Жұма, 27 Желтоқсан 2024
«Соқыр» Фемида 7040 2 пікір 7 Тамыз, 2018 сағат 17:13

Олар өз ажалынан көз жұмды ма?

Соңғы аптада журналистерге жасалған қастандық турасында әңгіме көбейе бастады. Азаттықтың Қырғыз қызметінің тілшісі Уланбек Егізбаев белгісіз себептермен Ыстықкөл жағажайында суға батып, соның салдарынан көз жұмды. Қазір мемлекеттік шенеуніктер арасындағы жемқорлық оқиғаларын зерттеумен де айналысқан Егізбаевтің қазасына қатысты түрлі әңгімелер гулеп тұр. Бұл аз болғандай 2 тамыз күні Орталық Африка Республикасында ресейлік журналистерге шабуыл жасалды.

Олар “Вагнер” жекеменшік әскери компаниясы туралы деректі фильм түсіруге барған. Ал, ақпарат құралдары журналистердің қазасына террористік топтың қатысы болуы мүмкін екенін айтқан болатын.

Әрине, бұл журналистерге жасалып  жатқан алғашқы шабуыл емес. Дегенмен, БАҚ жұмысының қауіпсіздігіне ешкім де кепілдік бермейді.

2012 жылы БҰҰ бұл мәселе төңірегінде арнайы қарар қабылдаған. Және, әлемдегі барлық елдердің үкіметтерін журналистерге қатысты жасалған өлтіру, қысым көрсету сияқты қылмыстық оқиғаларға тәуелсіз зерттеу жүргізуге шақырған болатын.

Жоғарғыда айтқан екі мәселе түрткі болып, "Біздің елімізде журналистердің қауіпсіздігі қай деңгейде?" деген сұрақ өздігінен туындайды.

"Жемқорлық, парақорлықты әшкерелейміз" деп өз өміріне қауіп төндірген журналистер туралы не білеміз?

Нұри Мұфтах – “Алтын ғасыр” қоғамдық-саяси басылымының бас редакторы болған. Және Қазақстанның Демократиялық Таңдауы партиясын ұйымдастыру ісіне араласып, саясатта да белсенділік танытқан. Негізгі мамандығы заңгер болғандықтан, адам құқығының бұзылуы, әлеуметтік құқық сияқты қоғамдағы ең өзекті мәселелерді ашық жазған. Алайда, ол 2002 жылдың қараша айында көлік апатынан қаза табады. Сол кезде қалың бұқара оның өлімін “кездейсоқ көлік апаты” дегенге күмәнмен қарады.

Асхат Шәріпжанов – “Навигатор” интернет-газетінің журналисі. Ол тек саяси тақырыптарда жазды және сыбайлас жемқорлықпен айналысатын саясаткерлердің есімдерін ашық жариялады. Алайда, 2004 жылдың шілде айында жол апатынан қайтыс болды. Бірақ, әріптестері оның өлімінде саяси астар бар екенін айтады.

Оралғайша Омаршанова– “Закон и правосудие” газетінің журналисі болған. Ол  “Қазақмыс” компаниясындағы миллиардтаған шығындар туралы мәліметтер жинап, жариялайды. Бірақ, 2007 жылы із-түзсіз жоғалып кеткен.

Cакен Таужанов – Қазақстандағы саяси жүйені қатты сынағандардың бірі және сол тақырыпта өткір материалдар жариялайды. Бірақ, аяқ астынан жол апатына ұшырап қайтыс болады.

Жұмаш Көкбөрі, тәуелсіз журналист:

– Қысым мен қудалауды көп көрдік қой. Менімен бірге істеген Батырхан Дәрімбетовтың өлімінде де жұмбақ жағдайлар бар. Батырхан Дәрімбетовпен бірге "Азат" газетін шығардық. Ол газет совет үкіметін құлатуға арналған газет еді. Сол кезде талай қысымға тап болдық. Кейіннен Дәрімбетов Азаттық радиосында тілші болды. Сөйтіп жұмыс бабымен Жамбылға кетіп бара жатып, Луговой ауданының орталығына жете бергенде (түнгі он екілерде) қарсы бағыттан көлік шығады. Оны  өткізіп жібермек болғанда екінші қапталдан тағы бір көлік шыға келеді. Сөйтіп машинасымен аударылады.

Нұримов Сәт деген мықты журналист болды. Ол да солай өлді.

Айта берсе көп қой...

Түйін

Қорыта айтқанда, біржақты ақпарат халықтың сеніміне селкеу түсіреді. Сондықтан, қоғамда жабық ақпарат болмау керек. Және билікке әділ сынның айтылуы да қалыпты құбылыс деп білуге тиіспіз. Ал, ол сынды қалыптастыратын тәуелсіз БАҚ қана екенін ұмытпауға керекпіз.

Нұрбике Бексұлтанқызы 

Abai.kz

 

 

2 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2057