Айсұлу Тайжан: «Қазақ лағынет айтатын адамдарды Бөкең білген еді...»
Ол әкеме ұқсайтын
- Айсұлу апай, Болатхан ағаның көзі кеткенмен, көкірегіңізде өзі, ел ішінде сөзі қалған арда азамат еді, есімі жаңғыра жүрсін деп, сізден естелік-әңгіме тыңдағымыз келеді...
- Рақмет! Маған ол кісі жайында естелік айту қиын... Дегенмен халықтың ұлы болған Бөкеңнің сөзін халқына, қазағына жеткізуді артында қалған жесірі ретінде өзіме парыз санаймын.
- Ұлт үшін ұмытылмас қызмет қылған азаматтың 70 жылдығына орай Сыртқы істер министрлігі мен ел үкіметі тарапынан қандай да бір игі шаралар атқарылуы керек еді...
- Жоқ, ондай шаралар туралы сөз естімедім. Билік тарапынан ешқандай ықылас-пейіл байқалмайды. Біз де олардан еш нәрсе дәметпейміз. Барлық шаруаны ұлы Мұхтар жасап жатыр. Мен шамамның келгенше көмектесіп жүрмін.
- Бұлары абырой болмаған екен... Басқа еңбегін былай қойғанда, Бөкең тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында еліне еселі еңбек еткен азамат еді ғой?
- Ол еңбекті елеген ешкім болмай тұр емес пе. Расында, құлаған КСРО-дан Қазақстан өз еншісін бөліп алар кезде, Болатханның жар құлағы жастыққа тимей, мемлекетаралық келіссөздердің ортасында жүріп еді.
Ол әкеме ұқсайтын
- Айсұлу апай, Болатхан ағаның көзі кеткенмен, көкірегіңізде өзі, ел ішінде сөзі қалған арда азамат еді, есімі жаңғыра жүрсін деп, сізден естелік-әңгіме тыңдағымыз келеді...
- Рақмет! Маған ол кісі жайында естелік айту қиын... Дегенмен халықтың ұлы болған Бөкеңнің сөзін халқына, қазағына жеткізуді артында қалған жесірі ретінде өзіме парыз санаймын.
- Ұлт үшін ұмытылмас қызмет қылған азаматтың 70 жылдығына орай Сыртқы істер министрлігі мен ел үкіметі тарапынан қандай да бір игі шаралар атқарылуы керек еді...
- Жоқ, ондай шаралар туралы сөз естімедім. Билік тарапынан ешқандай ықылас-пейіл байқалмайды. Біз де олардан еш нәрсе дәметпейміз. Барлық шаруаны ұлы Мұхтар жасап жатыр. Мен шамамның келгенше көмектесіп жүрмін.
- Бұлары абырой болмаған екен... Басқа еңбегін былай қойғанда, Бөкең тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында еліне еселі еңбек еткен азамат еді ғой?
- Ол еңбекті елеген ешкім болмай тұр емес пе. Расында, құлаған КСРО-дан Қазақстан өз еншісін бөліп алар кезде, Болатханның жар құлағы жастыққа тимей, мемлекетаралық келіссөздердің ортасында жүріп еді.
Әсіресе Ресеймен жағаласып, қазақ елінің несібесін даулап алу оңай болмағанын білемін. Енді оны кім ескеріп жатыр дейсіз?! Бізде бір адамнан басқаның еңбегі еш болған заман орнады ғой, қалқам... Өкінішті-ақ!
- Әңгімені әріден бастасақ, Болатхан ағамен алғаш қалай танысқан едіңіз?
- Ол бір бақытты кезіміз екен ғой. Естен қалай кетсін?! (Көзіне жас алды). 1984 жыл болатын. Ол кезде мен 37-де, Бөкең 43 жаста болатын. Біздің танысуымызға менің құрбым, Бөкеңнің туысқан қарындасы себепкер болды. Сол күні оның туған күні еді. Ол кез, Бөкең сияқты, менің де отбасылық өмірде жолым болмай жүрген уақыт еді...
Сол жылы мен докторлық жұмысымды қорғау үшін Мәскеуге бардым. Мен диссертация қорғайтын күні Бөкең артымнан іздеп келіп, ғалымдар кеңесінде отырып, басынан-аяғына дейін қатысты. Сөйтіп, біз Мәскеуде табыстық, содан жиырма бес жыл бойы бірге тұрдық. Бұрын мен күйеуімнің әкем сияқты турашыл болғанын қалайтын едім. Әкем салауатты, әділдікті жақтайтын адам болатын. Бөкең де сондай адам болып жолықты. Ол кісі кездеспегенде, еркек біткеннен көңілім қалып, өмірден жалғыз өтуге бел буып жүрген едім...
- Болатхан аға сияқты үлкен азаматқа жар болудың жауапкершілігі де оңай болмаған шығар?
- Әрине! Бөкең - біртуар жан еді. Адал жар, сенімді жолдас, білікті азамат болатын. Бүгінде ол кісіні баласы Мұхтар екеуміз қатты сағынамыз... Бойында туа біткен мәмілегерлік қасиет бар еді. Сол қасиеті дипломаттық қызметте көп көмегін тигізді. Кәсіби елші ретінде әріптесімен қалай сөйлесуді, өзін қалай ұстауды, қалай жүріп-тұруға дейін мәдениет ретінде қабылдайтын. Көп оқитын.
Бөкең көзі тірісінде зиялы қауыммен көп араласып тұрды. Сондағы әңгімелері қазақ мүддесі, ұлт тағдыры туралы болушы еді. Көзі тірісінде билікте де, оппозицияда да жүрген біраз азаматтарды бөле-жармай, жақсы бағалайтын. Мысалы, Жармахан Тұяқбайды, Дос Көшімді, Сергей Дувановты білікті азаматтар деп айтып отыратын. Оның өмірдегі ең бір қастерлі арманы - тәуелсіздік еді. Ол соны көріп қана қойған жоқ, елдің еркін тірлігіне өз үлесін қосып кетті.
- Бөкеңнің аяқасты жүрек ауруынан кеткені белгілі. Дегенмен оқыс қазаға күдікпен қарайтындар да бар...
- Жұрт арасында алуан түрлі әңгімелер айтылады. Мәселен, Болатханның өлімін құпия немесе ол өз ажалынан өлген жоқ деген сияқты сөздерді біз де естідік. Әрине, ондай әңгімелердің тууы - заңдылық. Өйткені Бөкең қайтқан жылдары қазақтың үлкен азаматтары саясаттың құрбаны болып жатты. Әкежан Қажыгелдиннің көмекшісінің де Бөкең сияқты кенет қайтыс болғанын естідік. Нұрболат Масановтың қазасы да қапыда болды.
Ал мен өзім дәрігермін ғой, Бөкеңнің қазасы туралы бөтен сөз айта алмаймын. Ол кісінің бұрыннан жүрегі ауыратын. Бірақ оған мән бермейтін, емделуге уақыт таппады. Ол кісі жүрегінің ауыратынын бізге сездіргісі келмейтін, бірақ мен біліп жүрдім.
Бөкең өте сезімтел еді ғой. Қазақ мүддесі дегенде, түн баласы кірпік ілмейтін. Қайтыс болатын түні ертеңгі жұмыс жоспарын қойын дәптеріне түртіп қойыпты. Сөйтсек, ол кісі жүрегі тоқтап қалмағанда, қираған Шаңыраққа бармақ екен ғой...
«Шевроннан» ши шыққан
-Жалпы, Бөкең қызметтен шеттетілген соң, ол кісіні не билік партиясы, не оппозиция, не ұлт патриоттары түсінбеді. Яғни ол өз ойын не өткізе, не жеткізе алмаған сияқты. Жүрегіне осы мәселе де күш түсірген жоқ па?
- Иә, ол кісі қатты өкініп жүретін. Басқалардың оның ойын қабылдай алмайтынын айтып қамығатын. Мысалы, «Отан» партиясына барды, бірақ ондағылар Бөкеңнің ұлттық бағыттағы көзқарасын қабылдай алмады. Кейіннен Тұяқбайға - «Әділетті Қазақстан» қозғалысына барды. Оппозиция мен ұлт патриоттарының арасын жақындастыруға күш салды. Бірақ Бөкеңнің ойын екі жақ та түсінбеді. Соның бәрін жүрегімен қабылдады. Бірақ ол бәрінен түңіліп жүрсе де, еш нәрседен үміт үзбейтін. Маған: «Қазақстан түптің түбінде салиқалы ел болады!» - дейтін...
Бөкең елін, ұлтын шексіз сүйді. Мәскеуде, не басқа шетелдерде қалу - оның ойында ешқашан болған емес. Дипломатиялық шеберлігіне қызыққан Мәскеу мамандары оны алып қалу үшін, бір мәскеулік қызға үйлендіруге тырысқан қызығы да бар... Бірақ Бөкең: «Орысқа қызмет етіп, қазаққа қастық жасай алмаймын», - дейтін.
- Қателеспесек, Бөкең дипломаттық қызметін өтеп, елге соңғы рет Малайзиядан қайтты ғой. Ол жұмыстан өз еркімен кетті ме, жоқ әлде билік кетуге мәжбүрледі ме?
- Өз еркімен кетті деп айта алмаймын, жасы зейнеткерлікке толуға үш жыл уақыт бар болатын. Соған қарағанда, билік оны кетуге мәжбүр еткен сияқты. Бөкеңнің ұлттық мемлекет құру жөніндегі идеясы Ақордаға жақпаған-ау.
Қазір, жасыратыны жоқ, парламентте жасы жетпістен асқан адамдар да отыр. Өйткені олар билікке мынауың қисық деп айтпайды. Сондықтан отыра береді. Олармен салыстырғанда, Бөкеңнің ұлтқа қызмет етер мүмкіндігі көп еді.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Бөкеңді отставкаға кетірген соң, министрдің орынбасары Ерлан Ыдырысов қабылдады. Бөкең елші болып жүргенде, Ерландар бала еді ғой. Ол Бөкеңе биліктің қиянатын жуып-шайғысы келді ме: «Бөке, егер жұмыс керек болса, хабарласарсыз», - дегендей ишара жасаған екен. Оған Бөкең: «Рақмет! Мен жұмыссыз қалмаймын және сендерден жұмыс сұрамаймын!» - деп кесіп айтыпты.
Бір жылдары Дипломатиялық акедемия деген ашылды. Сонда: «Дипломатия саласында Бөкеңнен артық қандай маман бар еді», - деп ойладым. Ол - кәсіби елші, ондай маман біздің елде қазірдің өзінде аз. Бірақ олар Бөкеңді жұмысқа шақырмады. Әйтпесе ол кісінің артынан ерген жас мамандарға беретін білімі, тәжірибесі мол болатын. Амал қанша, ешкім керекке жаратпады. Бөкең араб елдерінің біраз мемлекеттерінде - Мысыр, Алжир, Тунис, Иордания, Марокко, Ливия, Малайзия және Ислам конфедеранциясы ұйымында елші болды. Бұл аз тәжірибе ме еді?
- «Кесіп айтты» дегеннен шығады, Болатхан аға КСРО мен Қазақстан арасындағы бөлістің біраз құпиясын білген екен, бәлкім, соның да әсері болды ма екен?
- Әбден мүмкін! Совет Одағы ыдырағанда, әркім өз меншігін бөліп алып жатты. Мәселен, мұнайдағы, сыртқы экономикадағы, саудадағы үлестерді бөлісу оңай болған жоқ. Бөкең сол талас-тартыстың ортасында жүрді. Сондай тартысты әңгімелердің бірі - Теңіз мұнай кенішіне ауыз салған Американың «Шеврон» компаниясына қатысты болды. Бұл арада Ресейдің де көздеген мүддесі бар-тын. Кенішті Қазақстан «Шевронға» бергенімен, Бөкең бұл жекешелендіруге де қатты қарсылық білдірді. Бәлкім, осы «Шевронға» қатысты қарсылығы билік басының жүрегінде қалып қойған сияқты. Себебі, кейіннен Қазақстан билігі Бөкеңді комиссия құрамынан шығарып тастады. Кенішті «Шевронға» беру жөніндегі келісімдерге кімдердің қол қойғаны қазір белгілі. Қол қоймағандар - Бөкең мен Халық Абдуллаев қана.
Кейінде Бөкеңнің маған бірде: «Айке, мынадай сұмдықты жасағандарға қазақ кейін лағынет айтады!» - деп айтқаны бар. «Ол кезде мен тірі боламын ба, болмаймын ба, білмеймін, бірақ осы жағдай ашылар күн туғанда, қазақ осы келісімді жасағандарға қарғыс жаудырады», - деп күрсінді. Осы күні ойлаймын, Бөкеңді зейнетке ерте шығаруы - осындай мемлекеттік көптеген құпияларды білгендігінде екен ғой. Тәуелсіздіктен кейін Оңтүстік Азия елдеріне Қазақстанның капиталы ағыла бастады. Соның бәрін Бөкең көріп-біліп жүрді.
- Иә, билік басындағылардың капиталы сол елдердің банктері арқылы кейіннен аты өзгерген компания болып, Қазақстанға қайта оралды. Бұл елді талан-таражға түсірудің бір амалы еді. Болатхан аға осы құпиялар туралы сізге ештеме айтқан жоқ па?
- Шынымды айтайын, ондай құпияларды Бөкең біле жүрсе де, маған еш нәрсе айтпады. Бірақ Қазақстанға Малайзиядан бір компания инвестор болып келсе, бұның иесі пәленбай деп, билік басындағы бір дөкейді атайтын.
- Айтпақшы, Болатхан ағаның дипломатиялық қызметі қалай басталған еді?
- Бөкеңнің ең алғашқы елшілік қызметі 1963 жылы Мәскеудегі Халықаралық қарым-қатынастар институтында оқып жүргенде-ақ басталған. Сабақты үздік оқитын студенттердің арасынан Мәскеудегі КСРО-ның Сыртқы істер министрлігі өз штатына алып, Болатханды Мысырға кіші дипломат қызметіне жібереді. Сол кездің өзінде студент Болатхан халықаралық жоғары мәртебелі қонақтардың арасында тілмаштық қызмет атқарған.
Тіпті Мысыр президенті Галаль Абдель Насыр мен СОКП-ның бас хатшысы Никита Хрущевтің арасындағы келіссөздерін, баяндамаларын аударған. Бір жылға Мысырға жұмысқа жіберілген Болатханды Совет елшісі келер жылы тағы да жұмысқа қалдырғысы келіп: «Сені жібермеймін, өзім кеткенде бірге қайтамыз», - дейді екен. Сол жылы Хрущевтің Мысырға келген сапары сәтті болып: «Болатхан, қандай өтінішің бар?» - деп, әңгіме барысында сұрайды. Сонда Бөкең: «Елші мені Мәскеуге қайтарсыншы, оқуымды жалғастырып, дипломымды алайын, сонан соң қанша уақыт қал десе де, бас тартпаймын!», - деген. Сонда Хрущев сыртқы істер министрі Громыкоға: «Андрей, жігітті босат, оқуын бітірсін!» - депті.
Мұхтар әкесіне жете туды
-Бөкеңнің ұлы Мұхтар осы күні тәуелсіз ойлы азаматтардың ішінде білімі де, білігі де, ұлтшылдығы да оқ бойы озық көрініп жүр. Онысы Мұхтардың әкеге тарта туған тектілігінен бе, жоқ әлде Еуропалық білімінің нәтижесі ме?
- Қазір Еуропада кім оқымай жатыр? Ақшасы бар адамдардың бәрінің балалары Еуропада оқып жүр. Бірақ араларында ауызға аларлық кім бар? Ал Мұхтар Еуропада білім алғандығынан ғана білікті боп жүрген жоқ. Оған алдымен әке бойындағы тектілік, сонан соң әке тәрбиесі әсерін тигізді деп ойлаймын. Мұхтар бала күнінен әкесімен дос болды, үнемі пікірлесіп отыратын. Бірде теледидарға қарап отырып: «Осы біз қашан басқа ұлттарды (орыстарды айтады. - Авт.) тек теледидардан ғана көре аламыз, сондай уақыт туа ма?» - дейді. Біз күлдік. Айтайын дегенім, Мұхтар жасынан ойлы бала болатын.
Бөкең 14 балалы отбасының кенжесі болыпты. Оған анасы: «Білім ізде, ақиқатты жақта, жаның күйіп кетсе де, шындыққа күйе жақпа», - дейді екен. Қандай дана адамдар десеңізші! Анадан сіңген қасиет балаға, немереге жетті! Ал Бөкеңнің өз кіндігінен бір ұл, бір қыз бар.
Осы күндері Болатхан жазған кітаптарды қарап отырсаңыз, бүгінгі күннің бет-бейнесі көрініп тұрады. Кейде кеше кешкісін ғана жазып тастап кеткен сияқты сезіледі. Мысалы, тіл мәселесін айтсақ, бұрынғыдан кері кетпесе, ілгерілеген жоқ қой. Ол Назарбаевтың шетелдерге барғанда орыс тілінде сөйлейтініне қатты қамығатын.
- Әңгімеңізге рақмет!
Жұқамыр ШӨКЕ,
Айсұлу Тайжан, медицина ғылымдарының докторы:
«Общественная позиция»
(проект «DAT» № 09 (92) 09 наурыз 2011 жыл