Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4045 0 пікір 11 Наурыз, 2011 сағат 09:44

Қайта оралған Қызылағаш (Жолсапар)

Бүгін Алматы облысы Ақсу ауданының Қызылағаш ауылы ас беріп жатыр.  Қазақ жұртының жадында шығар, былтыр 12 наурыз күні түнде Қызылағаштағы алып су қоймасы жарылып ауыл тұрғындары сұмдық зардап шеккен болатын. Ресми мәліметке сүйенсек, апаттан  45 адам қаза тапқан еді. Ал, ауылдағы үйлер тұтас тілсіз жаудың оқпанына жұтылған. Қалқайып аман қалғандарын баспана ету тіпті мүмкін емес еді. Содан ел-жұрт түгел жәрдемге ұмтылып «Қызылағашты құтқару» қорын ашып, барын ортаға төккен. Қорға қаражат құйылысымен Қызылағашты қайтадан қалпына келтіру ісі де қарқын ала жөнелген-ді. Міне,  арада бір жыл өтіпті. Қайғы жұтқан ауылдың бүгінгі тірлігі қандай? Жыл он екі айдың ширегінде не істеліп, не қойды? Осы сауалдарды алдына салып Abai.kz ақпараттық порталының журналистері жолға шыққан.

Бүгін Алматы облысы Ақсу ауданының Қызылағаш ауылы ас беріп жатыр.  Қазақ жұртының жадында шығар, былтыр 12 наурыз күні түнде Қызылағаштағы алып су қоймасы жарылып ауыл тұрғындары сұмдық зардап шеккен болатын. Ресми мәліметке сүйенсек, апаттан  45 адам қаза тапқан еді. Ал, ауылдағы үйлер тұтас тілсіз жаудың оқпанына жұтылған. Қалқайып аман қалғандарын баспана ету тіпті мүмкін емес еді. Содан ел-жұрт түгел жәрдемге ұмтылып «Қызылағашты құтқару» қорын ашып, барын ортаға төккен. Қорға қаражат құйылысымен Қызылағашты қайтадан қалпына келтіру ісі де қарқын ала жөнелген-ді. Міне,  арада бір жыл өтіпті. Қайғы жұтқан ауылдың бүгінгі тірлігі қандай? Жыл он екі айдың ширегінде не істеліп, не қойды? Осы сауалдарды алдына салып Abai.kz ақпараттық порталының журналистері жолға шыққан.

Ел шетіне іліге бере алдымен ауылдың маңдай қақпасына ат басын бұрып, аз аялдадық. Сонадайдан көзіміздің  шалғаны - маңдай қақпаның іргетасында жатқан ит болды. Біз жақындай түстік. Ит мыңқ етер емес. Сөйтсек, өліп қалыпты. Өлген иттің маңдай қақпаға «маңдай тірей құлағанын»  сауын айтып ас беріп жатқан ауыл тұрғындары неге байқамаған? Түсінбедік. Иттің жайын ауыл әкіміне айтпақ болып едік, ол кісімен сөйлесу біз үшін қиынға соқты. 80 пайызы оралман ағайындардан құралып үлгерген Қызылағаш ауылының әкімі ресми тілде сөйлеп, бізбен сұхбаттасуға уақытының кемдігін айтып ақталды. Есесіне біз облыс әкімінің ауылшаруашылығы жөніндегі орынбасары

Тынышбай Досымбековпен жақсы әңгімелесіп қалдық. Орынбасар мырза Қызылағашқа МТС құру жұмысымен келіпті. «Тірі адам тірлігін жасайды» дейді қазақ. Қайғыға салынып қарап отыру - қауқарсыздың ғана «кәсібі». Енді апат соққан айпара даланы қайтадан түлету керек. Ол үшін тұрғындарға техника қажет. Орынбасар бізге соның жайын баян етті.

-Былтыры барша жұрт білетіндей Қызылағаш ауылында апат болып, халық қайғыға душар болған еді. Елбасымыздың, халқымыздың көмегінің арқасында бүгінгі күн ауыл түгелдей орнына келді. Ауыл жұрты түгелдей жаңа үйлерге қоныстанып, мектеп, балабақша басқада тұрмыстық нысандар бой көтеріп жұмыс істеп тұр.

"Тірі адам тіршілігін жасайды" ғой. Өткен жылы облыс әкімінің басшылығымен 1800 гектар жерге астық егіп, содан 722 тонна астық алып, осы ауылдағы әр жан басына 90 кг-нан таратып бергенбіз. Қазір 100 тонна тұқымы бар. Және қордағы қалған ақшаға ауыл шаруашылығы үшін қажетті 33, қосалқы тіркемелерін қосқанда 45 техника сатып алынып берілді. Енді бір камаз мен бензовоз алып береміз. Бұл облыс көлемінде жоқ «ТОО ЛТД Қызылағаш» болып құрылып отыр. Бұл біріншіден, жұмыс орнының ашылуы екінші жағынан, ауыл өзін-өзі қамтамасыз етеді.

 

«Мама, сонда ертең мектепте Наурыз болмай ма?»

Алып су қоймасы арнасынан тасып ата жөнелгенде ауылға алдымен жеткен дабыл - «мектепке тығылыңдар!» болыпты. Тез ес жиған азаматтар кәрі-құртаң, бала-шағаны әкеліп мектептің үшінші қабатына толтыра бастайды. Бұт артар көлігі барлар бірін-бірі мінгестіріп күре жолға қарай зымырайды. Қалада туысы барлар қоңырау шалып, жанұшырады. Жарығы құрығыр да соның алдында жалп етіп сөніп қалады. Сол бір үрей қамаған сәтті Ілияс Жансүгіров атындағы Қызылағаш орта мектебінің директоры Әділғазы Байтұмақов төмендегідей әңгімелеп берді.

 

- Сол күні ауыл әкімі (Қызылағаш аулының бұрынғы әкімі Есет Жүнісов) бәрімізге хабарласып, әкімшілікте кезек-кезек бес адамнан кезекші болып отыруымыз керек екенін айтты. Содан біз бес адам болып кезекшілікке бардық. Оның алдында жиырма шақты жігіт су қоймасына кеткен болатын. Сол жерден ұялы телефонмен хабарласып: «Су асып төгіліп жатыр. Халықты мектепке жинау керек», деді. Жігіттер жан-жаққа хабар айтып кетті де, қалғанымыз мектепті келіп ашып жұртты жинадық. Қараңғы. Жарық жоқ. Елді екінші қабаттағы спорт залына кіргіздік.

Түнгі сағат он екіден кете ауыл әкімі: «Су қоймасы жарылды. Үлгерсеңдер елді мектептен алып шығыңдар, құтқарыңдар!», деді. Әрине, жұртты у-шу қылмас үшін су қоймасы жарылды деп айтқан жоқпын. «Бәріміз дереу жолға шығайық», деп түгел ертіп шықтық. Жолдан әрі қарай адамдарды машинамен таси бастады. Ең соңғы жиырма-отыз адамды ГАЗ 53 жүк машинасымен алып кеттік. Әйтеуір, жүк машинасына бензинде табыла кетті. Бізде кеттік, су да келді. Мына жастар көшесіне келген су біздің артымызда келе жатқан жеңіл машинаны алып кетті. Ішіндегі адамдары да суға кетті. Екі машинаның арасы отыз-ақ метр еді.

Ертесінде ауылға келсек, түгі қалмаған. Бәрін су шайып кеткен. Жалпы апатта 45 адам қаза болды. Соның бесеуі мектептің оқушылары.

Қазір мектепте 377 оқушы оқиды. Жағдайлары жаман емес. Мектеп жылы. Бәрі жаңарған. «ТОО АСК Ауыл құрылыс» компаниясы үш-төрт айдың ішінде мектебімізді түгелдей бастан-аяқ жаңартып берді. Өздеріңіз көргендей іші-сырты, алаңы бәрі де қала мектебіндей ғой.

-Үзіліс болған кезде балалардың оқуы қалай болды?

- Апат кезінде біздің оқушыларымыз жан-жаққа тарап Талдықорғанда, Қапалда және негізгі бөлігі Жансүгіровте оқыды. Мұғалімдерде балалармен бірге болды.

- Жоғарғы оқу орнын түсемін деген балаларға қандай да бір жеңілдіктер жасалды ма?

- 24 балаға арнайы грант бөлініп, оқып жатыр. Ал, емтиханға қатыспаған балаларымыз да колледжерде грантпен оқуға түсті. Одан кейін оқушыларымыздың жартысы жазда Көкшетауға, тағы бір тобы Жаркент арасанға барып дем алып келді.

- Балаларды жазғы демалыс кезінде лагерлерге жіберуді кім ұйымдастырды?

- Оған негізінен облыстық кәсіподақ қаржы бөлді және апат кезінде «Қызылағашты құтқару» қоры ашылып оған Қазақстанның барша халқы көмектесті ғой. Сол қордың ақшасынан да балалардың дем алып келуіне қаражат берілді.

- Апаттан кейін ауылға қайтып келмей қалған отбасылар болды ма?

- Бәрі қайтып оралды. Жасыратыны жоқ, басында бәрімізде «Қайда барамыз, қайда паналаймыз?», деген сұрақ мазалады ғой. Құдайға шүкір, «Көп түкірсе көл» дегендей бүкіл ел болып көмектесті, республикалық, облыстық, аудандық биліктегі азаматтап күн-түн демей ауылды аяғынан тік тұрғызды ғой.

- Қызылағаш қала типтес ауыл ретінде салынды. Қора-қопсысы жоқ дегендей пікірлер бар. Осыған қалай қарайсыздар?

- Басында қора-жайымен салынады деген сөз болған. Бірақ, енді көріп отырсыздар, қаншама дүние салынды. Ауыл іші түгелдей асфальт жолға айналды. Су құбырлары жүргізілді. Әрбір үйге интернет пен кабелді теледидар орнатып берді. Қаражат кішкене жетпей қалды. Қалған дүниені өзіміз ептеп жасап жатырмыз.

- Апат балалардың психологиясына қатты әсер етеді ғой. Сауықтыру, үрей, қорқыныштан айықтыру қалай жүргізіліп жатыр?

- Үлкендерге қарағанда балалар апатты тез ұмытып кетті. Мен бір-ақ мысал айтайын. Апат кезінде үй-ішімен суға кеткен, су басып қалған отбасылар болды ғой. Бір үйдегі он-он екі жасар баланы үйге су кіре бастаған кезде терезенің алдына шығарып қойған ғой. Содан су көтеріліп баланың тамағына дейін келгенде әлгі бала: «Біз қазір өлеміз. Әсем (институтта оқып жатқан апайы ғой) жалғыз қалатын болды ғой», депті. Содан Құдайдың құдіретімен су әбден қайтқан кезде әлгі кішкентай бала: «Мама, сонда ертең мектепте Наурыз болмай ма?», деп сұрапты. Көрдіңіз бе, су келгенде өлеміз-ау деген бала су кеткен соң өзі дайындалып жүрген Наурыз мерекесін ойлап суды лезде ұмытып кеткен. Оқушыларыма риза болдым. Өйткені, сыртта оқып жүрген кездерінде «Қызылағаштың балалары оқуға өте ынталы екен және сұхбат берген кезде екі тілге бірдей жүйрік », дегенді жұрт айтып жатты. Балалар апаттан кейін  бірден ерте есейіп кеткендей болды.

 

«Қаштық, қаштық! Қайда қаштық?»

Жыр дүлділі - Ілияс Жансүгіров атындағы мектептің тап қасынынан балабақша бой көтеріпті. «Бұрын бұл малшылардың балалары жатып оқитын интернат болған»,- дейді «Нұр шуақ» балабақшасының меңгерушісі Алмагүл Қалиева ханым.

Балабақша 120 орындық екен. Әр баланың тамағы мен өзге де қажеттіліктері үшін  ата-анасы 4 мың 200 теңгеден ай сайын қаражат беретін көрінеді. Бақша ішінде балауса өмірдің исі аңқиды. Біз бөлмелерді аралап жүргенде сәбилер түскі астарын ішіп болып ұйқыға бас қойыпты. Бір бұзық орнынан атып тұрып еді, оны тәрбиешісі қолынан жетелеп әжетханаға апара жатты. Енді бір «әртіс» фотоаппаратымызды ыңғайлай қойып едік, көзін  өтірік жұмып «қорылға» басты. Бөлмелер таза, кең,  жарық. Едендеріне түкті кілемшелер төселіпті. «Керемет, мұндай бақшаны Алматыдан табу қиын» деп біз шынымызды айтып сүйсіндік.

Балабақшаның қабырғалары  бояуы қанық суреттермен жайнап тұр. Дәліздегі суреттер қатарынан   президент Назарбаевтың, облыс әкімі Серік Үмбетовтың  фотобейнелерін кездестірдік. «Бұл біздің құрметті қонақтарымыздың фотолары тұратын бұрыш. Сіздер де өз бейнелеріңізді қалдырсаңыздар болады»,- деп күліп қояды Алмагүл. Алмагүлмен ашық-жарқын әңгімеміз төмендегіше өрбіді.

-Сол күні жұртпен бізге отбасымызбен бізде қаштық. Талдықорғанда қонақ үйде, туыстардікінде, ауылға қайтып келген соң палакаткі де жаттық. Сосын жан-жақтағы мектептерге бөлініп оқуын жалғастырған оқушыларымыз қай жаққа барса, сол жаққа солармен бірге омыраудағы кішкентай баламды көтеріп алып еріп жүрдім. Ол кезде мектепте мұғалім едім. Ауылға келген соң адамдарды түгендеу, оларды анықтау, құжаттарды толтыруға мұғалімдерді тартып, ол жұмысты да істедік.

Апаттан кейін екі аптадай мең-зең болып есіміз шығып жүрді. Түрлі адамдар келіп, әртүрлі нәрсе айтады. Киім әкелеміз деп оны кешіктіріп алып, алып келген кезде бәріміз таласа-тармаса алдық.

Құдайға шүкір, бүкіл халық көмектесті. Киімнен, тамақтан тарылмадық. Ол жағынан гәп жоқ.

-Балалардың бойында апаттан кейін қорқыныш үрей қалып қойған шығар?

- Үрей болды. Кейбір балалар одан әлі де арылып кеткен жоқ. Мысалы, балабақшадағы балалар мултьфильм көріп отырғанда су көрсетілсе «Апат, апат» деп айқайлай жөнеледі. Және жүгіріп ойнап жүрген кезде «Қаштық, қаштық» десе бір тобы «Қайда қаштық?» деп шулап кетеді.

-Балабақшаның жайын айта отырсаңыз?

-Бұл бұрын малшылардың балаларына арналған интернат болатын. Сосын қараусыз қаңырап қалған еді. Апаттан кейін күрделі жөндеу жасап, балабақшаға айналдырды. Мені осында меңгеруші етіп тағайындаған. 120 балаға арналған. Қазіргі кезде 115 бала бар. Бірақ, балаларымызды береміз деп күнде келіп жазылып жатқан адамдар көп. Соған қарағанда, орын аздық ететін сияқты. Әр балаға 4200 теңге төлейді. Тамақты келісім-шарт бойынша қаладан алдырамыз. Ұжымда 35 адам істейді. Жалақылары 30 мың теңге. Бәрі де жас мамандар. Балабақша бюджеттен қосымша қаржыландырылады. Жұмысшылар мен тәрбиешілер ауылдың қыздары мен келіндері. Сосын жұмыссыз отырған отбасыларданда адамдарды жұмысқа алдық. Сеп болсын деп.

-Апаттан кейін ауыл адамдарын психологиялық тұрғыдан бейімдеу жүргізілді ме? Психолог ретіндегі ойыңыз?

-Ондай жұмыстар жасалған жоқ. Негізі бейімдеу қажет еді. Нақты психолог мамандардың жұмыс істеп жатқанын көрмедім. Мұндай жұмыстардың әлі де болса жүргізілсе кеш болмас еді. Үрей әлі бар. Жиын тойда бас қосыла қалғанда үлкен-кіші демей бәрі де осы апатты міндетті түрде әңгіме етеді.

Бұрын ауыл ағашпен көмкеріліп тұратын. Тау көрінбейтін еді. Ал, қазір ауыл жалаңаштанып қалды да есік алдына шыққан адам бірден тауды көреді. Тауды көрсе, апат есіне түседі. Су тасқыны сайдан келді ғой. Міне, үрей қайдан шығады.

Апаттан кейінгі ауыл тұрмысы жақсы. Қыз ұзатып, келін түсіріп, қоныс той жасап жатады. Апаттан соң бәрі Құдайы тамақ беріп, қоныстойын жасады.

 

Алланың құдіретімен апаттан аман қалған мешіт

Асқа дайындалып абыр-сабыр болып жүрген ауыл тұрғындарының арасынан Қызылағаш мешітінің бас имамы Нұрланбек Қалентегін ұшыраттық. Имамға жолығып жөнімізді білдірген соң  алапат апаттан ажал құшқандардың рухына арнап құран оқуды өтіндік. Имам мешітке барғанша бізге бір тылсым ғажайып турасында әңгімелеп берді. О, Құданың құдіреті! Сұрапыл тасқын таудай мұздарды аспанға атып жынын шаша, жолдағының бәрін жайпағанда Алланың жердегі үйінен айналып өтіпті. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп қояды Абай хакімнің хикімметтерімен дәлел келтіре сөйлейтін ауылдың қарапайым молдасы. Алладан аруақтардың артында қалған ата-ана, туыс бауырына  амандық-саулық тілеп, құран бағыштап бет сипаған біздер енді имамды аз-кем әңгімеге тарттық.

-Әр нәрсе Алланың қалауымен болады екен. Апатта бізге жіберілген бір сынақ. Әр жұма сайын мешітке жиналған жамағатты сабырлыққа шақырып, иман жолына бет бұруға шақырып отырамыз. Апаттан соң мешіт жөнделді. Мешіттің қайта ашылуына Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзі қатысып, атбас құран сыйға тартып, қан шығарып құрбандық шалды. Аруақтарға бағыштап құран оқытты. Сол жолғы ауылға келген сапарында Елбасымыз өзінің де төрт жылдан бері намаз оқып жүргенін айтты. Бұрынғыдай емес мешітке келушілердің саны көбейіп келеді. Жұма намазға жүздің үстінде жамағат жиналады.

 

Кім жазықты?

Былтырғы аласапыран барысында су қоймасының жарылуы мүмкін екендігін елден жасырып, өз басы мен туған туысын «зауалдан» ала қашқан ауылдың бұрынғы әкімі Есет Жүнісов туралы естімеген жан қалмаған шығар. Есет Жүнісов, оның інісі Мұхит Жүнісов, су қоймасын жекешелендіріп алған Бекеев әрқайсысы бес жылды мойындарына іліп осы күндері абақтыда отыр. Тегінде, аласапыранның астарында айтылмай қалатын бір шындық болады. Біз Қызылағашқа сапарамызда сол шындықтың ұшын аңғарған сияқтымыз. Баспасөз өкілдері де, басқалар да аса мән бермеген шындықтың бір парасын бізге Есет Жүнісовтың інісі Мұхтар Жүнісов төмендегідей әңгімелеп берді:

-Сол күні кешкі сағат жетінің шамасында адамдармен бірге тұрған жерінде ағам сол кездегі ауыл әкімі Есет Жүнісов Қызылағаш су қоймасын жекешелендіріп алған  Бекеевке телефон соғып еді ол: «Дау шығармай тыныш отырыңдар! Мен су қоймасының басындамын. Суды ағызып жатырмыз», деді. Сол сәтте Су қоймасының күзетшісіне хабарласып еді: «Аға, су көтеріліп келе жатыр, ағызып үлгермей жатырмыз» дегенді айтты. Ал, шындығында Бекеев ол жерде болмаған болып шықты. Сөйтіп, қайтадан Бекеевке хабарласқан кезде ол: «Жігіттер суды ағызып үлгермей жатыр, бірнеше жігіт тауып су қоймасына жібере аласың ба?» деді. Есет Іле-шала он шақты жігітті ертіп су қоймасына кетті. Содан үйге келіп ұйықтап жатып өзімнен-өзім оянып кетсем, Есет бірнеше рет қоңырау шалыпты. Содан Бекеевтің қол астында су қоймасынан түскен суды бөліп отыратын жерде істейтін Мұхит деген ініме хабарлассам: «Су қоймасы қирады. Есеттер төмендегі су бөлетін тұсқа ауылға суды жібермей арнаға бұрып жіберуге кетті, ауылға айтыңдар», деді. Сөйтіп, суды арнаға бұруға үлгермей қалған ғой. Өздері әрең қашып құтылған. Ауылдағы біз әуелі балалар мен әйелдерді жолға шығарып, машиналарға отырғызып артынан өзіміз де жаяу-жалпылап қаштық.

Өткен жылы қайғы жамылған Қызылағашқа араға бір жыл салып барған сапарымызды аяқтап бізде ат басын кері бұрдық. Ауыл апаттың бір жылдығына ас беру мен сайлаудың дайындығын қатар жасап қарбалас күйде қала берді.

Алматы-Қызылағаш-Алматы

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435