Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 2578 0 пікір 7 Наурыз, 2011 сағат 11:09

Есенгүл Кәпқызы. Былтыр 14 мың жоғалған оралман оралды

 

Жақында Алматы қаласында Iшкi iстер министрлiгiнiң Көшi-қон полициясы комитетi мен Дүниежүзi қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен көшi-қонға қатысты бүкiл министрлiктер мен құзырлы органдардың оралмандар өкiлдерiмен жүздескен дөңгелек үстел болып өттi. Бұл - көшi-қон Еңбек министрлiгiнен Iшкi iстер министрлiгiнiң қарамағына өткеннен бергi алғашқы жиын. Былтырғы қараша айында Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң қарамағындағы Көшi-қон комитетi таратылып, Iшкi iстер министрлiгiнiң Көшi-қон полициясы комитетiнiң департаментi болып қайта құрылған болатын.

 

Жақында Алматы қаласында Iшкi iстер министрлiгiнiң Көшi-қон полициясы комитетi мен Дүниежүзi қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен көшi-қонға қатысты бүкiл министрлiктер мен құзырлы органдардың оралмандар өкiлдерiмен жүздескен дөңгелек үстел болып өттi. Бұл - көшi-қон Еңбек министрлiгiнен Iшкi iстер министрлiгiнiң қарамағына өткеннен бергi алғашқы жиын. Былтырғы қараша айында Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң қарамағындағы Көшi-қон комитетi таратылып, Iшкi iстер министрлiгiнiң Көшi-қон полициясы комитетiнiң департаментi болып қайта құрылған болатын.

Бұл өзгерiстен кейiн көшi-қон процесiнiң ертеңi жайында күмәндi ойлар көбiрек айтылғаны мәлiм. 1991 жылы дүбiрмен басталған көш бүгiнде саябыр тапты. Осы уақыт аралығында көштiң тiзгiнi жеке Агенттiк деңгейiнен министрлiк құрамындағы комитет және департамент деңгейiне дейiн өттi. Көштiң ең қарқынды сипат алған кезеңi 1991-1993 жылдар болса, бiр жүйеге түсiп, стихиялы түрде емес, мемлекеттiк көшi-қон квотасы негiзiнде 1996 жылдан бүгiнге дейiн жүзеге асырылып келдi. Бiрақ соңғы жылдары осы көш керуенi табандап тұр.
Аталған жиында бүгiнде көшi-қон саласында қордаланып тұрған проблемалардың барлығы сарапқа салынды. Сондай-ақ, көшi-қонға қатысы бар министрлiктер мен Парламент Мәжiлiсiндегi "Халықтың көшi-қоны туралы" заң жобасының жұмыс тобының мүшесi, депутат Бекболат Тiлеухан, облыстық Көшi-қон полициясы басқармасының басшыларының бiразы келiптi. Жиналысты Көшi-қон полициясы комитетiнiң төрағасы Хибратолла Досқалиев жүргiзiп отырды. Дүниежүзi қазақтары қауымдастығының әрбiр министрлiкке қатысты алдын ала жiберген сауалдарына сол министрлiк өкiлдерi жауап беруге тырысты. Бастан-аяқ тек қазақ тiлiнде өткiзiлген жиынға қатысқан әртүрлi мемлекеттерден келген оралмандар өкiлдерi сол елдерден келетiн көшi-қон түйткiлдерiн ортаға салды.

ҚЫТАЙДАҒЫ ҚАЗАҚ КЕЛЕ АЛМАЙ ЖҮР

Жиынға қатысқан тарих ғылымдарының докторы, профессор Нәбижан Мұқаметханұлы 1993 жылы Қытайдан оралған. Ол Қытайдан келетiн көш керуеннiң тоқтап тұрғандығының себеп-салдарын ашуға тырысты.
- Қытайда ресми мәлiмет бойынша 1,5 миллион қазақ өмiр сүредi. Солардың iшiнде саналы түрде Қазақстанға көшiп келгiсi келетiндер көп. Бiрақ олардың алдынан кездесетiн кедергiлер аз емес. Бiрiншi мәселе - Үрiмжiдегi Қазақстанның паспорт-визалық бөлiмiнен виза алудың қиындығы. Заң бойынша осы бөлiм Қытайдағы ұлты қазақ азаматтарға күнiне 150-200 адамға виза беруге тиiс болса, шын мәнiсiнде оның саны күнiне 70-тен аспайды. Сондықтан виза алудың кезегi бiрнеше айға созылуда. Ендеше бұл тығырықтан шығудың жолы қалай? Әуелi визаны бiрден алты айға немесе бiр жылға үш мәрте я көп мәртеге ашатын болса, екiншi, соңғы төрт жылдан берi Қытайдан Қазақстанға отбасымен көшiп келу визасы берiлмейдi. Бiздiң зерттеуiмiзше, Қазақстанның құзырлы органдар тарапынан отбасымен көшiп келуге тыйым салынатын заң қабылданбаған. Ендеше Қытайдан Қазақстанға отбасымен көшiп келуге берiлетiн визаны қайта қалпына келтiрiп, олардың көшiндегi мүлiктерiн, машина-трактор және басқа да техникаларын кедендiк алымдардан босату қажет. Бұрынғы заңнамаларда бұл құқық бар. Қазiр бұл орындалмайды. Жақында маған бiр оралман шағым айтты. Ол бiр трактор алып өтпек болған екен, кедендiк рәсiмдеуi 3000 мың долларға дейiн жетiптi. Өзi Қытайда 3 мың доллар тұратын техниканың өз бағасы шығыпты. Үшiншi, соңғы жылдары оралман студенттердiң келуi тым азайып кеттi. Оның да басты себебi - оқу визасын алу қиындығы. 1977 жылдан бергi оқу бiтiрген куәлiгi бар адамдардың барлығы дипломдарын Астанаға апарып, Бiлiм және ғылым министрлiгiнен нострификациядан өткiзедi, тiптi оқыған оқу орнының лицензиясы талап етiледi. Бұл - өте орынсыз талап. Сондай-ақ оларға жоғары оқу орындарынан жатақхана жетпейдi. Бiздiң бұл реттегi ұсынысымыз, Сыртқы iстер министрлiгiнiң Қытайдағы Үрiмжi қаласындағы паспорт және визалық бөлiмi студент жастарға бiрден үш айға виза ашып, нострификация және оқу орнының лицензиясын талап етудi тоқтату.
Қытайдағы қазақ көшiнiң жағдайының қиын екендiгiн Сыртқы iстер министрлiгi Визалық-консулдық департаментiнiң үшiншi хатшысы Қарлығаш Қошаева да мойындап отыр:
- Қытайдың 5 қаласында Қазақстанның бас консулдықтары және паспорттық-визалық бөлiм жұмыс iстейдi. Олар - Бейжiң, Гонконг, Шанхай қалаларында бас консулдық, Үрiмжiде паспорттық визалық ресiмдеу бөлiмi. Үрiмжi қаласында виза алуға өтiнiш бiлдiрушiлердiң саны өте көп және қызметкерлердiң саны жеткiлiксiз. Сол себептен виза беру уақыты бiразға созылып кетедi. 2009 жылы Үрiмжiде Қытайдың ұлты қазақ 24 мың азаматына, 2010 жылы 22 мың адамға виза берiлдi.
Қазiр Шыңжаңда қытай ұлтының көбеюi, ұлттық мектептердiң жабылуы сияқты себептер олардың Қазақстанға көшуге деген ынтасын оятуда. Бiрақ ол шешiмiн таппай отыр. Оған себеп - шетелге шығуға ниеттiлердiң шетелге шығуын мемлекеттiк органдармен келiсу қажет. Оның үстiне шетелге шығатын төлқұжат алу үлкен мәселе. Қолына төлқұжат тигеннен кейiн ғана олар шетелге шығу құжаттарын дайындайды. Әрi кәмелетке толмаған балаларға төлқұжат берiлмейдi. Елшiлiк бұл мәселенi Қытайдың құзырлы органдары алдында талай рет көтергенi мәлiм. Бiрақ оңайлықпен шешiмiн табар емес.
Бұрынғы Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi Көшi-қон комитетiнiң төрағасы, қазiр Парламенттiң Бас прокуратурадағы өкiлi Қабылсаят Әбiшев "Қытайдағы қазақтарды көшiрiп әкелу үшiн Қазақстан мемлекет тарапынан шақыру жiбере алмайды" дейдi. Өйткенi бұл халықаралық заңдылықтарға қайшы екен. Оларды тек қоғамдық ұйымдар ғана шақыра алатын көрiнедi.
- Халықаралық құқықта, мемлекетаралық қарым-қатынаста бiр мемлекеттiң екiншi мемлекеттiң тәуелсiздiгiне қол сұқпаушылық деген тәжiрибе бар. Әлемде мемлекет өз тарапынан өзге елдiң азаматтарын "маған өтiп кет, көшiп кел" деп шақыру жоқ. Сондықтан шақырудың үш түрi ғана бар. Туысқандық шақыру, оқуға шақыру, бiр ұйымдар атынан жұмыс бабымен еңбек күшi есебiнде шақыру. Ал мемлекет көшi-қон шақыруы дегендi жасамайды. Ал осыдан бiрнеше жыл бұрын Қазақстанда ондай шақырудың болғаны белгiлi. Сол арқылы Қытайдан бiраз қазақтың қоныс аударғаны да мәлiм. 2000 жылдардың басында Сыртқы iстер министрлiгiнiң бiраз қызметкерi, олардың iшiнде Қоңырбаев Уәлихан бар көшi-қон шақыруын ұйымдастырып, оған мемлекеттiк мөрдi басатын болған екен. Бiрақ бұл ешқандай құжатпен реттелмеген. Тек патриоттық сезiмнiң жетегiнен туындаған. Ол келiсiм арқылы бiреу Қытайдан туысқанын шақырса, мемлекет оған келiсiмiн беремiз деген мөр басып берiп отырған. Бұл халықаралық саясатқа сай болмағандықтан өзiнен-өзi тоқтаған.
Сондықтан мемлекет көшi-қон шақыруын бере алмайды. Ал туысқандық жолымен немесе басқа да жолдармен шақырту мүмкiндiгi бар. Соңғы екi жылда Үрiмжiдегi Қазақстанның паспорт-визалық бөлiмi 46 мың адамға виза ашып берген. Бiрақ олардың тек 5-6 мыңы ғана оралман куәлiгiн алған шығар. Қалғандары өздерiне тиiмдi болу үшiн ықтияр хат алады, осында жұмыс iстейдi, бизнес жасайды. Бiрақ азаматтық алуға асықпайды.
- Былтыр сiз "Нұрлы көш" арқылы шақыру мүмкiндiгiн қарастырып жатырмыз деп едiңiз?..
- Бiз осы мәселеге орай халықаралық саясаткерлер мен заңгерлермен ақылдасқан едiк. Сонда олар тек қоғамдық ұйым атынан шақырасыз дедi. Мен осы арада өзiм эксперимент жасап, Қытайдан келген қазақ жiгiттерiн тауып алып, оларды үйiме тiркеп, артында қалған туысқандарын шақырттық. Сөйтiп 7-8 адамға шақыру жiбердiк. Оларға Қытай кедергi жасаған жоқ.

БЫЛТЫР 14 МЫҢ ЖАЛҒАН ОРАЛМАН КЕЛГЕН

Қабылсаят Әбiшев жалпы мемлекеттiк көшi-қон квотасының орындалған кезi болған жоқ дейдi. Бұған дейiнгi мәлiметтердiң көбi шенеунiктердiң бармақ басты, көз қысты салдарынан мемлекет қаржысының талан-таражға түсiп, таланғанының нәтижесiнде жасалып келген. Былтыр көшi-қон квотасы 20 мың отбасыға жоспарланса, ол 10 мың отбасына орындалып, 43 мың адам келдi деген мәлiмет берiлген.
- Бiрақ соның 29 мыңы ғана шекарадан өткенi айқын болып отыр. 14 мың адам тағы жоқ. Қазiр осыған орай Жамбыл, Қызылорда, Шымкент көшi-қон басқармасының бұрынғы басшыларының iсi тексерiлiп жатыр. Өзбекстанда, Моңғолияда жалған құжат жасау қатты етек алып кеткен.
Биыл да 20 мың отбасыға квота тағайындалып отыр. Бұл - бюджеттiк көрсеткiш. Егер шетелден 20 қазақ отбасы келсе, бiз оларға мемлекеттiк жәрдемақы бере аламыз. Ал одан асып кетсе бюджеттiң мүмкiндiгi болмайды. Бұл - тек норма. Кейбiр журналистер квота орындалмады, қаржы игерiлмедi деп, байбалам салып жатады. Ол дұрыс емес.
Жиынға қатысқан Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Иран және Ауғанстан қазақтарының өкiлдерi көшi-қондағы түйткiлдердiң шешiлу жолы жайында өз ұсыныстарын ортаға салды. Ауғанстаннан 1991 жылы оралған Қамбар Өзтемiр ауғанстандық 19 адамнан тұратын бiр отбасының 2007 жылдан берi азаматтық ала алмай жүргенiн құзырлы органдарға ескертсе, Моңғолиядағы қазақтардың көшi жайында PhD докторы Досан Баймолда өз ұсыныстарын бiлдiрдi. Ол Моңғолия қазақтары Ресей территориясын айналып келетiндiктен жолда көп қиыншылыққа ұшырайтындығын жеткiздi. Әрi Ресей территориясымен жүргенi үшiн виза аштыру керек, ол визаның бағасы бүгiнде 85 долларға жеткен. Бұны отбасында он шақты адам болатын баянөлгийлiк қазақтардың қалтасы көтере бермейдi. Сондықтан осыдан 20 жыл бұрын Моңғолиядан арнайы ұшақпен, КАМАЗ-бен көшiрiп алу арқылы жүз мыңға жуық адам Қазақстанға қоныстанған едi. Сол үрдiстi қайта жаңғыртса деген тiлек бiлдiрдi.
P.S. Қазақстанның Парламентi мәжiлiсiнде былтырдан берi сүрленiп жатқан "Халықтың көшi-қоны туралы" заңның жобасы бар. Биыл осы заң жобасын қарау қайта қолға алынып жатыр екен. Оның жұмыс тобының жетекшiсi - Жарасбай Сүлейменов, мүшелерi - Бекболат Тiлеухан, Уәлихан Қалижан. Жиынға қатысқан Мәжiлiс депутаты Бекболат Тiлеухан барлық ұсыныс-тiлектердi жазып алды. Бекболат Тiлеухан қазiргi заң жобасын барынша халықтың көңiлiнен шығатындай дайындауға атсалысып жатқандығын айта отырып, оралмандарды Қазақстан азаматтығын алғаннан кейiн 5 жыл кәсiп iстеуiне мүмкiндiк жасау үшiн салықтан азат ету, балаларын үш жылға дейiн әскерге жiбермеу және оралман мәртебесiн үш жыл бойы сақтау мәселелерiн қарастырып жатқандығын айтты.

Есенгүл Кәпқызы

«Түркістан» газеті

Түпнұсқадағы тақырып: «Көш қарқын ала ма?»

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048