Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Алашорда 12492 42 пікір 14 Тамыз, 2018 сағат 09:10

Орыстар - шоқынған түркілер...

Әңгімемізді Мурад Аджидің «Дыхание Армагеддона» деген кітабындағы мына сөздермен басталық: «Каганат Великая Булгария пал первым, там тюрков, веривших в Бога Единого, насильно окрестили византийским крестом, потом покорили, назвали славянами, то есть народом-рабом. Для осуществления своего замысла Западная церковь руками монахов, в прямом смысле слова, вытравила царскую династию Рюриковичей, устроила на Московской Руси Смуту и християнское крещение в 1589 году, потом буквально протащила на престол Романовых – царей, подвластных папе из-за незаконности своего выдвижения. Прости меня, читатель, но «просвещали» славян не Кирилл и Мефодий, а иезут Лаврентий Зизаний, он составил первый славянский словник. Он! Славянский диалект шлифовали заботлива, взяв за основу то, о чем говорила Болгария. А дальше дело вкуса, здесь дописали букву, другую изъяли, поменяли ударение, и – тюркское слова «языгь» стало русским «язык». Рим поставил Романовым две глобальные цели – уничтожение татар (так стали называть тюрков) и создание военного плацдарма для нападения на мусульманский мир. Москве предлагали захватить Кавказ и Дешт-и-Кипчак (земля нынешнего Казахстана), превратиться в базу агрессии. В третий Рим. Наблюдательному человеку тут доказывать нечего, все на виду: более половины слов в русском языке тюркские, либо выведены из тюркского корня».

Осылайша ол кісі азғана сөзбен алғашқы славяндардың ХІІ ғасырда шоқындырылған бұлғарлар екенін және ХVІ ғасырда ғана шоқынған түркітілді халықтың шіркеу тіліне көшуімен орыс ұлты пайда болғанын, ХVІІІ ғасырда сол шіркеулік-славян тілін (ескі болгар тілін) өңдеп, қазіргі орыс тілі қолданысқа енгенін және осы процестердің Иезуид ордені жоспарымен іске асқанын анық дәлелдермен көрсетіп отыр. Орыс тіліндегі түркілік негізді мойындайтын қазіргі орыс зерттеушілері А.Фоменко мен Г.Носковский де: «Тюркский язык, вполне вероятно, был простонародным языком наших предков, а русский язык является, скорее всего, разговорным упрощением церковно-славянского языка. Ему наших предков научили в церкви, и он постепенно вытеснил разговорный тюркский язык», дейді. Яғни, орыстың ақиқаттан аттап кете алмаған нағыз ғалымдары ұлтының арғы тегі түркітілділер болғанын мойындайды.

Славян, оның ішінде орыс халқының пайда болу тарихын түсіну үшін алдымен сақ-скиф халқы қай тілде сөйлегенін біліп алу қажет. Өйткені грек-рим деректері қазіргі славяндық ұлттар отырған аймақ халқын «скифтер» деп көрсетеді. Еуразия даласындағы көшпелі халықты ежелгі гректер «скиф» деп атайтынын, ал парсылар «сақ» деп атайтынын Геродат жазған. Яғни, сақ пен скиф – бір халық. Ал І ғасырда Батыс Еуропа аймағындағы көшпелі тайпалар «саксы» деп аталды, яғни олар – сақ-скиф халқының сонда орныққан бөлігі. Скифтерді римдіктер жабайы мағынасындағы «готы» атауымен де атаған. Қырымда отырған скифтерді «саксы» деп, кей деректерде «готы» деп атайды. Қырымда «Скиф қорғандары», «Саксы» жер атаулары сақталған. Құманияға (қазіргі Кубан-Дон аймағы) ХІІІ ғасырда барған францискандықтар Қырымда отырған урус-сакалбан елін «готтар» деп жазады да, олардың христиан дінді екенін және «сакс» деп те аталатынын ескертіп өтеді. Осы нақты деректер саксы, готы, германцы деп әрқалай аталғандар сақ-скиф халқы екенін және Қырымдағы урус-сакалбан елі де сол сақ-скиф халқына жататынын дәлелдейді. «Кодекс Куманикус» жазбасы сол ХІІІ ғасырда Қырымда жазылғанын және оның тілі қырым татарлары (қырымлар) тілімен туыс екенін ескерсек, онда сол жүз жылдықтағы христиан дінді урус-сакалбан (гот-саксы) елі түркітілді екеніне және олардың ұрпағы қырымлар (қырым татарлары) екеніне көз жеткіземіз.

Еуропадағы саксы елін «герман тайпалары» деп те атайды, Страбон ол атаудың «нағыз көшпелілер» деген мағынадағы рим сөзі екенін көрсеткен. Саксы елі вестфал, остфал және энгр деген үш топтан тұратыны жазылған құжаттар бар. Мұндағы вестфал – «батыс адамдар»,  ал остфал – «шығыс адамдар» деген мағынадағы римдік атаулар. Ал энгр тобы сакс елінің орталығын мекендеген, осы атау таза сақ-скифтік болуы мүмкін. Энгр атауы дұрысында «әңгір» болуы ықтимал. Қазақта «басыңа әңгір таяқ ойнатам» деген сөз бар, сақтардың әңгір тайпасының қаруы «ерекше таяқ» болғандықтан сақталған нақыл сөз боулы ғажап емес. Саксы халқы тайпалардан құралғанын, жылына бір рет тайпа көсемдері бас қосатын жиын «тинг» деп аталатынын растайды деректер. Осы атауды «тег» деген жөн, ол – «ру-тайпалар жиыны» мағынасындағы «тег жиыны». Қазақтың: «Тегің кім?» дегені – руын сұрағаны, яғни сақ-скифтер заманында «ру» орнына «тег» сөзі қолданыста болған. Қалыптасуына сол саксы тайпалары қатысқан ағылшын тілінде заттың паспорттық тіркеу санын «тяг» деп атайды, яғни қазақша айтсақ, «заттың шығу тегі». Сол ағылшындардың «биг» сөзі «үлкен-биік» деген мағына береді. Жалпы, ағылшын тілінде айтылуы мен мағынасы «қазақы» мыңдаған сөз бар. Ал немістер – сол саксы елінің тікелей ұрпақтары. Немістердің келісімді қазақша «иа» сөзімен айтуы, «жылдам жүр» деген мағынадағы «шнель» сөзі қазақтың «жөнел» сөзіне ұқсауы бекер емес. Зерттесе олардың талай сөздерінің төркіні түркілік болып шығатыны сөзсіз.

Саксы халқының энгр тайпасы ІV ғасырда қазіргі Венгрия аймағына орныққаны жазылған деректер бар. Венгр ұлтының атауы сол «энгр» сөзінен шыққан (славяндар «уэнгр» атауын «вэнгр» деп дыбыстағандықтан, солай қалыптасты). Саксы халқы Ұлы Карл заманында шоқынып, христиан болғанға дейін өз дәстүрлерін сақтаған. Яғни, олар римдік христиандықты қабылдап, шіркеу тіліне  көшу арқылы ана тілі мен өз дәстүрлерінен айрылған. Христиан тек шіркеу тілінде сөйлеуге тиісті болды, өз тілінде сөйлесе «еретик» ретінде қуғынға ұшырады. Осы себептен Еуропа аймағындағы түркі тілді саксы (сақ-скиф), гунн тайпалары жаппай римдік шіркеу тіліне көшті. Оған дейін Еуропада ортақ тіл түркілік тіл болған деу орынды. Римдік христиандық еуропалық халықтарды түбегейлі өзгертті. Сондықтан «германдық халықтар» деп аталатын барша еуропалық ұлттар Х ғасырға дейінгі ата-бабалары тілдерін ұмытқаны мойындалады.

Осы тұста Олжас Сүлейменов пен Мұрад Аджидің европалық тілдер туралы айтқандарын көз жүгіртейік. Олжас: «Во многих индоевропейских за сравнительно короткий срок, в исторически обозримое время, коренным образом изменилась структура языков и морфология» деп жазса, Мұрад: «Когда-то давно прочитал, что современные англичане и французы не знают языка предков не понимают. Удивительно? Нет, церковь веками отсекала их от их же корней, вот и забыли» дейді. Еуропалық христиан халықтар қазір «герман тілділер» және «славян тілділер» деп екі топқа бөлінеді. Герман тобындағы халықтар – рим-италия тілінде шоқынғандардың, ал славян тобындағы халықтар – Византия-болгар шіркеуі тілінде шоқынғандардың ұрпақтары. Жаратушы христиандықтың екі тармағы арқылы, яғни сол екеуінің шіркеу тілдері арқылы еуропалық саналуан этностардан (түркі тілді сақ-скиф, гунндерде бар арасында) славяндық және германдық жаңа халықтарды шығарған. Қасиетті Құрандағы: «Қаласам, сендердің орындарыңа жаңа халықтар келтіремін» деген мағынадағы Алланың сөзі ақиқат.

Сонау Қытайдан Еуропаға дейінгі сан алуан отырықшы этнос-тайпаларды жаулап алып мемлекеттер орнатқан, артынан шоқыну арқылы олармен араласып әртүрлі ұлттар қалыптастырған – көшпелі сақ-скифтер мен гунн-хуньдар. Отырықшы халық өз жерінде тапжылмай ғасырлар бойы отыра берген, ал малға жайлы жайылым іздеген көшпелілер жер бетін кезіп, жортуға мәжбүр болған. Сақ-скифтер де, гунн-хуньдар да түркітілді болды. Християндық шіркеу, нақтырақ айтсақ шіркеуді және сол шіркеу арқылы христиандық мемлекеттерді билеген иезуидтер пен массондар сақ-скифтерді «иран тілді», ал гунн-хуньдарды «маңғол тілді» деп бұрмалаған. Себебі, шоқынудан аман қалған барша түркітілділер жаппай мұсылман дінінде еді, яғни еврей-христиандық одақ пен мұсылман әлемі арасындағы әлемдік бәсекелестік түркітілділер тарихының өзгеруіне әкеп соқты. Шіркеу христиан халықтардың кешегі түркітілділер екенін жасыруға мүдделі болды. Сондықтан олар Еуразия даласын ертеден билеп-төстеген көшпелілердің түркітілді екенін жоққа шығаруға барын салды.

Егер көшпелі сақ-скифтер  парсы тілді болса, онда Еуразия даласында ең кемі бірнеше парсытілді ұлт қалыптасуы заңдылық еді. Ондай бірде-бір ұлт жоқ. Тек Кавказдағы осетиндер «алан ұрпағы» деп жазылады тарихта. Оны да мұхият зерттесек, осетиндердің дигорлары ғана аландық екенін және сол дигорларға жақын туыс бір-бірін «алан» дейтін түркітілді қарашай мен балқарлар екенін көреміз. Осетиндердің ирон деген негізгі тобының аландарға еш қатысы жоқ, яғни осетиндегі дигор-аландар арқылы «скифтер ирантілді болған» деген дерек еш қисынға келмейді. «Өтіріктің құйрығы – бір-ақ тұтам», осы уақытқа дейін ғалымдар қалайша сол жалған мәліметтерге нанып келгеніне таң қаламыз. Енді Күлтөбе қалашығынан табылған тастағы парсы жазуларын «Кангью жазбасы» деп сендіруге тырысуда, осылайша кангью тайпасы арқылы сак-скифтердің «парсы тілді екенін» дәлелдемек. Алайда, ол тастағы жазбалардың бірде-бірінде кангью тайпасының аты жоқ. Осыны неге түсінбейді орыс оқымыстылары? Егер көшпелі гунн-хуньдар маңғол тілді болса, Еуразия даласында бірнеше маңғол тілді ұлт қалыптасар еді. Оның бірі де жоқ. Қалмақты айта алмайсыз, өйткені қалмақ қазіргі отырған жеріне қашан және қалай барғаны баршаға аян.

Сонау Якутиядан Еуропаға дейінгі алып аймақта сан алуан түркітілді ұлттар мекендеп отыр. Олардың ежелгі көшпелі сақ-скиф және гунн-хунь тайпаларынан қалыптасқаны айтпаса да түсінікті. Демек сақ-скиф пен гунн-хуньдар түркітілді халықтар болғаны анық.

Енді орыстар рус пен славян деп атап жүрген ұлттар жайлы тарихи деректер мен белгілі фактілерді зерделеп көрсек. Страбон деректері скиф-сарматтық аорс пен сираки тайпалары ІІІ ғасырға дейін Доннан Каспийге дейінгі далада, төменгі Еділ бойы мен Шығыстағы алдыңғы Кавказға дейінгі аймақта көшіп-қонып жүргенін, олардың Еділдің артындағы қоныстары Оңтүстік Орал етегі мен Орта Азия далаларына дейін созылатынын айғақтайды. Сонымен қатар онда аорстар мен сиракилердің бір бөлігі көшпелілер екені, бір бөлігі шатырларда өмір сүріп егіншілікпен айналысқаны жазылады. Демек аорс пен сирак тайпалары ІІІ ғасырға дейін қазіргі қазақ даласынан бастап Закавказье даласы мен Қара теңіз маңына дейін еркін көшіп-қонған. Олармен бірге скифтердің языги деген тайпасы да болды.

Осы үш тайпаның атауына мән берсек, сирак – сирақ деген қазақ сөзі тәрізді, бойшаң, ұзын деген мағынада қолданылатын «сирақты» сөзінен шыққан атау. Сонда «сираки» атауы дұрысында – сирақ үй («сирақ тайпасы» деген мағынада). Сырдария атауы ертеден бар, осы дария бойын «ұзын адамдар» тайпасы мекендеген сияқты. Өйткені, сол аймаққа жақын маңнан ғалымдар ұзын адамдардың қабірлерін тапқаны белгілі. Адамдары «сирақты», бойшаң болғандықтан, ол тайпаны «сирақты үй» деп атаған. Кейін атау «сирақ үй» болып қысқарған және Страбон оны өз тілінде сираки деп тарихқа енгізген. Қазақтың кей тайпаларының шежіресінде Сирақты атауы кездеседі, Жағалбайлы тайпасында Сирақты руы, ал Сіргелі  тайпасында Ақсирақ, Қарасирақ рулары көрсетілген. Сіргелі атауы әуелде «Сырелі» болғандай, аталған тайпа ертеде Еділ бойын жайлау, ал Сырдарияны қыстау етіп көшіп-қонғаны айтылады. Дулат тайпасы құрамында да Қусирақ деген ру бар, ол Сиқымның ішінде болғанымен, кірме деп те танылады. Бұл айтылғандар ежелгі сақ-скифтік сирак-сирақ тайпасының қазақ халқы құрамында сақталғандары деген дұрыс.

Сол сирак тайпасының Қара теңіз маңындағылары тарихтағы сырбой мен акасир дегендер десек, қателеспейміз. Өйткені, сол маңда сираки тайпасы болғанын ІІІ ғасырға дейінгі жылнамалар дәлелдейді, ал ІV-V ғасырлардағы деректер ол жерде сырбой мен акасир деген скифтік рулар болғанын көрсетеді. Демек, сырбой мен акасир – сираки тайпасына жататын рулар. Сырдария аймағын қазақ «Сыр бойы» деп те атайды. Сырбой руының атауы олардың Қара теңіз маңына Сыр бойынан кейінірек баруымен байланысты болар. Осы сырбой руының Еуропаға кеткендерінен кейін серб ұлты қалыптасқанын айтады ғалымдар. Яғни, түркітілді сырбой руы христиандық қабылдау арқылы шіркеу тіліне көшіп, славянтілді серб ұлтын қалыптастырған.

Акасир атауын «аға сыр» деген дұрыс, өйткені сирақ тайпасын билегендіктен осылай аталған. Скифтер мен гунндер соғысында сақ-скифтерді бастаған – осы акасир руы. Гунн патшасы Аттила (аттылы) скифтерді бағындырған соң, акасир руына басшы етіп өз баласын тағайындаған. Аттила арғы тегінде Хунь империясын орнатқан Моде (мүде) шыңүйдің ұрпағы, яғни Асылұя династиясы адамы. Осылайша скифтік сирак тайпасы-елі билігіне Асылұя адамдары отырды. Содан соң ағасыр (акасир) руы «сирақас» деп атала бастады («сирақ елін билеген Ас руы» деген мағынада). Артынша барша сирақ-сирак елін билеуші ру атауымен Сиракас деп атап кеткен. Кейін Сиракас тайпасы атауы «сирқас», «ширкаш» деген өзгерістерге ұшырап, бізге Шеркеш болып жеткен деп білеміз. Өйткені Шеркеш тайпасы сол сираки мен акасир және Аттила гунндері өмір сүрген аймақта қазір де бар. Яғни, қазақтың Шеркеш тайпасы ежелгі сираки тайпасының үзілмеген жалғасы және оның қалыптасуына Асылұя династиясы тікелей қатысқан.

Түркменстан аймағының сак-скифтік тайпасы грек-рим жазбаларында «языги» деп көрсетілген. Олар парсылармен көрші отырғандықтан тілдері парсы тілі ықпалымен бұрмаланып, өзге скифтерден бөлекше диалектіде сөйлеген. Геродат айтқан «сәл өзгеше диалектіде сөйлейтін Амозонка елі» – осы языги тайпасы. Олардың дұрыс атауы – «үзік үй», өзге сақ-скиф тайпалары оларды тілдері парсы тілімен «шұбарланып», бөлектенгендіктен, үзілген немесе бөлектенген мағынасында «үзік үй» деп атаған (үзік тайпасы). Олардың бір бөлігі ІІІ ғасырға дейін Қара теңіз маңына орнықты, негізгі тобы өз отанында қалған. Олардың ірі тұрпатты иттері болғандықтан, көршілері «епті, алып ит елі» деп те атаған (кәзіргі түркмендердің алабай деген иті). Сондықтан қазіргі Түркіменстаннан шығып, ІV ғасырда Орта Азияны жаулап алғандар тарихқа «эфталит» атауымен енді. Шындығында, олар үзік елі болатын, яғни грек-рим жазбалары «языг» деп көрсеткен ел.

Орта Азия қалаларында үйсүн халқының отырықшы бөлігі мекендеді, үйсүндер өз көсемдері мен байларын «бек» (биік) деп атайтынын қытай жазбасы көрсеткен. Сол үйсүндер ІV ғасыр соңында өздерін басып алған үзік елі адамдарын «үз бек» деп атаған, артынан отырықшы үйсүндер мен сол билеуші үзік тайпасынан үзбек ұлты қалыптасты. Ал үзік елінің өз отанында қалғандары қысқаша «үз» деп аталып кетсе, оларды билегендер «ақ үз» деп аталды. Араб жазбаларында «ақ үз» деп кездесетін осы атауды «ок уз» деп бұрмалаған Ресей империясы тарихқа жалған «огуз» атауын енгізді. Яғни, язык – үзік тайпасының Қара теңіз маңында отырғандары.

Енді аорс тайпасы атауына келсек, Страбон ол тайпаның бір мекені Орта Азия даласы деп жазады. Орта Азияда Арыс өзені бар, қазақ арғы тегін Ақарыс, Бекарыс, Жанарыс аталардан таратады, біздің даланың ең ежелгі тұрғындары Арии-ариицы деп аталатын тайпа-халық болғаны да мәлім. Алдыңғы мақалалардың бірінде Арии-ариицы халқының ұрпақтары құң, сақ және жунди халықтары екенін нақты дәлелдермен көрсеттік. Аорс тайпасы скиф-сарматтық болып саналады, ал ІІІ ғасырда скифтер алан тайпасына толық бағынды деп таниды ғалымдар. Сол ғасырдың ортасына таман Қара теңіз аймағынан барып Римді тонаған скифтер жорығы «Скиф соғысы» деп аталады. Олардың әуелгі жорықтары құрлық арқылы атпен жасалғаны мәлім (сол заманда олардың бір тобы қазіргі Албания аймағында орнығып қалған тәрізді). Осы жорықтар кезінде скифтердің боран деген руы жергілікті теңізшілер көмегімен алғаш рет теңізді кемемен кесіп өткені, артынша олар римдіктерден тартып алған кемелерді олжаға толтырып еліне қайтқаны, осыны көрген скиф елі кеме дайындауды жедел жолға қойғаны және содан кейін скифтердің Рим империясына жасаған жорықтары тек теңіз кемелерімен іске асқаны римдік жылнамаларда қамтылған. Яғни, кешегі көшпелі сақ-скифтердің Қырымдағылары «Скиф соғысы» заманында кемелі халыққа айналды. Скифтік боран руын алан тайпасынан деген дұрыс. Өйткені, боран атаулы ру қарашай ұлты тарихында кездеседі және бірі-бірін «алан» дейтін қарашай мен балқарлар сол аландар ұрпағы болып табылады.

ІХ ғасырдағы араб жазбалары Қырымда урус пен сакалба деген кемелі елдер отырғанын көрсетеді. Олардың ІІІ ғасырда кемелі елге айналған скифтер ұрпағы екені айтпаса да түсінікті. Араб жазбасындағы сакалба атауы дұрысында «сак албан» деген жөн. Ежелгі грек жазбалары І ғасырда Закавказьеде отырған албан тайпасы көшпелі екенін жазады, яғни албан тайпасы Закавказьеге қазақтың оңтүстік аймағынан І ғасырдың алдында барған. Закавказье VІ ғасырға дейін «Кавказ Албаниясы» деп аталды және парсылар көшпелі скифтерді «сақ» деп атағаны мәлім. Закавказьедегі азарбайжандар құрамында «шахсеван» деген көшпелі топ бар, оның әуелгі атауы «сақ сыбан» деген жөн. Біздегі қазақтың албан мен сыбан тайпалары оңтүстік Қазақстанда әлі күнге дейін жұбы жазылмай қатар отыр. Демек, Закавказьеге бізден барған албан мен сыбан тайпаларын парсылар «саксыбан», «сакалбан» деп атаған. Сондықтан араб жазбасындағы «сакалба» – Қырымға сол І ғасырда орнығып қалған «сак албан» тайпасы. Қазіргі Албания мемлекеті Италияға таяу орналасқан, осы албан халқы Қырымнан барған сак-скифтерден қалыптасқан десек, қателеспейміз. Өйткені, Албания мен Ресей елтаңбалары ұқсас, екеуінде де екі басты жыртқыш құс бейнеленген (тазқара немесе грифон). Ресей елтаңбасы оны билеген Рюрик династиясы таңбасы екені белгілі және Рюрик династиясы Қырымды мекендеген урус елінен шыққандар екеніде ғалымдар мойындайды (Ресей билеушілері сол себептен урус елін өз аталары деуге құмар). Араб тарихшысы әрі географы Әл Масуди урус пен сакалбан Қырымда отырғанын және теңіз арқылы алыс елдермен сауда-саттық жасайтын кемелі елдер екенін анық жазған.  

Осы жерде айта кетер бір жайт, Әл Масуди жазбасының өзгермей сақталған аса құнды жазба екенін Еуропа ғалымдары әлдеқашан толық мойындаған. Ал ресейліктер өздері құрастырған жалған тұжырымдарына қайшы болғандықтан, оны мойындағысы келмейді және мүмкіндігінше елеусіз қалдыруға тырысып келеді. Әл Масуди урус елі көп ру-тайпадан құралғанын, оның құрамында аргу және әл-уздган деген тайпалар барын көрсетеді. Аргу дегені – арғын тайпасы, ал Кавказда Аргун өзені мен Аргун қаласы бүгінге дейін бар. Оның «әл-уздган» дегені – «үздан» деген атаудың арабша жазылуы, яғни «үз тайпасынан» деген мағына береді.

Жоғарыда языги тайпасы атауы дұрысында үзік екенін және олардың Қара теңіз маңында аорс пен сирак тайпаларымен көрші отырғанын айттық. Демек, үзік тайпасы аорс тайпасына кірігіп, кейін «үздан» атауымен аорс-урус елі құрамында жеке тайпа болып қалыптасқан (қырым татарлары-қырымлар тіліндегі оғыздық белгілер осы әл-уздган тайпасы арқылы қалған). Кәзіргі християн дінді әрі түркітілді гагауз ұлты сол уздан тайпасынан қалыптасқан деу орынды (гагауз – «кәка үз», яғни, жаман үз). Әл Масуди жазбасын орысшаға аударған ресейлік тарихшылар осы «әл-уздган» атауын «норман» деп өрескел бұрмалап түсіндіреді де, «Әл-уздган тайпасы атауы урус елінің солтүстік-батыстан кемеллерімен келіп Қырымға орныққан нормандар екенін дәлелдейді» деп соғады. Онысы еш қисынға келмесе де «аузы қисық болсада бай баласы сөйлесіннің» керімен, сондай жалған тұжырым орнығып қалды.

Ресей ғалымдары орыстардың ата-бабалары ешқашан ру-тайпаға бөлінбегенін, олар тек отырған мекендеріне байланысты суздальцы, черниговцы және тағы сол сияқты болып аталғанын айтады. Әл Масуди болса, урус елі көп ру-тайпадан құралатынын анық көрсетеді. Онда Қырымды мекендеген урус елі қалайша орыстың ата-бабасы болуы мүмкін. Әл Масуди урус пен сакалбан елдері Х ғасырда ескі сенімдерін ұстанғанын, олардың денелері өлгенде өртелетінін және күйеуімен бірге әйелін де өлтіріп өртейтінін жазады. Мұндай дәстүр шығыстағы Хунь империясы құрамында болған ежелгі диллин елінде болған, ал диллиндер түркітілді екенін ғалымдар мойындайды. Яғни, Х ғасырда урус пен сакалбан елдері ресейліктер айтқандай, Византиялық христиандықта болмаған, тіпті ешқандай христиандықта болмаған. Алайда ХІ ғасырдағы урус пен сакалбан елдері католик христиандары екені анық дәлелденген.  Олардың бір тобы сонау ІІІ ғасырдағы «Скиф соғысында» қазіргі Албания аймағына орныққан болуы мүмкін дедік, міне сондағы сакалбандар католик дінінің ХІ ғасырда Қырымдағы өз туыстары арасында орнығуына ат салысқан деген дұрыс.

Атақты «Кодекс Куманикус» жазбасының ХІІІ ғасырда Қырымда латын әрпімен жазылғаны, оның католиктік діни кітаптар мен уағыздар жиынтығы екені мәлім. Ал оның тілі қазіргі қырымлар (қырым татарлары) тіліне өте жақын екені де анық. Оның ішінде қыпшақ деген бір сөз жоқ, ал жауынгер мағынасындағы «қазақ» деген сөз бар. Алайда, Ресей тарихшылары «Құман атауы – қыпшақ атауының баламасы» деген ақылға сиымсыз тұжырым жасап, «Кодекс Куманикус» жазбасы қыпшақ тілді» деп бұрмалаумен келеді. Өкінішке орай, қазақ ғалымдары да осы деректің дұрыс-бұрыстығын зерттеп пайымдамастан, аталған жазбаны «қыпшақтық» деп адасып жүр. Анығында, құман тайпасы І ғасырдан қазіргі Кубан аймағында отырғанын ежелгі тарихшылар айтады. Кубан – Қырымға көрші аймақ, сондықтан Қырымдағы урус пен сакалбан елдері құрамында құман тайпасы да болған. «Кодекс Куманикус» жазбасы – Қырымда жазылған католиктер кітабы, оның иесі – католик дінді урус пен сакалбан елдері, олардың ұрпағы – қырымлар ұлты (қырым татарлары). Мұны «Кодекс Куманикус» жазбасы тілі мен қырымлар тілінің жақындығы дәлелдеп тұр. Ресей ғалымдары «Старо-русские летописи» деп жүрген жазбалар да анығында қырымдық урус пен сакалбан елдеріне тиесілі. Ол құжаттардың әуелгі тілі түркілік болғанына Олжас Сүлейменовтің зерттеуі дәлел. Оның «АЗиЯ» атты еңбегіндегі: "Игорь полкі туралы сөз" – ХVІ ғасырда қайта өңделіп боялған, ХІІ ғасырдың оқиғаларын бейнелейтін ескі әрі әбден тозған картина. "Сөз" екінші мәрте ХVІІІ ғасырда қайта өңделу кезеңінен өтті» деген жолдары көп нәрсенің бетін ашады. Анығында, «Слово о полке Игореве» жазбасы түпнұсқасында түркітілді болған, оны ең алғаш ХVІ ғасырда славяндап өзгерткен және ХVІІІ ғасырда қайта славяндап-орысшалаған. Яғни, урус-сакалбан елінің түркітілді жазбаларын алғашқыда шіркеу монахтары славяндаған, сосын Ресей империясы, нақтырақ айтсақ Иезуид ордені ескі орыстілді етіп өзгерткен. Оны славяндаған, сосын кейін орысшалаған адамдар ондағы түркілік кей ескі атаулардың мағынасын білмегендіктен, ондай сөздерді сәл бұрмалап түркілік күйде қалдыруға мәжбүр болған. Міне, сондай сөздерді көрсету арқылы Олжас Сүлейменов жазбаның түпнұсқасы түркілік екенін дәлелдеп берді. Мүйізі қарағайдай небір орыс академиктері "Оның дұрыс емес" деуге шамалары келмеді. Өйткені, Олжастың айтқаны ащы да болса шындық екенін олар жақсы түсінді. Сондықтан үндемей құтылуды жөн көрді, яғни елемесе, артынан ұмытылады деп сенді.

Олжастың зерттеуіндегі жазбаларда Қырымдық урус-сакалбан елі мен көрші даладағы көшпелі қазақ халқы арасындағы қақтығыстар сөз болған. Автордың: «Менің түсінбейтінім, Гзакъ қалайша аман қалған» деуі жазбаны өзгерткендердің қалайша бір жерде «қазақ» атауын қалдырғанына таң қалғанын білдірсе керек. Ресей ол қазақтарды «касог» деп өзгертіп тарихқа енгізді, ал Әл Масуди ол қазақтарды «көшпелі ғазақ» деп жазды. Анығында, скифтік аорс тайпасы атауының урус болып өзгеруі сол қазақ көршілерінің себебінен. Римдіктер арыс тайпасын «аорс» деп атап кетті, ал VІІ ғасырда Қырымға көрші аймаққа орныққан қазақтар оларды «орс» деп атады, яғни, «аорс» атауын «орс» қылды. Хазарлар үз-оғыздық тайпа болғандықтан, «орсты» «урус» деп дыбыстаған және араб жазбаларына ол халық осы хазарлық «урус» атауымен енді. Ол халық кемінде ХІ ғасырға дейін өздерін «арыс» деп атағанын байқауға болады.

Солтүстік Кавказда ХІ ғасырда Авар нуцальдігін орнатқан Рус тобы Қырымдағы урус елінен келгендер болатын. Тарихи деректерде олардың Кавказға армиян билеушілері шақыруымен Хазар өзені арқылы кемелерімен барғаны айтылған. Урус билеушілері мен армияндарды одақтас еткен екеуіне де ортақ католик діні. Кавказға келген урустар Солтүстік Кавказдағы Сарир мемлекетін жойып, оның орнына Авар нуцальдігін орнатқан. Сол Авар нуцальдігін билеген урус династиясының шежіресінде арғы тектері Арыс хан екені көрсетілген. Осы нақты дерек римдіктер аорс, арабтар урус деп атаған Қырымдағы елдің өз атауы арыс екенін айқын дәлелдейді. Авар нуцальдігінің негізгі халқы аварлар екенін және сол кезде олардың католик дінді болғанын ғалымдар мойындайды. Мурад Аджи ол жайында былай дейді: «Кавказдағы жалғыз католиктер Аварлар болатын. Қайталаймын, Аварлар – зираттары растағандай католиктер болған!». Осы деректер Қырымдағы урус елі ХІ ғасырда католик дінді болғанын айғақтайды. Олар ешқашан Византиялық-православиялық дінде болған емес.

Олжас Сүлейменов «Тверлік саудагер Никитаның Үндістанға саяхаты» жазбасы да түпнұсқасында түркітілді болғанын, тіпті сол саудагердің мұсылман екенін жазады. Ол жазбаның Бейбарыс сұлтан зманында мұсылмандыққа өткен урус елінің мұсылман саудагеріне тиесілі екені анық байқалады. Оны да Ресей тарихшылары шамалары жеткенше «орысшалап» өзгерткен, ондағы арабтық және түркілік кей сөздердің мағынасын түсінбегендіктен немесе орысша баламасын таба алмағандықтан өз қалпында қалдыруға мәжбүр болған. Орыс тілі дамыған кейінгі заманда ол сөздерге балама тауып бұрмалады. Алайда, оған дейін оның қандай күйдегі жазба болғанын ғалымдар естен шығарған жоқ.

Сонымен урус пен сакалбан елі түркі тілді сақ-скифтер екеніне, яғни олардың славяндарға да, орыс халқына да еш туыстығы жоқтығына көз жеткіздік. Әл Масуди урус пен сакалбан елі Қырымда отырғанын анық жазған. Ал оларды Орал тауына жақын маңда отырғандай қылып көрсеткен Ибн Фадлан жазбасы ресейлік көзқарастағы жалған дүние екенін Әл Масуди деректері дәлелдеп беретінін алдыңғы Асылұя династиясы жайлы мақалалардың бірінде жаздық.

Енді ежелгі тарихшылардың деректері орыстардың отаны – ішкі Ресейде кімдер отырғанын көрсеткенін талдайық. Ежелгі тарихшы Иордан VІ ғасырда Қара теңізден (Понти) әріде жатқан даланы бұлғарлар мекендейтінін, одан әрі саны аса көп гунндер қоныстанғанын жазған. Оның айтуынша, Еділ өзені мен қазіргі Венгрия арасындағы далада бұлғарлар, ал қазіргі ішкі Ресей аймағында гунн-хуньдар өмір сүрген. Оның дерегінде бұл аймақтардан ешқандай славян да, русь та көрінбейді.

Әл Масуди жазбасы Х ғасырда Еділ өзенінен бастап Византияға дейін созылған алып аймақ Ұлы Бұлғар империясы болғанын және «жылдың кей мезгілінде түні қысқа» қазіргі ішкі Ресей де бұлғарларға тиесілі екенін көрсетеді. Яғни, ішкі Ресейде отырған гунн-хунь тайпалары Х ғасырда Ұлы Бұлғария құрамына енген екен. «Әл Масуди ол аймақтың халқын «буртас» деп жазған», дейді орыс аудармашысы. Анығында, ол арабша жазбадағы «тартар» атауын «буртас» деп бұрмалаған тәрізді. Араб жазуымен таныс адам солай болуы мүмкін екенін жақсы түсінеді. Өйткені, «т» мен «б» әріптері арабша сөз басында ұқсас жазылады, «әлиф» арабша «а» болып та, «у» болып та оқыла береді.

Киев княздігіндегі Көпүй (копуй) тайпалар одағында ХІ ғасырда татран мен могут тайпалары болғаны жайында деректер бар. Мұндағы могут – маңғыт (ноғай ұлтын қалыптастырған тайпа), ал татран – татар тайпасы. Демек, татар тайпасының үлкен бір бөлігі Шыңғысхан жорығынан 200 жыл бұрын қазіргі Украйна-Ресей аймағын мекендеген. Татар тайпасының тағы бір үлкен тобы сол заманда ежелгі хунь жерінде, яғни қазіргі Маңғолия аймағын қоныстанғаны белгілі. Көріп отырғанымыздай, татар тайпасы хунь халқынан, Иордан VІ ғасырда көрсеткен гунндар құрамында сол татар тайпасы болған. Мұрад Аджи ішкі Ресейді гунн-хуньдар мекендегені жайлы мынадай мәлімет береді: "Мені тұңғыш орыс тарихшысы В.И.Татищев құтқарды. Новгород Русі туралы ол былай жазады: "Русь... ол Хунигард деп те аталады, өйткені гундардың бірінші мекені сонда болған. Оның астанасы Шуе еді". Кейіннен осы мәлімет адамдар шындықты білмес үшін Ресей тарихынан ғайып болды...".

Ресей тарихы ішкі Ресейді мекендегендерді «ушкуйнаки» деп көрсетеді. Бұл атау «ішкі үй» атауының орысша бұрмаланғаны сияқты. Киев княздігіндегі көп тайпалар одағы Копуй, яғни  «Көп үй» деп жазылған. Ал «ушкуйнаки» мекендеген аймақты қазақ «Ішкі Ресей» деп атап келді. Осыларды ескерсек, ондағы тайпаларды «ішкі үй» деп атағанын, қазақтың «ішкі Ресей» атауы сол «ішкі үй» атауының кейінгі өзгерген нұсқасы екенін көреміз. Татар тайпасының ХІ ғасырда Киев княздігі аймағында болуы бұлғар мен татар екі бөлек тайпа екенін аңғартады. Демек, «бұлғарлар – татарлардың ата-бабасы» деген бос сөз.

Иордан «VІ ғасырда бұлғарлар қоныстанған» деген далада Әл Масуди Х ғасырда мұсылман дінді Ұлы Бұлғар империясы болғанын жазды және оның құрамына гунн-хуньдар отырған қазіргі ішкі Ресей де еніпті. Араб ғалымы Х ғасырда Закавказьедегі Колхида жазығында ескі сенімдегі қазақ халқы отырғанын және қазіргі Дон, яғни Ұлы Бұлғария аймағында көшпелі қазақтар да кездесетінін айтады. Ұлы Бұлғария мен Хазар қағанаты Х ғасырдың соңында немесе ХІ ғасырдың басында жойылды. Өйткені, Ұлы Бұлғарияның қазіргі Болгария орналасқан шеткі аймағын ХІ ғасырда Византия басып алғаны мәлім. Сол ғасыр – Грузияның Колхида мен Тбилиси аймағын жаулап алып күшейген «алтын ғасыры». Армиян билеушілерінің шақыруымен барған урус тобының Солтүстік Кавказды жаулап алған кезі де сол жүз жылдық. Урус пен грузин билеушілері құдалық қарым-қатынас орнатып, одақтас болған заман да сол кез. Авар нуцальдігін билеген урус тобының тақ мұрагерлігі заңында «Мемлекетте урус адамы қалмаған жағдайда таққа армиян немесе грузин отыруы тиіс» деп жазылуы да сол үштік одақтың анық болғанын және Хазар қағанаты мен Ұлы Бұлғарияны жойған сол үштік одақ екенін айғақтайды. Армияндар мен урустардың діні бір – католиктер, ал грузиндер Византиялық-христиандықта болатын. Алайда, ХІ ғасырда Грузия билігі шіркеу басшысын «католикс» деп ататқызды. Оның себебі, католик дінді одақтастары армиян-урустар ықпалынан тәрізді (Грузия шіркеуі басшысы содан бері «католикс» деп аталып келеді).

Дағыстан құмықтарында ХV ғасырда армиян ұлты көп болғанын еуропалық саяхатшы жазғаны мәлім. Ал Авар нуцальдігін билеген урус династиясы авар, құмық ұлттарына сіңіп кеткен, олардың бір тобы шешендердің урус деген тейпі (тайфа) болып қалыптасқан (Шешенстандағы урус-мартан атауы солардан). Әл Масуди деректері мен одан кейінгі тарихи оқиғалар желісі журзан (грузин), армиян және урус-сакалбан елдерін Х ғасырда Асылұяның сыйбөрас-бөрі династиясы билегенін, ал Ұлы Бұлғария мен Хазар қағанатын және Солтүстік Кавказдағы Сарир княздігін олардың бақталастары – бөріші Ашина династиясы басқарғанын байқатады. Ал ХІІІ ғасырда біз «ұлттық киімі – закавказьелік, түстері – қара» деп танитын казактар тарихи деректерде Қырым аймағынан бой көрсетеді. Ибн әл Асир жазбасы әуелі закавказьелік қазақтар туралы, содан соң одан әрі жатқан урус елі мен дала қазақтарының біріккен әскері жайлы баяндайды. Соған қарағанда Закавказьедегі қазақтардың үлкен бөлігі ХІ ғасырда Грузия Колхиданы басып алғанда қазіргі Кубан мен Дон аймағына кеткен сияқты. Олар ондағы бұлғарларды ығыстырған, сондықтан бұлғарлар гунн-татарлар отырған ішкі Ресейге шоғырланған деп тұжырым жасағанымыз жөн. Ал сол бұлғарлар иеленіп келген қазіргі Дон аймағы Закавказьеден барған қазақтар мекеніне айналды. Ол жерде ертеден отырған көшпелі қазақтар да болғанын Әл Масуди жазбасы мен «Древнерусские летописи» деректері айғақтайды («көшпенді касог елі» дегендер).

Дала қазақтары мен закавказелік қазақтар – бір халық. Дегенмен, Закавказедегі 500 жыл өмір ол қазақтардың ұлттық киімін кавказдық, түстерін еуропалық қылып өзгертіп жіберген. Закавказелік қазақтардың Грузия билігіне мойысұнған бөлігі Колхида даласында қалып қойғанын ХІІІ ғасырдағы Ибн әл Асир жазбасы растайды. Яғни, қазақтардың бір бөлігі Закавказедегі өз елінде қалып қойды және ХІІІ ғасырда дербес Қазақ елі болып отырғанын Ибн әл Асир жазбасы айғақтайды.

Хазар қағанаты жойылғанда оны билегендер Киев княздігіне барып жан сауғалағанын сол жерден табылған жәдігерлер мен сақталған атаулар дәлелдейді. Киев княздігі бір деректерде «урус пен черноклобук елі» деп көрсетіледі. Соған қарағанда, оны әуелде, ХІ ғасырда урус елінің жужан-сыйбөрастық Бөрі-бюрики» (Рюрик) династиясы билеген. Содан кейін билік ХІІ ғасырда Закавказеден шыққан қарапапах-черноклобук билеушілеріне тиген. Қарапапах билеушілері – Ашиналық Борчало-бөріші династиясы, яғни Асылұялық екі бақталас династиялар билікке таласуын әрі қарай жалғастырған. Бірінің әскері – урус-сакалбан, екіншісінің әскері қарапапах-черноклобук өкілдері болған. Екеуі де сол аймақта орнығып қалды, сондықтан «урус пен черноклобук елі» деген түсінік қалыптасты. Қарапапах-черноклобуктер кейін украин ұлтының пайда болуына ат салысып сіңісіп кетті, ал билеушілері – «ақ урус» делінген урус елі кейін шоқынып, шіркеу тіліне көшіп, славяндық беларусь ұлты қалыптасты («Беларустар ХV ғасырда католик дінді болған» деген деректер бар, демек олар да орыстан бұрын ұлт болып түзелген).

Жалпы, Киев княздігі әуелде «Урус хандығы» деп аталған деген орынды. Өйткені, ХІ ғасыр деректері оны «Русь каганаты» депте көрсеткен, олар католик христиандар еді. Оны ХІІ ғасырда басып алған хазарлар мен мұсылман қарапапахтар, ал Хазар қағанатының әскери күші мұсылман арысы тайпасы екенін, ол тайпа билігі «куа» деген руға тиесілі екенін Әл Масуди жазбасы айғақтайды («Хазар қағанатының арысы тайпасынан болған бас уәзірі – бин-Куа» деген жол бар). Осы деректер Киев княздігі атауы сонда орныққан Куа руы атауынан қалыптасқанын байқатады. Себебі, араб жазбалары ХІІ ғасырда қаланы «Куаб» деп атайды. Яғни, бөрік-рюрик тобы билеген Урус хандығы орнына ХІІ ғасырда бөріші-ашина тобы билеген Куаб мемлекеті пайда болды. Дегенмен, оның аймағын «Урус елі» деп атау көпке дейін сақталып қалғанын ХІІІ ғасырдағы Ибн әл Асир жазбасынан аңғарамыз. Ресей ғалымы Мурад Аджи урус елі жайлы мынадай тамаша дерек келтіреді: "Сенбейсіздер ме? Міне, рустер дұғасы, оны Киев қаласының 1500-жылдығында қасиетті жәдігер ретінде оқып көрсеткен. Онда "Ходай алдында бетен адэм ачык булсын..." дейді, яғни "Құдай алдында адамның беті ашық болсын" деген сөздерді айтады рус адамдары. Ұлы далада славяндар емес, түркілер өмір сүрген. Киев Русін де, Москва Русін де орнатқан солар болатын».

Киев княздігі билігінен айрылған Бөрі-бюрик (Рюрик) династиясы ішкі Ресейдегі биліктерін нығайтып, жеке княздіктер орната бастаған. Деректер ХІІ ғасырда сол аймақта көптеген жеке княздіктер пайда болғанын растайды.

Ұлы Бұлғар империясы 11 ғасыр басында жойылғанда мұсылман бұлғар елі екі үлкен топқа бөлініп қалды. Олардың Византияға бағынғандары күшпен шоқындырылды, осы оқиға барысында 30 мың бұлғардың көзін ағызып соқыр еткені айтылады. Византия осы жан түршігерлік әдісімен иманы әлсіз мұсылман бұлғарларды қорқытып шоқындырса, дінінен бас тартпағандарды намаз уақытын анықтай алмайтын соқыр күйге түсірді. Византия үшін бұлғарлар құл болатын, сол себепті олар бұлғарларды «құл» мағынасындағы «славон» деп атады. Византия 169 жыл бұлғарларды құлдықта ұстады, сол заманда бұлғарлардың патша руы – асен адамдары христиандыққа өтіп, византия-бұлғар сөздері аралас шіркеу тілі пайда болды (асен руының атауы оның Ас династиясынан екенін көрсетеді, яғни Асылұялық топ).

Асен руы Византиядан бостандық алып, Болгар патшалығын орнатқанда аталған тіл патша сарайының тілі болды (грек әрпі қолданылған). Болгар патшалығы жеке епархия құрғанда сол тіл шіркеу тіліне айналды. Грек әрпі негізінде болгар-славян жазбасы жасалды және бұлғарлар сол шіркеу тіліне көшірілді. Осылайша кешегі мұсылман бұлғарлар шіркеу тілді христипн болгар ұлты болып өзгеріп қалыптасты. Олар өздерін «славон» деп атамады, өйткені оның мағынасы «құл» екенін жақсы білді. Болгар патшалығы шіркеуінің тілі «старо-болгарский» деп аталады. Өйткені, ол кейін сәл өзгеріске ұшырап, қазіргі «жаңа болгар» тілі пайда болған. Барша славян ұлттары Болгар патшалығының сол старо-болгарский тілімен шоқындырылған. Сондықтан олар ол тілді «церковно-славянский» деп атап келеді (сол тілді өңдеп-бұрмалаудан орыс тілі пайда болғанын жоғарыда Мурад Аджи сөзімен көрсеттік). Болгар патшалығы епархиясы ықпалымен шоқынған ұлттардың барлығы «славян» деген ортақ атауға ие болды, мүмкін оларды Болгар патшалары бағынышты құлдары деп санаған болар. Шіркеу қанша қатыгездік жасаса да мұсылмандығын сақтап қалған аз ғана бұлғарлар болды, олардың ұрпақтары қазіргі болгар мұсылмандары дегеніміз жөн.

Ал ХІ ғасырда ішкі Ресейге кеткен мұсылман бұлғарлар ондағы хунь-татарларды шығысқа ығыстырған. Яғни, ондағы татарлар қазіргі Новгород пен Татарстан арасындағы аймаққа және Еділ өзені бойына шоғырланған (Ресей тарихшылары ондағы татарларды «Волжская Булгария» деп бұрмалаған, анығында олардың бұлғарларға еш қатысы жоқ). Әл Масудидің дерегінше, Ұлы Бұлғар билеушілерінің мұсылмандығы Бағдат халифімен тікелей байланысты. Соған қарағанда, бұлғарлар Ханбали мәзхабында болған тәрізді, ал олардың көршілері – татарлар мен қазақтар Ханафи мәзхабын ұстанып келгені мәлім. Мұсылмандықтарындағы осы ерекшелік татар мен бұлғардың өзара сіңісіп кетуіне тосқауыл болған сияқты.

Киев княздігі билігінен айрылған христиан дінді урустар, яғни сыйбөрастық Бөрік-Рюрик тобы ХІІ ғасырда ішкі Ресейдегі бұлғар елінің билігін қолына алған. Олардың әуелгі орныққан жері қазіргі Москва қаласындағы Кремл аймағы дегеніміз дұрыс. Олардың қырымдық урус елінен екенін бұлғарлар жақсы білген. Өйткені, Қырымдағы урус елі Х ғасырда Ұлы Бұлғариямен көрші екенін Әл Масуди көрсетеді. Осы себептен бұлғарлар урус елінен шыққан Бөрік-рюриктер тұрағын «Қырым ел» деп атаған. Осы «Қырымел» атауы бұлғарлар славяндалып, орысқа айналған заманда «Кремль» болып өзгерген деп тұжырымдаймыз. Ресей тарихшылары оны жасыру үшін «Кремль» атауының мағынасын маңғол тілімен байланыстырады. Анығында, онда ешқандай маңғол тілділер болмағанын, қырымдық урус елінен шыққан Рюрик династиясы отырғанын ғалымдар мойындайды. Бұлғарлар мұсылман болғанымен, билеуші урус Рюрик (бөрік) тобы католик дінділер еді. Олар қол астындағы бұлғарларды шоқындыруға тырысқан. Ұлы Бұлғарияны билеген Хан-асүй-бектері, яғни Ас-асылұя династиясы екенін алдыңғы мақалаларда жаздық. Бұлғарлар барша түркілік халықтар дәстүрімен Асылұя өкілдерін ғана патша деп таныған. Сондықтан олар діні бөлектігіне қарамастан Асылұялық Бюрик-рюрик тобы билігіне мойынсұнған десек, қателеспейміз.

Көп ұзамай ХІІІ ғасырда Шыңғысхан жорығы басталды. Ол жайлы толық мәлімет беретін араб тіліндегі үш жазбаның ең сенімдісі – Ибн әл Асир деректері. Оның тарихи құжаттары жайлы ғалымдар пікірі мынадай: «По отзыву В.В.Бартольда, Ибн ал-Асир с величайшей добросовестностью и редким по тому времени критическим тактом собрал огромный материал для своего труда. Для истории монгольского завоевания Средней Азии первоисточниками являются только три автора, писавших на арабском языке: ан-Нисави, ал-Джувейни и Ибн ал-Асир. Этот факт сам по себе определяет значение хроники Ибн ал-Асира Китаб ал-камил фи-т- та'рих». Ол Шыңғысхан әскері қазіргі Азарбайжан мен Армения аймағын жаулағанын және сол жерде Акуш деген құл бастаған жергілікті тұрғындардың үлкен тобы Шыңғысхан жасағына қосылғанын жазады. Ибн әл Асир олардың Шыңғысхан әскеріне туыс болғандықтан қосылғанын айтады және орысша аудармада «олар – түркімен, күрді және басқалар» деген сөйлем бар. Осы «түркімен, күрд» дегені түпнұсқада «түркі казах» болуы мүмкін. Аудармашы «түркі» сөзін «түркімен» деп, ал «казах» сөзін «күрд» деп бұрмалап жіберген тәрізді (араб жазуынан хабары бар адам солай болуы мүмкін екенін түсінеді, қазақ ғалымдары осы жазбаны арабшадан тікелей өз тілімізге аударса көп шындық ашылар еді).

Шыңғысхан әскері қазақтар болғандықтан, оларға Закавказьелік қазақтар қосылған (Шыңғысхан әскеріне түркімен мен күрд туыспыз дей алмайды). Олар – Әл Масуди Х ғасырда «астанасы Қазақ қаласы болған мұсылман княздігі» деп көрсеткен елдің қазақтары деген жөн. Ол княздікті грузиндер жойып, оның халқы – қазақтар көршілерге кіріптар болған. Кейбіреуі құлдыққа түскен заман болар, олардың қандастарына, яғни Шыңғысхан әскеріне өздері келіп қосылып грузин әскерімен жан аямай соғысуы бұрынғы отанын азат етуге ұмтылуынан деп түсінген абзал. Шыңғысхан әскері өзіне қосылғандарды ертіп, әрі қарай грузин еліне беттейді. Олар тұрғындары сұрағандарын берген Гяндж қаласына тимейді, грузин әскерімен соғысып, жеңіп, Тбилиси аймағына жетеді. Тбилисидегі грузин билеушілері әскерімен бірге тауға қашады. Шыңғысхан әскері ол жерді тонап болған соң, жақын маңдағы Сурам шатқалындағы қамалды талқандайды және таудан ары қарай өтетін жол іздейді. Олар сол жердің тұрғындарын қорқыту арқылы Сурам шатқалындағы тау өткелін тауып, батысқа өтеді (Сурам шатқалында биіктігі ең төмен тау өткелі бар).

Шыңғысхан жасағы жолдарында кездескен көптеген елді тонап, Алан еліне аяқ басады. Аландар көрші Колхида ойпатындағы қазақтармен бірігіп, Шыңғысхан әскеріне тойтарыс беруге дайын тұрады. Жаулаушылар ол қазақтарды: «Сендер мен біз – бір халықпыз, ал аландар – бөтен» деп  үгіттеп, сый-сыйапат беру арқылы соғыс алаңын тастап кетуге көндіргенін баяндайды Ибн әл Асир (Аландар ұрпағы – қарашайлар мен балқарлар, қазақ тілі оларға өте жақын. Сонда Шыңғысхан әскері мен Закавказьедегі қазақтар бір-біріне одан да жақын болғаны, яғни Ибн әл Асирдің дерегі Шыңғысхан әскерінің де, Закавказьедегілер де қазақтар болғанын айғақтайды). Қазақтарсыз қалған аландар жеңіліске ұшырайды, Шыңғысхан әскері содан соң Колхидадағы Қазақ еліне жорық жасап, оларға берген сый-сиапаттарын екі есе қайтарып алады. Оны естіген көп қазақ тауға қашады, бір бөлігі көрші урус еліне кетеді.

Ибн әл Асир Қазақ елінің жері өте жайлы екенін, оның жазы – салқын, қысы – жылы әрі шөбі шүйгін және бір шеті теңізбен шектесіп жатқанын айтып өтеді (Әл Масуди де Х ғасырдағы қазақ елінің жері Қара теңіз жағалауына дейін созылатынын көрсеткен). Шыңғысхан әскері жанға жайлы Қазақ елінде аз да болса аялдап, сосын Қара теңіз жағасындағы Судак деген портты қалаға шабуылдаған. Ол қала жағасында тұрған теңіздің Константинополь бұғазына жалғасатыны, ол шаһардың қазақтарға тиесілі екені, ол қаладан қазақтар кемелерімен өзге елдерге сауда-саттық жасайтыны араб тарихшыларының құжаттарында қамтылған (Судак қаласы Қара теңіз жағасындағы қазіргі портты қала – Новороссийск, мұны ХІV ғасырда сол жерде болған Ибн Батута жазбасы растайды және Константинополь бұғазына қосылатын теңіз Қара теңіз екені де даусыз). Судак қаласын тоналғандықтан, ондағы тұрғындар тауға қашқан, бір тобы кемелермен қазіргі Түркия аймағына кеткен.

Закавказьедегі Қазақ елінде тынығып күш жинаған Шыңғысхан әскері қазіргі Кубан мен Қырым аймақтары кіретін урус еліне жол салады. Урус елі қоңсылас қазақтармен бірігіп тойтарыс беруге дайын отырады. Оны естіген Шыңғыс жасағы шегініс жасап, басқа жаққа беттейді (артқа қайтса Судак қаласына қайтып келгені айтылар еді, шамасы Терек өзені бойындағы далаға қарай беттеген). Шыңғысхан әскерінің Урус еліне соқпай, жорық бағытын өзгерткенін қорыққаны деп түсінген урус пен қазақтардың біріккен әскері арттарынан қуады. Жаулаушылар 12 күн бойы шегініс жасап қашып отырғаны, сосын ойламаған жерден қарсы шабуылға шығып, урус пен қазақтарды қырғынға ұшыратқаны, қашқан урус пен қазақты өкшелей қуған Шыңғысхан жасағы олардың елін тонағаны жайында нақты деректер сақталған. Ибн әл Асир урус елінің байлары мен саудагерлері кемелеріне бала-шағалары мен байлықтарын артып қазіргі Түркия аймағындағы мұсылман елінен пана тапқанын, бір кемесі қарсы жағалауға жеткенде апатқа ұшырағанын сол оқиғаның басы-қасында болған адамнан естігенін жазады.

Урус пен қазақтарды талқандаған соң Шыңғысхан әскері бұлғар еліне жорық жасайды. Тарихи деректерде олар бұлғарлармен бірнеше рет соқтығысқаны жазылған. Содан соң жаулаушылар ханына, яғни Шыңғысханға қайтып кеткен (еліне Еділ мен Жайық өзені арқылы өткен сияқты, қайтадан Закавказье арқылы қайтса, айтылар еді). Олар кеткеннен кейін қазақ даласына қайта жан бітті, бұлғар мен қазақ елінен елтірілер қайта келе бастады дейді Ибн әл Асир (бұл – Закавказьедегі Қазақ елі емес, Дон аймағындағы Қазақ елі, өйткені бұлғар елі одан әрі солтүстікте жатыр және Әл Масуди де Х ғасырда аң елтірілерінің қазіргі ішкі Ресейден әкелінетінін жазған).

Әрине, Ибн әл Асир жазбасын аударған ресейлік оқымыстылар Закавказьелік қазақтарды «қыпшақ» деп көрсетеді. Ал Х ғасырдағы Әл Масуди жазбасын аударған орыс ғалымдары ол қазақтарды «кашак» деп таниды, грузин жазбаларында да олар «кашак» деп кездеседі. Ал Византия деректерінде Колхида жазығындағы сол қазақ елі ІХ ғасырда «Касахия» деп сақталғаны мәлім. Олардың бірде-бірі «қыпшақ» атауын атамаған және Закавказьеде Қазақ қаласы, Қазақ даласы, Қазақ өзені мен Қазақ сарқырамасы әлі күнге дейін бар. Алайда, ресейліктер Закавказьеде Қазақ елі болғанын жасыру үшін оларды «қыпшақ» деп бұрмалап келеді. Олардың Шыңғысхан әскерімен бір халық екенін Ибн әл Асир екі дерекпен анық көрсеткен. Сондықтан біз оларды «қазақ» деп өз атымен жаздық.

Ибн әл Асир деректерінде Закавказьеде XIII ғасырда грузин, абхаз, алан, қазақ, урус елдері отырған аймақтар нақты көрсетіледі және Х ғасырдағы Әл Масудидің жазбаларына сай келеді. Ол деректерден шығар қорытынды – Ресей ғалымдары осы кезге дейін айтып келген тарих шылғи өтірік. Сондықтан орыстар араб тарихшылары – Әл Масуди, Ибн әл Асир және Ибн Батута жазбаларын елеусіз қалдыруға тырысты.

Осы Ибн әл Асир баяндаған оқиғаларды Ресей тарихшылары мүлде басқаша бұрмалайды. Олардың сөзіне сенсек, «Шыңғысхан әскері грузин мен армияндардың біріккен әскерінен тойтарыс алып шегінген» дейді. Ал Ибн әл Асир біріккен армиян-грузин әскері болғанын айтпайды, керісінше грузиндер жеңіліп елдері тоналғанын көрсетеді.

Екінші, орыс тарихшылары: «Шыңғысхан әскері Ширван шатқалы арқылы Дағыстанға өтіп, одан ары алан мен қыпшақ әскеріне жолыққан» дейді. Яғни, Ибн әл Асир жазбасындағы «Сурам» атауын «Ширван» деп бұрмалап, олар Колхида даласына емес Дағыстанға барған қылады.

Үшінші, «Шыңғысхан әскері қыпшақтарды «Сендер де біз сияқты көшпелілерсіңдер, біз сендерге тиіспейміз» деп алдап, соғыстан бас тартқызған» деп жазады. Яғни, «сендер мен біз – бір халықпыз» деген сөзді «Біз – көшпенділерміз» деген сөзге ауыстырады. Осылайша закавказьелік елдің Шыңғысхан әскерімен бір халық екенін айғақтайтын сөзді өзгертеді. Сөйтіп Шыңғысхан әскері де, оларға Кавказда жолыққан ел де қазақтар екенін жасырып қалады.

Төртінші, ресейліктер Шыңғысхан әскерінің әуелі аландарды, одан кейін қыпшақтарды талқандағанын жазады. Алайда Қара теңіз жағасындағы портты қала Судак жайында жақ ашпайды, оны айтса бар өтіріктері ашылатыны түсінікті. Ол қала Константинополь бұғазымен жалғасатын Қара теңіз жағасында тұрғанын Ибн әл Асир анық жазған. Ол қаланы айтса, онда Шыңғысхан әскері «Ширван шатқалы арқылы Дағыстанға өтпегені», олар Тбилисиге жақын жердегі Сурам шатқалы арқылы өтіп, Колхидадағы Қазақ еліне барып, Судак қаласын тонағаны айқын көрінер еді (Судак қаласына Дағыстан арқылы бару еш мүмкін емес).

Бесінші, орыс ғалымдары Шыңғысхан әскерінің одан әрі Киевская Русь еліндегі Калка өзенінде орыс пен қыпшақтардың біріккен әскерімен соғысқанын айтады. Алайда, олар Ибн әл Асир көрсеткен нақты деректерді айтпайды. Яғни, рус пен қыпшақтар (қазақтар) жеңіліп, елдері тоналғанын, Русь елінің байлары мен саудагерлері бала-шағалары мен дүние-мүліктерін кемелерге тиеп, теңіздің арғы жағындағы мұсылман еліне қашқанын мүлде қозғамайды. Оны айтса, Русь елінің мекендеген жері Қырым екені байқалып қалар еді. Өйткені, олар теңіздің арғы жағындағы мұсылман еліне Қырым арқылы барған (Әл Масуди де Х ғасырда Русь елі қазіргі Қырым аймағын мекендеген кемелі халық екенін көрсеткен).

Ресейліктердің «соғыс орны – Калка өзені» деуінің мақсаты – оқырманға сол өзеннен ары батыс пен солтүстікке қарай русь елі басталатындай етіп көрсету. Сондықтан русь елінің байлары мен саудагерлері кемелерімен Қырымнан қазіргі Түркия аймағына қашқанын айта алмайды, оны айтса русь елінің Калка өзенінен ары емес, керісінше Шыңғысхан әскерінің сол жақ артында қалған Қырымда отырғанын мойындауларына тура келеді (Калка өзеніндегі соғыс жалған екені көрініп қалар еді).

Алтыншы, ресейшіл тарихшылар Шыңғысхан әскері урус пен қыпшақ елін талқандаған соң, Бұлғар еліне жорық жасағанын айтпайды. Ал Ибн әл Асир болса, Шыңғысхан әскері әуелі урус пен қазақтарды талқандағанын, содан соң Бұлғар еліне жорық жасағанын жазған. Орыстар Ибн әл Асирдің осы дерегін айтса, онда қазіргі ішкі Ресейде бұлғарлар отырғанын аңғарар едік. Өйткені, Закавказьеден шыққан Шыңғысхан жасағына әуелі урус пен қазақтың біріккен әскері жолықты. Бұларды жеңіп елдерін тонаған соң ғана шыңғысхандықтар Бұлғар еліне аяқ басты. Қазіргі Қырым мен Кубан аймағынан бастап, Киевке дейінгі даланы Ибн әл Асир «Урус елі» деп көрсеткен тәрізді. Киев княздігін билеген Бөрік (рюрик) пен Бөрші (ашина) династиялары урус елі адамдары болатын, сол себепті көршілері мемлекетті «Урус елі» деп атаған. Алайда, урус елінің өзі Қырым мен Кубан аймағында отырғаны байқалады, олардың байлары мен саудагерлерінің кемемен теңіз асқаны – осыны дәйектейді. Ал ол елдің әскері құрамында урустармен қатар қазақтар ғана көрсетілуі, ол елдің негізгі тұрғындары, яғни қазіргі Доннан Украинаға дейінгі дала халқы көшпелі қазақтар екенін аңғартады. Шыңғысхан әскерінің әрі қарай бұлғар еліне жорығы бұлғар елі ХІІІ ғасырда қазіргі ішкі Ресей аймағы болғанын айғақтайды.

Осы жерде бір айта кетер жайт, Солтүстік Кавказ бен Дағыстан аумағындағы халықтар. Жоғарыда ХІ ғасырда Солтүстік Кавказдағы Сарир княздігі орнына Авар нуцальдігін орнатқан урус тобы екенін айттық (қазіргі авар, дарғын, акинцы, кабардин, шешен, ингуштер отырған аймақ). Ал Дағыстанда ХІІ ғасырда мұсылман дінді Ғазы-Құмық хандығы орнаған. Авар нуцальдігін орнатқан урус тобына армияндар мен грузиндер одақтас екенін, тіпті армиян мен грузин басшылары тақ мұрагерлері тізімінде болғанын айтып өттік. Оның үстіне, Дағыстандағы құмықтар арасында 15 ғасырда армияндарда  отырғаны белгілі, ал қырғыз тарихшысы Т.Акеров «Маджму ат-Таварих» атты кітабында армиян деректері құмықтарды «қазақ» деп көрсететінін еске салады. Оның үстіне, Дағыстанда «Тавказах» пен «Чудур-казак» деген жер атаулары сақталған. Арабша таңбалағанда «ғазақ» пен «ғази» атаулары өте ұқсас жазылады, әріптерінің кей жері өшкен көне жазбадағы «қ» әрпі «и» әрпіне ұқсап қалуы бек мүмкін. Сондықтан «Ғази-Құмық хандығы» анығында Ғазақ-Құмық хандығы деген жөн (яғни, Закавказьеден Дағыстанға ауып келген қазақтар мен құмықтардың мемлекеті). Закавказьеде қазақ халқы VІІ ғасырдан барын жасырмаса, «Қазақ халқы тек ХV ғасырдан кейін пайда болды» деген өтіріктеріне ешкім сенбейтінін Ресей иезудтері жақсы түсінді. Сондықтан қазақтың Кавказда болғанын барынша жасырумен болды. Орыс ғалымдары сол себептен «ғазақ» атауын «ғази» деп бұрмалап, ол мемлекетті тарихқа «Ғазы-Құмық хандығы» деп енгізген.

Әл Масудидің дерегінше, Х ғасырдағы құмықтар христиан болған және қазіргі Азарбайжанда қазақ елімен көрші отырған (астанасы қазіргі Қазақ қаласы болған – мұсылман қазақтар княздігі). Ал ХІ ғасырда Грузия патшалығы күшейіп, Закавказьедегі қуатты державаға айналып, көрші елдерді басып алғаны мәлім. Жалпы, грузин, армиян және урустардың «үштік одағы» сол аймақта басты күшке айналғанын жоғарыда жаздық. Олар Гяндж қаласына дейінгі мұсылмандар жерін тартып алғаны деректерде қамтылған. Ал Қазақ қаласы Гяндж қаласымен көршілес жатыр. Олай болса мұсылман қазақтар мемлекетінен айрылған соң, көрші құмықтармен бірге Дағыстанға ығысқаны ғой, сол қазақтар ықпалымен христиан құмықтар мұсылмандыққа өткен. Өйткені, Дағыстанда олар орнатқан мемлекеттің ресми діні Ислам болғаны мәлім және олар көрші христиан-католиктер билеген Авар нуцальдігімен жау болғаны да белгілі.

Қарашай, балқар, ноғайларды Қазақстанға жер аударған Сталин, неге екені белгісіз, құмықтарға тиіспеген. Оның себебі, құмықтар арасында сол заманда қазақ тобы сақталған сияқты. Яғни, қазақ ғалымдары сол қандастары арқылы Кавказда ертеден-ақ қазақ ұлты мекендегенін түсініп қояды деп қауіптенген. Әйтпесе, Кавказдағы мұсылман дінді түркітілді ұлттардың барлығын жер аударып, тек құмықтарды қалдырғанын қалай түсінеміз? Армияндар қазақ пен құмықты айыра алмаған деу ақылға симайды. Өйткені, олардың үлкен тобы ХV ғасырда сол Дағыстанда отырған. Демек, қазақ пен құмықтың мемлекеті бір, онда қазақтар басым болғандықтан армияндар ол елді Қазақ деп таныған.

Тарихи деректер ХІІ ғасырдағы Қазақ-құмық хандығы ақыры көрші Авар нуцальдігін жеңгенін, оны билеген урус династиясы қуғынға ұшырағанын айтады. Алайда, көп ұзамай Шыңғысхан әскері Қазақ-құмық мемлекетін жойып, Солтүстік Кавказ бен Дағыстан билігіне урус династиясын қайта отырғызғанын зерттеушілер бір ауыздан мойындайды және Шыңғысхан әулеті мен урус династиясы арасында туыстық байланыс болуы мүмкін деп тұжырымдайды. Ресей мен Дағыстан тарихшыларының осылай екенін мойындауы біз айтқан тұжырымды нықтай түседі. Яғни, Қырымдағы урус-сакалбан елін билеген Бөрік-Рюрик әулеті мен шивей Шыңғысхан әулеті – ежелгі жужандық Асылұя шибөраш-сұрбөрас династиясынан тарайтын туыстар.

Енді ХІV ғасырдағы деректер урус, бұлғар елдері жайлы не айтатынын сараласақ. Араб саяхатшысы Ибн Батута жазбасы – Таяу Шығыс пен Еуразия, Қытай мен Үндістан, Индонезия мен Иран аймақтары ХІV ғасырда қандай күйде болғанын егжей-тегжей баяндайтын бірден-бір құнды дүние. Ондағы деректердің шынайылығын әлем ғалымдары толық мойындаған, оны Ресей мен Қытай тарихшылары ғана мойындай қоймайды. Себебі, Ибн Батута ішкі Ресей халқын «Булгария елі» деп жазса, Қытайды билегендер мұсылман дінділер екенін көрсетеді. Оның өз көзімен көріп жазған деректері Ресей мен Қытай империялары орнықтырған ресми тарихқа мүлде қайшы болғандықтан, екі елдің ғалымдарын: «Ибн Батута бізде болмаған сияқты, ол деректерін басқа белгісіз жазбалардан ала салған» деуге мәжбүр етті. (Алдағы уақытта Ибн Батута жазбасы жайында бөлек мақала әзірлейміз).

Осы жерде айта кетерлігі, Ибн Батута қазіргі Солтүстік Кавказ тауларында отырғандарды «Урус елі» деп жазса, Москва қаласы орналасқан аймақты «Бұлғар елі» деп көрсетеді. Ол Алтын орда ханы Мұхаммед Өзбекхан отырған жайлауға, яғни, қазіргі Воронеж облысындағы шипалы бұлағы бар «Белая горка» деген жерге барғанын айтады (даланың орманға шектесер солтүстік шеті). Сол жерден ханның рұқсатымен және арнайы адамдардың нұсқауымен Бұлғар еліне және оның орталығы Бұлғар қаласына барады. Оның деректері ол қаланың қазіргі Москва екенін байқатады. Сонымен қатар бұлғар елінің мұсылман халық болғанын және Алтын орда құрамындағы бағынышты ел екенін жазады. Яғни, ХІV ғасырда ішкі Ресейде орыс деген халық атымен болмаған. Ол жердің халқы мұсылман дінді және түркі тілді бұлғарлар болғанын Ибн Батута жазбасы дәлелдеп береді.

Онда Москва атауы қайдан және қашан пайда болды? Ибн Батута бұлғар елі Алтын орда құрамындағы жеке княздік деп жазбаған, керісінше империя құрамындағы бұлғарлар отырған аймақ ретінде ғана жазады. Демек, ХІV ғасырда ешқандай Москва княздігі болған жоқ. Ол жерде князь, билеуші болса құжатта қамтылар еді. Тіпті, Москва атауы да кездеспейді, бірақ қаланы Бұлғар деп атайды. Соған қарағанда Москва деген дербес княздік Алтын орда ыдырап әлсіреген ХV ғасырда ғана пайда болған тәрізді. Оны орнатқан Бөрік-Рюрик династиясы Ибн Батута заманында «Қырым ел» деп аталған (қазіргі Кремль) жерде отырған дегеніміз жөн. Олар ХІ ғасырда Киев княздігін биледі, ал Киев араб жазбаларында «Куаб» деп көрсетіледі және Хазар қағанатының Х ғасырдағы бас уәзірі Куа руынан екенін Әл Масуди жазғанын жоғарыда айттық. Демек, Куаб атауы осы Куа руы атауынан қалыптасты, Асылұялық Бөрік-Рюрик немесе Бөрші-ашиналарда осындай атаулы ру болған. Сол рудың «куа» атауы Киев пен Москва (Куаб пен Маскуа) атауларында қатар кездесуі және екі княздікті билегендер бір династия адамдары екені бекер емес. Арасында шарап ішу дәстүрі бар християндар болғандықтан Қырымел (Кремль) қамалы тұрғындарын мұсылман бұлғарлар «мас куа» елі деп атауы, кейін осы атаумен солар орнатқан княздіктің «Маскуа патшалығы» аталуы және княздіктің астанасына айналған Бұлғар қаласының «Маскуа» болып өзгеруі әбден мүмкін. Яғни, Куаб пен Маскуа Бөрік-Рюрик династиясының «Куа» деген басты руының атауынан қалыптасқан деп тұжырымдауға негіз бар. Мурад Аджидің мына сөздері де көп шындықты байқатады: «Сол Мәскеудің ...оның туған күні 1147 жыл емес. Кремльде IX ғасырда салынған екі храм бар, яғни ол кезде Мәскеу "әлі болмаған еді". Олар құлыпқа жабылған, онда шығыс жазуы бар. Христиандық емес. Бұзуға қорқады және көрсете де алмайды... Бұл қасақана әдейі жасырылған тарихтың жаңа беті...»

Алғашқы Ресей мемлекетінің Москва патшалығы деп аталуы және шіркеу тілінің "Церковно-славянский язык" деген "ескі болгар тілі" болуы кездейсоқтық емес. Осы шіркеу тілі жергілікті түркітілді мұсылман бұлғар тайпаларынан жаңа ұлт қалыптастырды. Оларды билеуші урус тобы болатын, яғни урус елінің Бөрік-Рюрик әулеті. Ол әулетті көрші қазақ елі (Алтын орда халқы) өз тілінде «орыс» деген. Кейін Алтын орда ыдырағанда сол әулет бұлғарлар билігін қолына алып, ХV ғасырда Москва патшалығын орнатты. Билеушілері орыс тобы болғандықтан, ол патшалықтың халқын қазақ «орыстар» деп атап кетті. Осыдан соң Москва патшалығы үлкейіп империяға айналғанда да оның бұлғар халқы қазақ үшін «орыс» болып қала берді.

Иезуид ордені бастаған шіркеу мұсылман орыс-бұлғарларды шоқындыруға бар күшін салды. Олар бұлғарлардың өздерін билеген Алтын орда халқы – қазақтарға деген өшпенділігін өз мақсаттарына қолданды. Тит патшаның (Иван Грозный) әскері «Стрелец полктері» болғаны және олар тек казактардан (қазақтардан) жасақталғаны мәлім. Тит патшаның өзі қазақтың Мамай ханының жиені (Қасым хан өлгенсоң таққа оның ұлы Мамай отырған, Ресей оны жасыру үшін Қасым ханның баласын Мамаш деп бұрмалаған). Тит патша халықтың бүлігін қазақ жасақтары күшімен басып отырған, ол өз кезегінде бұлғарлар (орыстар) мен қазақтар арасында өзара жек көрушілдікті орнықтырған. Яғни, мұсылман орыс-бұлғарлардың қазақты жек көруінің арты өз діні мұсылмандықты жек көріп, шохынуларына апарып соқты. Тит патша орыс-бұлғарлардың християндыққа өту үрдісіне барынша тосқауыл қойды, священниктерді өлтірді және шіркеулерді қиратты. Алайда, оның өзін улап өлтірді. Тит патша өлген соң, христиан дінді Романовтарға тиген империя билігі қол астындағы бұлғарларды жаппай шоқындыруға көшті. Осылайша кешегі түркітілді мұсылман орыс-бұлғарлар шіркеу тілді християн орыс халқы болып өзгерді. Орыс кешегі мұсылман бұлғарлар. Шіркеуге аяқ киіммен кіретін орыстар үйлеріне аяқ киімін шешіп кіреді, өйткені  олар әуелден үйіне аяқ киімін шешіп кірген мұсылмандар болатын. Кейін христян болғанда шіркеуге барша християндарша аяқ киіммен кіріп дағдыланды, алайда үйіне аяқ киімін шешіп кіру әдетін сақтап қалды. Орыс тілінде араптық атаулар жеткілікті сақталған, олар мұсылман болған заманнан қалған «естеліктер». Орыс шошынғанда сол жақ иығына үш рет түкіреді, ондай әдет Пайғамбар (с.ғ.с.) сүннетіне байланысты орныққан (хадисте «мұсылман жаман түс көріп шошынғанда, сол жақ иығына қарай үш рет түкірініп, сосын «жаман түстің кесапатынан сақта» деп дұға жасауы тиіс» екені айтылады).

Қазақ көршілері «орыс» дегендіктен, олар өздерін «рос» деп атап кетті. Сондықтан мемлекеттері әлі күнге дейін Россия деп аталып келеді (Путин билігі соңғы жылдары «Руссия» атауын орнықтыруға тырысуда). Олар әуелден «рус» деп аталса, онда мемлекеті Руссия деп аталар еді.

Христиан дінді Ресей империясы тарихты түбегейлі өзгертті. Олар ертеде Қырым аймағында болған түркітілді урус тайпасын орыс халқының арғы атасы деді. Мұсылман дінді Тит патшаны «христиан дінді Иван Грозный» деп, дулығасына «Мүміндерді сүйіншіле» деген аят жазылған мұсылман қолбасшыны «христиан князь Александр Невский» етіп тарихына енгізді. Қырымдық түркітілді католиктер урус пен сакалбан елдерін «православя дінді рус пен славян» деп, олардың түркітілді жазбаларын бұрмалап, «славяндап», оларды «древне русские летописи» дегізді. Ішкі Ресейде отырғаны көне жазбаларда көрсетілген бұлғар елі «қайда жоғалғанын» түсіндіру қажет болды, ондай сұрақтан «бұлғарлар татарлардың ата-бабасы» деп құтылды.

Мақаламызды Мурад Аджидің «Көк аспансыз мәңгілік» деген еңбегіндегі мына деректермен аяқтасақ: «Оқиғалар жылдам өрбіді, иезуиттер сценарийі бойынша жүзеге асты. Уланған Иван Грозныйдың ұзақ қиналған өлімінен кейін таққа оның жарымес ұлы Федор Иванұлы отырды. Ал Кремльдегі билікті Борис Годунов алып қойды. Билікке келе салысымен ол әуелі Симеон патшаны бүкіл атақтарынан айырып, үйінен қуып шықты, оның кішкентай Русінен. Шіркеу билікке Романовтарды келтірген ХVІІ ғасырдағы аласапыраннан бастап Ресей Рустан алыстай берді – оның түркілік тамырына балта шабылды, славян мифтерін ойлап тауып, өздерін сендірді. Енді аласапыранды (Смута) иезуиттердің ұйымдастырғаны ұмыт болды. Соның өзінде олар патриархальды Русьпен күрес түріндегі инквизициясын жалғастырумен болды. Кремльдегі боярларды дворяндарға ауыстырды, крепостнойлық құқықты бекітті, тілдің славяндық диалектісін ойлап тапты, халықты тарихынан айырды. Бір сөзбен айтқанда, адамардың миына империялық амбициялар мен идеологияны құйды.

Иван Грозныйдың тұсында Москва Русі қай тілде сөйледі? Түрікше деп жауап беремін. Үйреншікті естілмейді, алайда асықпаңыздар. Біз бен сіз сөйлеп жүрген славян диалектісі иезуит Лаврений Зизанияның қаламынан пайда болды. 1618 жылы осы жұмысты Мелентий Смотрицкий аяқтады. Ол да иезуит, ол шіркеулік приход мектептерінде славяндар деп аталған түріктерді жаңа тілге оқытқан "Грамматика" оқулығын шығарды. Карамзин, Соловьев, Рыбаков өздерінің тарихи еңбектерін жазған модельді иезуиттер дайындағанын көпшілігі біле бермейді. Яков Брюс оны ресейліктердің миына құйып отырды. Оның "Кабинеттік жылнамасы" қайдан пайда болғанын ешкім білмеді, алайда дәл осы басқаларына үлгі болды. Осы бойынша үш ғасырдан бері Ресей тарихы жазылып келеді. Брюстің жетекшілігімен орыстың тұңғыш тарихшысы Василий Татищев ХVІІІ ғасырда Римнің дәстүрлі көзқарасы жүзеге асырылған, ал қисын мен деректері сорақы қарама-қайшылыққа толы "Ең ежелгі заманнан басталған Ресей тарихы" деген іргелі еңбегін жазды. Ғасырлар емес, патриархалды мыңжылдық жоғалды. Ең көрнектілері. Иезуиттер оларды шауып алып тастады, орнына ІХ ғасырды, Киевті, славяндар мен Киев Русінің байланыссыз "тарихын" ойлап тапты».

 (Жалғасы бар)

Бекжан Әденұлы

Abai.kz

42 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048