Бесағаштағы «бейбастақтық»
Abai.kz ақпараттық порталы мен Masa.kz интернет газетінің журналистері 10 наурыз күні кешкі сағат 22. 15-те Алматы қаласының тап іргесіндегі «Бесағаш» ауылында болып жатқан төтенше оқиғаның үстінен түсті. Алдымен біздің көзімізге іліккені - Талғарға баратын күре жолды қатаң бақылауға алып, ары-бері ағылған автокөліктерді баққан МАИ қызметкерлерінің іс-әрекеті болды. Тағы бір таңқаларлығы - күре жолды халықтың қалың нөпірі басып қалыпты. Шамамен жүз қаралы адам өрт сөндіргіш машина тұрған үйдің ауласына ентелей қарап тұр. Бардық. Көрдік. Білдік. Алматы облысы, Талғар ауданына қарасты «Бесағаш» ауылындағы оқыс оқиға төмендегідей жайттан өрбіген көрінеді.
Abai.kz ақпараттық порталы мен Masa.kz интернет газетінің журналистері 10 наурыз күні кешкі сағат 22. 15-те Алматы қаласының тап іргесіндегі «Бесағаш» ауылында болып жатқан төтенше оқиғаның үстінен түсті. Алдымен біздің көзімізге іліккені - Талғарға баратын күре жолды қатаң бақылауға алып, ары-бері ағылған автокөліктерді баққан МАИ қызметкерлерінің іс-әрекеті болды. Тағы бір таңқаларлығы - күре жолды халықтың қалың нөпірі басып қалыпты. Шамамен жүз қаралы адам өрт сөндіргіш машина тұрған үйдің ауласына ентелей қарап тұр. Бардық. Көрдік. Білдік. Алматы облысы, Талғар ауданына қарасты «Бесағаш» ауылындағы оқыс оқиға төмендегідей жайттан өрбіген көрінеді.
Ақпан айының 23-і күні ұлты күрд азаматы қазақтың бір қызын ауыл сыртындағы тоғайға алып барып зорлап, зорлап қана қоймай өлтіріп кетеді. Ата-анасы дегбірсіздене іздеген қыздың өзі емес... мәйіті 25 ақпанда әлгі ауыл шетіндегі ауаша тоғайдан табылады. «Ел құлағы - елу», жаманат жерде жата ма, біреуден біреу сұрай келіп қыздың өліміне күрд азаматының қатыстылығы күдік тудырады. Содан ауыл ақсақалдары жиналып күрд ұлтының үлкендерімен тілдесіп, күдіктінің үй-іші жуық арада көшсін, әйтпесе, мәселе ушығып кетеді деп ескертеді. Сол екі арада күдіктінің аға бауырлары ауылдан табан жалтыратып үлгереді (неге? әлде, олардың да қыздың өліміне қатысы бар ма?). Ал, күдіктінің отбасы болса, ауыл әкіміне барып сұмдықтың сырын ақтарып «Бізді полиция жасағын шақырып қорғаңыз, қорғамасаңыз қазақтар бізді өлтіріп тастаудан тайынбайды» деп шағым жасайды. Мән-жайды білу үшін әңгімеге шақырған Abai.kz ақпараттық порталының журналистеріне күдіктінің әпкесі күрд келіншегі Мери Кибаоглы былай деді:
- Бауырымның қасында тағы бірнеше адам болғанға ұқсайды. Бірақ біздің «мал» (тап осылай деді. - Abai.kz ) бәрін бір өзі мойнына алып қазір тергеуде жатыр. Оның қызды өлтірген-өлтірмегені белгісіз. Ұрған ғой деймін. Соққы жеген қыз тоғайда үсіп өлген. Шындығы - осы. Мейлі ол қылмыс жасасын, қылмысына қарай жазасын да тартсын. Тіпті атып тастасын. Алайда, біздің не кінәміз бар?!. Інім қолға түскелі бері жергілікті қазақтар зәре құтымызды қашыруда. Күнде қоқан-лоққыдан көз ашар емеспіз. Жанымызды шүберекке түйіп жүрміз. Бір күні олар бізді зәу-затымызбен қырып салатын шығар... Содан ауыл әкіміне барып жалбарындық. Ол үйімізді күзетуге полиция қызметкерлерінен құралған жасақ жіберген. Міне, сонда да көріп отырсыздар, қазақтар үйімізді өртеп жібере жаздады.
Редакциядан: Үй тұтас өрттен аман. Еңселі биік үйдің албарындағы шөп қораны от шалыпты. Өрт сөндірушілер дер кезінде жетіп тілсіз жаудың бетін қайтарғанын да аңғардық. Үйдің ауласы суға бөккен қалың майса шөптен (қысқы мал азығы) аяқ алып жүргізгісіз. Жолдың шетінде жалғыз ғана өрт сөндіретін машина тұр. Біз барғанда «қызыл мәшине» мінетін қызметкерлер асай-мүсейлерін жинап аттанғалы тұр екен. Өрт сөндіруші жігіт бізге шөп қораның төбесіне су шашқандарын айтты.
«Бесағаштағы» қазақтардың беті қатты көрінеді. Мери Кибаоглымен сөйлесіп тұрғанымызда бір орыс әйелі кимелеп келіп ол да мұңын шаға жөнелді.
Нина Кирилова:
- Жергілікті қазақтар жаман. Өте қауіпті. Менің бесінші сыныпта оқитын балам үйге үреймен келетін болып жүр. «Қазақтар күрдтермен қоса бізді де ұрып-соғатын шығар», - дейді ол.
Редакциядан: Тосын оқиғаның тұсында даудырай сөйлеп әркімге бір ұрынып жүрген құрметті мәтушкеміздің жасын сұраудан ыңғайсызданғандықтан егде тартқан әйелдің баласы емес, немересі бесінші сыныпта оқыса керек деп қана ойлап қойдық.
«Бесағашатағы» оқиғаның бел ортасынан Талғар ауданының әкімі Талғат Өмірәлиевті де ұшыраттық. Әкім бастапқыда «сендер ұлтаралық мәселені өршіткелі жүрсіңдер, мұнда өзі қайдан келдіңдер, қайдан сап ете қалдыңдар?» деп ашуға басты. Біз өз тарапымыздан мәселені ушықтырудың тіптен де оймызда жоқтығын, егер біз елге дұрыс ақпарат бермесек ауыз екі сөзден тараған әңгіменің алып қашпасы көп болатынын баянадап біраз қиналдық. Тіпті болмаған соң тап осы жерге орыстілді әріптестеріміз жетсе, «Беспредель в Бесагаче» деп бастап әкім сізді де, жалпы қазақ атаулыны да «қанішер», «жауыз», «үй өртегіш», «кісі өлтіргіш» етіп шығаратынын айтып әрең тілге келдік. Қысқасы әкім былай деді:
- Бізге керегі береке бірлік, татулық. Еліміздің тыныштығы. Тынышы кеткен елдердің қандай жағдайда өмір сүріп бастағанын өздерің де жақсы білесіңдер ғой. Так что, тыныштықты тілейік, жігіттер.
Мына күрд отбасының шөбін біреулердің келіп өртеп жібергеніне өз басым нанбай тұрмын. Отбасының амандығы ішкі істер қызметкерлерінің бақылауында болып келді. Олар осы маңнан бір елі ұзаған жоқ. Бәлкім, жағдайды күрделендіріп, ұлт арасынан алауыздық тудыру үшін әлдекімдер жамандықты жергілікті қазақтарға аударып отырған болар. Бірақ, бәрін тергеу ісі анықтайды. Тергеу аяқталмай бірдеңе деу ақылға сыймайды. Заң бар, құқық қорғаушы орындар бар. Істің ақ-қарасымен нақты мамандар айналысып жатыр. Солардың қортынды жауабын күтейік. Өрекпімейік. Заңды сыйлайық. Заңға бағынайық. Заңды сыйлап, заңға бағынсақ бәрі де жөнге келеді.
Редакциядан: Үлкен әкім әлгіндей деген соң «Бесағаш» ауылының әкімі де үнсіз қалмады. Ол тергеуге түскен күдіктінің отбасы бүгінгі басы аман бауыры бүтіндігіне рахмет айтсын деп салды.
«Бесағаш» ауылының әкімі, Кеңесбек Меңдебаев:
- Мен осы ауылдың әкімі ретінде жағдайды жақсы білемін. Күрд жігітінің күдікпен ұсталуында да гәп бар. Оны тергеу орындары анықтайды. Ал, бұл отбасы шағым айтпастан бұрын біз оларды полиция қызметкерлерінің күшімен қорғауға алғанбыз. Ақсақалдар, ауыл азаматтары намысқа шауып қандай да бір әрекеттерге бармақ болды. Біз ақылға, сабырға шақырып оларды тоқтаттық. Ақсақалдар мен азаматтар «сендер мәселенің түбіне жететін болсаңдар - онда біз қойдық» деп жөнге жүгінді. Әйтседе, күзет пен бақылауды күшейттік. Сөйткеннің өзінде өрт шығып кетті. Өрт шықты дегенді ести салып жанұшыра жетіп келсек, күрд ағайындар қолдарына бір-бір леген ұстап алып өрт сөндіріп жүр екен. Сулары да, легендері де дайын көрінді. Бұдан басқа ештеңе айта алмаймын.
Редакциядан: Біздің де «Бесағаштағы» берекесіздік туралы айтарымыз әзірге осы болып тұр. Бірақ істің барысын назарымыздан шығармауды оқырман қауымға уәде етеміз.
«Абай-ақпарат»