыс тарихшыларының осы тұжырымдарын толық жалған екенін дәлелдейді.. Ал «Ширван мен Әл Баб тарихын» әлем ғалымдары әлдеқашан мойындаған.

Әл Масуди Хазар қағанатының әуелгі астанасы Самандар қазіргі Азарбайжанда болғанын (Гяндж қаласы тәрізді), ол жерді Мұсылман халифаты басып алған соң Хазар астанасы қазіргі Азов теңізіне жақын өзен бойына көшірілгенін жазады (Амал қаласы) және Х ғасырда Мұсылман халифаты мен Хазар қағанаты шекарасын Кавказ жотасы бөліп жатқанын байқатады. Сонымен қатар Кабх (Кавказ) тауының Әл Баб қаласы орналасқан бір сілемі Хазар (Каспий) теңізіне, екінші сілемі Трабзунд (Трапезонд) қаласы орналасқан Майтас (Қара) теңізіне жақын екенін көрсетеді. Қазіргі Трапезонд қаласы орналасқан жер әл Масуди айтып отырған тау кіші Кавказ екенін анық дәлелдейді. Демек, Әл Баб қаласы деп бүгінгі Дербент қаласын нұсқаған Ресей тұжырымы қисынсыз, Хазар қағанаты ешқашан Дағыстанда болмаған. Әл Баб қаласы ХІ ғасырда болған 11 балдық жойқын зілзаладан қирап қалған деу орынды, сол тосын оқиғадан шамамен 250 мың адам қаза болғаны және Кяпаз тауы да сол тұста жойылғаны жайында нақты жазбалар бар (Ибн әл Асир жазбасы).

Араб ғалымы әл Масудидің деректерінде Хазар қағанаты мен Ұлы Бұлғар империясы арасын Хазар өзені бөліп тұрғаны, екі мемлекет бейбіт өмір сүргені көрсетілген. Хазар өзені Қара теңіз бен Каспий теңізін қосып жатқан. Ол өзеннің орны жақында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қара теңізді Каспий теңізіне қосатын канал салу жобасында айтылған Кума-Маныч ойпаты екенін мамандар мойындайды. Қырымда отырып, кемелерімен көптеген елдермен сауда-саттық жасаған сакалба мен урус елі көптеген рулардан құралатыны және олар өлгенде денелері өртелетіні, әйелдері де қосыла өртелетіні жайында әл Масуди нақты айтып өтеді. Мұндағы сакалба – сакалбан, яғни сақ халқының албан тайпасы. Ал урус – V ғасырға дейін рим деректерінде «аорс» деп кездесетін сақ-скифтік арыс тайпасы. Олардың негізгі тобы Ұлы Бұлғар ханына да, Хазар қағантына да бағынбайтынын, алайда екінші аз тобы Хазар қағанатына бағынышты болғанын әл Масуди баяндайды.

Ұлы Бұлғар ханзадалары «ханасювеги» деп аталғаны Болгария тарихында сақталған. Оның «хан асүй бегі» екенін жоғарыда айттық. Хазар қағанатын билеген Тюрки Ашина династиясы екені ғалымдар тарапынан расталған, ал «хан асүй бегі» атауы Ұлы Бұлғарияны да билеген Асылұя тобы екенін дәлелдейді, нақтырақ айтсақ Тюрки Ашина тобының өкілдері. Қырымдағы урус-сакалбан елінің оларға бағынбайтын үлкен тобы Асылұяның жужан сұрбөрас тобы билігінде болған (алғашында Бөрі деп, кейін Бөрік деп аталған, содан соң Ресей саясатының салдарынан Рюрик болып қалыптасты). Урус-сакалбан елінің Хазар қағанатына бағынатын тобын Тюрки ашиналардың  Бөріші руы билеген, атақты Бейбарыс сұлтан сол Бөріші руының ұрпағы (олардың аз бөлігі кейін Беріш деп аталып қазақ халқы құрамына кірігіп кетті). Албания мемлекетінің халқы албандар сол Қырымнан ауып барған сакалбан-урустардан қалыптасқан, мұны албан халқы құрамындағы Арбереш тобынан аңғаруға болады (урус елі атауы дұрысында – арыс (аорс), Арбереш атауы әуелде «арыс береш» болған).

Албания мен Ресейдің елтаңбалары бірдей – екі басты тазқара құсы (кейін «двухглавый орел» деп бұрмалаған). Бұл екі мемлекетті де Асылұялық жужан сұрбөрас династиясы орнатқан дәлелдейді (Бөрік-Рюрик тобы). Сол жужан сұрбөрас (шибөраш) династиясының ұрпағы Шыңғысханның туында да тазқара құсы бейнеленгені мәлім, оны орыс оқымыстылары «қарға» деп бұрмалайды. Шыңғысхан руының Бөріжігің (Бөрі руың) атауы да арғы тегі Жужан қағанатын билеген сұрбөрас тобынан екенін байқатады. Шыңғысхан әулетін ежелгі шивей тобынан деп тану оның әулеті шибөраш династиясына жататынын көрсетеді. ХІ ғасырда Қырымнан келіп Авар нуцальдігін орнатқан Урус тобы мен Шыңғысхан әулетінің одақтастығы да көп деректің бетін ашады. Бөрік-Рюрик тобы билеген Бұлғар елі (Ресей ғалымдары «Мәскеу княздігі» деп бұрмалаған) шын мәнінде Шыңғысхан династиясының қамқорлығында болғанын Ресей тарихшылары мойындай бастады (ешқандай Куликова шайқасы болмағанын да мойындауға мәжбүр). Осы деректер Асылұялық сұрбөрас-шибөрас династиясы өз туыстары қай елде билікте отырғанынан жақсы хабардар болғанын және оларды Шыңғысхан тарапы толық қолдағанын айғақтайды.

Әл Масуди Хазар қағанатын билеп отырғандар еврейлер екенін, олардың билікке Хазар билеушілеріне қыздарын ұзату арқылы келгенін, яғни сол қыздан туған жиендерінің арқасында Хазар қағанаты билігін иеленгенін баяндайды. Сонымен қатар Хазар қағаны «қуыршақ билеуші» екенін, оны тек мереке кезінде ел алдына шығарып, қалған уақытта «үй қамақта» ұстайтынын, билік негізі еврей патшаның қолында екенін және ол қаласа қағанды өлтіре алатынында жазады. Кәзір әлемдік билікті иеленетін еврейлік топтар бөтен елді билеу тәжірбиесін ең алғаш рет сол Хазар қағанатында жүзеге асырған (олар Асылұя династиясының билік тәсілінен сабақ алып жетілген). Араб ғалымының дерегінше, сол Х ғасырда урус-сакалба елі Хазар патшасына сый-сияпат жасап, Хазар өзені арқылы Журжан (Каспий) теңізіне кемелерімен баруға рұқсат алып, 500 кемемен Хазар өзенімен Каспий теңізі жағалауына өтіп, мұсылмандардың қалаларын тонаған. Олардың мұсылмандарды тонағанын естіген Хазар қағанатының жалдамалы әскері – мұсылман Арысы тайпасы қайтып келе жатқан урус-сакалбан кемелерін тонап, қырып, мұсылмандар үшін кек алған, ал Хазар қағанатын билеген еврей патша мұсылман Арысыларды тоқтатуға қорыққан, тек урус-сакалбандарға шабуыл болатынын ескертіп хабаршы жіберген. Осы құжаттар Ресейдің: «Русь адамдары ішкі Ресейден Волга өзені арқылы кемелерімен барып, Каспий жағалауын тонаған» деген тұжырымын толық жоққа шығарады. Әл Масуди жазбасы Ресей ғалымдарының «русь» пен «славян» деп атайтындары урус пен сакалбан екенін, олардың Ресейде емес Қырымда мекендегенін анық дәлелдейді. Олардың көп рулардан құралатынын және бір бөлігінің Хазар қағанаты әскері екенін көрсетіп, олардың түркітілдес екенін байқатады (орыс халқы рулардан құралмаған делінеді, олар отырған мекендеріне байланысты «новгородцы, суздальцы, черниговцы...» деп бөлінген деп танылады).

Әл Масуди урус елінің үлкен бөлігі – әл-уздган тайпасы екенін айтады, оны «уздан» дегеніміз жөн. Яғни, «үз тайпасынан» деген мағынада және ондағы «дан» жалғауы атаудың таза түркілік екенін аңғартады (қазіргі түркітілді әрі християн дінді гагауз ұлты сол тайпадан қалыптасуы мүмкін, «кака уз» – «жаман үз»). Әл Масуди жазбасын аударған ресейлік осы «әл-уздган» атауын «әл-урман» деп түсіндіреді, осылайша «урус елі Қырымға ертеде солтүстіктен келіп орныққан нормандар» деген жалған тұжырымды орнықтыруға тырысып бағады. Урус елінің жерлеу ғұрыптарынан олардың Х ғасырда ескі сенімді ұстанғанын байқаймыз, яғни олар орыс зерттеушілері айтқандай, православтық христиандар емес. Жалпы қырымдық урус-сакалбан елі ХІ ғасырда католиктік христиандар екені әлдеқашан мойындалған, оны Мұрат Аджи нақты дәлелдермен көрсеткен. Католиктік діни кітаптардың латын әрпімен түркі тілінде жазылған жиынтығы – «Кодекс Куманикус» ХІІІ ғасырда Қырымда басылған, оның тілі Қырымлар (Қырым татарлары) тіліне өте жақын екені ғалымдар тарапынан расталған. Демек аталған жазбаның қыпшақтар мен қазақтарға еш қатысы жоқ, ол – түркітілді әрі католик дінді урус-сакалба елінің діни кітабы. Олар Бейбарыс сұлтан заманында – ХV ғасырда мұсылмандыққа көшіп, отырған орнына байланысты Қырымлар деп аталған түркітілді мұсылман ұлт болып қалыптасқан. Ресей «Индияға кемемен барған тверлік орыс саудагері» дейтін Никита Афанасий, шынында Қырымдық түркітілді урус елінің мұсылман дінді адамы. Солай екенін оның жазбасында сақталған «А русь ерь тангрыд сакласын, олло сакла, худо сакла. Урусь ерь абодань болсынь» деген түркілік сөздері мен арапша дұғалары дәлелдейді (жазбаны славянтілді етіп өзгерткен ресейлік кей сөздердің мағынасын түсінбегендіктен орысша баламасын таба алмаған, сол себептен ондай сөздерді қалдыруға мәжбүр болған). Осы деректер мен дәйектерге сүйеніп, урус-сакалбан елінің орыс халқына еш туыстығы жоқ, орыс халқы кейін христиандыққа өткен бұлғарлардан тараған деп тұжырым жасауға әбден негіз бар.  

Әл Масудидің жазуынша, Ұлы Бұлғар алып империя болған, оның бір шеті Византия шекарасына барып тірелген және Бұлғар ханы Еуропалық елдерге жиі әскери жорықтар жасап келген. Империяның кей аймағында жылдың кей мезгілінде түн өте қысқа екенін де баяндаған сол араб ғалымы. Ол жер қазіргі Мәскеу аймағы екенін ХІV ғасырда Бұлғар қаласында (қазіргі Мәскеу) болған араб саяхатшысы Ибн Батута жазады. Солай екенін Мәскеу климаты жайындағы нақты фактілер де дәлелдейді, яғни Ұлы Бұлғар империясы құрамына қазіргі Мәскеу аймағы кірген. Әл Масуди деректерінде Х ғасырда Ұлы Бұлғар ханы Ислам дінін қабылдағаны, оның баласы одан бұрын мұсылман болып қажылыққа барып келгені және Бағдатта отырған Халиф оның әкесіне (Ұлы Бұлғар ханына) сый ретінде Қағба жамылғысынан жыртыс беріп жібергені туралы жолдар бар. Ұлы Бұлғар ханы Орта Азиямен керуен саудасы арқылы байланысқан, ол жолда керуен қауіпсіз болған. Осы нақты деректер Ұлы Бұлғар империясы VІІ ғасырда ыдырап кетпегенін, керісінше ХІ ғасырға дейін өмір сүрген алып империя болғанын көрсетеді.

Ұлы Бұлғарияның мұсылман дінді ханының Орта Азиямен сауда жасайтын керуендері қазіргі Қазақстан арқылы өткен және қауіпсіз болған. Бұл біздің жеріміздегі Қимақ пен Қараханид деп екі бөлек көрсетілетін мемлекеттердің шынында мұсылман дінді біртұтас Қазақ хандығы екенін және көршілес мұсылман мемлекеттері арасында сауда керуендері қауіпсіз жүргенін байқатады (әріптерінің кей жері өшкен көне арабша қолжазбалардағы «қазақ» атауын «қимақ» немесе «қарақ» деп шатасу әбден мүмкін, Ресей бізді құлша билеген империя болғанын ескерсек, әдейі солай бұрмаланған десек те, қателесе қоймаймыз). Ұлы Бұлғар империясының аймағы мен бұлғар ханы баласының қажылығы жайлы деректер «Ибн Фадланның Еділ бұлғарларына саяхаты» деген жазбаның жалған екенін дәлелдейді (ол еңбектің жалған екенін ислам дінінен жеткілікті хабары бар кез келген адам оқыса да түсіне алады). Ресей ғалымдары осы жалған жарияланым арқылы қазіргі Қазақстан аумағында қазақ деген ұлт болмағандай, онда тек оғыздар мен башқырлар мекендегендей, мұсылман дінді бұлғар ханы алып империяны емес, шағын ғана Еділ бұлғарларын билегендей етіп көрсетуді, ал урус пен сакалбан елін Қырымда ғана емес, Орал тауы аймағында, яғни, ішкі Ресейде өмір сүрген русь-славян елі етіп танытуды мақсат етті. Сондықтан «Хазар қағанаты – Закавказеден бастап, Қара теңізге дейін созылып жатқан мемлекет емес, Дағыстаннан бастап, қазіргі Қазақстанның батысын ғана алып жатқан мемлекет» деген қисынсыз тұжырым жасады.

Хазар қағанаты туралы деректер жинаған Лев Гумилевтің өзі Хазарлар болды деген аймақтан хазар-еврей билеушілеріне тиесілі еш жәдігер таба алмағанын өкінішпен жазғаны белгілі (қайдан тапсын, мүлде басқа жақтан іздесе). Кеңес одағы кезіндегі саясат Әл Масуди мен Ибн Батута еңбектерін қасақана елеусіз қалдырды, бұл кездейсоқтық емес. Өйткені, аталған ғалымдардың зерттеулерінің шынайылығын әлем оқымыстылары мойындаса да, ондағы нақты деректер Ресей тарихының мүлдем өзгеше екенін көрсетеді. Есесіне, орыс билігі арнайы дайындатқан Ибн Фадлан, Рашид ад-дин, Махмуд Қашқари, Жалайыри, «Игор полкі туралы дастан», Дулати жазбалары барынша оқытылды, жарнамаланды. Ең өкініштісі, сол жалған жазбалар арқылы орыстың ғана емес, қазақ, өзбек, қырғыз, ұйғыр, татар, түркімен, азарбайжан, құмық, башқыр, ноғай ұлттарының да тарихы түгел  бұрмаланды. Онда түркітілді халықтар «кеше ғана пайда болған, бұрын мемлекеттілік дегенді білмеген жабайылар» кейпінде баяндалды. Ал христиан дінді орыс, грузин және армиян тарихтары көнеден бар халықтар ретінде жасақталды.

Ұлы Бұлғарияны билеуші әулеттің Ислам діні орнығуына наразы тобы, яғни «хан асүй бектерінің» бір тобы Кавказ тауына кеткен. Олар IX ғасырда Алан елі билігін қолдарына алды. VII ғасырда Алан епархиясын құрып христиандық қабылдаған Алан елінің IX ғасырда христиан дінінен бас тартуы осындай себептен деп білеміз (бұл оқиға Масуди жазбасында айтылады). Аландарды билеп келген Асылұялық аш-дигор тобы биліктен айрылды, осылайша олар өз халқынан бөлектеніп, кейінгі замандарда өздері билеген Ирон халқымен бірігіп осетин халқын қалыптастырған. Ұлы Бұлғариядан келіп Аландар билігін қолына алған бұлғарлық Асылұя тобынан балқар ұлты ірге қалады. Ал қараша халықтан, яғни қарапайым аландардан қарашай ұлты тарады. Балқарларды XVIII ғасырға дейін грузиндер Басианы, ал осетиндер Ас деп атаған екен. Сондай-ақ балқар халқының билік жүйесі мен Құң империясының билік жүйесі жақын екені көрініп тұр және ондай жүйе басқа көрші халықтарда жоқ (тек осетиндер құрамындағы Дигор тобында ұқсас жүйе бар, ол дигорлардың Асылұялық ас-тұғыр руы екенін аңғартады). Балқарлардың билеуші әулеті «Оли» (Ұлыүй) деп аталады, олардың төрелігіне қарашайлар мен дигорлар да (осетиндер құрамындағы) жүгінген. Осы деректерден балқар халқын билеген Асылұя тобы мен Ұлы Бұлғарияны билеген Асылұя әулеті туыс екенін көреміз. Дигорлар құрамында құл санатында болған «касогта» тобы мен балқарлар құрамында құл санатында болған «казак» тобы ХІ ғасырда аландарға құлдыққа түскен закавказелік қазақтар екені түсінікті.

Хазар қағанаты әуелде Закавказеде орнаған. Азарбайжандарды құмық және вайнах халықтары осы кезге дейін «хажари» деп атап келді. Демек, өзін «әзербайжан» емес, «азарбайжан» деп атайтын халық Хазар қағанаты заманында қалыптаса бастаған. Хазар тайпасы Кавказға Орта Азиядан VІ  ғасырда келген және Оғыздық тайпа болып табылады. Қазіргі түркімен халқы құрамында Хасар тайпасы бар. Түркі қағанаты ығыстырған Хазар тайпалары VI ғасырда Закавказьеге ауған, онда олар Иранмен одақтас ретінде Савир империясын жоюға атсалысты. Кейін олар VII ғасырда келген Тюрки ашиналарға бағынды, ол аймақта хазарлар басым болғандықтан мемлекет Хазар қағанаты деп аталды. Әл Масуди армияндардың ең жауынгер тобы сиавурда тайпасы екенін жазады, осы дерек Савир империясын билеген сұрбөрі тобының Кіші Кавказ тауындағы армияндарды билеп қалғанын байқатады (олар Журзан (грузин) елі мен Қырымдағы урус-сакалбан елі билігінде өз қолдарында ұстап қалған).

Әл Масуди X ғасырда грузин (журзан делінген) мен абхаз княздіктері Тбилиси аймағындағы Исках б. Исмаил деген билеуші басқарған мұсылман мемлекетіне салық төлеп тұрғанын жазады. IX ғасырда Византия императоры осы елді Папагия деп көрсеткен. Бұл – "түркімен бөркін" мысқылдаған атау. Бас киімдерінің түсіне қарап көршілері «қара папахтар» деп атаған. Қазіргі қара папах тобы азарбайжан ұлтының құрамында және біразы Грузия аймағында өмір сүріп жатыр. Қара папахтар құрамындағы "хан тайпасы" деп аталатын Борчало тобының дұрыс атауы Бөршілер екенін аңғару қиын емес. Оның Теркавюн деген екінші атауын Төркі мен Көпүй деп бөліп қарау керек. Өйткені, XI ғасырдағы Киев княздігіндегі черноклобук халқы құрамында торки мен копуй топтары болған. Осы деректер Киев княздігін билеген черноклобук халқы Закавказьеден барған қара папахтар екенін дәлелдейді, яғни Куәб (Киев) княздігінде билеген Асылұя тобы. Демек, оларды билеген Бөріші (қазіргі Беріш руы) тайпасы Төргі асұя (Тюрки ашина) тобынан.

Қарапапах халқы Тбилиси аумағында қалыптасты. Савир империясы жойылған соң Тбилиси VІ ғасырда Иран билігінде болды, Иран әскері хазар тайпасынан құралды. Демек VІ ғасырда Тбилиси аймағын хазарлар мекендеді, ал VІІ ғасырда ол жерді Тюрки ашина әскері болып келген қазақтар басып алды. Сол қазақтар қысымынан кіші Кавказ тауына кеткен хазарлар Х ғасырда аджар ұлты болып қалыптаса бастағанын әл Масуди жазбасынан аңғарамыз. Ал орнында қалып қойған хазарлар мен жаңа келген қазақтардың бірігіп араласуымен қарапапақ халқы пайда болған. Ол қазақтар хазарларша түркімен бөркін киюді әдетке айналдырды. Олар ғана емес, сол маңдағы барша халықтар сол бас киімді киюді дәстүр ете бастады және ол бас киім «папах» деген ортақ атауға ие болды. Осылайша Тбилиси аймағындағы хазарлар мен қазақтардан бір халық құралды. Олар өздеріне бағынышты айналадағы өзге халықтардан ерекшелену үшін тек қара түсті папах киді. Осы себептен олардың халықтық атауы қарапапах болып қалыптасты. Қарапапахты билеген – Асылұя династиясы, олардың Бөріші деген Тюрки ашиналық топ екенін азарбайжан қарапапахтары құрамындағы «хан тайпасы борчала» тобының атауы дәлелдейді. Қарақалпақ ұлты сол Закавказеден келген қарапапахтардан қалыптасқанын кейінгі жазбаларымызда айтатын боламыз. Қарапапах халқы тәрізді қарақалпақ ұлты да тек қара түсті түркімен баскиімін киетіні анық факт.

Азарбайжан жерінде «қара бөрік» дегендер де болған, алайда олар қара папах тобынан емес. Олар – ХІІІ ғасырда Орта Азиядан Закавказьеге келген қыпшақ әскері құрамындағы қара бөріктер. Қыпшақ тайпасы – Хорезмшах Джалелидиннің әскері болатын, оларды өкшелеген Шыңғысхан әскері екені белгілі. Яғни, Қара папах тобы Закавказьеге ондағы қара бөріктерден бірнеше ғасыр бұрын келген.

Сонымен Х ғасырда Хазар қағанатын, Ұлы Бұлғар империясын, Тбилиси аумағындағы  Қарапапах мемлекетін, жартылай таулық Алан елін және үлкен Кавказ тауындағы Сарир мемлекетін билегендер Асылұяның Тюрки ашина династиясы болып табылады. Ал журзан (грузин) княздігі мен армиян елін және Қырымда дербес отырған сакалбан-урустарды Асылұяның жужан сұрбөрас тобы билеген. Соңғылары ыңғайлы сәтте бақталас жаулары – Тюрки ашиналар билеген мемлекеттерді жойып жібереді. Ол жайында кезекті мақаламызда жазамыз.  

Бекжан Әденұлы

(Жалғасы бар)

Abai.kz

28 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2057